5.2 Ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Мыналар ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздіктің деңгейін арттыру жөніндегі қажетті іс-шаралар болып табылады:
тергеуге барлық мүдделі тараптарды және бірінші кезекте, зауыттардың өкілдері - авиатехниканы шығарушылар мен әзірлеушілерді тарта отырып, авиациялық оқиғалардың шынайы себептерін анықтау мақсатында тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету;
олардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлей отырып ұшу қауіпсіздігі мен авиация қауіпсіздігінің жай-күйін тоқсан сайын талдауды жүргізу, сондай-ақ ай сайын әуе көлігіндегі қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпараттық бюллетеньдер шығару;
авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігі қызметтерінің басшыларын аттестаттауды жүргізу;
әуе кемелерінің жай-күйі бойынша нақты алдын алу іс-шараларын әзірлеу;
авиациялық қауіпсіздік жөнінде азаматтық авиация ұйымдарының қызметтерін сертификаттау;
Қазақстан Республикасы заңнамасының, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы нормалар мен ережелердің сақталуын бақылау;
авиациялық жұмыстарды жүргізу кезінде нормативтік құжаттар талаптарының сақталуын бақылау;
ұшу қауіпсіздігі саласында еуропалық авиациялық стандарттарды енгізу;
Қазақстан Республикасының кемінде екі әуежайында «Дабыл» операциясы жоспары бойынша толық ауқымды терроризмге қарсы оқу- жаттығуларды жыл сайын өткізуді жүйеге енгізу;
уәкілетті орган беретін халықаралық үлгідегі машина оқитын ұшу рұқсаттамасы жүйесін енгізу;
авиациялық қауіпсіздік саласында техникалық регламенттерді әзірлеу.
2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған терроризм актілеріне байланысты авиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру мақсатында алыс шет елдердің (Америка Құрама Штаттары және басқа) ұқсастығына қарай АҚҚ мемлекеттік кәсіпорнын құру қажет.
Бұл авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету схемасын түбегейлі түрде қайта құруға мүмкіндік береді, сондай-ақ әуежайларда АҚҚ-ны орталықтандырылған басқаруды, заңсыз араласу актілері жағдайларында жедел шара қабылдауды қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, "Қазаэронавигация" республикалық мемлекеттік кәсіпорны сияқты АҚҚ-ның азаматтық авиация ұйымы ретіндегі мемлекеттік кәсіпорын мәртебесі және оның Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігіне бағынысты болуы авиакәсіпорындар қызметін бақылау мен үйлестірудің біркелкі жүйесін сақтауға, өзге субъектілердің тарапынан әуежайлардың өндірістік қызметіне араласу және өндірістік қызметтің үзіліссіз болуын бұзу фактілерін болдырмауға мүмкіндік береді. Әуежайларда өткізу, объектішілік режимдерді, жолаушыларды, багажды және жүктерді тексеруді, әуе кемелерін және азаматтық авиация объектілерінің қауіпсіздігін ұйымдастыру жөніндегі ИКАО-ның стандарттарын және ұсынатын практикасын орындау қамтамасыз етілетін болады.
Әуежайлардың АҚҚ-ларың орталықтандырылған басқару АКҚ басшыларының әуежайлар басшыларына субъективті тәуелді болуын шектейді. Әуежайларды қорғау жөніндегі функцияларды тікелей жүзеге асырмайтын аралық буындар түріндегі белгілі бір буфер болмаған кезде, уәкілетті органның талаптарына шұғыл жауап беруді қамтамасыз ету мүмкіндігі туады. Бұл АҚҚ қызметінің негізгі бағыты ретінде авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ақша қаражатын мақсатты пайдалануға мүмкіндік береді.
5.3. Авиатасымалдар нарығын, оның ішінде облысішілік
әуе қатынастарын дамыту және кеңейту
Ішкі авиациялық қатынастарды одан әрі дамыту қолданыстағы бағыттар бойынша авиарейстердің санын ұлғайту, сондай-ақ жаңа авиабағыттарды ашу есебінен қамтамасыз етіледі.
