«Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы» Заңды іске асыру мақсатында ақпаратты жедел жинау нысаны әзірленді және оларды табыс ету мерзімдері айқындалды. Жедел жинау нысандарын әзірлеу әрбір кәсіпорынның ерекшелігі мен оларды мониторинг нәтижелерінің электрондық базасына енгізу мүмкіндігін ескере отырып жүргізілді. Барынша объективті ақпарат жинау мақсатында ұйым басшысының анкетасы нысандардың бірі болып табылады, мұнда ол өзінің көзқарасы бойынша кәсіпорынды дамытуды тежейтін негізгі проблемаларды көрсете алады.
Мемлекеттік мониторингтің жергілікті электрондық дерекқорын құру жөніндегі жұмыс жалғасуда, оған техникалық қызмет көрсетуді мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес уәкілетті орган тартқан мамандандырылған консалтингтік фирма жүзеге асырады.
3.7. Қаржы активтерін сату
Жекешелендіру ұзақ мерзімді перспективада жекешелендіруден салық салынатын базаны кеңейту нысанында пайда алуға бағытталған мемлекеттік мүлікті басқару, қосымша жұмыс орындарын құру, отандық нарықты отандық тауар өндірушілердің тауарларымен және қызметтермен толтыру, барлық халық шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай құрылымдық элементі ретінде қаралады; жекешелендіру көлемдерін қалыптастыру мемлекеттік активтерді басқарудың нәтижелерімен байланыстырылады.
2003 жылы республикалық меншіктегі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) 17 акциялар пакеті (қатысу үлестері) (республикалық меншіктегі акциялар пакеті), коммуналдық меншіктегі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) 31 акциялар пакеті (қатысу үлестері) (коммуналдық меншіктегі акциялар пакеті);
2004 жылы - республикалық меншіктегі 29 акциялар пакеті, коммуналдық меншіктегі 29 акциялар пакеті;
2005 жылы - республикалық меншіктегі 16 акциялар пакеті сатылды1.
___________________
1 2005 жылға коммуналдық меншіктегі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) акциялар пакеттерін (қатысу үлестері) сату бойынша деректер жоқ.
Бұдан басқа, 2003 жылы жылжымайтын объектілер, аяқталмаған құрылыс, көлік, жабдықтар және басқа да республикалық меншіктегі мүліктер объектілерінің 473 мүліктік кешені (объектілер), коммуналдық меншіктегі 17 объектілер;
2004 жылы - республикалық меншіктегі 1002 объект, коммуналдық меншіктегі 16 объект;
2005 жылы - 9 мүліктік кешен, республикалық меншіктегі 1214 объект сатылды.
2003 жылдан бастап 2005 жылға дейінгі мемлекеттік меншікті жекешелендіруден түсетін қаражат түсімдері бойынша деректер мынадай түрде көрінеді:
Кезең | Мемлекеттік бюджетке жекешелендіруден түсетін қаражат мың теңге |
Барлығы | оның ішінде |
Республикалық бюджет | Жергіліктi бюджет |
Барлығы | оның ішінде Ұлттық қорға түсімдер |
2003 жыл | 60 127 949 | 59 221 885 | 56 748 363 | 906 064 |
2004 жыл | 8 600 546 | 6 724 736 | 1 513 575 | 1 875 810 |
2005 жыл | 12 495 619 | 10 795 695 | 9 793 000 | 1 699 924 |
Жиыны | 81 224 114 | 76 742 316 | 68 054 938 | 4 481 798 |
Ағымдағы жыл ішінде қаржылық активтерді сатудан түсетін түсімдер бойынша сомалар нақтыланады, осыған байланысты, әрине мемлекеттің қаржы активтерін сатудан Республикалық бюджетке түсетін түсімдерді жоспарлау сапасы туралы мәселе туындайды. Мұндай жағдай экономика салаларына мемлекеттің қатысуына қатысты бірқатар мемлекеттік органдардың нақты ұстанымының болмау салдары болып табылады, мұнда олар мемлекеттік саясатты айқындауға тиіс.
