20) мемлекет кепілдік берген қарыз - мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыз;
21) мемлекеттік борышты қайта қаржыландыру - жаңадан алынған қарыз қаражаттары есебінен мемлекеттік борышты өтеу;
22) мемлекеттік емес қарыз - Қазақстан Республикасының Үкіметін, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен жергілікті атқарушы органдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының резиденті қарыз алушы болатын қарыз қатынастары;
23) мемлекеттік кепілдіктерді беру лимиті - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін, оның шегінде мемлекеттік кепілдіктер берілуі мүмкін тіркелген сома;
24) мемлекеттік қарыз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе жергілікті атқарушы органдар болатын қарыз қатынастары;
25) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болатын қарыз қатынастарында оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;
26) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру - Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарын бірінші иеленушілерге азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау арқылы иеліктен шығаруы;
27) негізгі борыш сомасы - қарыз берушіден алынған және оған қайтарылмаған қарызды, сол бойынша сыйақының (мүдденің), тұрақсыздық төлемінің (айыппұлдың, өсімпұлдың) есептелген сомасын есепке алмастан, өтелуге жататын сома;
28) сақтандыру шарты - қарыз алушы қарыз шарттары бойынша өзінен алынуға тиесілі соманы белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда, сақтандыру ұйымының қарыз берушінің алдындағы мемлекет кепілгерлігімен қамтамасыз етілген қарыз бойынша берешекті өтеу жөніндегі міндеттемесін көздейтін шарт;
29) сыйақының (мүдденің) тіркелмеген (құбылмалы) ставкасы - нарық конъюнктурасына байланысты өзгерістерге ұшыраған кредиттер, қарыздар жөніндегі сыйақы (мүдде) ставкасы немесе сыйақымен (мүддемен) қоса бағалы қағаздар бойынша кіріс;
30) сыртқы қарыз - қарыз беруші Қазақстан Республикасының резиденті емес, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының резиденті болатын қарыз қатынастары;
31) үкіметтік борыш - Қазақстан Республикасының Үкіметі алған және өтемеген мемлекеттік қарыздарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышына жатқызылған белгілі бір күнге борыштық міндеттемелердің сомасы;
32) үкіметтік борыш лимиті - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін, алынған және өтелмеген үкіметтік қарыздардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерінің тіркелген сомасы, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің белгіленген күнге (қаржы жылының аяғына) нақты борышынан асып кетпеуге тиіс;
33) ішкі қарыз - қарыз беруші Қазақстан Республикасының резиденті, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының резиденті болатын қарыз қатынастары.»;
15) 194-бапта:
1-тармақтағы «қарыздардың» деген сөзден кейін «, концессиялық міндеттемелердің» деген сөздермен толықтырылсын;
3 және 4-тармақтардағы «қарыз беруші» деген сөздер алып тасталсын;
16) 195-баптың 4-тармағы «төленген» деген сөзден кейін «, концессиялық міндеттемелер ақысы төленген» деген сөздермен толықтырылсын;
17) 196-бапта:
1) тармақшаның бірінші сөйлемі «ұсынудың» деген сөзден кейін «, концессиялық міндеттемелерді қабылдаудың» деген сөздермен толықтырылсын;
4) тармақша:
«мемлекеттік қарыздарды» деген сөздерден кейін «, концессиялық міндеттемелерді» деген сөздермен толықтырылсын;
«қызмет көрсету» деген сөздерден кейін «, концессиялық міндеттемелерді орындау» деген сөздермен толықтырылсын;
18) мынадай мазмұндағы 45-1 және 45-2-тараулармен толықтырылсын:
«45-1-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелері
204-2-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелер қабылдауы
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелер қабылдауы:
1) орта мерзімді кезеңге концессияға ұсынылған объектілер тізбесін қалыптастыру;
2) концессиялық міндеттемелерді қабылдаудың қаржылық шекарасын және басымдықтарын бекіту негізінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерді қабылдауын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әрбір жекелеген концессиялық жоба бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің негізінде жүзеге асырады.
204-3-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерді орындауы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерді орындауын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.
45-2-тарау. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелері
204-4-бап. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелер қабылдауы
1. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді қабылдауы:
1) орта мерзімді кезеңге концессияға ұсынылған объектілер тізбесін қалыптастыру;
2) концессиялық міндеттемелерді қабылдаудың қаржылық шекарасын және басымдықтарын белгілеу негізінде жүзеге асырылады.
2. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді қабылдауын бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган әрбір жекелеген концессиялық жоба бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты шешімінің негізінде жүзеге асырады.
204-5-бап. Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелер қабылдауын шектеу
Жергілікті атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелер қабылдауы тиісті жергілікті атқарушы органның белгіленген борыш лимитімен және тиісті жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге бағытталған жергілікті бюджет қаражаты көлемімен шектеледі.»;
19) 218-1-баптың 1-тармағында:
бірінші бөліктегі «мемлекетке берілетін концессия объектісінің құнынан аспайтын» деген сөздер «кепілгерлік шартына сәйкес» деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Кепілгерлік бойынша міндеттемелер қарыздың негізгі сомасын және ол бойынша сыйақыны қамтиды.»;
20) 218-9-бап мынадай мазмұндағы бірінші бөлікпен толықтырылсын:
«Кепілгерге міндеттемелерін орындау жөніндегі талаптар қарызды өтеу күнінен кейінгі күнтізбелік жүз сексен күн өткен соң болатын күнге дейін қойылуы мүмкін.».
4. «Табиғи монополиялар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., №16, 214-құжат; 1999 ж., №19, 646-құжат; 2000 ж., №3-4, 66-құжат; 2001 ж., №23, 309-құжат; 2002 ж., №23-24, 193-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; №23, 138, 142-құжаттар; 2006 ж., №2, 17-құжат; №3, 22-құжат; №4, 24-құжат; №8, 45-құжат; №13, 87-құжат; 2007 ж., №3, 20-құжат; №19, 148-құжат):
4-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
«6-1) концессия шарттары бойынша темір жол көлігі объектілері бар темір жолдар қызметтерінің;»;
15-1-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Өз қызметін концессия шарттары бойынша жүзеге асыратын табиғи монополия субъектілерінің реттелетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тарифтерін (бағаларын, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.».
5. «Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., №17-18, 246-құжат; 2004 ж., №23, 142-құжат; 2006 ж., №1, 5-құжат; №14, 89-құжат; №24, 148-құжат; 2007 ж., №16, 129-құжат):
1) 1-баптың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) ақылы автомобиль жолдары - өздеріне қатысты ақылы негізде пайдаланылу туралы шешім қабылданған және онымен жүргені үшін ақы алынатын автомобиль жолдары;»;
2) 5-баптың 2-тармағындағы «сапасы нормативтік актілерде белгіленген мемлекеттік стандарттардың талаптарына сай келетін баламалы тегін жол жүрудің болуы,» және «ақылы» деген сөздер алып тасталсын;
3) мынадай мазмұндағы 5-1, 5-2 және 5-3-баптармен толықтырылсын:
«5-1-бап. Автомобиль жолын ақылы негізде пайдалану туралы шешім қабылдау
1. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына қатысты автомобиль жолдарын ақылы негізде пайдалану туралы шешімдер:
1) І санатты автомобиль жолдары салынған;
2) қазіргі бар автомобиль жолдарының негізгі параметрлерін І санатқа дейін жеткізу арқылы реконструкцияланған жағдайда қабылдануы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған жолдарды елді мекендердің шекарасында салу немесе реконструкциялау, олар көше желісінің үстінен немесе оны сыртынан айналдыра жүргізілгенде ғана мүмкін болады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті органның ұсынысы бойынша, жол салудың немесе реконструкциялаудың балама нұсқаларын қоса бере отырып, автомобиль жолын ақылы негізде пайдалану туралы шешім қабылдайды.
3. Автомобиль жолын ақылы негізде пайдалану туралы шешімде:
1) қазіргі бар басқа баламалы жолмен жүру мүмкіндігімен қоса бастапқы және соңғы пункттер;
2) басқа автомобиль жолдарымен қиылысулар және басқа автомобиль жолдарына қосылулар тізбесі;
3) техникалық сыныптама мен негізгі параметрлер;
4) ұзындығы;
5) жүргені үшін ақының ең жоғары ставкасы;
6) басқа автомобиль жолымен баламалы түрде жүре алмайтын, іргелес елді мекендердің тізбесі;
7) ақылы негізде пайдаланылу мерзімі көрсетілуге тиіс.
4. Автомобиль жолын ақылы негізде пайдалану туралы шешім ол қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспа басылымдарда мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялануға тиіс.
