мемлекеттік кепілдік беру туралы келісім - бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның, агенттің және қарыз алушының арасындағы мемлекеттік кепілдік беру туралы тараптардың құқықтық қатынастарын белгілейтін мемлекет кепілдік берген қарыз, мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді атқарған жағдайда оқшауландырылған республикалық бюджеттің қаражатын қайтару бойынша мемлекет кепілдік берген қарыз шартына сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі келісім;
түпкі қарыз алушы - Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын қарыз алушы анықтаған шарттарда қарыз қаражатын түпкі алушы;
контрагент - үкіметтік қарыздарды хеджирлеу мақсатында бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен жасалатын үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәміле тарабы;
үкіметтік қарыздарды хеджирлеу - үкіметтік қарыз алу (валюталық, пайыздық және өзге де) тәуекелдерін басқару мақсатында бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган мен контрагенттің арасында мәміле жасау.
508. Қабылданған макроэкономикалық көрсеткіштерді негізге ала отырып, бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган ҚР ҰБ-мен және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, Алдағы үш жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзімді жоспарының (бұдан әрі - Орта мерзімді жоспар), жинақталған мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың көлемі мен құрылымының негізінде үкіметтік қарыз алу мен борыштың алдағы орта мерзімді кезеңіне арналған жыл сайынғы жағдайын бағалау және болжауды жүргізеді.
509. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алу көлемдерін, нысандарын және шарттарын, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте бекітілетін үкіметтік борышты өтеу және қызмет көрсету көлемдерін анықтайды.
510. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін тартылатын болжанған үкіметтік қарыздардың тізбесін қалыптастыру бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп:
1) қолданыстағы сыртқы қарыздар қаражаты түсімдерінің тізбесі мен жылдық көлемін;
2) қаражаттың түсуінің ықтимал тізбесі мен жылдық көлемін және олардың даярлық дәрежесіне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің сыртқы борышының жинақталған қалдық деңгейіне және халықаралық қаржы ұйымдары мен дамуға ресми көмек көрсететін донор-мемлекеттердің үкіметтерімен, басқа да сыртқы кредит берушілермен өзара іс-қимылдың перспективаларына негіздей отырып қол қоюға дайындалып жатқан бағдарламалық және инвестициялық сыртқы қарыздарды;
3) ішкі және халықаралық капитал нарықтарында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қоса алғанда, жоғарыда санамаланған көздер жаппаған бюджеттің тапшы бөлігін қаржыландыру үшін ықтимал өзге қарыз алу көздері мен құралдарын анықтауды қамтиды.
58-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару жолымен қарыз алуы
511. Қазақстан Республикасының Үкіметі ішкі және халықаралық капитал нарықтарында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы шешім қабылдайды.
512. Халықаралық капиталдар нарықтарына мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару үшін:
1) елдің кредиттік рейтингін жаңарту, инвесторларды тарту мақсатында мемлекеттік бағалы қағаздар шығару нарығы мен әріптестерін анықтау жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;
2) осындай мәміле үшін белгіленген талаптарға сәйкес қажетті құжаттамалар дайындау жүзеге асырылады.
59-тарау. Қарыз шарттарын жасасу жолымен Қазақстан Республикасы Yкіметінің қарыз алуы
513. Бюджеттік қатынастарды реттеу саласында экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган орталық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жыл сайын басым инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесін қалыптастырады және оны республикалық бюджет комиссиясына бекітуге ұсынады.
514. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті кезеңіне арналған басым инвестициялық жобалардың тізбесі шегінде белгілі бір қарызды тарту туралы Қазақстан Республикасы Yкіметінің шешімін дайындау үшін мүдделі министрліктер мен ұйымдарды тарта отырып:
1) қарыз капиталының конъюнктурасын зерделеуді және қарыз алу мүмкіндігін бағалауды;
2) тиісті жылға арналған жаңа үкіметтік қарыздар есебінен қаржыландыру ұйғарылатын жобаның қаржылық сипаттамасын талдауды;
3) орын алып отырған мүмкіндіктер шеңберінде жобаны қаржыландыру бойынша баламалы ұсыныстарды дайындауды;
4) қарыз шарттарын (нысаны, қарыз алушылар, кредит алушылар, шектеулер) жасасу жолымен сыртқы қарызды тарта отырып жобаны қаржыландыру сызбасы бойынша ұсыныстар дайындауды;
5) жобаны қаржыландыру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады.
515. Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыз шартын жасасу нысанында қарыз алу кезінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мыналарды:
1) қаржыландыруға ұсынылған жоба, күтілетін қарыз шарттары бойынша кредит берушілермен келіссөздер ұйымдастыруды және өткізуді;
2) шарттардың қолайлылығын және олардың қаржылық (бюджеттік) шектеулерге сәйкестігін бағалауды;
3) қарыз шарты мен ілеспе құжаттардың жобаларын дайындауды;
4) қарыз қаражатын пайдалану қатынастарын, оны өтеу мен оған қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның түпкілікті қарыз алушылармен, қарыз алушылардың агенттермен қарыз бойынша міндеттемелерінің есебін жүргізетін және қызмет көрсететін ұйымдармен қатынастарды реттейтін құжаттарды дайындауды және ресімдеуді қамтитын дайындықтарды жүзеге асырады.
516. Үкіметтік қарыз бойынша құжаттамаларды келісуді мүдделі мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Дайындалған құжаттамалар негізінде әділет органының қарыз бойынша құжаттамаға құқықтық сараптама жүргізуі жүзеге асырылады, нәтижесі тиісті қорытындымен ресімделеді.
517. Қазақстан Республикасының Yкіметі бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ұсынысы негізінде қарыз шартын жасасу жолымен үкіметтік қарызды тарту туралы шешім қабылдайды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімінде қарыз алуды жүзеге асыру нысаны мен оның көлемі, қарыз шартымен ілеспе құжаттарға қол қою үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және ресми тұлғаларының өкілеттіктері белгіленеді.
518. Ресімделген қарыз шартына қол қою Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.
519. Қарыз шарты Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің ратификациялануына жатады.
520. Қарыз шарты жасалғаннан және ол ратификацияланғаннан кейін қарыз шартының талаптарында көзделген жағдайларда әділет органы қорытынды ресімдейді.
521. Қол қойылған қарыз шарттары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда тіркеуге жатады.
522. Сыртқы үкіметтік қарыздар/гранттар бойынша алынған қаражат республикалық бюджетте көрсетіледі және Қазақстан Республикасының тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңына сәйкес оның атқарылу ретіне қарай пайдаланылады.
523. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган қарыздар/гранттар жөніндегі атқарушы агенттердің (түпкі қарыз алушылардың, Банктердің, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің) міндетті түрде ұсынған, сондай-ақ кредит берушілерден алынған ақпараттар негізінде сыртқы қарыздардың/гранттардың қаражатын есепке алуды жүзеге асырады.
524. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган қарыздар/гранттар жөніндегі атқарушы агенттердің (түпкі қарыз алушылардың, Банктердің, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің) міндетті түрде ұсынған, сондай-ақ кредит берушілерден алынған ақпараттар негізінде жобалардың іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады. Атқарушы агенттердің ақпараттарды ұсыну нысаны мен мерзімін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейді.
60-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды іске асыру
525. Халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдардың немесе басқа донорлардың (бұдан әрі - донорлар) Қазақстан Республикасының Үкіметіне беретін қарыз шарттары немесе байланысты грант туралы келісімдер шеңберінде қарыз қаражатын ойдағыдай пайдалану мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жанынан белгіленген штат саны шегінде жобаны жүзеге асыруға жауапты құрылымдық бөлімше анықталады.
526. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі:
1) жоба құрауыштары бөлінісінде, оның ішінде республикалық бюджет қаражатынан қарыз шартының немесе байланысты грант туралы келісімнің барлық қолданылу кезеңінде жылдар бойынша жұмыстардың тізбесін, қаржыландырудың мерзімін және көлемін қамтитын инвестициялық жобаны іске асыру кестесін әзірлейді;
2) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде инвестициялық жобаны қаржыландыру көлемін белгіленген тәртіппен жоспарлайды;
3) қарыз шартында немесе байланысты грант туралы келісімде көзделген рәсімдерге сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу жолымен инвестициялық жобаны іске асыруды жүзеге асырады;
4) донормен келісілген тендерлік комиссияның шешімі негізінде тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға келісім-шарттар жасасады;
5) жасасқан келісім-шарттардың мониторингін, сондай-ақ сыртқы қарыз қаражатының, гранттың және қазақстан тарапының бірлесіп қаржыландырған қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
6) жыл сайын ағымдағы жылдың жиырмасыншы желтоқсанына қарай бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға алдағы қаржы жылына арналған сатып алудың егжей-тегжейлі жоспарын ұсынады.
527. Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қарыз алушы ретінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган:
1) конкурстық комиссияның отырыстарына қатысу жолымен тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуды жүргізу кезінде донорлардың рәсімдер мен ережелерді сақтауын бақылауды, сондай-ақ үкіметтік сыртқы қарыздар қаражатының және қазақстан тарапының бірлесіп қаржыландыру қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
2) егер мұндай, қарыз шартында немесе байланысты грант туралы келісімде немесе қарыз алушы банктердің жекелеген іріктеу тәртібімен реттелетін инвестициялық жобаларды қаржыландыру схемасында көзделген жағдайда жобаны іске асыруға қатысу үшін қазақстандық екінші деңгейдегі банктерді немесе басқа ұйымдарды іріктеуді жүзеге асырады;
3) Банктермен келісім бойынша үкіметтік сыртқы қарыздардың қаражатын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірлесіп қаржыландыру қаражатын республикалық бюджетке қайтару туралы түпкі қарыз алушымен кредиттік шарт әзірлейді және оған қол қояды;
4) Жобаларды іске асыру мониторингін жүзеге асырады;
5) жергілікті консультанттардың, сондай-ақ үкіметтік сыртқы қарыздардың қаражаты, байланысты гранттардың және республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру қаражатының есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды іске асыру барысында тартылатын қосымша персоналдың лауазымдары тізілімін және лауазымдық коэффициенттер кестесін бекітеді.
61-тарау. Қарыз және грант қаражаты есебінен тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша конкурстар өткізу
528. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша конкурстар өткізу кезінде:
Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі:
1) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен және донормен сатып алынатын тауарлардың, консультанттар үшін техникалық тапсырмалардың, сондай-ақ мердігерлер үшін техникалық құжаттамалардың техникалық ерекшеліктерін әзірлейді және келіседі;
2) конкурсқа қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын бағалау үшін конкурстық комиссия құрады. Төрағаны және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бір өкілін қоса алғанда, конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауы және кемі үш адам болуы тиіс;
3) донордың рәсімдерін және тәртібін басшылыққа алады;
4) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша конкурстардың нәтижелерін, келісім-шарттардың жобаларын, сондай-ақ оларға енгізілген кез келген өзгерістерді және/немесе толықтыруларды келіседі;
5) инвестициялық жоба шеңберінде жасалған келісім-шарттардың орындалуын бақылайды.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган:
1) сатып алынатын тауарлардың техникалық ерекшеліктерін, консультанттар үшін техникалық тапсырмаларды, сондай-ақ мердігерлер үшін техникалық құжаттамаларды келіседі;
2) конкурстық комиссияның құрамына енгізу үшін өзінің өкілін жібереді;
3) конкурстардың нәтижелерін, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу жөніндегі келісім-шарттардың жобаларын, сондай-ақ оларға кез келген өзгерістерді және/немесе толықтыруларды келіседі.
529. Конкурсқа қатысушылардың біліктіліктеріне, сатып алынатын тауарлардың, мердігерлер үшін конкурстық құжаттамалардың, сондай-ақ атқарушы агенттердің консультанттары үшін техникалық тапсырмалардың техникалық ерекшеліктеріне қойылатын талаптарды әзірлеу кезінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мен донордың алдын ала келісімі бойынша отандық компаниялардың қатысу мүмкіндіктері ескерілуі тиіс.
