Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 1894 және
1999 жылғы 10 мамырдағы № 556 қаулыларына толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2003 ж. 2 қазандағы № 1015 қаулысы
Осы редакция 2007 жылғы 28 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының "Лицензиялау туралы" 1995 жылғы 17 сәуірдегі және "Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" 2003 жылғы 7 сәуірдегі Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне мынадай толықтырулар енгiзілсiн:
1) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 17 сәуірдегі № 2201 қаулысын жүзеге асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 1894 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1995 ж., № 41, 515-құжат):
көрсетiлген қаулымен бекітiлген Лицензиялауға жататын қызметтiң түрлерiне, лицензиялар беруге өкiлеттiк берiлген мемлекеттік органдардың (лицензиярлардың) тiзбесiнде:
реттік нөмiрi 5-жолдың 3-бағаны мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"мұнай өнiмдерiн өндіру";
көрсетiлген қаулымен бекітілген Санитарлық, экологиялық және тау-кен техникалық қадағалау органдарының, сондай-ақ мемэнергияқадағалау органының қорытындысы қажет лицензияланатын жұмыстар мен қызметтер түрлерiнiң тiзiмiнде:
"Санитарлық қадағалау органдарының қорытындысы қажет лицензияланатын жұмыстар мен қызметтер түрлерiнiң тiзiмi" деген I бөлiм мынадай мазмұндағы 26-тармақпен толықтырылсын:
"26. Мұнай өнiмдерiн өндiру.";
"Экологиялық қадағалау органдарының қорытындысы қажет лицензиялайтын жұмыстар мен қызмет түрлерінің тiзiмi" деген II бөлiм мынадай мазмұндағы 22-тармақпен толықтырылсын:
"22. Мұнай өнiмдерiн өндiру.";
"Тау-кен техникалық қадағалау қорытындысы қажет, лицензиялайтын жұмыстар мен қызмет түрлерінің тiзiмi" деген III бөлiм мынадай мазмұндағы 10-тармақпен толықтырылсын:
"10. Мұнай өнiмдерiн өндiру.";
2) "Өнеркәсiп саласындағы қызметтің лицензияланатын түрлерiне қойылатын біліктiлiк талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 10 мамырдағы № 556 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 18, 189-құжат):
көрсетiлген қаулымен бекітiлген Өнеркәсiп саласындағы қызметтiң лицензияланатын түрлерiне қойылатын біліктiлiк талаптары:
мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"мұнай өнiмдерiн өндiру";
мынадай мазмұндағы бөлiммен толықтырылсын:
"Мұнай өнiмдерiн өндiруге қойылатын біліктiлiк талаптары
Бiлiктiлiк талаптары:
1) еңбек пен қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормативтік талаптарға сәйкес келетін өндiрiс паспорты мен технологиялық регламенттің;
2) өндірістік-техникалық базаның:
мамандандырылған өндiрiс ғимараттарының;
мұнай және (немесе) газ өңдеуші жабдықтардың, соның iшiнде стандарттау және өлшемдердiң бiртұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі тиiстi нормативтiк құжаттарға жауап беретiн технологиялық желiлер мен өлшеу құралдарының;
3) уәкiлетті органмен келісім бойынша стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы мемлекеттік орган белгiлейтiн талаптарға жауап беретiн мұнай өнiмдерiн өндiру мен сату көлемдерi туралы ақпаратты уәкiлеттi органға автоматтандырылған берудi қамтамасыз ететiн есепке алуды бақылау приборларының;
4) шикiзатты және дайын өнiмдi, жарылыс-өрт қаупі бар, әсерi күштi улы заттар мен өртке қарсы материалдарды сақтау үшiн арнайы жабдықталған қоймалардың, үй-жайлардың және сыйымдылықтардың;
5) өнiм сапасының стандарттарға, нормаларға және техникалық шарттарға сәйкестiгін бақылау жөніндегі аттестатталған зертхананың (қызмет көрсетуге арналған шарт);
6) белгiленген тәртiппен бекітілген:
объектiлердi қауiпсiз пайдалану жөніндегі нұсқаулықтың;
өндiрiсте болуы мүмкiн аварияларды жою жоспарының;
7) мыналарды қамтамасыз ететiн қызметтердiң:
технологиялық процестердiң сақталуын және берiлген сападағы өнiмнiң шығарылуын;
жабдықтарды, тетіктерді, құрылғылар мен жарақтарды пайдалану мен техникалық қызмет көрсетудi;
еңбек қауiпсiздiгiн бақылау мен қоршаған ортаны қорғауды;
өндiрiсті метрологиялық қамтамасыз етудi;
8) өтiнiш берушiнiң қауiпсiздiк, қоршаған ортаны қорғау ережелерiне және санитарлық талаптарға сәйкестiгiн растайтын тау-кен-техникалық, экологиялық және санитарлық қадағалау қорытындыларының;
9) жұмыстың арнайы түрлерiне (мұнай өнiмдерiн тасымалдау жөніндегі қызметтердi көрсету болған кезде қауiпті жүктердi тасымалдауға, оны пайдаланған жағдайда шетелдiк жұмыс күшiн тартуға) лицензияның (рұқсаттың);
10) тиiстi білім беру деңгейiне жауап беретiн және мамандығы бойынша нақты жұмыс тәжiрибесi бар техникалық басшылардың біліктi құрамының, техникалық пайдалану мен қауiпсiздiк ережелерiн бiлуге біліктiлiк тексеруден өткен мамандардың болуын қамтиды".
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |