14-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) жеке кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік жүйесін қалыптастырады;
3) Үкімет жанынан жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар құрады және таратады;
4) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар әзірлейтін, жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сарапшылық кеңестердің қарауын ұйымдастырады;
5) мемлекеттік мұқтаждар үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) номенклатурасын және олардың көлемін (проценттік көріністегі) бекітеді;
2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен 6) тармақша редакцияда жазылды (бұр.ред.қара)
6) шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын ынталандырады;
7) өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін жалға немесе сенімгерлік басқаруға берілген объектілерді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне өтеусіз беру тәртібін айқындайды;
8) бәсекеге қабілетті салаларды құру мен жетілдіруді, жеке кәсіпкерлік субъектілерін дамытуды және олар шығаратын өнімнің сапасын арттыруды ынталандыратын мемлекеттік саясатты айқындайды және іске асырады;
9) бәсекелестіктің дамуына және инновацияларға, материалдық активтерге, сондай-ақ ұзақ мерзімді инвестицияларға инвестициялар салуды ынталандыруға септігін тигізетін нормативтік құқықтық актілер әзірлейді;
10) экономиканың жекелеген секторларында кластерлер құруды ынталандырады;
11) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің дамуы үшін кедергілерді жою мақсатында экономика салаларының жұмыс істеуіне талдау жүргізеді;
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
12) Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды ұлғайту және инновациялар ендіруді жеделдету мақсатында ұлттық даму институттарын құрады;
13) жекелеген салаларда жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасай отырып, осы салаларды тарифтік және тарифтік емес әдістермен уақытша қорғауды жүзеге асырады;
14) ұлттық экспорттаушыларға қатысты басқа елдер орнатқан кедергілерді жоюға шаралар қабылдайды;
15) жеке кәсіпкерлік субъектілерін келісімді бірлескен экспорттық саясатты жүргізуге ынталандырады;
16) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ішкі және сыртқы нарықтардың жай-күйі туралы экономикалық ақпарат беруді ұйымдастырады;
17) сапа менеджментінің жүйесін ендіруді ынталандыру жолымен ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдайлар жасайды;
18) ұлттық экспорттаушылардың басқа елдердің аумағындағы мүдделерін қолдау жолымен сыртқы сұранысқа жағдай жасайды;
19) жеке кәсіпкерлік субъектілердің персоналын көтермелейді, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және жұмыс берушілердің бірлестіктерімен өзара әрекет етеді;
20) бәсекеге қабілетті салалар құру мақсатында жекелеген салаларды қолдау бағдарламаларын бекітеді;
21) саланың немесе кластерлердің проблемаларын шешу үшін ғылыми-зерттеу ұйымдарын құрады, іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулерді қаржыландырады;
22) республиканың экономикасы үшін білікті кадрлар даярлау жөнінде мемлекеттік бағдарламалар әзірлейді;
23) халықтың әлеуметтік қорғалмаған жігін жеке кәсіпкерлікке тарту жөнінде шаралар әзірлейді.
15-бап. Уәкілетті органның құзыретi
Уәкілетті орган:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатын жүргізуді жүзеге асырады;
2) жеке кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламаларын әзірлеп, іске асырады;
3) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік шараларының орындалуын ұйымдастырады және үйлестіреді;
4) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру және оларға кредит беру жөніндегі шараларды жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлейді;
5) кәсіпкерлік ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсіпкерлікті дамытудың инфрақұрылымына талдау жүргізеді;
6) жеке кәсіпкерлік қызмет саласында зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады;
7) жеке кәсіпкерлікті қолдауды және дамытуды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады;
8) республика өңірлерінде шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуға септігін тигізеді;
9) шағын кәсіпкерлік саласында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
10) Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
11) жеке кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
12) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің қызметін үйлестіреді;
13) шағын кәсіпкерліктің инновациялық, инвестициялық және индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға қатысуы үшін жағдайлар жасайды;
14) инвесторлар, грант беруші халықаралық ұйымдар үшін жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелерінде жағдайлар жасайды;
15) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әдіснамалық көмек ұйымдастырады;
16) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) халықаралық нарықтарына шығуы үшін жағдайлар жасайды;
17) жеке кәсіпкерлікті дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
18) жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттайды;
19) мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президенті мен Yкіметін хабардар етеді.
