7. Осы Кодекстiң талаптары және қабылдануы осы Кодексте көзделген, бюджеттiң атқарылу тәртібін айқындайтын басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптары бұзылған жағдайда бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган өзi жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелердiң төлемдерiн тоқтата тұруға құқылы.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 8-тармақ толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
8. Төлемдердi және ақша аударымдарын жүзеге асыру әдiстерi Қазақстан Республикасының төлемдер және ақша аударымдары туралы, бюджеттiң атқарылуы жөніндегі заңдарымен немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен айқындалады.
9. Сыртқы экономикалық қызметке байланысты төлемдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша жүзеге асырылады.
10. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның төлемдердi жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
106-бап. Бюджеттік ақшаны басқару
1. Бюджеттік ақшаны басқаруды бюджеттi атқару жөніндегі орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
2. Бюджеттік ақшаны басқару - төлемдердiң бюджетке түсетiн түсiмдер мерзiмдерiне сәйкес уақтылы төленуiн қамтамасыз ету жөніндегі iс-шаралар кешенi.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 3 тармақ жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Төлемдердің уақтылы және толық төленуін қамтамасыз ету үшін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдерді, бюджет қаражатының бос қалдықтарын және ағымдағы қаржы жылының тиісті кезеңіне арналған бюджеттік бағдарламалар (ішкі бағдарламалар) деңгейіндегі төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес жүргізілетін төлемдерді есепке ала отырып, бюджет қаражатының (қолма-қол ақшаның) күтілетін көлемін айқындайды.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар мемлекеттік мекемелердің орындалған міндеттемелерінің бюджет қаражатымен (қолма-қол ақшамен) уақтылы қамтамасыз етілуі үшін жауапты болады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет қаражатын (қолма-қол ақшаны) уақтылы басқарудың тиімді әдісін пайдаланады.
Қолма-қол ақша профициті - республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін нақты түсімдер мен бюджет қаражатының бос қалдықтары көлемінің ағымдағы қаржы жылы басталғаннан бері жүргізілген төлемдер көлемінен асып түсуі.
Қолма-қол ақша тапшылығы - жүргізілген төлемдердің болжанған көлемінің ағымдағы қаржы жылының басынан бастап республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдердің және бюджет қаражатының бос қалдықтарының болжанған көлемінен асып түсуі.
Ағымдағы қаржы жылының тиісті кезеңіне арналған тиісті бюджеттің қолма-қол ақша тапшылығының жол берілетін шекті мөлшері тиісті қаржы жылына арнап бекітілген, нақтыланған және түзетілген республикалық және жергілікті бюджеттер тапшылығының бекітілген сомасынан аспауға тиіс.
Ағымдағы қаржы жылының тиісті кезеңінде республикалық бюджеттің қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік бағалы қағаздар шығарады.
Ағымдағы қаржы жылының тиісті кезеңінде тиісті жергілікті бюджеттің қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда жергілікті атқарушы орган жоғары тұрған бюджеттен қарыз алуды жүзеге асырады.
4. Бюджетке түсетiн ақша түсiмдерiнiң болжамды көлемi тиiстi кезеңде жеткiлiксiз болған жағдайда бюджеттi атқару жөніндегі орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi орган төлемдер жүргiзу үшiн қарыз алу арқылы ақша тарту процесiн ұйымдастырады.
5. Бюджеттік ақшаны басқару Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 107-бап жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
107-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін
кепілдікті трансфертті пайдалану
1. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тәртіппен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісім бойынша:
1) республикалық бюджетке түсетін түсімдер мен бюджет қаражатының қалдықтарын болжау негізінде бюджеттік даму бағдарламалары (ішкі бағдарламалары) бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген кепілдікті трансферттің көлемі шегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдікті трансферттің қажетті сомасын айқындайды;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке айлар бойынша сомасын көрсете отырып, кепілдікті трансфертті аудару туралы тиісті өтінім жібереді;
3) қажетті сома республикалық бюджет әзірленетін жылдың алдындағы қаржы жылының соңына қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры активтерінің үштен бір бөлігінен асып түскен жағдайда бюджеттік даму бағдарламаларын (ішкі бағдарламаларын) асып түсу сомасына тең мөлшерде бюджет қаражатымен қамтамасыз етеді.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 108-бап жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
108-бап. Бюджеттің атқарылу мониторингi
1. Бюджеттің атқарылу мониторингін бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаржыландыру жоспарларының жылдық сомаларының ай бойынша бөлінуін, қаржыландыру жоспарларына бюджеттік бағдарламалар әкімшілері енгізетін өзгерістердің негізділігін талдау және бағалау, қаржыландыру жоспарларының орындалмау себептерін анықтау, бюджеттік бағдарламалардың атқарылуы туралы есеп жасау арқылы жүзеге асырады.
