4) мақта иесінің талабы бойынша мақтаның сапасын тексеру үшін мақта сынамасын іріктеуді қамтамасыз етуге;
5) мақта иелері алдындағы сақтау шартында және (немесе) өңдеу шартында көзделген міндеттемелерін орындауға міндетті.
14-бап. Мақта өңдеу ұйымының қызметтеріне ақы төлеу
Мақта өңдеу ұйымының қызметтеріне ақы төлеу сақтау шартына және (немесе) өңдеу шартына сәйкес ақшалай не мақта иесінің мақта қолхатында индоссамент жасай отырып, тиісті мақта мөлшерін мақта өңдеу ұйымына беру арқылы жүргізіледі.
15-бап. Мақта өңдеу ұйымының қызметін шектеу
1. Мақта өңдеу ұйымдарының:
1) мақта талшығын өңдеу өнімі мен шитті мақтаны өңдеудің қосалқы өнімдерін, тоқыма өнімін өндіруі мен сатуын;
2) тиісті лицензия болған кезде кеден қоймасы қызметтерін көрсетуін;
3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мақта өңдеу ұйымының мүлік кешенін тұтастай кепілге қоюын қоспағанда, шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеуге жатпайтын кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына, сондай-ақ кепілдіктер беруіне және өз мүлкін үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілге қоюына тыйым салынады.
Мақта өңдеу ұйымдары мақтаны сақтауға және шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеуге байланысты емес қызмет жөніндегі операциялардың бөлек есебін жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2. Негізгі құрал-жабдықтарсыз шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру мүлде мүмкін болмайтын не қызмет айтарлықтай нашарлайтын жағдайда, мақта өңдеу ұйымының оларды иеліктен шығаруына тыйым салынады.
3. Сақтауға және (немесе) өңдеуге тапсырылған мақтаға мақта өңдеу ұйымдарының билік етуіне тыйым салынады.
16-бап. Мақта өңдеу ұйымының есебі және есептілігі
1. Мақта өңдеу ұйымы өзінің мақтаға қатысты жасаған операцияларын көрсететін құжаттардың есебін қатаң жүргізуге және олардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Есеп құжаттарының тізбесі мен нысандарын, шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу, мақта нарығының мониторингін жүргізу жөніндегі қызметке қойылатын талаптарды сақтау мәселелері бойынша есеп беру мерзімдерін уәкілетті орган статистика саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның келісімі бойынша белгілейді.
3. Сақталуға тиісті құжаттардың тізбесі, оларды сақтау мерзімдері мақтаның мөлшерлік-сапалық есебін жүргізу ережелерімен белгіленеді.
4. Мақта өңдеу ұйымы уәкілетті органның және облыстың жергілікті атқарушы органының жазбаша сауал салуы бойынша өз қызметіне байланысты мақта нарығының мониторингін жүргізу үшін қажетті ақпаратты беруге міндетті.
17-бап. Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесі
1. Мақта өңдеу ұйымы мақта қолхаттарын ұстаушылардың алдындағы өз міндеттемелерін мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу жолымен орындауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысуы мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорымен жасалатын қатысу шарты негізінде жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорлары өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша субсидиарлық жауаптылықта болады.
18-бап. Мақта өңдеу ұйымының аудиті
1. Мақта өңдеу ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылдық қаржылық есептілік аудитін жүргізуге міндетті.
2. Егер мақта өңдеу ұйымы аудит жүргізуден жалтарса, аудит кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша сот шешімімен тағайындалуы мүмкін.
3. Мақта өңдеу ұйымының ішкі аудит қызметінің аудитті жүзеге асыруы оны аудит жүргізу міндетінен босатпайды.
19-бап. Мақта өңдеу ұйымының мүлкін иеліктен шығару (сатып алу) ерекшеліктері
1. Мақта тазалау зауыты бөлінбейтін мүлік болып табылады және:
1) мақта тазалау зауыты тұрған орыннан тыс орналасқан мақта қабылдау пунктін иеліктен шығарған (сатып алған);
2) шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметін тоқтатқан және мақта саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік инспектор растаған мақта қолхаттарын ұстаушылардың алдында орындалмаған міндеттемелері болмаған;
3) мақта өңдеу ұйымын таратқан кезде мүлікті өткізу жағдайларын қоспағанда, бөлінбейтін мүлік ретінде иеліктен шығарылады (сатып алынады).
