6) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау жөніндегі мiндеттердi жүктей отырып, аумақтарды, акваторияларды бекітіп беру;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру;
8) жануарларды жасанды түрде өсiру;
9) жануарлар ауырған жағдайда, дүлей зiлзала кезiнде және басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген жағдайларда оларға көмек көрсету;
10) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулердi ұйымдастыру;
11) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау және орнықты пайдалану идеяларын насихаттау;
12) жеке және заңды тұлғалардың жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі қызметiн ынталандыру;
13) азаматтарды жануарлар дүниесiне iзгiлiктi және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу жолымен жүзеге асырылады.
14-бап. Жануарлар дүниесiн сақтау және өсiмiн молайту
мақсатында оны пайдалануға шектеулер мен
тыйым салулар белгiлеу
1. Жануарлар дүниесi объектiлерiн сақтау және өсiмiн молайту мақсатында:
1) жануарлар дүниесiн пайдалану мерзiмдерiн шектеу;
2) аулау әдiстерiне, тәсiлдерiне және құрал түрлерiне тыйым салу;
3) алу нормаларын өзгерту;
4) жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың санын шектеу белгiленуi мүмкiн.
2. Шектеулер мен тыйым салулар белгiлеуге:
1) жануарлар популяциясының жыныс-жас құрылымының бұзылуы;
2) жануарлар санының азаюы;
3) мекендеу ортасының нашарлауы;
4) жануарлардың өрiс аударуы мен көбеюi кезеңiнде олар жаппай шоғырланатын жерлерде тыным алу аймақтарын құру қажеттiгi негiз болып табылады.
3. Жануарлар дүниесi объектiлерiн сақтау мақсатында:
1) өсiмдiктердi жоюға және жануарлар мекендейтiн ортаның жағдайларын нашарлататын өзге де iс-әрекеттерге;
2) жануарлар үйiрiмен мекендейтiн жерлердi периметр бойынша олардың iндерi орналасқан жерлерге жиырма метр жақындап немесе уәкiлеттi органның келісімi бойынша оларды алдын ала басқа жерге көшiрмей жыртуға;
3) жануарлардың паналау орындары мен ұяларын бұзуға және бүлдiруге, жұмыртқаларын жинауға;
4) суда жүзетiн құстардың жаппай ұя салуы көрсетiлген және балықтардың көбеюi кезеңiнде олар уылдырық шашатын жерлерде катерлердiң, моторлы қайықтардың және басқа да жүзу құралдарының моторын iске қосып жүзуге;
5) ұшақтардың, тiкұшақтардың және өзге де ұшу аппараттарының тұяқты жабайы жануарлар мен топтасып ұшатын құстар жаппай мекендейтiн аумақтардың үстiнен уәкiлеттi органның келісімiнсiз бiр километрден төмен биiктiкте ұшып өтуiне;
6) жануарлардың мекендеу ортасын жоюға, жемшөптiк өсiмдiктер егiстiктерiн, қорғау екпелерiн, сортаң топырақтарды, жануарларға арналған астауларды, сiлтеме белгiлердi, аң аулау және балық аулау шаруашылығын жүргiзуге арналған құрылыстарды бүлдiруге;
7) сирек кездесетiн және құрып кетуi қаупi төнген жануарлар түрлерiн Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiнсiз алуға;
8) жануарлар дүниесi объектiлерiн белгiленген лимиттен асырып және жануарлар дүниесiн пайдалануға берiлген рұқсатта көрсетiлген мерзiмнен тыс аулауға;
9) жануарлар дүниесi объектiлерiн аң аулау мен балық аулау ережелерiнде көзделмеген жануарларды аулау құралдарының, әдiстерінің және тәсiлдерiнiң түрлерiн қолдана отырып аулауға;
10) жарылғыш құрылғыларды, улы химикаттарды қолдана отырып (дала кеміргiштерiн қыру кезiнде, сондай-ақ жануарлардың құтыруы мен басқа да ауруларының iндетi жағдайларында уәкiлеттi органның келісімi бойынша улы химикаттарды қолдануды қоспағанда) жануарлар дүниесi объектiлерiн аулауға;
11) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз жануарларды интродукциялау мен будандастыруды жүргiзуге, сондай-ақ жаңадан жерсiндiрiлген жануарларды алуға тыйым салынады.
15-бап. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету
қаупi төнген түрлерiн қорғау
1. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiледi.
2. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар түрлерiн қорғауды мемлекет жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар түрлерiн қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн алуға ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша оларды арнайы жасалған жағдайларда өсiру және кейiннен мекендеу ортасына шығару үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ғылыми және өзге де мақсаттарда жол берiледi.
4. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң қырылуына, санының азаюына немесе мекендеу ортасының бұзылуына әкеп соғатын iс-әрекеттерге жол берiлмейдi.
5. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерін әкiмшiлiк органының рұқсатынсыз қолда ұстауға, тасымалдауға, сатуға, сатуға шығаруға және сатып алуға, сондай-ақ оларды әкелу мен әкетуге тыйым салынады.
16-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық
тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды
қолдану кезiнде жануарларды қорғау
Пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық тыңайтқыштарды және басқа препараттарды қолдану, сақтау және тасымалдау жануарлар дүниесi мен олар мекендейтiн ортаның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
Жануарлар дүниесiн қорғау мақсатында пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық тыңайтқыштарды және басқа препараттарды қолданудың шектеулi рұқсат етiлген нормалары белгiленедi.
17-бап. Шаруашылық және өзге де қызметтi жобалау
мен жүзеге асыру кезiнде жануарлар мекендейтiн
ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару
жолдарын және шоғырланған жерлерiн сақтау
жөніндегі iс-шаралар
1. Елдi мекендердi, кәсiпорындарды, құрылыстар мен басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және салу, өндiрiстiк процестердi жүзеге асыру мен көлiк құралдарын пайдалану, қолданыстағы технологиялық процестердi жетiлдiру және олардың жаңаларын енгізу, пайдаланылмаған, жағалау маңындағы, батпақты, бұта басқан аумақтарды шаруашылық айналымына енгізу, жердi мелиорациялау, орман ресурстарын және су объектiлерiн пайдалану, геологиялық-барлау жұмыстарын жүргiзу, пайдалы қазбаларды өндiру, ауыл шаруашылығы жануарлары жайылатын және оларды айдап өтетiн жерлердi белгiлеу, туристiк маршруттар әзiрлеу мен халықтың жаппай демалатын орындарын ұйымдастыру кезiнде жануарлар дүниесi объектiлерi мекендейтiн ортаны және олардың көбею жағдайларын, жануарлардың өрiс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерiн сақтау жөніндегі iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, сондай-ақ жабайы жануарлар мекендейтiн орта ретiнде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге ешкiмнiң қол сұқпауы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Темір жол, тас жол, құбыр тарту және басқа көлiк магистральдарын, электр беру және байланыс желiлерiн, арналарды, бөгеттердi және өзге де су шаруашылығы құрылыстарын орналастыру, жобалау және салу кезiнде жануарлар мекендейтiн ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерiн сақтауды қамтамасыз ететiн іс-шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылуға тиiс.
18-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы
жануарларды қорғау
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
19-бап. Жануарлар дүниесi объектiлерiн жасанды
түрде өсiру
1. Жануарлар дүниесi объектiлерiн жасанды түрде өсiру:
1) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн сақтау және көбейту;
2) ғылыми зерттеулер;
3) жануарларды интродукциялау;
4) жануарлар дүниесi объектiлерiн кәсiпкерлiк қызметте пайдалану мақсатында жүзеге асырылады.
2. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi санын оларды кейiннен мекендеу ортасына шығару арқылы сақтау және көбейту мақсатында жануарлар дүниесi объектiлерiн жасанды түрде өсiру мемлекеттік бюджеттiң қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздердiң есебiнен жүзеге асырылады.
3. Құрып кету қаупi төнген жабайы фауна мен флора түрлерiмен халықаралық сауда туралы конвенцияның I және II қосымшаларына енгiзiлген жануарлар түрлерi олар ерiксiз жағдайларда өсiрiлген және әкiмшiлiк органында тiркелген жағдайларда ғана саудалау нысанасы бола алады.
4. Жануарлар дүниесi объектiлерiн кәсiпкерлiк қызмет мақсатында жасанды түрде өсiру жеке және заңды тұлғалардың қаражаты мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздердiң есебiнен жүзеге асырылады.
20-бап. Жабайы жануарларды интродукциялау мен
будандастыру, оларды Қазақстан Республикасына
әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету
1. Сирек кездесетiндерiн және құрып кету қаупi төнгендерiн қоспағанда, жануарлар түрлерiн интродукциялау мен будандастыруға, оларды Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге биологиялық негiздеме мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысына сәйкес уәкiлеттi органның рұқсаттары бойынша ғана жол берiледi.
2. Сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн интродукциялау мен будандастыруға биологиялық негiздеме мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысына сәйкес және уәкiлеттi органның ұсынымы негiзiнде Қазақстан Республикасы ?кіметінің шешiмi бойынша жол берiледi.
21-бап. Жаппай ауыру, дүлей зiлзала кезiнде және
басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген
жағдайларда жануарларға көмек көрсету
1. Бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жаппай ауыру, дүлей зiлзала кезiнде және басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген жағдайларда жануарларға көмек көрсетудi аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдары, ал басқа алқаптар мен су тоғандарында - Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады. Аумақтың және оқиғаның маңыздылығына қарай аталған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен халықаралық ұйымдар көмек көрсетуi мүмкiн.
2. Дүлей зiлзала аудандарындағы, сондай-ақ қырылу қаупi төнген жануарларды аулауға жол берiлмейдi.
22-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер
1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер:
1) жануарлар дүниесiнiң жай-күйiн жыл сайын бағалау;
2) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң жай-күйiн ұдайы зерделеу;
3) iндеттi жағдайды ұдайы зерделеу;
4) халықаралық ғылыми-зерттеу бағдарламаларына қатысу;
5) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтердi негіздеу;
6) биологиялық саналуандылықты сақтау жөніндегі шараларды және жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі бағдарламаларды негiздеу;
7) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғаудың, өсiмiн молайтудың және пайдаланудың құқықтық және экономикалық тетiктерiн әзiрлеу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мемлекеттік бюджеттiң қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.
3. Бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарындағы (учаскелеріндегі) жануарлар дүниесiнiң жай-күйiн жыл сайын бағалау олар бекітілiп берiлген жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
4-тарау. Жануарлар дүниесiн пайдалану
23-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану
1. Жануарлар дүниесiн пайдалану жалпы және арнайы пайдалану тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Жануарлар дүниесiнiң объектiлерi Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес пайдалануға берiледi.
3. Жануарлар дүниесiн арнайы пайдалануға жануарлар дүниесi объектiлерiн және олардың тiршiлiк ету өнiмдерiн мекендейтiн ортасынан алу арқылы пайдалану жатады.
4. Жануарлар дүниесiн жалпы пайдалануға жануарлар дүниесi объектiлерiн, сондай-ақ олардың пайдалы қасиеттерiн мекендейтiн ортасынан алмай пайдалану жатады.
5. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік орман қорының аумағында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда пайдалану Қазақстан Республикасының орман заңдары мен Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарының талаптары ескерiле отырып жүзеге асырылады.
6. Жануарлар дүниесi объектiлерiн биологиялық қару ретiнде пайдалануға тыйым салынады.