530. Белгіленетін біліктілік талаптарының дәрежесі келісім-шарттардың уақытылы және сапалы атқарылуына ешқандай қауіп тудырмауы тиіс, өз кезегінде қазақстандық компаниялардың конкурсқа қатыспай қалуына себеп болуы мүмкін негізсіз жоғары талаптардың орын алуын жою қажет.
531. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу бойынша донордың ережелерінде отандық мердігерлерге, тауарлар өндірушілерге (берушілерге) және консультанттарға көзделген жеңілдіктер орын алған жағдайда атқарушы агент конкурстық құжаттарда көзделген жеңілдіктерді ескере отырып түскен конкурстық ұсыныстарды бағалау және салыстыру рәсімдері сипатталған тиісті баптарды көздеуі тиіс.
532. Егер, халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, үкіметтік сыртқы қарыз немесе грант шеңберінде қаржыландырылатын инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының бірлесіп қаржыландыру қаражатынан тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
62-тарау. Мемлекет кепілдік берген қарыздарды алу және пайдалану тәртібi
533. Осы мемлекет кепілдік берген қарыздарды алу және пайдалану тарауы (бұдан әрі - тарау) мемлекеттік кепілдіктермен мемлекеттік емес қарыздардың есебінен қаржыландырылуға ұсынылатын инвестициялық жобаларды (бұдан әрі - инвестициялық жобалар) іріктеу рәсімін және Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер (бұдан әрі - мемлекеттік кепілдіктер) беру рәсімдерін анықтайды.
534. Мемлекеттік кепілдіктер беру үдерісі мынадай негізгі кезеңдерді:
1) инвестициялық жобаларды іріктеуді;
2) басым бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесін қалыптастыруды, қарау мен бекітуді;
3) мемлекеттік кепілдікті беруді қамтитын іс-шаралар кешенін қамтиды.
535. Мемлекеттік (үкіметтік, тәуелсіз) (бұдан әрі - мемлекеттік кепілдіктер) кепілдіктер беру үдерісінің негізгі қатысушылары қарыз алушылар, салалық уәкілетті органдар, экономикалық жоспарлау жөніндегі, бюджетті атқару жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау, еңбек жөніндегі уәкілетті орган, әділет органы, Республикалық бюджет комиссиясы, Қазақстанның Даму Банкі болып табылады.
536. Қарыз алушылар:
1) техникалық-экономикалық негіздемені (бұдан әрі - ТЭН) және инвестициялық жобалардың бизнес-жоспарларын даярлауды жүзеге асырады;
2) осы Тәртіпке және мемлекеттік кепілдіктер беру үдерісіне қатысушылардың талаптарына сәйкес инвестициялық жобаларды қарау үшін талап етілетін құжаттамаларды ұсынуды қамтамасыз етеді.
537. Салалық уәкілетті органдар:
1) инвестициялық жобаларға салалық сараптама жүргізеді;
2) салалық сараптаманың нәтижелері бойынша тиісті қорытындыларды ұсынады.
538. Бюджет атқару жөніндегі уәкілетті орган:
1) инвестициялық жобалардың қаржылық сараптамасын жүзеге асырады;
2) мемлекеттік кепілдіктермен мемлекеттік емес қарыздарды беру шарттары бойынша ықтимал кредиторлармен келіссөздер жүргізеді;
3) мемлекеттік кепілдіктер беру туралы келісім жасасады;
4) мемлекеттік кепілдіктер береді.
539. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық уәкілетті орган жоспарланған қызметті іске асыруға, оларды іске асыру туралы шешім қабылдау алдындағы кезеңдегі жоспарланған қызметтің экологиялық талаптарына сәйкестігін бағалауға байланысты ықтимал теріс салдарларын алдын алу және өндірістік күштерді орналастыру және дамыту салдарынан экологиялық жағдайдың болжамданған өзгеруін сараптамалық қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық жобаның мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүзеге асырады.
540. Еңбек жөніндегі орталық уәкілетті орган ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында инвестициялық келісім-шарттар жобаларының сараптамасын жүзеге асырады.
541. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган:
1) инвестициялық жобаларды қарау үдерісінде ұйымдық басшылықты қамтамасыз етеді;
2) инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын жүзеге асырады;
3) мемлекет кепілдік берген қарыздарды тарту үшін несие капиталының нарықтарын (ішкі және сыртқы) анықтайды;
4) жоспарланып отырған кезеңге мемлекеттік кепілдіктер беру лимиті бойынша ұсынысты, инвестициялық жобалар тізбесінің жобасын қалыптастырады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
542. Әділет органы мемлекеттік кепілдіктермен жасалатын қарыз шарттарына заң сараптамасын жүргізеді.
543. Қазақстан Даму Банкі:
1) банк сараптамасын жүзеге асырады;
2) инвестициялық жобалардың тізбесіне енгізілген инвестициялық жобаларға қызмет көрсету жөніндегі агенттің функциясын орындайды.
544. Республикалық бюджет комиссиясы:
1) жоспарланып отырған кезеңге мемлекеттік кепілдіктер беру лимитін анықтайды;
2) инвестициялық жобалардың тізбесін анықтайды;
3) жоспарланып отырған кезеңге мемлекеттік кепілдіктер беру лимиті шегінде әрбір инвестициялық жоба үшін мемлекеттік кепілдіктің мөлшерін анықтайды.
545. Мемлекеттік кепілдіктер беру үдерісінде өз құзыретінің бөлігінде заңнамаға сәйкес инвестициялық жобаларды бағалауды (сараптаманы) жүргізуге өкілеттік берілген уәкілетті басқа мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар қатысады.
63-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдіктерімен мемлекеттік емес қарыздар қаражатының есебінен қаржыландыру үшін инвестициялық жобаларды іріктеу
546. Мемлекеттік кепілдік алуға үміткер заңды тұлғалар мынадай құжаттарды:
TЭH;
салалық сараптаманың, Қазақстан Даму Банкінің банктік сараптамасының және заңнамаға сәйкес қажетті басқа да сараптамалардың оң қорытындыларын қоса бере отырып, тиісті жылдың 1 наурызынан кешіктірілмеген мерзімде экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға өтінімді ұсынады.
547. Жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес толық емес құрамдағы құжаттармен ұсынылған өтінімдерді экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қарамайды.
Жоғарыда көрсетілген мерзімнен кейін ұсынылған өтінімдер тиісті жылы мемлекеттік кепілдіктер беру мәніне қаралмайды.
548. Осы Ереженің 550-тармағына сәйкес өтінімді ұсынғаннан кейін экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық жобаның экономикалық сараптамасын жүргізуді ұйымдастырады және екі ай ішінде экономикалық сараптаманың қорытындысын әзірлейді.
549. Инвестициялық жобаның экономикалық сараптамасы - жоба TЭH әзірлеу шеңберінде, осы Ережеде көзделген сараптамалар бойынша қорытындылар негізінде жүргізілген инвестициялық жобаны экономикалық талдауды кешенді бағалау, ол мыналарды:
жоба мақсаттарының басым мемлекеттік инвестицияларға сәйкестігін бағалауды;
экономикалық талдауды бағалауды;
инвестициялық жоба іске асырылған жағдайда республикалық және жергілікті бюджеттерге салық түсімдерінің ағынын талдауды қамтиды.
550. Осы тарауда көрсетілген сараптамаларды жүргізу үшін қажетті құжаттардың тізбесін тиісті мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдар анықтайды.
551. Осы Ереженің 546-тармағында көрсетілген сараптамаларға оң қорытындылардың бары-жоғы мемлекеттік кепілдіктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тізбесіне инвестициялық жобаны енгізу yшін шарт болып табылады.
64-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдіктерімен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебінен қаржыландыруға арналған инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру, қарау және бекіту
552. Республикалық бюджет комиссиясы жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде жоспарланып отырған үш жылдық кезеңге мемлекеттік кепілдіктерді беру лимитін анықтайды.
553. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тиісті жылдың 20 шілдесінен кешіктірмеген мерзімде инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде жобалар бойынша экономикалық сараптамалардың қорытындыларын қоса бере отырып, мемлекеттік кепілдіктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалар тізбесінің жобасын қалыптастырады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
554. Республикалық бюджет комиссиясы экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ұсынған инвестициялық жобалар тізбесінің жобасын қарау кезінде тиісті жылға арналған мемлекеттік кепілдіктерді беру лимитіне енетін, бір жылға арналған инвестициялық жобалардың тізбесін анықтайды.
555. Республикалық бюджет жобасын қалыптастыру барысында экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен бірлесе отырып, республикалық бюджет комиссиясының шешімі бойынша инвестициялық жобалардың тізбесін пысықтайды және әрбір инвестициялық жоба бойынша мемлекеттік кепілдіктердің сомасын қайта қарайды.
556. Республикалық бюджет комиссиясының қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік кепілдіктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жеке шешімімен бекітіледі және жариялануға тиіс.
65-тарау. Мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру рәсімi
557. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебінен қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық жобалардың тізбесін бекіткеннен кейін және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген қарыз шартының жобасы бар болған кезде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қарыз алушылармен және Қазақстанның Даму Банкімен мемлекеттік кепілдіктер беру туралы келісім жасасады.
558. Қарыз алушылар TЭH жобасын, салалық сараптаманың, экономикалық сараптаманың, Қазақстан Даму Банкінің банктік сараптамасының және заңнамаға сәйкес қажетті басқа да сараптамалардың оң қорытындыларын ұсынғаннан кейін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық жобаның сараптамасын жүргізуді ұйымдастырады және екі ай ішінде тиісті қорытындыны әзірлейді.
559. Инвестициялық жобаның сараптамасы бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы мыналарды:
мемлекеттік кепілдікпен берілген мемлекеттік емес қарыздың қаржылық шарттарын;
мемлекеттік кепілдіктерді алғаны туралы өтініш білдіргенге дейін үш жылдан кем емес кезеңде қарыз алушының қаржылық жай-күйін және заңды мәртебесін;
қарыз алушы беретін мемлекеттік кепілдіктер бойынша қамтамасыз етуді;
қаржылық және техникалық тәуекелдерді;
мемлекеттік кепілдікті алуға үміткер тұлғаларға қойылатын Бюджет кодексінің талаптарына қарыз алушының сәйкестігін бағалауды қамтиды.
560. Мемлекеттік кепілдік кредит берушіге қарыз шартын, мемлекеттік кепілдіктер беру туралы келісімді жасасқаннан, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның оң қорытындысы болған кезде қарыз алушының мемлекеттік кепілдікті бергені үшін алдын ала біржолғы төлемді (алымды) төлегенінен кейін беріледі.
561. Мемлекеттік кепілдікті беру туралы келісім мыналарды:
1) қарыз алушыға қойылатын талаптарды:
а) қарыз бойынша ағымдағы міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін қажетті алдағы төлемдер мөлшерінде шартты салымның (қызмет көрсету шотының) арнайы шотында ақша сомасын жинауды жүргізуді;
б) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға және Қазақстан Даму Банкіне бар, оның ішінде ҚР ҰБ-дағы, екінші деңгейдегі банктердегі, шетелдік банктер мен заңнамада белгіленген тәртіппен банктік операциялардың жекелеген тyрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы банктік шоттар туралы мәліметтерді ұсынуды;
в) қарыз толық өтелгенге дейін сенім білдірілген өкілге жыл сайынғы бизнес-жоспарды ұсынуды;
г) ай сайын қаржылық есептіліктің үлгілік нысанын (бухгалтерлік балансты, қаржы-шаруашылық қызметтің нәтижелері туралы есепті) және қаржылық жай-күйді анықтайтын басқа да қажетті құжаттарды Қазақстан Даму Банкіне ұсынуды;
д) банк кепілдігінің не қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейтін қарыздарды қайтаруды қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын сақтандыру шартының болуын;
Бұл ретте банк кепілдігін беру және/немесе сақтандыру шартының және банк кепілдігіне және/немесе қарызды қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі сақтандыру шартына талаптарды беру мерзімі мен талаптарын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік кепілдікті беру туралы келісімде белгілейді.