16-бап. Жергілікті өкілетті органдардың құзыретi
Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті органдары:
1) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың өңірлік бағдарламаларын бекітеді;
2) жергілікті атқарушы органдар басшыларының Қазақстан Республикасындағы шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мәселелері бойынша есептерін қарайды.
17-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыретi
Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатының іске асырылуын жүзеге асырады;
2) жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасайды;
3) өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және ол үшін жауапты болады;
4) шағын кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, іске асырады;
5) өңірде шағын кәсіпкерлікті және инновациялық қызметті қолдау инфрақұрылымының объектілерін құру мен дамытуды қамтамасыз етеді;
6) жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды;
7) сарапшылық кеңестердің қызметін ұйымдастырады;
8) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.
4-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
18-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгi
бағыттары
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
жеке кәсіпкерлікті реттеу мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру;
жеке кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды, технологиялық парктерді, индустриялық аймақтарды және жеке кәсіпкерлік инфрақұрылымының басқа да объектілерін құру және дамыту;
бюджет қаражаты есебінен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту:
мемлекеттік органдардың жанынан жеке кәсіпкерлік проблемаларын зерделеу және оны дамыту ұсыныстарын әзірлеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институттарын құру;
орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің қызметін ұйымдастыру;
жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың қаржы институттарын құру;
бизнес-инкубаторлардың және индустриялық аймақтардың қызметін ұйымдастыру;
жер учаскелерін, ғимараттарды, үй-жайларды сату не тұрғын үй-жайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын емес үй-жайға ауыстыру жолымен жүзеге асырылады.
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мыналарды:
шағын кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қаржылық, статистикалық, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ ғылыми-техникалық әзірлемелер мен технологияларды пайдалануы үшін жағдайлар жасауды;
шағын кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді;
шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеудің және таратудың оңайлатылған тәртібін белгілеуді;
оңтайлы салық салу режимін белгілеуді;
шағын кәсіпкерлікке кредит берудің бағдарламаларын қабылдауды;
шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін инвестицияларды, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту мен пайдалану жүйесін жасауды;
мемлекеттік мұқтаждар үшін тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) сатып алудың кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуді;
жұмыс істеп тұрған оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтік ұйымдар мен шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың ақпараттық жүйелерін дамыту және жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды;
ұлттық даму институттарын құруды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
4. 2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. Индустриялық аймақтар жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
Индустриялық аймақтардың міндеттері:
1) өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкерлікті жедел дамытуға жәрдемдесу;
2) жаңа өндірістер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру;
3) өндіріс тиімділігін арттыру;
4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.
6. Мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жер учаскелерін, ғимараттарды, үй-жайларды сатады, не жер учаскесінің нысаналы мақсатын Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өзгертеді, не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес сатып алу-сату шартына не рұқсатқа қажетті инфрақұрылымға қосудың техникалық шарттарын міндетті түрде қоса отырып, тұрғын үйді тұрғын емес үй-жай етіп қайта жабдықтауға рұқсат береді. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін одан әрі инфрақұрылымға қосу сатып алу-сату шартына не рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылады.
2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Шағын және орта кәсіпкерліктің бастамаларын қаржылық қолдауды мемлекет тарапынан негізгі қызметінің мақсаты қаржылық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету болып табылатын, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі арнайы қор жүзеге асырады.
Арнайы қордың негізгі міндеттері:
1) жобалық қаржыландыру;
2) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен микрокредиттік ұйымдардың желісін дамыту;
3) шағын кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейдегі банктерден кредиттер алған кезде оларға кепілдік беру жүйесін жасау;
4) қаржы лизингін дамыту;
5) шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқыту және консалтингтеу;
6) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін сапа менеджменті жүйесін енгізу жөніндегі операцияларды қоса қаржыландырудың гранттық жүйесін дамыту;
7) арнайы қордың жарғысына сәйкес басқа да міндеттер болып табылады.
