2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап қоюға қарамастан құзыретті сот төрелік іс қараудың нысанасы өзінде сотта қаралуға жататындығы туралы мәселені қарастырғанша төрелік іс қараудың басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешімнің шығарылуы мүмкін.»;
6) 7-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Төрешілікке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптар тараптармен тікелей келісілуі немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентінде айқындалуы мүмкін.»;
4-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) мемлекеттік қызметші, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, өз қызметін тұрақты немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақысы төленетін, жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметші болып табылатын адам төреші бола алмайды.»;
7) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«9-бап. Төреліктің құрамы
1. Төреліктің құрамын құру тараптардың келісімі бойынша төрешілерді (төрешіні) сайлау (тағайындау) арқылы жүргізіледі.
2. Тұрағты жұмыс істейтін төрелікте төреліктің құрамын құру тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Төрелікте нақты дауды шешу үшін төреліктің құрамын құру тараптармен келісілген тәртіппен жүргізіледі.
4. Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік не азаматтығы жоқ адам төреші болып сайлануы мүмкін.
5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса немесе дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік қарамайтын болса, үш төрешіден тұратын төреліктің құрамын құру кезінде әрбір тарап бір төрешіні тағайындайды және осылайша тағайындалған екі төреші үшінші төрешіні тағайындайды.
6. Тараптардың келісімі болмаған жағдайда құзыретті сот:
1) тарап басқа тараптан бұл туралы өтінішті алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде төрешіні тағайындамаған;
2) егер екі төреші өздерін тағайындаған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде үшінші төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған;
3) тараптар дауды жеке-дара қарайтын төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда, дау тараптарының бірінің өтініші бойынша төрешілерді (төрешіні) тұрақты жұмыс істейтін төрелік құрамындағы адамдардың қатарынан күнтізбелік отыз күн ішінде тағайындауы мүмкін.
7. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік дауды қараған кезде, егер тараптар төреліктің құрамы туралы уағдаласпаса, төрешілерді (төрешіні) тұрақты жұмыс істейтін төреліктің төрағасы күнтізбелік отыз күн ішінде тағайындауы мүмкін.»;
8) мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:
«9-1-бап. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік қызметінің шарттары
Тұрақты жұмыс істейтін төрелік өз төрешілерінің тізілімін жүргізеді. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік, төрешілердің тізілімі туралы, даудың тараптары келіскен кезде төрелік шешімдер туралы ақпарат, заңды мекенжайы мен жұмыс регламенті жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялар желісінде және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.»;
9) 10-баптың 6-тармағының бірінші бөлігіндегі «кейін» деген сөзден кейін «күнтізбелік» деген сөзбен толықтырылсын;
10) 11-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Төрешінің өкілеттіктері осы Заңда көзделген негіздер бойынша тараптардың келісімімен, сондай-ақ дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде өз өкілеттіктерін орындамаған немесе сырқаттануы бойынша, қайтыс болуына, не дауды қарау жөніндегі өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілеті болмаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.»;
3-тармақтың бірінші сөйлемі «тоқтатылады» деген сөзден кейін «немесе егер тараптар осындай тоқтатуға қатысты уағдаласса тоқтатылады» деген сөздермен толықтырылсын;
11) 4-тарау мынадай мазмұндағы 15-1-баппен толықтырылсын:
«15-1-бап. Төреліктің талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде
шаралар қабылдау туралы өкім ету өкілеттігi
1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтініші бойынша қандай да бір тараптың өзі қажет деп есептеген даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде осындай шаралар қабылдауы туралы өкім ете алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.
2. Төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті тарап төрелік іс қарау жүзеге асырылатын жер бойынша немесе оған қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануы мүмкін мүліктің орналасқан жері бойынша құзыретті сотқа береді.»;
12) 5-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
«5-тарау. Төрелік іс қарауды жүргізу
16-бап. Төрелік іс қарау ережелерін айқындау
1. Төрелік іс қарауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік өзінің регламентіне сәйкес жүзеге асырады.
2. Төрелік нақты дауды шешу үшін төрелік іс қарауды тараптармен келісілген ережелерге сәйкес жүзеге асырады.
Тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде, сондай-ақ осы Заңның ережелерінде айқындалмаған және тараптармен келісілмеген төрелік іс қараудың қағидаларын төрелік айқындайды.