2. Мақта өңдеу ұйымы мақта тазалау зауытын немесе мақта тазалау зауытынан тыс орналасқан мақта қабылдау пунктін иеліктен шығарғанға дейін екі айдан кешіктірмейтін мерзімде өзіне белгілі мақта қолхаттарын ұстаушыларды мүлікті иеліктен шығару жөнінде жазбаша хабардар етуге, сондай-ақ республикалық мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде тиісті хабарландыру беруге міндетті.
3. Мақта өңдеу ұйымы осы баптың 1 және 2-тармақтарын бұза отырып, жасаған мақта тазалау зауытын немесе мақта тазалау зауытынан тыс орналасқан мақта қабылдау пунктін өткізу жөніндегі мәмілелерді сот мақта қолхаттарын ұстаушылар мен өзге де мүдделі тұлғалардың талап-арызы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.
4. Мақта тазалау зауытының (мақта тазалау зауыты тұрған орыннан тыс орналасқан мақта қабылдау пунктінің) бұрынғы меншік иесі берген мақта қолхаттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау мүлікті қабылдау-беру жөніндегі комиссия жасаған және мақта саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік инспектор бекіткен қалдық мақтаны түгендеу актісімен белгіленген мөлшерде мақта тазалау зауытын (мақта тазалау зауыты тұрған орыннан тыс орналасқан мақта қабылдау пунктін) сатып алушыға немесе мұндай мүлікті соттың немесе аралық соттың шешімін орындау тәртібімен алған тұлғаға жүктеледі.
Егер қалдық мақтаны түгендеу актісі жасалмаған жағдайда, мүліктің бұрынғы меншік иесі мақта өңдеу ұйымы берген барлық мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындау:
1) мақта тазалау зауытын иеліктен шығару кезінде осы мақта тазалау зауытының жаңа иесіне жүктеледі;
2) мақта тазалау зауыты тұрған орыннан тыс орналасқан мақта қабылдау пунктін иеліктен шығарған кезде осы мақта қабылдау пунктінің бұрынғы меншік иесі жүзеге асырады.
5. Мақта тазалау зауытының және (немесе) мақта тазалау зауытынан тыс орналасқан мақта қабылдау пунктінің жаңа меншік иесі қалдық мақтаны түгендеу актісі бойынша қабылданған мақтаны өңдеуді және сақтауды бұрынғы меншік иесі мен мақта иесінің арасында бұрын жасалған өңдеу шарты жағдайында, мұндай шарттың қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін жүзеге асырады.
6. Нарықта үстем жағдайға ие нарық субъектісі болып табылатын мақта өңдеу ұйымының мүлкін иеліктен шығару, сондай-ақ нарықта үстем жағдайға ие тұлғаның мақта өңдеу ұйымының мүлкін сатып алуы Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында белгіленген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5-тарау. Мақта қолхаты
20-бап. Мақта қолхаты
1. Мақта өңдеу ұйымы мақта қолхатын мақтаны қабылдап алғанын растау үшін сақтау шарты және (немесе) өңдеу шарты негізінде береді.
2. Мақта қолхаты екі бөліктен: қажет болған кезде бір-бірінен бөлінуі мүмкін қойма куәлігінен және кепіл куәлігінен тұрады. Мақта қолхаты және оның бөліктерінің әрқайсысы эмиссиялық емес ордерлік бағалы қағаздар болып табылады.
3. Мақта қолхатының әрбір бөлігі мынадай міндетті деректемелерді:
1) лицензиар беретін мақта өңдеу ұйымының кодын;
2) мақта қолхаттарының тізілімі бойынша мақта қолхатының ағымдағы нөмірін;
3) мақта қолхаты бланкісінің сериясы мен нөмірін;
4) мақтаны қабылдап алған мақта өңдеу ұйымының атауын, орналасқан жерін және салық төлеушінің тіркеу нөмірін;
5) мақта иесінің атауын: жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (ол бар болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауын; мақта иесінің орналасқан жерін: жеке тұлғаның тұрғылықты жерін немесе заңды тұлғаның орналасқан жерін; жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нөмірін; салық төлеуші мақта иесінің тіркеу нөмірін;
6) тұқымның сорттық және егістік сапасын куәландыратын құжаттың деректемелерін;
7) мақтаның сапалық-мөлшерлік көрсеткіштерін;
8) мақта сақтау орнын: мақта тазалау зауыты орналасқан жерді және (немесе) мақта тазалау зауыты орналасқан жерден тыс тұрған мақта қабылдау пунктінің орналасқан жерін;
9) шитті мақтаны сақтау және (немесе) өңдеу мерзімін; мақта тұқымын және мақта талшығын сақтау мерзімін;
10) сақтау шартының және (немесе) өңдеу шартының деректемелерін (нөмірі мен жасалған күнін);
11) мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорына қатысуы туралы белгіні;
12) мақта қолхаты берілген күнді;
13) уәкілетті адамның қолын және мақта өңдеу ұйымының мөрін;
14) мақта қолхатының тиісті бөлігінің атауын;
15) сақтағаны үшін ақы төлегені туралы белгіні қамтуға тиіс.
4. Осы баптың 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін құжат мақта қолхаты болып табылмайды.
5. Кепіл куәлігін қойма куәлігінен бөлген кезде қойма куәлігінде мынадай ақпарат бар белгі жасалады:
1) жеке тұлғаға қатысты - индоссаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда) және тұрғылықты жері; заңды тұлғаға қатысты - индоссаттың атауы және орналасқан жері;
2) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің, ол бойынша сыйақы ставкасын қоса алғанда, мәні, мөлшері, міндеттемені орындау мерзімі;
3) индоссаттың қолы;
4) кепіл куәлігінің бөлінген күні.
6. Кепіл куәлігін қойма куәлігінен бөлген кезде кепіл куәлігінде мынадай ақпарат бар белгі жасалады:
1) жеке тұлғаға қатысты - индоссанттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда) және тұрғылықты жері; заңды тұлғаға қатысты - индоссанттың атауы және орналасқан жері;
2) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің, ол бойынша сыйақы ставкасын қоса алғанда, мәні, мөлшері, міндеттемені орындау мерзімі;
3) индоссанттың қолы;
4) кепіл куәлігінің бөлінген күні.
7. Мақта өңдеу ұйымы уәкілетті органға мақта қолхаттарына қол қоюға уәкілеттік берілген жеке тұлғалардың тектері, аттары, әкелерінің аттары (олар бар болған жағдайда) жазылған карточканы, олардың қолтаңбаларының үлгілерін, сондай-ақ мақта қолхатына қойылатын мөр бедерінің үлгісін табыс етуге міндетті.
8. Мақта қолхатындағы қойылған қолдардың, мөр бедерінің, уәкілетті органға берілген карточкада көрсетілген қойылған қолдардың үлгілері мен мөр бедеріне сәйкес келмеуі, аталған мақта қолхатын жарамсыз деп тануға негіз болып табылады.
21-бап. Мақта қолхатын беру тәртібі
1. Мақта қолхаты сапасы бойынша біртектес әрбір мақта партиясына беріледі. Тапсырылған мақтаның барлық көлеміне берілетін мақта қолхаттарының санын өзінің өтінімі бойынша мақта иесі айқындайды.
Мақта өңдеу ұйымы мақта қолхатын мақта партиясы түзіліп болғаннан кейін өтініш берген сәттен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмейтін мерзімде береді.
2. Мақта қолхаттары мақта иесіне мақта өңдеу ұйымы хронологиялық тәртіппен жүргізетін мақта қолхаттарының тізіліміне тіркеліп және оның қолы қойылып беріледі.
3. Жаңа мақта қолхаттары мақта қолхаттарын ұстаушылардың талабы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) мақта қолхатында индоссамент жасау үшін бос орын болмаған;
2) мақта қолхаты тозған;
3) мақта қолхаты айырбасталған;
4) мақта қолхаты жоғалған жағдайларда беріледі.