Авиабағыттың тиімді жұмыс істеуі үшін кіріс деңгейін қамтамасыз етпейтін авиабағыттар бойынша тұрақты тасымалдар тиісті бюджетте көзделген қаражат есебінен субсидиялануға тиіс. Авиатасымалдарға арналған субсидиялар авиатасымал кезінде пайда болатын тариф пен пайдалану шығыстарының көлемі арасындағы айырмашылықты өтеуге жіберіледі. Авиабағытты субсидиялау бағдарламасының түпкі мақсаты авиатасымалдарға экономикалық жағынан тиімді тарифті белгілеу кезінде жолаушылар ағынының деңгейін орындалатын рейстердің тиімділігін қамтамасыз ететін дәрежеге дейін көтеру болып табылады. Бұл ретте бюджеттің субсидиялары Астана қаласын облыс орталықтарымен қосатын авиабағыттарға ғана емес, сонымен бірге облыстың шалғай аудандарының облыс орталығымен байланысын қамтамасыз ететін облысішілік авиатасымалдарға жіберілуі мүмкін.
Жергілікті (облысішілік) әуе қатынастарын дамыту мақсатында осыған байланысты баламалы көліктік қатынасы жоқ қашықтағы аумақтарға қызмет көрсету үшін жергілікті аэродромдарды (топырақты ҰҚЖ мен аэродром алаңдарын) қалпына келтіру және жаңаларын салу, шалғай әрі тиісті үлгідегі әуе кемелерін жыл бойы қабылдау-жөнелту үшін оларды күтіп ұстау қажет.
Бастапқы кезеңде туризмді дамыту үшін Астана және облыс орталықтары мен тарихи маңызы бар жерлер (Түркістан қаласы), сондай-ақ санаторийлік-шипажайлық инфрақұрылым (Бурабай, Алакөл, Балқаш, Баянауыл және басқалары) арасындағы әуе қатынастарын дамыту көзделіп отыр.
Әуе қатынасы туралы қолданыстағы мемлекетаралық келісімдердің басым бөлігі 1992-1998 жылдар аралығында жасалған. Азаматтық авиацияны дамытудың ағымдағы жай-күйін ескере отырып Қазақстан Республикасында және тұтастай әлемдік қоғамдастықтағы авиатасымалдар саласындағы осы Келісімдерді оңтайландыру талап етіледі.
Бұл ретте мынадай:
авиациялық қауіпсіздік жөніндегі (әуе кемелерін басып алу оқиғалары санының көбеюіне байланысты көрсетілген Келісімдерге өзгерістер енгізу);
шетелдік авиакомпанияларға тұрақты ұшуларды орындау үшін рұқсат берілген пункттер жөніндегі;
келісілген авиажелілерді пайдалану (ұшу сыйымдылығы мен жиілігі бойынша авиациялық әкімшіліктердің өкілеттіктерін нақтылау) жөніндегі ережелерді жаңғырту қажет.
Қазақстандық авиакомпаниялармен бірлесіп ұшу географиясының ұлғаю перспективаларын зерттей келе, Әуе қатынасы туралы жаңа келісімдер жасау көзделуде.
Қазақстанда негізгі халықаралық рейстерді орындау үшін Астана қаласында - республика астанасы, Алматыда - қаржы орталығы, Атырауда - Батыс Қазақстандағы мұнай орталығында үш торапты әуежайлар ("хабтар") құрылады. Осы қалалар барлық облыстық орталықтармен реттеулі әуе қатынасымен байланыста болады, бұл ретте Қазақстанда орындалатын халықаралық ұшулар жолаушылар үшін ең тиімді түйісуді қамтамасыз етіп, авиарейстер кестесін үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жаңа астаналық әуежай кешенінің қуатын барынша пайдалану мақсатында Еуропа қалаларынан Оңтүстік-Шығыс Азияға Астана қаласының әуежайы арқылы, сондай-ақ Ресей мен Қытай қалалары арқылы қазақстандық авиакомпаниялардың авиарейстерін ашу қажет, бұл қосымша транзиттік жолаушылар және жүк трафигін тартуға мүмкіндік береді. Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы ұшуларды жүзеге асыратын ірі шетел авиакомпанияларының Астана қаласының әуежайында транзиттік қонуларын тартуды да көздейді. Бұдан басқа, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы, ал Атырау Батыс Қазақстанның өндірістік орталығы болып келе жатқанына байланысты аталған қалалардағы әуежайлардың ішкі және халықаралық авиарейстерінің санын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте осы әуежайлар арқылы авиатасымалдаудың көлемі жыл сайын 25 %-ға өседі деп күтілуде.
