2. Уәкiлеттi органдар заң жобаларын, әдетте, Қазақстан Республикасының ?кіметі заң жобалау жұмыстарының ағымдағы және перспективалық жоспарларына, сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жекелеген тапсырмаларына сәйкес әзiрлейдi.
Қажеттi жағдайларда заң жобаларын әзiрлеудi Уәкiлеттi органдар өз бастамасы бойынша - олардың белгiленген құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.
3. Заң жобасын әзiрлейтiн уәкiлеттi орган жобаны әзiрлеу жөнiнде жұмыс тобын құрады немесе оны әзiрлеудi жұмыс тобының функцияларын орындайтын өзiнiң бiр бөлiмшесiне тапсырады. Жобаны әзiрлеуге жобаны әзiрлейтiн органның заңгерлiк бөлiмшесi қызметкерлерiнiң қатысуы мiндеттi.
Жұмыс тобына қатысу үшiн Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары, сондай-ақ реттеуге ұсынылатын құқықтық қатынастар саласындағы мамандар мен ғалымдар шақырылуы мүмкiн.
4. Егер заң жобалау жұмыстарының жоспарымен немесе заң жобасын әзiрлеу туралы тапсырмамен өзгеше белгiленбесе, Уәкiлеттi орган заң жобасын әзiрлеудi ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік ұйымдарға немесе шарттық негiзде мамандарға, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына, оның iшiнде шетелдiктерге тапсыра алады.
Уәкiлеттi орган балама жобаларды әзiрлеудi бiр немесе бiрнеше тұлғаға тапсыруға құқылы.
Заң жобаларының сапасы, уақытылы әзiрленуi мен ұсынылуы үшiн Уәкiлеттi органдардың бiрiншi басшылары жеке жауап бередi.
5. Уәкiлеттi органдардың заң жобалау жұмыстарының жоспарларын және заң жобаларын әзiрлеу жөніндегі жекелеген тапсырмаларды орындауын жалпы қадағалауды, олардың осы бағыттағы қызметiн әдiстемелiк басқаруды және сол үшiн қажеттi ақпараттық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі жүзеге асырады.
6. Заң жобасының мәтiнi әдеби тiлдiң, заң терминдерiнiң нормаларын, заң техникасының талаптарын және заңнамамен белгiленген өзге де талаптарды сақтай отырып әзiрленуге тиiс.
7. Заң жобасын әзiрлеу тиiстi салалар мен қоғамдық өмiр салаларында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасы, Мемлекет басшысының Қазақстанның халқына Жолдауы, Конституциялық Кеңестiң жыл сайынғы жолдауының ережелерi мен Жоғарғы Соттың сот практикасы түсiндiрмелерi ескерiле отырып, жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда
8. Үкiмет Парламенттiң қарауына енгiзетін заң жобалары бойынша "Норма шығармашылығы қызметiн жетiлдiру жөніндегі шаралар туралы" Үкiметтiң 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Заң жобаларына ғылыми сараптама жүргiзу ережесiне сәйкес заң жобасында реттелетiн құқықтық қатынастарға қарай тиiстi ғылыми сараптама (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және басқа) жүргiзу мiндеттi. Бұл ретте қабылдануынан туындайтын болжамды салдарлар экологиялық, соның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қауiп төндiруi мүмкiн заңнамалық кесiмдердiң жобалары мiндеттi түрде экологиялық сараптама жасауға жатады. Заң жобасын әзiрлеушi оны мүдделi мемлекеттік органдармен келiскенге дейiн жобаның тиiстi сараптамасы жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi, оның нәтижелерi бойынша қорытынды заң жобасына басқа да материалдармен бiрге мемлекеттік және орыс тілдерiнде ұсынылады.
ҚР Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысымен 9 және 10-тармақ алынып тасталды
9. Заң жобаларына ғылыми сараптаманы қаралған жобаның мазмұнына қарай ғылыми мекемелер мен тиiстi жоғары оқу орындары, ғалымдар мен мамандар арасынан тартылатын сарапшылар жүргiзедi.
Сарапшылар ретiнде жобаны дайындауға тiкелей қатыспаған адамдар тартылады.
Заң жобасы ғылыми сараптау үшiн шетелдiк және халықаралық ұйымдарға жiберiлуi мүмкiн, сондай-ақ басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан мамандар тартылуы мүмкiн.
Ғылыми сараптаманы жүргiзу бiр немесе бiрнеше сарапшыға (сарапшылық комиссиясына) тапсырылуы мүмкiн.
10. Заң жобасы бойынша әртүрлi мамандықтағы сарапшылар кешендi сараптама немесе әртүрлi дербес сараптамалар, қажет болған жағдайда - қайталама сараптама жүргiзуi мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысымен 11-тармақ жаңа редакцияда
11. Заң жобасын мемлекеттік органдармен келiсу Қазақстан Республикасы Үкіметінiң Регламентiнде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады.
12. Егер заң жобасын келiсу кезiнде келісім берушi мемлекеттік орган Уәкiлеттi орган келiспейтiн ескертпелер жасаса, заң жобасы жөніндегі келiспеушiлiктер хаттамасын Қазақстан Республикасы Yкіметінiң жанындағы Заң жобалау қызметi мәселелерi жөнiндегі ведомствоаралық комиссия қарайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі түпкiлiктi шешiмдi Ведомствоаралық комиссия дайындаған ұсыным кезiнде шығарады.
13. Заң жобасын ?кіметтiң қарауына енгізу тәртібін Қазақстан Республикасы Үкіметінiң Регламентi белгiлейдi.