9) өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан зардап шеккен қызметкерлердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің заңды мүдделерін қорғауға;
10) ауыр жұмыс және өндіріс пен еңбекті ұйымдастырудың қазіргі заманғы техникалық деңгейінде жойылмайтын зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс үшін еңбекақы төлеу шарттарын белгілеуге;
11) еңбек жағдайларын жақсарту және еңбекті қорғау жөніндегі отандық және шетелдік озық жұмыс тәжірибесін таратуға;
12) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандарды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға;
13) өндірістік жарақат алу, кәсіптік ауру туралы мемлекеттік статистикалық есептілікті ұйымдастыруға;
14) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы біртұтас ақпараттық жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
15) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған.
307-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
саласындағы мемлекеттік басқару, бақылау және қадағалау
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды, бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыретіне сәйкес жүзеге асырады.
308-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегі талаптар
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді және қызметкерлердің еңбек қызметі процесі кезінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ережелерді, рәсімдер мен өлшемдерді қамтуға тиіс.
2. Жұмыс берушілер мен қызметкерлер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды орындауға міндетті.
309-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
саласындағы мониторинг пен тәуекелдерді бағалау
Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлімшелері жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын кешенді бағалау, өндірістік жарақаттануды азайту және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында мониторинг пен тәуекелдерді бағалауды ұйымдастырады.
34-тарау.
ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ КЕПІЛДІКТЕРІ
310-бап. Еңбек шартын жасасу кезінде еңбек қауіпсіздігі
және еңбекті қорғау құқықтарына берілетін
кепілдіктер
1. Еңбек шартында зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторларды қоса алғанда, еңбек жағдайларының дәйекті сипаттамасы, Қазақстан Республикасының заңнамасында және ұжымдық шартта көзделген осындай жағдайлардағы жұмыс үшін берілетін кепілдіктер,
жеңілдіктер мен өтемақы төлемдері көрсетілуге тиіс.
2. Ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда, сондай-ақ жерасты жұмыстарында істейтін қызметкерлермен еңбек шартын жасасу азамат алдын ала медициналық тексеруден өткеннен кейін және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес денсаулық жағдайы бойынша қайшылықтар жоқ екендігі айқындалғаннан кейін жүзеге асырылуға тиіс.
311-бап. Еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау құқықтарына
берілетін кепілдіктер
1. Жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігінің жағдайлары мемлекеттік стандарттарға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ережелер талаптарына сәйкес болуға тиіс.
2. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды бұзуы салдарынан жұмыс тоқтап тұрған уақытта қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) және орташа жалақысы сақталады.
3. Өзінің немесе айналасындағы адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп туындаған жағдайда, қызметкердің жұмысты орындаудан бас тартуы оны тәртіптік және (немесе) материалдық жауапкершілікке тартуға әкеп соқпайды.
4. Жұмыс беруші қызметкерді жеке және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етпеген жағдайда, қызметкер еңбек міндеттерін орындауды тоқтатуға құқылы, ал жұмыс беруші осы себеп бойынша туындаған іркіліс кезінде қызметкердің орташа жалақысы мөлшерінде еңбекақы төлеуге міндетті.
5. Еңбек міндеттерін орындау кезінде қызметкердің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, келтірілген зиянды өтеу осы Кодексте және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда жүргізіледі.
312-бап. Қызметкерлерді міндетті медициналық тексеру
1. Жұмыс беруші ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін қызметкерлерді Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен мерзімдік медициналық тексеруден және тексерілуден өткізуді өз қаражаты есебінен ұйымдастыруға міндетті.
2. Ерекше қауіпті жұмыстармен, машиналармен және тетіктермен байланысты жұмыстарда істейтін қызметкерлер ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге тиіс. Ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өту талап етілетін кәсіптердің тізімін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
313-бап. Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқама беру
және білімдерін тексеру
1. Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқама беруді және білімдерін тексеруді жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жүргізеді.
2. Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқама беру және білімдерін тексерудің тәртібі мен мерзімін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган қызметтің тиісті салаларындағы өзге де уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша айқындайды.
3. Жұмысқа қабылданған адамдар кейіннен олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімі міндетті түрде тексеріле отырып, жұмыс беруші ұйымдастыратын алдын ала оқытудан міндетті түрде өтеді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша алдын ала оқытудан, нұсқама беруден және білімін тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді.
4. Өндірістік ұйымдардың басшы қызметкерлері мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдары мезгіл-мезгіл, үш жылда бір реттен сирек болмайтындай етіп тиісті білім беру ұйымдарында біліктілігін арттыру курстарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан және білімін тексеруден өтуге міндетті.
35-тарау.
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЖӘНЕ ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ
ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ
САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
314-бап. Қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау құқықтары
Қызметкердің:
1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай жабдықталған жұмыс орнына;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі, сондай-ақ еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделген талаптарға сәйкес санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен, жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілуге;
3) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға және оның аумақтық бөлімшелеріне өз жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауға тексеру жүргізу туралы өтініш білдіруге;
4) өзі немесе өз өкілі арқылы еңбек жағдайларын, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды жақсартуға байланысты мәселелерді тексеруге және қарауға қатысуға;
5) денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде бұл жөнінде тікелей басшысына немесе жұмыс берушіге жазбаша түрде хабарлай отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек міндеттерін қауіпсіз атқару үшін қажетті білім алуға және кәсіптік даярлыққа;
7) жұмыс берушіден жұмыс орнының сипаты мен ұйымның аумағы, еңбек жағдайларының жай-күйі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы, өмірі мен денсаулығына төнген қатер туралы, сондай-ақ оны зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғау жөніндегі шаралар туралы дәйекті ақпарат алуға;
8) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай болмауына байланысты ұйымның жұмысы тоқтатыла тұрған уақытта орташа жалақысының сақталуына;
9) жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңсыз әрекеттеріне шағымдануға құқығы бар.
315-бап. Қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау саласындағы міндеттері
Қызметкер:
1) өндірісте болған әрбір жазатайым оқиға, кәсіптік аурудың (уланудың) белгілері, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туралы өзінің тікелей басшысына дереу хабарлауға;
2) міндетті мерзімді медициналық тексеруден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан, сондай-ақ өндірістік қажеттілікке байланысты басқа жұмысқа ауысу үшін не кәсіптік аурудың белгілері пайда болған кезде медициналық куәландырудан өтуге;
3) жұмыс беруші беретін жеке және ұжымдық қорғану құралдарын қолдануға және мақсатқа сай пайдалануға;
4) медициналық мекемелер ұсынған емдік және сауықтыру іс-шараларын жұмыс беруші қаржыландырған жағдайда соларды орындауға;
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, ережелердің және нұсқаулықтардың талаптарын, сондай-ақ жұмыс берушінің өндірістегі жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі талаптарын сақтауға міндетті.
316-бап. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және
еңбекті қорғау саласындағы құқықтары
Жұмыс беруші:
1) қызметкерлерді жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайларын жасағаны, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөніндегі өнертапқыштық ұсыныстары үшін ынталандыруға;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды бұзатын қызметкерлерді осы Кодексте белгіленген тәртіппен жұмыстан шеттетуге және тәртіптік жауапкершілікке тартуға құқылы.
317-бап. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және
еңбекті қорғау саласындағы міндеттері
1. Жұмыс беруші:
1) профилактикалық шаралар жүргізу, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді олардың неғұрлым қауіпсіз түрлерімен ауыстыру жолымен жұмыс орындарында және технологиялық процестерде кез келген тәуекелдерді болғызбау жөніндегі шараларды қабылдауға;
2) қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту мен даярлаудан өткізуге;
3) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ұйымдастыру-техникалық іс-шараларын жүргізуге;
4) нұсқаулар беруге, өндірістік процесс пен жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен қамтамасыз етуге;
5) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен ережелерге сәйкес білімін тексеруден өтуге және басшылар мен мамандардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімдерін тексеруді ұйымдастыруға;
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 6-тармақша жаңа редакцияда (қолданысқа енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
6) қызметкерлерге қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасауға, қызметкерлердің арнаулы киімі мен аяқ киімін беруді және жөндеуді, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нормаларға сәйкес қызметкерлерді профилактикалық өңдеу, жуу және зарарсыздандыру құралдарымен, медициналық қобдишамен, сүтпен, емдеу-профилактикалық тағамдармен жабдықтауды қамтамасыз етуге;
7) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға және оның аумақтық бөлімшелеріне, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының лауазымды адамдарына, қызметкерлердің өкілдеріне солардың жазбаша сауалы бойынша ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбек жағдайлары және еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы қажетті ақпарат беруге;
8) мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын орындауға;
9) өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды тіркеуді, олардың есебін жүргізуді және талдауды жүзеге асыруға;
10) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен ережелерге сәйкес қызметкерлер өкілдерінің қатысуымен өндірістік объектілердегі еңбек жағдайларының жай-күйі бойынша бес жылда бір реттен сирек болмайтындай етіп мерзімдік аттестаттауды өткізуге, сондай-ақ реконструкциядан, жаңғыртудан, жаңа техника немесе технология орнатудан кейін міндетті аттестаттауды өткізуге;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеруді қамтамасыз етуге;
12) еңбек міндеттерін атқару кезінде қызметкердің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені үшін жауапкершілікті сақтандыруға;
13) қатты улану жағдайлары туралы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тиісті аумақтық бөлімшесіне хабарлауға;
14) қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты басқа жұмысқа ауыстыру кезінде не кәсіптік аурудың белгілері пайда болғанда өз қаражаты есебінен қызметкерлерді міндетті, мерзімдік (еңбек қызметі барысында) медициналық тексерулерден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өткізуге;
16) авариялық жағдайдың өршуін және жарақаттайтын факторлардың басқа адамдарға әсер етуін болғызбау жөніндегі шұғыл шараларды қабылдауға міндетті.
2. Қызмет ерекшеліктері мен жұмыстардың түрлері, айрықша қауіптілік көздерінің болуы ескеріле отырып, еңбек шартында не ұжымдық шартта жұмыс берушінің қосымша міндеттері көзделуі мүмкін.
318-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.
Қызметкерлер бұл мақсаттарға шығынданбайды.
Қаражат көлемі ұжымдық шартпен айқындалады.
36-тарау.
ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУДЫ
ҰЙЫМДАСТЫРУ
319-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
саласындағы нормативтік құқықтық актілерді
қабылдау
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілер еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдастыру, техникалық, технологиялық, санитарлық-гигиеналық, биологиялық, физикалық және өзге де нормаларды, ережелерді, рәсімдер мен өлшемдерді белгілейді.
2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
3. Жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлеуді және бекітуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен тәртіппен жүзеге асырады.
320-бап. Өндірістік объектілер мен өндіріс құралдарын
жобалау, салу және пайдалану кезіндегі еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі
талаптар
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай келмейтін өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды жобалауға, салуға және қайта құруға, технологияларды әзірлеуге және пайдалануға, машиналарды, тетіктерді, жабдықтарды құрастыруға және әзірлеуге жол берілмейді.
2. Егер жаңадан салынған немесе қайта құрылған өндірістік объектілер, өндіріс құралдары немесе өнімнің басқа да түрлері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай келмесе, қабылданбайды және пайдалануға берілмейді.
3. Өндірістік объектілер еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттаудан өткізілуге тиіс.
4. Қабылдау комиссиясы өндірістік мақсаттағы объектіні пайдалануға қабылдап алуды мемлекеттік еңбек инспекторының міндетті қатысуымен жүргізеді.
321-бап. Жұмыс орындарының қауіпсіздік талаптары
1. Жұмыс орындары орналасқан ғимараттар (құрылыстар) өзінің құрылысы бойынша олардың функционалдық мақсатына және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай болуға тиіс.
