Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 желтоқсандағы № 1301 Қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 24 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 10) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 1301 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесі
Осы Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібін анықтайды.
1. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жоспарлау
Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің
жоспарланатын номенклатурасын әзірлеу және бекіту
1. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын номенклатурасын жыл сайын осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес анықталған үлгі нысан негізінде тапсырыс берушінің бірінші басшысы (жауапты хатшы) әзірлейді және бекітеді.
2. Тиісті қаржы жылына арналған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын номенклатурасы Заңның 5-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтерді қамтуы тиіс.
3. Жоспарланатын номенклатураның бір позициясында тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тиісті бөлімнің және кіші бөлімнің шегінде олардың біртектілігі белгісі бойынша ғана топқа бөлінуі мүмкін. Жоспарланатын номенклатураның бір позициясында біртекті емес бірнеше тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті көрсетуге жол берілмейді.
4. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын номенклатурасына өзгерістер мен толықтыруларды Заңның 5-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда тапсырыс беруші енгізеді.
5. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын номенклатурасында қамтылатын мәліметтерді тиісті қаржы жылына арналған тапсырыс берушінің бюджеттің (бизнес-жоспарын, кірістер мен шығыстар сметасын, жеке қаржыландыру жоспарларын) жоспарлау процесінде ол пайдаланады.
6. Тапсырыс беруші тиісті бюджетті (бизнес-жоспарды, кірістер мен шығыстар сметасын, жеке қаржыландыру жоспарларын) бекіткен күннен бастап он жұмыс күні ішінде:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің номенклатурасын бекітеді;
2) тиісті қаржы жылына арналған бекітілген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын номенклатурасы негізінде осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді.
Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді
мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлеу және бекіту
7. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың бекітілген немесе нақтыланған жылдық жоспарының негізінде ғана қабылдайды.
8. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілеттік органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) жібереді не ұсынады. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына тапсырыс берушінің бірінші басшысы (жауапты хатшы) немесе оның міндетін атқарушы мен бас бухгалтері қол қояды.
9. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде уәкілетті органға көрсетілген шешімнің көшірмелерін және енгізілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар мемлекеттік сатып алу жоспарынан үзінді көшірмелерді береді. Көрсетілген шешімдерге тапсырыс берушінің бірінші басшысы (жауапты хатшы) мен бас бухгалтері қол қояды.
Мемлекеттік сатып алудың нақтыланған жылдық жоспарын тапсырыс беруші осы Ереженің 8-бөліміне сәйкес ақпараттық жүйелер мен электронды құжат айналымын пайдалана отырып, уәкілетті органға жібереді.
10. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын оны бекіткен (нақтылаған) күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тапсырыс берушінің веб-сайтына орналастырылады.
11. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды екі кезеңді рәсімді пайдаланып, конкурс тәсілімен өткізген жағдайда ғана бюджет бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдай алады.
2. Жалпы ережелер
12. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау үшін тапсырыс беруші Заңның 7-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны анықтайды.
13. Егер тапсырыс беруші өзінің мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауға жауапты құрылымдық бөлімшесінің атынан мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы болған жағдайда әрекет еткен жағдайда тапсырыс беруші өзінің бұйрығымен оны мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге жауапты етіп анықтайды және осындай құрылымдық бөлімшенің басшысына тиісті сенімхат береді.
Егер тапсырыс берушінің құрылымдық бөлімшесі заңды тұлға болып табылған жағдайда тапсырыс беруші бұйрықпен оны мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге жауап етіп айқындайды.
Егер мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы болып үшінші заңды тұлға әрекет ететін болса, онда тапсырыс беруші онымен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге шарт жасасады.
Бұл ретте мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы оны тапсырыс берушімен, әлеуетті өнім берушілермен, тиісті комиссиялармен және сарапшымен өзара қарым-қатынаста білдіретін лауазымды тұлғаны анықтайды. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының өкілі мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауға жауапты құрылымдық бөлімше қызметкерлерінің қатарынан, осы құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес анықталады.