Қазақстан Республикасының солтүстік және шығыс өңірлерінен (Қостанай, Семей, Өскемен, Петропавл, Павлодар) Ресей Федерациясының қалаларына ұшулардың қайта басталуы қазақстандық авиатасымалдаушылар нарығын дамыту кезеңдерінің бірі болып табылады. Ресейлік авиакомпаниялардың көрсетілген қалаларға авиатасымалдауды орындауы негізінде уақытша сипатта (жазғы кезеңде).
Дамыған әуе қатынасының жоқтығынан осы қалалардан Ресей Федерациясының шекаралас қалаларына жолаушылар ағынының ұлғаюы байқалады, ол өңір бойынша орташа алғанда шамамен аптасына 150-200 әлеуетті жолаушыны құрайды.
Жоғалған трафикті қалпына келтіру және авиатасымалдарға тұрғындардың өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында авиациялық нарықта тұрақты рейстерді орындаумен айналысатын және мыналарға:
Қазақстанның солтүстік және шығыс облыс орталықтары арасындағы авиатасымалды қоса алғанда, Қазақстанның ірі қалалары арасындағы ішкі авиақатынасты, сондай-ақ Қазақстанмен шекаралас елдермен (Ресей, Монғолия және басқалары) халықаралық қатынасты дамытуға;
жақын магистральды әуе кемелері паркін жаңартуға;
авиациялық тасымалдар нарығында бәсекелестікті дамытуға;
авиатасымалдардың, оның ішінде Астананы Қазақстанның облыс орталықтарымен қосатын бағыттардағы авиатасымалдардың қол жетімділігін қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік міндетті орындауға бағытталған басқа ірі авиакомпанияның болғаны жөн.
Бағыттардың осы желісі бойынша болжамды жолаушылар ағыны жыл сайын 15-20 %-ға өсумен жылына 260 мың жолаушы деп бағаланады.
5.4. Әуежайлардың жердегі инфрақұрылым объектілерін
(ҰҚЖ-ны, аэровокзал кешендерін қайта жаңарту, қазіргi
заманғы арнайы техникамен жарақтандыру) жаңғыртуды және
дамытуды жүзеге асыру
Қазақстан Республикасының әуежай кешендерінің қызметін одан әрі дамыту мақсатында мыналар ұсынылып отыр:
1) Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін барынша пайдалану мақсатында жұмыс істеп тұрған әуежайлар негізінде бірінші кезекте жүк көліктік әуежайлар желісін дамыту қажет, осы әуежайлардың инфрақұрылымын қандай да бір шектеулерсіз бірінші сыныпты әуе кемелерін қабылдауға және қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін халықаралық талаптарға сәйкес келтіру, негізгі өндірістік қуаттарды қайта жаңартуды жүргізу, әуе кемелеріне жерде қызмет көрсету құралдарын жаңарту қажет;
2) Ақтау, Петропавл, Семей, Павлодар, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Талдықорған, Шымкент қалаларының өңірлік әуежайларының инфрақұрылымын кезең-кезеңімен (негізгі өндірістік қорларды жаңарту және қайта жаңарту) дамытуды қамтамасыз ету үшін осы әуежайлардың акциялар пакеттерін коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру жөніндегі іс-шараларды өткізу болжанып отыр.
Халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес жолаушылар мен әуе кемелеріне қызмет көрсету бойынша астаналық әуежай қызметін әрі қарай дамыту және жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген тәртіппен мамандырылған басқарушы компанияны тарту ұйғарылып отыр.
Бұдан басқа, "Жезқазған Эйр авиакомпаниясы" акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру және белгіленген тәртіппен оның құрамынан Балқаш әуежайын бөліп шығару болжануда;
3) әуежайлар иелерімен бірлесіп, Тараз, Петропавл, Көкшетау, Орал қалалары әуежайларының негізгі өндірістік қорларын (ҰҚЖ, аэровокзал кешендері, арнайы техника) қайта жаңарту және жаңарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу;
4) "Қазаэронавигация" республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп, әуеайлақтар ауданында ұшуды радиотехникалық қамтамасыз етудің құралдарын жаңғырту мен жаңарту бағдарламасын әзірлеу;
5) әуе кемелеріне жерден қызмет көрсету үшін, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы техниканы ұсыну жөніндегі лизингтік қызметтер бөлігінде лизингтік компаниялардың қызметін көтермелеу ұсынылып отыр.
Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы транзиттік ағындардың негізгі бағыттарын негізге ала отырып және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекетке жауапкершілік жүктейтін ИКАО қағидатын ескере отырып, бүгінгі күні бірінші кезекте Ақтөбе, Павлодар, Шымкент, Қостанай және Қызылорда әуежайлары сияқты әуежайлардың әуежай кешенін қайта жаңарту мен жаңғырту анағұрлым орынды (4, 5-кестелер).
Бұл әуежайлар негізгі халықаралық трассаларда орналасқан, сондықтан оларды "Боинг" үлгісіндегі ірі әуе кемелері үшін транзит ретінде пайдалану халықаралық авиатасымалдаушылар мен еліміздің әуежайлары үшін екі жақты экономикалық табыс әкеледі және республиканың беделін көтеруге ықпал етеді.
Әуежай кешендерін бірінші кезекте қайта жаңарту үшін жоғарыда көрсетілген әуежайларды таңдау мынадай себептерден туындайды:
Ақтөбе қаласының әуежайы:
3,17 млрд. теңге мөлшеріндегі бюджеттік қаражат есебінен Ақтөбе қаласы халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту 2004 жылы басталып 2005 жылы аяқталды. ҰҚЖ-ны қайта жаңарту жолаушылар сыйымдылығы 350 жолаушыға дейін жететін барлық үлгідегі, оның ішінде Боинг үлгісіндегі әуе кемелерін қабылдауға және қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Ұлттық авиатасымалдаушы "Эйр Астана" авиакомпаниясы осы әуежай арқылы ұшуларды кеңейтуді, "Боинг" үлгісіндегі ұшақтарда соның ішінде Еуропаға ұшулар жиілігін өсіруді жоспарлап отыр.
Сонымен бірге, қолданыстағы аэровокзал кешені 1967 жылы салынған, пайдалануға берілген сәттен бастап қайта жаңартылмаған әрі қазіргі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ұсынылатын қызметтердің сапасы бойынша осы заман талаптарына сәйкес келмейді.
Осыған байланысты қолданыстағы алаңдарды 20000 шаршы метрге дейін кеңейте отырып, қазіргі аэровокзал ғимаратын толық қайта жоспарлауды жүргізу, аэровокзал кешенінің жарақталуы мен технологиялық желілерін халықаралық нормаларға сәйкестендіру қажет.
Шымкент қаласының әуежайы:
Шымкент ауданындағы транзиттік әуе кемелерінің ұшуы Оңтүстік Қазақстанның әуе кеңістігіндегі барлық әуе қозғалысының 10 %-ын (тәулігіне 25 ұшаққа дейін) құрайды;
бүгінде тәулігіне 150 рейске дейін қабылдайтын Ташкент қаласының әуежайы арқылы ұшатын көліктік әуе кемелерін тарту үшін жағдай жасау қажеттігі. Ташкент қаласы әуежайына көп салмақ түсіп отырғанының байқалуына байланысты, сондай-ақ Қазақстанның саяси тұрақтылығын ескере отырып, кейбір авиакомпаниялар бүгіннің өзінде Шымкент қаласының әуежайында қонуды орындағысы келеді.
