Iшкi су көлiгi туралы 2004 жылғы 6 шілдедегі № 574-II Қазақстан
Республикасының Заңы
(2007.26.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2007 ж. 27 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң кеме қатынасын, жолаушыларды, багажды және жүк тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде ішкі су көлiгi саласында мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ олардың құқықтарын, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді; 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айлақ - кемелердің қауіпсіз кіруіне арналған құрылғылары бар және кемелердің қауіпсіз тоқтап тұруына, оларға жүк тиеуге, жүк түсіруге және қызмет көрсетуге, сондай-ақ жолаушыларды кемеге отырғызуға және кемеден түсіруге арналған гидротехникалық құрылыс;
2) арқандап байлау - кеменің айлаққа, пирске немесе басқа кемеге жақындап келуі және кемені осыларға бекіту жөніндегі іс-қимылдар;
3) дебаркадер - жолаушылар кемелерін немесе жүк кемелерін арқандап байлауға және оларға қызмет көрсетуге арналған жүзбелі айлақ;
4) диспаша - тасымалдауға қатысатын тараптар арасында жалпы авария бойынша бөлінетін шығындарының есебі;
5) диспашерлер - ішкі су көлігі саласында білімі мен тәжірибесі бар, диспашаны айқындау жөніндегі есепті жасайтын адамдар;
6) жағалау белдеуі - судың жиегінен бастап өзеннің, табиғи су-қоймасының (көлдің) түпкі жағалауына қарай, жасанды су қоймалары суының жобалық деңгейінен бастап ені 20 метр жер белдеуі;
7) жолаушы - тасымалдаушымен шарт қатынастарында тұрған және билетте немесе оның жол жүру құқығын растайтын өзге де құжатта көрсетілген не жүк тасымалдау шарты бойынша, тасымалдаушының келісімімен автокөлік құралын, жануарларды және өзге де жүкті алып жүретін адам;
8) жол жұмыстары - ішкі су жолдарындағы су түбін тереңдету, түзеп-жөндеу, тральдау, су түбін тазарту, іздестіру жұмыстары және навигациялық құрал-жабдықтарды орналастыру мен күтіп ұстау жөніндегі басқа да жұмыстар;
9) жүзуге жарамдылығы туралы куәлік - Кеме қатынасы тіркелімінің ережелеріне сәйкес берілетін Кеме қатынасы тіркелімінің негізгі құжаттарының бірі;
10) кеме - кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын өздігінен жүзетін немесе өздігінен жүзбейтін жүзбелі құрылғы, оның ішінде "өзен-теңіз" суларында жүзетін кеме, паром, су түбін тереңдетуші және су түбін тазартушы снарядтар, жүзбелі кран және басқа да осы сияқты техникалық құрылғылар;
11) кеме жолы - белгілі бір көлемдегі кемелердің кедергісіз жүзуіне жол берілетін шектерде жолдың бағыты мен шекараларын көрсететін навигациялық жағдайдың белгілері қойылған ішкі су жолдарындағы су беті;
12) кеме жүргізу - ішкі су жолдарымен жүзуді жүзеге асыратын кемені басқаруға байланысты қызмет;
13) кеме иесі - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кемені өз атынан иелену және пайдалану құқығымен пайдаланатын тұлға;
14) кеме кітабы - Мемлекеттік кеме тізіліміне енбеген кемелер мен оларға құқықтар тіркелетін құжат;
15) кеме қатынасы - ішкі су жолдарында жүктерді, жолаушылар мен олардың багаждарын, почта жөнелтілімдерін тасымалдау, кемелерді, салдарды және өзге де жүзу объектілерін тіркеп сүйреуге, пайдалы қазбаларды іздеу, барлау және өндіру, балық аулау және өзге де кәсіпшілік, құрылыс, жол, гидротехникалық, су асты-техникалық және басқа осы сияқты жұмыстар, кемелерді лоцмандық алып өту, құтқару операциялары, су объектілерін қорғау, оларды ластану мен қоқыстанудан сақтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, суға батқан мүлікті көтеру, санитарлық және басқа да бақылау, ғылыми зерттеулер жүргізу, оқу, спорттық, мәдени және өзге де мақсаттар үшін кемелерді пайдалануға байланысты қызмет;
16) Кеме қатынасының тіркелімі - ішкі суларда жүзетін кемелерді және "өзен-теңіз" суларында жүзетін кемелерді сыныптайтын және олардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме;
17) кеме қатынасы шлюзі - кемені судың бір деңгейінен екінші деңгейіне көтеруге немесе түсіруге арналған гидротехникалық құрылыс;
18) кемелерді лоцмандық алып өту - кемелердің ішкі су жолдарының аса күрделі учаскелері бойынша қауіпсіз өтуін қамтамасыз ететін қызмет;
19) кеменің меншік иесі - кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу ережелеріне сәйкес кеменің меншік иесі ретінде тіркелген тұлға;
20) киль - кеменің негізгі ұзына бойы созылған элемент, ол кеменің түбін бойлай оның тұмсығынан артқы жағына дейін тартылып, оны екі симметриялы бөлікке бөледі;
21) көліктік жүкқұжат - тікелей су және аралас қатынастарда жүк тасымалдау кезінде ресімделетін тасымалдау құжаты;
22) куәландыру - кеменің арналуы мен жіктелімінің расталуын есепке ала отырып, оның жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, техникалық регламенттерде және Кеме қатынасы тіркелімінің ережелерінде белгіленген талаптарға сәйкес кеменің техникалық жай-күйін анықтау мақсатында кемені қарап шығу;
23) Қазақстан Республикасының ішкі су жолдары (бұдан әрі - ішкі су жолдары) - навигациялық белгілермен немесе өзге де тәсілдермен белгіленген және кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын табиғи немесе қолдан жасалған қатынас жолдары;
24) Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі (бұдан әрі - ішкі су көлігі) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген және ішкі су жолдарында кеме қатынасы мен кеме қатынасына байланысты өзге де қызметті жүзеге асыратын көлік түрі;
25) қарап шығу - уәкілетті органның объектіні қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі мәніне тексеруі;
26) қауіпті жүк - өзінің қасиеттері мен ерекшеліктеріне қарай тасымалдау, тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу және сақтау кезінде жарылыстың болуына, өрттің шығуына немесе техникалық құралдардың, құрылғылардың, үйлердің, құрылыстардың және ғимараттардың зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өліміне, жарақаттануына немесе ауруға шалдығуына себеп болуы, қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін жүк;
27) лоцман - кемені арқандап байлау, зәкірге қою және оларды портта қайта орналастыру орнына қауіпсіз алып жүру саласындағы белгілі бір білімі мен дағдысы бар маман;
28) Мемлекеттік кеме тізілімі - осы Заңның 26-бабының 5-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес кемелер мен оларға құқықтар тіркелетін құжат;
29) мемлекеттік көліктік бақылау (бұдан әрі - көліктік бақылау) - жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі туралы заңнамасының талаптарын сақтауын тексеру мақсатында уәкілетті орган жүргізетін іс-шаралардың жиынтығы;
30) навигация - кеме қатынасын жасау мүмкін болатын уақыт кезеңі;
31) "өзен-теңіз" суларында жүзетін кеме - техникалық сипаттамалары бойынша теңіз және ішкі су жолдарында кеме қатынасы мақсатында жарамды әрі белгіленген тәртіппен пайдалануға жіберілген кеме;
32) порт - жолаушылар мен кемелерге қызмет көрсету, жүктерді тиеу, түсіру, қабылдау, сақтау және беру, көліктің басқа да түрлерімен өзара іс-қимыл жасасу мақсатында жайластырылған және жабдықталған жер учаскесінде және ішкі су жолдары акваториясында орналасқан құрылыстар кешені;
33) порт акваториясы - кемелер мен құрамдар жүгінің өңделуін немесе рейске жөнелтуді күтіп тұратын, сондай-ақ қажетті операциялар орындалатын айлаққа және рейдтер құрылғысына кемелердің келуі мен онда тұруы үшін қызмет ететін су бетінің шектеулі учаскесі;
34) рейдтер - кемелердің зәкір салып тұруына, маневр жасауына немесе жүктерді қайта тиеуге арналған кеме жолы шегінен тыс порт акваториясының бөлігі;
35) рейс - белгілі бір уақыт аралығында географиялық пункттер немесе аудандар арасында жолаушыларды немесе жүктерді тасымалдаудың көліктік процесі;
36) такелаж - жүк көтеру жұмыстарына, тулар мен белгілерді көтеруге және түсіруге арналған кеме жабдықтарының жиынтығы;
37) тасымалдаушы - кемені меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздермен иеленуші, жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау жөнінде қызметтер көрсететін және тасымал құжаттарында көрсетілген тұлға;
38) тез бүлінетін жүк - жарамдылық мерзімі шектеулі және тасымалдау мен сақтаудың ерекше шарттарын қажет ететін жүк;
39) тексеру - кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі туралы заңнамасының талаптарын сақтауын айқындау мақсатында жасайтын бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың іс-әрекеті;
40) теңізші паспорты - шетелдерге жүзетін қазақстандық кемелерде немесе шетелдік кемелерде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат;
41) техникалық қадағалау - Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңізде жүзу және ішкі су көлігі туралы заңнамасының сақталуын кезең-кезеңмен тексеруді қамтитын кемелердің техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сыныптау қызметінің құрамдас бөлігі;
42) тұру пункті - кемелерді, салдарды және өзге де жүзу объектілерін жөндеу, олардың жылдың жазғы және қысқы мезгілінде тұруы, оларды техникалық байқаудан өткізу мақсатында жайластырылған және жабдықталған жер учаскесі мен су беті объектісінің акваториясы;
43) уәкілетті орган - ішкі су көлігі саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, ішкі су көлігі қызметін үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
44) уәкілетті органның кәсіпорны - қызмет көрсететін шекаралар шегінде кемелердің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету мақсатында ішкі су жолдарын тиісінше күтіп ұстау мен дамыту үшін өндірістік қызметті жүзеге асыру негізгі міндеті болып табылатын ішкі су көлігінің мемлекеттік кәсіпорны.
2-бап. Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi
туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң iшкi су жолдарындағы:
1) iшкi су жолдарында пайдаланылатын кемелердегi;
2) кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарындағы;
3) iшкi су жолдарында орналасқан порттардағы қызметтi жүзеге асыратын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2. Осы Заң Қазақстан Республикасы Әскери-теңiз күштерiнiң және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң туын көтерiп жүзушi кемелерге қолданылмайды.
3. Теңiз портына кiрген жағдайларда, құтқару операциясы кезiнде және теңiз кемесiмен iшкi суларда жүзетiн кемелердiң, сондай-ақ "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кемелердің соқтығысуы кезінде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы заңдарымен реттеледi.
4-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы қызметтi
жүзеге асырудың негiзгi принциптерi
Iшкi су көлiгi саласындағы қызмет мынадай негiзгi принциптер:
1) кеме қатынасы қауiпсiздiгiнiң басымдығы, адамның өмiрi мен денсаулығын қорғау, табиғатты және экологиялық қауiпсiздiктi қорғау;
2) iшкi су көлiгiнде жұмыстар атқару мен қызметтер көрсету кезiнде жеке және заңды тұлғалар құқықтарының теңдiгі;
3) қызметтер көрсетудi тұтынушының тасымалдаушыны еркiн таңдауын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстар атқару мен қызметтер көрсету бағаларының еркiндiгiн қамтамасыз ету негiзiнде жүзеге асырылады.