14. Тапсырыс беруші алдағы мемлекеттік сатып алуларда оның мүддесін білдіретін тапсырыс берушінің лауазымды тұлғасын анықтайды.
15. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекеме, оған қатысты мемлекеттік басқару органы болып әрекет ететін заңды тұлға не оған қатысты бюджеттік бағдарламаның әкімшісі мемлекеттік басқару органы болып әрекет ететін заңды тұлғамен аффилиирленген тұлға үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы.
Мемлекеттік кәсіпорын онымен аффилиирленген тұлғалар үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы.
Акцияларының (үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлға онымен аффилиирленген тұлғалар үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі оған қатысты ол құрылтайшы (уәкілетті орган) не акционер болып табылатын заңды тұлға үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы.
16. Бірыңғай мемлекеттік сатып алуды өткізу мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бірнеше тапсырыс беруші үшін олардың арасынан мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыны белгілеуге құқылы;
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі бірнеше тапсырыс беруші үшін олардың арасынан бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны белгілеуге құқылы;
3) тапсырыс беруші тапсырыс берушіге ведомстволық бағынысты бірнеше мемлекеттік мекеме немесе онымен аффилиирленген тұлғалар үшін мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде әрекет етуге құқылы;
4) тапсырыс беруші тапсырыс берушіге ведомстволық бағынысты бірнеше мемлекеттік мекеме немесе онымен аффилиирленген тұлғалар үшін олардың арасынан мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысын белгілеуге құқылы;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі оларға қатысты құрылтайшы (уәкілетті орган) не акционер болып табылатын заңды тұлғалар үшін ол мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде әрекет етуге құқылы.
Осы тармақтың 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны (мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыны) анықтауға Заңның 7-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарды сақтаған кезде жол беріледі.
17. Осы Ереженің 16-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыны анықтаған жағдайда тапсырыс берушілер конкурсты ұйымдастырушыға ол белгілеген мерзімде конкурсты ұйымдастыру мен өткізу үшін қажетті ақпаратты, оның ішінде белгіленген нысан бойынша жылдық жоспарды, сатып алынатын тауарлардың (қызметтердің) техникалық өзіндік ерекшелігін, құрылыс жұмыстарын сатып алу кезінде объект салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы ұсынады, сондай-ақ конкурсты бірыңғай ұйымдастырушыны осы ақпараттағы барлық өзгерістер туралы тез арада хабардар етеді. Бұл ретте тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алуды өткізу жөніндегі рәсімдерге қатысу үшін өзінің уәкілетті өкілдерін анықтайды.
Бірыңғай ұйымдастырушы өткізген конкурстың қорытындысы бойынша тапсырыс берушілер жеңімпаздармен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасады.
18. Күрделі техникалық сипаттамалары және ерекшелігі бар тауарларды мемлекеттік сатып алуды жүргізген жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осындай тауарларды осы Ережеде анықталған тәртіппен уақытша заңды тұлғалар бірлестіктерінен (консорциумдардан) сатып алады. Уақытша бірлестіктердің мемлекеттік сатып алуларында қатысқан жағдайда, осындай заңды тұлғалар өз біліктілік талаптарын бекіту үшін осы Ережеде белгіленген құжаттармен қатар мынадай құжаттарды беруге тиіс:
1) заңды тұлғалардың (консорциумның) мүшелері арасында жасалған нотариалды тіркелген ортақ жауапкершілік шарты;
2) тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету құқығына арналған тиісті лицензиялар.
