67-тарау. Кеден органының және кеден органы лауазымды
адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)
шағымды қарау
498-бап. Шағымды қарайтын органдар
1. Кеден органының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды жоғары тұрған кеден органы не уәкілетті орган қарайды.
2. Кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды - осы лауазымды адам қызмет атқаратын кеден органы немесе жоғары тұрған кеден органы, ал кеден органы басшысының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды жоғары тұрған кеден органы, уәкілетті орган қарайды.
3. Кеден органының атынан шағым бойынша шешімді осы кеден органының басшысы немесе оның орнындағы адам қабылдайды. Бұл ретте шағымдарды қарауды кеден органының шешім қабылдаған, әрекеттер (әрекетсіздік) жасаған лауазымды адамы немесе оған қарағанда төмен тұрған лауазымды адам жүргізе алмайды.
4. Тұлғаның шағымы түскен күні тиісті органда міндетті тіркелуге тиіс. Кеден органының шағымды тіркеуден бас тартуға құқығы жоқ.
499-бап. Шағымды қарау
1. Тұлғаның белгіленген тәртіппен тіркелген шағымын шағымның мәні бойынша тиісті кеден органы қарайды.
2. Шағым мәні бойынша мынадай жағдайларда:
1) белгіленген шағымдану мерзімі сақталмаған және тұлға өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш бермеген не өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш қабылданбаған;
2) шағымға қол қойылмаған немесе тиісті түрде өз өкілеттіктерін растамаған тұлға немесе оның өкілі қол қойған;
3) кеден ісі саласында құқықтық өкілеттігі жоқ өзге органның шешімі, әрекеттері (әрекетсіздігі) шағымның нысанасы болып табылған жағдайда қаралмайды.
3. Жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтірілмей қайта берілген шағым, егер ол бойынша егжей-тегжейлі материал бар болса және шағым берген тұлғаға белгіленген тәртіппен жауап қайтарылған болса, қарауға жатпайды.
4. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама оны тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бас тарту себептері көрсетіле отырып, шағым берген тұлғаға жазбаша нысанда жіберіледі.
500-бап. Шағымды қайтарып алу
1. Шағым берген тұлға шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін кез келген сатысында оны қайтарып алуына болады.
2. Қайтарып алу шағымды қайтарып алуға негіз болған дәлелдер көрсетіле отырып, жазбаша нысанда ресімделеді.
501-бап. Шағымды қарау мерзімдері
1. Қосымша зерделеуді және (немесе) тексеруді талап ететін шағымдарды қоспағанда, шағым тіркелген күннен бастап он бес күн мерзімнен кешіктірмей қаралуға және ол бойынша шешім қабылдануға тиіс.
2. Қосымша зерделеуді және (немесе) тексеруді талап ететін шағым оны тіркеген күннен бастап бір айға дейінгі мерзімде қаралуға тиіс.
502-бап. Шағым бойынша шешім
1. Шағымды қарау нәтижелері бойынша жоғары тұрған кеден органы немесе уәкілетті орган:
1) кеден органының немесе кеден органы лауазымды адамының шешімін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңды деп таниды;
2) кеден органының немесе кеден органы лауазымды адамның шешімін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) толық не ішінара заңсыз деп таниды және оны өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жаңа шешім қабылдауға міндеттейді.
2. Егер шағымды қарайтын жоғары тұрған кеден органы немесе уәкілетті орган қажет деп тапса, онда бір шағым бойынша осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, бірін-бірі теріске шығармайтын бірнеше шешім қабылдануы мүмкін.
3. Шағымды қарайтын орган кеден органы лауазымды адамының шешімін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп таныған немесе осы адам өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда лауазымды адамды тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту жөнінде шаралар қолданады.
4. Шағымды қарайтын жоғары тұрған кеден органының немесе уәкілетті органның шешімі жазбаша нысанда қабылданады және онда:
1) шағымды қараған органның атауы;
2) шағым бойынша шешім қабылдаған органның лауазымды адамының қызметі, тегі және аты-жөні;
3) шағым жасаған тұлғаның тегі және аты-жөні немесе атауы;
4) шағымның қысқаша мәні;
5) шағым бойынша қабылданған шешім;
6) қабылданған шешімнің дәлелдемелері және негіздері;
7) кеден ісі саласында бұзушылыққа жол берген лауазымды адамға қатысты қолданылған шаралар;
8) қабылданған шешімге шағымдану тәртібі туралы мәліметтер болуға тиіс.
5. Осы Кодекстің 501-бабында белгіленген мерзімдерде шағым берген тұлғаға шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімнің көшірмесі жіберіледі.
68-тарау. Кеден органының және кеден органы лауазымды
адамының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)
шағымданудың оңайлатылған тәртібі
503-бап. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданудың оңайлатылған тәртібі
1. Тұлға кеден органының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған кеден органының басшысына, ал кеден органы лауазымды адамының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осы лауазымды адам қызмет істейтін кеден органының басшысына немесе оның орнындағы адамға оңайлатылған тәртіппен шағымдануға құқылы.
2. Егер өткізуге байланысты тұлға шағым жасап отырған шешім қабылданған, әрекеттер (әрекетсіздік) жасалған, сондай-ақ өзге де әрекеттер жасалған және тұлғаның пікірі бойынша, заңсыз шығыстарға әкеп соққан тауарлар мен көлік құралдарының құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) оңайлатылған тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
3. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды оңайлатылған тәртіппен қарау және ол бойынша шешім қабылдау осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде шағым беру үшін кедергі болып табылмайды.
504-бап. Оңайлатылған тәртіппен шағымдану және шешім қабылдау тәртібі
1. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданудың оңайлатылған тәртібі тұлғаның кеден органының басшысына жазбаша шағыммен өтініш жасауынан тұрады.
2. Оңайлатылған тәртіппен берілген шағым тез арада қарауға жатады және ол бойынша шешім шағым берілген күні қабылдануға тиіс.
3. Оңайлатылған тәртіппен шағымды қараған кезде шағымды қарайтын кеден органының басшысы оңайлатылған тәртіппен шағымды қарау туралы акті жасайды, онда шағым жасаған тұлға туралы мәлімет, шағымның қысқаша мазмұны және қабылданған шешім көрсетіледі.
4. Шағымды қарау туралы актіге шағымды қараған кеден органының басшысы және шағым жасаған тұлға қол қояды. Шағымды қарау туралы актінің көшірмесі шағым жасаған тұлғаға беріледі.
16-Бөлім. Кеден органдарында қызмет атқару тәртібі
69-тарау. Кеден органдарында қызмет атқару тәртібі
505-бап. Кеден органдарындағы қызмет
1. Кеден органдарындағы қызмет Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес кеден органдарының міндеттерін, құқықтарын және міндеттемелерін, сондай-ақ құқық қорғау органдарының функцияларын іске асыру жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы азаматтары мемлекеттік қызметінің арнаулы түрі болып табылады.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кеден органдарында қызмет атқару тәртібі осы Кодекспен, осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
506-бап. Кеден органдарына қызметке қабылдау
1. Өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға денсаулық жағдайы, дене бітімінің дамуы және білім деңгейі жөнінен қабілетті, кеден органдарына қызметке қабылданған Қазақстан Республикасының әрекетке қабілетті азаматтары кеден органдарының лауазымды адамдары болып табылады.
2. Кеден органдарына қызметке қабылдау үшін:
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қызметке жарамдылығы туралы ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссияларының медициналық қорытындысының болуы;
2) міндетті арнаулы тексерудің болуы;
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес болу қажет.
3. Кеден органдарына қызметке орналасқаннан кейін арнаулы атақ берілмей, үш айға дейін сынақ мерзімі белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарымен айқындалатын негіздер бойынша, сондай-ақ жағымсыз себептермен мемлекеттік қызметтен босатылған адамдарды кеден органдарына қызметке қабылдауға болмайды.