5-бап. Iшкi су көлiгiнiң жұмылдыру дайындығын
қамтамасыз ету және оны төтенше жағдайларды
жоюға тарту
1. Iшкi су көлiгiнiң жұмылдыру дайындығын, азаматтық қорғаныс және авариялық-құтқару жұмыстары жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген кезде мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен материалдық шығындар мен нұқсанды соған тең құнмен кейiннен өтей отырып, тасымалдаушыларды төтенше жағдайларды жоюға байланысты жұмыстарды орындауға тартуға құқылы.
2-тарау. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу
және бақылау
6-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу мен
бақылаудың негiзгi мiндеттерi
Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылаудың негiзгi мiндеттерi:
1) республика экономикасының және халықтың тасымалдауларға, iшкi су көлiгіндегі жұмыстардың атқарылуы мен қызметтердiң көрсетiлуiне қажетiн қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) ішкі су көлігінің және оның өмірлік циклі процестерінің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ мемлекеттiң ұлттық мүдделерiн қорғау;
3) iшкi су көлiгіндегі тасымалдаулардың iшкi рыногын қорғау;
4) iшкi су көлiгi мен iшкi су жолдарының инфрақұрылымын одан әрi дамыту;
5) iшкi су көлiгi саласындағы қызметке және кеме қатынасы қауiпсiздiгiне бақылау жасау болып табылады.
7-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу
және бақылау
2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 1-тармақ өзгертілді
1. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау құқықтық қамтамасыз ету, техникалық реттеу қызметінің жекелеген түрлерiн лицензиялау, Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңдарының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.
2. Iшкi су көлiгіндегі мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі және уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңдарының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретiне:
1) iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
2) iшкi су жолдарын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзiрлеу;
3) iшкi су көлiгi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
4) iшкi су жолдарын пайдалану ережелерiн бекіту;
5) кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеу ережелерiн, сондай-ақ кемеге меншiк құқығын және оған құқықтарды куәландыратын құжаттардың нысандарын бекіту;
6) мыналардың:
кеме қатынасы үшiн ашық iшкi су жолдарының;
порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiнiң тiзбесiн бекіту;
7) жағалау белдеуiн пайдалану тәртібін белгiлеу;
8) кемелердi лоцмандық алып өтудi жүзеге асырудың тәртібін анықтау;
9) iшкi су көлiгi саласындағы жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялау кезiнде біліктiлiк талаптарын бекіту;
10) кемелердiң командалық құрамының адамдарына диплом беру тәртібін анықтау;
11) кемелермен тасымалдауға арналған қауiптi жүктер тiзбесiн бекіту;
12) қауiптi жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң iшкi су жолдарымен қатынау тәртібін белгiлеу;
13) Қазақстан Республикасының аумағымен транзиттiк жолаушы қатынастарына тыйым салу туралы шешiмдер қабылдау;
14) Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) багажды және жүктi әкелуге, әкетуге, транзиттеуге тыйым салу туралы шешiмдер қабылдау;
15) киім нысаны үлгiлерiн (погонсыз) және айырым белгiлерiн, нысанды киім киiп жүру тәртібін, онымен қамтамасыз ету нормаларын және оларды киiп жүруге құқығы бар мемлекеттік бақылау қызметкерлерi лауазымдарының (мамандықтарының) тiзбесiн бекіту;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 15-1) тармақшамен толықтырылды
15-1) ішкі су көлігі саласындағы техникалық регламенттерді бекіту;
16) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзiне жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
9-бап. Уәкiлеттi органның және оның аумақтық
бөлiмшелерiнiң құзыретi
1. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) iшкi су жолдарын және iшкi су көлiгiн дамыту жөніндегі тұжырымдама мен бағдарламаларды әзiрлеу;
2) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi, жеке және заңды тұлғалардың iшкi су көлiгiнiң жұмыс iстеу тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасының заң актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi сақтауын бақылауды ұйымдастыру;
3) iшкi су жолдарының кеме қатынай алатын жағдайда болуын қамтамасыз ету және шлюздердi күтiп ұстау;
4) кемелердi тiркеу мен сыныптау;
5) Мемлекеттік кеме тiзiлiмi мен кеме кiтабының нысандарын бекіту;
6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзу құқығын беру және кеменi шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзуге уақытша ауыстыру туралы шешiм қабылдау;
7) лоцмандық қызметтiң және iшкi су көлiгіндегі өзге де қызметтердiң iшкi су жолдарында жүзу ережелерiн сақтауына бақылау жасау;
8) лоцмандық қызмет туралы ереженi бекіту;
9) мiндеттi түрде лоцмандық алып өтуге жататын iшкi су жолдары учаскелерiнiң, кемелер түрлерi мен көлемдерiнiң тiзбесiн бекіту;
10) кемелерге техникалық қадағалауды жүзеге асыру;
11) кемелердiң, порттардың, жағалау объектiлерiнiң, кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарының техникалық куәландырылуын жүргiзудi қамтамасыз ету;
12) кемелер экипаждарының ең аз құрамы туралы талаптарды белгiлеу;
13) кеме капитанына қойылатын біліктiлiк талаптарын және оны аттестациялау тәртібін айқындау;
14) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мемлекеттік тiркелуге тиiстi кемелердiң командалық құрамы адамдарына диплом беру, сондай-ақ теңiзшi паспорттарын беру;
15) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлердi аттестациялауды жүргiзу;
16) киім нысаны үлгiлерiн (погонсыз) және айырым белгiлерiн, нысанды киім киiп жүру тәртібін, онымен қамтамасыз ету нормаларын және оларды киiп жүру құқығы бар мемлекеттік бақылау қызметкерлерi лауазымдарының (мамандықтарының) тiзбесiн бекіту;
17) порт капитаны туралы ереженi бекіту;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
18) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, порттағы қызметтi ұйымдастыру мен реттеу мақсатында порт капитанының кемелердi бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау;
19) кемелердiң портқа кіруiн және олардың порттан шығуын жүзеге асырудың, кемелердiң порт акваториясы шегiнде жүзуi мен портта тоқтап тұруының тәртібін белгiлеу, сондай-ақ тасымалдаушылардың технологиялық байланысты пайдалануы;
20) жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдау тәртібін айқындау;
21) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актiсiне сәйкес iшкi су, көлiгi саласындағы жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялау;
22) кемелер қозғалысын диспетчерлiк реттеу;
23) iшкi су жолдарында кемелер пайдаланатын байланыс саласындағы ережелердiң, нормалар мен стандарттардың орындалуын бақылау;
24) кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң айлаққа келуi, арқандап байлануы және тоқтап тұруына арналған уақытша құрылғылар мен жүзбелi құрылғыларды орналастыру, жолаушыларды кемелерге отырғызу және кемелерден түсiру, жүктердi тиеу, түсiру және сақтау тәртібін айқындау;
25) суға кеткен мүлiктi көтерудiң тәртібі мен мерзiмдерiн айқындау;
26) iшкi су көлiгi саласында туындайтын қатынастарды реттейтiн заң актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу;
27) өз құзыретi шегiнде iшкi су көлiгi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу және халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiру;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 27-1) тармақшамен толықтырылды
27-1) ішкі су көлігі саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;
28) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар жатады.
2. Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң (бұдан әрi аумақтық бөлiмше) функцияларына:
1) кемелердiң, салдардың және iшкi су жолдарында орналасқан өзге де жүзбелi объектiлер мен құрылғылардың уәкiлеттi орган белгiлеген кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарына сай болуын тексерудi жүргiзу;
2) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарына сай келмейтiн кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн ұстау;
3) кеме қатынасы қауiпсiздiгiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына, жүктердiң сақталуына қатер төнген кезде кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң қозғалысын тоқтата тұру және оған тыйым салу;
4) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
5) iшкi су жолдарының жай-күйiн қадағалау;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
6) кемелерде техникалық пайдалану ережелерiнiң, қызмет жарғыларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
7) iшкi су жолдарында кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды жүзеге асыру;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар жатады.
