46-бап. Оралмандарға жер учаскелерiн беру
1. Оралмандарға өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру ауылдық елдi мекендердiң жерiнен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, иммиграциялық жер қорының, арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.
2. Оралмандарға тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, арнайы жер қорының, иммиграциялық жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.
3. Берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда олардың жеке меншiгiне өтедi.
4. Оралмандарға берiлетiн жер учаскелерiне осы Кодекстiң 48-бабының нормалары қолданылмайды.
47-бап. Мемлекеттік меншiктегi жер учаскелерiне құқықтар алу
1. Жер учаскелерiн алуға құқығы бар азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншiгiне мемлекеттік меншiктегi жер учаскелерiн жеке меншiкке беру өтеулi негiзде жүзеге асырылады.
Жер учаскелерiн азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншiгiне беру осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларда тегiн жүзеге асырылуы мүмкiн.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ; 2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 2-тармақ өзгертілді
2. Жер учаскесiн сатып алуға мүдделi тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына , аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкіміне өтiнiм бередi, ол өтiнiм жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына қарай осы Кодекстiң 43-45-баптарында белгiленген тәртiппен қаралады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ; 2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 3-тармақ өзгертілді
3. Жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға бұрын өзiне жер пайдалануға берiлген жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алуға ниет бiлдiрген жағдайда, осы тұлға облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына , аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкіміне өтiнiш бередi.
Өтiнiшке:
жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжат немесе құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;
салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмесi;
бюджеттiң алдында берешегi бар немесе жоқ екендiгi (жер салығы және (немесе) жер учаскелерiн пайдалану төлемақысы) туралы салық органының анықтамасы;
жер учаскесiмен мәмiле жасасуға кедергi келтiретiн ауыртпалықтардың жоқ екендiгi туралы жылжымайтын мүлiк орталығынан анықтама;
заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiледi.
Жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы жер учаскесін кадастрлық құжаттама бойынша сәйкестендіреді, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын бекітеді және жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешімнің жобасын дайындайды.
Жер учаскесiн меншiкке беру туралы шешiм жер пайдаланушы жергiлiктi атқарушы органға жазбаша нысанда өтiнiш берген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылдануға тиiс.
Жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы сатып алушымен жер учаскесін сатып алу-сату шартын жасасады және оған қол қояды.
4. Жер учаскесiн алған сатып алушы шартта белгiленген мерзiмде төлемақы жасау жөніндегі мiндеттемелердi орындамаған жағдайда, сатушы берiлген жер учаскесiнiң төлемақысын немесе сол жер учаскесiн қайтарып берудi талап етуге құқылы.
Сатып алушы берiлген жер учаскесiне төлемақы жасау жөніндегі мiндеттемелердi шартта белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда әрi шартта өзгеше көзделмесе, учаскеге төлемақы жасалуға тиiстi күннен бастап сатып алушы төлемақыны жасаған күнге дейiнгi мерзiмi өткен сомаға тұрақсыздық айыбы төленуге тиiс. Тұрақсыздық айыбының мөлшерi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ресми ставкасы негiзге алына отырып есептеледi.
5. Жер учаскесiн сатып алу-сату шарты және жер учаскесiнiң сатып алу бағасын төлеу туралы құжат жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжат беру үшiн негiз болып табылады.
Жер учаскесiн төлеу мерзiмiн ұзартып сатқан кезде, сатып алушыға сатып алу-сату шарты негiзiнде берiлетiн жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжатқа, учаскенi кепiлге берудi қоспағанда, мәмiле жасасуға тыйым салынатыны туралы тиiстi жазба жасалады.
48-бап. Мемлекеттік меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) алу
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Тізбесін жергілікті атқарушы орган айқындаған және жергілікті өкілді орган тиісті шешімімен бекіткен, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелері немесе жер учаскесін жалдау құқығы кемінде жылына бір рет өткізілетін сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сату объектісі болып табылады.
Уақытша жер пайдалану мерзімі аяқталып келе жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері уақытша жер пайдаланушы жаңа мерзімге уақытша жер пайдалану туралы шарт жасасудан бас тартқан жағдайда ғана сауда-саттыққа (конкурстарға, аукциондарға) шығарылады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Босалқы жерлер құрамындағы ауылшаруашылық алқаптары шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауылшаруашылық өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) беріледі.
Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына-шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға тауарлы ауылшаруашылық өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері он жылға дейін жалдау шартымен уақытша жер пайдалануға беріледі.
2. Сатуға арналған жер учаскесi:
белгiлi бiр жерде жер учаскесiнiң шекарасы айқындалғаннан және белгiленгеннен;
жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты және оның кадастрлық (бағалау) құны анықталғаннан;
құрылыс объектiлерiн инженерлiк-техникалық қамтамасыз ету желiлерiне қосудың техникалық шарттары анықталғаннан;
сауда-саттық (конкурстар, аукциондар)өткізу қабылданғаннан;
сауда-саттық (конкурстар, аукциондар)өткізу туралы шешiм туралы хабарлама жарияланғаннан кейiн сауда-саттыққа шығарылады.
3. Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сатушы ретiнде жергiлiктi атқарушы орган өкiлдiк етедi.
Сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) ұйымдастырушы ретiнде меншiк иесi немесе онымен жасалған шарт негiзiнде әрекет етушi мамандандырылған ұйым өкiлдiк етедi.
4. Жep учаскесiнiң меншiк иесi сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізу нысанын, сауда-саттық нысанасының бастапқы бағасын және қарымжы сомасын белгiлейдi.
5. Жер учаскесiн немесе жер учаскесiн жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру мен өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
49-бап. Мемлекет меншiгіндегі жер учаскелерiн төлеу мерзiмiн ұзартып сату кезiнде оларға құқықтар алу
1. Мемлекет меншiгіндегі жер учаскесiн төлеу мерзiмiн ұзартып сату кезiнде, сатып алушы сатып алу-сату шартында белгiленген мерзiмде төлем жасауға тиiс.
2. Сатып алушы төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесi үшiн сатып алу-сату шартында белгiленген мерзiмде кезектi төлем жасамаған кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы шартты орындаудан бас тартуға және сатылған жер учаскесiн қайтарып алуды талап етуге құқылы, бұған сатып алушыдан алынған төлем сомасы жер учаскесiнiң сатып алу бағасының жартысынан асып түскен жағдай қосылмайды.
3. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiне қатысты оның сатып алу бағасы толық төленгенге дейiн мәмiле жасасуға тыйым салынады. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiн кепiлге салуға оның сатып алу бағасының кемiнде елу процентi төленгеннен кейiн жол берiледi.
4. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiмен мәмiле жасасуға шектеулер жер учаскесiн сатып алу-сату шартында және жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжатта көрсетiледi. Жер учаскесiн сатып алу бағасын төлеу туралы құжат сатып алу-сату шартындағы және жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттағы осы шектеудi алып тастауға негiз болады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 49-1-баппен толықтырылды
49-1-бап. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі
1. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері өздерінің осы Кодексте белгіленген жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкіміне өтініш береді.
3. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш келіп түскен кезден бастап күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде қаралады.
4. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссия қорытындысының негізінде қабылданады.
5. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге келісім беру не одан бас тарту туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі шешімінің көшірмесі ол қабылданғаннан кейін жеті күн мерзімде өтініш берушіге тапсырылады.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту дәлелді болуға тиіс.
6. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты және (немесе) жер учаскесінің меншік иесі, жер пайдаланушы өзгертілген кезде құқықты куәландыратын құжаттарды қайта ресімдеу мерзімі күнтізбелік он бес күннен аспайды.
50-бап. Жер учаскелерiн беру нормалары
1. Азаматтар мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығынан басқа мақсаттар үшiн берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi қызметтiң осы түрлерiне жер бөлiп берудiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекітілген нормалар бойынша не сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес айқындалады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке мынадай мөлшерде тегін беріледі:
1) ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар;
2) жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар;
3) бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар.
Жер учаскелерінiң аталған мақсаттар үшiн қайталап тегiн беруге жол берiлмейдi.
Ауылдық елдi мекендердiң аумағында бос жер болған жағдайда жеке тұрғын үй құрылысы үшiн және өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн жер учаскелерi осы аталған мақсаттар үшiн көзделген жер учаскелерiнiң нормалары шегiнде бiртұтас алап болып берiледi.
3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жеке меншiкте болуы мүмкiн жер учаскелерiнiң шектi (ең жоғары) мөлшерi жергiлiктi жағдайлар мен ерекшелiктерге қарай облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмдерiмен белгiленедi.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) өкiлдi және атқарушы органдарының бiрлескен ұсынысы негiзiнде ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерiнiң бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың) аумағындағы шектi (ең жоғары) мөлшерiн белгiлейдi, олар:
жеке меншiк құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасында және оған аффилиирленген тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн;
уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдiктерде, азаматтығы жоқ адамдарда және шетелдiк заңды тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн.
5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ұтымды пайдалану мақсатында жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмдерiмен суармалы жерлердi пайдалану ерекшелiктерi ескерiле отырып, суармалы жерлердегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң ең аз мөлшерi белгiленуi мүмкiн.
51-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн жер учаскелерi
1. Жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн. Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады.
2. Жер учаскесiнiң бөлiнбейтiндiгi жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжатта көрсетiледi.
3. Мәмiле нысанасы сервитутты белгiлеу және шартта оны сипаттап көрсету арқылы немесе жер учаскесiнiң бөлiгiне белгiленетiн құқықтың қолданылу аясын жер учаскесiнiң жоспарына түсiрiп көрсету арқылы анықталуы мүмкiн жағдайларды қоспағанда, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгiмен мәмiле жасалған кезде бұл бөлiк белгiленген тәртiппен алдын ала дербес жер учаскесi болып бөлiнiп шығарылуға тиiс.
52-бап. Жер учаскесiне құқық және онда орналасқан үйге (құрылысқа, ғимаратқа) құқық
1. Үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тиiсiнше меншiк құқығына (осы Кодекстiң 23-бабы) не тұрақты жер пайдалану құқығына (осы Кодекстiң 34-бабы) немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығына (осы Кодекстiң 37-бабы) ұласады. Егер жер учаскесiнде орналасқан бiрнеше үй (құрылыс, ғимарат) екi немесе одан да көп тұлғаның бөлек (дербес) немесе ортақ меншiгiнде болса, жер учаскесi олардың ортақ үлестiк меншiгiне, ал Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген жағдайларда, бiрлескен ортақ меншiгiне (ортақ жер пайдалануына) ауысады.
Аталған құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 2-тармақ өзгертілді
2. Үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) және басқа да жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы ауысқан жағдайда сатып алушыға меншiк құқығы ауысады, ал осы Кодексте белгiленген жағдайларда бүкiл жер учаскесiне не үй (құрылыс, ғимарат) иелiктен шығарылған кезде дербес жер учаскесi болып бөлiнген оның белгiлi бiр бөлiгiне тұрақты немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығы, немесе егер жер учаскесi бөлiнбесе немесе бөлiнбейтiндiгiне байланысты бөлiнуге жатпайтын болса, жер учаскесiне ортақ меншiк құқығындағы немесе ортақ жер пайдалану құқығындағы үлесi ауысады.
Жер учаскесiн бөлген кезде үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң бөлiнетiн бөлiгi, яғни үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi бөлiгi бөлiп берiледi. Тараптардың келісімi бойынша үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң үйдi (құрылысты, ғимаратты) пайдалану және күтiп-ұстау үшiн қажет болатын бөлiгiнен үлкен бөлiгi берiлуi мүмкiн.
Егер аталған учаске бөлiнбейтiн болса не онда орналасқан, иелiктен шығару нысанасы болып табылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) күтiп-ұстауға әдейi арналған болса, ол жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға толығымен ауысады.
3. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.
4. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) уақытша пайдалануға беруi аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiнiң нақ сондай мерзiмге уақытша жер пайдалануға берiлуiне ұласады.
Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiн басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беруге аталған жылжымайтын мүлiк тиiсiнше уақытша пайдалануға бермейiнше жол берiлмейдi.
5. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға иелiктен айырып беруге құқылы болмаған жағдайда, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, оның сол учаскеде орналасқан үйлердi (құрылысты, ғимаратты) иелiктен айыруға құқығы жоқ.
6. Уақытша жер пайдаланушы жер учаскесi меншiк иесiнiң рұқсатымен және тиiстi қызметтердiң келісімдерi болған жағдайда жер учаскесiне тұрғызылған үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) осы Кодекстiң 64-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында белгiленген тәртiппен меншiк құқығын алған реттерде шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жер учаскесi қайтарылуға тиiс. Бөтен жер учаскесiне тұрғызылған үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) меншiк иесi құқығын iске асырудың өзге де тәртібі тараптардың келісімiмен белгiленуi мүмкiн.
53-бап. Жер учаскесiне ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану
1. Екi немесе бiрнеше тұлғаның меншiгіндегі жер учаскесi оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Жер учаскесiне ортақ меншiк Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген реттерде учаске бөлiнбейтiн жағдайда (осы Кодекстiң 51-бабы), сондай-ақ меншiк иелерi өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн бiр учаскеге ерiктi түрде бiрiктiрген кезде туындайды.
