Электр энергетикасы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында 2008 жылдың аяғында энергия өндіруші ұйымдар үшін бекітілетін шекті баға негізіндегі нарық моделі қабылданған болатын.
Осыған байланысты таяу арадағы 3-4 жылда энергия өндіруші ұйымдар үшін шекті тариф қолданылған жағдайда Қазақстанның электр энергиясы нарығы қызметінің нәтижесін талдау жүргізілетін болады.
Кейіннен қуат нарығын құру жөнінде жұмыс жүргізілетін болады. Қуатпен сауда жасау энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және қауіп-қатерін төмендетіп, электр энергетикасына инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.
Қуат нарығын құру осы нарықтың жұмыс істеуін жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ететіндей электр станцияларының жаңа қуаттары іске қосылуы, қолданыстағы қуаттарды қайта құру және жаңғырту шамасына қарай жүзеге асырылады.
3. 1 МВт-тан аз қуатқа қосылған электр энергиясының тұтынушылары және бәсекелестік жағдайларда оларға электр энергиясын сатуды жүзеге асыратын энергиямен жабдықтаушы компаниялар қатысушылары болып табылатын электр энергиясының бөлшек сауда нарығы.
6. Электр энергиясының бәсекелі көтерме сауда нарығының шекарасын кеңейту
Көтерме сауда нарығының шекарасын кезең-кезеңмен кеңейту 1 МВт-тан астам электр энергиясын тұтыну-жеткізу орташа тәуліктік базалық қуатты ӨЭК желілеріне қосылған нарық субъектілерін электр энергиясының көтерме сауда нарығына шығу үшін жағдай жасау жолымен жүзеге асырылады.
Энергия жеткізуші ұйымдар үшін салыстырмалы талдау әдісі бойынша (бенчмаркинг) өңірлік деңгейдегі желілер бойынша электр энергиясын беру тарифін қалыптастыру қағидаттарын енгізу, сандық арналар бойынша ақпаратты беру мүмкіндігімен ЭКЕАЖ-ды құру көтерме нарығын кеңейту үшін негізгі шарттар болып табылады.
Нәтижесінде 1 МВт астам тұтыну-жеткізу орташа тәуліктік қуатты энергия өндіретін ӨЭК желілеріне қосылған ұйымдар мынадай мүмкіндіктерге ие болады:
көтерме сауда нарығына (кез келген желілік компаниялардың желілеріне қосылған тұтынушыларға) электр энергиясын жеткізуді жүзеге асыру;
түпкілікті бөлшек тұтынушыларға электр энергиясын жеткізуді жүзеге асыру (ЭЖҰ-мен қатар энергиямен жабдықтау функциясын жүзеге асыру).
ӨЭК желілеріне қосылған орташа тәуліктік базалық қуаты 1 МВт артық электр энергиясын тұтынатын ЭЖҰ мынадай мүмкіндік алады:
көтерме сауда нарығындағы электр станцияларымен қатар ӨЭК желілеріне қосылған өңірлік электр станцияларынан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыру;
осы тұтынушылар үшін коммерциялық есепке алуды жүзеге асырған жағдайда түпкілікті бөлшек сауда тұтынушыларына көтерме сауда нарығында - сатып алынған электр энергиясын жеткізуді жүзеге асыру.
7. Ақпараттық-техникалық жүйені ұйымдастыру
Электр энергиясы нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы күнгі цифрлық телекоммуникациялық желілердің болуы талап етіледі, ол мынадай функцияларды қамтамасыз етеді:
1) диспетчерлік және технологиялық телефон байланысы;
2) нақты уақыттағы жедел ақпараттық жүйелерде (SСАDА), телеөлшемдердің, телесигналдардың деректерін, телебасқару мен телереттеудің пәрмендерін беру;
3) ЭКЕАЖ-ға деректер беру;
4) жұмысты қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерге:
электр энергиясының орталықсыздандырылған сауда нарығының;
электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының;
теңгерімдеуші нарығының;
жүйелі және қосалқы қызметтер нарығының;
электр энергиясының бөлшек сауда нарығының деректерін беру;
5) Іnternetke шығу;
6) электр энергетикасы нарығы субъектілерімен қажетті ақпаратпен өзара алмасу.
Технологиялық ақпарат үшін және ақпараттық жүйелер үшін кеңінен таратылатын (Іnternet арқылы) радиал ақпараттық ағындардың бағыттылығы (нарық субъектісінен операторға, әсіресе бөлінген арналар бойынша).
