Каспий теңізі қазақстандық секторының мұнайлы-газдылығының келешегін бағамдауды жеделдету және оны игеру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 9 маусым 1993 ж. № 488 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2008.04.05. № 406 Қаулысымен күші жойылды
Каспий теңізі қазақстандық секторының мұнайлы-газдылығының келешегін бағамдауды жеделдету және шельф кен орындарын Халықаралық консорциум құру жолы мен шетел инвестицияларын қатыстыра отырып игеру үшін Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті қаулы етеді:
1. Ұйымдастыру комиссиясы әзірлеген Каспий теңізі қазақстандық секторының шельфтік кен орындарын бағамдау мен дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңі толығымен және Қазақстан Республикасының тиісті міндеттемелері енгізілетін, Каспий теңізі шельфінің қазақстандық секторын зерттеу мен игеру жөніндегі консорциум туралы алдын ала келісімнің Энергетика және отын ресурстары министрлігі табыс етіп, мүдделі министрліктермен және ведомстволармен келісілген тексі мақұлдансын.
Жоғарыда аталған Келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қою Энергетика және отын ресурстары министрі Қ.Қ. Бәйкеновке тапсырылсын.
2. Энергетика және отын ресурстары министрлігі Қазақстан Республикасының Экономика министрлігі жанындағы Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттікпен бірлесіп, Каспий теңізі шельфінің геологиялық-геофизикалық экологиялық зерделеу, кадрларды оқыту және қайта даярлау, аймақты әлеуметтік дамыту бағдарламасын талдап жасау үшін мүдделі министрліктер мен ведомстволардың өкілдерінен жұмыс тобын құратын болсын.
3. «Қазақстанкаспийшельф» мемлекеттік компаниясы Қазақстан Республикасынан Консорциумға мүше, сондай-ақ Консорциумның операторы болып табылатыны ескеріліп, оған аталған Келісімдегі өкілеттіктер берілсін.
4. Консорциумның ұйымдастырылуына байланысты Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі алдын ала келісімге қол қойылған сәттен бастап, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің аумақтық аймағында геологиялық барлау жұмыстарына арналған лицензиялар беруді тоқтатсын.
Консорциум қолданылатын кезеңге оған «Қазақстанкаспийшельф» мемлекеттік компаниясы атынан осы аймақты геологиялық зерттеу үшін жер қойнауы берілсін, Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі Каспий теңізі қазақстандық секторының бүкіл аумағында геологиялық барлау жұмыстарына арналған бас лицензия, сондай-ақ Консорциум туралы келісімде ескертілген шарттар негізінде кен бөліктерін беретін болсын.
5. Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлігі Экология және биоресурстар министрлігімен, Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, үстіміздегі жылдың ішінде Каспий теңізінің қорық аймағы болып табылатын солтүстік секторында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді регламенттейтін нормативтік және заңдық актілердің жобаларын Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қарауына табыс етсін.
6. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Геодезия және картография бас басқармасы мен Гидрометеорология жөніндегі бас басқармасы Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлігімен және Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, екі айлық мерзімде Каспий теңізі бойынша геологиялық-геофизикалық және барлау жұмыстарын жобалау мен жүргізуді қамтамасыз етуге қажетті материалдарды әзірлейтін болсын.
7. Қазақстан Республикасының министрліктері, ведомстволары, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласының әкімдері Каспий теңізінің қазақстандық секторына қатысты қажетті ақпараттар алуда, қызметтік және өндірістік үй-жайлар, мамандарға тұрғын алаң, өндірістік базалар мен тұрғын үйлер салу үшін жер учаскелерін бөлуде, әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуде «Қазақстанкаспийшельф» мемлекеттік компаниясына көмек көрсетсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі | |