203. Қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған (жете пайдаланылмаған, оның ішінде конкурстық рәсімдер нәтижелері бойынша үнемдеу есебінен) нысаналы трансферттердің сомалары оларды бөлген жоғары тұрған бюджетке:
1) жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарлама әкімшісінің тиісті бюджеттік бағдарлама бойынша кассалық шығыстарын қалпына келтіру жолымен ағымдағы қаржы жылының желтоқсанында қайтарылады.
Жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарлама әкімшісінің кассалық шығыстарын қалпына келтіру бойынша төмен тұрған бюджеттің шығыстары жергілікті бюджетті түзету негізінде қаржыландырудың жиынтық жоспарларына енгізілген өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылатын нысаналы трансферттерді қайтару жөніндегі шығыстары болып табылады.
2) бюджет қаражатының бос қалдықтары есебінен қаржы жылы аяқталғаннан кейін бір ай ішінде қайтарылады.
Жоғары тұрған бюджет үшін бұл сома нысаналы трансферттерді қайтару бойынша түсімдер, төмен тұрған бюджет үшін - бюджетті түзету арқылы жергілікті бюджеттерді атқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асыратын нысаналы трансферттерді қайтаруға байланысты шығыстар болып табылады.
Қаражатты қалпына келтіру мен аударуды төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарлама әкімшісі бөлінген қаражатты пайдаланбау (жете пайдаланбау) себептерін қамтитын негіздеме хатты қоса бере отырып және нысаналы трансферттерді әрбір қайтару жөнінде төлеуге берілетін шоттың көшірмесін және негіздеме хаттың көшірмесін жоғары тұрған бюджетке дейін жеткізе отырып "Нысаналы трансферттерді қайтару" бағдарламасы бойынша төлеуге берілетін шот негізінде жүргізеді.
204. Бөлінген бюджеттік бағдарламалардан алынған, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жете пайдаланбаған қаражат белгіленген тәртіппен әзірленген және қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның Қазақстан Республикасы Yкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның бөлінетін бюджеттік бағдарламалар есебінен қаражат бөлу туралы қаулысына өзгерістер енгізу туралы қаулысының негізінде қаржыландырудың жиынтық жоспарларына, мемлекеттік мекеменің жеке жоспарларына тиісті өзгерістер енгізу арқылы оларды қалпына келтіруге бағытталады.
Бұл ретте, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің жазбаша өтініші (еркін түрде) негізінде аумақтық қазынашылық бөлімшелері бөлінетін бюджеттік бағдарламалар есебінен іс-шаралар өткізумен байланысты шығыстарды тежейді.
205. Төмен тұрған бюджеттер ағымдағы қаржы жылы жоғары тұрған бюджеттің бөлінетін бюджеттік бағдарламасынан алынған қаражатты жете пайдаланбаған жағдайда осы ағымдағы жыл ішінде төмен тұрған бюджеттерге үнемдеуді немесе сұрауы жоқ соманы қайтару жоғары тұрған бюджеттің бөлінетін бюджеттік бағдарламасы әкімшісінің кассалық шығыстарын қалпына келтіру арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның жоғары тұрған бюджеттің бөлінетін бюджеттік бағдарламасы әкімшісінің кассалық шығыстарын қалпына келтіру жөніндегі шығыстары жергілікті бюджетті түзету негізінде қаржыландырудың жиынтық жоспарларына енгізілген өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылатын нысаналы трансферттерді қайтару жөніндегі шығыстары болып табылады.
206. Егер бекітілген (нақтыланған, түзетілген) жергілікті бюджетте бюджеттік алуларды және субвенцияларды есептеген кезде есепке алынған шығыстар көзделмесе, онда Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың жергілікті атқарушы органы қаржы жылы ішінде тиісті мөлшерге бюджеттік субвенцияларды қысқарту немесе бюджеттік алуларды арттыру туралы шешім қабылдайды.
