Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., №5-6, 24-құжат; №17-18, 241-құжат; №21-22, 281-құжат; 2002 ж., №4, 33-құжат; №17, 155-құжат; 2003 ж., №1-2, 3-құжат; №4, 25-құжат; №5, 30-құжат; №11, 56, 64, 68-құжаттар; №14, 109-құжат; №15, 122, 139-құжаттар; №18, 142-құжат; №21-22, 160-құжат; №23, 171-құжат; 2004 ж., №6, 42-құжат; №10, 55-құжат; №15, 86-құжат; №17, 97-құжат; №23, 139, 140-құжаттар; №24, 153-құжат; 2005 ж., №5, 5-құжат; №7-8, 19-құжат; №9, 26-құжат; №13, 53-құжат; №14, 58-құжат; №17-18, 72-құжат; №21-22, 86, 87-құжаттар; №23, 104-құжат; 2006 ж., №1, 5-құжат; №2, 19, 20-құжаттар; №3, 22-құжат; №5-6, 31-құжат; №8, 45-құжат; №10, 52-құжат; №11, 55-құжат; №12, 72, 77-құжаттар; №13, 85, 86-құжаттар; №15, 92, 95-құжаттар; №16, 98, 102-құжаттар; №23, 141-құжат; 2007 ж., №1, 4-құжат; №2, 16, 18-құжаттар; №3, 20, 23-құжаттар; №4, 28, 33-құжаттар; №5-6, 40-құжат; №9, 67-құжат; №10, 69-құжат; 2007 жылғы 22 маусымда «Егемен Қазақстан» және 2007 жылғы 21 маусымда «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 167-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«167-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушілерге тиесілігін айқындайтын сипаттамаларды көрсету арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының конкурстық құжаттамаға қойылатын талаптарын бұзу, —
лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Конкурстық құжаттаманы алған тұлғаларды тіркеу журналына өздері туралы мәліметтер енгізілген тұлғаларға конкурстық құжаттамаға енгізілген өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың мәтінін уақтылы жібермеу, сол сияқты нақтыланған конкурстық құжаттаманы уақтылы жарияламау, —
лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген жағдайларда мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту, — лауазымды адамдарға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Конкурсқа қатысуға өтінімдері бар конверттерді конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзімін, уақыты мен орнын бұза отырып ашу, сондай-ақ аталған өзгерістерді конкурстық құжаттамаға енгізбей, конкурсқа қатысуға өтінімдері бар конверттерді ашу күнін, уақытын және орнын өзгерту, — лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Сауал салуды жіберу, сол сияқты конкурстық комиссияның конкурсқа қатысуға өті-німді жеткіліксіз құжаттармен толықтыруға, конкурсқа қатысуға өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстыруға, тиісінше ресімделмеген құжаттарды сәйкес келтіруге байланысты іс-әрекеттер, - лауазымды адамдарға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) солар тартатын қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеу, сол сияқты әлеуетті өнім берушіні және (немесе) солар тартатын қосалқы мердігерлерді (бірлесіп орындаушыларды) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген негіздер бойынша біліктілік талаптарына сай емес деп негізсіз тану, —
лауазымды адамдарға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Сарапшының көрінеу жалған сараптамалық қорытындыны жасауы, соның негізінде конкурстық комиссияның заңсыз шешім қабылдауы, — жеке тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Әлеуетті өнім берушінің мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат беруінің анықталған фактілері туралы уақтылы хабарламау, —
лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат беруінің анықталған фактілері туралы мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органды хабардар етпеу, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім беруші туралы мәліметтерді бермеу, сол сияқты әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат бергені туралы көрінеу жалған ақпарат беру, —
лауазымды адамдарға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
10. Осы баптың бірінші және төртінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік), — лауазымды адамдарға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
11. Осы баптың екінші және сегізінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік), —
лауазымды адамдарға алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
12. Осы баптың жетінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет, — жеке тұлғаларға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
13. Осы баптың үшінші, бесінші, алтыншы және тоғызыншы бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік), —
лауазымды адамдарға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту.
Осы бапта лауазымды адамдар деп:
бірінші бөлікте — мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің бірінші басшыларын немесе олардың міндеттерін атқарушыларды, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу рәсімдерін жүзеге асыруға жауапты адамдарды және (немесе) конкурстық құжаттаманы әзірлеуге тікелей қатысатын адамдарды;
екінші бөлікте — мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің бірінші басшыларын немесе олардың міндеттерін атқарушыларды, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу рәсімдерін жүзеге асыруға жауапты адамдарды;
үшінші бөлікте — тапсырыс берушінің бірінші басшысын немесе оның міндетін атқарушы адамды;
төртінші және бесінші бөліктерде — конкурстық комиссияның төрағасын және оның орынбасарын, сондай-ақ конкурстық комиссияның мүшелері мен хатшысын;
алтыншы бөлікте - конкурстық комиссияның мүшелерін;
сегізінші және тоғызыншы бөліктерде — тапсырыс берушінің немесе сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының басшысын және (немесе) олардың міндеттерін атқарушы адамдарды түсіну керек.»;
2) 571-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«571-1-бап. Ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті орган
1. Ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Кодекстің 167-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жаза қолдануға ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті органның басшысы мен оның орынбасарлары, аумақтық бөлімшелердің басшылары құқылы.»;
3) 636-баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы жиырма бесінші абзацпен толықтырылсын:
«ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті органның (356-бап);».
2. «Жеке кәсіпкерлік туралы» 2006 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., №3, 21-құжат; №16, 99-құжат; №23; 141-құжат; 2007 ж., №2, 18-құжат; №3, 20-құжат):
аталған Заңға қосымшаның 27-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«27. Мемлекеттік қаржы бақылау органдары:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау.».
2-бап. Осы Заң 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. НАЗАРБАЕВ |
Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 21-і.
№ 304-ІІІ ҚРЗ