Мойнақ ГЭС-ін салуды қаржыландыру жалғасады. Бұл елдің оңтүстік өңірлерін электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету үшін аса маңызды жоба. Сондай-ақ республиканың оңтүстік және орталық өңірлерінің электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз ету үшін Балқаш ЖЭС-ін салу жобасын іске асыру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Екібастұз ГРЭС-1-ді және ГРЭС-2-ні кеңейту және қайта құру жөніндегі жұмыстар Қазақстанда электр энергиясын өндіруді едәуір ұлғайтады.
»Бейнеу - Бозой - Ақбұлақ» магистральды газ құбырын салудың маңызды әлеуметтік мәні бар. Бұл елдің батыс өңірлерінен оңтүстік өңірлеріне кедергісіз газ беруге және Өзбекстаннан газ импортын азайтуға мүмкіндік береді. Көліктік инфрақұрылым және транзиттік әлеуетті дамыту саласында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожол транзиті дәлізін қайта құру жобасын іске асырудың басымды маңызы бар. Бұл Орталық Азия елдерінің Еуропамен көліктік қатынасын неғұрлым қысқа жолмен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ Каспий теңізіндегі тасымалдардың өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз ету үшін Ақтау теңіз портының өткізу қабілетін кеңейту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
Елдің жедел индустриялық дамуы шеңберінде Атырау облысында газ-химия кешенін салу неғұрлым маңызды жобалардың бірі болып табылады. Газ-химия кешені газ өңдеуді дамытуды қамтамасыз етеді, бұл перспективада қосылған құны жоғары химия өнеркәсібі өндірісін дамыту үшін негіз болады.
Жол құрылысының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін меншікті шикізат базасы құрылатын болады. Бұл үшін сапасы жоғары жол битумдарын өндіруді ұйымдастыру жөніндегі жобаны іске асыру жалғасады.
Инфрақұрылымды дамыту үшін қосалқы өндірістер тағы бір маңызды блок болып табылады. Қазақстан мәні жағынан елдің базалық магистральдық жүйесі болып табылатын ауқымды темір жол желісіне ие, электровоздар, ел ішілік жолаушылар және жүк вагондары өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жобаларды қаржыландыру жүзеге асырылады.
Туризмді дамыту және туристік кластерді дамыту мақсатында «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешенін дамыту жөніндегі жобаны іске асыру жалғасады.
Химия өнеркәсібінің де одан әрі даму үшін қомақты әлеуеті бар. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жанынан құрылған химиялық компания шеңберінде хлор-сілті өндірісін ұйымдастыру және минералдық тыңайтқыштар өндірісін дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру қамтамасыз етіледі. Бұл жобаларды іске асыру аталған өнімдердің импортын азайтуға және экономиканың экспорттық әлеуетін дамытуға ықпал ететін болады.
Металлургия өнеркәсібі одан әрі дамытылады. Тараз металлургия зауытын және Ақтөбе облысында электр-металлургия зауытын салуды қаржыландыру жүзеге асырылады. Бұл өндірістердің экспорт үшін, сондай-ақ ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін едәуір әлеуеті бар.
Көрсетілген жобаларды іске асыру үшін, Тұрақтандыру жоспарының шеңберінде бөлінген қаражаттан басқа, қосымша 5 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Көрсетілген жобаларды іске асыру шеңберінде құрылыс кезеңінде және оларды пайдалануға енгізгеннен кейін қосымша 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Қорытынды
Жол картасы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын ұстап тұруға бағытталған қосымша шаралар кешені болып табылады.
Жол картасын іске асыру үшін қажетті қаражаттың жалпы көлемі шамамен 200 млрд. теңгені құрайды.
Жол картасын іске асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар саясаты бағдарламаларын кеңейту есебінен 350 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады.
Кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламасымен 146,5 мыңға жуық адам қамтылады.
Жол картасын іске асыру кезінде қазақстандық өндірістің тауарлары мен қызметтерін басым пайдалану есебінен отандық кәсіпорындар, бірінші кезекте, құрылыс секторы мен құрылыс материалдары индустриясының секторлары тапсырыстармен қамтамасыз етіледі.
Макроөңірлердің экспорттық мамандануы секторларын дамыту нәтижесінде перспективада 500 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, ЖІӨ өсімі шамамен 8 %-ды құрайды.
Стратегия бағыттарын іске асыру нәтижесінде коммуналдық және көліктік инфрақұрылым жаңғыртылады, мектептерге, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік объектілерге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіледі, бұл Қазақстанның дағдарыстан кейінгі орнықты дамуы үшін негіз болады және халықтың тұрмыс жағдайларын жақсартады.