Арнайы қордың міндеттерін іске асырудың тәртібі мен шарттарын ұлттық басқарушы холдинг айқындайды.
19-бап. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен
дамыту
1. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі принциптері:
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдығы;
шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кешенділігі;
шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының және жүзеге асырылатын шаралардың шағын кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін қолжетімділігі;
шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастық болып табылады.
2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен дамыту:
1) қаржылық қолдау көрсету;
2) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының желісін ұйымдастыру;
3) бизнес-инкубаторлардың қызметін ұйымдастыру;
4) бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілерін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға беру;
5) өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру және халыққа қызмет көрсету саласын дамыту үшін жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға берілген объектілерді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен көзделген шарттарды олар орындаған жағдайда шарт жасасқан кезден бастап бір жыл өткен соң өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады.
Осы тармақтың 1) тармақшасын қоспағанда, осы шарттар сауда-делдалдық қызметті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау:
1) мемлекеттік мұқтаждар үшін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кепілдендірілген көлемін сатып алу.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) номенклатурасын және олардың көлемін жыл сайын Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды;
2) екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит беруді ұйымдастыру;
3) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру;
4) арнайы инвестициялық бағдарламаларды іске асыру;
5) бюджет қаражаты есебінен қарыздар беру жолымен жүзеге асырылады.
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. 2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары халықты жеке кәсіпкерлікке тарту, жаңа шағын кәсіпкерлік субъектілерін құру мақсатында құрылады.
Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының міндеттері:
1) кәсіпкерлік ахуалды, отандық және халықаралық нарықтарды, экономиканың салалары мен секторларын талдау;
2) маркетинг және менеджмент саласында қызметтер кешенін көрсету;
3) инвестициялық және бизнес-жобаларды әзірлеу жөніндегі қызметтерді, консультациялық және басқа да қызметтер көрсету;
4) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің инновациялық белсенділігін арттыруға жәрдемдесу;
5) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіби өсуіне жәрдемдесу;
6) ақпараттық және сараптамалық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету;
7) семинарлар, тренингтер өткізу;
8) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің деректер базасын қалыптастыру;
9) шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ақпаратты және оны дамытудың проблемалық мәселелерін талдау мен қорыту болып табылады.
6. Бизнес-инкубаторлар шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуына және дамуына жәрдем көрсету үшін құрылады.
Бизнес-инкубатордың міндеттері:
1) бизнес-инкубаторға орналастыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерін іріктеу;
2) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне білім беру, маркетингтік, консалтингтік және басқа да ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтер көрсету болып табылады.
Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды құрудың және олардың қызметінің тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.
7. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, өнеркәсіп өндірісін және қызмет көрсету саласын ұйымдастыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілері сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға берілуі мүмкін.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жалға алу немесе сенімгерлікпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншікке иелік етуге уәкілетті тиісті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
20-бап. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың
мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік
бағдарламалары
1. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады және ол шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенін білдіреді.
2. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламалары өндірісті бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету, сондай-ақ инновациялық, білім беру қызметі, қаржылық және құқықтық консалтинг саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық, оқу-әдістемелік көмек көрсету үшін әзірленеді.
3. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді және олар республиканың барлық аумағында мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік және салалық (секторальдық) бағдарламаларын іске асыру барысында алынған нәтижелер туралы Қазақстан Республикасы Президентінің алдында жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен есеп береді.
5. Мемлекет экономикасын дамытудың басым бағыттарына және өңірдің экономикасын дамытудың ерекшелігіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар өңірдің экономикалық даму бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді.
6. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламаларына:
нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстар;
шағын кәсіпкерлік қызметінің басым түрлері;
шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі шаралар;
шағын кәсіпкерлікті кредиттік-қаржылық және мүліктік қолдау жөніндегі шаралар;
жеке кәсіпкерлікке халықтың әлеуметтік қорғалмаған жіктерін тартуға бағытталған шаралар;
ірі өнеркәсіп ұйымдарының бизнестің бір бөлігін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беруін ынталандыруға, сондай-ақ олардан салалық емес жанама қызметтер түрлерін сатып алуға бағытталған шаралар;
шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттау жөніндегі шаралар;
шағын кәсіпкерлікті қолдау, дамыту және қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырумен байланысты басқа да шаралар кіреді.
21-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдіснамалық,
ғылыми-әдістемелік қолдау
1. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдау олардың бәсекеге қабілетті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) шығаруға мүмкіндік беретін кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
2. Шағын кәсіпкерлікті оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдау:
жеке кәсіпкерлікті жүргізу мәселелері бойынша оқу семинар-тренингтер және ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру;
жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру практикасы, жаңа технологиялар нарығы туралы әдістемелік құралдар, ақпараттық бюллетеньдер тарату;
өңірлерде ақпараттық, консалтингтік орталықтар желісін құру;
өңірлерде шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқытуды ұйымдастыру үшін менеджерлер даярлау жолымен жүзеге асырылады.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдау бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
22-бап. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке
кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау
1. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау республикалық және өңірлік деңгейлерде жүргізіледі және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледі.
2. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетудің мерзімі, көлемі мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
23-бап. Жеке кәсіпкерлікті ақпараттық қамтамасыз ету
Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар таратуға шек қойылмаған, оның ішінде осы Заңның 5-бабында көзделген ақпарат пен материалдарды тегін негізде тарату үшін көпшілікке қолжетімді телекоммуникациялық желілерде (Интернет және басқаларында) WEB-сайттар құруға және олардың жарнамасын қамтамасыз етуге міндетті.
5-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ БІРЛЕСТІКТЕРІН
ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРГЕ
САРАПТАМА ЖАСАУҒА ҚАТЫСУЫ
24-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасау үшін аккредиттелуге үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері:
республикалық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестіктер;
қалалық, аудандық деңгейлерде - шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер түрінде кәсіпкерлер бірлестіктерін құрады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін қаржыландыру жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті мүшелік жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қамтамасыз етіледі.
25-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін
аккредиттеу
1. Жеке кәсіпкерлердің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасауға қатысуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда аккредиттелуге жатады.
2. Аккредиттелуге:
республикалық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы - (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестік;
қалалық, аудандық деңгейлерде - шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер жатады.
3. Егер аккредиттелуге бір өңірді, бір саланы білдіретін екі және одан да көп бірлестік үміткер болған жағдайда, онда осы бірлестіктің мүшесі болып табылатын ұйымдардағы (жеке кәсіпкерлік субъектілеріндегі) жұмыскерлердің жиынтығында неғұрлым көп санына ие болып отырған бірлестік аккредиттелуге жатады.
4. Егер аккредиттелуге бір әкімшілік-аумақтық бірлік, бір қызмет саласын білдіретін екі және одан да көп коммерциялық емес ұйым үміткер болған жағдайда, онда азаматтардың неғұрлым көп санын біріктірген коммерциялық емес ұйым аккредиттелуге жатады.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеуді жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
26-бап. Сарапшылық кеңестер
1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестерге жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мен коммерциялық емес ұйымдар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестің құрамына ұжымдық мүше ретінде кіреді және өкілеттігі сенімхатпен расталатын өз өкілі арқылы әрекет етеді.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің құрамы мемлекеттік органдар басшыларының шешімдерімен бекітіледі.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін мемлекеттік орган, мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, оны сарапшылық кеңестің қарауына енгізеді.
4. Сарапшылық кеңестер туралы үлгі ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Сарапшылық кеңестердің жұмысын талдау мен оның мониторингін уәкілетті органның жанынан құрылатын үйлестіру кеңесі жүзеге асырады.
Уәкілетті органның басшысы үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады.
Үйлестіру кеңесінің құрамын уәкілетті органның басшысы қалыптастырады.
6-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІН ТІРКЕУ ЖӘНЕ ТАРАТУ
27-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік
тіркеу
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін - заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.