24-бап. Жануарлар дүниесiн пайдаланудың түрлерi
Қазақстан Республикасының аумағында жануарлар дүниесiн пайдаланудың мынадай түрлерiне жол берiледi:
1) аң аулау;
2) судағы омыртқасыз жануарлар мен теңiз сүтқоректiлерiн қоса алғанда, балық аулау;
3) аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын жануарларды шаруашылық мақсаттарда пайдалану;
4) жануарларды ғылыми, мәдени-ағарту, тәрбиелiк және эстетикалық мақсаттарда пайдалану;
5) жануарлардың пайдалы қасиеттерiн және тiршiлiк ету өнiмдерiн пайдалану.
25-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану мерзiмдерi
Жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану үшiн:
1) аңшылық және (немесе) балық шаруашылығын жүргiзу кезiнде биологиялық-экономикалық тексерудiң, аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекітіп беруге арналған конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктiлiк талаптарының, аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарын дамыту жоспарларының негiзiнде конкурстық комиссия айқындайтын аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекітіп беру кезеңiне қарай он жылдан қырық тоғыз жылға дейiнгi;
2) қалған түрлерiне - бiр жылдан аспайтын мерзiмдер белгiленедi.
2. Жануарлар дүниесiн жалпы пайдалану үшiн пайдалану мерзiмдерi белгiленбейдi.
26-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалануға беру
1. Жануарлар дүниесi арнайы пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлетiн жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған рұқсаттар негiзiнде берiледi.
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 1-1 тармақпен толықтырды
1-1. Әуесқойлық (спорттық аң аулау мен балық аулауды, ғылыми зерттеулерді қоспағанда, жануарлар дүниесін арнайы пайдалануды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес экологиялық рұқсат алу қажет.
2. Жануарлар дүниесiн жалпы пайдалану қандай да бiр рұқсатсыз жүзеге асырылады.
27-бап. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың
құқықтары мен мiндеттерi
1. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар арнайы пайдалану кезiнде:
1) жануарлар дүниесiнiң өздерiне рұқсат етiлген түрлерiн ғана пайдалануды жүзеге асыруға;
2) жануарлар дүниесi объектiлерiн оларды беру шарттарына сәйкес пайдалануға;
3) ауланған жануарлар дүниесi объектiлерiн және бұл ретте алынған өнiмдi меншiктенуге;
4) жолдама беруге;
5) жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғалармен шарттар жасасуға құқығы бар.
2. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар арнайы пайдалану кезiнде:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын сақтауға;
2) жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен уақтылы төлемдер жасауға;
3) шаруашылықiшiлiк аңшылық ұйымдастыруды жүргiзуге;
4) шаруашылықiшiлiк балық аулауды ұйымдастыруды жүргiзуге;
5) жануарлар мекендейтiн ортаның нашарлауына жол бермеуге;
6) жануарлар дүниесiн халық пен қоршаған ортаға қауiпсiз, табиғи үйiрлер тұтастығының бұзылуына және жануарларға қатысты қатыгездiкке жол берiлмейтiн тәсiлдермен пайдалануға;
7) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын есепке алуды жүргiзуге және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен есептiлiктi табыс етуге;
8) жануарлар дүниесi объектiлерiн, оның iшiнде сирек кездесетiн және құрып кету қауіпі төнгендерiн қорғау мен олардың өсімін молайтуды қамтамасыз етуге;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
9) биологиялық-экономикалық тексерулердiң нәтижелерiне сәйкес жануарлар дүниесi объектiлерiнiң өсiмiн молайтуды қамтамасыз ететiн қажеттi iс-шараларды жүргізуге;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды
10) осы Заңның 49-бабына сәйкес жүргізілетін, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау мақсатында тексеруді жүзеге асыруға кедергі жасамауға міндетті.
3. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар жалпы пайдалану кезiнде жануарлар дүниесi объектiлерiн өздерiнiң мәдени және эстетикалық қажеттерiн қанағаттандыру үшiн пайдалануға құқығы бар.
4. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар жалпы пайдалану кезiнде:
1) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарының талаптарын сақтауға;
2) жануарлар мекендейтiн ортаның нашарлауына жол бермеуге;
3) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөнiндегі өзге де талаптарды орындауға мiндеттi.
5. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың қызметiне мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен ұйымдар тарапынан заңсыз араласуға тыйым салынады.
28-бап. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы
1. Жануарлар дүниесiн жалпы пайдалану ақысыз жүзеге асырылады.
2. Жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.
29-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану үшiн лимиттер
мен квоталар
1. Жануарларды алу лимитi - жануарларды олардың табиғи өсiмi мен саны сақталатын жағдайда алудың жол берiлетiн шектi көлемi.
Жануарларды алу лимитi олардың өткен жылдағы санының есеп материалдары, жануарлар дүниесi объектiлерiнiң және олар мекендейтiн ортаның мониторингi, ғылыми зерттеулер негiзiнде дайындалған биологиялық негіздемеге сәйкес белгiленедi және оны мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтедi.
Бiрнеше мемлекеттердiң аумақтары бойымен өрiс аударатын немесе мемлекетаралық маңызы бар су тоғандарын мекендейтiн жануарларды алу лимитi халықаралық шарттардың негiзiнде, ал олар болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады.
2. Жануарларды алу квотасы - жануарларды алу лимитiнiң аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдары үшiн белгiлi бiр мерзiмге белгiленген бөлiгі.
Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер кезiнде мемлекеттік тапсырысты орындау үшiн уәкiлеттi орган жеке квота белгiлейдi.
30-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану құқығын тоқтатудың
негiздерi
Жануарлар дүниесiн пайдалану құқығы:
1) жануарлар дүниесiн пайдаланудан өз еркiмен бас тартқан;
2) жануарлар дүниесiн пайдалану мерзiмi өтiп кеткен;
3) жануарлар дүниесiн пайдаланушының қызметi тоқтатылған;
4) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, олардың өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарының талаптарын, сондай-ақ аңшылық шаруашылығын немесе балық шаруашылығын жүргiзу шарттарының талаптарын жүйелi түрде бұзған;
5) аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) бекітілiп берiлген жер учаскелерiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттік қажеттiлiктер үшiн алу;
6) жануарлар дүниесiн арнайы пайдалануға берiлген рұқсаттар жойылған;
7) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негiздер туындаған жағдайларда тоқтатылады.
31-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы нормативтер
1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтер жануарлар дүниесiнiң сақталуын, мекендеу ортасы мен оның орнықты пайдаланылуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi жол берiлетiн шектi сандық және сапалық көрсеткiштердiң мәнiн айқындайды.
2. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтер ғылыми зерттеулер негiзiнде белгiленедi, шаруашылық және өзге де қызметті жоспарлау мен жүргiзу, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ic-шараларды жүргiзу кезiнде мiндеттi болып табылады.
5-тарау. Aң аулау
32-бап. Аң аулау ұғымы және түрлерi
1. Аң аулау - аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiн мекендейтiн ортасынан алуды жүзеге асыру арқылы жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану түрi.
Жануарлар дүниесi объектiлерiн аулау мақсатында iздеу, iзiн кесу және iзiне түсу, аулауға әрекет жасау, аңшылық алқаптарда қабынан шығарылған аңшылық қаруы және басқа да аң аулау құралдары немесе аң аулаудан алған өнiмдерi бар, қарғыбауы алынған аң аулайтын иттерi мен қыран құстары бар адамдардың жүруi аң аулауға теңестiрiледi.
2. Аң аулау:
1) кәсiпшiлiк аң аулау;
2) әуесқойлық (спорттық) аң аулау болып бөлiнедi.
3. Кәсiпшiлiк аң аулау - аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiн кәсiпкерлiк қызмет мақсатында аулау.