22-бап. Мақта қолхаты мен оның бөліктері бойынша құқықтарды беру
1. Мақта қолхаты мен оның бөліктері бойынша құқықтар оларда беру жазбаларын - индоссамент жүргізу жолымен беріледі.
2. Бөлінбеген мақта қолхаты бойынша құқықтар беру тек қана қойма куәлігінде индоссамент жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
3. Кепіл куәлігін қойма куәлігінен бөлу осы Заңның 20-бабының 5 және 6-тармақтарына сәйкес мақта кепілге қойылған кезде жүзеге асырылады.
23-бап. Мақта қолхаты мен оның бөліктерін ұстаушылардың құқықтары
1. Мақта қолхатын ұстаушының мақта өңдеу ұйымының мақта тазалау зауытында (мақта қабылдау пунктінде) сақтаулы мақтаға толық көлемде билік етуге құқығы бар.
2. Кепіл туралы мәліметі бар қойма куәлігін ұстаушы мақта қолхатында көрсетілген мақтаға билік етуге құқылы, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кепіл куәлігі бойынша қарызын өтегенге дейін мақтаны беруді талап етуге құқығы жоқ.
3. Кепіл куәлігін ұстаушы:
1) кепіл куәлігін қойма куәлігінен бөлген қойма куәлігін ұстаушыдан кепіл куәлігімен куәландырылған міндеттеменің орындалуын талап етуге;
2) кепіл куәлігін және ол бойынша құқықтарды үшінші тұлғаларға беруге;
3) кепіл куәлігімен куәландырылған міндеттеме орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепілге қойылған затты өндіріп алуға құқылы.
24-бап. Мақтаны беру
1. Мақтаны беру мақта қолхатын ұстаушының талабы бойынша өтелуге жататын қойма және кепіл куәліктерінің түпнұсқасына айырбастау арқылы жүзеге асырылады.
Осы Заңның 26-бабына сәйкес сатылған мақтаны беру оны сатып алушының талабы бойынша сауда-саттық нәтижелері туралы құжатқа айырбастау арқылы жүзеге асырылады.
2. Мақта қолхатын ұстаушы мақтаны бөліп-бөліп беруді талап етуге құқылы. Бұл ретте оған бастапқы мақта қолхатының орнына мақтаның қалған көлеміне жаңа мақта қолхаты беріледі.
3. Мақтаны талап ету үшін мақта қолхатын ұстаушы өзі келуге немесе сенімхатқа, Қазақстан Республикасының заңнамасына, сот шешіміне не әкімшілік актіге негізделген өкілеттігіне орай іс-әрекет жасайтын уәкілетті өкілін жіберуге міндетті.
4. Кепіл туралы мәліметтері бар қойма куәлігін ұстаушының талабы бойынша мақтаны беру уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады
25-бап. Кепіл куәлігі бойынша құқықтарды жүзеге асыру тәртібі
1. Кепіл куәлігін ұстаушы кепіл куәлігінде көрсетілген мақтаны кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме орындалмаған не тиісінше орындалмаған жағдайда ғана өндіріп алуға құқылы.
2. Кепіл куәлігімен қамтамасыз етілген міндеттеме мерзімінен бұрын орындалған жағдайда кепіл куәлігін ұстаушы кепіл куәлігін кепілдің тоқтатылуы туралы белгімен белгілі қойма куәлігін ұстаушыға не мақта өңдеу ұйымына өтеу үшін қайтарып беруге міндетті.
3. Егер өндіріп алу сәтіне қойма куәлігін ұстаушы мақтаны талап етсе, мақта өңдеу ұйымы кепіл куәлігін ұстаушыға кепіл куәлігінде көрсетілген міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етуді растайтын құжатты ұсынады.
Кепіл куәлігінде көрсетілген міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етуді растайтын құжат бойынша талаптарды қанағаттандырғаннан кейін кепіл куәлігін ұстаушы кепілдің тоқтатылуы туралы белгі қойып, кепіл куәлігін өтеу үшін қайтарып береді.
