2. Әкiмшiлiк қамауға алудың жалпы мерзiмiн отыз тәулiктен асыруға болмайды.
729-бап. Қаулының мүлiктiк зиянды өтеу бөлiгiнде орындалуы
Осы Кодекстiң 64-бабына сәйкес өндiрiлiп алынуға тиiстi мүлiктiк зиянды өтеу бөлiгiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңдарда белгiленген тәртiппен орындалады.
730-бап. Қазақстан Республикасынан шетелдiктер мен азаматтығы жоқ
адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны
жүзеге асыратын органдар
Қазақстан Республикасынан шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны:
1) осы Кодекстiң 391-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген құқық бұзушылық жасалған кезде шекара қызметi органдары;
2) осы Кодекстiң 394, 396 (екiншi бөлiгi) және 397-баптарында көзделген құқық бұзушылықтар жасалған кезде iшкi iстер органдары орындайды.
731-бап. Қазақстан Республикасынан шетелдiктер мен азаматтығы жоқ
адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны
орындау
1. Қазақстан Республикасынан шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды аумағына аталған адам шығарып жiберiлетiн шет мемлекет өкіметінiң өкiлiне ресми беру не Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлетiн адамға бақылау жасалына отырып, өз бетiмен кетуi арқылы жүргiзiледi.
2. Егер шығарып жiберiлетiн адамды шет мемлекет өкiлiне беру Қазақстан Республикасының аталған мемлекетпен шартында көзделмеген болса, шығарып жiберу шекара қызметi органдары белгiлейтiн орында жүзеге асырылады.
3. Егер шығарып жiберу Қазақстан Республикасының аталған мемлекетпен шартында көзделсе, шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекетiнен шығарып жiберу туралы аумағына (аумағы арқылы) аталған адам шығарып жiберiлетiн шет мемлекеттiң өкіметі хабардар етiледi.
4. Әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау екiжақты немесе бiржақты акт түрiнде ресiмделедi.
732-бап. Жол жүрiсi ережелерiн бiлудi тексеру туралы қаулыны орындау
Жол жүрiсi ережелерiн бiлудi тексеру туралы қаулыны заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі жол полициясының органдары орындайды.
733-бап. Қаулыны медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану
бөлiгiнде орындау тәртібі
Қаулыны медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану бөлiгiнде денсаулық сақтау органдарының мамандандырылған мекемелерi заңдарда белгiленген тәртiппен орындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев