Шаруа (фермер) қожалығы туралы Қазақстан Республикасының
1998 ж. 31 наурыздағы № 214-1 Заңы
(2007.15.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2007 ж. 26 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
I-тарау. Жалпы ережелер
II тарау. Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану құқығы
III-тарау. Шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң негiздерi
Осы Заң Қазақстан Республикасына шаруа (фермер) қожалықтарын құрудың және олардың жұмыс iстеуiнiң құқықтық, ұйымдық және экономикалық негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1-бап. Шаруа (фермер) қожалығы
1. Адамдардың жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруы ауыл шаруашылығына арналған жерлердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрумен, сондай-ақ осы өнiмдi ұқсатумен және өткізумен тығыз байланысты отбасылық-еңбек бiрлестiгi шаруа (фермер) қожалығы деп танылады.
Заңды тұлға құрмай және заңды тұлғабелгiлерi болмаған жағдайда кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке тұлғалар шаруа (фермер) қожалығы субъектiлерi болып табылады.
2. Шаруа (фермер) қожалығының мүшелерi ортақ шаруашылықты бiрлесiп жүргiзетiн жұбайлар, балалар, асырап алынған балалар (қыздар), ата-аналар және басқа да жақын туыстар болып табылады.
3. Шаруа (фермер) қожалығы мынадай нысандарда болуы мүмкiн:
кәсiпкерлiк қызмет бiрлескен ортақ меншiк базасына негiзделген отбасылық кәсiпкерлiк нысанында жүзеге асырылатын шаруа қожалығы;
өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға негiзделген фермер қожалығы;
бiрлескен шаруашылық қызметi туралы шарт негiзiнде, жалпы үлестiк меншiк базасында жай серiктестiк нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығы.
4. 18 жасқа толған, Қазақстан Республикасының iс-әрекетке қабiлеттi кез келген азаматы шаруа (фермер) қожалығының басшысы бола алады.
Шаруа (фермер) қожалығының басшысы ұйымдармен, азаматтармен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста оның мүдделерiн бiлдiредi және заңмен тыйым салынбаған азаматтық-құқықтық мәмiлелердi жүзеге асырады.
5. Ауырған немесе ұзақ уақыт орнында болмаған жағдайда шаруа (фермер) қожалығының басшысы шаруашылық мүшелерiнiң бiрiне өз қызметiн атқаруға уәкiлеттiк бере алады.
Шаруа (фермер) қожалығының басшысы ауысқан жағдайда оның мүшелерi қожалықты тiркеген органға бұл туралы ортақ өтiнiш берiп хабарлайды.
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 2-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
2-бап. Шаруа (фермер) қожалығын құру
Шаруа (фермер) қожалығы ерiктi негiзде құрылады және жер учаскесiне құқығын мемлекеттік тiркеуден өткiзген кезден бастап құрылды деп есептеледi.
3-бап. Шаруашылық жүргiзу нысаны ретіндегі шаруа (фермер) қожалығы
1. Шаруа (фермер) қожалығы Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығының тең құқықтық өндiрiстiк бiрлiгi болып табылады.
2. Шаруа (фермер) қожалығы өз қызметiнiң бағытын, өндiрiсiнiң құрылымы мен көлемдерiн дербес айқындайды, өнiмдi өсiредi, ұқсатады және сатады, сондай-ақ шаруашылық жүргiзумен байланысты басқа да мәселелердi шешедi.
4-бап. Шаруа (фермер) қожалығының меншiгi
1. Шаруа (фермер) қожалығының мүлкi ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк меншiк құқығында оның мүшелерiне тиесiлi болады.
2. Шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң меншiгiнде жер учаскесіндегі екпелер, шаруашылыққа арналған және өзге де қора-қопсылар, мелиорациялық және басқа да құрылыстар, өнiм беретiн және жұмысқа жегiлетiн мал, құс, ауыл шаруашылығына арналған және өзге де техника мен жабдықтар, көлiк құралдары, керек-жарақтар және қожалық үшiн оның мүшелерiнiң ортақ қаражатына сатып алынған басқа да мүлiк болады.
3. Шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң нәтижесiнде алынған жемiсi, өнiм мен табыс шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк мүлкi болып табылады және олардың арасындағы келісім бойынша пайдаланылады.
4. Шаруа (фермер) қожалығы мүшелерiнiң мүлiктiк қатынастары азаматтық және жер туралы заңдардың тиiстi нормаларымен реттеледi.
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 5-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5-бап. Шapуa (фермер) қожалығы мүшелерiнiң мүлкiн және жер учаскесiне құқығын мұраға алу
Шаруа (фермер) қожалығының мүлкi және жер учаскесiне құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен мұраға алынады.
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен II-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
II тарау. Шаруа (фермер) қожалығының жер
учаскесіне құқығы
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiн беру
1. Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтарына шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн - жеке меншiк құқығымен немесе 49 жылға дейiнгi мерзiмге уақытша өтеулi жер пайдалану құқығымен, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргiзу үшiн (маусымдық жайылымдар) осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiледi.
Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне жеке меншiк құқығын беру ақылы негiзде жүзеге асырылады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының азаматтары жер учаскесiне жеке меншiк құқығын Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес айқындалатын оның кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен не жеңiлдетiлген бағамен алуы мүмкiн.
Жер учаскесiн сатып алу сомасын төлеу жер учаскесiне жеке меншiк құқығын алған тұлғаның жазбаша өтiнiшi бойынша он жыл мерзiмге дейiн ұзартылып жүргiзiлуi мүмкiн.
Оралмандарға шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшін жep учаскелерiн беру уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.
2. Жеке еңбегiмен қатысу негiзiнде шаруашылық жүргiзетiн, арнаулы ауыл шаруашылығы білімi мен біліктiлiгi бар, ауыл шаруашылығында iс жүзіндегі жұмыс тәжiрибесi бар және осы ауданда, қалада, ауылда (селода), кентте тұратын азаматтар шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiн алуға басым құқықты пайдаланады.
3. Қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шығатын азаматтарға шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн аталған оның ұйымдардың жерiнен жep учаскелерi берiледi, оларды кадастрлық бағалау шаруашылық бойынша (алқаптар бойынша) орта деңгейде болуға тиiс.
4. Өздерiне тиесілi жер учаскелерiне құқықтарын, оның iшiнде шартты жер үлестерiне құқықтарын шаруашылық серiктестіктердің жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген азаматтар шаруа (фермер) қожалығын ұйымдастыру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде үлесiн немесе пайын, жер учаскесiн қоса алғанда, нақтылы бөлiп шығаруға (бөлiсуге) не өздерiнiң қалауы бойынша жер үлесiнiң немесе пайының құнын төлетiп алуға құқылы.
Үлестi немесе пайды нақтылы бөлiп шығару (бөлiсу) шаруашылық серiктестiкке қатысушының немесе өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң талабы бойынша және шаруашылық серiктестiктiң немесе өндiрiстiк кооперативтiң келісімiмен жүзеге асырылады.
Шаруашылық серiктестiкке қатысушының немесе өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң жарғылық капиталға пайдалануға ғана берген жер учаскесi сыйақысыз нақтылы қалпында қайтарылады.
Қатысушылар (мүшелер) құрамынан шығу және жер учаскесiн бөлiп шығару туралы өтiнiш ауыл шаруашылығы ұйымына берiледi.
Шаруа (фермер) қожалығын ұйымдастыру үшiн үлес немесе пай есебiне нақтылы бөлiп шығарылатын жер учаскесiнiң орналасқан жерi шаруашылық серiктестiктердiң, өндiрiстiк кооперативтердiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен немесе тараптардың келісімiмен айқындалады.
Құрылтай құжаттарында жер учаскесiн бөлiп шығару (бөлiсу) тәртібі болмаған жағдайда, осы баптың 5-тармағының ережелерi қолданылады.
5. Үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушы болып табылатын және шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн қатысушылар құрамынан шығатын азаматтарға жер учаскелерi үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысында бекітілген, үлестiк меншiктегi (үлестiк жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртібіне сәйкес берiледi. Yлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушыларды жер учаскелерiн пайдалану тәртібін бекіту жөніндегі алдағы жиналыс туралы хабардар ету оның өткiзiлетiн күнiнен кемiнде бiр ай бұрын жазбаша нысанда, қолхат алу арқылы жүргiзiледi. Тиiсiнше хабарланған жағдайда, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде елу процентi қатысқан кезде, жиналыс заңды деп есептеледi. Шешiм жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады және хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға жиналыста болған үлестiк меншiкке (үлестiк жep пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң барлығы қол қояды.
