жерге орналастыру мәселелерi талқыланғанда қатысуға және жерге орналастырудың барысы мен нәтижелерi туралы өз мүдделерiн көздейтiн ақпарат алуға;
жерге орналастыру процесiнде өздерiнiң мүдделерiн қозғайтын заңсыз әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдануға құқығы бар.
4. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың мiндеттерi:
1) жерге орналастыру процесiнiң барлық қатысушылары:
Қазақстан Республикасының жер заңдарын сақтауға;
жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі құзыреттi мемлекеттік органдар талаптарын орындауға;
жерге орналастыру процесiнде жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндетті;
2) жобалау құжаттамасы келісілетiн және оны бекiтетiн атқарушы органдар оны бiр ай iшiнде қарауға мiндеттi;
3) жерге орналастыруды жүргiзу жөнiнде тапсырыс берушi:
жерге орналастыруды жүргiзу мақсатын, мiндеттерiн, мазмұнын, ерекше жағдайлары мен мерзiмдерiн анықтауға;
қажеттi материалдар мен құжаттарды беруге;
жұмысты қаржыландыруды ұйымдастыруға;
орындалған жұмыстарды бiр ай iшiнде қабылдауға немесе дәлелдi түрде бас тартуға мiндеттi;
4) жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi:
барлық жұмыстарды қолданыстағы нұсқаулықтар мен әдiстемелiк нұсқауларға, сондай-ақ шартқа сәйкес орындауға;
зерттеу, iздестiру және өзге де жұмыстар топырақтың құнарлы қабатын бүлдiре отырып жүргiзiлген жер учаскелерiнiң жай-күйiн бастапқы қалпына келтiруге;
жерге орналастыру құжаттамасында көзделген iс-шаралардың дұрыстығы, сапасы мен экологиялық қауiпсiздiгi үшiн жауап беруге мiндеттi.
152-бап. Мемлекеттік жер кадастры
1. Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан Республикасы жерiнiң табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, мөлшерi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерiнiң кадастрлық құны туралы мәлiметтердiң, өзге де қажеттi мәлiметтердiң жүйесi болып табылады. Мемлекеттік жер кадастрына жер учаскелерiне құқықты субъектiлер туралы ақпарат та енгiзiледi.
Жер кадастрының құрамдас бөлiгi суармалы жер учаскелерiнiң мелиорациялық жай-күйi, олардың табиғи және ирригациялық-шаруашылық жағдайлары бойынша сапалық сипаттамаларын бағалау туралы, оларды пайдаланудың есебi туралы мәлiметтер жүйесiн құрайтын суармалы жердiң мелиорациялық кадастры болып табылады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Қазақстан Республикасында жер кадастрын жүргізуді ұйымдастыруды орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастры (республиканың, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер кадастры) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кадастрлар жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрын мамандандырылған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар жүргізеді, орталық уәкілетті орган оларға қатысты мемлекеттік басқару органы болып табылады.
4. Мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерi мемлекеттік ақпараттық ресурс болып табылады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 5- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
5. Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарын, топырақ зерттеу, геоботаникалық зерттеулер мен іздестірулер, жер мониторингі бойынша жұмыстарды, жерді сандық және сапалық есепке алуды жүргізумен, нақты жер учаскесіне жер-кадастр ісін жасаумен, жер-кадастр карталары мен жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжат дайындаумен қамтамасыз етіледі.
6. Мемлекеттік жер кадастрының деректерi жердi пайдалану мен қорғауды жоспарлау кезiнде, жерге орналастыруды жүргiзу, шаруашылық қызметтi бағалау және жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде, сондай-ақ жердiң бiрыңғай мемлекеттік тiзiлiмiн қалыптастыру, құқықтық және басқа да кадастрларды жүргiзу, жер үшiн төлем мөлшерiн айқындау, жылжымайтын мүлiк құрамындағы жер учаскелерiнiң құнын және табиғи ресурстар құрамындағы жердiң құнын есепке алу үшiн негiз болып табылады.
7. Мемлекеттік жер кадастрының деректерiн есепке алу мен оларды сақтау бiрлiгi тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы қатынастары субъектiлерiне бекітілген жер учаскесi болып табылады.