Ақпаратты беруде жоғары дәрежедегі беріктікті қамтамасыз ету мақсатында әрбір субъект үшін телекоммуникациялық желіге кіруге екі тәуелсіз тракт талап етіледі.
Желідегі ақпараттық пакетті беру жылдамдығы секундына 2 Мбит және одан жоғары болуы тиіс.
Жүйелік оператордың тұрақты дамитын корпоративтік ақпараттық желісі Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жұмыс істейтін базалық ақпараттық ортасы болып табылады және ақпараттық технологияны дамытудың қажетті деңгейі бар нарықтың барлық субъектілерінің өзара іс-қимылын толық көлемде қамтамасыз етеді.
Алайда электр энергиясын жеткізушілер мен тұтынушылардың нарықтағы ақпараттық өзара іс-қимылға әзірлігі әлі де төмен болып тұр, сондықтан нарық субъектілерінің барлығы да уәкілетті орган белгілеген регламенттік мерзімде бірінші кезектегі іс-шараларды орындаулары қажет:
1) сандық корпоративтік ақпараттық желіні құру;
2) электр энергиясының коммерциялық есебі автоматтандырылған жүйесін құру;
3) Іnternetke шығуға рұқсатсыз кіруден қорғауды қамтамасыз ету;
4) Жүйелік оператордың үйлестіруімен жоғарыда көрсетілген ақпараттық жүйелердің бағдарламалық қамтамасыз етілуін енгізу.
Субъектілер арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту ашықтық қағидаттарына негізделген электр энергиясы нарығында адал бәсекелестікті дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға ықпал етуі тиіс.
Электр энергетикасы нарығы субъектілері беретін ақпарат көлемі мен ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібі нарықтың регламенті және ережесімен белгіленеді.
8. Электр энергиясы нарығындағы тариф белгілеуді жетілдіру
Электр энергиясы нарығының тиімді жұмыс істеуі үшін тариф белгілеу бәсекелестікті және нарықтық қатынастарды дамытуға ықпал етуі және нарыққа қатысушылар үшін кемсітпейтін болуы тиіс.
Қазақстанда электр энергиясын өндіру мен тұтыну теңгеріміндегі тапшылыққа байланысты тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігінің төмендеу үрдісі қалыптасты.
Қазіргі уақытта электр энергетикасындағы тарифтік саясат былайша қалыптасуда:
электр энергиясын өндіру (генерациялау) саласындағы бағалар сұраныс пен ұсынысқа байланысты бәсекелестік жағдайда, спот-сауда-саттықта (олар өндіретін электр энергиясының көлемінің он пайыздан аспайтын), теңгерімдеуші нарықты және экспортқа өткізілетін жағдайларды қоспағанда, тиісінше шекті, есептік немесе жеке тарифтен аспайтын тарифтер бойынша қалыптасады. Электр станциясының шинасынан берілетін электр энергиясының бағасы берушілер мен тұтынушылар (орталықсыздандырылған нарық) арасындағы екі жақты келісімдермен анықталады, сондай-ақ орталықтанған сауда нарығында (биржада) - "тәулік бұрын" режиміндегі спот-сауда, ұзақ, орта және қысқа мерзімді келісім-шарттармен анықталады;
"KEGOC" АҚ ұлттық деңгейдегі электр желілері және ӨЭК өңірлік пен жергілікті электр желілері бойынша электр энергиясын беру және таратуға тарифті табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітеді;
"KEGOC" АҚ жүйелік оператор жүзеге асыратын техникалық диспетчерлеуге тарифті де табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітеді;
үстемдік етуші (монополист) ретінде орталықтандырылған сауда операторы қызметтерінің тарифін табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган реттейді;
теңгерімдеуші нарығының қызметтері - "KEGOC" АҚ-ның жүйелік операторы жүзеге асырады, тарифті табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітеді;
энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жеткізетін электр энергиясының түпкілікті тұтынушылар үшін электр энергиясына баға табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісіледі. ЭЖҰ-ның жабдықтаушы үстемесі 3-8 пайызды құрайды.
Жаңа қуаттарды салу және іске қосуды жеделдету мақсатында саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз ету қажет.
Сонымен қатар электр энергиясының үдемелі тапшылығы жағдайында, қуат беруші электр станцияларынан электр энергиясы бағасының едәуір ұлғаюы инфляцияның өсуіне әкелуі мүмкін, соған қарамастан Үкімет инфляцияны шектеу жөніндегі шаралар қабылдануда.
