39-бап. Жекелеген тауарлардың экспортын лицензиялау
1. Егер:
1) ішкі нарықта сатылуы (өткізілуі) немесе пайдаланылуы лицензия негізінде жүзеге асырылатын тауарлар экспорт нысаны болып табылса;
2) аталған тауарды өндіру және өткізу Қазақстан Республикасының заңдарымен мемлекеттік монополияға жатқызылған болса, жекелеген тауарлар экспорты лицензиялануы мүмкін.
2. Тауарлар экспортына лицензиялық тәртіпті өзге негіздер бойынша, оның ішінде тұтынушылардың мүддесінде ішкі тауар және азық-түлік нарығын қорғау және осыған байланысты тапшы тауарларды шетелге шығаруды шектеу себептері бойынша енгізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Тауарлар лицензияда көрсетілген мемлекеттерге ғана шығарылады.
40-бап. Жекелеген тауарлардың импортын лицензиялау
Жекелеген тауарлардың импортын лицензиялауды мемлекеттің, азаматтардың өмірінің немесе денсаулығының, қоршаған ортаның қауіпсіздігі тұрғысынан және сандық шектеулерді қолданбай отандық тауар өндірушілер мен Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
41-бап. Жекелеген тауарлардың импортын автоматты түрде
лицензиялау
Жекелеген тауарлардың импортын автоматты түрде лицензиялау кезінде өтініш барлық жағдайда мақұлданады. Бұл ретте, импорт операцияларын жүзеге асыру үшін импорттаушы мүшенің заңды талаптарын орындайтын кез келген тұлға импортқа лицензия алуға өтініш жасау және оны алу құқығын тең жағдайларда иеленеді. Лицензия алуға өтінішті тауарлар кедендік тазартылғанға дейін кез келген жұмыс күнінде беруге болады. Лицензия алуға өтініш пен қажетті құжаттар тиісті әрі толық нысанда ұсынылған жағдайда лицензия он жұмыс күні ішінде беріледі.
Импортты автоматты түрде лицензиялауға жататын тауарлардың тізбесін, сондай-ақ лицензияны беру мен ресімдеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5-тарау. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
берудің шарттары мен тәртібі
42-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беру шарттары
1. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша, егер облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы немесе орталық мемлекеттік органның аумақтық органдары лицензиар болып табылса, жеке немесе заңды тұлғаны тіркеу орны бойынша беріледі.
2. Лицензияны және лицензияға қосымшаны (лицензияланатын қызметтің кіші түрлері болған жағдайда) алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) заңды тұлға үшін - Жарғының (экспорт және импорт операцияларын қоспағанда) және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
6) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысу құқығына лицензия берген кезде құжаттар тізбесіне қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган да белгілей алады.
3. Лицензиясы бар қызмет түрі шеңберінде лицензияға қосымшаны алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) біліктілік талаптарына (қызметтің кіші түріне) сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
4. Қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласындағы органдардың қорытындыларын алу үшін лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің мемлекеттік тіркелген жері бойынша қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласындағы органдарға өтініш берушінің қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласында қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды ұсыну жөнінде сауал жібереді.
Қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласындағы органдар лицензиардың сауалының негізінде жиырма бес жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жеті жұмыс күні ішінде өтініш берушінің қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласында қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді және тиісті лицензиарға өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды жібереді.
5. Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысу құқығына лицензиялар берудің, беруден бас тартудың, оның қолданылуын тоқтата тұрудың, тоқтатудың тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
Валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметпен айналысуға лицензиялар берудің, беруден бас тартудың, оның қолданылуын тоқтатудың тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
Ойын бизнесі саласындағы қызметке лицензиялар берудің шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңымен айқындалады.
6. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін тиісті лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі аталған органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгі соғылып, өтініш берушіге жіберіледі (табыс етіледі).
43-бап. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру
туралы өтініштерді қарау мерзімдері
1. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар осы Заңда белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап - отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін (осы Заңның 19-бабы екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда) он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Лицензиар осы бапта белгіленген мерзім ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруге не лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтаруға міндетті.