5-2-бап. Ақылы автомобиль жолдарын, оның ішінде концессияға берілген ақылы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеу бойынша жеңілдіктер
1. Ақылы автомобиль жолдарын, оның ішінде концессияға берілген ақылы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеуден:
1) қызметтік міндеттерін орындаған кезде:
жедел медициналық жәрдем ұйымдарының;
өртке қарсы қызметтің;
авариялық-құтқару қызметтерінің;
жол-патруль қызметінің арнаулы автокөлік құралдары босатылады;
2) басқа автомобиль жолымен баламалы түрде жүру болмаған кезде:
қала маңындағы бағыттарда және елді мекендерді: кенттерді, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, астанамен немесе республикалық маңызы бар қаламен қосатын бағыттарда жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автобустар;
ақылы автомобиль жолына іргелес аудандардың аталған әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген автобустары бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін;
жүк автокөлік құралдары, өздігінен жүретін доңғалақты ауылшаруашылық, мелиорациялық машиналар таяу көлікке арналған айрықтары арасындағы жол кесінділері шегінде су тосқауылдары мен темір жолдарды кесіп өту үшін;
ақылы автомобиль жолына іргелес аудандардың жеке және заңды тұлғаларының аталған әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген жеңіл автомобильдері бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін босатылады.
5-3-бап. Ақылы автомобиль жолын пайдалануды тоқтату және тоқтата тұру
1. Ақылы автомобиль жолын пайдалануды тоқтату автомобиль жолын ақылы негізде пайдалану туралы шешімде көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.
2. Ақылы автомобиль жолын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен соғыс жағдайы, төтенше жағдай енгізілген, сондай-ақ табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде пайдалануды тоқтата тұру белгілі бір мерзімге жүзеге асырылады.
3. Автомобиль жолының иесі осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап ақылы автомобиль жолын пайдалануды тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.».
6. «Темір жол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 23, 315-құжат; 2003 ж., № 10, 54-құжат; 2004 ж., № 18, 110-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 13, 87-құжат; № 14, 89-құжат; № 16, 99-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; №19, 148-құжат):
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 17-1), 17-2) және 17-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«17-1) концессия шарттары бойынша темір жолдар - концессия шарты бойынша салынған және пайдаланылатын және магистралдық темір жол желісіне енгізілмеген темір жолдар;
17-2) концессия шарты бойынша темір жол көлігінің объектілері - концессия шарты бойынша салынған және пайдаланылатын және магистралдық темір жол желісіне енгізілмеген объектілер;
17-3) концессия шарттары бойынша темір жол көлігі объектілері бар темір жол қызметтері - концессия шарты бойынша салынған және пайдаланылатын темір жол көлігі объектілері бар темір жолдарды пайдалануға беру және олар бойынша жылжымалы құрамды өткізуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер;»;
2) 5-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Концессионерге концессия шарттары бойынша темір жолдарға және темір жол көлігі объектілеріне концессия шартының мерзіміне иелену мен пайдалану құқығы беріледі.
Концессия шарттары бойынша темір жолдар және темір жол көлігінің объектілері концессия шартының мерзімі аяқталғанға дейін магистралдық темір жол желісінің құрамына енгізілмейді.»;
3) 12-баптың 1-тармағындағы «қызметтердің бағасы Қазақстан Республикасының заңдарына» деген сөздер «қызметтердің және концессия шарттары бойынша темір жол көлігі объектілері бар темір жолдар қызметтерінің бағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 16-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Магистралдық темір жол желісінің операторы концессионермен концессия шартын іске асыру үшін тараптардың өзара қарым-қатынастарын регламенттейтін шарт жасасуға міндетті.»;
5) 18-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы «станцияларына бөлінген жерлер жатады.» деген сөздер «станцияларына;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы жаңа 4) және 5) тармақшалармен толықтырылсын:
«4) темір жолдардың бөлінген белдеулері мен қорғалатын аймақтарына;
5) концессия шарттары бойынша темір жолдар мен темір жол көлігінің объектілеріне бөлінген жерлер жатады.».
7. «Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 1-2, 4-құжат; 2005 ж., № 9, 26-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; 2007 ж., № 4, 28-құжат):
1-бапта:
1) тармақша «ұлғайту» деген сөзден кейін «, сондай-ақ концессионердің (құқық мирасқорының) концессия шарты шеңберінде жасаған және алған тіркелген активтері» деген сөздермен толықтырылсын;
2) тармақша «ұлғайту жөніндегі» деген сөздерден кейін «, сондай-ақ концессионердің (құқық мирасқорының) концессия шарты шеңберінде жасаған және алған тіркелген активтері жөніндегі» деген сөздермен толықтырылсын;
4) тармақша «инвестициялық жоба -» деген сөздерден кейін «концессионердің (құқық мирасқорының) концессия шарты шеңберінде жасаған және алған өндірісін қоса алғанда,» деген сөздермен толықтырылсын.
