3) экологиялық-ағартушылық қызметті жүргізу;
4) мемлекеттік табиғи қорықтың экологиялық жүйелеріне зиянды әсер етуі мүмкін шаруашылық және өзге объектілерді орналастыру жобалары мен схемалар мемлекеттік экологиялық сараптамасына қатысу;
5) мемлекеттік табиғи қорық пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағартушылық, ғылыми және шектеулі туристік мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.
40-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет режимi
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік табиғи қорықтың бүкіл аумағында, осы Заңның 43-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, қорықтық күзет режимі белгіленеді, ол бойынша:
1) аумақтың гидрологиялық режимін өзгертетін іс-әрекеттерге;
2) мемлекеттік табиғи қорықтың жұмыс істеуімен байланысты емес үй-жайлар (құрылыстар және ғимараттар), жолдар, құбырлар, электр желілерін және басқа да коммуникациялар мен объектілер салуға;
3) геологиялық-барлау жұмыстарына және пайдалы қазбалар өндіруге;
4) топырақ қабатын бүлдіруге, минералдар шығымын бұзуға және тау жыныстарын жалаңаштауға;
5) санитарлық мақсатта ағаш кесуді және күтім жасау мақсатында ағаш кесуді қоса алғанда, орман пайдаланудың барлық түрлеріне, тағамдық, дәрі-дәрмектік және техникалық өсімдіктер, гүлдер, тұқымдар дайындауға, шөп шабуға, мал жаюға және өсімдіктер қабатының бұзылуына әкеп соғатын өсімдіктер дүниесін пайдаланудың басқа да түрлеріне;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) аң аулау мен балық аулауға;
7) жануарларды аулауға және жойып жіберуге, олардың мекендеу ортасы мен жағдайларын бұзуға;
8) жануарлар мен өсімдіктердің жаңа түрлерін жерсіндіруге, жануарлардың жекелеген түрлері санын жерлердің табиғи сыйымдылығы бойынша жол берілетін мөлшерден артық көбейтуге;
9) мемлекеттік табиғи қорықтың коллекцияларын қалыптастыруды қоспағанда, коллекциялық материалдар жинауға;
10) зиянкестерге, өсімдіктер мен жануарлардың ауруларына қарсы, сондай-ақ жануарлар санын реттеу үшін химиялық және биологиялық күрес әдістерін қолдануға;
11) үй жануарларын айдап өтуге;
12) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша уәкілетті орган белгілеген нормадан асып түсетін жасанды жолмен жасалатын у-шуға және өзге де дыбыстық әсерлерге;
13) егер қызмет қорғалатын ландшафтардың табиғи көрінісін өзгертуге немесе экологиялық жүйелердің орнықтылығын бұзуға әкеп соғуы мүмкін болса, не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндірсе, оған тыйым салынады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру жөнінде жердегі және авиациялық жұмыстарды жүргізуге жол беріледі.
3. Қарауында мемлекеттік табиғи қорықтар бар мемлекеттік табиғи қорықтардың қызметкерлерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын қоспағанда, жеке тұлғалар мемлекеттік табиғи қорықтар аумағына рұқсат беретін құжаттар болған кезде ғана жіберіледі.
4. Қорықтың аумағында немесе оның аумағынан тысқары жерлерде тұратын белгілі бір дінге сенушілердің құрмет тұтатын жерлерге (құлшылық ету орындары) қорық аумағы арқылы өтетін жолдармен баруын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік табиғи қорықтың әкімшілігі тиісті діни бірлестікпен келісім бойынша мемлекеттік табиғи қорық инспекторларының ілесіп жүруімен осы орындарға топталып баруға немесе осы орындарға топталып жақын келуге тегін рұқсат етуі мүмкін.
41-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтарда ғылыми қызметтi
ұйымдастыру мен жүргізу тәртібi
1. Мемлекеттік табиғи қорықтарда ғылыми қызмет мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін зерттеу жөнінде тұрақты жүйелі түрдегі байқаулар, Табиғат жылнамасын жүргізуді қоса алғанда, табиғи процестердің мониторингін ұйымдастыру, сондай-ақ биологиялық саналуандықты сақтаудың және мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерін қалпына келтірудің ғылыми негіздері мен әдістерін әзірлеу жолымен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтарда ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және жүргізу үшін қажетті үй-жайлармен және жабдықтармен қамтамасыз етілетін ғылыми қызметкерлердің тиісті штаты бар ғылыми құрылымдық бөлімшелер жұмыс істейді.
3. Мемлекеттік табиғи қорықтардың ғылыми бөлімшелері осы баптың 1-тармағында көзделген ғылыми зерттеулерден басқа, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келісім бойынша уәкілетті орган бекіткен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларына сәйкес ғылыми зерттеулер де жүргізеді.
4. Өзге де ғылыми ұйымдар мен жекелеген ғалымдар мемлекеттік табиғи қорықтардың аумақтарында уәкілетті органмен келісім бойынша мемлекеттік табиғи қорықтың әкімшілігімен шарттық негізде ғылыми зерттеулер жүргізе алады.
5. Ғылыми зерттеулердің жоспарларын, ғылыми қызметкерлердің есептерін қарау және бекіту үшін мемлекеттік табиғи қорықтарда ғылыми-техникалық кеңестер құрылады, олардың құрамына басқа ұйымдардың ғылыми қызметкерлері мен мамандары кіре алады.
6. Мемлекеттік табиғи қорықтардың ғылыми қорлары мерзімсіз сақталуға жатады.
7. Мемлекеттік табиғи қорықтардың өздерінің ғылыми еңбектерін басып шығаруға құқығы бар.
8. Мемлекеттік табиғи қорықтардың аумағында ғылыми жұмыстарды жоспарлау мен жүргізу жануарларды мазасыздануға, зардапқа, өлім-жітімге ұшырататын және өсімдіктерді, соның ішінде сирек және жоғалып бара жатқан түрлерін жойып жіберетін зерттеулердің қатыгез әдістері қолданылмай жүзеге асырылуға тиіс.
42-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың
экологиялық-ағартушылық қызметi
1. Мемлекеттік табиғи қорықтардың экологиялық-ағартушылық қызметі:
1) қорықтардың биологиялық саналуандықты сақтау функцияларын орындауының қажетті шарты ретінде қорық ісі идеяларын халықтың қалың топтарының қолдауын қамтамасыз ету;
2) экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен дамыту мақсаттарында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтарда экологиялық-ағартушылық шараларын жүргізу үшін мұражайлар, экспозициялар, көрсетілім жасау учаскелері және басқа да объектілер құрылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік табиғи қорықтарда ерекше құнды экологиялық жүйелер мен объектілерді қамтымайтын арнайы бөлінген учаскелерде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттелмелі экологиялық туризм өткізу үшін экскурсиялық соқпақтар мен маршруттар құруға жол беріледі.
4. Мемлекеттік табиғи қорықтар экологиялық-ағартушылық қызметті жүзеге асыру кезінде мамандарды және қоғамдық ұйымдарды тарта алады.