26-бап. Кепілге қойылған мақтаны сату
1. Кепіл куәлігімен куәландырылған міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда кепілге қойылған мақтаны сатуды кепіл куәлігін ұстаушының сенім білдірген адамы жүзеге асырады.
Кепіл куәлігін ұстаушының сенім білдірген адамы кепіл куәлігімен куәландырылған міндеттемелердің орындалмағаны туралы кепіл берушіні жазбаша хабардар етеді, сонымен бір мезгілде бұқаралық ақпарат құралдарында сауда-саттықтың өткізілетін уақыты, өтетін орны, сауда-саттық нысанасы, оларды өткізу тәртібі, сауда-саттыққа қатысуды ресімдеу туралы және кепілдікке салынған мақтаның бастапқы бағасы туралы мәліметтерді қоса алғанда, сауда-саттық өткізу туралы хабарландыру жариялайды.
Сауда-саттық бұқаралық ақпарат құралдарында сауда-саттық өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап кемінде күнтізбелік он төрт күн өткеннен кейін өткізіледі.
2. Мақтаны сатудан түскен сома мынадай реттілікпен бөлінеді: ең алдымен сауда-саттықты ұйымдастыруға және өткізуге байланысты шығыстар жабылады, содан кейін мақта өңдеу ұйымына шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметтері үшін сыйақы төленеді, бұдан соң кепіл куәлігін ұстаушының талаптары қанағаттандырылады, ал қалған бөлігі қойма куәлігін ұстаушыға қойма куәлігі түпнұсқасының орнына қайтарылып беріледі.
3. Әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толығымен қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.
27-бап. Мақта қолхатын немесе оның бөліктерін жоғалту
1. Мақта қолхатын немесе оның бөліктерін (қойма немесе кепіл куәлігін) жоғалтқан жағдайда мақта қолхатын немесе тиісті куәлікті жоғалтқан адам бұл туралы мақта өңдеу ұйымын жазбаша нысанда дереу хабардар етуге міндетті.
Кепіл туралы мәліметі бар қойма куәлігін жоғалтқан жағдайда, қойма куәлігін жоғалтқан адам бұл туралы қойма куәлігінде көрсетілген қойма куәлігін ұстаушыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға міндетті.
2. Жоғалған мақта қолхаты немесе оның бөліктері (қойма немесе кепіл куәлігі) бойынша құқықтарды қайта қалпына келтіруді сот жүргізеді.
6-тарау. Мақта өңдеу ұйымдарының қызметін
мемлекеттік бақылау
28-бап. Мақта өңдеу ұйымдарының қызметін инспекциялау (тексеру)
1. Мақта нарығын реттеу және мақта нарығына қатысушылардың ресми өтініштері (шағымдары) негізінде мақта иелерінің мүдделерін қорғау мақсатында уәкілетті орган дербес және (немесе) тиісті мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, сондай-ақ мақта саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік инспектор мақта өңдеу ұйымдарының қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардың сақталу нысанасына инспекциялауды (тексеруді) жүргізеді.
2. Мақта өңдеу ұйымы осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаларға инспекциялау (тексеру) жөніндегі тапсырмада көрсетілген мәселелер бойынша жәрдем көрсетуге, мақта тазалау зауытының және мақта қабылдау пункттерінің аумағындағы барлық өндірістік объектілерге, сондай-ақ инспекциялау (тексеру) жүргізуге қажетті ақпараты бар барлық ақпарат көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
3. Мақта өңдеу ұйымының қызметін инспекциялауды (тексеруді) жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар мақта өңдеу ұйымының қызметін инспекциялау (тексеру) барысында алынған коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
29-бап. Мақта шаруашылығын дамыту саласындағы мемлекеттік инспектор
1. Мақта саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік инспектор өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде:
1) осы Заңның 9-бабына сәйкес мақтаның қауіпсіздігін және сапасын тексеруді жүзеге асыруға;
2) өндіріс, шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу, шитті мақтаны сақтау объектілеріне кедергісіз (қызметтік куәлігін және құқықтық статистика жөніндегі органда тіркеу туралы белгісі бар тексеріс тағайындау туралы актіні көрсеткен кезде) кіруге, сондай-ақ мемлекеттік бақылауды және мақта нарығы мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты алуға;
3) шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның күшін тоқтата тұру және (немесе) одан айыру туралы ұсыныстар енгізуге құқылы.