Қостанай қаласының әуежайы:
шекара маңындағы аумақта орналасқан стратегиялық әуежай болып табылады. 1967 жылы пайдалануға берілген уақыттан бастап ҰҚЖ-ны, рульдеу жолдарын, перронды күрделі жөндеу жүргізілмеген. ҰҚЖ-ның тірек қабілеті республика авиакомпанияларында бүгінгі күні бар әуе кемелерінің батыстық үлгілерін қабылдау мүмкіндігін айтарлықтай шектеп отыр. "Эйр Астана" авиакомпаниясы "Боинг" үлгісіндегі ұшақтарын осы әуежай арқылы ұшыруды жоспарлауда;
Павлодар қаласының әуежайы:
Әуежайдың ЖҰҚЖ-ы 1971 жылы пайдалануға берілген. Пайдаланудың ұзақ мерзіміне байланысты қазіргі уақытта ЖҰҚЖ-ның тірек қабілетінің төмендеуі байқалады, бұл әуе кемелерін қабылдауды шектеуге әкеліп соғады. Тексеру нәтижелері ЖҰҚЖ жасанды жамылғыларының қабыршықтануын, ішінара бұзылуы мен тозуын көрсетті.
Әуежай ағымдағы және күрделі жөндеу арқылы аэродром жарамдылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жүргізуде. Соңғы жөндеу 1994 жылы жүргізілген. Сонымен бірге, қаржы қаражатының тапшылығына байланысты аэродромның жасанды жамылғыларын қайта жаңарту және қалпына келтіру жөніндегі жоспарлы іс-шараларды жүргізу мерзімдері сақталмайды, бұл ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер етеді.
Қызылорда қаласының әуежайы:
Әуежайдың ЖҰҚЖ-ы 1986 жылы пайдалануға берілген.
Қазіргі уақытта аэродромда ТУ-134, АН-24 және басқа төменгі сыныпты үлгідегі ұшақтар пайдаланылады. Қызылорда әуежайы пайдалану сапасының, аэродром жабынының геометриялық өлмешінің және инфрақұрылымының қазіргі заманғы халықаралық талаптарға сәйкес келмеуі, осы әуежайда қазіргі заман үлгісіндегі әуе кемелерінің ұшулары ұшу салмағы мен қарқындылық шектеуі бойынша жүзеге асырылуымен байланысты. Мастикамен құйылған ұшып-қону жолағының үстіңгі қабатында көптеген ұзыннан бойлаған жарылулар мен сынулар бар.
4-кесте
Республикалық бюджет есебінен 2006-2008 жылдар
ішінде қайта жаңартылуға (салынуға) тиіс Қазақстан
Республикасы әуежайларының жердегі инфрақұрылымының
негізгі обьектілерінің құрамы
Әуежай | Меншік түрi | Жобалардың шамамен алғандағы құны млн. теңге | Қайта жаңартылуға, салынуға тиіс негізгі өндірістік кешендер |
1 | 2 | 3 | 4 |
"Ақтөбе халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамы | Республикалық | 3208,0 | Аэровокзал кешенін қайта жаңарту |
"Шымкент халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамы | Коммуналдық | 5400,7 | ҰҚЖ (күшейту, ұзарту) |
Перрон, рульдеу жолдары (күшейту, кеңейту) |
Жарықпен белгі беру жабдығын орнату (ОВИ-1) |
Метеоқамтамасыз ету жүйесін жете жабдықтау |
Радионавигациялық жүйенің объектілері (орнын ауыстыру) |
"Қостанай халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамы | Коммуналдық | 7844,7 | ҰҚЖ (күшейту, ұзарту) |
Перрон, рульдеу жолдары (күшейт, кеңейту) |
| Жарықпен белгі беру жабдығын орнату (ОВИ-1) |
Метеоқамтамасыз ету жүйесін жете жабдықтау |
Радионавигациялық жүйенің объектілері (орнын ауыстыру) |
"Павлодар әуежайы" акционерлік қоғамы | Коммуналдық | 1113,0 | ҰҚЖ-ны, рульдеу жолдарын күрделі жөндеу |
"Қорқыт Ата әуежайы" акционерлік қоғамы (Қызылорда қаласы) | Коммуналдық | 6342,5 | ҰҚЖ (күшейту, ұзарту) |
Перрон, рульдеу жолдары (күшейту, кеңейту) |
Жарықпен белгі беру жабдығын орнату (ОВИ-1) |
Метеоқамтамасыз ету жүйесін жете жабдықтау |
Радионавигациялық жүйенің объектілері (орнын ауыстыру) |
5-кесте
Тартылатын қаражат есебінен 2006 - 2008 жылдар ішінде
қайта жаңартылуға (салынуға) тиіс Қазақстан Республикасы
әуежайларының жердегі инфрақұрылымының негізгі
объектілерінің құрамы
Әуежай | Меншік түрі | Жобалардың шамамен алғандағы құны, млн. теңге | Қайта жаңартылуға, салынуға тиіс негізгі өндірістік кешендер |
1 | 2 | 3 | 4 |
"Атырау халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамы | Мемлекеттік | 6900 | Жаңа жолаушылар және жүк терминалдарын салу |
"Алматы халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамы | Жеке меншік | 7600 | Жаңа ҰҚЖ салу |
Жарықпен белгі беру жабдығын орнату |
Метеоқамтамасыз ету жүйесін жете жабдықтау |
ӘҚБ объектілерін салу |
Қазақстан Республикасының әуежайларын арнайы техникамен қамтамасыз ету және қайта жарақтау мақсатында оларды бір орталықтан шоғырландырып сатып алу және қаржылық лизинг негізінде әуежайларға беру үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылуы қажет.
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі өлшемі әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді бекітілген техникалық регламенттер талаптарына сәйкес мамандандырылған техникалық орталықтарда дер кезінде және сапалы жүргізу болып табылады.
Қазақстандық авиакомпаниялар пайдаланатын шетелде шығарылған әуе кемелері паркінің саны өсіп келе жатқанына байланысты Астана қаласының әуежайында республика авиакомпанияларының ғана емес, ТМД елдерінің, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия аумақтарының да әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетудің ауыр нысандарын жүргізе алу сұранысын қамтамасыз ететін қабілеті бар қазіргі кезеңдегі сервистік авиациялық-техникалық орталықты құру қажет.
Бұл орталықтың қызметі батыс орталықтарындағы әуе кемелеріне қызмет көрсетуді жүргізуге қазақстандық авиакомпаниялардың шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді (орташа есеппен әуе кемесінің бір бірлігіне жылына 160 мың АҚШ доллары).
5.5. Аэронавигация жүйесінің өндірістік қуаттарын
жаңғыртуды жалғастыру жөніндегі және әуе қозғалысын
ұйымдастыру жүйесінің жаңа тұжырымдамасын енгізуге дайындық
жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау
Аэронавигация жүйесінің трассалық бөлігін дамытуды және жаңғыртуды инвестициялау аэронавигациялық қызмет көрсетудің талап етілетін сапасын қамтамасыз етеді. Жоғары сапа базасында бәсекелестік басымдықтар кірістілік сигментін - транзиттік ұшуларды қамтамасыз ету негізінде құрылуы және қолдауға алынуы мүмкін. Осы бағытта инвестицияның төмендеуі аэронавигациялық басымдықтың азғындауына, бәсекелестікке қабілетін жоюға және осының салдары ретінде транзиттік ағынның азаюына және кірісінің төмендеуіне әкеліп соғады.