8. «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 14, 119-құжат; 2004 ж., № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 58-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; 2007 ж., №2, 18-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат):
1-баптың 27-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«27-1) инфрақұрылымдық облигация - эмитент міндеттемелерінің орындалуы мемлекет пен эмитент арасында жасалған инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жөніндегі концессиялық келісім шеңберінде мемлекеттің кепілгерлігімен қамтамасыз етілген, Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында орналастырылған облигация;».
9. «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., №17, 102-құжат; 2006 ж., №3, 22-құжат; №7, 38-құжат; №13, 87-құжат; №24, 148-құжат; 2007 ж., №19, 148-құжат):
9-баптың 3-тармағындағы «концессиялық келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ұлттық электр желісі құрамына» деген сөздер «олар құрылған кезден бастап республикалық меншікке» деген сөздермен ауыстырылсын.
10. «Концессиялар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., №14, 88-құжат):
1) кіріспеде:
«жағдайларын» деген сөзден кейін «, концессионерді мемлекеттік қолдау түрлерін» деген сөздермен толықтырылсын;
«және орындау» деген сөздер «, орындау және тоқтату» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 1-бапта:
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) концессия - концессия шарты бойынша мемлекеттік меншік объектілерін жақсарту және тиімді пайдалану мақсатында уақытша иеленуге және пайдалануға беру, сондай-ақ мұндай объектілерді одан әрі пайдалануы үшін концессионерге оны иелену, пайдалану құқықтарын беру арқылы, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды ұсыну арқылы не онсыз кейіннен мұндай объектілерді мемлекетке бере отырып, концессионердің қаражаты есебінен немесе концеденттің қоса қаржыландыруы шартымен жаңа объектілер құру (салу) құқықтарын беру;»;
мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
«5-1) концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым - Қазақстан Республикасының Үкіметі концессия мәселелері бойынша қызметтер көрсету үшін құрған ұйым;»;
6) тармақша «жұмыс» деген сөздің алдынан «тізбеге енгізілген,» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 8-1) және 10-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«8-1) концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру - концессия объектілерін құруға (салуға) және реконструкциялауға арналған шығындардың белгілі бір көлемін қаржыландыру үшін бюджет қаражатын бөлу;»;
«10-1) тізбе - концессияға ұсынылатын объектілердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, орташа мерзімдік кезеңге арналған тізбесі;»;
3) 3-бапта:
бірінші абзацтағы «Концессия объектілерін беруге» деген сөздер «Концессияға» деген сөзбен ауыстырылсын;
3) тармақшадағы «қамтамасыз етуге негізделеді.» деген сөздер «қамтамасыз етуге;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) және 5) тармақшалармен толықтырылсын:
«4) еркін бәсекелестікке;
5) барлық ықтимал концессионерлердің теңдігіне және кемсітушілікке жол бермеуге негізделеді.»;
4) 5-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Шарт талаптарын орындау нәтижесінде пайда болған концессия объектісі концессионердің осы объектілерді кейіннен пайдалануы арқылы концессия объектісін құрған кезден бастап мемлекеттік меншікке беріледі.»;
4-тармақтағы «концеденттің алдын ала жазбаша келісімінсіз» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Егер концессия шартында өзгеше көзделмесе, концессионер өзіне концессия шарты бойынша иелік етуге және пайдалануға берілген мемлекеттік мүліктің, сондай-ақ концессия шартын орындау нәтижелері бойынша пайда болған мүліктің кездейсоқ жойылу немесе бүліну тәуекелін көтереді.»;
5) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«7-бап. Концессионердің шығындарын өтеу және кірістерін алу көздері
1. Концессионердің концессия шартын орындауға байланысты шығындары өндірілген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сату және концессия объектісін пайдалану процесінде кірістер алу арқылы өтелуі мүмкін.
2. Концессионер өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) пайдалануға жеңілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе тиісті жергілікті атқарушы органдар осы баптың 2-тармағында көрсетілген, көлемі мен ұсынылу талаптары концессия шартында айқындалатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тұтынушылары бола алады.
4. Мемлекет Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес концессионердің инвестициялық шығындарына өтемақы беруі мүмкін.»;
6) 8-бапта:
1) және 3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) тізбені бекітеді;»;
«3) концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережелерін бекітеді;»;
мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:
«7) концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды құрады;
8) концессияға берілуі мүмкін объектілердің техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі - техникалық-экономикалық негіздеме) әзірлеу үшін іріктелген ұсыныстардың тізілімін бекітеді.»;
7) 9, 10 және 11-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«9-бап. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның өкілеттіктері
Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) мыналарды:
ұсыныстарды талдау мен сараптауды;
техникалық-экономикалық негіздемені бағалау мен экономикалық сараптауды;
конкурстық құжаттаманы сараптауды;
концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу кезінде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық жобаларды талдау мен сараптауды;
концессия шарттарының жобаларын сараптауды жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады;
2) техникалық-экономикалық негіздеменің экономикалық сараптамасының нәтижелерін ескере отырып, тізбені қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
3) конкурстық құжаттаманы және концессия шартын келіседі;
4) концессиялық міндеттемелерді қабылдаудың қаржылық шектері мен басымдықтарын белгілейді.
10-бап. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның өкілеттіліктері
Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) тізбені келіседі;
2) республикалық меншікке жататын объектілерге қатысты конкурстық құжаттаманы келіседі;
3) концессия шарттары бойынша мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің шарттарын жасасады, сондай-ақ концессия шарттары бойынша берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізеді;
4) жасалған концессия шарттары бойынша концессиялық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді;
5) концессиялық міндеттемелерді тіркейді;
6) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген жағдайда концессиялық жобаларды келіседі.
11-бап. Уәкілетті мемлекеттік органның республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктері
Республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) республикалық меншікке жататын және осы Заңның 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген объектілер бойынша тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары табыс ететін ұсыныстарды олар ұсынылған кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде тізбеге енгізу үшін келіседі;
2) республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының тізілімін жүргізеді;
3) өз құзыреті шегінде республикалық меншікте болатын концессия объектілері бойынша концессия шарттарының орындалу мониторингін жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген жағдайда концессиялық жобаларды келіседі;
5) концессия шарттары негізінде құрылған (салынған) объектілерді республикалық меншікке қабылдайды;
6) концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау тәртібін айқындайды.»;
8) 12-бапта:
1) тармақшада:
«жеке және заңды тұлғалардың» деген сөздердің алдынан «осы Заңның 15-1-бабына сәйкес» деген сөздермен толықтырылсын;
«концессия объектілері» деген сөздер «объектілер» деген сөзбен ауыстырылсын;
«2), 3) және 4) тармақшалардағы «16-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында» деген сөздер «16-бабының 2-тармағында» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 6), 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:
«6) концессия шарттары негізінде құрылған (салынған) объектілерді республикалық меншікке беруді ұйымдастырады;
7) республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша бұрын жасалған концессия шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, концессионерді таңдау жөніндегі ашық конкурсты өткізу жолымен жаңа концессионерлерді тартуды ұйымдастырады;
8) қажет болған жағдайда концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады.»;
9) 13-бапта:
1) тармақшада:
«жеке және заңды тұлғалардың» деген сөздердің алдынан «осы Заңның 15-1-бабына сәйкес» деген сөздермен толықтырылсын;
«концессия объектілері» деген сөздер «объектілер» деген сөзбен ауыстырылсын;
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) концессия шартын жасасу кезінде тиісті өңірдегі халықтың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мүдделерінің сақталуына байланысты мәселелерді шешу үшін конкурсты ұйымдастырушыға республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты ұсыныстар енгізеді;»;
4) тармақшадағы «объектілерге» деген сөз «концессия объектілеріне» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 8) және 9) тармақшалармен толықтырылсын:
«8) концессия шарттары негізінде құрылған (салынған) объектілерді коммуналдық меншікке қабылдайды;
9) коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша бұрын жасалған концессия шартының қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, концессионерді таңдау жөніндегі ашық конкурсты өткізу жолымен жаңа концессионерлерді тартуды ұйымдастырады.»;
10) 14-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 5), 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:
«5) концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру;
6) егер концессионер өндіретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) негізгі тұтынушысы мемлекет болса, мемлекеттің тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) белгілі бір көлемін тұтыну кепілдігі;