4. Әуесқойлық (спорттық) аң аулау - аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiн спорттық, эстетикалық қажеттiктерiн қанағаттандыру мақсатында және ауланған өнiмдi жеке тұтыну үшiн аулау.
5. Егер уәкiлеттi орган өзгеше белгiлемесе, аң аулау бекітілiп берiлген аңшылық алқаптарда жүргiзiледi.
33-бап. Аң аулау құқығы
1. Аң аулау құқығы жеке тұлғаларға:
1) егер аң аулау атыс қаруы қолданыла отырып жүргiзiлетiн болса, он сегiз жасқа толған;
2) егер аң аулау аңшылық ережелерiнде рұқсат етiлген басқа да аңшылық құралдарының түрлерi, иттер мен қыран құстар қолданыла отырып жүргiзiлетiн болса, он төрт жасқа толған;
3) аңшылыққа қойылатын ең төменгi талап бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгiсi бар аңшы куәлігі болған және аң аулау құқығына рұқсат беру үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген мемлекеттік бажды төлеген;
4) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат алған жағдайда берiледi.
2. Шетелдiктер үшiн Қазақстан Республикасының аумағында аң аулау құқығы аң шаруашылығы ұйымымен жасасқан аң аулауды ұйымдастыру шартының және оның аң аулау құқығын куәландыратын тұратын елінде берiлген құжаттың және жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат алуының негiзiнде туындайды.
6-тарау. Балық аулау
34-бап. Балық аулау ұғымы және түрлерi
1. Балық аулау - балық аулау және балық аулау объектiсi болып табылатын басқа да су жануарларын аулау.
2. Балық аулау:
1) кәсiпшiлiк балық аулау;
2) әуесқойлық (спорттық) балық аулау болып бөлiнедi.
3. Кәсiпшiлiк балық аулау - балықты және балық аулау объектiсi болып табылатын басқа да су жануарларын кәсiпкерлiк қызмет мақсатында аулау.
Кәсiпшiлiк балық аулау балық шаруашылығы ұйымдарына бекітілiп берiлген балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) ғана жүзеге асырылады.
4. Әуесқойлық (спорттық) балық аулау - балықты және басқа су жануарларын спорттық, эстетикалық қажеттiктерiн қанағаттандыру мен ауланған өнiмдi жеке тұтыну мақсатында аулау.
35-бап. Балық аулауға құқық
1. Кәсiпшiлiк балық аулауға құқық жеке және заңды тұлғаларға:
1) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаты;
2) балық аулау үшiн уәкiлеттi органмен жасасқан шарты болған кезде берiледi.
2. Жеке тұлғалардың әуесқойлық (спорттық) балық аулауға құқығы болады.
36-бап. Жасанды әдiспен жасалған су тоғандарында балық
шаруашылығы қызметiн реттеудiң ерекшелiктерi
Өздерi жасаған жасанды су тоғандарында балықтар мен басқа да су жануарларын өсiрген жеке және заңды тұлғалар осы балықтар мен су жануарларының меншiк иесi болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларға иелiк етедi.
7-тарау. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу
37-бап. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу
құқығын беру
1. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу құқығы жеке және заңды тұлғаларға облыстық атқарушы органның аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекітіп беру туралы уәкiлеттi органмен келісілген шешiмiнiң, уәкiлеттi орган мен жануарлар дүниесiн пайдаланушы арасында жасалатын аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу шартының негiзiнде берiледi.
2. Аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдары жануарлар дүниесi объектiлерiн квота шегiнде алып қою құқығын жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат алған сәттен бастап, ал басқа жеке және заңды тұлғалар - аңшылық шаруашылығы мен балық шаруашылығы ұйымдарынан жолдама алғаннан кейiн немесе солармен аң аулау немесе балық аулау шартын жасасқан соң алады.
3. Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарына бекітіп беру мерзiмi өткен кезде олардың осы аумақтар мен акваторияларды қайта бекiтуiне басымдығы болады.