Мемлекеттің қаржы активтерін сатудан республикалық бюджетке түсетін түсімдердің сомасы қатаң түрде фискалдық саясатта айқындалған жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес келуі тиіс, оларды жоспарлау қызметтің белгілі саласына мемлекеттің қатысу қажеттілігіне ғана негізделуі тиіс.
3.8. Жекешелендіруден кейінгі бақылау
«Жекешелендіру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік меншік объектілерін, оның ішінде коммерциялық және инвестициялық тендерлер нәтижелері бойынша сатып алу-сату шарттары уәкілетті орган тарапынан кейіннен бақылануға, яғни жекешелендіруден кейінгі бақылануға жатады.
Мемлекеттік акциялар пакетін немесе мемлекеттік кешендерді сатып алу сату шарттары өндірісті дамытуда инвестициялар енгізу, жабдықтарды жаңарту, ұйымдардың қаржы-экономикалық жай-күйін жақсарту жөніндегі міндеттемелерін, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік сипаттағы міндеттемелерді қамтиды. Бұл ретте, тексерудің кезеңділігі әдетте әрбір сатып алу-сату шартымен жылына бір рет белгіленеді.
Жекешелендіру объектілерін сатып алу-сату шарттары талаптарының тиісінше орындалуын кейіннен бақылауды сатушы жүзеге асырады. Жаңа меншік иелері (инвесторлар) бұрын табыс еткен қабылданған міндеттемелердің орындалуы туралы есептер дұрыс болған жоқ және кәсіпорындардың жекешелендіруден кейінгі кезеңдегі қызметін объективті сипаттай алмады.
Сонымен қатар, республиканың аса ірі объектілерін сату сатып алушылардың (инвесторлардың) ауқымды міндеттемелер қабылдауымен ілесіп отырды.
Осыған байланысты, міндеттемелердің орындалуын бақылау инвестициялық салымдарды бастапқы бухгалтерлік құжаттармен міндетті растай отырып, жүйелі тексерістер тетігіне ауыстырылды.
Сатып алушылар (инвесторлар) өздеріне қабылдаған міндеттемелердің орындалуын бақылауды жүзеге асыру үшін консалтингтік ұйымдар тартылады. Бүгінгі күнде консалтингтік ұйымдар:
республикалық мемлекеттік меншікті сатып алушылардың шарт міндеттемелерін және жекешелендіру туралы заңнаманың талаптарын толық орындауын бағалауды;
экономика салаларындағы жекешелендірілген ұйымдардың қызметін қадағалауды;
экономика салаларындағы жекешелендірілген ұйымдардың даму үрдістерін талдауды, осы ұйымдардың жай-күйіндегі келеңсіз өзгерістерді уақтылы анықтауды, оларды бағалауды, келеңсіз сипатты салдардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ұсынымдарды болжауды және тұжырымдауды;
жекешелендірілген ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша экономика салаларын тікелей басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды ақпараттық қамтамасыз етуді қамтитын инвесторлардың қызметін кәсіптік бағалау мақсатында экономиканың түрлі салаларына терең білімді мамандарды жедел тарту мүмкіндігіне ие.
Жекешелендірген объектілерді сатып алу-сату шарттары талаптарының орындалуына тексеруді жүзеге асыру үшін консалтингтік ұйымдарды тарту тәжірибесі жекешелендіруден кейінгі бақылаудың осы тәсілінің орындылығын және тиімділігін, оны одан әрі пайдалану қажеттілігін көрсетті.
Тексерістер барысында жаңа меншік иелерінің міндеттемелерді орындауын растаудан басқа, консалтингтік ұйымдар жекешелендірілген ұйымның даму қарқынын тежейтін проблемаларды анықтады.