2. Жұмыс жабдығы осы жабдық түрі үшін белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келуге, онда тиісті сақтандыру белгілері болуға және қызметкерлердің жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулармен немесе қорғау құрылғыларымен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Авариялық жолдар мен қызметкерлердің үй-жайлардан шығатын жолдар бос болуға және ашық ауаға не қауіпсіз аймаққа шығаруға тиіс.
4. Қауіпті аймақтар нақты белгіленуге тиіс. Егер жұмыс орындары жұмыстың сипатына қарай қызметкерге қауіп-қатер төндіретін немесе құлайтын заттар бар қауіпті аймақтарда болса, онда мұндай орындар мүмкіндігінше бұл аймақтарға бөгде адамдардың кіруін шектейтін құрылғыларымен жабдықталуға тиіс. Жаяу жүргіншілер мен
технологиялық көлік құралдары ұйымның аумағында қауіпсіз жағдайларда жүріп-тұруға тиіс.
5. Қауіпті өндірістік объектілерде (учаскелерде), оның ішінде биіктікте, жерасты жағдайларында, ашық камераларда, теңіз қайраңдары мен ішкі су айдындарында жұмыстар жүргізу үшін қызметкерлердің жеке қорғану құралдары болуға тиіс.
6. Жұмыс орындары орналасқан үй-жайлардағы температура, табиғи және жасанды жарық, сондай-ақ желдеткіш жұмыс уақыты кезінде еңбектің қауіпсіздік талаптарына сай болуға тиіс.
7. Қызметкерлер еңбек жағдайлары зиянды (шаң-тозаң, газдану және басқа да факторлар) жұмысқа жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз еткеннен кейін жіберіледі.
37-тарау.
ЕҢБЕК ҚЫЗМЕТІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖАЗАТАЙЫМ
ОҚИҒАЛАРДЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ
ӨЗГЕ ДЕ ЗАҚЫМДАНУЛАРЫН ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ МЕН
ЕСЕПКЕ АЛУ
322-бап. Тергеп-тексерудің жалпы жағдайлары және
өндірістегі жазатайым оқиғаларды есепке алу
1. Қызметкерлердің, сондай-ақ:
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) техникалық және кәсіптік, орта оқу орнынан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орындарында оқитын, кәсіптік практикадан өтіп жүрген адамдардың;
2) әскери қызмет өткерумен байланысты емес жұмыстарды орындауға тартылған әскери қызметшілердің;
3) сот үкімі бойынша еңбекке тартылған адамдардың;
4) әскерилендірілген авариялық-құтқару бөлімдері, әскерилендірілген күзет жеке құрамының, авариялардың, дүлей зілзаланың салдарларын жою жөніндегі, адам өмірін және мүлікті құтқару жөніндегі ерікті командалар мүшелерінің еңбек қызметіне байланысты және еңбекке қабілетсіздігіне не өліміне әкеп соққан денсаулығының зақымдану жағдайлары осы Кодекске сәйкес тергеп-тексеруге және есепке алуға жатады.
2. Өндірістік жарақаттар мен қызметкердің денсаулығына еңбек міндеттерін атқарумен байланысты келтірілген өзге де зақымданулар не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша еңбекке қабілетсіздігіне не өлімге әкеп соққан басқа да әрекеттер жасау, егер олар:
1) жұмыс уақыты басталар алдында немесе аяқталғаннан кейін жұмыс орнын, өндіріс құрал-жабдықтарын, жеке қорғану құралдарын және басқаларын дайындау және ретке келтіру кезінде;
2) жұмыс орнындағы жұмыс уақыты ішінде немесе іссапар кезінде не жұмыс берушінің немесе ұйымның лауазымды адамының тапсырмасы бойынша еңбек немесе өзге де міндеттемелерді орындауға байланысты басқа жерде болғанда;
3) қауіпті және (немесе) зиянды өндірістік факторлар әсерінің нәтижесінде;
4) жұмысы қызмет көрсету объектілері арасында жүрумен байланысты қызметкер жұмыс уақытында жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша жұмыс орнына бара жатқан жолда;
5) қызметкердің еңбек міндеттерін орындауы кезінде жұмыс берушінің көлігінде;
6) жеке көлігін қызмет бабында пайдалану құқығына жұмыс берушінің жазбаша келісімі болғанда өзінің жеке көлігінде;
7) жұмыс берушінің өкімі бойынша өз ұйымының немесе басқа ұйымның аумағында болған кезеңде, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкін қорғау не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де іс-әрекеттер жасау кезінде болса, өндірістегі жазатайым оқиғалар ретінде тергеп-тексеріледі және есепке алынады.
