34) міндетті экологиялық аудит жүргізу және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша дұрыс ақпарат беру туралы талаптардың сақталуына;
35) Қазақстан Республикасының құрылықтық қайраңында теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізу кезінде экологиялық талаптардың сақталуына;
36) қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау ережелерінің сақталуына мемлекеттік экологиялық бақылау жүзеге асырылады.
115-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды ұйымдастыру
1. Мемлекеттік экологиялық бақылау:
1) қоршаған ортаға эмиссияларды және табиғи ресурстарды есепке алу жөніндегі мемлекеттік және ведомстволық статистикалық есептілік материалдарын, сондай-ақ табиғатты пайдаланушылардың табиғат қорғау қызметі туралы деректерін талдау;
2) табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтауы мен орындауына тексерулер ұйымдастыру және жүргізу;
3) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін құқықтық құралдарды пайдалану жолымен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік экологиялық бақылау шаралар кешенін, оның ішінде:
1) бақылаудың басымдықтарын айқындауды;
2) бақылаудың қолданыстағы құралдарын пайдалануды;
3) қызметтің перспективалық жоспарларын, нақты іс-шаралар мен қажетті кадрлық және материалдық ресурстарды, сондай-ақ сапалық және сандық көрсеткіштерді әзірлеу мен енгізуді;
4) тексерілетін объектілер бойынша жұмыстардың жылдық және жедел жоспарларын әзірлеу мен енгізуді;
5) инспекторлық тексерулер жүргізуді;
6) талдама бақылаудың деректерін және мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті өзге де ақпаратты жинауды, талдау мен пайдалануды;
7) мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері қызметінің перспективалық, жылдық және жедел жоспарларын есепке алуды, құжаттауды және олардың іске асырылуын талдауды;
8) мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері қызметінің ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз етуді қамтиды.
116-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшесінің басшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы;
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшесі басшысының орынбасары болып табылатын Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторының орынбасары;
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшесінің басқарма бастықтары мен бастықтарының орынбасарлары және бөлім бастықтары болып табылатын Қазақстан Республикасының аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшесінің бас және жетекші мамандары болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары бастықтарының орынбасарлары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бас мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелерінің бастықтары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелерінің бас және жетекші мамандары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
облыстық маңызы бар қалалардың және аудандардың мемлекеттік экологиялық инспекторлары жатады.
2. Мемлекеттік экологиялық инспекторлар белгіленген тәртіппен нысанды киім-кешекпен, қызметтік куәліктермен, омырау белгілерімен және белгіленген үлгідегі мөрлермен және пломбирлермен қамтамасыз етіледі.
3. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның қызметіне араласуға жол берілмейді.
4. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға кедергі келтіретін, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қатысты күш көрсету немесе зорлық іс-әрекет жасау арқылы қатер төндіретін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Мемлекеттік экологиялық инспекторлардың өз өкілеттігі шегінде қабылдаған шешімдерін барлық жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті және солар бойынша жоғары тұрған мемлекеттік органға және (немесе) лауазымды адамға немесе сотқа шағым жасауға болады.
117-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары
1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) табиғат пайдаланушылармен, жеке тұлғалармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасасуға;
2) тексерілетін объектілерде, оның ішінде әскери және қорғаныс объектілерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кедергісіз болуға;
3) жеке және заңды тұлғалардың аумақтарына сынамалар алуға арналған өлшеу аспаптары мен жабдықтарды алып кіруге, қажет болғанда мамандарды және жұртшылық өкілдерін тарта отырып, қажетті өлшеу жұмыстарын жүргізуге, сынамалар (оның ішінде тауарлар мен материалдардың үлгілерін) алуға және оларға талдау жасауға;
4) мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға қажетті құжаттаманы, талдаулар нәтижелерін және өзге де материалдарды сұратуға және алуға;
5) табиғат пайдаланушының экологиялық нормалар мен талаптарды бұзуы қоршаған ортаға және (немесе) халықтың денсаулығына елеулі залал келтіруге әкеп соққан жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензияларды кері қайтарып алуға және (немесе) табиғи ресурстарды пайдалануға және алуға арналған шартты (келісім-шартты) бұзуға және (немесе) табиғат пайдалануға берілген экологиялық және өзге де рұқсаттарды тоқтата тұруға және оларды жоюға бастамашы болуға;
6) жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығаруға;
7) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметті шектеу, тоқтата тұру және тыйым салу туралы талап-арыздар ұсынуға;
8) қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға, тұлғаларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды тиісті органдарға жіберуге;
9) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшерін айқындауға немесе анықтауға қатысуға, залалды өтеу туралы нұсқама шығаруға және сотқа талап-арыз ұсынуға;
10) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылардың іс-әрекеттерін болғызбау немесе олардың жолын кесу үшін жәрдемдесуін сұрап, прокуратураға және құқық қорғау органдарына жүгінуге;
11) мердігер барлау, өндіру, бірлескен барлау мен өндіру жүргізуді не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға әкеп соққан себептерді жоюдан бас тартқан жағдайда не осы себептерді жою үшін жеткілікті мерзім ішінде оларды жоймаса; жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген шараларды қолданбаған кезде; жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұруға әкеп соққан себептерді жою мүмкін болмағанда; мердігер келісімшартта не бағдарламалық жұмыстарда белгіленген міндеттерді елеулі түрде бұзған кезде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы өз құзыреті шегінде құзыретті органға ұсыныс енгізуге құқылы.
2. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда арнаулы құралдарды (арнайы байланыс құралдарын, фото-бейне аппаратураларды, өлшеу құралдарын) сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
118-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың міндеттерi
Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзудың қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері бар фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға;
4) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауға;
5) инспекторлық ақпарат құпиялылығын сақтауға;
6) қызметтік әдеп ережелерін сақтауға міндетті.
13-тарау. Инспекторлық экологиялық тексерулер
119-бап. Инспекторлық экологиялық тексерулер ұғымы, түрлері және оларды ұйымдастыру
1. Инспекторлық экологиялық тексеру - мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтауы туралы ақпаратты жинауы мен талдауы арқылы жүзеге асырылатын іс-шаралар кешені.
2. Инспекторлық экологиялық тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жоспарлы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жоспарлаған және алдыңғы тексерулерге қатысты осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген уақыт аралығы ескеріліп жүргізілетін тексеру;
2) жоспардан тыс - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган төтенше экологиялық жағдайларға жедел ден қою қажеттілігі, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықты тікелей анықтаған не бұл жөнінде ақпарат келіп түскен, сондай-ақ объектілер пайдалануға берілген және одан шығарылған, өндіріс технологиясында елеулі өзгерістер болған, жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау жағдайларында белгілейтін тексеру;
3) қарсы - егер тексерулер жүргізу кезінде үшінші тұлғаларға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттігі туындайтын болса, осы тұлғаларға қатысты жүргізілетін тексеру;
4) рейдтік - Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының жекелеген талаптарын сақтауы мәселелері бойынша бірнеше шаруашылық жүргізуші субъектіні бір мезгілде тексеру;
5) кешенді - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган арнайы уәкілдік берілген мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізетін тексеру.
3. Осы Кодексте белгіленгендерден басқа инспекторлық экологиялық тексерулердің өзге түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, инспекторлық экологиялық тексеруді жүргізу табиғат пайдаланушының қызметін тоқтата тұруға тиіс емес.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган заңды тұлғаның оқшауланған бөлімшелерін осы Кодексте көзделген тәртіппен тексеруге құқылы.