Көптеген сатып алушылар әртүрлі себептерден инвестициялық бағдарламаларды іске асыру жөнінде өзіне алған міндеттемелерді, оның ішінде қалыптасқан экономикалық ахуалға байланысты мәнін жоғалтқан инвестициялық міндеттемелерді орындауға байланысты объективті қиындықтар туындап отыр.
Мұндай сатып алушылармен (инвесторлармен) келісім-шарттарды бұзу проблемалардың шешімі ретінде қаралмайды, өйткені мұндай жағдайларда мемлекетте жекешелендіруден алынған қаражатты қайтару жөнінде ақшалай міндеттемелер пайда болады. Мұндай объектілерді қайтадан сату мүмкіндігін талдау оң нәтижелер алудың орайы келмейтінін көрсетеді. Осыған байланысты келісім-шарттардың талаптарын түзету жөніндегі қосымша келісімдерге қол қою, келісім-шарттарды түзету жөнінде ұсыныстар дайындауда сатып алушылармен (инвесторлармен) мүдделі мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу қажеттігі туындайды.
Қолданыстағы сатып алу-сату шарттарының талаптарын түзету және нақтылау Жекешелендіруден кейінгі бақылау жөніндегі Комиссияның шешімі негізінде сатып алушылармен (инвесторлармен) келісім бойынша жүргізіледі.
Жекешелендірудің әрбір объектісі жеке нарық субъектісі болып табылатынын, оның қызметінің нәтижелері өңірлердің және тұтас экономика салаларының дамуына әсер ететін ескере отырып, Жекешелендіруден кейінгі бақылау жөніндегі комиссияның құрамына мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіреді. Ведомствоаралық комиссия сатып алушылардың (инвесторлардың) өтініштерін, консалтингтік ұйымдардың қорытындыларын қарайды және өз ұсынымдарын енгізеді.
2003 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 320, 2004 жылғы 1 қаңтарға - 301, 2005 жылғы 1 қаңтарға - 261, 2006 жылғы 1 қаңтарға - 235 сатып алу-сату шарттары жекешелендіруден кейінгі бақылауда болды.
2005 жылы республикалық меншіктегі объектілерінің 235 сатып алу-сату шарттары бойынша міндеттемелер тексерісі жүзеге асырылды, оның 176 Комитеттің аумақтық органдары, 58 - консалтингілік ұйымдарды тарту арқылы, 1 - Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті тексерді.
Тексерулер нәтижесі бойынша Комитеттің орталық аппараты мен оның аумақтық органдарында әрекет ететін Жекешелендіруден кейінгі бақылау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде 66 шарт жекешелендіруден кейінгі бақылаудан алынды, оның ішінде 58 шарт - міндеттемелерді орындауға байланысты, 8 - өзге де негіздемелер бойынша.
2004 жылы жекешелендіруден кейінгі бақылаудағы сатып алу-сату шарттарының электрондық дерекқоры енгізілді. Электрондық дерекқор жекешелендіру объектілеріне жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін, олардың орындалу мерзімдерін жедел қадағалап отыруға, тексерістерді жоспарлауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні құрылған жекешелендіруден кейінгі бақылау жүйесі заңдылық, объективтілік және экономикалық орындылық қағидаттарына негізделген азаматтық құқықтық қатынастардың тең қатысушылары ретінде сатып алушылар (инвесторлар) мен мемлекет арасында қалыптасқан өзара қарым-қатынастар жүйесіне сай келеді және өзара сенімді нығайтуға бағытталған әрі кәсіпорындардың жекешелендіруден кейінгі кезеңдегі экономикалық жағдайын одан әрі тұрақтандыруға ықпал етеді.
4. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерi
Осы бағдарламаның негізгі мақсаты мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру болып табылады.
Бағдарламаның негізгі міндеттері:
Мемлекеттік мүлік құрамын анықтау және мемлекеттік заңды тұлғалар, «Самұрық» холдингі» АҚ, «Қазына» АҚ, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар алдына қойылған міндеттерді орындау үшін оны бекітіп беру;
мемлекеттік активтерді есепке алудың бірыңғай базасын құру;
заңнамалық базаны жетілдіру.