Қаржы жылы ішінде тиісті мөлшерге бюджеттік субвенцияларды қысқарту немесе бюджеттік алуларды арттыру туралы шешімді Республикалық бюджет комиссиясының тиісті шешімі кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті органның тексеру материалдары негізінде және жергілікті атқарушы орган мәслихаттардың тексеру комиссияларының тексеру материалдарының негізінде қабылдайды.
28-тарау. Республикалық және жергілікті бюджеттерден бюджеттік субсидиялар төлеу тәртібi
207. Бюджеттік субсидиялар республикалық бюджет туралы заңда немесе тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттар шешімінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органның тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңын іске асыру туралы қаулысында немесе тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінде анықталған сомалар шеңберінде беріледі.
208. Жоғары тұрған бюджеттерден төмен тұрған бюджеттерге нысаналы ағымдағы трансферттер түрінде бюджеттік субсидиялар аудару тәртібі осы Ереженің 27-тарауында айқындалған нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.
209. Бюджеттік субсидиялар төлеу үшін оларды алушылар бюджеттік бағдарлама әкімшісіне олардың бюджеттен өтеуді талап ететін шығындарды жүзеге асырғандығын растайтын құжаттарды береді. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі оларды қарағаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімдерінде көзделген тәртіппен және нысанда бюджеттік субсидия беру жүзеге асырылған әр бюджеттік бағдарлама бойынша бюджеттік субсидияларды төлеуге арналған қорытындыны және төлеуге берілетін шоттарды қалыптастырады.
Бюджеттік бағдарлама әкімшісі тиесілі бюджеттік субсидияларды олардың тікелей алушыларына аудару үшін аумақтық қазынашылық бөлімшесіне осы Ереженің 37-қосымшасына сәйкес нысан бойынша төлеуге берілетін шоттардың тізілімін және төлеуге берілетін шоттарды екі данада береді.
Бюджеттік бағдарлама әкімшісі бюджеттік субсидияларды төлеудің негізділігін, бюджеттік субсидия алушыларға тиесілі соманы есептеудің дұрыстығын, бюджеттік субсидияларды аудару yшін аумақтық қазынашылық бөлімшесіне ұсынылған төлеуге берілетін шоттарды толтырудың растығын және толықтығын қамтамасыз етеді.
29-тарау. Шетел валютасында төлемдер мен ақша аударуды жүзеге асыру тәртібi
210. Қолма-қол және қолма-қол ақшасыз нысанда, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына аударуға арналған шетел валютасындағы түсімдер сомасын есептеу, Қазақстан Республикасының бейрезиденттерінің пайдасына шетел валютасын айырбастау, қайта айырбастау және айналдыру жөніндегі шетел валютасындағы операцияларды жүргізу үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ҚР ҰБ-да валюта түрлері бойынша шетел валютасында хат-хабар шоттары ашылады (бұдан әрі - шетел валютасындағы хат-хабар шоттары).
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шетел валютасындағы хат-хабар шоттарына қызмет көрсетуді ҚР ҰБ шетел валютасындағы хат-хабар шоттарына қызмет көрсетуге арналған шарт және оған қосымша келісімдер негізінде жүзеге асырады.
211. Шетел валютасындағы шоттар мемлекеттік мекемеге валюта түрлері бойынша ҚБАЖ-да:
шетел валютасындағы консулдық алымдарды есептеу;
Қазақстан Республикасының заңнама актілерінде рұқсат етілген мемлекеттік мекемеге шетел валютасында түсімдерді есептеу және Қазақстан Республикасының резидент еместерінің пайдасына шетел валютасында төлемдер мен ақша аударуды жүзеге асыру үшін ашылады.
212. Республикалық немесе жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемеге шетел валютасында шот ашуды рұқсат берілгеннен кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады. Рұқсатты бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қолдаухаты негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган береді. Бюджеттік бағдарлама әкімшісінің қолдаухаты мемлекеттік мекеменің толық атауын, Мемлекеттік мекемелер анықтамасына сәйкес оның жеті белгіден тұратын кодын, салық төлеушінің тіркеу нөмірін, шот түрін, валюта түрін, қаржыландыру көзін және шығыстар бағыттарының мақсаттарын, сондай-ақ оған сәйкес мемлекеттік мекеме құрылған немесе қайта құрылған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісін қамтуы тиіс. Қолдаухатқа не:
1) Қазақстан Республикасының салалық заңнама актісі;
2) халықаралық қызмет немесе ынтымақтастық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру көзделген мемлекеттік мекеменің ережесі (жарғысы);
3) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт;
4) мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүргізілгендігі туралы мемлекеттік сатып алу жөніндегі тиісті уәкілетті органның хатын қоса бере отырып, мемлекеттік мекеме өнім берушілермен - бейрезиденттермен жасасқан тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алуға арналған шарт қоса беріледі.
213. Шетел валютасындағы шот бойынша операция жүргізу үшін мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне рұқсат және қол мен мөр бедерінің үлгілері бар құжатты береді.
214. Мемлекеттік мекемелердің шетел валютасында шоттар ашу, жүргізу және жабу тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтайды.
215. Мемлекеттік мекеме шетел валютасында операция жүргізу үшін аумақтық қазынашылық бөлімшесіне берілген құжаттардың растығын, оларды толық және дұрыс толтыруды қамтамасыз етеді.
216. Егер Қазақстан Республикасының заңнама актілерінде мемлекеттік мекемеге шетел валютасын түсіруге рұқсат берілсе, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган шетел валютасындағы түсімдер сомасын мемлекеттік мекеменің осы Ереженің 30-тарауда айтылған тәртіпке ұқсас тәртіппен шетел валютасын қайта айырбастау жөніндегі рәсімдерді кейін жүзеге асыра отырып мемлекеттік мекеменің валюта түрлері бойынша шетел валютасындағы шоттарға есептейді.
217. Мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда бюджет қаражатынан басқа өзге қаржыландыру көздері есебінен шетел валютасында төлемдер мен ақша аударымын жүзеге асыру қажет болған жағдайда, мемлекеттік мекеме осы Ереженің 31-тарауда айтылған тәртіпке ұқсас тәртіппен шетел валютасын айырбастауды және аударуды жүзеге асырады.
30-тарау. Шетел валютасын қайта айырбастау тәртібi
218. Шетел валютасын қайта айырбастау осы Ережеге 48-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайта айырбастауға арналған өтінім негізінде жүзеге асырылады.
219. Тиісті бюджетке және/немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есептеуге арналған шетел валютасын қайта айырбастауды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ҚР ҰБ-дан электрондық түрдегі төлем құжаттарын қоса бере отырып шетел валютасындағы хат-хабар шоттары бойынша үзінді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
220. Шетел валютасындағы түсімдер сомасын қайта айырбастауды аумақтық қазынашылық бөлімшесі мемлекеттік мекеменің қайта айырбастауға арналған өтінімі бойынша жүзеге асырады. Мемлекеттік мекеме шетел валютасын қайта айырбастауға арналған өтінімді шетел валютасындағы шоттар бойынша үзінді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аумақтық қазынашылық бөлімшесіне береді.
221. Төлем құжаттарында электрондық түрде шетел валютасындағы төлем тағайындауды анықтауға мүмкіндік бермейтін деректемелер жеткіліксіз немесе дұрыс емес көрсетілген жағдайда, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның жауапты орындаушысы шетел валютасындағы түсімдер сомасын қазынашылықтың тиісті аумақтық бөлімшесінің 0900НП "Шетел валютасында анықтағанға дейінгі сома" ерекшелігі кодына есептейді.