Осыған байланысты электр энергиясы мен қуаттың тапшылығын жою кезеңіне (2009 - 2015 жылдардағы орта мерзімді кезеңде) электр энергиясын өндіру (генерация) саласындағы бағаны белгілеудің мынадай тетігі енгізіледі:
1) электр станциялары беретін электр энергиясына бағалар жаңа активтер құруға, қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңартуға, қайта құруға және техникалық қайта жарақтандыруға тартылатын инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз етуі тиіс;
2) электр станциялары электр энергиясына тарифтердің үш түрі бойынша жұмыс істеуіне болады: шекті, есептесу және жеке;
3) шекті тариф электр станциялардың әрбір тобына бөлек, 7 жылға, жылдар бойынша белгіленеді;
4) шекті тариф электр станцияларының осы тобының жаңа активтер құруға, қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңартуға, қайта құруға және техникалық қайта жарақтандыруға инвестициялық міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін деңгейде белгіленеді;
5) Үкімет электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ұсынысы бойынша электр энергиясына шекті тарифтерді 7 жыл мерзімге жылдар бойынша бөліп бекітетін болады;
6) шекті тарифтің деңгейі қандай да бір электр станциясына өзінің инвестициялық міндеттемелерін жүзеге асыруға мүмкіндік етпеген жағдайда, онда бұл электр станциясы есептесу немесе жеке тарифпен жұмыс істеуге құқылы. Бұл тарифтер шекті тарифтерден жоғары болуы тиіс;
7) электр энергиясына есептесу тарифі инвестициялық бағдарламаның техникалық экономикалық негіздемесінде анықталады. Ол жобалау-сметалық құжаттаманың өзгерістерін келісілген жағдайда ұлғаюы мүмкін;
8) жеке тарифті инвестициялық бағдарламаның және жобалау-сметалық құжаттаманың параметрлері негізінде табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітетін болады;
9) электр станциялары инвестициялар бойынша өзіне міндеттемелер қабылдайтын болады: шекті тарифтер бойынша жұмыс істегенде - келісім және инвестициялық міндеттемелер түрінде, есептесу және жеке тарифтер бойынша жұмыс істегенде - инвестициялық шарттар мен инвестициялық бағдарламалар түрінде.
Шекті тарифті оның бірінші жылы қолдануға белгілеу үшін шекті тарифтерді енгізген жылдың алдындағы жылдың ішінде энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобында қалыптасқан ең жоғары нақты баға негіз болып табылады.
Электр станциясының дамуы, қайта құру, жаңа қуаттарды салу жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін шекті тариф жетіспеген жағдайда бұл электр станциясы инвестициялық жобаны әзірлеуі тиіс. Уәкілетті органмен белгіленген тәртіппен келісілген және бекітіліп, мақұлданған инвестициялық жоба табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар саласында басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органға берілуі тиіс. Табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган перспективаға осы электр станциясы үшін жеке инвестициялық тарифті бекітеді.
Шекті баға шегінде энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестік және инвестициялық бағдарламаны жүргізу мүмкіндігі сақталады, оны іске асырғанда босатылатын электр энергиясының бағасы негізгі бағадан аспайтын болады.
Инвестициялық құрастырушыны есептеу тәртібі:
есептеу инвестициялық жобадағы жалпы инвестиция көлемі, қосылатын қуат шамасы, өтімділік мерзімі, жыл бойы жұмыс істеген сағаттары бойынша жүргізіледі. Бұл ретте кредит үшін пайыздарды, инвестиция бағамын өтеуге бағытталатын пайдаға салық салуды ескеру қажет.
Бұл ұсыныстардың теңгерімдеуші нарық пен спот-саудада іске асырылатын электр энергиясының бағасына қатысы жоқ.
Қазақстан Республикасының Үкіметі электр қуатына тапшылық кезеңіне шекті тарифтерді бекітетін болады, бұл инвесторлар үшін электр энергиясы тарифінің болжамдалуын қамтамасыз етеді және оларға салынған инвестициялардың есебі мен негіздемелерін жүргізуге мүмкіндік береді.
Инвестициялық құрастырушыны есепке ала, бағдарламалар (жоспарлар) негізінде тиісті электр желілік компанияларды дамытуға есептелген Ұлттық желілері («KEGOC» АҚ) және өңірлік электр желілік компаниялардың желілері бойынша электр энергиясын тасымалдау бойынша қызметке, тарифтердің өсу болжамын жүзеге асыру көзделеді.
Электр станциялары үшін шекті, есептік және жеке тарифтерді және бағалардың инвестициялық құраушысын енгізу көтерме және бөлшек сауда нарығының жұмыс істеу шарттарын өзгерпейді, сондай-ақ орталықтандырылған сауда жұмысының тетігі сақталады.
Көтерме сауда нарығында электр станциялары көтерме тұтынушыларға ЭЖҰ-ға электр энергиясын шекті, есептік және жеке баға шегінде ұсынатын болады.
Көтерме тұтынушылар осы күнгі шарттағы сияқты көтерме сауда нарықта шарттар жасасады.
Қазақстанның БЭЖ-інде қажетті қуат резервтерінің көлемдері қалыптасқанға дейін теңгерімдеуші нарықтың жұмысы имитациялық режимде, сағатаралық теңгерімсіздікті қаржылық реттеуді орындамай (теңгерімдеуші Электр энергиясын сатып алу-сату) жүзеге асырылатын болады. Теңгерімдеуші нарықтың имитациялық режимдегі жұмысы кезінде нарыққа қатысушылар теңгерімді ұйымдастыру жөніндегі Жүйелік оператордың қызметіне ақы төлейтін болады. Кейіннен теңгерімдеуші нарықта теңгерімдеуші электр энергиясын (қуатын) сатып алу-сату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Жаңартылатын энергия көздері өндірген электр энергиясының бағасы тиісті жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектінің техникалық-экономикалық негіздемедегі уәкілетті немесе жергілікті атқарушы органдармен келісілген бағадан аспайтын деңгейде анықталатын болады.
9. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын дамыту
Электр энергиясының бөлшек сауда нарығының субъектілері
Мыналар электр энергиясының бөлшек сауда нарығының субъектілері болып табылады:
1) өңірлік электр желілерін жедел диспетчерлік басқаруды және пайдалануды, өңірлік электр желілері бойынша электр энергиясының келісілген мөлшерін беру және диспетчерлеуді жүзеге асыратын, Жүйелік оператормен келісілген ӨЭК желілері және Ұлттық электр желілері арасында электр энергиясының сальдо-ағындарын сақтауға жауап беретін өңірлік электр желілері компаниялары;
2) энергиямен жабдықтайтын ұйымдар - өндірілген немесе сатып алынған электр энергиясын бөлшек сауда тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйымдар;
3) түпкілікті бөлшек тұтынушылар - ӨЭК желілеріне қосылған, энергиямен жабдықтайтын ұйымдардан (оның ішінде ӨЭК) электр энергиясын сатып алатын тұтынушылар (халық, шағын бизнес кәсіпорындары, қызмет көрсететін сала кәсіпорындары).
Бөлшек сауда нарығында нарықтық қатынастарды дамытудың негізгі бағыттары
Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында нарықтық қатынастарды және бәсекелестікті дамыту үшін:
1) тұтынушылар түрлері мен тәулік аймақтары бойынша сараланған тарифтерді енгізуді ескере отырып, бөлшек сауда нарығындағы тарифтік саясатты әзірлеу;
2) ауыстыру мерзімдері және қажетті қаржы қаражатының көлемі белгіленген қазіргі талаптарға сай келетін тұтынушылардағы коммерциялық есептеу құралдарын ауыстыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын белгілеу;
3) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы қызметінің нормативтік құқықтық базасын одан әрі жетілдіру қажет.
Қуаты 1 МВт-тан төмен бөлшек сауда тұтынушыларының бәсекелестік нарыққа қол жеткізуін қамтамасыз ету және оларды электрмен жабдықтау ЭЖҰ арқылы жүзеге асырылады, олар электр энергиясын өңірлік энергия өндіруші ұйымдарды қоса алғанда көтерме сауда нарығынан алатын болады.
ЭЖҰ өзінің тұтынушылары бойынша алдағы күндерге жеткізу-тұтынудың тәуліктік сағаттық кестесін, оның ішінде тұтынушылар топтары бойынша үлгі тәуліктік сағаттық кестені пайдалана отырып жасайды. Осы кестелер тәуліктік сағаттық кестелерді құрастыру үшін ӨЭК-ге беріледі.
Ағытып тастаудың белгіленген тәртібіне сәйкес, тұтынушыларды ақы төлемегені және қарыздары үшін ағытып тастауды жеткізушілердің тапсырысы бойынша ӨЭК жүргізеді.
Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы нарықтағы бәсекелестіктің жағдайына бақылау жүргізетін болады.
10. Энергия үнемдеу саясаты және электр мен жылу энергиясын өндіру мен тұтынудың энергиялық тиімділігі
Электр энергетикасы саласындағы энергия үнемдеу және энергия тиімділігі мәселесі қазіргі кезде және болашақта да (электр энергиясы мен қуатының тапшылығын ескере отырып) аса өзекті, сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жандандырылады.
Энергия үнемдеу саясаты отын-энергетикалық ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалану үшін бұл саладағы қатынастардың құқықтық, ұйымдастырушылық, материалдық, қаржылық, экономикалық реттелуіне қажетті жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалық шараларды әзірлеу мен іске асыруды қамтиды.
2015 жылға дейінгі энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы мақсатқа бағытталған шараларды көздейтін энергияны үнемдеу жөніндегі салалық бағдарламалар әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Энергияны үнемдеу жөніндегі практикалық шараларды іске асыру үшін нормативтік техникалық база әзірленеді. Әзірленіп жатқан «Энергияны үнемдеу туралы», «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобалары заңды түрде экономикалық және әкімшілік ынталандырудың іс жүзіндегі шарасы және энергияны үнемдеудің иінтірегі болады, оларға сәйкес энергияны үнемдеу технологияларын енгізу тетігі, энергияны үнемдеуді мемлекеттік реттеу әдістемесі, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын төмендету және өнімнің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру шаралары бекітіледі.
Өнім бірлігін шығаруға отын-энергетикалық ресурстар шығысы нормативтен асқанда энергияны үнемдеу және энергия тиімділігі саласында мемлекеттік реттеу, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану шаралары заңдармен регламенттелетін, тұтынылған отын және энергия мөлшерін есептеуді қамтамасыз етпеген тұтынушыларға белгіленген энергия үнемдеуді, энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ынталандыратын шаралар белгіленетін болады.
Электр энергетикасы саласында энергия үнемдеудің негізгі бағыттары болып электр және жылу энергиясын өндіруде отынның салыстырмалы шығысын төмендету, электр және жылу тораптарында шығыстарды қысқарту сақталады.
Көрсетілген мақсаттарды іске асыруға бағытталған қажетті өндірістік техникалық іс-шараларды әзірлеу әрбір кәсіпорынның міндеті болып табылады.
11. ТМД елдерінің энергия жүйелерімен өзара қарым-қатынастар
2000 жылдың ортасынан бастап Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі ТМД елдерінің энергия жүйелерімен қосарлас режимде жұмыс істейді. Бұл электр энергиясымен мемлекетаралық сауда үшін технологиялық негізді қалыптастыруға және тұтынушылар үшін белгіленген сенімділік және сапа стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызды. Қазақстан БЭЖ-нің қосарлас жұмыс шарты Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдерінің энергия жүйесі арасындағы параллельді жұмысы туралы тиісті шарттармен регламенттеледі (Қазақстаннан - «KEGOC» АҚ).
Жоспарлауға, электр энергиясының өзара транзитін ұйымдастыру мен бақылауға және электр энергиясының мемлекетаралық ағымын реттеуге (қуатты реттеу жөніндегі қызметті және қуат қорын жеткізуді қоса алғанда) байланысты ашық және бәсекелестік мемлекетаралық электр энергетикасы нарығын қалыптастыру мәселесі ТМД, ЕурАЗЭҚ-қа қатысушы елдердің шеңберінде шешілетін болады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы мына негізгі қағидаттарға сүйенеді:
елдердің тең құқықтығы, өзара тиімділігі және тараптардың басқа мемлекеттердің энергия жүйелерінің ішкі басқару мәселелеріне араласпауы;
электр энергиясының ішкі нарығын ұйымдастыру және жұмыс істеу қағидаттарын дербес белгілеу;
импорт пен экспортты қоса алғанда, электр энергиясын келісім-шарттық жеткізудің және тұтынудың теңгерімін өзінің энергия жүйесі шегінде қамтамасыз ету үшін Жүйелік операторлардың жауапкершілігі.
Энергия жүйелері Қазақстанның энергия жүйесімен қатар жұмыс істейтін мемлекеттердің электр энергетикасының қайта құрылымдау деңгейін теңестіруге қарай шектес елдердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында қуаттарды реттеуге арналған шарттарды жасасу тәжірибесі кеңейтілетін болады.