Жер учаскесiн пайдалану тәртібі болмаған кезде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) мүдделi қатысушы жep үлесi (жер үлестерi) есебiне жер учаскесiн бөлiп шығару ниетi туралы, оның болжамды орналасқан жерiн көрсете отырып, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың қалғандарын жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi. Жер учаскесiнiң орналасқан жерi жөніндегі мәселе келiсу рәсiмдерiн өткізу арқылы не ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде шешiлуi мүмкiн. Жиналыс хабарланған кезден бастап бiр ай iшiнде өткiзiлуге тиiс және ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде елу процентi қатысқан жағдайда заңды деп есептеледi. Шешiм жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады және хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға жиналыста болған үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң барлығы қол қояды.
Егер тиiсiнше хабарланған күннен бастап бiр ай iшiнде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардан қарсылықтар келiп түспесе, жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы ұсыныс келісілген болып есептеледi.
6. Азаматтың ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына өтiнiшi және бөлiп шығарылатын жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы қоса берiлген келісілген материалдар осы Заңның 8-бабына сәйкес оған жер учаскесiне құқық беру үшiн негiз болып табылады.
7. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн алған және ауылда (селода) тұрғын үйi бар азаматтардың үй жанындағы жер учаскесi меншiк құқығымен сақталады, ол шаруа (фермер) қожалығы жер учаскесiнiң құрамына кiрмейдi.
8. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлерi болып табылмайтын азаматтарға шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден берiледі.
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 7-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
7-бап. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiн беру нормалары
1. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың) шегiнде Қазақстан Республикасының азаматтарында жеке меншiк құқығымен болуы мүмкiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң шектi (eң үлкен) мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) өкiлеттi және атқарушы органдардың бiрлескен ұсыныстары негiзiнде белгiлейдi.
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді
8-бап. Шаруа (фермер) қожалығын ұйымдастыру үшiн жер учаскесiн беру тәртібі
1. Шаруа (фермер) қожалығын ұйымдастыру үшiн өздерiне арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқығы берiлуiне мүдделi азаматтар жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына өтiнiш бередi.
2. Өтiнiште:
1) жер учаскесiн пайдалану мақсаты;
2) оның болжамды мөлшерi;
3) орналасқан жерi;
4) сұралып отырған пайдалану құқығы;
5) басқа жер учаскесiнiң болуы (болмауы);
6) шаруа (фермер) қожалығының құрамы көрсетiлуге тиiс.
Жер учаскесiне құқық беру туралы өтiнiшке шаруа (фермер) қожалығының басшысы мен мүшелерi қол қояды.
Өтiнiшке: ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзудiң қысқаша бағдарламасы; шаруашылық басшысының ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі еңбек қызметiн растайтын құжаттар не тиiстi білімi туралы немесе арнаулы дайындықтан өткенi туралы құжат (шартты жер үлесiне құқығы жоқ азаматтар үшiн); салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмесi және шаруа (фермер) қожалығы басшысының мекен-жайы қоса тiркеледi.
3. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамындағы жерден және ортақ меншiктегi немесе ортақ жер пайдаланудағы жерден шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн алатын азаматтар (осы Заңның 6-бабының 3, 4 және 5-тармақтары) өтiнiшке осы баптың 2-тармағында көрсетiлген құжаттардан басқа, бөлiп берiлетiн жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы келісілген материалдарды қоса тiркейдi.
Азаматтардың шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiн бөлiп шығару туралы ауыл шаруашылығы ұйымына немесе ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушыларға берiлетiн өтiнiшiн олар бiр айдың iшiнде қарауға тиiс. Бұл ретте жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығару ауыл шаруашылығы егiс жұмыстары басталғанға дейiн немесе аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi. Басқа жағдайларда жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығару ауыл шаруашылығы ұйымының немесе ортақ меншiкке (ортақ жep пайдалануға) қатысушылардың келісімiмен жүргiзiледi.
4. Мемлекеттік меншiктегi жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға алуға мүдделi тұлғаның өтiнiшi негiзiнде, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы, сұралып отырған жер учаскесiн аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкiндiгiн айқындайды. Жер учаскесiн пайдалану мүмкiндiгi туралы ұсыныстар оны қарау және қорытынды дайындау үшiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы жанындағы комиссияға берiледi.
5. Аталған комиссияның қорытындысы негiзiнде жерге орналастыру жобасы және Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес жер учаскелерiне тиiстi құқық беру туралы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешiмiнiң жобасы дайындалады.
Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда, жер учаскесiне құқық беру туралы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешiмiн қабылдау үшiн комиссияның қорытындысы талап етiлмейдi. Жер учаскесiне құқық беру туралы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешiмi жерге орналастыру жобасының негiзiнде қабылданады.
6. Жер учаскесiне құқық беру туралы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешiмi тиiстi жерге орналастыру жобасы бекітілген күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қабылданып, жер учаскесiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын беру туралы шешiмнiң көшiрмесi шешiм қабылданған кезден бастап жетi күн мерзiмде өтiнiш берушiге тапсырылады.
Жер учаскесiне құқық беруден бас тарту комиссия қорытындысының негiзiнде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешiмiмен ресiмделедi және шешiмнiң көшiрмесi ол қабылданғаннан кейiн жетi күн мерзiмде өтiнiш берушiге тапсырылады.
7. Жер учаскесiне құқық беру туралы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешiмi қабылданғаннан кейiн белгiлi бiр жердегi жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу жүргiзiледi және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары жер учаскесiне құқықты куәландыратын тиiстi құжаттарды (жер учаскесiне жеке меншiк құқығы актiсiн, уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы актiсiн, уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы актiсiн) бередi.
8. Жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжат шаруа (фермер) қожалығына ресiмделедi және Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес барлық жеке меншiк иелерiн (жер пайдаланушыларды) көрсете отырып, шаруа (фермер) қожалығының басшысына берiледi.
9. Шаруа (фермер) қожалығының жер учаскесiне құқығы жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттік тiркеуден өткiзген күннен бастап пайда болады.
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
9-бап. Шаруа (фермер) қожалығының жер учаскесi
1. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi бiрыңғай алқап болып берiледi, бұған жекелеген жер учаскелерi мен ауыл шаруашылық алқаптары топырақ сапасы бойынша құндылығы жағынан салғастыруға келмейтiн (азық дайындау шектеулi болатын, мал жайылымдарын пайдаланудың маусымдылығы айқын білінетiн суармалы жер аймағындағы) жерлер қосылмайды.
2. Шаруа (фермер) қожалығына берiлген жер учаскесi ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк меншiк (ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк жер пайдалану) құқығында болады.
3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы бар шаруа (фермер) қожалығы оны иелену, пайдалану және билiк ету құқығын өз қалауынша, мемлекеттік органдардың қандайда бiр рұқсатын алмай жүзеге асырады.
Уақытша жер пайдалану құқығы бap шаруа (фермер) қожалығы көрсетiлген құқықтарды уақытша жер пайдалану туралы шартқа сәйкес жүзеге асырады.
Шаруа (фермер) қожалығы жеке меншiк құқығындағы жер учаскесiне қатысты, соның iшiнде толық құнына сатып алынған жер учаскесi бойынша ол мемлекеттік тiркеуден өткен күннен бастап және жеңiлдетiлген бағамен сатып алынған жер учаскесi бойынша - ол мемлекеттік тiркеуден өткен күннен бастап он жылдан кейiн, нысаналы мақсатын өзгертпей, Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасай алады.
Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн уақытша жер пайдалану құқығымен берiлген жер учаскелерiне қатысты мәмiлелер жасасуға, сондай-ақ оларды кейiнгi жер пайдалануға беруге жол берiлмейдi.
4. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы шаруа (фермер) мүлкiнiң құрамына кiредi, онымен ол өз мiндеттемелерi бойынша жауап бередi.
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
10-бап. Шаруа (фермер) қожалығының жep пайдалану жөніндегі құқықтары
1. Шаруа (фермер) қожалығының:
1) жердi ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiру мақсатында пайдалана отырып, онда дербес шаруашылық жүргiзуге;
2) ауыл шаруашылығы дақылдары мен өзге де екпе-көшеттердi егу мен отырғызуға, жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде өндiрiлiп алынған ауыл шаруашылық өнiмiн және оны сатудан түскен табысты меншiктенуге;
3) жер учаскесiнде бар құм, саз, қиыршық тас және басқа да көп кездесетiн пайдалы қазбалар, шымтезек, орман алқаптары, жер үстi және жер асты суларын өз шаруашылығының мұқтаждары үшiн белгiленген тәртiпте пайдалануға, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн кәдеге жаратуға;
4) жер учаскесi мемлекеттік қажеттiктер үшiн алып қойылған (сатып алынған) жағдайда шығындардың толық көлемде өтелуiне;
5) жердi аймақтарға бөлуге сәйкес құндылығы төмен алқаптарда шаруашылық қажеттерi үшiн, жер учаскесiнiң нысаналы пайдалану мақсатына қайшы келмейтiн тұрғын үйлердi, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) меншiк құқығымен тұрғызуға;
6) жердi суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстарды жүргiзуге, белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптарға сай келетiн тоғандар мен өзге де суаттарды сатуға құқығы бар.