3. Тергеп-тексеру барысында жарақаттар мен зақымданулардың:
1) зардап шеккен адамның өз бастамасы бойынша жұмыстарды немесе өзге де іс-әрекеттерді функционалдық міндеттеріне кірмейтін және жұмыс берушінің мүддесімен байланысты емес, оның ішінде вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде ауысымаралық демалыс және түскі ас үзілісі кезеңінде, сондай-ақ алкогольдік мас болу, уытты және есірткі заттарды (олардың аналогтарын) пайдалану күйінде орындаған кезде;
2) өз денсаулығына қасақана (әдейі) зиян келтіру нәтижесінде немесе зардап шеккен адам қылмыс жасаған кезде;
3) зардап шеккен адам денсаулығының медициналық қорытындымен расталған, қауіпті және (немесе) зиянды өндірістік факторлардың әсерімен байланысты емес кенеттен нашарлауынан болғаны нақты анықталса, олар өндірістік жарақаттар және қызметкерлер денсаулығының өндірістегі өзге де зақымданулары ретінде ресімделмейді.
4. Әрбір жазатайым оқиға туралы зардап шеккен адам немесе куәгер жұмыс берушіге немесе жұмыстарды ұйымдастырушыға дереу хабарлауға міндетті. Денсаулық сақтау ұйымдарының жауапты лауазымды адамдары қызметкерлердің өндірісте жарақат алуына немесе өзге де зақымдануына байланысты бастапқы өтініш жасауының әрбір жағдайы туралы жұмыс берушіні және мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық
бөлімшелерін, сондай-ақ қатерлі кәсіптік ауру (улану) жағдайлары туралы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органды хабардар етуге тиіс.
5. Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді ұйымдастыруға, ресімдеуге және тіркеуге жұмыс беруші жауапты болады.
323-бап. Жұмыс берушінің өндірістегі жазатайым оқиға
кезіндегі міндеттері
1. Жұмыс беруші:
1) зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қажет болған кезде, оны денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыруға;
2) авариялық жағдайдың өршуінің және жазатайым оқиғаның орын алуына себеп болған факторлардың басқа адамдарға әсер етуін болғызбау жөніндегі шұғыл шараларды қабылдауға;
3) жазатайым оқиға болған жердегі ахуалды (жабдықтар мен тетіктердің, еңбек құрал-жабдықтарының жай-күйін), егер бұл басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмесе, ал өндірістік процестің үзіліссіз жұмысын бұзу аварияға әкеп соқпайтын болса, оқиға болған кездегі күйде сақтауға, сондай-ақ жазатайым оқиға болған жерді фотосуретке түсіруге;
4) өндірістегі жазатайым оқиға жөнінде зардап шеккен адамның жақын туыстарын дереу хабардар етуге және осы Кодексте, өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хабарлама жіберуге;
5) өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру мен есепке алуды осы тарауға сәйкес қамтамасыз етуге;
6) арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүшелерін өндірістегі жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру үшін оқиға болған жерге кіргізуге;
7) өндірістегі жазатайым оқиғаларды және кәсіптік ауруларды тіркеуді, есепке алу мен талдауды жүзеге асыруға міндетті.
2. Жұмыс беруші өндірістегі жазатайым оқиға туралы еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша:
1) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік еңбек испекциясының аумақтық бөлімшелеріне;
2) қауіпті өнеркәсіп объектілерінде болған жазатайым оқиғалар кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жергілікті органдарға;
2008.04.12. № 97-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3) кәсіптік ауру немесе улану жағдайлары жөнінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне;
4) қызметкерлер өкілдеріне;
5) қызметкердің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымына хабарлайды.