43-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет
аймақтарының режимi
1. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарында:
1) жаңа елді мекендер құруға және бар елді мекендерді кеңейтуге;
2) мемлекеттік табиғи қорықтың экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін объектілерді орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгізуге;
3) жануарлар мен өсімдіктер дүниесі үшін зәрлі улы химикаттар, тыңайтқыштар мен гербицидтер қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивті нысандарын енгізуге;
4) атмосфераға және ашық су көздері мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;
5) пайдалы қазбалар өндіруге;
6) әуесқойлық (спорттық) және кәсіпшілік аң аулауға;
7) радиоактивті материалдар мен өнеркәсіп қалдықтарын көмуге;
8) мемлекеттік табиғи қорықтың экологиялық жүйелерінің гидрологиялық режимін өзгертетін қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға әкеп соғатын басқа да объектілер салуға);
9) жабайы жануарлар мен жабайы өсімдіктердің бөтен түрлерін жерсіндіруге;
10) мемлекеттік табиғи қорықтың экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін басқа да қызметке тыйым салынады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарының аумағында қорықтың экологиялық жүйелерінің жай-күйіне теріс әсер етпейтін шаруашылық қызметтің мынадай әртүрлі нысандары жүзеге асырылуы мүмкін:
1) орман шаруашылығы қызметі;
2) мал жайылымы және шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлі жер пайдалану, сондай-ақ биологиялық саналуандықты ұзақ мерзімді сақтау мен оның беріктігін қамтамасыз ету шеңберіндегі өзге де қызмет;
3) туристік және рекреациялық қызмет;
4) минералды суларды, жер астының жылы суларын және климаттық ресурстарды пайдалану;
5) кәсіпшілік және әуесқойлық (спорттық) балық аулау;
6) орман және дала өрттерін сөндіру жөнінде жердегі және авиациялық жұмыстарды жүргізу;
7) бүлінген жерлерді рекультивациялау;
8) орман және өзге де өсімдік қауымдастықтарын қалпына келтіру;
9) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтіру;
10) жер учаскелерін туристер болатын жерлерді жайластыру, өсімдіктер мен жануарлардың эндемикалық, сирек кездесетін және құрып бара жатқан түрлерін жасанды жолмен көбейту, өсіру, өндіру үшін питомниктер салу, мемлекеттік табиғи қорық қызметкерлерінің тұруы үшін қызметтік үй-жайлар (кордондар) салу, оларға қызмет бабындағы жер үлестерін беру үшін пайдалану.
3. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарында осы баптың 2-тармағында аталған қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде жануарлар мен өсімдіктер дүниесі объектілерінің мекендеу ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретінде ерекше құнды учаскелерге, сондай-ақ мемлекеттік табиғи қорық қорының өзге объектілеріне қол сұғылмауы қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметін шектеу облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 43-1-баппен толықтырылды
43-1-бап. Жекелеген мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет режимінің ерекшеліктері
1. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының күзет аймағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде биологиялық негіздеме негізінде арнайы бөлінген учаскелерде жергілікті тұрғындардың мұқтажы үшін әуесқойлық (спорттық) балық аулауға жол беріледі.
2. Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының су айдындарында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде биологиялық негіздеме негізінде балықтың қырылуының алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүргізуге жол беріледі.
8-тарау. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер және мемлекеттік өмірлік табиғи парктер
44-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер ұғымы және
олардың негізгі қызметi
1. Мемлекеттік ұлттық табиғи парк - ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының бірегей табиғи кешендері мен объектілерінің биологиялық және ландшафтық саналуандығын сақтауға, оларды табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалануға арналған табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің негізгі қызметіне:
1) мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендерін, бірегей және эталондық табиғи учаскелерін, объектілерін, табиғи және тарихи-мәдени мұраны сақтау;
2) мемлекеттік ұлттық табиғи парк пен оның күзет аймағының күзет режимін қамтамасыз ету;
3) экологиялық ағартушылық;
4) биологиялық саналуандықты сақтаудың ғылыми әдістерін әзірлеу;
5) Табиғат жылнамасы бағдарламасы бойынша экологиялық жүйелер мен жекелеген табиғи объектілердің мониторингін жүргізу;
6) мемлекеттік табиғи-қорық қорының бүлінген табиғи кешендерін, объектілерін, табиғи және тарихи-мәдени мұра объектілерін қалпына келтіру;
7) мемлекеттік ұлттық табиғи парк пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағартушылық, ғылыми, рекреациялық, туристік және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.
45-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағын
аймақтарға бөлу, оны күзету және пайдалану
режимi
1. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағы:
1) қорық режимі;
2) экологиялық тұрақтандыру;
3) туристік және рекреациялық қызмет;
4) шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарына бөлінеді.
2. Қорық режимі аймағында кез келген шаруашылық қызметке және мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағын рекреациялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады және осы Заңның 40-бабының 1-тармағында аталған мемлекеттік табиғи қорық режимінің түрлеріне сәйкес келетін қорықтық күзет режимі белгіленеді.