17-бап. Төрелік орны
Тараптар, дау тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қарауына берілетін жағдайды қоспағанда, төреліктің орнын өз қалаулары бойынша айқындауы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда, төреліктің орнын, тараптар үшін қолайлылық факторын қоса алғанда, істің мән-жайын ескере отырып, төрелік айқындайды.
18-бап. Талап арыз және талап арызға пікір
1. Талапкер өзінің талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда беріледі. Талап арыздың көшірмесі жауапкерге беріледі.
2. Талап арызда:
1) талап арыздың берілген күні;
2) тараптардың атауы, олардың почталық мекенжайы және банк деректемелері;
3) төрелікке жүгіну негіздемесі;
4) талапкердің талаптары;
5) талапкер өзінің талаптарын негіздеген мән-жайлар;
6) талап арыздың негіздерін растайтын дәлелдемелер;
7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
8) талап арызға қоса берілетін құжаттар мен өзге де материалдардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Талап арызға талапкер немесе сенімхаттың немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса беріле отырып, оның өкілі қол қоюға тиіс.
3. Төреліктің регламентінде талап арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуі мүмкін.
4. Жауапкер талапкерге және төрелікке онда өзінің талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап арызға пікір ұсынуға құқылы. Талап арызға пікір төреліктің регламентінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде талапкерге және төрелікке беріледі.
Егер төреліктің регламентінде талап арызға пікір беру мерзімі айқындалмаса, онда көрсетілген пікір, егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, төреліктің бірінші отырысына кемінде күнтізбелік он күн қалғанда ұсынылады.
5. Тарап төрелік іс қарау барысында өзінің талап арыздарын немесе талап қоюға қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.
19-бап. Төрелік іс қарауды қозғау
1. Төрелік талап арызды қабылдап, төрелік регламентіне немесе тараптар келіскен ережелерге сәйкес төрелік ic қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап арызға жазбаша пікір табыс етуді ұсынады.
2. Жауапкердің қарсылықтарын табыс етпеуі дауды қарауға кедергі бола алмайды.
20-бап. Төрелік іс қараудың басталуы
1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төреші тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиісті түрде хабарлама тапсыруға міндетті.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бірі төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшірмелері мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде екінші тарапқа беруге тиіс. Төрелік сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік іс қарау басталғанға дейін беруге тиіс.
21-бап. Талап арызды қайтару
1. Төрелік, егер:
1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса;
2) талап қою төрелік келісімде көзделмеген төрелікке берілсе;
3) талап қоюдың нысанасы төрелік келісімнің шеңберінен тыс болса;
4) талап арызға қол қоюға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса;
5) талапкер талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;
6) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап арызды қайтарады.
2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.
3. Арыздың қайтарылуы талапкердің сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
22-бап. Төрелік іс қарау тілi
1. Тараптар төрелік іс қарау барысында пайданылатын тіл немесе тілдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік іс қарау кезінде пайдалануға тиісті қазақ тілін, онымен тең орыс тілін немесе өзге де тілдерді айқындайды.
Төрелік іс қарау жүргізіліп отырған тілді меңгермеген іске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы іс материалдарымен танысу, төрелік іс қарауға қатысу құқығы, төрелікте ана тілінде сөйлеу құқығы қамтамасыз етіледі.
2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік іс қарау тілінде (тілдерінде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етеді, бұл ретте төреліктің регламентінде не тараптардың келісімінде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.
3. Төрелік тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік іс қарау тіліндегі (тілдеріндегі) аудармасын талап етуі мүмкін.
23-бап. Құжаттардың табыс етілмеуі немесе тараптардың келмей қалуы
1. Құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу, оның ішінде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген тараптардың бірінің немесе олардың өкілдерінің төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу себептерін немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсіз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негізінде төрелік іс қарау және төреліктің шешім қабылдауы үшін кедергі болып табылмайды.
2. Жауапкердің талап қоюға қарсылықтарын табыс етпеуін талапкердің талаптарын тану ретінде қарастыруға болмайды.
24-бап. Тараптардың жазбаша хабарламалар алуы
Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса:
1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресаттың тұрақты тұрғылықты жері бойынша немесе пошталық мекенжайы бойынша оның өз қолына жеткізілсе, ол алынды деп есептеледі; мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгілі тұратын жеріне тапсырыс хатпен немесе осы хабарламаны жеткізу әрекетін тіркеуді көздейтін өзге де түрде жіберілсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледі;
2) жазбаша хабарлама осындай жеткізілген күні алынды деп есептеледі.