8. Жерге меншiк нысанына, жер учаскелерiнiң нысаналы мақсатына және оларды пайдаланудың рұқсат етiлген сипатына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерi мемлекеттік кадастрлық есепке алуға жатады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 153- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
153-бап. Мемлекеттік жер кадастрының мазмұны
Мемлекеттік жер кадастры мынадай жұмыс түрлерін:
1) жер учаскесінің кадастрлық ісін қалыптастыруды;
2) жердің саны мен сапасын есепке алуды;
3) мемлекеттік тіркеу мақсаттары үшін жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларды, сондай-ақ жер құқығы қатынастарының басқа да субъектілерін есепке алуды;
4) жерді мемлекеттік кадастрлық бағалау мен топырақты бағалауды;
5) жер учаскелері мен олардың субъектілері туралы деректер банкін, сондай-ақ басқа да жер-кадастрлық ақпаратты қағаз бетінде және электрондық түрде жинақтауды, өңдеу мен жүргізуді;
6) мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізуді;
7) жер-кадастр карталарын, оның ішінде цифрлық карталарды дайындау мен жүргізуді;
8) жер-кадастр кітабы мен бірыңғай мемлекеттік жер тізілімін жүргізуді;
9) жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжаттарды дайындауды;
10) жер учаскелеріне кадастрлық нөмірлер беруді;
11) жер учаскелерінің паспорттарын дайындауды қамтиды.
154-бап. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу
1. Жер учаскелерiн және онда орналасқан жылжымайтын мүлiктi тiркеу мақсатында есепке алу меншiк құқығын және басқа да құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықты мемлекеттік тiркеудi қамтамасыз ететiн қажеттi шарт болып табылады.
2. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу жұмыстарын жүргiзу тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
155-бап. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу
1. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу жер учаскелерiне кадастрлық нөмiрлер беру мақсатында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлудiң бiрлiгi есептiк кварталдар болып табылады.
2. Орналасқан жерiн анықтау (сәйкестендiру) мақсатында әрбiр жер учаскесiне кадастрлық нөмiрлер берiледi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Кейiннен құқық кадастрында пайдаланылатын есептiк кварталдардың шекарасы сәулет және қала құрылысы органдарымен, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттік тiркеу органдарымен келісім бойынша жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары айқындайды және тиiстi жергілікті атқарушы органдар бекiтедi.
4. Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн түзу мақсатында облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, аудандарға және облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға берiлетiн кодтардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
156-бап. Жер-кадастр құжаттамасы
1. Жер-кадастр құжаттамасы есепке алудың барлық деңгейлерiнде: базалық, мезгiл-мезгiл жаңартылатын және жыл сайын жасалатын құжаттаманы қамтиды.
2. Базалық жер-кадастр құжаттамасына:
1) жер-кадастр iстерi;
2) жер-кадастр кiтабы;
3) жердiң бiрыңғай мемлекеттік тiзiлiмi;
4) жер-кадастр карталары жатады.
3. Жер кадастр құжаттамасының құрылымын, құрамын, мазмұны мен нысандарын, сондай-ақ оны жүргiзу тәртібін жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
157-бап. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу тәртібі
1. Мемлекеттік жер кадастры қағазға түсiрiлiп жүргiзiледi және ақпаратты жинақтаудың, өңдеу мен сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін.
2. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
158-бап. Мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерiн беру және кадастр ақпаратын пайдалану
1. Белгiлi бiр жер учаскесi туралы мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерi осы жер учаскесi есепке алынған орын бойынша үзiндi түрiнде берiледi.
2. Мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерiн құжаттау қағазға түсiрiлiп және электрондық тасығыштарда жүзеге асырылады. Қағазға жазылған мәлiметтер мен электрондық тасығыштарда жазылған мәлiметтер арасында алшақтықтар болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, қағазға түсiрiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.
3. Жер учаскелерi туралы кадастр мәлiметтерi жер-кадастр карталарымен (жоспарлармен) арақатынаста болады.
4. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
5. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзетiн мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсiпорындар мен лауазымды адамдар жер-кадастр құжаттамасына енгiзiлетiн мәлiметтердiң дұрыстығын қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Жер кадастрының мемлекеттік құпия мен өзге де шектеулердi қамтымайтын мәлiметтерi баршаға қолжетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледi. Жер кадастрының мәлiметтерiн мемлекеттік органдарға беру ақысыз негiзде осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
159-бап. Жер мониторингi
1. Жер мониторингi болып жатқан өзгерістердi уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрi дамуын болжау және керi әсерi бар процестердi болдырмау мен оның зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында жүргiзiлетiн жер қорының сапалық және мөлшерлiк жай-күйiн базалық (бастапқы), жедел, мерзiмдi байқау жүйесiн бiлдiредi.
2. Жер мониторингi қоршаған табиғи ортаның жай-күйi мониторингiнiң құрамдас бөлiгi және сонымен бiр мезгiлде басқа да табиғи ортаға мониторинг жүргiзу үшiн база болып табылады.
Халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларға сәйкес Қазақстан Республикасы жердiң ғаламдық мониторингi бойынша жұмыстарға қатысуы мүмкiн.
3. Жерге меншiк нысандарына, жердiң нысаналы мақсаты мен пайдаланылу сипатына қарамастан Қазақстан Республикасының барлық жерi жер мониторингiнiң объектiсi болып табылады.
160-бап. Жер мониторингiнiң мiндеттерi
1. Жер мониторингiнiң мiндеттерi:
1) жердiң жай-күйiнiң өзгерістерiн уақтылы анықтау, оларды бағалау, болжам жасау және керi әсерi бар процестердi болдырмау мен зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
2) мемлекеттік жер кадастрын жүргiзудi, жерге орналастыруды, жерді пайдалану мен қорғауды бақылауды және жер ресурстарын мемлекеттік басқарудың өзге де функцияларын ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады.
2. Жер мониторингiнiң жердiң санаттарына сәйкес келетiн iшкi жүйелерi болады. Аумақты қамтуына қарай республикалық, аймақтық не жергiлiктi жер мониторингi жүзеге асырылады.
3. Жердi жүйелi түрде бақылаудың, суретке түсiрудiң, зерттеудiң, түгендеудiң нәтижелерi, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың материалдары, мұрағаттық деректер, жердiң сапалық жай-күйi туралы басқа да мәлiметтер жер мониторингi үшiн ақпарат көздерi болып табылады.
161-бап. Жер мониторингiн жүргiзу
1. Жер мониторингiн жүргiзудi ұйымдастыруды жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Жер мониторингi бойынша мемлекетаралық және халықаралық бағдарламаларды iске асыру Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен жасасқан келісімдерi мен шарттарында айқындалатын тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
3. Жер мониторингiн жүргiзу және оның деректерiн пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
162-бап. Жер мониторингi ақпаратын алу мен пайдалану әдiстерi
1. Жер мониторингiн жүргiзу кезiнде қажетті ақпаратты алу үшiн қашықтықтан зерделеу, жер бетiн суретке түсiру және бақылау әдiстерi, сондай-ақ қор деректерi қолданылады.
2. Жер мониторингiн техникалық қамтамасыз ету жер ресурстарын басқару жөніндегі тиiстi аумақтық органдарда ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау пункттерi бар автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
3. Жер мониторингiнен алынған нәтижелер автоматтандарылған ақпараттық жүйенiң мұрағаттарында (қорларында) және деректер банкiнде жинақталады.
4. Азаматтар, кәсiпорындар мен мекемелер, халықаралық ұйымдар, шетелдiк заңды және жеке тұлғалар жер мониторингiнiң мәлiметтерiн белгiленген тәртiппен пайдаланады.
163-бап. Жер қатынастарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды қаржыландыру
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың шекарасын белгiлеу кезiнде жүргiзiлетiн жерге орналастыру, жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң паспорттарын жасау және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша жүргiзiлетiн өзге де жұмыстар бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Аудандардың, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық (селолық) округтердiң, кенттердiң, ауылдардың (селолардың) шекарасын белгiлеу кезiнде жүргiзiлетiн жерге орналастыру, жердi аймақтарға бөлу, ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру, елдi мекендердi жер-шаруашылық орналастыру және жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша жүргiзiлетiн өзге де жұмыстар бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
3. Жер учаскелерiнiң жеке меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өтiнiштерi бойынша жерге орналастыру олардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5-бөлiм. Жер заңдарының орындалуын қамтамасыз ету және
қорытынды ережелер
20-тарау. Меншік құқығы мен жер пайдалану құқығын
қорғау және шығынды өтеу
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара )
164-бап. Меншік құқығы мен жер пайдалану құқығын қорғау
Меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде көзделген тәртiппен қорғалады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 164-1-баппен толықтырылды
164-1-бап. Жер учаскесін бөгденің заңсыз
иеленуінен қайтаруды талап ету
1. Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы жер учаскесін бөгденің заңсыз иеленуінен қайтаруды талап етуге құқылы.
2. Мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін қайтаруды талап етуді жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Заңсыз иеленуші өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген әкімшілік жазалар қолданылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде босатуға және өз бетінше иеленіп алған жер учаскесінде салынған (салынып жатқан) құрылысты, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзі немесе өз есебінен бұзуды жүзеге асыруға міндетті.
Заңсыз иеленушінің өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін босату және мұндай учаскеде салынған (салынып жатқан) құрылысты бұзу жөніндегі міндеттерді орындамауына байланысты даулар сот тәртібімен шешіледі.
Өз бетінше салынған құрылыс коммуналдық меншікке берілген жағдайда құрылысты жүзеге асырған тұлғаға сот айқындаған мөлшерде құрылысқа жұмсалған шығыстар өтеледі.
Жер учаскесін заңсыз иеленушінің жеке басын (деректерін) анықтау мүмкін болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы орган жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу фактісі анықталған күннен бастап бір ай өтісімен жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың жоқтығы туралы мәліметтер расталғаннан кейін және сот шешімі бойынша мұндай учаскеде салынған (салынып жатқан) құрылысты бұзуды жүзеге асырады.”;
165-бап. Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген шығынды өтеудiң негiздерi
Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген шығын:
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
1) жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін меншік немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғатындай етіп мәжбүрлеп иеліктен шығарылған, соның ішінде сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;
2) жер пайдаланудың ерекше режимiнiң белгiленуiне байланысты меншiк немесе жер пайдалану құқығы шектелген;
3) меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың құқықтары бұзылған;
4) топырақ құнарлылығының бүлiнуiне әкеп соғатын, су режимiн нашарлататын, ауыл шаруашылығы дақылдары мен екпелерiне зиянды заттар бөлiп шығаратын объектiлердi салу мен пайдалану нәтижесiнде жер сапасы нашарлаған;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді(бұр. ред. қара )
5) осы Кодекстiң 91-бабында көзделген жердi алып қою жағдайларында толық көлемiнде өтелуге тиiс.
166-бап. Шығынды өтеу тәртібі
1. Меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығын оны келтiрушiнiң есебiнен өтеледi.
Мемлекеттік билiк органының, өзге мемлекеттік органның заңдарға сәйкес емес акт шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекеттерi (әрекетсiздiгі) салдарынан меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығынды Қазақстан Республикасы немесе тиiсiнше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк өтеуге тиiс.
2. Өтемақы мөлшерiн айқындау кезiнде оған:
1) жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының нарықтық құны;
2) жемiс ағаштары мен көпжылдық екпелердi қоса алғанда, учаскедегi жылжымайтын мүлiктiң нарықтық құны;
3) жер учаскесiн игеруге, оны пайдалануға, қорғау iс-шараларын жүргiзуге, топырақ құнарлылығын арттыруға байланысты шығындардың инфляциясы есепке алынған құны;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара )
4) меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға үшiншi тұлғалар алдындағы өз мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуына байланысты келтiрiлген шығынды қоса алғанда, олардан жер учаскесiн алып қоюмен байланысты келтiрiлген, меншік немесе жер пайдалану құқығын тоқтату кезіндегі барлық шығын;
5) алынбай қалған пайда енгiзiледi.
3. Жер учаскесiн алып қою кезiнде меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген шығынды, сондай-ақ олардың өтемақы мөлшерiн айқындау тараптардың келісімiмен белгiленедi.
4. Жер учаскелерiн алып қою немесе оларға уақытша орналасу нәтижесiнде суару, құрғату, табиғат қорғау, эрозияға және селге қарсы объектiлер мен құрылыстардың (жүйелердiң) жұмысы жартылай немесе толығымен бұзылатын жағдайда шығындар, жобалау-зерттеу жұмыстарының құнын қоса алғанда, объектiлер мен ғимараттарды (жүйелердi) жаңадан салу немесе жұмыс iстеп тұрғандарын қайта жаңғырту үшiн жасалатын жұмыстың құнына негiзделiп айқындалуы мүмкiн.
5. Жердi пайдалану кезіндегі қолайсыздықтардан (су қоймаларын толтыру кезiнде аралдардың пайда болуы, көлiк байланыстарының бұзылуы, аумақты коммуникациялармен бөлiп тастау және басқалары) туындаған шығындар (шығыстар) жобалау-зерттеу жұмыстарына, бөгеттер, көпiрлер, жолдар, кiрме жолдар, басқа да құрылыстар салуға, су қоймаларының түбiн тазартуға, сондай-ақ қайықтар, катерлер, паромдар мен өзге де көлiк құралдарын сатып алуға кеткен бiржолғы шығыстардың сомасымен айқындалуы мүмкiн.
6. Жердiң нашарлаған сапасын қалпына келтiру үшiн қажеттi шығындарды (шығыстарды) айқындау кезiнде топырақты зерттеу, агрохимиялық және басқа арнайы тексерулер мен зерттеулердi, сондай-ақ жердiң сапасын қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн iс-шараларды жүргiзуге шыққан шығыстар енгiзiлуi мүмкiн.
7. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғатын шешiммен келiспеген жағдайда, дау сот тәртібімен шешiлгенге дейiн ол шешiмдi жүзеге асыру мүмкiн болмайды. Дауды қарау кезiнде меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығындарды өтеудiң барлық мәселелерi де шешiледi.
167-бап. Жер даулары
Жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртібімен қаралады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 168-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
168-бап. Қазақстан Республикасының жер
заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
21-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
169-бап. Осы Кодекстiң қолданылу тәртібі
Осы Кодекс ол қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн туындаған жер құқығы қатынастарына қолданылады.
Осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қабылданған жер қатынастарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер осы Кодекске қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
170-бап. Өтпелi ережелер
1. Шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерi уақытша жер пайдалану құқығымен табысталған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алуға құқығы бар.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Өздерiне жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскелерiн шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға (қосалқы жалға) берген азаматтар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шарттарын бұзуға мiндеттi.
Бұл ретте, аталған тұлғалардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу жөніндегі қызметпен дербес айналысуына не жер пайдалану құқығын салым немесе жарна ретiнде шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жарғылық қорына беруге құқығы бар.
Жалға берушiлердiң аталған құқықтары iске асырылмаған жағдайда, кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шарттарды бұзу және жер пайдаланушылар (жалға берушiлер) құқықтарының тоқтатылуы республикалық маңызы бар қаланың (астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдарының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады, ал кейiнгi жер пайдалануға берiлген жер учаскелерi алып қойылады және ауданның арнайы жер қорына енгiзiледi.
3. Мәмiлелер жасалған кезде қолданыста болған заңдарға сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскесiне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейiн сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалары, осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезден бастап осы Кодексте белгiленген жер учаскелерi нормаларының шегiнде жеке меншiк құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне айналады.
Аталған тұлғалардың жер учаскесiне жеке меншiк құқығын iске асыруы осы Кодекстiң 24-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Өздерiне тиесiлi құқықты бұған дейiн жалға берген шартты жер үлесiне құқық иелерi 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн бұл құқығын осы Кодексте көзделген тәртiппен және шарттарда төменде көрсетiлген iс-әрекеттiң бiрiн жасау арқылы iске асыруға мiндеттi:
1) жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алу;
2) жеке шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн дербес жүргiзу үшiн жер учаскесiн уақытша ортақ немесе бөлек жер пайдалануға алу;
3) шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру.
Бұл ретте жер учаскесiн шартты жер үлестерiнiң есебiне бөлiп беру (түзу) жерге орналастыру тәртібімен жүзеге асырылады.
Жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындаған сәттен бастап бұрынғы шарттар (шартты жер үлесiне құқығын жалға беру шарты және жер учаскесiн жалға алынған үлестер есебiне жалдау шарты (өтеусiз жер пайдалану) күшiн жояды.