2. Уақытша жер пайдалану кезiнде осы баптың 1-тармағының 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерге шартпен шектеу жасалуы мүмкiн.
3. Шаруа (фермер) қожалығына бекітілiп берiлген жер учаскесiнде аң аулауға, балық аулауға, дәрiлiк шөп, жидек, саңырауқұлақ және басқа да табиғат өнiмдерiн жинау мен өзге де қызметке осы шаруашылық басшысының келісімiмен ғана рұқсат берiледi.
4. Шаруа (фермер) қожалығы өз өнiмiн дербес пайдаланады, оны iшкi және сыртқы рыноктарда сатады.
11-бап. Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану жөніндегі мiндеттемелерi
Шаруа (фермер) қожалығы:
1) өзiне берiлген жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға;
2) топырақ құнарлылығының төмендеуiне жол бермеуге;
3) ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрудiң табиғат қорғау технологияларын қолдануға және жер қорғау жөніндегі шаралар кешенiн жүзеге асыруға;
4) өз қызметiнiң нәтижесiнде экологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеуге;
5) жер учаскесiнде құрылыс салуды жүзеге асыру кезiнде қолданылып жүрген сәулеттiк-жоспарлау, құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) басшылыққа алуға;
6) басқа жер пайдаланушылар мен жер учаскелерi меншiк иелерiнiң құқығын бұзбауға;
7) сервитуттарды жер туралы заңдарда белгiленген тәртiппен берудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 12-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
12-бап. Шаруа (фермер) қожалығының жер учаскесiне жеке меншiк құқығын және жер пайдалану құқығын тоқтату
1. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы:
жер учаскесiне жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тартылғанда;
жер учаскесiн басқа адамдарға бергенде;
шаруа (фермер) қожалығының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу қолданылғанда;
жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн алынғанда (сатып алынғанда);
жер учаскесi берiлген мерзiм бiткенде;
мақсатына сай пайдаланылмаған немесе заңдарды бұза отырып пайдаланылған жер учаскесi алынып қойылғанда;
жерлер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа жағдайларда алынып қойылғанда;
жер учаскесi тәркiленгенде тоқтатылады.
2. Жер учаскесi берiлген кезден бастап бiр жыл iшiнде оны тиiстi нысанасына орай мақсатқа сай пайдаланылмаған жер ретiнде, егер бұдан ұзақ мерзiм Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмесе, шаруа (фермер) қожалығынан алып қоюға болмайды. Бұл кезеңге жердi игеруге қажеттi уақыт, сондай-ақ дүлей апаттарға немесе мұндай пайдалануға жол берiлмейтiн басқа да жағдайларға байланысты мақсатына сай пайдаланыла алмайтын уақыт кiрмейдi.
III-тарау. Шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң
негiздерi
13-бап. Шаруа (фермер) қожалығындағы еңбек
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Шаруа (фермер) қожалығындағы жұмыстарды орындауға еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн азаматтар тартылуы мүмкiн.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Шаруа (фермер) қожалығында жалдау туралы шарт жасасу тәртібі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен белгiленедi.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Шаруа (фермер) қожалығының мүшелерi мен қожалықта еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген барлық құқықтарды пайдаланады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Шаруа (фермер) қожалығының басшысы Қазақстан Республикасының тиiстi әлеуметтiк сақтандыру, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау органдарында өзiнiң тұрғылықты жерi бойынша сақтандырушы ретiнде тiркеледi және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына және басқа органдарға қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өз табысынан белгiленген тәртiппен қаржы енгiзедi.
5. Шаруа (фермер) қожалығында жұмыс iстеген уақыт еңбек кiтапшасы не Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн жүзеге асырылған сақтандыру жарналарының төленгенiн растайтын құжаттар негiзiнде жалпы және үздiксiз жұмыс стажына есептеледi.