6-тарау. ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ СОТ АЛҚАЛАРЫНЫҢ ТӨРАҒАЛАРЫ МЕН СУДЬЯЛАРЫ, ЖЕРГІЛІКТІ ЖӘНЕ БАСҚА СОТТАР ТӨРАҒАЛАРЫ МЕН СОТ АЛҚАЛАРЫНЫҢ ТӨРАҒАЛАРЫ ҚЫЗМЕТІНЕ ТАҒАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫМДАР ШЫҒАРУ
2012.16.02. № 560-ІV ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17-бап. Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағалары мен судьяларының, жергілікті және басқа соттар төрағалары мен сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды қарау тәртібі
1. Облыстық және оған теңестірілген соттар төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағалары мен судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде енгізген ұсынуы бойынша баламалы негізде қарайды.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Аудандық және оған теңестірілген сот төрағасының бос лауазымына кандидатураларды Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың жалпы отырысының шешімі негізінде енгізген ұсынуы бойынша баламалы негізде қарайды.
Аудандық және оған теңестірілген сот төрағасының лауазымына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады.
Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады.
Бұл ретте аудандық сот төрағасының, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың судьясы мен алқа төрағаларының лауазымына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған адамдарға басымдық беріледі.
3. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуына тиісті соттың жалпы отырысында баламалы негізде қаралған барлық кандидаттардың материалдары қоса беріледі.
4. Кеңес осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген бос лауазымдарға ұсынылған барлық кандидатураларды отырыста міндетті түрде қарайды.
18-бап. Бос қызмет орнына кандидаттарды қарау шарттары
2010.29.12. № 376-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.16.02. № 560-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы мен сот алқасы төрағасының қызметіне Кеңес ұсынымын алу үшін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін, заң мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі немесе кемінде бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар және тиісті облыстық соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған азаматтар ұсынылады.
Облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады.
2010.29.12. № 376-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьясының қызметіне Кеңес ұсынымын алу үшін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін, заң мамандығы бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі немесе кемінде он жыл судьялық жұмыс өтілі бар және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған азаматтар ұсынылады.
Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының қызметіне кандидатуралар Жоғарғы Сот судьяларының арасынан ұсынылады.
3. Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағалары мен судьялары, жергілікті және басқа соттар төрағалары, сот алқалары төрағалары қызметіне тағайындау үшін кандидатураларды қарау нәтижелері бойынша ұсыным, осы Заңның 16-бабының 3-тармағында көзделген өлшемдерден басқа:
1) кандидаттың ұйымдастырушылық қабілеті;
2) соттар мен сот алқаларының жұмыс істеп жүрген төрағалары үшін - сот төрелігін жүзеге асыру сапасының көрсеткіштері ескеріле отырып шығарылады.
2012.16.02. № 560-ІV ҚР Заңымен 7-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7-тарау. Төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы материалдарды қарау тәртібі»;
2012.16.02. № 560-ІV ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
19-бап. Сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы не босатудан бас тарту туралы мәселені қарау үшін негіздер
1. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы Кеңестің сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады. Сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін, кәсіби жарамсыздығына орай немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін лауазымынан босату жөніндегі ұсынуды Жоғарғы Сот Төрағасы Кеңеске Сот жюриі шешімінің негізінде енгізеді.
2. Кеңес материалдарды алғаннан кейін, регламентте белгіленген тәртіппен ондағы мәліметтерді сот төрағасынан, сот алқасының төрағасынан, судьядан және басқа да адамдардан жазбаша түсініктеме алу, тиісті құжаттарды талап етіп алдыру және олармен танысу, мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан өзге де ақпараттарды алу арқылы тексереді.
3. Тексерудің нәтижелері бойынша анықтама әзірленеді. Анықтамада анықталған мән-жайлар, тексерушілердің қорытындысы мен ұсыныстары қамтылып, олардың қолдары қойылуға тиіс.
20-бап. Тексерудің нәтижелерімен судьяны таныстыру
1. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен таныстырылуға тиіс. Бұл ретте ол қосымша түсініктемелер беріп, белгілі бір мән-жайларды тексеру туралы өтініш бере алады.
2. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, ол туралы хаттама жасалады, оған тексеруді жүргізген адамдар қол қояды.
2012.16.02. № 560-ІV ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарау
1. Кеңес сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қараған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы алынған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның Кеңес отырысына дәлелсіз себептермен келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның, Кеңес хатшысының өтініші бойынша шақырылған басқа да адамдардың хабарламалары тыңдалуы, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.
2. Кеңестің шешімі нақты материалдарға сілтеме жасай отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне сот төрағасы, сот алқасының төрағасы және судья лауазымынан босату туралы қабылданған ұсынымға не оны қабылдаудан бас тартуға негіз болған мән-жайларды қамтуға тиіс.
3. Кеңестің сот төрағасы, сот алқасының төрағасы және судья лауазымынан босатуға ұсыным беруден бас тартуы Сот жюриінің өзі шығарған шешімінің күшін жою және оларды қайта қарау үшін негіз болып табылады.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
22-бап. Кеңес аппараты
1. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Кеңес аппараты жүзеге асырады.
2. Кеңес аппаратының қызметі заңнамамен және Кеңес регламентімен регламенттеледі.
3. Кеңес аппаратының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болып табылады.
23-бап. Өтпелі және қорытынды ережелер
1. Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасына біліктілік емтиханын тапсыру нәтижесі осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін алты жыл бойы өз күшін сақтайды.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» 2001 жылғы 28 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 10, 144-құжат);
2) «Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасы туралы» 2001 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 15-16, 235-құжат).
24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда 2008 жылғы қарашаның 17-сі.
№ 79-ІV ҚРЗ