5. Кеден органдарына қызметке қабылданған әскери міндеттілер белгіленген тәртіппен әскери есептен шығарылады және кеден органдарында арнаулы есепте тұрады.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 570-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
507-бап. Жаңадан қабылданғандарды кеден органдарына қызметке қабылдау
Кеден органына қызметке орналасқан, жаңадан қабылданғандар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кеден бекеттерінде, кедендерде және уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде міндетті тағлымдамадан өтеді.
508-бап. 2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
509-бап. Кеден органы лауазымды адамының анты
Кеден органының лауазымды адамы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан халқына адал болуға ант береді.
510-бап. Кеден органы лауазымды адамының арнаулы атақтары
1. Кеден органының лауазымды адамына атқаратын қызметіне және еңбек сіңірген жылдарына сәйкес белгіленген тәртіппен мынадай арнаулы атақтар беріледі:
1) кішi басшы құрам:
кеден қызметінің прапорщигi;
кеден қызметінің аға прапорщигi;
2) орта басшы құрам:
кеден қызметiнiң кiшi лейтенанты;
кеден қызметiнiң лейтенанты;
кеден қызметiнiң аға лейтенанты;
кеден қызметiнiң капитаны;
3) аға басшы құрам:
кеден қызметiнiң майоры;
кеден қызметiнiң подполковнигi;
кеден қызметiнiң полковнигi;
4) жоғары басшы құрам:
кеден қызметiнiң генерал-майоры;
кеден қызметiнiң генерал-лейтенанты.
2. Арнаулы атақтар берілген кеден органдарының лауазымды адамдары нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі. Киім нысанының үлгілері мен айырым белгілерін, онымен қамтамасыз ету нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Нысанды киім кию тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
3. Осы баптың ережелері мамандандырылған кеден мекемелерінің басшылары мен мамандарына да қолданылады.
511-бап. Кеден органдарының лауазымды адамдарына арнаулы атақтар беру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына берілетін арнаулы атақтар бірінші және кезекті болып бөлінеді.
2. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын Қазақстан Республикасының Президенті береді.
3. Кіші, орта, аға басшы құрамның арнаулы атақтарын уәкілетті органның басшысы береді.
4. Кеден органдарының лауазымды адамдарына арнаулы атақтар атқарып отырған лауазымдарына сәйкес беріледі.
5. Аға басшы құрамның лауазымына қабылданған адамдарға, егер оның анағұрлым жоғары дәрежелі шені, арнаулы немесе әскери атағы болмаса, кеден қызметінің подполковнигі атағынан жоғары емес бірінші арнаулы атақ берілуі мүмкін.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред . қара)
6. Кеден қызметінің лейтенанты - бірінші арнаулы атағы төрт жыл және одан да артық оқу мерзімімен оқу орнын бітіргеннен кейін берілген және оқу орнында алған немесе сол тектес мамандық бойынша кеден органдарында қызмет атқарып жүрген кеден органдарының лауазымды адамдары үшін кеден қызметінің лейтенанты атағында еңбек сіңіру мерзімі бір жыл болып белгіленеді.
7. Кеден қызметінің кіші лейтенанты бірінші арнаулы атағы:
1) кіші басшы құрамның лауазымдарындағы, орта арнаулы оқу орнын бітірген және орта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған кеден органдарының лауазымды адамдарына;
2) тектес мамандық бойынша орта арнаулы оқу орындарын бітірген жәнеорта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған азаматтарға беріледі.
8. Кеден қызметінің лейтенанты арнаулы атағы:
1) кеден қызметінің кіші лейтенанттарына - арнаулы атақта белгіленген еңбек сіңірген жылдарының мерзімдері өткеннен кейін, жоғары оқу орындарын бітіргендерге - осы атақта еңбек сіңірген жылдарының мерзіміне қарамастан;
2) жоғары білімі бар, орта және аға басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған азаматтарға беріледі.
9. Кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ, атқарып отырған лауазымына аталған атақ сәйкес болған жағдайда және алдыңғы арнаулы атақта еңбек сіңірген жылдарының мерзімі аяқталғаннан кейін дәйекті ретпен беріледі.
10. Ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы бар кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ, атқарып отырған штаттық лауазым бойынша көзделген арнаулы атақтан бір саты жоғары, кеден қызметінің полковнигіне дейін қоса, берілуі мүмкін.
11. Атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бір саты жоғары кезекті арнаулы атақ алдыңғы арнаулы атақта еңбек сіңірген жылдарының кемінде бір жарымындай мерзімі өткеннен кейін беріледі.
12. Кеден органдарының лауазымды адамдарына атқарып отырған лауазымына сәйкес мынадай шекті арнаулы атақтар берілуі мүмкін:
1) уәкілетті органда:
Төраға - кеден қызметінің генерал-лейтенанты;
Төрағаның орынбасары - кеден қызметінің генерал-лейтенанты;
департаменттің және дербес басқарманың бастықтары - кеден қызметінің генерал-майоры;
департамент және дербес басқарма бастығының орынбасарлары, департамент құрамындағы басқарма бастығы - кеден қызметінің полковнигі;
департамент құрамындағы басқарма бастығының орынбасары, бөлім бастығы - кеден қызметінің подполковнигі;
бөлімше бастығы, бас инспектор - кеден қызметінің майоры;
жетекші инспектор - кеден қызметінің капитаны;
2) облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде, кедендерде, мамандандырылған кеден мекемелерінде:
облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің бастығы - кеден қызметінің генерал-майоры;
облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бастығының орынбасары, кеден бастығы, мамандандырылған кеден мекемесінің басшысы кеден қызметінің полковнигі;
кеден бастығының орынбасары, мамандандырылған кеден мекемесі басшысының орынбасары, облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басқарма бастығы және бастығының орынбасары, кеден бекетінің бастығы, бөлім бастығы - кеден қызметінің подполковнигі;
кеден бекеті бастығының орынбасары, бөлім бастығының орынбасары кеден қызметінің майоры;
бөлімше бастығы, бас инспектор - кеден қызметінің капитаны;
аға инспектор, инспектор - кеден қызметінің аға лейтенанты;
кіші инспектор - кеден қызметінің аға прапорщигі.
512-бап. Арнаулы атақтарда болу мерзімдері
1. Кеден органдарының лауазымды адамдары үшін арнаулы атақтарда еңбек сіңірген жылдарының мынадай мерзімдері белгіленеді:
1) кеден қызметiнiң прапорщигi - бес жыл;
2) кеден қызметiнiң кiшi лейтенанты - бір жыл;
3) кеден қызметiнiң лейтенанты - екі жыл;
4) кеден қызметiнiң аға лейтенанты - үш жыл;
5) кеден қызметiнiң капитаны - үш жыл;
6) кеден қызметiнiң майоры - төрт жыл;
7) кеден қызметiнiң подполковнигi - бес жыл.
2. Кеден қызметінің аға прапорщигі, кеден қызметінің полковнигі атақтарында, сондай-ақ жоғары басшы құрамның атақтарында еңбек сіңірген жылдарының мерзімдері белгіленбейді.
513-бап. Кезекті арнаулы атақты мерзімінен бұрын беру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына қызмет міндеттерін адал атқарғаны үшін көтермелеу ретінде, алдыңғы атақта еңбек сіңірген жылдарының белгіленген мерзімдерінің кемінде жартысы өткеннен кейін, бірақ атқаратын қызметіне сәйкес арнаулы атақтан жоғары емес кезекті арнаулы атақ мерзімінен бұрын берілуі мүмкін.
2. Кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ оның кеден органдарында қызмет атқарған бүкіл кезеңі ішінде мерзімінен бұрын екі реттен артық берілмейді.
