3. Санаторий-курорттық емдеу мүгедектер мен мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен берiледi.
4. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емделуге жолдама Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.
5 тармақ 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
5. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.
21-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту
1. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту:
1) мүгедектердi жеке басы гигиенасының, өзiн-өзi қарап-күтудiң, жүріп-тұрудың, қарым-қатынастың негiзгі әлеуметтік дағдыларына үйретудi;
2) мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудi;
3) басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедектерге, соның iшiнде мүгедек балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсетудi;
4) тармақша 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
4) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мынадай әлеуметтiк қызметтер көрсетудi:
жүрiп-тұруы қиын бірiншi топтағы мүгедектерге жеке көмекшi берудi;
естiмейтiндiгi бойынша мүгедектерге жылына отыз сағатқа ымдау тілі маманын берудi;
5) медициналық-әлеуметтiк мекемелерде әлеуметтiк қызмет көрсетудi;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық көмек көрсетудi;
7) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтiк оңалтудың өзге де түрлерiн қамтиды.
2. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалтуды: медициналық-әлеуметтiк мекемелер (қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған интернат-үйлер), қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететiн аумақтық орталықтар, әлеуметтiк қызметтi үйде көрсететiн бөлiмшелер, арнаулы білім беру ұйымдары (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерi) және меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
22-бап. Мүгедектерге техникалық көмекшi (оpнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүрiп-тұру құралдарын беру
1. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектер протездiк-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тiзбе бойынша және тәртiппен қамтамасыз етiледi.
2. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектер жеке оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етiледi.
3 тармақ 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
3. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге протездiк-ортопедиялық көмек, техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар, арнаулы жүрiп-тұру құралдары осы баптың 1-тармағына сәйкес берiледi.
4. Техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар Қазақстан Республикасы мемлекеттік сертификаттау жүйесiнiң талаптарына сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.
23-бап. Үйде және аумақтық әлеуметтiк қызмет көрсету орталықтарында әлеуметтiк қызмет көрсету
1. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк қажеттіліктерiн өз бетiмен қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiн-өзi қарап-күту және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж жалғызiлiктi мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсетудi әлеуметтiк қызметтi үйде көрсету бөлiмшелерi және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететiн аумақтық орталықтары әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттік стандарттарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк сұраныстарын өз бетiмен қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiн-өзi қарап-күту және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедек балаларға әлеуметтiк қызмет көрсетудi әлеуметтiк қызметтi үйде көрсету бөлiмшелерi әлеуметтiк қызмет көрсетудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес жүзеге асырады.
3. Үйде және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететiн аумақтық орталықтарда әлеуметтiк қызмет көрсету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
24-бап. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде (ұйымдарда) әлеуметтiк қызмет көрсету
1. Денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның тұрақты күтiмiне және медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж жалғызiлiктi мүгедектерге, психоневрологиялық аурулар қатарындағы мүгедектерге, мүгедек балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету мүгедектердiң жасына, денсаулық жағдайына сәйкес бейiмделген қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде жүзеге асырылады және тiршiлiк-тынысына жағдайлар жасауды, күтiммен қамтамасыз етудi, медициналық қызмет көрсетудi, оңалтуды, әлеуметтiк-еңбектiк бейiмдеудi, демалыс пен бос уақытын ұйымдастыруды қамтиды.
2. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтiк мекемелерде және мемлекеттік емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда тұратын адамдарға әлеуметтiк қызметтер көлемi әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттік стандарттарына сәйкес берiледi.
3. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтiк мекемелердегi әлеуметтiк қызмет көрсету бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де материалдық және қаржылай түсiмдер есебiнен жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдардағы әлеуметтiк қызмет көрсету, құрылтайшылардың қаражатын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (күшіне енетін мерзімін қара)
5. Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысу құқығы тұлғаларға облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары беретін тиісті лицензиясы болған кезде беріледі.
25-бап. Мүгедектердiң әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) мемлекеттік стандарттарға сәйкес елдi мекендердi жобалау, салу және оларда құрылыс жүргізу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерiлетiн және қайта салынатын аумақтар мен басқа елдi мекендердi абаттандыру кезiнде мүгедектердiң тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндiрiстiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кiрiп-шығуын;
2) тұрғын үй құрылыстары шегiнде, сондай-ақ қызмет көрсету мекемелерi мен еңбек ету объектiлерi жанында орналасатын жеңiл автомобильдердi уақытша сақтауға арналған ашық тұрақтарды жобалау және салу кезiнде мүгедектердiң жеке автокөлiк құралдарына арналған орындарды;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердi ескере отырып, автомобильдердi қоса алғанда, арнаулы жүрiп-тұру құралдарына арналған гараждар немесе тұрақтар салу үшiн мүгедектерге кезектен тыс орын берудi;
4) мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған мекемелер орналасқан жерлерде, сондай-ақ халық көп жүретiн жерлерде iлесе дыбыстайтын және жарық беретiн арнаулы бағдаршамдар, жол белгiлерiн және көрсеткiштер орнатуды, дыбыстайтын және жарық түсiретiн құрылғылармен жарақталған жаяу жүргiншiлер өтетiн жерлердi белгiлеудi қамтамасыз етуге тиiс.
