Ата-анасы ажырасқан туылғаннан 17 жасқа дейінгі балалардың коэффициенті 2006 жылы 2001 жылмен салыстырғанда 5,2-ден 7,0-ге өсті. Мұндай жағдайдың себептері баланың жеке басының адамгершілік-рухани қалыптасуында отбасы рөлінің, сондай-ақ балаларды тәрбиелеуде ата-аналар жауапкершілігінің төмендеуі, материалдық және тұрғын үй-жай қиындықтары, әсіресе жас отбасыларында, мектеп, отбасы және қоғамның өзара іс-қимылының өткіліксіздігі, отбасы құндылығы мен отбасы тәрбиесін насихаттаудың осалдығы болып табылады.
Шет мемлекеттердің тәжірибесі балалар мен отбасыларға басқарылатын көмектің біртұтас кешенді жүйесін құру, балалардың барлық санаттарын қолдауға бағытталған қызметтер тізбесін жаңарту және кеңейту қажеттігін көрсетеді.
Ресей, Чехия, Латвия, Румыния, Болгария, Албания, Дания, Швеция сияқты бірқатар елдерде балалармен және отбасылармен жұмыс істеудің жаңа нысандары - «әлеуметтік патронаж», отбасы мен балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары құрылған. Осы қызметтердің жұмысы балалар мен олардың отбасыларын қоғам өмірінің барлық салаларында әлеуметтік, психологиялық, медициналық және құқықтық сүйемелдеуге бағытталған. Қазақстан отбасын әлеуметтік сүйемелдеу мен балаларды зорлық-зомбылықтың барлық нысандарынан қорғау мәселелеріндегі халықаралық тәжірибені пайдалануы мүмкін.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық, балалар еңбегін қанаудың әртүрлі нысандары, балалар қараусыздығы мен қадағалаусыздығы әлеуметтік проблема күйінде қалып отыр. 2007 жылдың 1 қаңтарына девиантты мінез-құлықты 19 мыңнан астам бала кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекцияларда есепте тұр.
Жыл сайын республикада 10 мыңдай қараусыз және қадағалаусыз бала анықталып отыр.
Республиканың ішкі істер органдарының деректері бойынша алкогольді және басқа да зиянды заттарды қолдану, балаға немқұрайлы қарау, балалардың өсуі мен дамуы үшін дұрыс жағдай жасаудан жалтару нәтижесінде 2001 жылдан бері 5 мыңдай ата-ана ата-аналық құқықтарынан айырылса, тек қана 2007 жылдың 9 айында ата-аналық құқықтарынан айрылған ата-аналар саны 815 адамды құрады.
Мемлекеттік органдар балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсету фактілерін анықтау және жою бойынша жұмыстарға баса назар аудара бастады, алайда қолда бар ресурстар осы проблеманы жою үшін толыққанды күйде пайдаланылмай отыр. Қазақстан Республикасының Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығы 2005 жылы жүргізген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша балалардың 70%-ы құрдастарының тарапынан, 38 %-ы мұғалімдер тарапынан, 18 %-ы ата-аналар тарапынан жәбірлеушілікті бастан кешіп отыр. 2003 жылдан бастап 2006 жылдың желтоқсан айына дейінгі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық істер кодексінің 137-бабы бойынша «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны және балаларға қатыгездік танытқаны үшін» 370 ата-ана қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
2006 жылғы маусымда өткен Еуропа және Орталық Азия елдерінің үшінші үкіметаралық конференциясының (Паленсия қаласы, Испания) деректеріне сәйкес Бельгияда, Чех Республикасында, Венгрияда және Францияда дөрекі қарым-қатынас салдарынан болатын балалар өлімінің деңгейі дамыған елдердегі тиісті орташа көрсеткіштен 4-6 есе жоғары.
Осы өңір елдерінен алынған жұмыс тәжірибесі балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау жөнінде бірқатар шаралар енгізуді көздейді. Бұл ұлттық заңдарды халықаралық нормаларға сәйкес келтіру, заң нормаларын практикалық қолдану жөніндегі әкімшілік шараларды енгізу, халықтың мақсатты топтары үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу, балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау жөніндегі есептілік тетіктерін жасау, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою мәселелерінде қоғамдық құрылымдарға ақпарат беру және олармен ынтымақтастық орнату.
Өмірде қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарды әлеуметтік бейімделмеу және соның салдары ретінде балалар мен жасөспірімдердің арасында ұлғайып отырған қадағалаусыздығы, панасыздығы, қылмыстылығы сонымен қатар оларды бала еңбегінің ең нашар түріне тарту кәмелетке толмағандар үшін де, қоршаған орта үшін де қауіпті. Бейімделмеген балалар санының көп болуы елдің болашағы үшін қауіп төндіреді.
Осыған байланысты заңмен ымыраға келмеген немесе өз құқықтарын қорғауға мұқтаж кәмелетке толмаған баланың тағдырында көптеген мүдделі қызметтердің жұмысын үйлестіру ерекше маңыздылыққа ие болады. Барлық құрылымдардың өзара іс-қимыл жасауы осындай балалармен әлеуметтік-құқықтық бағыттағы жұмысты қамтамасыз ететін тетік болып табылады.
Бір жағынан, құқық қорғау органдары мен соттың қызметін, екінші жағынан емдеу-оңалту және әлеуметтік-психологиялық мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтерді біріктіретін әлеуметтік және құқықтық тетіктер кешенін енгізу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетінің құқыққа қарсы әрекет жасаған кәмелетке толмағандарды оңалту және әлеуметтік қайта кіріктіруге жәрдемдесу үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туралы ұсынымдарын іске асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның жаһандану, қоғамның ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеруі жағдайындағы болашағы балаларды тәрбиелеу, оқыту, олардың дене бітімі мен рухани дамуы, оларды өмірге дайындау деңгейімен айқындалады.
Алайда, Қазақстанның тұтас заңдар кешенін қабылдағанына қарамастан, оларды балалар құқықтары мен мүдделері аясында қолдануда проблемалар мен шешілмеген мәселелер бар.
Әлеуметтік жетімдіктің өсуі төмендемей отыр. 2007 жылдың 1 қаңтарына Қазақстанда 51 мыңнан астам жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Олардың 31 мыңнан астамы қамқоршылар отбасы тәрбиесінде, 2 мыңдай бала патронаттық тәрбиеге берілді. 18 мыңнан астамы балалар үйлері мен интернаттарда мемлекеттің толық қамқорлығында. Осындай балалардың 3 мыңнан астамы (16,7%) - "нағыз жетімдер". Қалған 15 мыңы (83,3%) - ата-анасы тірі әлеуметтік жетімдер (тастанды балалар, ата-анасы бас тартқан, ата-аналық құқығынан айырылған, бас бостандығынан айыру орындарында, ұзақ емдеудегі, іздеудегі ата-аналардың балалары).
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының әртүрлі министрліктерінің құрылымында балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын ұйымдар бар.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрылымында балаларға, оның ішінде 79674 баланы қамтитын жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 722 интернаттық ұйым бар.
Денсаулық сақтау жүйесінде 2105 баланы қамтитын 26 балалар үйі жұмыс істейді.
Әлеуметтік қорғау жүйесінде 1294 баланы қамтитын мүгедек балаларға арналған 19 интернат үйі жұмыс істейді.
Құқық қорғау жүйесінде 9883 баланы қамтитын кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау мен оңалтудың 18 орталығы жұмыс істейді.
Бұл ұйымдардың қызметі ортақ мақсатқа: тәрбиеленушілердің дене және рухани денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген ұйымдардың міндеттері әртүрлі және осы ұйымдарға тән белгілі бір ерекшелік бойынша әлеуметтік, медициналық, құқықтық және өзге де қызметтер көрсетуді болжайды. Бірыңғай тәсілдердің, іс-әрекеттің үйлесімділігінің болмауы әртүрлі себептермен осындай ұйымға тап болған баланың құқықтарын қорғауды іске асыруға мүмкіндік бермейді.
Жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйлері мен интернаттарда кәмелетке толмаған 18198 бала тұрады.
Бүгін республикада отбасы үлгісіндегі 6 балалар ауылы, отбасы үлгісіндегі 23 үй жұмыс істейді. Осында тұратын балалардың небәрі 17,4%-ы жетім балалар болып табылады, мемлекеттік қорғауды қажет ететін балалардың басым бөлігін әлеуметтік жетімдер құрайды: олардың ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған, қамау орындарындағы адамдар немесе ауыр науқастар.
Бұл санаттағы балалар санының өсуі жетім балаларға арналған ұйымдардың: сәбилер үйлері, балалар үйлері, мектеп-интернаттар, паналау үйлері және т.б. санының ұлғаюына әкеледі. 2001 жылмен салыстырғанда балалар үйінің саны - 40 бірлікке, ал ондағы балалардың саны 63,6 %-ға өсті.
Талдау көрсеткендей, Батыс Еуропаның көптеген елдерінде балаларды ұзақ мерзім бойы ұқсас ұйымдарда тәрбиелеу баланы өз отбасына кейіннен қайта қоса немесе оны тәрбиесіне алған отбасына бере отырып, оларды арнайы ұйымдарда (паналау үйлерінде) қысқа мерзімге ұстауға ауысты. Еуропада жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды пайдалану ауқымының күрт қысқаруына әкелген себептер ретінде: Балалардың қоғамдағы құқықтарына көзқарастардың өзгеруін, тәрбиенің отбасылық құнымен салыстырғанда стационарлық мекемелер базасында тәрбиелеу құнының артуын, қоғам тарапынан сенімсіздікті және ұйымдар жұмысының әлеуметтік қамтамасыз етудің осы нысанының төмен нәтижелерін атайды.
Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды кезең-кезеңмен қысқарту осы санаттағы балаларды ойдағыдай әлеуметтік бейімдеу үшін қажетті шара болып табылады.
Тәрбиеленушілерді азаматтардың отбасыларына орналастыру немесе отбасылыққа жақындатылған жағдай жасау осы процесті іске асырудың пәрменді тетігі болып табылады.
1999 жыл мен 2007 жыл аралығында Қазақстан Республикасының азаматтарына бала асырап алуға 20001 мың бала, шетелдік туыстарына - 347, шетелдіктерге - 6014 мың астам бала берілген.
1999 және 2007 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларының қорғауына және қамқорлығына 31 мыңнан астам бала берілген.
Алайда, қазіргі уақытта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы күтіп-бағуға қамқоршылар мен қорғаншыларға жәрдемақы төлеу және тағайындау туралы норма анықталмағандықтан, балалар үйлерінен қорғаншылар отбасына беру процесі тежеліп отыр, кәмелетке толмағандардың тұрғын үйге құқықтарын қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық база жетілдіруді талап етеді. Бүгінде балалар үйлерінде және интернаттарда тәрбиеленіп жатқан балалардың 12,8%-да ғана бекітілген тұрғын-жайлары бар.
Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің санын қысқартуға мүмкіндік беретін баламалы тәрбие нысандарының бірі ретіндегі патронат жүйесін кеңейту жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды қысқарту процесі тетіктерінің бірі болуға тиіс. Қазіргі уақытта патронаттық тәрбиемен небәрі 1791 бала қамтылған. Бұл мақсатқа республикалық бюджет қаражатынан 2004 жылы 244 млн. 682 мың теңге, 2005 жылы жергілікті бюджет қаражатынан 348 млн. 352 мың теңге бөлінген.
Балалардың демалуға, бос уақытты өткізуге және мәдени қызметке құқығы республикада мектептен тыс ұйымдардың желісі арқылы іске асырылады. Бұлар - оқушылар үйлері, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы студиясы, жас техниктер, туристер, натуралистер станциялары мен базалары, балалардың музыкалық, спорт мектептері, өнер мектептері, қызығушылығы бойынша клубтар, спорттық, сауықтыру, туристік лагерьлер және басқалар.
Білім беру ұйымдарында: лицейлерде, гимназияларда, өнерді тереңдетіп оқытатын жалпы орта білім беретін мектептерде, бейіндік және көркемсурет сыныптарында тиісті жағдай жасау арқылы балаларды өнерге баулу процесі жанданды.
Қазіргі кезде республикада 541 мектептен тыс ұйым, оның 208-і ауылдық жерлерде, 700-ге жуық аула клубтары, 5,5 мың спорт залы, 9 мыңнан астам спорт алаңы жұмыс істейді. Алайда, мектептен тыс ұйымдардың мектеп жасындағы балаларды қамтуы республикада небәрі 11%-ы, оның ішінде ауылдық жерде 5,6 %-ды құрайды.
Жасөспірімдердің оқудан тыс уақытта бос болуы, жасөспірімдер клубтары, спорт секциялары желісінің жеткілікті дамымауы, жазғы демалысты, ауладағы бос уақытты және әсіресе, ересек жасөспірімдерді белсенді қоғамдық пайдалы еңбекке тартуды ұйымдастырудағы кемшіліктер балалардың теріс әлеуметтік мінез-құлқы себептерінің бірі болып табылады.
Осыған байланысты барлық санаттағы балалардың қосымша білім алуын дамыту үшін сабақтан тыс уақытта мектептен тыс ұйымдарды тиісті кадрлық, материалдық, әдістемелік ресурстармен нығайту қажет.
Балалардың қоғамда толыққанды өмір сүруіне және оларда қоғамдық маңызды және шығармашылық белсенділікті дамыту дайындығы басымдықтары қағидаттарын негізге ала отырып, бос уақытты өткізу орталықтары, қоғамдық балалар бірлестіктері желілерін дамытуды жалғастыру, барлық санаттағы балалардың мәдени және демалыс мекемелеріне қол жеткізуін үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен қамтамасыз ету қажет.
Республикада бала еңбегінің алдын алу және алдын-ала сақтандыру мәселесі ерекше маңыздылыққа ие болып отыр.
Халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша Қазақстан Республикасында бала еңбегін пайдаланудың салалары мен нысандарына мыналар жатады: бала еңбегі жасы ескерілместен, шарттық міндеттемелерді бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығында, құрылыста, жеке меншік нысанындағы кәсіпорындарда ауыр жұмыстарды атқару. Республикада шаруа және фермерлік қожалықтарында бала еңбегін пайдалану мәселесі қосымша зерттеуді талап етеді.
Осыған байланысты тиісті уәкілетті органдарға шаруа, фермерлік қожалықтарда бала еңбегін пайдалануға, балаларды жезөкшелікпен, қайыр сұраумен айналысуға, сондай-ақ пайда табу мақсатында наркотрафик кезінде пайдалану және оны сатуға зерттеу жүргізу қажет.
Мүдделі мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен, халықаралық және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарымен ынтымақтастығы балаларды жұмыстың ең сорақы түрлеріне пайдалануды жоюдың тиімді тетігі болып табылады.
Балалықтың қазіргі кездегі жай-күйін талдау теріс құбылыстарды еңсеру, түбегейлі ұйымдық және құрылымдық қайта құруларды жүргізу, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша қоғамды оқу-ағарту, балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында мамандарды қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайларға сәйкес даярлау жөнінде кешенді шаралар қабылдауды талап ететінін көрсетеді.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Бағдарламаның негізгі мақсаты - балалардың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз ету жолымен жақсарту.