6. Инспекторлық экологиялық тексерулерді ұйымдастыру:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган басшысының:
тексеру жүргізу мерзімін;
тексеру жүргізудің негізгі міндеттері мен мақсаттарын, оларды іске асыру рәсімін;
тексеру барысында анықтауға жататын мәселелер тізбесі мен мән-жайлар аясын;
тексеру жүргізу кестесін;
тексерілетін субъекті қызметінің ерекшелігіне сай өзге де ақпаратты қамтуға тиіс тексерудің жұмыс жоспарын белгіленген тәртіппен жасауын және бекітуін;
2) осы Кодекстің 121-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексерулердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық статистика мен арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда (бұдан әрі - құқықтық статистика жөніндегі орган) тіркелуін;
3) қоршаған ортадағы зиянды (ластаушы) заттардың сапалық және сандық құрамын, сондай-ақ қоршаған ортаға зиянды физикалық әсерді айқындаудың техникалық құралдарының дайындалуы мен қолданылуын қамтиды.
7. Табиғат пайдаланушы өзі уәкілдік берген өкілдің тексеруге қатысуын және объектілерге кедергісіз кіруді қамтамасыз етуге міндетті. Табиғат пайдаланушы мемлекеттік экологиялық инспекторларға қауіпсіздік техникасы бойынша қажетті нұсқама беруді жүргізуге және оларды жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті.
120-бап. Инспекторлық экологиялық тексерулер жүргізудің кезеңділігі мен мерзімдерi
1. Жоспарлы инспекторлық экологиялық тексерулер жылына бір реттен жиі жүргізілмейді.
2. Жоспарлы немесе кешенді тексерулер жүргізгеннен кейін табиғат пайдаланушыларға ағымдағы күнтізбелік жылдың ішінде жоспардан тыс және қарсы тексерулерді қоспағанда, инспекторлық экологиялық тексерулердің басқа түрлерін жүргізуге жол берілмейді.
3. Инспекторлық экологиялық тексерулер жүргізудің тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген мерзімі осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне оны тапсырған кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
4. Қоршаған ортаның авариялық ластануы жағдайларын қоспағанда, үш жыл бойы өндірістік экологиялық бағдарламаларды орындап отырған, Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының бұзылуына жол бермеген, есептілік құжаттаманы уақтылы, толық және сапалы беріп отыратын табиғат пайдаланушыларды инспекторлық экологиялық тексеру үш жылда бір реттен жиі жүргізілмейді.
5. Айрықша күрделі мәселелерді тексеру кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган құқықтық статистика органын хабардар ете отырып, инспекторлық экологиялық тексерулер жүргізу мерзімін күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
6. Тексеру үшін қажетті ақпарат беру туралы сауалдар жіберілген жағдайда, инспекторлық экологиялық тексерулер жүргізу мерзімі солар бойынша мәліметтер алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
121-бап. Инспекторлық экологиялық тексерулер жүргізу тәртібi
1. Тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық статистика жөніндегі органда міндетті түрде тіркелген, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның тексеруді тағайындау туралы актісінің (бұдан әрі - тексеруді тағайындау туралы акт) негізінде жүргізіледі.
2. Тексеруді тағайындау туралы актіде мынадай мәліметтер:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның атауы, тексеруді тағайындау өкілеттігі бар адамның тегі, аты-жөні, атқаратын лауазымы және оның қолы;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның журналы бойынша тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен тіркелген нөмірі;
3) тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылатын өзге де адамдардың тегі мен аты-жөні;
4) шаруашылық жүргізуші субъектінің толық атауы, орналасқан жері және салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
5) тексерудің түрі;
6) тексеру мәселесі;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексеруді тағайындаудың негізі қамтылуға тиіс.
3. Тексеру қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығына және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне төнген қатерді дереу жоюды талап ететін қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайдан туындаған ерекше жағдайларда, тексеру жұмыстан тыс уақытта (түнгі уақытта, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілген кезде, сондай-ақ бұзушылықтар олар жасалып жатқан кезінде анықталған және дәлелдемелерді бекіту үшін шұғыл әрекеттер жүргізу қажет болған жағдайларда тексеруді тағайындау туралы акт құқықтық статистика органына тексеру жүргізу басталғаннан кейінгі келесі жұмыс күні ішінде ұсынылады.