514-бап. Кезекті арнаулы атақты беруді тоқтата тұру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына тәртіптік жаза қолданылған (ауызша жарияланғанын қоспағанда), не оған қатысты қылмыстық іс қозғалған немесе оның қызмет тәртібін бұзу, сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық жасау фактілері бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқан болса, оған кезекті арнаулы атақ беру тәртіптік жаза алынғанға дейін не ақтау негіздемесі бойынша қылмыстық іс тоқтатылғанға дейін немесе қызметтік тексеру аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген басқа жағдайларда, кеден органының лауазымды адамына негізсіз кезекті арнаулы атақ беруді тоқтата тұрған кеден органының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.
515-бап. Кеден органының лауазымды адамын ротациялау тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамын сол кеден органында не сол жердегі басқа кеден органына немесе басқа жерге қызметке ротациялау уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Уәкілетті орган бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ уәкілетті органның облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша аумақтық бөлімшелерінің, кедендердің, мамандандырылған кеден мекемелерінің басшылары және олардың орынбасарлары атқарып отырған басшылық қызметінде үздіксіз болғанына үш жыл өткеннен кейін сол кеден органында не басқа кеден органына ротациялануы мүмкін;
2. Кеден органдарының лауазымды адамын басқа жерге ротациялаған кезде оған өтем төлеу және өзге де шығыстарының орнын толтыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
516-бап. Кеден органдарында қызметті тоқтатудың негіздері
1. Кеден органдарындағы қызметті тоқтату үшін:
1) осы Кодексте белгіленген тәртіппен жұмыстан босатылуы;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуы;
3) кеден органдары лауазымды адамының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе хабар-ошарсыз кетті деп танылуы;
4) кеден органдары лауазымды адамының қайтыс болуы;
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) мемлекеттік қызметте болуына байланысты міндеттерді және шектеулерді сақтамауы;
6) соттың айыптаушы үкімінің заңды күшіне енуі немесе ақтауға жатпайтын негіздер бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы негіз болып табылады.
2. Кеден органдарының лауазымды адамдары:
1) қызметке жарамсыздығы немесе жарамдылығының шектеулі болуы туралы тиісті комиссияның қорытындысы негізінде - денсаулық жағдайы бойынша;
2) штаттардың қысқартылуына байланысты;
3) өз қалауы бойынша;
4) аттестаттау нәтижелері бойынша белгіленген қызметке сәйкес еместігі бойынша;
5) сынақ мерзімі ішінде қызметке жарамсыздығы анықталған жағдайда;
6) беделін түсіретін әрекет жасаған кезде;
7) қызмет тәртібін үнемі бұзғаны үшін;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жұмыстан босатылады.
3. Егер запасқа шығарылатын кеден органдарының лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында әскери қызметке жарамды запастағы адамдар үшін белгіленген шекті жасқа жетпеген болса, әскери есепке қойыла отырып, запасқа шығарылады.
70-тарау. Дене күшін, арнаулы құралдар мен
атыс қаруын қолдану
517-бап. Дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдану бойынша негізгі ережелер
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен кеден органдарының лауазымды адамдарының дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдануға құқықтары бар.
2. Кеден органының лауазымды адамы дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолданған кезде:
1) дене күшін, арнаулы құралдар мен қаруды қолдануды кешеуiлдету өзiнiң өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төндiретiн, өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғатын, тұтқиылдан болған немесе қарулы шабуыл жасаған, әскери техника мен көлiк құралдарын пайдаланып жасаған шабуыл кезінде немесе өзге де жағдайларда, осындай ескерту қалыптасқан жағдайда орынсыз болған немесе мүмкiн болмаған жағдайларды қоспағанда, оларды қолдану туралы ескертуге;
2) дене жарақатын алған адамдарға дәрiгер келгенге дейiнгi көмек көрсетудi қамтамасыз етуге және болған оқиға туралы кеден органының басшысына немесе оның орнындағы адамға дереу хабарлауға;
3) құқық бұзушылықтың сипаты мен оны жасаған адамдардың қауiптiлiк деңгейiне, сондай-ақ көрсетiлген қарсылықтың күшiне қарай қауiптi жою кезіндегі залалдың мейлiнше аз болуына ұмтылуға міндетті.