Бағдарламаның негізгі міндеттері:
балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;
мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
балалардың барлық санаттарының сапалы білім, медициналық қызметтер және әлеуметтік қызметтерді алуы үшін жағдай жасау;
өмірде қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтарын қорғау үшін кешенді шаралар жүйесін қалыптастыру;
кәмелетке толмағандар арасында балалар қадағалаусыздығының, панасыздығының алдын алу және құқық бұзушылықтарының алдын алу жүйесін жетілдіру;
әлеуметтік жетімдіктің алдын алу;
балалардың дем алу, бос уақытын өткізу, мәдени және шығармашылық өмірге қатысу құқықтарын іске асыруға ықпал ететін жағдайлар жасау болып табылады.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен іске асыру тетігі
Бағдарлама 2007 мен 2011 жылдар аралығында іске асырылады. Бағдарлама екі кезеңде іске асырылады:
бірінші кезең: 2007-2009 жылдар;
екінші кезең: 2010-2011 жылдар.
Бағдарламаны іске асыру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен байланысты және мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады.
5.1. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы
Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру
Балалардың барлық санаттарының өмір сүру сапасын жақсарту үдерісін құқықтық қамтамасыз ету мақсатында мынадай шаралар қабылданатын болады:
бірінші кезеңде (2007 - 2009 жылдар):
балалардың құқықтарын қорғауға қатысты заңдар жобасына сараптама жасауға қатысуға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, балалардың құқықтарын қорғау саласында Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық келісім-шарттардың ережелеріне сәйкестендіру мақсатында ұлттық заңнамаға талдау жүргізу;
балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне тиісті өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу және енгізу;
екінші кезеңде (2010-2011 жылдар):
балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіру;
балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда заңнаманың сақталуына бақылауды күшейту;
балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында өзекті мәселелер жөніндегі әдістемелік жинақтарды әзірлеу және басып шығару;
Конвенция ережелерін орындау жөніндегі өңірлік бағдарламаларды әзірлеу және енгізу.
5.2. Мүдделі министрліктермен, ведомстволармен, үкіметтік емес қоғамдық
ұйымдармен ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету
Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру мақсатында мыналар көзделеді:
бірінші кезеңде (2007-2009 жылдар):
Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан кәмелетке толмағандардың ісі мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру;
балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде орталық және жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында өзекті мәселелер жөніндегі халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар өткізу;
екінші кезеңде (2010-2011 жылдар):
балалар қауымының барлық санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріндегі ведомствоаралық үйлестіруді одан әрі жетілдіру;
өңірлік және республикалық деңгейде тәжірибе тарату және алмасу үшін балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі зерттеулер банкін құру;
түрлі ведомстволық ұйымдар мен органдар қызметін мемлекеттік аттестаттан өткізу кезінде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтық нормаларды сақтауды көрсеткіш ретінде енгізу.
5.3. Балалардың сапалы білім, медициналық және әлеуметтік
қызметтерді алуы үшін жағдайды қамтамасыз ету
Осы бағыттың шеңберінде сапалы білім, медициналық және әлеуметтік қызметтерді алуы үшін жағдай жасалады және мынадай шаралар іске асырылады:
бірінші кезеңде (2007-2009 жылдар):
балалардың сапалы білім, медициналық және әлеуметтік қызметтерді алу құқықтарын қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі;
барлық санаттағы балаларды және балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша олардың отбасыларын әдістемелік қамтамасыз ету жолымен құқықтық ағартуды қамтамасыз ету бойынша кешендік шаралар әзірленеді;
мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзеу-білім беру ұйымдары ашылады;
екінші кезеңде (2010-2011 жылдар):
балалардың барлық санаттарын білім беру, медициналық, әлеуметтік қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету жөніндегі бақылау жүзеге асырылады;
пенитенциярлық ұйымдардағы кәмелетке толмағандардың қоғамға бейімделуіне ықпал ететін білім және медициналық қызметтер алу құқықтарын қамтамасыз ету мониторингі жүйесі енгізіледі;
мүгедек балаларды әлеуметтік кіріктіру жөніндегі шаралары әзірленеді және енгізіледі;
мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған түзеу-білім беру ұйымдары ашылады (қайта жаңартылады).