2. Уәкілетті органның басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшілердің тиісті лауазымына «мақта саласын дамыту жүйесінің мемлекеттік инспекторы» деген қосымша арнайы атау беруге құқылы.
30-бап. Мақта өңдеу ұйымдарына ықпал ету шаралары
Тексеру нәтижелері бойынша мақта өңдеу ұйымының қызметінде бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті орган мақта өңдеу ұйымына мынадай ықпал ету шараларын қолдануға құқылы:
1) Қазақстан Республикасының мақта саласын дамыту туралы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын нұсқамада белгіленген мерзімде жою туралы орындалуға міндетті жазбаша нұсқамалар беру;
2) осы Заңның 32-бабында көзделген негіздер бойынша мақта өңдеу ұйымына уақытша басқаруды енгізу;
3) шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензиядан айыру туралы облыстың тиісті жергілікті атқарушы органына ұсыныстар енгізу.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасы жіберілген мақта өңдеуші ұйым оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
31-бап. Шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, одан айыру
Шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
7-тарау. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқару
32-бап. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқару
1. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқару мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттары бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілетін қалпына келтіруге бағытталған әкімшілік, заңдық, қаржылық, ұйымдастырушылық-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсімдер кешенін мәжбүрлеп жүргізуді білдіреді.
2. Уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылдау үшін мына негіздердің ең болмағанда біреуі болса жеткілікті:
1) осы Заңның 24-бабында көзделген тәртіппен мақта қолхатын ұстаушының алғашқы талабы бойынша мақтаны беруден бас тартуымен білдірілген шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі шарттық міндеттемелердің жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде екі және одан да көп рет) тиісінше орындалмауы;
2) мақта қолхаттарымен қамтамасыз етілген мақта мөлшерінің сақтаудағы мақтаның нақты мөлшерінен артық болуы фактілерінің анықталуы.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген негіздер бойынша уақытша басқаруды енгізудің шарты осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын мақта өңдеу ұйымының қызметін инспекциялау (тексеру) нәтижесінде жасалатын анықталған бұзушылықтар туралы акті болып табылады.
Мақта өңдеу ұйымының қызметіне уәкілетті органның инспекция (тексеріс) жүргізуі үшін:
1) облыстың жергілікті атқарушы органының ұсынысы;
2) тексерістер жүргізу кестесі;
3) мақта қолхаттарын ұстаушылардың мақтаны беруден бас тартудың екі және одан да көп фактілері бойынша ресми өтініштері (шағымдары) негіздер болып табылады.
4. Мақта өңдеу ұйымына қатысты сырттай бақылау рәсімі енгізілген жағдайларда уақытша басқару енгізілмейді.
5. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқару мерзімі алты айдан аспауға тиіс.
6. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды уақытша басқару жөніндегі комиссия мен уақытша әкімшілік жүзеге асырады.
7. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқару мақта өңдеу ұйымының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
8. Уақытша басқару кезеңінде заңсыз әрекеттерімен мақта өңдеу ұйымына келтірілген нұқсан үшін уақытша басқару жөніндегі комиссия мүшелері, уақытша әкімшілік мүшелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
33-бап. Мақта өңдеу ұйымын уақытша
басқаруды енгізу
1. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды енгізу туралы шешімді уәкілетті орган облыстың жергілікті атқарушы органының ұсынысы бойынша қабылдайды, онда:
1) уақытша басқаруды енгізу үшін негіздің бар екендігі туралы қорытынды;
2) уақытша басқару жөніндегі комиссияның құрамына енгізу үшін кандидатуралар болуға тиіс.
2. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды енгізу туралы шешім уәкілетті органның бұйрығымен ресімделеді және онда:
1) уақытша басқару енгізілетін мақта өңдеу ұйымының атауы және орналасқан жері;