ҚР Үкіметінің 2007.23.01. № 44 қаулысымен 5-бөлім өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары және тетігi
Мемлекеттік активтерді басқару саясаты мемлекеттік мүлік құрамын анықтауға және мемлекеттік заңды тұлғалар, «Самұрық» холдингі» АҚ, «Қазына» АҚ, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар алдына қойылған міндеттерді орындау үшін оны бекітіп беруге; мемлекеттік активтерді есепке алудың бірыңғай базасын құруға; және заңнамалық базаны жетілдіруге бағытталады.
Осыған байланысты, акциялардың бақылау пакеттері (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар қызметі салаларына қоғамдық маңызды қызметтер көрсету мен мемлекеттік қолдауды талап ететін қызмет саласының дамуы үшін осы ұйымдар жұмыс істеуі тиіс қызмет салаларын айқындау мақсатында талдау жүзеге асырылатын болады.
Мемлекеттік меншіктің құрамы мен құрылымын оңтайландыруға, мемлекеттік корпоративтік басқару жүйесін жақсартуды одан әрі қамтамасыз етуге, экономиканың барлық секторларындағы инвестициялық және инновациялық активтерді арттыруды және ынталандыруды қамтамасыз ететін қажетті жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлінеді.
Сонымен бірге, басқарушылық шешімдерді қабылдау кезінде бірыңғай ұстаным мен жоспарлылықты қолдануды қамтамасыз ету; мемлекеттік кәсіпорындарды басқару органдарындағы мемлекет мүддесін ұсынушы лауазымды тұлғалар ретінде және жарғылық капиталына мемлекет қатысқан заңды тұлғалар ретінде мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін арттыру бойынша, сонымен бірге заңнама талаптарына сәйкес стратегиялық маңызы бар экономика салаларында меншіктің мемлекеттік мониторингін одан әрі қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Мемлекеттік меншікті түгендеуді жүргізу және бүкіл ел үшін бірыңғай дерекқор құру үшін:
акцияларының бақылау пакеттері (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар мүлкіне түгендеу жүргізуге;
осы ұйымдарға қажетті оларға жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мүлік құрамын (зияткерлік меншік пен жылжымайтын объектілерді есепке ала отырып) айқындауға;
бәсекелі ортаға беруге жатқызылған акцияларының пакеттері (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі мемлекеттік заңды тұлғаларға, ұйымдарға бекітілген мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер мен мүліктер тізбесін анықтауға;
жергілікті атқарушы органдарға Мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер, жарғылық қорына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар тізіліміне (Тізілім) қол жетімділігі жөніндегі жергілікті бюджеттерден жұмыстарды қаржыландыруға және оны "on-line" режимінде ұстап тұруға;
есепке алу объектілері бойынша Тізілім деректерін жандандыру мақсатында "Заңды тұлғалар" мемлекеттік дерекқорының "электронды үкімет" шеңберінде құрылатын электрондық форматтағы Тізілім ұстаушысына ақпарат беруге бағытталған шараларды дәйекті іске асыру жүзеге асырылады.
Тұтастай мемлекеттік меншік объектілерін толық және дұрыс есепке алуды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік мүлікті есепке алуды жүргізу мәселелері жөнінде республикалық және коммуналдық меншіктің уәкілетті органдарының арасында өзара әрекет жасаудың айқын тәртібін тұжырымдау тұр.
«Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын нақты іске асыру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды (серіктестіктерді) басқару органдарында мемлекеттің мүдделерін білдіретін уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан, сол сияқты лауазымды тұлғалар тарапынан мемлекеттік меншік объектілерін басқарудың тиімділігін арттыру жөнінде шаралар жүргізудің маңызды фактор болады.
Осыған байланысты мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының бақылау пакеттері (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар (серіктестіктер) қызметінің қаржылық-шаруашылық жоспарларын атқару бойынша есеп берулерді бекіту ережесі әзірленетін болады.
Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың ішкі аудиті қызметі туралы бір үлгідегі ереже әзірленетін және қабылданатын болады.
Экономиканың мемлекеттік секторын басқаруды жетілдіру және «Самұрық» холдингі» АҚ мен «Қазына» АҚ тиімді жұмыс істеуі мақсатында бірқатар нормативтік құқықтық кесімдерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Қор рыногына «Самұрық» холдингі» АҚ құрамына кіретін ұлттық компаниялардың бағалы қағаздарын шығару жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленеді және қабылданады.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибесін енгізуге бағытталған негізгі тетік ретінде «Концессия туралы» заң жобасы әзірленген.
Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметі мен қаржылық ағындарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
2008 жылы «Мемлекеттік активтерді басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңы әзірленетін болады.
Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес мемлекеттің активтер мен пассивтер балансын құру әдістемесін әзірлеу мақсатында мемлекеттің активтерін, міндеттемелерін, кірістерін, шығыстарын, меншікті капиталын айқындау өлшемдерін айқындау бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
5.1. Мемлекеттік мүлікті есепке алу жүйесін жетілдіру
Мемлекеттік мүлікті есепке алу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік меншік объектілерінің бірыңғай Тізілімін құру жөніндегі жұмыстар басталды.
Қазіргі уақытта ұйымдардың Тізілім құрылымына электронды түрде енгізілетін қаржылық ақпараты есепке алу объектілері мүлкінің құны туралы, оның ішінде жылжымайтын мүліктің, көлік құралдарының құны туралы деректерді қамтитынына қарамастан Тізілімде:
мемлекеттік кәсіпорындарға жедел басқаруға немесе шаруашылық жүргізу құқығына берілген мемлекеттік мүлікті;
бекітілмеген, иесіз мүлікті;
шетелдегі мемлекеттік мүлікті;
шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға жалға берілген мемлекеттік мүлікті есепке алуды жүзеге асыру туралы мәселені шешу қажет.
Бұдан басқа, алдағы кезеңде шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар мен жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар бойынша "электрондық іс қағазын" құру және жүргізу туралы мәселе өз шешімін талап етеді, бұл аталған ұйым бойынша электронды түрдегі (сканерден өткізілген) құжаттарды (акционерлердің, директорлар кеңесінің жалпы жиналыстарының шешімдерін, Жарғыны және т.б.) қамтиды.
Таяу арадағы перспективада республикалық меншікті (ММ, МК, АК (ЖШС)) бірыңғай есепке алуды жүргізуді ұйымдастыруды республикалық Уәкілетті органға жүктеген жөн.
Коммуналдық меншікті (ММ, MК, АҚ (ЖШС)) бірыңғай есепке алуды жүргізуді ұйымдастыру облыстық әкімдіктерге жүктеген орынды.
Таяу арадағы перспективада мемлекеттік меншіктің Бірыңғай базасын (Бірыңғай тізілімін) қалыптастыру функциясын «Ақпараттандыру-есепке алу орталығы» АҚ-қа (тізілім ұстаушы) бекітіп беру керек.
Республикада Электронды үкіметті енгізу жобасының іске асырылуына қарай, мемлекеттік меншікті бірыңғай есепке алу мен бірыңғай тізілім ұстаушыны функциясы осы жоба шеңберінде жүзеге асырылуы мүмкін.
5.2. Заңнамалық базаны жетілдіру
Заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі шаралар мемлекеттік активтерді басқару саласындағы бар проблемалы мәселелерді шешудің негізгі жолдарының бірі болып табылады.
Осыған байланысты, мемлекеттік активтерді басқару мәселелерін реттейтін бірыңғай базалық заң жобасы әзірленеді. Бұл заң жобасы мемлекеттік активтерді басқару ұғымын, оның мақсаттары мен міндеттерін, негізгі қағидаттарын, басқару нысандары мен әдістерін, басқару объектілері мен субъектілерін, мемлекеттік меншікті тиімді пайдалануын есепке алу және бақылау тәртібін айқындайды.