2. Қабылдау жөніндегі мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамында халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң өкiлi болмаса, тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға тапсыруға жол берiлмейдi.
3-тармақ 2007 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
3. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темір жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына мемлекеттік стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi.
Аталған объектiлердi мүгедектердiң кiрiп-шығуына бейiмдеу мүмкiн болмаған жағдайларда, тиiстi жеке және заңды тұлғалар мүгедектердiң қажеттіліктерiн барынша ескеретiн қажеттi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға тиiс.
Мемлекеттік органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар тұлғалар артықшылыққа ие болады.
26-бап. Мүгедектердi тұрғын үймен қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiлеген тәртiппен және мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес:
1) тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердi есепке қояды және олардың пайдалануына тұрғын үй бередi;
2) тармақша 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
2) мүгедектерге немесе құрамында мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды арнаулы құралдармен және құрылғылармен жабдықтауды қамтамасыз етедi.
2. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерге ғимараттың қабатын, тұрпатын, жайлылық деңгейiн және тұруға қажеттi басқа да жағдайларын ескере отырып тұрғынжайды таңдау құқығы берiледi.
27-бап. Мүгедектердiң мәдени-ойын-сауық ұйымдарына және спорт ғимараттарына бара алуын қамтамасыз ету
Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектерге мәдени-ойын-сауық iс-шараларына, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн спорт ғимараттарына бара алатын жағдайларды, арнаулы спорт жабдықтарын берудi қамтамасыз етедi.
Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек балалар санамалап көрсетiлген қызметтердi - бюджет қаражаты есебiнен, ал үшiншi топтағы мүгедектер аталған қызметтер құнының елу процентін төлеп пайдаланады.
28-бап 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
28-бап. Мүгедектердiң ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет:
1) мүгедектер үшiн мерзiмдi баспасөз, ғылыми, оқу-әдiстемелiк, анықтамалық-ақпараттық және көркем әдебиет, соның iшiнде аудиотаспаларды, дискiлердi, бедерлi-нүктелi Брайль қарпiмен және сурдоаудармасы бар бейнетаспаларды шығару;
2) кемiнде бір республикалық телеарнада ақпараттық бағдарламалардың сурдоаудармасын ұйымдастыру арқылы мүгедектердiң ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
2. Жеке қарым-қатынас құралы ретiнде ымдау тілі пайдаланылады, ол сондай-ақ саңырау және нашар еститiн балаларға арналған білім беру ұйымдарының оқу бағдарламасында да қолданылады.
29-бап. Мүгедектерге білім алуы және мектепке дейiнгi тәрбие алуы үшiн жағдайларды қамтамасыз ету
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүгедектерге тегiн бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуға кепiлдiк берiледi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен мүгедек балалар үшiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға оқуға түсу кезiнде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн мөлшерде қабылдау квотасы көзделедi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік білім беру гранттарын бюджеттік қаржыландыру арқылы тегiн мемлекеттік білім алу конкурсына қатысқан кезде көрсеткiштер бірдей болған жағдайда, медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысы бойынша тиiстi білім беру ұйымдарында оқуына болатын бірiншi және екiншi топтардағы мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң, мүгедек балалардың басым құқығы болады.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын мүгедектерге стипендиямен қамтамасыз ету жөніндегі жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiледi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жалпы үлгiдегi мектепке дейiнгi ұйымдарда және орта білім ұйымдарында болуына денсаулық жағдайы мүмкiндiк бермейтiн мүгедек балалар үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен балалар бақшалары мен басқа да арнаулы түзеу ұйымдары құрылады.
6. Мүгедек балаларды жалпы немесе арнаулы мектепке дейiнгi ұйымдарда және басқа оқу орындарында тәрбиелеу мен оқыту мүмкiн болмаған жағдайда, оларды тәрбиелеу мен оқыту ата-анасының немесе заңды өкiлдерiнiң тiлегi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен үйде жүргiзiледi.
7. Мемлекет мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң және мүгедек балалардың білім алуы кезеңiнде оларды күтiп-бағуға жұмсалған шығыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен толық немесе iшiнара көтередi.
30-бап. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту
1. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту:
1) кәсiптiк бағдар берудi;
2) кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды);
3) жұмысқа орналастыруды қамтиды.
2. Кәсiптiк бағдар берудi халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
3. Мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен алынған лицензия негiзiнде білім беру қызметiн жүргiзетiн ұйымдар жүзеге асырады.
31-бап. Мүгедектердi жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердi жұмыспен қамтуды:
1) жұмыс орындарының жалпы санының үш процентi мөлшерiнде мүгедектер үшiн жұмыс орындарының квотасын белгiлеу;
2) жеке кәсiпкерлiктi, шағын және орта бизнестi дамыту арқылы мүгедектер үшiн қосымша жұмыс орындарын құру;
3) мүгедектердi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа орналастыру үшiн арнаулы, сондай-ақ әлеуметтiк жұмыс орындарын құру;
4) мүгедектерге кәсiптiк оқуды ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етедi.