5.4. Өмірде қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтарын қорғау,
кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыздықтың, панасыздықтың және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін кешенді шаралар жүйесін қалыптастыру
Балалар құқықтарын қорғауға арналған кешенді шаралар жүйесін қалыптастыру және өмірде қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандар (әлеуметтік жағынан қауіпті ахуалдағы отбасыларында тұратын, зорлық-зомбылыққа және еңбегін пайдалануға ұшыраған, психотроптық құралдар мен психотроптық заттарды, алкогольді пайдаланатын қадағалаусыз және панасыз балалар) арасындағы балалардың қадағалаусыздығы мен панасыздығын ескерту және құқық бұзушылықтарының алдын алу жүйесін жетілдіру мақсатында мынадай шаралар жүзеге асырылатын болады:
бірінші кезеңде (2007 - 2009 жылдар):
балалардың денсаулығы мен өміріне қауіпті тәуекел мінез-құлық нысандарының алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі тиімді шараларды қабылдау мақсатында кәмелетке толмағандардың аса қауіпті қылмыс жасауларына ықпал ететін себептерін зерделеу жөніндегі зерттеулер жүргізіледі;
өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды анықтау бойынша ұсынымдар, бала еңбегінің ең жаман нысандарының алдын алу және жою мәселелері жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленеді;
Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында Халықаралық еңбек ұйымының пилоттық жобалары шеңберінде бала еңбегінің ең нашар нысандарының алдын алу және жою мәселелері жөніндегі балаларға арналған әлеуметтік орталықтар құрылады;
өмірде қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері жөнінде республикалық конференциялар, акциялар өткізіледі;
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға арналған оңалту орталықтары ашылады;
екінші кезеңде (2010 - 2011 жылдар):
қадағалаусыз, панасыз балаларды, соның ішінде оқымайтын балаларды есепке алу жүйесі енгізіледі;
кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшелер қызметінің тиімділігін бағалаудың практикасы әзірленеді және енгізіледі;
өмірде қиын жағдайға тап болған балаларға арналған «адамның адамгершілік-рухани даму мектебі» ұйымдастырылады;
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға арналған оңалту орталықтары ашылады.
5.5. Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу
Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамға толықтай бейімдеу үшін:
бірінші кезеңде (2007 - 2009 жылдар):
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда тұратын балалардың жағдайы туралы зерттеулер жүргізу;
"Қамқоршылық" бағдарламасын одан әрі қамтамасыз ететін біртұтас ақпараттық жүйені құру жолымен әлеуметтік бала асырап алушыларды анықтау және есепке алу жүйесін әзірлеу мен енгізу;
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды уақытылы анықтау жөніндегі әдістемелік оқу құралын әзірлеу;
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды бірте-бірте қысқартудың негізгі нысандарын әзірлеу және осы санаттағы балаларды қонақжай, қабылдау және патронат отбасыларына орналастырудың баламалы нысандарын дамыту;
облыстық білім департаменттері мен басқармаларында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі қосымша мамандарды енгізу;
жетімдіктің алдын-алу, отбасы және отбасылық тәрбие құндылығын насихаттау жөнінде теледидарлық және радио бағдарламалар құру жолымен әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жетілдіру;
отбасылық үлгідегі балалар ауылдарын, балалар үйлерін, жасөспірімдер үйлерін ашу;
екінші кезеңде (2010-2011 жылдар):
патронаттық отбасыларында тәрбиеленетін балалардың құқықтарын қорғаудың тұрақты мониторингі мен бақылауды жүзеге асыру;
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың баламалы нысандарын одан әрі дамыту;
балалар ауылдарын, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерін, жасөспірімдер үйлерін ашу болжанып отыр.
5.6. Балалардың мәдени және шығармашылық өмірге қатысу құқықтарын