3. Конкурс тәсілімен жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін
қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу
19. Конкурс тәсілімен жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу мынадай дәйекті іс-шаралардың орындалуын көздейді:
1) тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны, тапсырыс берушінің уәкілетті өкілін белгілеуі;
2) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілін анықтауы;
3) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурстық құжаттаманы әзірлеуі, сондай-ақ қажет болған кезде сараптау комиссиясының құрамын (сарапшыны) қалыптастыруы және бекітуі;
4) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурстық комиссияның құрамын, конкурстық комиссияның хатшысын қалыптастыруы және бекітуі;
5) тапсырыс берушінің конкурстық құжаттаманы бекітуі;
6) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарлауы;
7) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерге конкурстық құжаттаманың көшірмесін ұсынуы, сондай-ақ осындай әлеуетті өнім берушілер туралы мәліметтерді конкурстық құжаттаманы алған тұлғаларды тіркеу журналына енгізуі;
8) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының осы Ереженің 47-49-тармақтарында көзделген жағдайларда оның көшірмесін алған әлеуетті өнім берушілерге конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіруі;
9) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді тіркеу журналына тіркеуі;
10) конкурстық комиссияның конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашуы, сондай-ақ конкурстық комиссия отырысының тиісті хаттамасын ресімдеуі;
11) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасының көшірмесін әлеуетті өнім берушілерге не олар туралы мәліметтер конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналына енгізілген олардың уәкілетті өкілдеріне жіберуі;
12) конкурстық комиссияның біліктілік талаптарға және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді анықтау үшін конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауы;
13) конкурстық комиссияның конкурсқа қатысуға рұқсат етілген әлеуетті өнім берушілердің тізбесін қалыптастыруы және жіберу туралы тиісті хаттаманы ресімдеуі;
14) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерге рұқсат беру туралы хаттаманың көшірмелерін жіберуі;
15) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурстық баға ұсыныстары бар конверттерді конкурсқа қатысуға жіберілген әлеуетті өнім берушілер ұсынған конкурстық баға ұсыныстарын тіркеу журналында мәліметтерді тіркеуі;
16) конкурсқа қатысушылардың баға ұсыныстары салынған конверттерді ашу, конкурстық комиссияның конкурстық баға ұсыныстарын бағалауы және салыстыруы (конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындыларын шығару);
17) конкурстық комиссияның конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттаманы ресімдеуі және оған қол қоюы және Заңның 27-бабына сәйкес оны мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының жіберуі;
18) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы жүргізген конкурстың қорытындылары бойынша тапсырыс беруші конкурстың жеңімпазымен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасады.
20. Тапсырыс беруші Заңның 5-бабы 10-тармағында көзделген жағдайларда мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
Конкурстық құжаттаманы әзірлеу, келісу және бекіту
21. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу шарттары мен тәртібін анықтау үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Үлгі конкурстық құжаттаманың негізінде конкурстық құжаттаманы әзірлейді және оны тапсырыс берушімен келіседі.
22. Конкурстық құжаттама мыналарды қамтуы тиіс:
1) әлеуетті өнім беруші өзінің (және олар тартатын қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) жалпы біліктілік талаптарға сәйкестігін растауға ұсынатын құжаттардың тізбесі;
құқықтық-қабілетін (заңды тұлғалар үшін), жеке тұлғалар үшін азаматтық әрекетке қабілетін растайтын нотариалды куәландырылған құжаттар (кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелгені туралы құжат, СТН, жеке куәлігінің көшірмесі);
заңды тұлға заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесін ұсынуы тиіс. Қазақстан Республикасының резидент еместері мемлекеттік және (немесе) орыс тілдеріне аудара отырып нотариалды куәландырылған сауда тізілімінен жария етілген үзінді көшірмені ұсынуы тиіс;