4. Тексерілетін объектіге келген соң мемлекеттік экологиялық инспектор:
1) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, құқықтық статистика жөніндегі органда тіркелгені туралы белгісі бар тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін;
3) қажет болғанда, режимді объектілерде болуға құзыретті орган берген рұқсатын;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның басшысы бекіткен тексеру жоспарын ұсынады.
5. Тексеруді тағайындау туралы актіні тексерілетін табиғат пайдаланушыға табыс еткен кезден бастап тексеру жүргізу басталды деп есептеледі.
6. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартқан немесе тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік экологиялық инспекторлардың тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік экологиялық инспектор және тексерілетін табиғат пайдаланушының уәкілетті өкілі қол қояды.
7. Тексерілетін табиғат пайдаланушының уәкілетті өкілі бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме беріп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеруді тоқтатуға негіз болып табылмайды.
8. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеруді жүргізе алады.
9. Тексеруді тағайындау туралы бір актінің негізінде бір ғана тексеру жүргізіле алады.
10. Тексеруді тағайындау туралы акті бір табиғат пайдаланушыға немесе оның оқшауланған бөлімшесіне ресімделеді.
11. Зерттеулер (сынақтар), сараптамалар жүргізу үшін өнімнің үлгілерін (сынамаларын) іріктеп алу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүргізіледі.
12. Түпнұсқа құжаттарды алу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
122-бап. Мемлекеттік экологиялық инспекторлардың инспекторлық экологиялық тексеру жүргізу үшін аумаққа немесе үй-жайға кіруіне жол беру
1. Табиғат пайдаланушы инспекторлық экологиялық тексеруді жүргізетін мемлекеттік экологиялық инспекторларды шаруашылық және өзге де қызмет процесінде пайдаланылатын аумаққа немесе үй-жайға (тұрғын үй-жайдан басқа) не шаруашылық және өзге де қызметпен байланысты объектілерге кіруіне жол беруге міндетті.
2. Инспекторлық экологиялық тексеруді жүргізетін мемлекеттік экологиялық инспекторлардың аталған аумаққа кіруіне кедергі келтірілген ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
Хаттамаға инспекторлық экологиялық тексеруді жүргізетін мемлекеттік экологиялық инспектор және табиғат пайдаланушы немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды. Аталған хаттамаға қол қоюдан бас тартқан ретте бұл жөнінде хаттамада белгі жасалып, табиғат пайдаланушы бас тартуының себебі туралы үш жұмыс күні ішінде жазбаша түсініктеме беруге міндетті.
3. Режимді объектіде болған кезде мемлекеттік экологиялық инспекторларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыретті орган берген рұқсат болуға тиіс.
4. Табиғат пайдаланушының:
1) тексеруді тағайындау туралы акт белгіленген тәртіппен ресімделмеген;
2) тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеру мерзімі басталмаған немесе өтіп кеткен;
3) тексеруді тағайындау туралы актіде бұл адамдар көрсетілмеген жағдайларда, мемлекеттік экологиялық инспекторларды инспекторлық экологиялық тексеру жүргізу үшін аумаққа немесе үй-жайға кіргізбеуге құқығы бар.
123-бап. Инспекторлық экологиялық тексеру нәтижелерi
1. Мемлекеттік экологиялық инспекторлар тексерулердің нәтижелері бойынша мынадай актілер:
1) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтау жөніндегі акт-нұсқаманы;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы;
3) әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны шығарады.
2. Акт-нұсқама қатаң есептегі құжат болып табылады және табиғат пайдаланушылар оны орындауға міндетті.