222. Аумақтық қазынашылық бөлімшесі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей салық қызметі органына және/немесе мемлекеттік мекемеге (төлем құжаттарында шетел валютасындағы түсімдерді алушы болып мемлекеттік мекеме көрсетілген жағдайда) электрондық төлем құжаттарында төлем тағайындауын, деректемелерді анықтау мүмкін емес шетел валютасындағы түсімдер туралы жазбаша хабар береді.
223. Салық қызметі органы төлем деректемелерін анықтау жөнінде жұмыс жүргізеді және хабар берілген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде аумақтық қазынашылық бөлімшесіне төлем тағайындау және деректемелер туралы мәлімет береді. Салық қызметі органы деректемелерді уақтылы беруді және олардың растылығын қамтамасыз етеді.
224. Мемлекеттік мекеме төлем деректемелерін анықтау жөнінде жұмыс жүргізеді және хабар берілген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде аумақтық қазынашылық бөлімшесіне төлем тағайындау және деректемелер туралы мәлімет береді. Берілген деректер негізінде аумақтық қазынашылық бөлімшесі шетел валютасындағы түсімдер сомасын тиісті аумақтық қазынашылық бөлімшесінің 0900НП "Шетел валютасында анықтағанға дейінгі сома" ерекшелігі кодынан есептен шығару және мемлекеттік мекеме шотына септеу жөніндегі операцияны жүргізу үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға хат жібереді.
225. Мемлекеттік мекеме деректемелерді уақтылы беруді және олардың растылығын қамтамасыз етеді.
226. Шетел валютасын қайта айырбастауға арналған өтінімді мемлекеттік мекеме жасайды және шетел валютасын қайта айырбастау үшін екі данада аумақтық қазынашылық бөлімшесіне береді:
шетел валютасындағы консулдық алымдар;
осы Ережеде белгіленген мерзімде орынсыз пайдаланылған немесе жете пайдаланылмаған түрінде түскен.
227. Аумақтық қазынашылық бөлімшесі тексеруден кейін шетел валютасын қайта айырбастауға арналған өтінімді ҚБАЖ-ға енгізуді жүзеге асырады.
228. Қате табылған, шетел валютасын қайта айырбастауға арналған өтінімде түзету болған, қандай да бір талап етілетін деректемелер болмаған, шетел валютасындағы шотта қажет сома (валюта түрлері бойынша) жеткіліксіз не жоқ болған, қолдар және/немесе мөр бедері қолдар мен мөр бедерінің үлгілері бар құжатқа сәйкес келмеген жағдайда, шетел валютасын қайта айырбастауға арналған өтінім қайтару себептері көрсетіліп орындалмастан мемлекеттік мекемеге қайтарылады.
229. ҚР ҰБ-дан шетел валютасындағы хат-хабар шоттары бойынша үзінді және электрондық түрдегі төлем құжаттары алынғаннан кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік мекемелердің шетел валютасындағы шоттарынан ақшаны есептен шығаруды жүргізеді.
230. Мемлекеттік мекеменің шетел валютасындағы шоттары жөніндегі үзіндіні қалыптастыруды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік мекемелердің шетел валютасындағы шоттарынан ақшаны есептен шығарған күні жүзеге асырады. Сол күні мемлекеттік мекеменің шетел валютасын қайта айырбастауға арналған өтінімнің бір данасы жауапты орындаушының белгісімен және мемлекеттік мекеменің шетел валютасындағы шоттары жөніндегі үзіндімен бірге мемлекеттік мекемеге қайтарылады, шетел валютасын қайта айырбастауға арналған өтінімнің екінші данасы аумақтық қазынашылық бөлімшесінде қалады.
31-тарау. Шетел валютасын айырбастау және аудару тәртібi
231. Мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасының бейрезиденттерінің пайдасына шетел валютасында төлемдер мен ақша аударуды жүргізу үшін шетел валютасын айырбастау және аудару жөніндегі операциялар жүзеге асырылады.