әлеуетті өнім берушінің сатып алынатын тауарларды өндіруге, қайта өңдеуге, беруге және өткізуге, жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге құқығын растайтын лицензиялардың және/немесе патенттердің, куәліктердің, сертификаттардың, дипломдардың, басқа құжаттардың, сондай-ақ ұсынылатын тауарға меншік құқығын растайтын немесе тауардың меншік иесі не оның ресми өкілі атынан тауарды сатуға арналған құқықты растайтын құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;
заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені (қайта тіркелгені) туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі. Егер заңды тұлға қызметін заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген. Үлгі жарғының негізінде жүзеге асырса, онда мемлекеттік тіркеу туралы өтінішінің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
жарғыдан немесе құрылтайшы немесе құрылтайшылардың құрамы туралы мәліметтерді қамтитын құрылтайшы құжаттардан нотариалды куәландырылған көшірме немесе конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан кешіктірмей берілген акцияларды ұстаушылар тізілімінен нотариалды куәландырылған көшірме;
төлем қабілеттілігін растайтын құжаттар:
Үлгі конкурстық құжаттамаға 10-қосымшаға сәйкес әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсетілетін банктің немесе банк филиалының әлеуетті өнім берушінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердегі және ипотекалық компаниялардағы бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің немесе банк филиалының алдындағы міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан астам созылған мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы банктің (банк филиалының) бірінші басшысының немесе оның орынбасарының банктің мөрі соғылған анықтамасының түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі (егер әлеуетті өнім беруші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдардың, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады). Анықтама конкурстық өтінімдер салынған конверттер ашылатын күннің алдындағы бір айдан кешіктірмей алынуға тиіс;
Анықтамаға қол қойған лауазымды тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттың болмауы осындай әлеуетті өнім берушіні біліктілік талаптарға сәйкес келмейді деп тануға негіз болып табылмайды;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде міндетті аудит жүргізу белгіленген заңды тұлғалардың соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есебінің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі. Егер конверттерді ашу ағымдағы жылдың 1 маусымына дейінгі мерзімде болған жағдайда, соңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылындағы аудиторлық есептің нотариалды куәландырылған көшірмесі берілуі мүмкін;
бірінші басшы немесе оны алмастыратын тұлға, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған соңғы қаржы жылындағы бухгалтерлік теңгерімнің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі. Егер конверттерді ашу ағымдағы жылдың 30 сәуіріне дейінгі мерзімде жүргізілсе, онда соңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылындағы бухгалтерлік теңгерімнің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі ұсынылуы мүмкін;
салық органының басшысының немесе орынбасарының қолы бар конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашатын күннің алдындағы бір айдан кешіктірілмей алынған үш айдан астам салық берешегінің және жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқтығы туралы тиісті салық органының белгіленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасы;
болған кезде ҚҚС (қосылған құн салығы) бойынша есепке қою туралы куәлігінің көшірмесі.
Осы Ережеге 12-қосымшаға сәйкес конкурсқа қатысуға өтініммен бірге әлеуетті өнім берушінің өткізілетін мемлекеттік сатып алу сомасының бір жүз пайызына тең мөлшерде Қазақстан Республикасының бір не бірнеше резидент банктерінің банктік кепілдігі түрінде шарттың орындалуын қамтамасыз етуді ұсыну арқылы төлем қабілеттілігі туралы жалпы біліктілік талабына сәйкестігін растау құқығы туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелердің толық орындалуы үшін конкурстық құжаттамада белгіленген мерзімге әлеуетті өнім беруші ұсынады;
2) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның қосалқы мердігерлері (бірлесіп орындаушылар) олардың арнайы біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін беретін құжаттардың тізбесі;
Үлгі конкурстық құжаттамаға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарларды шығару және/немесе беру, қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау үшін қызметкерлердің біліктілігін, мамандығы бойынша жұмыс өтілін көрсете отырып, олардың болуы және саны туралы құжаттың түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі;