3. Жер учаскесi әрбiр меншiк иесiнiң үлесi анықталған (үлестiк меншiк) немесе үлестерi анықталмаған (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
4. Ортақ жер пайдалану құқығы осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген негiздерде туындайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлестерi жерге қатысты құқықтар мен мiндеттердiң дербес объектiсi болып табылады.
6. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртібі ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылар арасындағы шартпен белгiленедi. Олардың арасында келісімге қол жеткiзiлмеген жағдайда пайдалану тәртібін сот айқындайды. Жер учаскесiн пайдалану тәртібі туралы қатысушылардың келісімi немесе соттың шешiмi жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органда тiркелуге тиiс.
54-бап. Ортақ меншiктегi немесе ортақ жер пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртібі
1. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртібін үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдайды. Yлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың алдағы жиналысы туралы хабарлама оның өткiзiлетiн күнiнен бiр айдан кешiктiрiлмей жазбаша түрде қолхат алу арқылы жүргiзiледi.
2. Тиiсiнше хабарланған жағдайда үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50%-i қатысқан кезде жиналыстың құқықтық күшi бар деп саналады. Шешiм үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жиналысына қатысып отырғандардың жай көпшiлiк даусымен қабылданып, хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысып отырғандарының барлығы қол қояды.
55-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер үлестерiмен жасалатын мәмiлелер
1. Ортақ үлестiк меншiк құқығындағы үлестi иелiктен шығаруға бағытталған мәмiлелер жасасу кезiнде жер учаскесiн жер үлестерi есебiне бөлiп шығару талап етiлмейдi.
2. Жер үлесiн сатушы өз үлесiн бөгде тұлғаға сатқысы келетiнi туралы ниетiн үлестiк меншiктiң қалған қатысушыларын, оның сатылу бағасын және басқа да жағдайларын көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
Егер үлестiк меншiктiң қалған қатысушылары жазбаша хабарламадан кейiнгi бiр ай iшiнде сатылатын үлестi сатып алудан бас тартса немесе сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген тұлғаға сатуға құқылы.
56-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлесiн айқындау тәртібі
1. Егер учаскеге ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жер үлестерiнiң мөлшерiн Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде айқындау мүмкiн болмаса және оның барлық қатысушыларының келісімiмен белгiленбесе, жер үлестерi тең болып есептеледi.
2. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) барлық қатысушылардың келісімiмен олардың әрқайсысының ортақ жер учаскесiн сатып алуға және игеруге қосқан салымына қарай олардың жер үлестерiн айқындау мен өзгерту тәртібі белгiленуi мүмкiн.
57-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi (ортақ үлестiк жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлісу және одан үлестi бөлiп шығару
1. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылар ортақ жер учаскесiн бөлудiң әдiсi мен талаптары жөнiнде келісімге келе алмаған жағдайда, әрбiр қатысушы ортақ жер учаскесiнен өзiнiң жер үлесiн нақтылы (белгiлi бiр жерде) бөлiп шығаруды талап етуге құқылы, бұған осы Кодекстiң 62-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген басқа да жағдайлар қосылмайды.
2. Егер жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға Қазақстан Республикасының заң актілерінде жол берiлмесе немесе жер учаскесiне және онымен тығыз байланысты нәрсенiң бәрiне өлшеусiз залал келтiрмей жасауы мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығатын меншiк иесiнiң (жер пайдаланушының) ортақ үлестiк меншiктiң (ортақ жер пайдаланудың) басқа қатысушыларына өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлетуге, не оны осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес басқa тұлғаға сатуға құқығы бар, бұған жер үлесi кондоминиум объектiсiнiң құрамында болатын жағдай қосылмайды.
58-бап. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлiсу
1. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу әрбiр қатысушының жер үлесi алдын ала анықталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе қатысушылардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлесiп жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу кезiнде қатысушылардың әрқайсысының үлесi тең болып есептеледi.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлудiң шарттары мен тәртібі, қатысушылар арасындағы қатынастардың мәнiнен өзгеше туындамайтындықтан, осы Кодекстiң 56 және 57-баптарына сәйкес айқындалады.
59-бап. Бөлiнбейтiн деп танылған жер учаскесiн бөлуге жол берiлмейтiндiгi
1. Егер жер учаскесi осы Кодекстiң 51-бабына сәйкес бөлiнбейтiн болып танылса, оны бөлуге және одан жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға жол берiлмейдi.