3. Таратудың салық есептілігі таратылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
4. Таратылатын заңды тұлға салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күн мерзімнен кешіктірмей, таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлейді, міндетті зейнетақы жарналарын аударады.
Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі салық органына табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
5. Салық органдары құжаттық тексеруді таратылатын заңды тұлғаның салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей бастауға тиіс.
6. Таратылатын заңды тұлғаның салық берешегі, оның ішінде осы баптың 4 және 11-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша туындайтын салық берешегі оның ақшасы есебінен, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақшасы есебінен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі. Бұл ретте, осындай резидент емес заңды тұлға қызметі тоқтатылатын тұрақты мекеме, құрылымдық бөлімше арқылы тұрақты мекемелердің, филиалдардың, өкілдіктердің тобы бойынша жиынтық түрде салық міндеттемелерін орындаған жағдайда, таратылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің, резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемелерінің, құрылымдық бөлімшелерінің де салық берешегі өтеледі.
7. Егер таратылатын заңды тұлғаның мүлкі салық берешегін толық көлемде өтеу үшін жеткіліксіз болса, салық берешегінің қалған бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда, таратылатын заңды тұлғаның құрылтайшылары (қатысушылары) өтейді.
8. Егер таратылатын заңды тұлғада салықтың, төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен таратылатын заңды тұлғаның салық берешегін өтеу шотына есепке жатқызылуға жатады.
Егер таратылатын заңды тұлғада салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.
9. Егер таратылатын заңды тұлғада есепке жатқызылған қосылған құн салығының есепке жазылған салық сомасынан асып кететін сомасы болса, онда көрсетілген асып кеткен сома осы Кодекстің 273, 600 және 604-баптарында белгіленген тәртіппен таратылатын заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.
10. Таратылатын заңды тұлғада салық берешегі болмаған жағдайда:
1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;
2) салықтың, төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;
3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.
11. Таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап және таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша салық міндеттемесі, міндетті зейнетақы жарналарын аудару бойынша міндеттер туындаған жағдайда, таратылатын заңды тұлға осындай салық міндеттемесін, міндетті осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген салық органының хабарламасы негізінде орындауға міндетті.
12. Құжаттық тексеру аяқталғаннан кейін және салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар жөніндегі берешек толық көлемде өтелгеннен кейін таратылатын заңды тұлға орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) тарату балансын;
2) банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын табыс етеді.
Таратылатын заңды тұлға салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмаған жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттарды құжаттық тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.
Салық органы осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық төлеушіге салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі туралы анықтама беруге міндетті.
13. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесінің, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің салық міндеттемесін орындауы осы бапта белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
38-бап. Резидент заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесінің салық міндеттемесін орындауы
1. Резидент заңды тұлға өзінің құрылымдық бөлімшесінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда құрылымдық бөлімшенің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш;
2) резидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшенің қызметін тоқтату туралы шешімінің көшірмесін;
3) егер осы бапта өзгеше көзделмесе, құрылымдық бөлімшенің таратудың салық есептілігін табыс етеді.
2. Егер заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесі салықты, төлемақыларды, міндетті зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды дербес төлеуші болып танылса, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған салық кезеңінің басынан бастап қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезеңге тиісті таратудың салық есептілігі жасалады.
3. Заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесі осы баптың 2-тармағында көзделген таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты, төлемақыларды, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді.
Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, төлемақыларды, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Егер заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесі салықты, төлемақыларды, міндетті зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды дербес төлеуші болып танылмаса, таратудың салық есептілігі табыс етілмейді.
5. Қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшенің салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі осы құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлғаның ақшасы есебінен өтеледі.
6. Салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешек толық көлемде өтелгеннен кейін қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлға осы құрылымдық бөлімшенің орналасқан жері бойынша салық органына банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшенің бар банктік шоттарының жабылғаны туралы анықтамасын табыс етеді.
Салық органы осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық төлеушіге салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі туралы анықтама беруге міндетті.
39-бап. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде салық міндеттемесін орындау
1. Заңды тұлға қайта құрылуды қоспағанда, қайта ұйымдастырылу туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы орналасқан жері бойынша салық органына жазбаша хабарлайды.
2. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы осы заңды тұлғаның құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі оның салық міндеттемелерін орындау мерзімдерін өзгертуіне негіз болып табылмайды.
3. Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, көрсетілген сома осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салық берешегін өтеу шотына есептеуге жатқызылады.
Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.
4. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салық берешегі болмаған жағдайда:
1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар түрде оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады;
2) салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар түрде оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады;
3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар түрде оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады.
5. Бөліну немесе қайта құрылу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаны қоспағанда, қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға уәкілетті мемлекеттік орган аталған тұлғаны Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен алып тастаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) уәкілетті мемлекеттік органның заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру туралы бұйрығының көшірмесін;
2) қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебіне қойылғаны туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені (қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда) табыс етеді.
6. Салық органы осы баптың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, заңды тұлға мынадай жолмен қайта ұйымдастырылған жағдайда:
1) бірігу - жаңадан құрылған заңды тұлғаның құрамына кірген заңды тұлғалардың жеке шоттары бойынша сальдоны жаңадан құрылған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына беру актісі негізінде береді;
2) қосылу - қосылған заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны аталған заңды тұлға қосылған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына беру актісі негізінде береді;
3) бөліну - бөлінген заңды тұлғалардың жеке шоттары бойынша сальдоны жаңадан құрылған заңды тұлғалардың орналасқан жері бойынша салық органына бөліну балансы негізінде береді;
4) бөлініп шығу - бөлініп шыққан заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны жаңадан құрылған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына бөліну балансы негізінде береді.
Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны беру тәртібі осы Кодекстің 595-бабында белгіленеді.
40-бап. Бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған кезде заңды тұлғаның салық міндеттемесін орындау ерекшеліктері
1. Заңды тұлға бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған кезде бөліну балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салық есептілігін табыс етеді.
2. Таратудың салық есептілігі қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтың, бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
3. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
Таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізіледі.
4. Салық органы құжаттық тексеруді қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның өтінішін өзі алғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей бастауға тиіс.
5. Бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған кезде қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға құжаттық тексеру аяқталғаннан кейін өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебіне қойылғаны туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені (қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда);
2) банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын табыс етеді.
Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмаған жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттарды құжаттық тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.
Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға осы тармақта көрсетілген құжаттарды табыс еткеннен кейін және салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өтегеннен кейін салық органы осы тұлғаға осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі туралы анықтама беруге міндетті.
41-бап. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық міндеттемесін орындау
1. Дара кәсіпкер қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салық есептілігін;
3) дара кәсіпкер ретінде тіркелуі туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені;
4) қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебіне қойылғаны туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені (қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда);
5) дара кәсіпкердің қызметін тоқтату туралы ақпараттың мерзімді баспа басылымында жарияланғанын растайтын құжатты табыс етеді.
2. Таратудың салық есептілігі қызметін тоқтататын дара кәсіпкер төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін олар бойынша жасалады.
3. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкер таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін құжаттық тексеру жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
5. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық берешегі оның ақшасы есебінен, оның ішінде мүлкін сатудан алынған ақша есебінен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі.
6. Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салықтың, төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық берешегін өтеу шотына осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.
Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.
7. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салық берешегі болмаған жағдайда:
1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады;
2) салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады;
3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады.
8. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық міндеттемесі салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі толық көлемде өтелген жағдайда құжаттық тексеру аяқталғаннан кейін орындалды деп есептеледі.
9. Осы баптың 8-тармағына сәйкес салық міндеттемесінің орындалған күні дара кәсіпкерді салық органындағы тіркелу есебінен шығару күні болып табылады.
10. Қызметін тоқтатқан дара кәсіпкер салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегін толық көлемде өтеген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей орналасқан жері бойынша салық органына:
1) банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын;
2) ішкі істер органының дара кәсіпкердің мөрін (ол болған кезде) жойғаны туралы құжатын табыс етуге міндетті.
Қызметін тоқтатқан дара кәсіпкер салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмаған жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттарды құжаттық тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.
11. Осы баптың ережелері осы Кодекстің 43-бабына сәйкес қызметі тоқтатылған кезде өздеріне қатысты салық міндеттемесін орындаудың ерекше тәртібі белгіленген дара кәсіпкерлерге қолданылмайды.
42-бап. Қызметін тоқтататын жекеше нотариустың, адвокаттың салық міндеттемесін орындау
1. Жекеше нотариус, адвокат нотариаттық, адвокаттық қызметті тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салық есептілігін;
3) жекеше нотариустың, адвокаттың қызметін тоқтату туралы ақпараттың баспа басылымында жарияланғанын растайтын құжатты табыс етеді.
2. Таратудың салық есептілігі қызметін тоқтататын жекеше нотариус, адвокат төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
3. Қызметін тоқтататын жекеше нотариус, адвокат таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталса, төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Қызметін тоқтататын жекеше нотариустың, адвокаттың салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін құжаттық тексеру жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
5. Егер қызметін тоқтататын жекеше нотариуста, адвокатта салықтың, төлемақылардың және өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен жекеше нотариустың, адвокаттың салық берешегін өтеу шотына есепке жатқызылуға жатады.
Егер қызметін тоқтататын жекеше нотариуста, адвокатта салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.
6. Қызметін тоқтататын жекеше нотариуста, адвокатта салық берешегі болмаған жағдайда:
1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы жекеше нотариусқа, адвокатқа қайтарылуға жатады;
2) салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы жекеше нотариусқа, адвокатқа қайтарылуға жатады;
3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен осы жекеше нотариусқа, адвокатқа қайтарылуға жатады.
7. Қызметін тоқтататын жекеше нотариустың, адвокаттың салық міндеттемесі, оның салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі жоқ болған немесе толық көлемде өтелген жағдайда құжаттық тексеру аяқталғаннан кейін орындалды деп есептеледі.
8. Осы баптың 7-тармағына сәйкес салық міндеттемесінің орындалған күні жекеше нотариусты, адвокатты салық органындағы тіркелу есебінен шығару күні болып табылады.
9. Қызметін тоқтатқан жекеше нотариус, адвокат салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегін толық көлемде өтеген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ал салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі жоқ болған жағдайда тексеру аяқталған күннен бастап орналасқан жері бойынша салық органына:
1) нотариаттық, адвокаттық қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылған банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын;
2) ішкі істер органының жекеше нотариустың, адвокаттың мөрін (ол болған кезде) жойғаны туралы құжатын табыс етуге міндетті.
43-бап. Қызметі тоқтатылған кезде салық төлеушілердің жекелеген санаттарының салық міндеттемесін орындау ерекшеліктері
1. Патент, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде: