3) егер бастапқы және кейінгі объектілерді біріктіру немесе бөлу кезінде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптары сақталмаған болса;
4) егер бастапқы және кейінгі объектілерді біріктіру немесе бөлу кезінде біріктіру немесе бөлу нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлік объектісіне шектеулі мүліктік және (немесе) өзге де құқықтардың иегерлері болып табылатын тұлғалардың, оның ішінде кепіл ұстаушылардың, жалға алушылардың, сервитуттық құқықтар иегерлерінің немесе басқа да пайдаланушылардың мүдделерін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақталмаған болса, жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіруді немесе бөлуді тіркеуге жол берілмейді.
3. Кепілмен, жалға берумен, сервитутпен ауыртпалық салынған немесе өзге де ауыртпалықтары бар жылжымайтын мүлік объектісін біріктіруді немесе бөлуді тіркеу кезінде жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектілеріне толтырылатын тіркеу парақтарына көрсетілген объектілерге қатысты қолданылуы сақталатын ауыртпалықтар туралы жазбалар көшіріліп жазылады. Басқа жазбаларды көшіру, егер олар жарамды болса және өз мағынасын сақтаса жүзеге асырылады.
4. Жылжымайтын мүлік объектісі құқықтық кадастрда біріктіру немесе бөлу тіркелген кезден бастап біріктірілген немесе бөлінген болып есептеледі.
50-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының мүшелеріне тиесілі жылжымайтын мүлікке
құқықтарды тіркеу ерекшеліктері
1. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде құқық белгілейтін құжатта осындай шаруашылықтың бүкіл мүшелері көрсетілуге тиіс.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің құрамы өзгерген кезде, оның ішінде мұраға қалдыруға, шығуға, жаңа мүшелердің қосылуына байланысты шаруа немесе фермер қожалығының жаңа мүшелерінде жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындауы және (немесе) үлестер мөлшерінің өзгеруі құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге тиіс.
51-бап. Жерасты құрылыстарына құқықтарды
тіркеу ерекшеліктері
Жылжымайтын мүлік болып табылатын жерасты құрылыстарына құқықтарды тіркеу кезінде:
1) жерасты құрылысына құқық белгілейтін құжат;
2) егер жер учаскесіне құқықтарды тіркеу бұрын жүргізілмеген болса, жерасты құрылысын пайдалануға қажетті жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат;
3) осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген басқа да құжаттар ұсынылады.
52-бап. Мүліктік кешен құрамына кіретін
жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен
жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу
1. Мүліктік кешен құрамына кіретін жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу мүліктік кешенге немесе оның құрамына кіретін жылжымайтын мүліктің әрбір объектісіне құқық белгілейтін құжат қоса берілетін бір өтініштің негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Мүліктік кешеннің құрамына кіретін жылжымайтын мүліктің бір немесе бірнеше объектісін иеліктен айыру кезінде мүліктік кешенге құқық белгілейтін құжатта тіркеу туралы тиісті белгі жасалады.
53-бап. Заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу
1. Мүдделі тұлғалардың өтініші бойынша заңдық талаптар, оның ішінде талап арыз беру, сот актілеріне шағымдану фактісі, жер учаскесін алып қою туралы шешім, кепілақы туралы келісім (қолхат), алдын ала шарт және өзге де фактілер тіркелуі мүмкін.
2. Мемлекеттік тіркеу үшін мүдделі тұлға тіркеуші органға жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді және оның көшірмесін, сондай-ақ заңдық талапты растайтын құжатты ұсынады.
3. Заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу есептік болып табылады және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұруға немесе құқық ауыртпалықтарын белгілеуге әкеп соқпайды.
54-бап. Жылжымайтын мүліктің жойылуына (бүлінуіне) немесе оған құқықтан бас тартуға
байланысты құқықтың тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу
1. Мүліктің жойылуына немесе мүліктің жылжымайтын мүлік объектісі ретінде қолданылуын тоқтатуға әкеп соғатын бүлінуіне байланысты құқықтың тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) тиісті мемлекеттік органның техникалық (қалыпты) жай-күйін тексерудің нәтижелері бойынша анықталған осы объектіні бұдан әрі пайдаланудың (оның жұмыс істеуінің) мүмкін еместігін растайтын құжатын қоса бере отырып, құқықтың тоқтатылуын тіркеу туралы өтініш беруге тиіс.
Көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш айдан кешіктірілмей өтініш берілген кезде жылжымайтын мүлікке құқықтар актіде көрсетілген мән-жайлар басталған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледі. Өзге жағдайларда құқықтар тіркелген кезден бастап тоқтатылады.
2. Меншік құқығынан бас тартуға байланысты жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тоқтатуды мемлекеттік тіркеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) тіркеуші орган құқық иесінің немесе жылжымайтын мүлік соның аумағында болатын жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша жылжымайтын мүлікті иесіз ретінде есепке қояды;
2) есепке алынған иесіз мүлікке қатысты қабылданған сот шешімінің негізінде тіркеу парағына құқық иесі құқығының тоқтатылғаны және көрсетілген объектіге құқықтары ауысатын тұлғада құқықтың туындағаны туралы жазба енгізеді.
Үшінші тұлғалардың құқықтары туындағанға дейін кез келген уақытта құқық иесі өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікті иесіз ретінде есептен шығару туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
55-бап. Пайлық инвестициялық қорларға жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Пайлық инвестициялық қордың пай ұстаушыларына тіркелген жылжымайтын мүлік олардың ортақ үлестік меншігі болып танылады.
Пайлық инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін жылжымайтын мүлік объектісіне ортақ үлестік меншік құқығын мемлекеттік тіркеу кезінде құқықтық кадастрда мұндай объектінің меншік иелері пайлық инвестициялық қордың пай ұстаушылары (инвестициялық пай ұстаушылардың деректері және ортақ үлестік меншік құқығында оларға тиесілі үлестердің мөлшерлері көрсетілмей) екендігі көрсетіледі.
2. Пайлық инвестициялық қорда пай ұстаушыларға жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауырпалықтарын) мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті пайлық инвестициялық қордың сенімгерлік басқарушысы (басқарушы компания) береді.
3. Осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, пайлық инвестициялық қордың сенімгерлік басқарушысы тіркеуге басқарушы компанияның құрылтай құжаттарының нотариат растаған көшірмелерін, сенімгерлік басқару шарттарының, пайлық инвестициялық қор құру туралы шешімнің, пай шығаруды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің, Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген, оларға енгізілген өзгерістері мен толықтырулары бар пайлық инвестициялық қор ережелерінің көшірмелерін ұсынады.
6-тарау. Құқықтық кадастрда жүйелі тіркеу
56-бап. Объектілер және құқықтық кадастрда жүйелі тіркеудің құқықтық маңызы
1. Жүйелі тіркеу құқықтық кадастрды жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы мәліметтермен толықтыру мақсатында жүзеге асырылады және есептік сипатта болады.
2. Жүйелі тіркеу кезінде жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтың (құқық ауыртпалығы) туындаған күні бұрын туындаған құқық (құқық ауыртпалығы) туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық белгілейтін құжаттардың негізінде айқындалады.
57-бап. Құқықтық кадастрда жүйелі тіркеуді жүзеге асыру тәртібі
1. Қазақстан Республикасында жүйелі тіркеуді жүргізу мерзімдерін және тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) жүйелі тіркеу құқық иесінің өтініш беруі және (немесе) бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы нақты деректерді басқа ақпараттық жүйелерден аудару арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен халықты хабарландыру қажет.
4. Жүйелі тіркеуді жүргізу кезінде жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар және құқық ауыртпалықтары туралы тіркеуші органда немесе басқа да мемлекеттік органдарда болатын деректерді аудару жүзеге асырылуы мүмкін. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарға (құқық ауыртпалықтарына) қатысы бар құжаттарды басқа мемлекеттік органдардан (ұйымдардан) беру бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы нақты деректері бар мемлекеттік органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген рәсім бойынша жүзеге асырылады.
5. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар және құқық ауыртпалықтары туралы деректерді құқықтық кадастрға аудару тіркеуші органдағы немесе басқа да мемлекеттік органдардағы деректер жарамды болған кезде жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) жүйелі тіркеу өтеусіз жүзеге асырылады.
58-бап. Жекелеген жағдайларда жүйелі тіркеуді жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Егер бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқықтарды тіркеу туралы өтініш берген құқық иесінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаса не ескі үлгідегі актілерде немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттарда құқықтық кадастрды жүргізу мақсаты үшін қажетті мәліметтер болмаса, тіркеуші орган бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектілеріне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеуді жүргізуге міндетті.
Жер учаскесіне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеу уәкілетті орган ескі үлгідегі актінің немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттардың негізінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын бергеннен кейін жүзеге асырылады. Тіркеу үшін құқық иесі ескі үлгідегі актіні немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжатты және жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын ұсынады.
Құқық иесінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаған кезде оған құқықтарды ресімдеу белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Бастапқы және кейінгі объектілерге бұрын туындаған құқықтарды есептік тіркеуді жүзеге асыру кезінде тіркеуші орган құқық иесінен жылжымайтын мүлік объектісіне жаңа техникалық паспортты табыс етуді талап етуге құқылы емес. Қажет болғанда жүйелі тіркеуді жүргізу кезінде жаңа техникалық паспорт дайындауды жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік техникалық есепке алу құзыретіне кіретін республикалық мемлекеттік кәсіпорындар өтеусіз жүзеге асырады.
7-тарау. Дауларды шешу тәртібі.қорытынды ережелер
59-бап. Дауларды шешу тәртібі
Мемлекеттік тіркеуге байланысты даулар сот тәртібімен шешіледі.
60-бап. Өтпелі ережелер
1. Бұрын туындаған құқықтар олар тиісті құқық туындауы кезінде қолданылған заңнамаға сәйкес болғанда жарамды болып танылады.
2. Мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгеннен кейін және 1997 жылы тіркеу органдары құрылғанға дейін жылжымайтын мүлікті бағалау мен тіркеу жөніндегі органдар жүргізген мемлекеттік тіркеудің заңдық күші болады.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді тіркемеген жеке және заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде өз құқықтарын тіркеуге міндетті.
61-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» 1995 жылғы 25 желтоқсандағы № 2727 заң күші бар Жарлығының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 168-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 21, 277-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; № 18, 157-құжат; 2004 ж., № 17, 99-құжат; 2006 ж., № 19-20, 119-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 26-сы
№ 310-ІІІ ҚРЗ