Аэродром аймағындағы әуе қозғалысының қарқындылығы шамалы болуына байланысты аэронавигациялық қызмет көрсету үшін түсетін кірістер аэродром ауданындағы аэронавигациялық инфрақұрылымды қамтамасыз етуге жетпейді. Алайда, ұшу қауіпсіздігінің талап етілетін деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындай отырып, кәсіпорын ескірген жабдықты ауыстыру мен жаңғыртуды қоса алғанда, әуеайлақтық радиотехникалық кешендерін қажетті қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Осы бағытқа деген инвестициялар барлық инвестициялық шығыстардың үштен бірі болып отыр және де қауіпсіздік тұрғысынан оларды азайту мүмкін емес.
Осыған орай, алдағы кезеңде Қазақстан Республикасының аэронавигациялық жүйесінің жабдығын жаңғыртуды жалғастыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады (6-кесте):
6-кесте
Атауы | Іске асырылуы жоспарланып отырған жобалар |
1 | 2 |
Әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі орталықтарын жаңғырту | 2005 жылы іске қосылған Астана қаласындағы әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі орталығын техникалық қолдау, жаңғырту және оның функционалдық мүмкіндіктерін арттыру; Шымкент қаласында 2005 жылы басталған әуе қозғалысын басқарудың автоматтандыру құралдары кешенін қайта жаңарту жобасын аяқтау; Ақтөбе қаласында 1997 жылы енгізілген әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесінің трассалық орталығын (ӘҚБ АЖ) жабдығын ауыстыру. Жабдық қызмет етудің белгіленген мерзіміне аяқтады шыққан және ауыстырылуға тиіс; Алматы қаласындағы автоматтандырылған жүйесі трассалық орталығының жабдығын ауыстыру. Орталық 1996 жылдан жұмыс істейді және ауыстырылуға тиіс. Осы жаңғырту жобасының басталуы 2007 жылы жүзеге асырылатын болады. |
Радиолокациялық бақылау жүйесін жаңғырту | 2007 жылдан бастап ҚР әуеайлақтарында шектеулі жай-күйге жеткен аэродром радиолокаторларын ауыстыру жоспарланып отыр. Осы кезең ішінде Өскемен, Қарағанды және Жезқазған қалаларындағы радиолокаторларын ауыстыру жоспарлануда. 2006-2007 жылдар ішінде Балқаш қаласында жұмыс істеу мерзімі аяқталып келе жатқан қосалқы трассалық радиолокатор ауыстырылатын болады. |
Жаңғыртылатын және жаңадан салынатын ұшу-қону жолақтарын аэроновигациялық құралдармен жабдықтау | Атырау қаласында 2005 жылы басталған жаңа жасанды ұшу-қону жолағын аэродромдық навигациялық құралдармен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды, Ақтөбе қаласының қайта жаңартылған ұшу-қону жолағын қайта жабдықтау жөніндегі жұмыстарды аяқтау және Шымкент пен Павлодар қалаларындағы және басқа әуежайлардағы ұшу-қону жолақтарын қайта жабдықтау. Күрделі метеожағдайда ұшу қауіпсіздігі мен тұрақтылығын жоғарылату мақсатында Астана мен Алматының аэродромдарын ИКАО-ның үшінші санаты бойынша қону жабдығымен, ИКАО мен Қазақстан Республикасының нормаларымен және стандарттарымен жабдықтау. |
Авиациялық электробайланыс пен ақпараттық коммуникацияны дамыту, қайта жаңарту және жаңғырту | Бірінші кезекте "әуе-жер" радиобайланысының ескірген кіші жүйесін қайта жаңартуды көздейтін дауыстық диспетчерлік байланысты қайта жаңарту. 2002 жылы басталған корпоративтік цифрлық аэронавигациялық желіні (ATN) салу жобасын аяқтау. Желі ӘҚБ АЖ өңірлік орталықтары мен олардың шығарылған позициялары арасындағы жоғары сапалы цифрлы арналарды ұйымдастыру үшін қажет. Жоба 2006 жылы аяқталады. Байланыстың авиациялық желілерінің белгі берудің цифрлық әдістеріне көшуі жобасын жалғастыру. Аэродромдық талшықты-оптикалық және радиорелелік желілерді кеңейту көзделуде. |