бойынша даярлау
1. Әскери-техникалық мамандық бойынша даярлыққа денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды, он жетi жарым жастан жиырма алты жасқа дейiнгі азаматтар тартылады.
Әскерге шақырылушылар оқуын бiтiргеннен кейiн мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.
2. Өндiрiстен қол үзе отырып әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлықтан өтiп жатқан әскерге шақырылушылардың оқу кезеңінде жұмыс орны, атқаратын қызметi сақталады.
13-бап. Бiлiм беру ұйымдарында азаматтарды қосымша
білім беру бағдарламалары бойынша әскери даярлау
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Республикалық әскери мектеп-интернаттар (лицейлер) және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің бағдарламаларын iске асыратын өзге де білiм беру ұйымдары қосымша білім беру бағдарламалары бар білiм беру ұйымдары болып табылады.
2. Әскери даярлықтан өту және тәрбиеленушiлердi ризықтың барлық түрлерiмен қамтамасыз ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
14-бап. Жоғары кәсiби білім беру ұйымдарында
азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы
бойынша әскери даярлау
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау мемлекеттік тапсырысқа сәйкес әскери кафедраларда алған жоғары білімi негiзiнде жүргiзіледi.
2. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын бiтiрген және жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейін әскери тағылымдамадан өткен азаматтарға Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес лейтенант әскери атағы берiледi.
3. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын бiтiрген және жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейiн әскери тағылымдамадан өтпеген азаматтарға сержант әскери атағы берiледi.
4. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери-есептiк мамандықтардың тiзбесiн, азаматтарды әскери кафедраларда даярлау жүзеге асырылатын оқу бағдарламаларын, запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтан өткiсi келетiн азаматтардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды айқындайды, сондай-ақ әскери кафедраларды әскери-техникалық мүлiкпен және қару-жарақпен қамтамасыз етедi.
5. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша азаматтардың әскери даярлықтан өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
15-бап. Дене шынықтыру. Медициналық көмек.
Әскери-патриоттық тәрбие
Әскер жасына дейінгілер мен әскерге шақырылушылардың дене шынықтыруын, оларға көрсетілетін медициналық көмектi, әскери-патриоттық тәрбиенi жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және олар дене шынықтыру-спорт ұйымдарында, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
3-тарау. ӘСКЕРИ ЕСЕП.
АЗАМАТТАРДЫ ШАҚЫРУ УЧАСКЕЛЕРIНЕ ТIРКЕУ
16-бап. Әскери есептiң жалпы ережелерi
1. Мыналарды:
1) әскери-есептік мамандығы жоқ әйелдердi;
2) осы Заңға сәйкес әскери мiндетті атқарудан босатылған адамдарды;
3) бас бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеп жатқан адамдарды;
4) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде тұрақты тұратын адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары әскери есепке тұруға жатады.
2. Әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушылардың әскери есебін олардың тұрғылықты жерi бойынша аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi әскери басқару органдары жүзеге асырады, ал олар жоқ елдi мекендерде әскери есептi кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi қамтамасыз етеді.
3. Әскери есеп тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың әскери есебін жүргізу ережелерiмен (бұдан әрi - Әскери есеп ережелерi) айқындалады.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Арнаулы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, қатардағы немесе басшылық құрамның лауазымдарына тағайындалған не ішкi iстер, қаржы полициясы органдары, кеден органдары, қылмыстық-атқару жүйесi, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының (мекемелерiнiң) кадрларына есепке алынған әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар әскери есептен шығарылады және Әскери есеп ережелерінде белгіленген тәртіппен аталған органдарда арнайы есепте тұрады.
5. Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшілер тиiсті әскери бөлiмдер мен мекемелерде есепке алынуға тиiс. Оларды есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрi, сондай-ақ басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрiншi басшылары белгiлейдi.
6. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары осы Заңға және Әскери есеп ережелерiне сәйкес азаматтардың әскери есебін қамтамасыз етедi.
17-бап. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу
1. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу - тиісті жергілiктi атқарушы органдар әскер жасына дейiнгілердi әскери есепке қою үшiн жергіліктi әскери басқару органдары арқылы жүргiзетiн әскери есеп iс-шаралары.
2. Тiркелетiн жылы он жетi жасқа толатын еркек жынысты азаматтар шақыру учаскелерiне тiркелуге жатады.
Шақыру учаскелерiне тiркеу жыл сайын қаңтар-наурызда:
1) азаматтарды әскери есепке алу;
2) олардың санын анықтау;
3) әскери қызметке жарамдылығын және денсаулық жағдайын анықтау;
4) жалпы білiм деңгейін және мамандығын белгілеу;
5) дене даярлығы деңгейін анықтау;
6) әскерге шақырылушыларды алдын ала белгілеу;
7) әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлау және әскери оқу орындарына түсу үшін кандидаттарды iрiктеу мақсатында жүргiзiледi.
3. Азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркеуді тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкiмдерi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi.
4. Кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi және ұйымдардың басшылары жыл сайын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгiлеген мерзiмде тиiстi жергiлiктi әскери басқару органдарына шақыру учаскелерiне тiркелуге жататын әскер жасына дейiнгiлердiң тiзiмiн бередi.
5. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеудi жүргiзу үшiн аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аудандарында шақыру учаскелерi және құрамында:
комиссия төрағасы - тиiстi жергіліктi әскери басқару органының бастығы;
комиссия төрағасының орынбасары - жергiлiктi атқарушы органның уәкілетті өкілi;
комиссия мүшелерi:
тиiстi ішкi iстер департаментi (бөлiмi) бастығының орынбасары;
медицина қызметкерлерiнiң жұмысына басшылық жасайтын дәрiгер - медициналық комиссияның төрағасы;
хатшысы бар тiркеу жөніндегі комиссия құрылады.
Тiркеу жөніндегі комиссияның дербес құрамын және оның жұмыс тәртібін жыл сайын тиiстi жергілікті атқарушы орган бекiтедi.
6. Шақыру учаскелерiне тiркелу кезiнде азаматтар әскери қызметке жарамдылық деңгейiн анықтау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметi бекітетiн Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Әскери-дәрігерлiк сараптама жүргiзу ережелерiнде (бұдан әрi - Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережелерi) айқындалған тәртiппен медициналық комиссиядан өтедi.
Медициналық комиссиядан өткен азаматтар тiркеу жөніндегі комиссияның шешімімен әскерге шақырылушылардың әскери есебіне алынады, ал әскери-медициналық комиссияның шешiмiмен әскери есептен шығарыла отырып, әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар әскери есепке алынбайды.
7. Он жетi жасқа толатын жылының 1 сәуiріне дейін дәлелдi себептерсiз әскери есепке тұрмаған әскерге шақыру жасына дейiнгілер әскери есепке қоюдан жалтарғандар деп есептеледi.
8. Азаматтар әскерге шақыру жасына дейiнгілердi әскери есепке қоюға байланысты мiндеттердi орындау үшiн қажеттi уақытқа жұмыс орны мен атқаратын қызметi сақтала отырып, жұмыстан (оқудан) босатылады.
9. Тiркеудi жүргiзу тәртібі Әскери есеп ережелерiмен айқындалады.
18-бап. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды
адамдардың және әскери мiндеттiлердің Әскери
есеп ережелерiн орындау жөніндегі мiндеттерi
1. Кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi және ұйымдардың басшылары әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушыларды олардың аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi әскери басқару органдарына шақырылғаны туралы хабардар етуге және олардың дер кезiнде келуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi және ұйымдардың басшылары өз құзыретi шегiнде:
1) әскери-есептiк құжаттарында жергілiктi әскери басқару органдарының әскери есепке алғаны (әскери есептен шығарғаны) туралы белгiлерi болған кезде әскери қызметшiлердi, әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушыларды тұрғылықты жерi бойынша тiркеудi (тiркеуден шығаруды) жүзеге асыруға;
2) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) тиiстi жергілiктi әскери басқару органдарына әскери мiндеттiлердің, әскерге шақырылушылар мен әскер жасына дейінгілердің сандық құрамын растайтын құжаттар беруге;
3) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi әскери басқару органдарына әскер жасына дейiнгiлердi әскери есепке алуда, азаматтарды әскери қызметке (әскери жиындарға) шақыруды жүргізуде көмек көрсетуге;
4) әскери қызметшілердің, әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушылардың Әскери есеп ережелерiн сақтауын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Iшкi iстер органдары әскери мiндеттерiн орындаудан жалтарған адамдарды iздестiрудi және ұстауды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыруға міндетті.
4. Азаматтық хал актілерін жазу органдары аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi әскери басқару органдарына әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушылардың тегiн, атын және әкесiнің атын, туған күнi мен туған жерiн өзгерткені туралы, сондай-ақ әскери мiндеттiнiң немесе әскерге шақырылушының қайтыс болғаны тiркелген жағдайлар туралы жетi күн мерзiм ішінде хабарлауға міндетті.
5. Анықтау және алдын ала тергеу органдары жетi күн мерзiм iшiнде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергіліктi әскери басқару органдарына оларға қатысты анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізіліп жатқан әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілер туралы, ал соттар оларға қатысты қылмыстық істерді сот қарап жатқан әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілер туралы, оларға қатысты заңды күшiне енген үкімдер туралы хабарлауға мiндетті.
6. Халықты әлеуметтiк қорғау органдары жетi күн мерзiм ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi әскери басқару органдарына мүгедек деп танылған барлық әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы хабарлауға міндетті.
7. Денсаулық сақтау ұйымдары шақыру өткізудi бастар алдында жергілiкті әскери басқару органдарының сұрау салуы бойынша стационарлық емдеудегі және диспансерлік есепте тұрған әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы мәліметтердi хабарлауға міндетті.
8. Әдiлет органдары Қазақстан Республикасының азаматтары ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органына әскери есепке қою немесе әскери есептен шығару туралы мәлiметтер берген жағдайда, оларды тұрғылықты жерi бойынша тiркеудi (тiркеуден шығаруды) жүзеге асыруға міндетті.
9. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар тегін, атын, әкесiнің атын, отбасы жағдайын, денсаулық жағдайын (бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедектер деп танылған), тұрған жерiн, білімiн, жұмыс орны мен қызметiн өзгерткен жағдайда, өздерi әскери есепте тұрған ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органын жетi күн мерзімде хабардар етуге мiндетті.
4-тарау. АЗАМАТТАРДЫ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ
19-бап. Азаматтарды әскери қызметке шақыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру - Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды мiндеттi негізде құраммен жасақтауды қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар кешенi.
2. Азаматтарды әскери қызметке шақыру:
1) азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды;
2) запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыруды;
3) әскери жиындарға шақыруды;
4) жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақыруды қамтиды.
3. Азаматтардың әскери қызметке шақырылуын жүргізудi тиiстi жергіліктi әскери басқару органдары арқылы жергiлікті атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жүргізу үшiн осы Заңда белгіленген тәртіппен шақыру комиссиялары құрылады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
4. Ұйымдардың басшылары шақырылуға жататын азаматтарды iссапарлардан (демалыстардан) шақырып алуға, олардың хабардар етілуін және шақыру учаскесiне уақтылы келiп жетуiн ұйымдастыруға міндетті.
5. Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру олар Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келген соң, кейінге қалдырылу немесе босатылу құқығы болмаса, осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Азамат облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) жергiлiктi әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шығарылған кезден бастап әскери қызметке шақырылған болып есептеледi.
20-бап. Шақыру комиссиялары
1. Шақыру комиссиялары әскерге шақыруды өткізу кезеңiне жергіліктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша осы Заңның 17-бабының 5-тармағында айқындалған құрамда құрылады. Оларға мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi де кiруi мүмкiн. Шақыру комиссиясының сандық құрамы тақ болуға тиiс.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды өткізу кестесін жергiлiктi атқарушы орган бекiтедi.
2. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясы:
1) аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) шақыру комиссияларының қызметiне басшылық жасау мен бақылауды жүзеге асырады;
2) азаматтардың әскери қызметке шақырылуын кейiнге қалдырудың және одан босатылуының дұрыстығын тексереді;
3) қызмет өткеретiн жерге жiберілер алдында әскери қызметке шақырылған азаматтардың және әскери оқу орнына түсетiн азаматтардың медициналық тексеруден өтуiн ұйымдастырады;
4) әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) жөніндегі қорытындымен келiспейтiнi туралы арыз берген азаматтарды қайтадан медициналық куәландырудан өткізеді;
5) аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) шақыру комиссияларының шешiмдерiне азаматтар берген шағымдар мен өтiнiштердi қарайды;
6) аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) шақыру комиссиялары шешiмдерiнің күшiн жояды.
3. Аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткiзеді.
Медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыға қатысты:
1) әскери қызметке шақыруға жатқызады;
2) әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырылсын;
3) әскери қызметке шақырудан босатылсын;
4) әскери міндеттiлiгін атқарудан босатылсын деген шешiмдердің бiрiн қабылдайды.
Аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясы әскери оқу орындарына түсетiн азаматқа қатысты оны конкурстық оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшiн әскери оқу орнына жiберу туралы немесе оған жiберуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
Шақыру комиссиясының шешiмi әскери қызметке шақыруға жатқызылған азаматқа хабарланады, шешiмнiң көшiрмесi оның қалауы бойынша қолына берiледi.
Азамат шақыру комиссиясының шешiмiне сот тәртібімен немесе облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясына шағымдана алады. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясына алдын ала жүгіну сотқа жүгiну үшін мiндеттi шарт болып табылмайды.
Арыздар облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясында және сотта бiр мезгiлде қаралған кезде облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясы арызды қарауды соттың шешiмi күшiне енгенге дейiн тоқтата тұрады.
Соттың шешімін тиiстi шақыру комиссиялары міндеттi түрде орындауға тиiс.
4. Қорғаныс министрi және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрiншi басшылары денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз адамдарға қатысты әскерге шақыру туралы шақыру комиссиясы шешiмiнiң күшiн жоюға және оларды әскери ант қабылдағанға дейiн шақыру комиссияларына қайтаруға құқылы.
21-бап. Медициналық комиссиялар
1. Әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу үшiн шақыру комиссияларының құрамында медициналық комиссиялар құрылады.
2. Медициналық комиссиялар әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудың нәтижелерi бойынша олардың әскери қызметке жарамдылық деңгейi туралы қорытынды бередi.
3. Медициналық куәландырудың тәртібі және медициналық комиссиялардың құрамы Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережелерiмен айқындалады.
22-бап. Әскери қызметке шақыруға жататын
азаматтардың мiндеттiлiгі
Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады.
Шақыру қағазын азаматтың жеке өзiне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органына жүктеледі.
23-бап. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру
1. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi.
Он сегiзден жиырма жетi жасқа дейiнгi, шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті мөлшерде мерзiмдi әскери қызметке шақыруға жатады.
2. Оқу орындарынан шығарылған, сондай-ақ осы Заңның 16-бабының 4-тармағында көрсетілген, жиырма жетi жасқа толмаған және әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгiленген мерзімін өткермеген азаматтар осы Заңға сәйкес мерзiмді әскери қызметке шақыруға жатады.
24-бап. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру
Жиырма тоғыз жасқа дейінгi, әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін шақырылады.
25-бап. Әскери мiндеттілердi әскери жиындарға шақыру
Әскери мiндеттiлер әскери жиындарға Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысы негізiнде шақырылады.
26-бап. Азаматтарды жұмылдыру бойынша және соғыс
уақытында шақыру
1. Азаматтарды жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентi Жарлығының негiзiнде және осы Заңда белгiленген тәртіппен жүргiзiледi.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттiлер мен әскерге шақырылушыларға жұмыс, қызмет орны бойынша толық есеп айырысу жүргізiледі, нақты жұмыс iстеген уақыты үшін жалақы, шығу жәрдемақысы және пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлемдері төленеді. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақырылған азаматтарға өздерi тұрған тұрғын алаң сақталады. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған азаматтардың отбасыларын мемлекеттік қамсыздандыру (жәрдемақылар, зейнетақылар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Жергіліктi атқарушы органдар, ұйымдар жұмылдыруды өткізу кезiнде және соғыс уақытында әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың уақтылы хабардар етiлуін және жиын пункттеріне немесе әскери бөлiмдерге жеткiзiлуін қамтамасыз етуге міндеттi.
27-бап. Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясының шешiмi бойынша кейiнге қалдырылады.
Мынадай негіздер бойынша:
1) отбасы жағдайы бойынша;
2) білімін жалғастыру үшін;
3) денсаулық жағдайы бойынша;
4) басқа да себептер бойынша кейiнге қалдырылуы мүмкін.
2. Отбасы жағдайына байланысты:
1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттік күтiмге алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұратын басқа да адамдар болмаған жағдайда, заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарды;
мыналар:
әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, егер олар оның асырауында болса, зейнеткер жасына жеткен немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi;
ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-қарындастары;
асырауында әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi);
өзiнiң асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інісi, апа-қарындасы) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi);
бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедек болып табылатын екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi болып табылады;
2) өзiнiң асырауында:
анасыз тәрбиелеп отырған баласы;
ата-анасының қайтыс болуына, сондай-ақ олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе соттың бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарды;
3) некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарды әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылады.
3. Білімін жалғастыру үшін әскери қызметке шақыру:
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) білім беру ұйымдарында жалпы орта білiм алып жүрген азаматтарға, оқу кезеңіне;
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) тиiстi білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алатын азаматтарға оқитынын растайтын құжаттарды берген кезде, бiр жоғары оқу орнын бiтiргенге дейiн;
3) жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алатын азаматтарға оқу кезеңіне кейінге қалдырылады.
4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.
5. Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыру:
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) ауылдық (селолық) жерлерде орналасқан білiм беру ұйымдарының орта білімнен кейінгі немесе жоғары педагогикалық білiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн оқытушыларына, жұмыс iстеп жүрген бүкiл кезеңiне;
2) тиiстi білімi бар, мамандығы бойынша ауылдық (селолық) жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген бүкіл кезеңiне;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына, олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне;
4) анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға, тиiсiнше оларға қатысты анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкімі күшіне енгенге дейiн;
5) дiни атағы немесе тiркелген діни бiрлестіктерде штаттық лауазымы бар әскерге шақырылушыларға, діни қызметi кезеңіне;
6) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйымдарда мамандығы бойынша жұмысқа кiрген азаматтарға, бүкiл жұмыс кезеңiне кейiнге қалдырылады.
6. Офицерлер құрамының әскери атағы беріле отырып запасқа қойылған азаматтарды осы баптың 1-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында, 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіздер бойынша әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылады.
7. Әскери жиындарға шақыру кейiнге қалдырылмайды.