Үлгі конкурстық құжаттамаға 6, 7, 8-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша әлеуетті өнім берушінің және оның қосалқы мердігерлерінің (бірлесіп орындаушылардың) осы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды көрсете отырып, арнайы біліктілік және өзге талаптардың тізбесін қамтитын мемлекеттік сатып алу процесіне қатысуға арналған біліктілік туралы мәліметтер;
3) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атауы және орналасқан жері;
4) Үлгі конкурстық құжаттамаға 2, 3-қосымшаларға сәйкес белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы, техникалық өзіндік ерекшелікті, ал қажет болған кезде нормативтік-техникалық құжаттаманы көрсете отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасы және талап етілетін техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары. Өндірістік және тұрғын-үй азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен үй-жайларды, сондай-ақ көлемді, жазықты немесе желілік объектілерді салуға, қайта жаңартуға, техникалық қайта жарақтандыруға және күрделі жөндеуге арналған мердігерлік жұмыстарды мемлекеттік сатып алу кезінде конкурстық құжаттама сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы қамтуға тиіс;
5) лот нөмірін, өлшем бірлігін, жеткізу санын, шарттарын, жеткізу мерзімі мен орнын, төлем шарттарын және сатып алуға бөлінген соманы көрсете отырып, Үлгі конкурстық құжаттамаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі;
6) осы Ережеге 4 және 5-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша үлгі шарттың негізінде әзірленетін елеулі шарттарын көрсете отырып, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасы;
7) бағаны қоспағанда, оның негізінде конкурс жеңімпазы анықталатын барлық өлшемдердің сипаттамасы, оның ішінде осындай өлшемдердің әрқайсысының салыстырмалы мәні және шартты бағаны есептеу әдісі;
8) конкурстық баға ұсынысының мазмұнына қойылатын талаптар, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасынан басқа, оларды тасымалдауға және сақтандыруға, кеден баждарын, салықтарды және алымдарды төлеуге арналған шығыстарды, сондай-ақ тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау шарттарында көзделген өзге шығыстарды, сондай-ақ Үлгі конкурстық құжаттамаға 13-қосымшаға сәйкес баға ұсынысын беру нысанын көрсету;
9) конкурсқа қатысушының баға ұсынысы көрсетілуге тиіс валюта немесе валюталар және оларды салыстыру мен бағалау мақсатында шартты бағаны бірыңғай валютаға келтіру үшін қолданылатын бағам;
10) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімдерді жасау және ұсыну тіліне қойылатын талаптар, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар;
11) конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімді енгізу шарттары, мазмұны және қамтамасыз ету түрлері;
12) әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өзінің өтінімін оларды берудің соңғы мерзімі біткенге дейін өзгерту немесе қайтарып алу құқығына нұсқама;
13) конкурсқа қатысуға өтінім салынған конвертті ұсыну тәртібі, тәсілі, орны және соңғы мерзімі (бірақ жұмыс күнінің жергілікті уақытпен он бес сағатынан кешіктірмей) және конкурсқа қатысуға өтінімдердің талап етілетін қолданылу мерзімі (мемлекеттік орган және мемлекеттік мекеме өткізетін тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім беруші ұсынатын конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі конкурстық өтінімдер ашылатын күннен бастап кемінде 45 күн, ал, акцияларының (үлестерінің) елу пайыздан астамы бақылау пакеті мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорын, заңды тұлға және олармен аффилиирленген заңды тұлға өткізетіндігі - кемінде 35 күн болуға тиіс. Конкурстық құжаттамада көрсетілгеннен қолданылу мерзімі неғұрлым қысқа конкурстық өтінім кейінге қалдырылады);
14) оның көмегімен әлеуетті өнім берушілер конкурстық құжаттаманың мазмұны жөнінде түсіндірулер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру бойынша әлеуетті өнім берушілермен кездесу өткізу орнын, күнін және уақытын сұратуы мүмкін тәсілдер;
15) конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу орны, күні мен уақыты (конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді берудің соңғы мерзімінен кейін екі сағаттан кешіктірмей);
16) конкурс тәсілімен алдағы мемлекеттік сатып алуларда білдіруге уәкілетті тапсырыс берушінің және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының өкілдері туралы мәліметтер;
17) осы Ереженің 156-тармағында анықталған жағдайларда мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу шарттары, түрлері, көлемі мен тәсілі;