Аумақтық бөлiмшелердiң лауазымды адамдарының және Кеме қатынасы тiркелiмiнiң ұйғарымдарын орындау iшкi су жолдарындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
10-бап. Лицензиялау
Iшкi су көлiгіндегі жекелеген қызмет түрлерi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес берiлген лицензия негiзiнде жүзеге асырылады.
3-тарау. Iшкі су жолдары
11-бап. Жалпы ережелер
1. Iшкi су жолдары және оларда орналасқан кеме қатынасы үшiн пайдаланылатын кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстары мемлекет меншiгiнде болады.
2. Қазақстан Республикасының шекаралық аймақ учаскелерiн қоспағанда, кемелердiң iшкi су жолдарымен жүзу жағдайын навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз етудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Кемелердiң Қазақстан Республикасының шекаралық аймағы учаскелеріндегі iшкi су жолдарымен жүзу жағдайын навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттеледi.
12-бап. Iшкi су жолдарын күтiп ұстау
1. Жол жұмыстарын, оның iшiнде мемлекет меншiгіндегі порттарда рейдтер және осы порттардың айлақтарына кiреберiстердi жасау мен күтiп ұстау жөніндегі жұмыстарды жүргiзудi, сондай-ақ кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарын күтiп ұстау мен тасымалдаушының технологиялық байланысты ұйымдастыруын уәкiлеттi органның кәсiпорындары жүзеге асырады.
2. Порттарға (осы баптың 1-тармағында көрсетiлмегендерiне) кiреберiстердегi, сондай-ақ тоқтау пункттеріндегі жол жұмыстарын жүргiзудi олардың иелерi уәкiлетті органмен келiсе отырып жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Iшкi су жолдарын және олардағы кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарын күтiп ұстау жөніндегі жұмыстар жол жұмыстарын жүргiзуге арнайы рұқсатсыз жүзеге асырылады.
13-бап. Iшкi су жолдарындағы акваторияларды, жағалау
белдеулерiн және жер учаскелерiн пайдалану
1. Қалалық елдi мекендер аумағынан тысқары орналасқан iшкi су жолдары шегiнде iшкi су жолдарының кеме қатынасына жарамды болуын қамтамасыз етумен байланысты жұмыстар үшiн тұрақты жер пайдалануға өтеусiз негiзде жағалау белдеуi берiледi.
2. Уәкiлеттi органның кәсiпорны:
1) кеме қатынасын қамтамасыз ету және осы мақсаттарда құрылыстар мен ғимараттар тұрғызу жөніндегі жұмыстарды жүргiзу үшiн жағалау белдеуiн пайдалануға;
2) iшкi су жолдарының жағалау белдеуiне навигациялық жабдықтар құралдарын орнатуға;
3) кеме қатынасының қауiпсiздiгiн, оның iшiнде навигациялық жабдықтар құралдарының көрiнiп тұруын қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ өзен арналары учаскелерiн суретке түсiру кезiнде геодезиялық негiздеме үшiн жағалау белдеуiнде өскен ағаштар мен бұталарды кесiп тастауға құқылы. Навигациялық жабдықтардың жағалау құралдарын орнату және олардың көрiнiп тұруын қамтамасыз ету үшiн ағаштарды кесу жұмыстарын жүргiзу Қазақстан Республикасының орман және су заңдарында белгiленген тәртiппен жағалау белдеуi шегiнен тысқары жерлерде де жүргiзiлуi мүмкiн;
4) осы тармақта көрсетiлген жұмыстарды жүргiзу үшiн жағалау белдеуiнiң шегіндегі топырақты, тасты, қиыршық тастарды, ағаштар мен бұталарды пайдалануға құқылы.
3. Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi:
1) кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң айлаққа келуiне, арқандап байлануына және тоқтап тұруына, жолаушыларды кемеге отырғызуға және кемеден түсiруге, жүктердi тиеуге, түсiруге және сақтауға арналған уақытша құрылғылар мен жүзбелi құрылыстар салуға;