3. Акт-нұсқама:
1) инспекторлық экологиялық тексеру жүргізілген орны, акт-нұсқаманың жасалған күні;
2) тексерудің түрі;
3) тексеруді жүргізген мемлекеттік экологиялық инспекторлардың тегі, аты, әкесінің аты және лауазымдары;
4) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты немесе заңды тұлғаның толық атауы;
5) табиғат пайдаланушының орналасқан жері, банктік деректемелері, сондай-ақ оның есепке алу нөмірі;
6) табиғат пайдаланушының Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаға эмиссияларды есепке алу жөніндегі есептілікті жүргізуге жауапты басшысының және лауазымды адамдарының тегі, аты, әкесінің аты;
7) алдыңғы тексеру және бұрын анықталған Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғандығы анықталған жайларды жою жөнінде қолданылған шаралар туралы мәліметтер;
8) нормативтік құқықтық актілердің тиісті нормаларына сілтеме жасала отырып, Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының анықталған бұзушылықтары;
9) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою мерзімдері белгілене отырып, оларды жою туралы нұсқамалар көрсетіліп жасалады.
4. Табиғат пайдаланушыға акт-нұсқаманы тапсырған күн инспекторлық экологиялық тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
5. Егер Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу анықталмаса, бұл жөнінде инспекторлық экологиялық тексерудің акт-нұсқамасына тиісті белгі жасалады.
6. Акт-нұсқамаға құжаттардың қажетті көшірмелері, талдамалық бақылаудың деректері және инспекторлық экологиялық тексеру барысында алынған басқа да материалдар қоса тіркеледі.
7. Акт-нұсқама екі дана етіп жасалып, оған инспекторлық экологиялық тексерудің барлық қатысушылары және табиғат пайдаланушының уәкілетті өкілі қол қояды. Соңғысы актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде акт-нұсқамада белгі жасалады.
8. Тексеру нәтижелері бойынша ескертпелер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда табиғат пайдаланушының уәкілетті өкілі оларды жазбаша түрде баяндайды. Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар акт-нұсқамаға қоса тіркеледі, ол жөнінде тиісті белгі жасалады.
9. Акт-нұсқаманың бір данасы оны алғаны туралы белгі қойылып, табиғат пайдаланушының уәкілетті өкіліне табыс етіледі. Акт-нұсқаманы алудан бас тартылған жағдайда, акт-нұсқама табыс етілгені туралы хабарлама беріле отырып табиғат пайдаланушыға жіберіледі.
10. Акт-нұсқама арнайы тіркеу журналында тіркеледі, ол нөмірленуге, тігілуге және оған қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мөрі басылуға тиіс.
11. Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтау жөніндегі акт-нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты акт-нұсқаманы орындау мерзімі аяқталғаннан кейін жеті жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етуге тиіс.
124-бап. Инспекторлық экологиялық тексеру нәтижелерін ресімдеу тәртібi
1. Егер инспекторлық экологиялық тексеру барысында Қазақстан Республикасы экономикалық заңнамасының бұзылуы анықталған жағдайда, акт-нұсқамада көрсетілген нәтижелердің негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарады, ол табиғат пайдаланушыға жіберіледі.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны ресімдеу, сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
3. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны алған табиғат пайдаланушы, егер инспекторлық экологиялық тексеру нәтижелеріне шағымданбаған болса, оны қаулыда белгіленген мерзімдерде орындауға міндетті.
4. Анықталған экологиялық құқық бұзушылық соттың қарауына жатқызылған жағдайда, мұндай құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезінен бастап үш тәулік ішінде сотқа жіберіледі.
125-бап. Инспекторлық экологиялық тексерудің қосалқы құралдары
1. Талдамалық және камералдық бақылау инспекторлық экологиялық тексерудің қосалқы құралдары болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құрамына кіретін зертхананың инспекторлық экологиялық тексерудің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етуі мақсатында тікелей табиғи объектілерде және ластау көздерінде талдамалық бақылау жүзеге асырылады.
3. Талдамалық бақылаудың нәтижелері табиғат пайдаланушының қоршаған орта сапасының нормативтерін сақтауын айқындайды және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтамауды негіздеу үшін пайдаланылады.