32-бап. Мүгедектердiң еңбек қатынастары саласындағы құқықтары
1. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер үшiн ұзақтығы аптасына отыз алты сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгiленедi, жыл сайын ұзақтығы он бес жұмыс күнге дейiн ақы төленетiн қосымша демалыс берiледi.
2. Түнгi уақыттағы жұмысқа мүгедектiң келісімiмен және егер оның мұндай жұмыс iстеуiне денсаулық жағдайы бойынша тыйым салынбаған болса, рұқсат етiледi.
3. Мүгедектiктi сылтау етiп еңбек шартын жасасудан не қызметiн жоғарылатудан бас тартуға, мүгедектi жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан босатуға, өзiнiң келісімiнсiз басқа жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi, бұған халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң қорытындысы бойынша оның денсаулық жағдайы кәсiптiк мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн не басқа адамдардың денсаулығына және еңбек қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайлар кiрмейдi.
4-тарау. ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ МҮГЕДЕКТЕРДI
ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ IСIНЕ ҚАТЫСУЫ
33-бап. Жұмыс берушiнiң әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне бара алуды қамтамасыз ету жөніндегі мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердiң өндiрiстiк үйлерге, ғимараттарға, үй-жайларға бара алуы үшiн жұмыс берушi жұмыс орындары мен жұмыс үй-жайларын жобалау және бейiмдеу арқылы жағдай жасайды, мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тұрғын үй-жайларды арнаулы құралдармен және көмекшi құрылғылармен жабдықтайды.
34-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедектердi жұмыспен қамту және кәсiптiк оңалту саласындағы мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған және (немесе) кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс берушi кәсiптiк оқытуды немесе қайта оқытуды, арнаулы жұмыс орындарын құруды осы Заңға сәйкес жеке қаражаты есебiнен қамтамасыз етедi.
35-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедекке келтiрiлген зиянды өтеу жөніндегі мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге келтiрiлген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДIҢ ҚОҒАМДЫҚ БIРЛЕСТIКТЕРI
36-бап. Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiнiң құқықтары және олардың өкiлеттiктерi
1. Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерi үйлестiру кеңесiнiң жұмысына және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға байланысты мәселелердi шешуге қатысады.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердiң мүдделерiн қозғайтын шешiмдердi әзiрлеу мен қабылдау кезiнде мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiмен және олардың өкiлеттi өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасайды.
3. Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiне, сондай-ақ олардың ұйымдарына олардың меншiгіндегі үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салынған жер учаскелерiне меншiк құқығын мемлекеттік меншiктен жеке меншiкке беру өтеусiз негiзде жүзеге асырылуы мүмкiн.
Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерi қызметiн тоқтатқан немесе мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiнiң, олардың ұйымдарының меншiгіндегі жылжымайтын мүлiктi иелiктен айырған жағдайда, олардың меншiгіндегі жер учаскелерi мемлекеттiң меншiгiне қайтарылуға тиiс.
4. Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерi:
1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде, соның iшiнде мүгедектердi оңалтудың кешендi және өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеу кезiнде ұсыныстар енгізу;
2) әлеуметтiк қызметтердiң тиiстi түрлерiн көрсетудiң тиiмдiлiгiн бағалауға қатысу;
3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөнiнде әзiрленiп жатқан Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілеріне ұсыныстар енгізу;
4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен бірлесiп республикалық спорттық iс-шараларды ұйымдастыру;
5) уәкiлеттi аумақтық мәдениет органдарымен бірлесiп ағарту және мәдени-көпшiлiк iс-шараларды ұйымдастыру арқылы мүгедектердi әлеуметтiк қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысуға құқылы.
6-тарау. OCЫ 3AҢHЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ
37-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылау
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
38-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі құқықтары
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi:
1) ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылау бойынша тексеру жүргiзуге;
2) меншiк нысанына қарамастан жұмыс берушiлерден және ұйымдардан осы Заңның орындалуы туралы тиiстi құжаттарды және өзге де ақпаратты сұратуға және алуға;
3) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға, осы Заңды бұзушылықтар анықталса, оларды жою туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
7-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
39-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi
әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын
бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
40-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 17) тармақшасын; 20-баптың 5-тармағын; 21-баптың 1-тармағының 4) тармақшасын; 22-баптың 3-тармағын; 26-баптың 1-тармағының 2) тармақшасын; 28-бапты;
2) 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 7-баптың 1-тармағының 8) тармақшасын; 25-баптың 3-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасында мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы» 1991 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., № 26, 345-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., № 9-10, 158-құжат; № 15, 208-құжат; 1995 ж., № 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; № 17-18, 219-құжат; 1998 ж., № 24, 432-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; 2001 ж., № 1, 4-құжат; № 13-14, 173-құжат; 2002 ж., № 6, 71-құжат);
2) Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң «Қазақ ССР-iнде мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы» Қазақ ССР Заңын күшiне енгізу туралы» 1991 жылғы 21 маусымдағы Қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., № 26, 346-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Ә. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2005 ж. сәуірдің 13-і.
№ 39-III