Қазіргі кездегі мемлекеттік меншіктің объектілерін тиімсіз басқару проблемаларын назарға ала отырып, «Мемлекеттік кәсіпорын туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы», Қазақстан Республикасы Заңдарының және басқа да заңнамалық кесімдерінің нормалары айтарлықтай қайта қаралатын болады. Осы жұмысты жүргізу шеңберінде:
мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық екі нысанын сақтап қалу орындылығы мәселесін қарау қажет, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар жұмыс істеуі тиіс қызмет салаларын және оларды құру кезінде мемлекет көздейтін мақсаттардың айқындалуын, мемлекеттік кәсіпорындар, соның ішінде рентабельді емес қызметіне қатысты реттелмеген мәселелерді айқын анықтау керек;
«Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қатысты, ұлттық компаниялардың жарғылық капиталдарындағы стратегиялық маңызды объектілердің жай-күйіне Қазақстан Республикасы Yкіметі тарапынан бақылауды, сондай-ақ оларды шеттету тәртібін көздеуді қамтамасыз ететін норма қарастырылатын болады.
Мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жетілдіре отырып және Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 4 желтоқсандағы № 735 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын орындау үшін Мемлекеттің активтері мен міндеттемелерінің теңгерімін жасау әдістемесі әзірленетін болады.
5.3. Мемлекеттік активтерді басқару саласындағы
қағидаттар мен басымдықтар
Таяу перспективада мемлекеттік активтер құрылымын одан әрі оңтайландыру жөнінде жұмыс жалғасады. Мемлекеттік мүліктің құрылымын (құрамын) оңтайландыру қағидаты мемлекеттік экономикалық саясат және мемлекеттің белгілі бір салалар мен нақты кәсіпорындарды реттеу жөніндегі стратегиялық міндеттерді шешу мүдделерінен туындап отыр.
Қазақстан ішкі бәсекелі нарықты дамыту бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асырумен қатар инновациялық дамыту және технологиялар трансферті мақсатында жоғары технологиялық халықаралық компаниялардың активтерін сатып алуға қатысады. Бұл үшін бүкіл әлем бойынша перспективалы компаниялардың акциялар пакетін сатып алуға ресурстарды шоғырландыруға мүмкіндік беретін жағдайлар дайындау қажет, сонымен бірге әр түрлі салалық тауашаларда орын алу қажет.
Мемлекеттік активтерді пайдаланудың негізгі бағыттарын айқындау жөніндегі жұмыс жалғасады. Осыған байланысты, мемлекеттік активтер мынадай тізбеде қалыптастырылады:
мемлекеттік басқару органдары мен мемлекеттік мекемелерге бекітіліп берілген мемлекеттік функцияларды орындау үшін қажетті мүлік;
әлеуметтік - маңызды қызметтер көрсету мақсатында қазыналық кәсіпорындарға бекітіліп берілген мүлік;
бағдарламалық құжаттарда көзделген міндеттерді орындау үшін құрылған акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер акциялары және қатысу үлестері;
акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, оның ішінде бағдарламалық құжаттарға сәйкес оларды құру кезінде жүктелген міндеттерді орындаған аграрлық сектордағы ұйымдардың акциялары және қатысу үлестері;
«Самұрық» холдингі" АҚ-ға берілген және беруге жоспарланатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер акциялары және қатысу үлестері;
«Қазына» АҚ-ға берілген және беруге жоспарланатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер акциялары және қатысу үлестері;
мемлекеттік меншіктің басқа да объектілері - жекешелендіруге немесе мемлекеттік қолдау ретінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беруге жататын объектілер.
Мемлекеттік меншік объектілерінің тізбесін қалыптастыру және оларды сол немесе басқа топқа жатқызу мынадай жүйелілікпен бірқатар іс-шараларды орындаудың алдында болуы тиіс:
мемлекеттің қатысуы қажет болатын қызмет салаларын айқындауға бағытталған іс-шаралар жүргізу және қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
тура мақсаты бойынша пайдаланылмайтын мүлік затын анықтау үшін мемлекеттік заңды тұлғалар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, соның ішінде ортамерзімді бағдарламалық құжаттарда көзделген міндеттерді іске асыру үшін құрылған заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік түгендеуін жүргізу.
5.4. Мемлекеттік жеке меншік әріптестігi
Осы салада халықаралық тәжірибені зерделеу құрылымды оңтайландыру, бірыңғай есепті ұйымдастырумен қатар, мемлекеттік активтерді басқарудың қазіргі үлгісін реформалауды өткізу қажеттігін көрсетті.
Мемлекеттік активтерді басқарудың қазіргі үлгісін реформалау мен жаңғырту бағыттарының бірі болып мемлекеттік - жеке меншік әріптестік үлгісін белсенді енгізу табылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік жеке меншік әріптестігінің лизинг, мемлекеттік сатып алу, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына жеке адамдармен қатар, мемлекеттің қатысуы, мемлекеттік меншік объектілерін сенімді басқару сияқты тетіктерін кеңінен қолдану практикасы бар. Мемлекеттік жеке меншік әріптестігінің осы тетіктерінің қолданылуы нақты нормативтік базамен сипатталады.
Сонымен қатар, мемлекеттік жеке меншік әріптестігінің негізгі тетігі концессия институты болып табылады. Осыған байланысты "Концессия туралы" заң қабылданатын болады.
Мұндай жағдайда жеке инвесторлардың мүдделері оларға мемлекеттік меншік объектілерін уақытша иелік ету және қолдануға сондай-ақ инфрақұрылым объектілері (автомобиль мен темір жол магистральдары, электр беру желілері) сияқты өз сипатына қарай мемлекеттік меншікте ғана бола алатын объектілердей жаңа объектілер құру (құрылыс) және оларға одан әрі иелік етуге, пайдалануға және өкім етуге құқық беру фактісімен қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттің мүддесі бюджеттік инвестициялар шеңберінде бюджет қаражатының сақталуымен қамтамасыз етіледі, өйткені концессиялық шарттардың міндетті талабы концессиялық жобаларды толық немесе ішінара жеке сектордың қаражаты есебінен қаржыландыру болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттің мүддесі концессионердің концессия объектісіне байланысты қызметтен тұрақты және кепілдендірілген пайда алу мүддесімен қамтамасыз етілген концессия объектісін неғұрлым тиімді экономикалық және технологиялық басқарудан көрінеді.
5.5. Мемлекеттік холдинг және Басқарушы компания
Қазақстанда «Самұрық» холдингі» АҚ мен «Қазына» АҚ құрудың негізгі мақсаты мемлекеттік активтерді басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және оны жаңғырту болып табылады.
Халықаралық тәжірибеде мемлекеттік холдингтер қазіргі кездегі мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттырудың ең пәрменді тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады, бұл мемлекеттік холдингтер құрудың көп мысалдарын растайды. «Самұрық» холдингі» АҚ құру тұжырымдамасын әзірлеу мақсатында «McKinsey&Company, Inc» компаниясының сарапшылары Temasek (Сингапур), IRI (Италия), ОеІАG (Австралия) мемлекеттік холдингтерін құрудың халықаралық үздік тәжірибесіне талдау жүргізді.
«Самұрық» холдингі» АҚ басқарылатын әрбір компанияның және холдингтің қызметін тиімді функциялауға, инвестиция көздерін қалыптастыру кезінде әртүрлі қаржы құралдарын пайдаланудағы мүмкіндіктерді кеңейтуге алып келеді. Ұлттық компаниялардың кешенді дамуы еліміздің тұтастай экономикасының дамуына жәрдемін тигізеді.