4. Тауар биржаларының қызметіне тексеру жүргізу кезінде уәкілетті органның лауазымды адамы тауар биржасының басшысына немесе оны алмастыратын адамға:
1) құқықтық статистика органында тіркелгені туралы белгі қойылған тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін;
3) уәкілетті органның басшысы бекіткен тексеру жоспарын көрсетуге міндетті.
5. Тексеруді тағайындау туралы актіні және қызметтік куәлікті көрсеткен кезде тауар биржасының басшысы немесе оны алмастыратын адам уәкілетті органның лауазымды адамын өздеріне тиесілі аумаққа немесе үй-жайға жіберуге және тексерілетін тауар биржаларының лауазымды адамдарынан, басшылары мен басқа да қызметкерлерінен тексеру жүргізуге қажетті ақпаратты, құжаттарды сұрату мен оларды алу және тексеру барысында туындаған мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрде түсініктемелер алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
6. Уәкілетті органның лауазымды адамының тексеру кезінде тауар биржасының немесе брокердің және (немесе) дилердің жүргізілетін тексеру нысанасына қатысы жоқ немесе актіде көрсетілген кезеңге қатысы жоқ қандай да бір құжаттарын немесе материалдарын алып қоюына, тауар биржалары және биржалық саудаға қатысушылар туралы тексеру процесінде алынған ақпаратты жария етуіне тыйым салынады.
7. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартқан немесе уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарының тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексеруді жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды адамы және тексерілетін тауар биржасының уәкілетті адамы қол қояды.
Тексерілетін тауар биржасының уәкілетті адамы бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме беріп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеру жүргізбеуге негіз болып табылмайды.
8. Тауар биржасының қызметіне тексеру жүргізу мерзімі алда тұрған жұмыстардың және қойылған міндеттердің көлемін ескере отырып белгіленеді, бірақ ол күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
Мән-жайларды қосымша тексеру қажет болған жағдайда тексеру жүргізу мерзімі уәкілетті органның шешімімен күнтізбелік отыз күнге ұзартылуы мүмкін.
Тауар биржасының қызметін тексеру мерзімін ұзартуды уәкілетті органның басшысы не оның міндетін атқарушы адам жүргізеді.
Тексеру мерзімі ұзартылған жағдайда уәкілетті орган міндетті түрде құқықтық статистика органында тіркей отырып, тексеруді ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің нөмірі мен тіркелген күні және ұзарту себебі көрсетіледі.
Тексеруді тағайындау туралы бір актінің негізінде бір ғана тексеру жүргізіледі.
9. Уәкілетті органның тексерулерге басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тартуға құқығы бар.
10. Тексеру тауар биржасының қызметін тексеру қорытындылары туралы екі дана етіп анықтама жасаумен аяқталады.
Тексеру қорытындылары туралы анықтамаға тауар биржасының қызметін тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адам және тексерілетін тауар биржасының басшысы немесе оны алмастыратын адам қол қояды.
11. Тексерілетін тауар биржасының басшысы немесе оны алмастыратын адам ерекше пікірін жазбаша түрде білдіруге құқылы, ол тексеру қорытындылары туралы анықтамаға қоса беріледі.
12. Тексерілетін тауар биржасының басшысы немесе оны алмастыратын адам тексеру қорытындылары туралы анықтамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, тауар биржасының қызметін тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адам тексеру қорытындылары туралы анықтамаға тиісті жазба енгізеді.
13. Тексеру қорытындылары туралы анықтаманың екінші данасы тауар биржасының қызметін тексеру аяқталғаннан кейін қол қойғызып алу арқылы тауар биржасының басшысына немесе оны алмастыратын адамға, ал ол болмаған жағдайда тексерілетін тауар биржасының кеңсесіне анықтаманы қабылдап алған тауар биржасы қызметкерінің тегін және лауазымын көрсете отырып, қол қойғызу арқылы тапсырылады. Тексеру қорытындылары туралы анықтаманы беру не кеңсеге тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, тексеру қорытындылары туралы анықтама тауар биржасына оның тапсырылғандығы туралы почта растамасы бар тапсырыс хатпен жіберіледі.
14. Тауар биржасының қызметін тексерудің нәтижелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
27-бап. Тауар биржасының қызметін тексеру
нәтижелері бойынша уәкілетті органның шешімі
Уәкілетті орган тауар биржасының қызметін тексеру қорытындылары туралы анықтаманы қарау нәтижелері бойынша:
1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіздердің жоқтығы туралы қорытынды жазады;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды;
3) тауар биржасына Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзушылықтың анықталған фактілерін жою туралы нұсқама шығарады;
4) материалдарды қылмыстық іс қозғау туралы мәселені қарау үшін құқық қорғау органдарына береді;
5) материалдарды қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін өзге де мемлекеттік органдарға береді.
28-бап. Уәкілетті органның нұсқамалары
Уәкілетті органның нұсқамаларын тауар биржалары нұсқамаларда көзделген мерзімде, бірақ оларды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей орындайды.
7-тарау.
Қорытынды ережелер
29-бап. Қазақстан Республикасының тауар
биржалары туралы заңнамасын бұзғаны үшін
жауаптылық
Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
30-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған тауар биржалары 2010 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде өз қызметін осы Заңға сәйкес келтіруге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамау уәкілетті органның заңды тұлғаны тарату туралы сотқа талап қоюына негіз болып табылады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Тауар биржалары туралы» 1995 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 3-4, 26-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 11, 143-құжат; 2003 ж., № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н.Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы мамырдың 4-і
№ 155-ІV ҚРЗ