Кеден органының басшысы немесе оның орнындағы адам атыс қаруын қолдану, кiсi өлiмi немесе денеге зақым келу фактілері туралы прокурорға және жоғары тұрған кеден органының басшысына шұғыл хабарлауға мiндеттi.
3. Қарулану құралдарын, арнаулы құралдар мен қызметтік жануарларды есепке алуды жүргізу, сақтау және пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын белгіленген тәртіпті бұза отырып қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
518-бап. Дене күшін қолдану
1. Кеден органдарының лауазымды адамдары кеден органдарына жүктелген міндеттерді зорлық тәсілдерінсіз орындауды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайларда ғана дене күшін, соның ішінде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн қолдануға құқылы.
2. Мынадай жағдайларда:
1) құқық бұзушылық сипатын және нақты жағдайларды ескере отырып, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтың жолын кесу;
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) құқық бұзушыларды және кеден органдары лауазымды адамдарына қызмет міндеттерін жүзеге асыруда қарсылық көрсеткен немесе кедергі жасаған адамдарды ұстау үшін дене күші қолданылады.
3. Әйелдерге, мүгедектiктің айқын белгiлерi бар адамдарға және жас балаларға қатысты, олар адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн қарулы қарсылық көрсеткен және (немесе) топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, дене күшін қолдануға тыйым салынады.
519-бап. Арнаулы құралдарды қолдану
1. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде кеден органдарының лауазымды адамдары:
1) кеден органдарының лауазымды адамдарына және өзге де адамдарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру үшiн;
2) кеден органдарына тиесілі немесе олардың пайдалануындағы үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға), көлiк құралдарына, кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлiк құралдарына жасалған шабуылға тойтарыс беру үшiн, сондай-ақ аталған объектілер басып алынған жағдайда оларды босату үшiн;
3) кеден органының лауазымды адамына дене күшін қолданып қарсылық көрсетудiң жолын кесу үшін;
4) егер құқық бұзушылар күш көрсетіп қарсыласса немесе өзгедей қарсы әрекет жасаса, ол адамдарды ұстау, кеден органына не Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жеткізу үшiн;
5) көлiк құралына қатысты кеден ісі саласындағы құқық бұзушылық объектісі болып табылады деп ойлауға негіз болғанда аталған көлiк құралын тоқтату үшiн мынадай арнайы құралдарды: кісендерді, резеңке таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, үй-жайларды ашуға арналған, көлікті мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, сондай-ақ басқа да арнайы құралдар мен техниканы қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге, мүгедектiктің айқын белгiлерi бар адамдарға және жас балаларға қатысты, олар адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн қарулы қарсылық көрсеткен және (немесе) топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, арнаулы құралдарды қолдануға тыйым салынады.
3. Кеден органдарының лауазымды адамдары қолданатын арнаулы құралдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
520-бап. Атыс қаруын алып жүру, сақтау және пайдалану
1. Атыс қаруын алып жүру, сақтау және пайдалану құқығы берілген кеден органдары лауазымды адамдарының санаттарын, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрі түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Атыс қаруы осы Кодекстің 521-бабында белгіленген жағдайларда қолданылады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред . қара)
3. Кеден органдарының лауазымды адамдары қарулар мен оқ-дәрiлердi жоғалтқаны, ұқыпсыз сақтағаны, оларды күзету жөніндегі мiндеттерiн тиісінше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
521-бап. Атыс қаруын қолдану және пайдалану
1. Кеден органдарының лауазымды адамдары мынадай жағдайларда:
1) кеден органдарының лауазымды адамдарына және олардың отбасы мүшелерiне топтасып жасалған және (немесе) қарулы шабуылға тойтарыс беру, сол сияқты кеден органдары лауазымды адамдарының қаруын тартып алуға әрекет жасаудың жолын кесу үшiн;