3. Реттелмелі экологиялық туризмді және мемлекеттік табиғи-қорық қорының бүлінген табиғи кешендері мен объектілерін қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар жүргізуді қоспағанда, экологиялық тұрақтандыру аймағында шаруашылық және рекреациялық қызметке тыйым салынып, қорықтық күзет режимі белгіленеді.
4. Туристік және рекреациялық қызмет аймағы мемлекеттік ұлттық табиғи паркке келушілердің реттелмелі қысқа мерзімді демалысы мен ұзақ мерзімді демалысы учаскелеріне бөлінеді.
Туристік және рекреациялық қызмет аймағында мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін сақтауды қамтамасыз ететін тапсырыстық күзет режимі белгіленеді, оның аумағында реттелмелі туристік және рекреациялық пайдалануға (аң аулаудан басқа), соның ішінде рекреациялық жүктемелер нормаларын ескере отырып туристік маршруттар, соқпақтар, демалу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын құруды ұйымдастыруға жол беріледі.
5. Шектеулі шаруашылық қызмет аймағында әкімшілік-шаруашылық мақсаттағы объектілер орналастырылады, әуесқойлық (спорттық) аң аулау мен балық аулауды ұйымдастыруды қоса алғанда, мемлекеттік ұлттық табиғи паркті күзету және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оған келушілерге қызмет көрсету үшін қажетті шаруашылық қызмет жүргізіледі, рекреациялық орталықтар, қонақ үйлер, кемпингтер, мұражайлар және туристерге қызмет көрсетудің басқа да объектілерін салу және оларды пайдалану жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктің барлық аймақтарында оны басқару жоспарында көзделген күзету, қорғау және қалпына келтіру іс-шаралары жүргізіледі.
7. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде ғылыми және экологиялық-ағартушылық қызмет осы Заңның 41 және 42-баптарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
46-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің туристік
және рекреациялық қызметінің ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің аумақтарында реттелмелі туризм мен рекреацияны туристік операторлық қызметке лицензиясы болған жағдайда уәкілетті орган бекітетін ережелерге сәйкес:
1) тікелей мемлекеттік ұлттық табиғи парктер;
2) заңды тұлғалар табиғат қорғау мекемесі беретін рұқсаттың және (немесе) реттелмелі туризм мен рекреацияны қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік ұлттық табиғи парктермен жасалатын шарттардың негізінде жүзеге асырады. Аталған рұқсаттар және (немесе) шарттар қарауында мемлекеттік ұлттық табиғи парктер бар мемлекеттік органдармен келісілуге тиіс.
2. Реттелмелі туризм мен рекреацияны қамтамасыз ету үшін мемлекеттік ұлттық табиғи парктер инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарына сәйкес жалға алу шартының негізінде туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарында жеке және заңды тұлғаларға қазіргі инфрақұрылымымен де, сондай-ақ жаңасының құрылысын салу үшін де жер учаскелерін бере алады.
Жер учаскесін жалға алу шарты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жатады.
3. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында реттелмелі туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшін жер учаскелерін жалға беру тәртібі Қазақстан Республикасының Yкіметі бекітетін ережелермен айқындалады.
47-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің шектеулi
шаруашылық қызметінің ерекшеліктерi
1. Шектеулі шаруашылық қызметі аймағында мемлекеттік ұлттық табиғи парктер мынадай қызмет түрлеріне рұқсат етеді:
1) жанама орман пайдалану (шектеулі мал жаю, марал өсіру, шөп шабу, саңырауқұлақтарды, жемістер мен жидектерді әуесқойлық мақсатта жинау);
2) шектеулі дәстүрлі пайдалану алаңдарында ағаш және бұта тұқымдарының екпе материалдарын, дәрі-дәрмектік шөптер және басқа да өсімдіктер өсіру;
3) өтпелі ағаш кесуді қоспағанда, санитарлық мақсатта ағаш кесуді, күтім жасау мақсатында ағаш кесуді жүргізу және бұл ретте алынған сүректі өңдеу;
4) кәдесыйлар, шағын және халықтық кәсіпшіліктер өнімдерін өндіру;
5) балық шабақтарын және тауарлы балықтың байырғы түрлерін өсіру;
6) жылжымалы бал ара павильондарын пайдалана отырып, көшпелі бал ара шаруашылығы;
7) әуесқойлық (спорттық) аң аулау мен балық аулау.
2. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің шектеулі шаруашылық қызметі мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтау мен қалпына келтіруді ескере отырып және өздерінің қарауындағы мемлекеттік органдардың тиісті рұқсаттары бойынша жүзеге асырылады.
48-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің
күзет аймақтарының режимi
1. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктің күзет аймағында:
1) жер пайдаланушылардың табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ететін дәстүрлі шаруашылық қызметінің негізгі түрлеріне рұқсат етіледі;
2) осы Заңның 43-бабының 1-3-тармақтарында белгіленген мемлекеттік ұлттық табиғи парктің экологиялық жүйелеріне теріс әсер ететін табиғат пайдалану мен шаруашылық қызметтің түрлеріне тыйым салынады немесе шектеу қойылады.
2. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктің күзет аймағындағы жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметіне шектеу қою осы Заңға сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді.
49-бап. Мемлекеттік өңірлік табиғи парктер
Мемлекеттік өңірлік табиғи парк мемлекеттік ұлттық табиғи парк үшін белгіленген режимі бар, сондай мақсаттарды алға қоятын және сондай міндеттерді орындайтын, бірақ табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесіне ие жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын мемлекеттік ұлттық табиғи парктің нұсқасы болып табылады.
9-тарау. Мемлекеттік табиғи резерваттар
50-бап. Мемлекеттік табиғи резерваттар ұғымы,
негізгі қызметі және оларды аймақтарға бөлу
1. Мемлекеттік табиғи резерват - табиғи кешендердің биологиялық саналуандығын және олармен байланысты табиғи және тарихи-мәдени объектілерді күзетуге, қорғауға, қалпына келтіруге және сақтауға арналған жердегі және судағы экологиялық жүйелерді қамтитын табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік табиғи резерваттардың негізгі қызметіне:
1) биологиялық және ландшафтық саналуандықты, табиғи экологиялық жүйелерді сақтау және қалпына келтіру;
2) мемлекеттік табиғи резерваттың күзет режимін қамтамасыз ету;
3) табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық-экономикалық принципі негізінде аумақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау;
4) аумақты қорғау және тұрақты дамыту, сондай-ақ экологиялық ағартушылық және тәрбие беру мақсаттарында зерттеулер мен мониторинг жүргізу;
5) мемлекеттік табиғи резерват аумағын және оның күзет аймағын экологиялық-ағарту, ғылыми, рекреациялық, туристік және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.
3. Мемлекеттік табиғи резерваттың аумағы мынадай пайдалану мен күзет режимінің түрлері әртүрлі аймақтарға бөлінеді:
1) қорық режимі аймағы (бұдан әрі - ұйытқы аймақ) - генетикалық ресурстарды, биологиялық саналуандықты, экологиялық жүйелер мен ландшафтарды ұзақ мерзім сақтауға арналған осы мақсаттарға қол жеткізу үшін жеткілікті көлемі бар ұйытқы аймақ;
2) аралық аймақ - экологиялық бағдар ұстанған шаруашылық қызметті жүргізу және биологиялық ресурстарды тұрақты молықтыру үшін пайдаланылатын аумақ учаскесі.
51-бап. Мемлекеттік табиғи резерваттың қорық режимi
аймағының режимi
1. Мемлекеттік табиғи резерваттың қорық режимі аймағында, Табиғат жылнамасын жүргізуді қоса алғанда, табиғи ортаның жай-күйіне ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргізіледі, экологиялық-ағартушылық мақсатында іс-шаралар жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік табиғи резерваттың қорық режимі аймағында кез келген шаруашылық қызметке және аумақты рекреациялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады және осы Заңның 40-бабының 1-тармағында белгіленген мемлекеттік табиғи қорық режимінің түріне сәйкес келетін қорықтық күзет режимі белгіленеді.
