Тексеру тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеруді жүргізбеуге негіз бола алмайды.
3. Тексеру мынадай кезеңдерден:
1) тексеруді жүргізуден;
2) тексеруді жүргізу кезінде алынған нәтижелерді талдаудан және қорытудан, қорытындыларды тұжырымдаудан, тиісті құжаттарды ресімдеуден;
3) ойын бизнесін ұйымдастырушыны тексерудің нәтижелері туралы хабардар етуден;
4) жұмыстың қорытындыларын шығарудан;
5) бұзушылықтар анықталған болса, осы фактілер бойынша шаралар қабылдаудан тұрады.
4. Тексеруді жүзеге асыру кезінде лауазымды адамдар:
1) ойын бизнесін ұйымдастырушыға қызметтік куәліктері мен тексеруді тағайындау туралы актіні көрсетуге;
2) Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасының талаптарын бұзуға ықпал ететін себептер мен мән-жайлар анықталған жағдайда, оларды анықтауға міндетті.
5. Лауазымды адамдардың тексеру жүргізу кезінде қажетті ақпаратты сұратуға және тексеру нысанасына қатысты құжаттардың түпнұсқаларымен танысуға құқығы бар.
Ойын бизнесін ұйымдастырушы тексерулерді жүргізу кезінде уәкілетті органның лауазымды адамдарының талап етуі бойынша лицензиялардың түпнұсқаларын, сондай-ақ жүзеге асырылатын қызметтің Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігін растайтын өзге де құжаттарды көрсетеді.
6. Тексерудің нәтижелері бойынша:
1) актінің жасалған орны мен күні;
2) тексеру жүргізген мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің реквизиттері;
4) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты;
5) тексерілетін ойын бизнесін ұйымдастырушының атауы, тексеру жүргізу кезінде қатысқан ойын бизнесін ұйымдастырушы өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы;
6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
7) тексерудің түрі;
8) тексерудің объектісі;
9) тексерудің нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаттары туралы мәліметтер;
10) алдыңғы тексерулер және бұрын анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы мәліметтер;
11) анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдар;
12) ойын бизнесін ұйымдастырушының немесе оның өкілінің, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолдары немесе қол қоюдан бас тартуы;
13) тексеруді жүргізген лауазымды адамдардың қолдары көрсетіле отырып, тексерудің нәтижелері туралы акт жасалады.
Тексерулер жүргізу нәтижесі актісінің нысанын уәкілетті орган белгілейді.
7. Уәкілетті органның лауазымды адамы тексерудің нәтижелері туралы актіні жасаған кезде Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне сілтеме жасай отырып, анықталған бұзушылықтар туралы тек қана нақты, негізделген және құжаттамамен расталған деректерді көрсетуге міндетті.
8. Тексерудің нәтижелері туралы актіге тексеруді жүргізген лауазымды адам және ойын бизнесін ұйымдастырушының осы тексеруді жүргізуге қатысқан өкілі тексеру аяқталысымен қол қояды.
Тексерудің нәтижелері туралы акті бойынша ойын бизнесін ұйымдастырушының өкілі тарапынан қарсылықтар немесе ескертулер болған жағдайда, ол бұл туралы өзі қол қояр алдында ескертпе жасайды және жазбаша түсініктемені қоса береді. Ойын бизнесін ұйымдастырушының өкілі тексерудің нәтижелері туралы актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда актіде тиісті жазба жүргізіледі.
9. Тексерудің нәтижелері туралы акті екі дана етіп жасалады. Актінің бірінші данасы, ойын бизнесін ұйымдастырушыдағы түпнұсқасы бар құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшалардың көшірмелерімен бірге ойын бизнесін ұйымдастырушыға не ойын бизнесін ұйымдастырушының тексеруді жүргізуге қатысқан өкіліне тапсырылады, екінші данасы тексеруді жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамында қалады.
10. Тексеруді жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органның лауазымды адамы:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға;
2) тексерілуші адамға анықталған бұзушылықтарды жою туралы, оларды жою мерзімдерін белгілей отырып нұсқама беруге;
3) уәкілетті орган басшысының алдында Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы сотқа талап-арыз беру туралы өтініш жасауға міндетті.
11. Тексерудің нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы тексеру жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамы екі дана етіп жасайды. Бірінші данасы ойын бизнесін ұйымдастырушының тексеруге қатысқан өкіліне беріледі, нұсқаманың екінші данасы уәкілетті органда қалады.
12. Ойын бизнесін ұйымдастырушы анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзім ішінде бұзушылықтарды жоюға және бұл туралы уәкілетті органға жазбаша хабарлауға міндетті.
13. Бұзушылықтарды жою туралы жазбаша жауап алғаннан кейін немесе оны нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, уәкілетті органның лауазымды адамы ойын мекемесін ұйымдастырушыны анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалу нысанасына тексеруді жүзеге асырады.
14. Ойын бизнесін ұйымдастырушыға не ойын бизнесін ұйымдастырушының осы тексеруге қатысқан өкіліне тексерудің нәтижелері туралы актіні тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей тапсырған күн тексерудің аяқталған күні болып есептеледі.
Ойын бизнесін ұйымдастырушының өкілі тексерудің нәтижелері туралы актіні алудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті органның лауазымды адамы пошта байланысы арқылы ойын бизнесін ұйымдастырушыға тексерудің нәтижелері туралы актіні хабарламасы бар тапсырыс хатпен жібереді. Бұл жағдайда ойын бизнесін ұйымдастырушыға тексерудің нәтижелері туралы акті тапсырысты поштамен жіберілген күн тексерудің аяқталған күні болып есептеледі.
15. Егер ойын бизнесін ұйымдастырушы тексеру нәтижелері туралы актімен келіспесе, сот тәртібімен осы әрекеттерге шағым жасауға құқылы.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н.НАЗАРБАЕВ |
.
Астана, Ақорда, 2009 жылғы мамырдың 4-і
№ 157-ІV ҚРЗ