232. Валюта түрлері бойынша ҚР ҰБ белгілеген лимиттен асып түспейтін сомаға валюта түрлері бойынша шетел валютасын сатып алу жөніндегі операция алдын ала мәлімет берілместен жүзеге асырылады.
233. ҚР ҰБ белгілеген лимиттен асып түсетін сомаға шетел валютасын сатып алу жөніндегі операция мемлекеттік мекеменің валюта түрлері бойынша соманы көрсете отырып, шетел валютасын сатып алу қажеттілігі туралы өтінішін бергеннен кейін, сатып алу күніне дейін мынадай мерзімде:
еуро, ағылшын фунт стерлингі, швейцария франкісі, ресей рублі - үш күн бұрын;
жапония иенасы - бес күн бұрын жүзеге асырылады.
234. Аумақтық қазынашылық бөлімшесі мемлекеттік мекемеден алдын ала мәлімет алған күні оларды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға береді, ол, өз кезегінде, оларды ҚР ҰБ-ға дейін жеткізеді.
235. Шетел валютасында төлемдер мен ақша аударымын жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекеме осы Ережеге 49-қосымшаға сәйкес аумақтық қазынашылық бөлімшесіне төлеуге берілетін шот пен шетел валютасын айырбастауға арналған өтінімді береді.
236. Шетел валютасын айырбастауға арналған өтінімді мемлекеттік мекеме жасайды және екі данада береді.
237. Қате табылған, төлеуге берілетін шотта және/немесе шетел валютасын айырбастауға арналған өтінімде түзету болған, оларда қандай да бір талап етілетін деректемелер болмаған, қолдар және/немесе мөр бедері қолдар мен мөр бедерінің үлгілері бар құжатқа сәйкес келмеген, төлеуге берілетін шот сомасы шетел валютасын айырбастауға арналған өтінім сомасына сәйкес келмеген жағдайда, төлеуге берілетін шот және шетел валютасын айырбастауға арналған өтінім қайтару себептері көрсетіліп орындалмастан мемлекеттік мекемеге қайтарылады.
238. Бағамдық айырмашылыққа байланысты қажетті төлем сомасы тіркелген азаматтық-құқықтық мәміле сомасынан асқан жағдайда, аумақтық қазынашылық бөлімшесі ҚБАЖ-ға енгізілген төлеуге берілетін шотты және шетел валютасын айырбастауға арналған өтінімді бекітпейді.
239. Мемлекеттік мекеме сол күні аумақтық қазынашылық бөлімшесіне бағамдық айырма сомасына: міндеттемелерді тіркеуге арналған өтінім, шетел валютасын айырбастауға арналған өтінім және төлеуге берілетін шот береді.
240. Шығыстардың бюджеттік сыныптамасының тиісті коды бойынша міндеттемелер жөніндегі бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) жеке қаржыландыру жоспарының пайдаланылмаған қалдықтары болған жағдайда аумақтық қазынашылық бөлімшесі бағамдық айырма сомасына міндеттемелерді тіркеуге арналған өтінім деректерін ҚБАЖ-ға енгізуді және хабарлама қалыптастыруды жүзеге асырады.
241. Шығыстардың бюджеттік сыныптамасының тиісті коды бойынша берілген рұқсаттардың пайдаланылмаған қалдықтары болған жағдайда аумақтық қазынашылық бөлімшесі бағамдық айырма сомасына міндеттемелерді тіркеуге арналған өтінім деректерін ҚБАЖ-ға енгізуді және хабарлама қалыптастыруды жүзеге асырады.
242. Бағамдық айырма сомасына төлемдер бойынша берілген рұқсаттардың және/немесе бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарының пайдаланылмаған қалдықтары болмаған жағдайда - бұрын ҚБАЖ-ға енгізілген төлеуге берілетін шот пен шетел валютасын айырбастауға арналған өтінім күшін жояды және төлеуге берілетін шотпен, шетел валютасын айырбастауға арналған өтініммен және бағамдық айырма сомасына арналған міндеттемелермен бірге орындалмастан мемлекеттік мекемеге қайтарылады.
243. ҚР ҰБ-дан электрондық түрдегі төлем құжаттары мен шетел валютасындағы хат-хабар шоттары бойынша үзінді алғаннан кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган үзіндіні алған күні мемлекеттік мекеменің шетел валютасындағы тиісті шоттарына шетел валютасының түрлері бойынша оны есептеу жүргізеді.
244. Мемлекеттік мекеменің шетел валютасындағы шоттары бойынша үзінді қалыптастыруды аумақтық қазынашылық бөлімшесі мемлекеттік мекеменің шетел валютасындағы тиісті шоттарына шетел валютасының түрлері бойынша оны есептеген күні жүзеге асырылады. Аумақтық қазынашылық бөлімшесінің жауапты орындаушысының белгісі бар және мемлекеттік мекеме ақша аударуға өтініш беруі үшін шетел валютасындағы шоттарға ақша есептелген күнін көрсетіп шетел валютасын айырбастауға арналған өтінімнің бір данасы сол күні мемлекеттік мекеменің шетел валютасындағы шоттары бойынша үзіндімен бірге мемлекеттік мекемеге қайтарылады, шетел валютасын айырбастауға арналған өтінімнің екінші данасы аумақтық қазынашылық бөлімшесінде қалады.
245. Шетел валютасындағы ақшаны аударуға арналған өтініш осы Ережеге 50-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада беріледі.
246. Аумақтық қазынашылық бөлімшесі шетел валютасындағы ақшаны аударуға арналған өтінішті тексергеннен кейін оны ҚБАЖ-ға енгізеді.
247. Сәйкес келмеу анықталған, шетел валютасындағы ақшаны аударуға арналған өтініште түзету болған, онда қандай да бір талап етілетін деректемелер болмаған, шетел валютасын алушының деректемелері, төлем тағайындау, қолдар және/немесе мөр бедері қолдар мен мөр бедерінің үлгілері бар құжатқа сәйкес келмеген шетел валютасындағы ақшаны аударуға арналған өтініш қайтару себептері көрсетіліп орындалмастан мемлекеттік мекемеге қайтарылады.
248. ҚР ҰБ-дан электрондық түрдегі төлем құжаттары мен шетел валютасындағы хат-хабар шоттары бойынша үзінді алғаннан кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган үзіндіні алған күні мемлекеттік мекеменің шетел валютасындағы шоттарынан шетел валютасындағы ақшаны есептен шығару жөнінде операция жүргізеді.
249. Мемлекеттік мекеменің шетел валютасындағы шоттары бойынша үзіндіні қалыптастырғаннан кейін аумақтық қазынашылық бөлімшесінің жауапты орындаушысы жауапты орындаушының белгісі бар және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік мекеменің шетел валютасындағы шоттары бойынша үзіндімен бірге шетел валютасындағы шоттан ақшаны есептен шығарған күні көрсетілген шетел валютасындағы ақшаны аударуға арналған өтініштің бір данасын мемлекеттік мекемеге қайтарады, шетел валютасындағы ақшаны аударуға арналған өтініштің екінші данасы аумақтық қазынашылық бөлімшесінде қалады.
250. Айырбасталған шетел валютасын ол шетел валютасындағы шотқа есептелген күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік мекеме орынды пайдалануы тиіс. Шетел валютасын пайдаланбаған не жете пайдаланбаған жағдайда осы мерзім аяқталғаннан соң келесі жұмыс күнінен кешіктірмей аумақтық қазынашылық бөлімшесі шетел валютасын қайта айырбастауға арналған өтінім беру қажеттілігі туралы мемлекеттік мекемеге жазбаша хабар береді.
251. Мемлекеттік мекеме берген шетел валютасын қайта айырбастауға арналған өтінім негізінде шетел валютасы айырбасталған мемлекеттік мекеменің шығыстардың БСК-ға кейін оның сомасын қалпына келтіре отырып шетел валютасын қайта айырбастау жөніндегі операция жүзеге асырылады.