25-бап. Тараптардың құқықтары
Төрелік іс қарауға қатысушы тараптардың:
1) іс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшірмелер алуға;
2) дәлелдемелерді табыс етуге;
3) өтініш білдіруге, төрешілерден бас тартуға;
4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге;
5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін табыс етуге;
6) басқа тараптың өтініштеріне және дәлелдеріне қарсылық білдіруге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыретті сот алдында төреліктің шешімін мәжбүрлеп орындату туралы өтініш беруге;
8) осы Заңда белгіленген жағдайларда төреліктің шешіміне шағымдануға құқығы бар.
25-1-бап. Тараптардың төрелік отырысына қатысуы
1. Әрбір тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тең мүмкіндіктер берілуге тиіс.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік іс қарау тараптардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен төреліктің жабық отырысында жүзеге асырылады.
Тараптар өкілдерінің өкілеттіктері Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресімделуге тиіс.
25-2-бап. Дәлелдемелерді табыс ету және зерттеу
Әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негіздемесі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. Егер табыс етілген дәлелдемелер жеткіліксіз деп тапса, төреші тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.
Төреші іс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеуге міндетті.
25-3-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы
1. Егер төрелік іс қарауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік:
1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзіне қорытындылар беруі үшін бір немесе бірнеше сарапшы тағайындауы;
2) тараптан іске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға табыс етуін не оған іске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүліктің тексеріп қарау үшін ұсынылуын немесе тексеріп қарауға мүмкіндік берілуін талап eтуі мүмкін.
2. Тараптардың өзге жөнінде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтінсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзінің жазбаша немесе ауызша қорытындысын табыс еткеннен кейін тыңдауға қатысуға тиіс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшін мамандар ұсыну мүмкіндігі беріледі.
25-4-бап. Құзыретті соттың қамтамасыз ету шараларын
ұсынудағы және дәлелдемелер алудағы жәрдемi
1. Тараптар төрелік іс қарау кезінде талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану туралы өтінішпен құзыретті сотқа жүгінуге құқылы. Құзыретті соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелік келісіммен сыйыспаушылық болып табылмайды.
2. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті тарап құзыретті сотқа төрелік іс қарау жүзеге асырылатын орын немесе оған қатысты қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкін мүліктің тұрған жері бойынша береді.
3. Құзыретті соттың төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшін тараптардың бірінің өтініші бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыретті сот жоюы мүмкін.
5. Төрелік немесе төреліктің келісімімен тарап дәлелдемелер алуға жәрдемдесу туралы құзыретті сотқа өтініш жасауы мүмкін. құзыретті сот осы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарайды.
25-5-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу
1. Қарсы талаптың талапкердің талаптарымен өзара байланысы болған жағдайда, сондай-ақ төреліктің қарсы талап қоюды төрелік келісімге сәйкес қарауы мүмкін болатын жағдайда, жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.
2. Егер тараптар қарсы талап қою үшін өзге мерзімге келіспесе, қарсы талап қою төрелік шешім қабылдағанға дейін, төрелік іс қарау барысында қойылуы мүмкін.
3. Қарсы талап қою осы Заңның 18-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Талапкер төрелік іс қарау регламентінде немесе ережелерінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде қарсы талап қоюға қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда жауапкер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.»;
13) 30-бапта:
1-тармақтағы «алпыс», «отыз» деген сөздер тиісінше «күнтізбелік алпыс», «күнтізбелік отыз» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы «отыз» деген сөз «күнтізбелік алпыс» деген сөздермен ауыстырылсын;
3 және 4-тармақтардағы «алпыс» деген сөз «күнтізбелік алпыс» деген сөздермен ауыстырылсын;
14) 32-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«32-бап. Қазақстан Республикасында төрелік шешімдi тану және орындау
Төрелік шешім міндетті деп танылады және құзыретті сотқа жазбаша өтініш берілген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес орындалады.»;
15) 33-баптың 1-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«төрелік келісімнің оны тараптар бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмағанда - Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыздығының;».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2010 жылғы ақпанның 5-i.
№ 249-IV ҚРЗ