52-бап. Мемлекеттік табиғи резерваттың аралық аймақ
режимi
1. Мемлекеттік табиғи резерваттың аралық аймағында шектелетін, реттелетін және ұйытқы аймағының экологиялық жүйелеріне теріс әсер етпейтін мынадай әртүрлі қызмет нысандары жүзеге асырылуы мүмкін:
1) ғылыми зерттеулер және мамандар оқыту және даярлау орталықтарын ұйымдастыру;
2) қоршаған орта мониторингі және экологиялық жүйелердің өзгеруін бақылау;
3) орман шаруашылығы қызметі, өртке қарсы іс-шаралар және орман алаптарын қорғау;
4) ұйытқы аймағының биологиялық саналуандығын ұзақ мерзім сақтауды және оның зақымданбауын және тұтастай алғанда мемлекеттік табиғи резерваттың экологиялық жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету шеңберінде дәстүрлі жер пайдалану;
5) биологиялық және ландшафтық саналуандықты, табиғи экологиялық жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды кеңінен жүргізу;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жеке тұлғалардың кіру тәртібімен белгіленген, рекреациялық жүктемеге сәйкес бақыланатын және реттелетін туризм, рекреациялық пайдалану;
7) минералды сулар мен шипалы ресурстарды пайдалану;
8) экологиялық ағартушылық, оқыту бағдарламаларын жүргізу, көрсету учаскелерін және экологиялық тұрғыдан алғанда жанашырлықпен табиғат пайдалану менеджментін ұйымдастыру.
2. Мемлекеттік табиғи резерваттың аралық аймағында ұйытқы аймағының экологиялық жүйесінің жай-күйіне теріс әсер етуі мүмкін қызметке, атап айтқанда:
1) жаңа елді мекендер құруға;
2) өнеркәсіп объектілерін орналастыруға және пайдалануға;
3) өндірістік объектілер салуға және пайдалануға;
4) геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге және пайдалы қазбаларды игеруге;
5) басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуге;
6) өсімдіктер мен жануарлардың жаңа түрлерін жерсіндіруге;
7) ұйытқы аймақ пен аралық аймақ аумағының гидрологиялық режимін өзгертетін іс-әрекеттерге;
8) ұйытқы аймақтың экологиялық жүйесіне әсер етуі мүмкін өзге де қызметке тыйым салынады.
3. Мемлекеттік табиғи резерваттарда осы Заңның 41, 42 және 46-баптарында белгіленген тәртіппен экологиялық-ағарту, ғылыми, туристік және рекреациялық қызметтер жүзеге асырылады.
53-бап. Мемлекеттік табиғи резерваттардың күзет
аймақтарының режимi
1. Мемлекеттік табиғи резерваттың күзет аймағында:
1) жер пайдаланушылардың табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ететін дәстүрлі шаруашылық қызметінің негізгі түрлеріне рұқсат етіледі;
2) осы Заңның 43-бабының 1-3-тармақтарында белгіленген мемлекеттік табиғи резерваттың экологиялық жүйелеріне теріс әсер ететін табиғат пайдалану мен шаруашылық қызметтің түрлеріне тыйым салынады немесе шектеу қойылады.
2. Мемлекеттік табиғи резерваттың күзет аймағындағы жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметіне шектеу қою осы Заңға сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді.
10-тарау. Мемлекеттік зоологиялық парктер
54-бап. Мемлекеттік зоологиялық парктер ұғымы және оның
негізгі қызметi
1. Мемлекеттік зоологиялық парктер - мәдени-ағартушылық, ғылыми, оқу және табиғат қорғау қызметіне, тектік қорды сақтауға және әдеттегі, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлерін жасанды орта жағдайында өсіруге арналған табиғат қорғау және ғылыми ұйым мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.