6-бөлім. Бюджет ақшасын басқару тәртібi
32-тарау. Бюджет ақшасын басқару тәртібi
252. Бюджет ақшасын басқаруды бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
253. Төлемді уақтылы және толық жүргізуді қамтамасыз ету үшін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қолма-қол ақша көлемін болжамдау және бюджет ақшасын тиімді басқару мақсатында бюджетке түсетін түсімдер көлемін және жоспарлы кезеңге арналған шығыстарды күтілетін орындауды анықтау жөніндегі шешімді әзірлеу үдерісі болып табылатын қолма-қол ақша ағымына болжам (бұдан әрі - болжам) жасайды.
254. Болжам Бюджет кодексіне сәйкес мынадай деректер негізінде жасалады:
тиісті қаржы жылына арналған бекітілген немесе нақтыланған бюджет;
түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары;
тиісті бюджеттің қолма-қол ақшасының бақылау шотындағы қаражат қалдықтары туралы;
ағымдағы жылдың өткен айларының түсімдер серпінін (төлеу мерзімдерін) және өткен қаржы жылының ұқсас кезеңіндегі түсімдерге салыстырмалы талдау жүргізуді есепке ала отырып тиісті бюджеттерге түсетін ақшаның күтілетін көлемі;
төлемдер бойынша қаржыландыру және өткен қаржы жылының ұқсас кезеңінде бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) іске асырылуын салыстырмалы талдау жүргізу жоспарларына сәйкес бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру.
255. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп:
бюджетке түсетін ақшаның күтілетін көлемін ай сайын нақтылайды;
ағымдағы жылдың аяғында келесі айда жүргізілетін төлемдер көлемін нақтылайды.
256. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган:
бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында ақша қозғалысының мониторингін жүргізеді;
бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында ақшаның ағымдағы қалдықтарын бақылауды және басқаруды жүзеге асырады;
уақытша бос бюджет ақшасының сомасын анықтайды.
257. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган болжам, қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қалдығының негізінде алдағы айға күтілетін орындауға талдау жүргізеді және болжамды кезеңнің соңына қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы күтілетін ақша қалдығын анықтайды.
258. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша кезең соңына тиісті бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында оң да, теріс те сальдо болжамдала алады.
259. Қолма-қол ақшаның бақылау шотында теріс сальдо болжамы немесе бір ай ішінде қолма-қол ақшаның ағымдағы тапшылығы пайда болған жағдайда, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қосымша қарыз алу жүргізу немесе мемлекеттік бағалы қағаздарды жоспарлы шығаруды көшіру қажеттілігіне бастамашылық етеді.
260. Жүргізілген төлемдердің болжамды көлемі республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдер болжамдау көлемі мен тиісті бюджеттің ҚБШ-дағы бюджет қаражатының қалдығынан (қолма-қол ақша тапшылығы) артқан және мемлекеттік бағалы қағаздар шығару немесе жоғары тұрған бюджеттен қарыз алуды жүзеге асыру арқылы алдағы айда ақша тарту үдерісін ұйымдастыру мүмкін болмаған жағдайда, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен келісім бойынша осы Ереженің 2-бөлімінің 6-тарауында белгіленген тәртіппен қаржыландырудың жиынтық жоспарында бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша төлемді жүзеге асырудың ай сайынғы кестесіне өзгеріс енгізеді.
33-тарау. Уақытша бос бюджет ақшасын салымдарға (депозиттерге) орналастыру тәртібi
261. Республикалық және облыстық бюджеттерді, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерін атқару жөніндегі уәкілетті органдар ҚР ҰБ-ның салымдарына (депозиттеріне) (бұдан әрі - ҚР ҰБ-дағы салымдар) орналастыру үшін уақытша бос бюджет ақшасының көлемін анықтайды.