2. Егер лицензиар осы Заңда белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны (немесе) лицензияға қосымшаны бермеген немесе өтініш берушіні лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, осы Заңда лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін және (немесе) кіші түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруге міндетті.
44-бап. Қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы
үшін төленетін лицензиялық алым
Қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін төленетін лицензиялық алым Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес лицензиялар (лицензиялардың телнұсқасы) берілген кезде алынады.
Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялық алым ставкаларын қоспағанда, қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Лицензияға қосымшаларды (лицензияға қосымшалардың телнұсқаларын) берген кезде лицензиялық алым алынбайды.
45-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беруден бас тарту
1. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) осы Заңға сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
3) қызмет түріне лицензия беруге өтініш берілген жағдайда қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда, лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруден бас тартылуы мүмкін.
Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты, сондай-ақ валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметпен айналысуға лицензиялар беруден бас тарту үшін қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілей алады.
2. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда лицензиар лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру үшін белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.
46-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беруден бас тартуға шағымдану
Егер лицензия және (немесе) лицензияға қосымша осы Заңда белгіленген мерзімде берілмесе немесе лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту өтініш берушіге дәлелсіз болып көрінсе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұл іс-әрекеттерге шағымдануға құқылы.
6-тарау. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта
ресімдеу, оның телнұсқаларын беру, қолданылуын тоқтату және
тоқтата тұру
47-бап. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның
телнұсқаларын қайта ресімдеу және беру
1. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын береді.
2. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің және (немесе) қызметтің кіші түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол күнтізбелік отыз күн ішінде аталған мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдейді.
48-бап. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның
қолданылуын тоқтату
1. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;
2) жүзеге асырылуына лицензия берілген іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;
3) лицензия алып қойылғанда;
4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну, немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
5) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
6) лицензияланатындардың тізбесінен қызметтің жекелеген түрі және (немесе) кіші түрі алып тасталса тоқтатылады.
2. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға міндетті.
49-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру
Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
7-тарау. Қорытынды ережелер
50-бап. Залалдарды өтеу
Лицензия беруден негізсіз бас тартудан немесе лицензиаттың құқығын бұзудан туындайтын залалдарды өтеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
51-бап. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы
заңнамасын бұзу
Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
52-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
2. «Лицензиялау туралы» 1995 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 3-4, 37-құжат; № 12, 88-құжат; № 14, 93-құжат; № 15-16, 109-құжат; № 24, 162-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 8-9, 236-құжат; 1997 ж., № 1-2, 8-құжат; № 7, 80-құжат; № 11, 144, 149-құжаттар; № 12, 184-құжат; № 13-14, 195, 205-құжаттар; № 22, 333-құжат; 1998 ж., № 14, 201-құжат; № 16, 219-құжат; № 17-18, 222, 224, 225-құжаттар; № 23, 416-құжат; № 24, 452-құжат; 1999 ж., № 20, 721, 727-құжаттар; № 21, 787-құжат; № 22, 791-құжат; № 23, 931-құжат; № 24, 1066-құжат; 2000 ж., № 10, 248-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 1, 7-құжат; № 8, 52, 54-құжаттар; № 13-14, 173, 176-құжаттар; № 23, 321-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 2, 17-құжат; № 15, 151-құжат; № 19-20, 165-құжат; 2003 ж., № 1-2, 2-құжат; № 4, 25-құжат; № 6, 34-құжат; № 10, 50, 51-құжаттар; № 11, 69-құжат; № 14, 107-құжат; № 15, 124, 128, 139-құжаттар; 2004 ж., № 2, 9-құжат; № 5, 27-құжат; № 10, 54-құжат; № 14, 82-құжат; № 15, 86-құжат; № 16, 91-құжат; № 17, 98-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; № 11, 37-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; № 13, 85-құжат; № 15, 92-құжат; № 16, 97, 102-құжаттар) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Астана, Ақорда, 2007 жылғы қаңтардың 11-сі.
№ 214-III ҚРЗ