2. Бюджеттің атқарылу мониторингі барысында бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар:
1) Қазақстан Республикасының Yкіметі мен бюджеттің уақтылы және тиімді атқарылмау себептерін көрсете отырып және тиісті бюджетті одан әрі атқару жөніндегі ұстанымдар туралы ұсынымдармен;
2) республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне - бюджеттің атқарылуы бюджеттік бағдарламаларды (ішкі бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларынан кешеуілдеп жүріп жатқан бюджеттік бағдарламалар жөнінде;
3) тиісті бюджет комиссияларына - ағымдағы, сонымен қатар алдағы жоспарланып отырған қаржы жылында жекелеген бюджеттік бағдарламалар (ішкі бағдарламалар) бойынша жылдық жоспарлы мақсаттарды қайта қарау қажеттігі туралы;
4) бюджет комиссияларының жұмыс органдарына алдағы қаржы жылына арналған бюджетті жоспарлау кезінде есепке алу үшін ақпарат жібереді.
3. Мемлекеттік мекеменің өткен жылдардағы дебиторлық берешегінің сомасы азаматтық-құқықтық мәміле шарттарында көзделген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) беру арқылы өтеуге, не шартқа (ратификацияланған келісімге) сәйкес тиісті бюджеттің кірісіне қайтарылуға тиіс.
4. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар бюджеттің атқарылуын талдау негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне немесе жергілікті атқарушы органға бюджетті нақтылау немесе түзету туралы ұсыныс беруге құқылы.
5. Мемлекеттік мекемелер бюджеттік бағдарламаның жоспарланған іс-шараларын тиісті тауарлардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтердің) болжамды бағаларына қарағанда нақты бағасының төмендеуі салдарынан жеке қаржыландыру жоспарында бекітілген сомасынан аз көлемдегі бюджет қаражатына орындаған жағдайда, пайдаланылмаған жоспарлы сомалардың қалдығы бюджеттік бағдарламаның мақсаттарына ойдағыдай қол жеткізу және міндеттері мен іс-шараларының тізбесін кеңейту үшін қажетті қосымша іс-шараларды орындауға жіберілуі мүмкін.
Осы мақсатта бюджеттік бағдарламаның паспортына өзгерістер енгізіледі, олар тиісті негіздемелерімен және есептеулерімен бірге бюджет комиссиясында қаралады.
5-тармақтың үшінші абзацы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
Бұл ретте бюджет комиссиясы осы Кодекске сәйкес бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар табыс ететін тиісті бюджеттік бағдарламаны іске асыру тиімділігін бағалау және бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшісі бойынша бюджеттің атқарылу мониторингінің нәтижелерін қарайды.
6. Осы баптың 5-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, бюджеттік бағдарлама (ішкі бағдарлама) бойынша қаржыландыру жоспарларының сомасы пайдаланылмаған кезде, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджет қаражатын пайдаланылмаған жоспарлы сомалардың қалдығы мөлшерінде пайдалану мақсатында бюджеттік бағдарламалар паспорттарына өзгерістер енгізуіне жол берілмейді.
7-тармақ 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
7. Бюджеттік бағдарламалар (ішкі бағдарламалар) бойынша бюджет қаражатының ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша жиналып қалған қалдықтарын бюджеттен тыс, аккредитивтік және басқа да шоттарға аударуға жол берілмейді.
109-бап. Мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуiнен түсетiн өздерiнiң иелiгiнде қалатын ақша бойынша атқару
1. Мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгiнде қалатын ақшаның есебiнен операцияларды жүзеге асыруы үшiн мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының түрлерi бойынша жыл сайын жоспар жасайды.
2. Мемлекеттік мекеменiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгінде қалатын ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспарын бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органмен келiсе отырып бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсi бекiтедi.
3. Мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгінде қалатын ақша түсiмдерi мен шығыстарының бекітілген жоспарының қолданылуы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында тоқтатылады.
4. Бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсi тиiстi бюджеттік бағдарлама (ішкi бағдарлама) бойынша тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгiнде қалатын ақша түсiмдерi мен шығыстарының мемлекеттік мекемелер ұсынған жоспарлары негiзiнде мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгiнде қалатын ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспарын жасайды.
5. Мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгiнде қалатын ақша есебiнен тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) сатып алу мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгiнде қалатын ақша есебiнен азаматтық-құқықтық мәмiлелердi тiркеу осы Кодекстiң 104-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Қаржы жылы iшiнде мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгiнде қалатын ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспарында көзделген сомалардан тыс кiрiстер тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспары нақтыланған жағдайда ағымдағы қаржы жылында жұмсалуы мүмкiн.
8. Мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгiнде қалатын ақша есебiнен жүргiзiлетiн төлемдер мемлекеттік мекеменiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақшаны есепке алу үшiн ашылған шотындағы нақты ақша көлемi шегiнде жүзеге асырылады.
110-бап. Қаржы жылының аяқталуы
1. Ағымдағы қаржы жылының бюджет түсiмдерiн есепке алуға және бюджеттен төленетiн төлемдердi жүзеге асыруға байланысты операциялардың барлығы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында аяқталады.
2. Бюджетке 31 желтоқсаннан кейiн есепке алынған түсiмдер жаңа қаржы жылының түсiмдерi болып есептеледi.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанына дейiн қоса алғанда пайдаланылмаған жоспарлы жұмсалымдар қалдықтарының күшi жойылады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 19-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
19-тарау.
Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау мен
түзету процесінің негізгі ережелері
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 11-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
111-бап. Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бюджеттiң көрсеткiштерiн өзгерту.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау:
1) республикалық және жергілікті бюджеттер түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтiн Қазақстан Республикасының заң актілері қабылданған немесе өзгертiлген;
2) республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару барысында бюджет түсiмдерi олардың бекітілген жылдық көлемiнен он проценттен астам сомаға төмендеген жағдайларда мiндеттi түрде жүргiзiледi.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде бекітілген көлемнен артық қосымша шығыстарды бюджеттен жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау кезiнде ғана жол берiледi.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Республикалық бюджеттi нақтылауға бюджеттiң кiрiстерi жөніндегі жылдық жоспар қаржы жылының бiрiншi тоқсанының қорытындылары бойынша кем дегенде отыз процентке немесе бiрiншi жарты жылдығының қорытындылары бойынша алпыс процентке және үш тоқсанының қорытындылары бойынша сексен проценттен астам орындалған жағдайда жол берiледi.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Қаржы жылы ішінде тоқсанына бір реттен асырмай жергілікті бюджетті нақтылауға жол беріледі.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергiлiктi атқарушы органдар бюджеттің атқарылуын талдау және бюджеттік бағдарламалардың (ішкі бағдарламалардың) іске асырылу тиімділігін бағалау нәтижелерi негiзiнде тиiстi бюджеттік комиссияның жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша жылдық жоспарлы жұмсалымдарды қайта қарау қажеттiгi жөніндегі ұсыныстарын ескере отырып, жеке бюджеттік бағдарламалар бойынша республикалық немесе жергiлiктi бюджеттi нақтылауға бастамашы болуға құқылы.
6. Республикалық немесе жергiлiктi бюджеттi нақтылау осы Кодексте көзделген басқа да жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкiн.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 112-бап өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
112-бап. Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау принциптері
Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау кезiнде мынадай принциптер сақталады:
1) уақтылылық принципi - республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылауды бюджеттік бағдарламаларды тиiмдi iске асыруға мүмкiндiк беретiн мерзiмдерде жүргiзу;
2) негiздiлiк принципi - енгiзiлiп отырған өзгерістер мен толықтырулардың қажеттігін нормативтік құқықтық актiлермен, тиісті есептермен және басқа да құжаттармен растау;
3) теңдестiрiлiмдiктi сақтау принципi - депутаттардың тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның жобасын немесе мәслихаттың шешiмiн ескере отырып, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде белгiленгеннен аспайтын республикалық және жергілікті бюджеттер тапшылығының көлемiн сақтау үшiн түсiмдердiң қосымша көздерiн не қысқартылатын шығыстарды негiздей және айқындай отырып, кез келген өзгерістер мен толықтырулар енгізуi.
113-бап. Секвестр
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Секвестр - бюджет қаражатының шығыстарын белгілі бір шектерде қысқартуды көздейтін арнайы тетік, ол республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару кезінде бекітілген түсімдер республикалық және жергілікті бюджеттерге толық түспеуі салдарынан, бекітілген бюджеттік бағдарламаларды толық көлемде қаржыландыру мүмкін болмайтын жағдайларда енгізіледі.
2. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе тиiсті қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде секвестрлеуге жатпайтын республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың тiзбесi белгiленедi.
3. Бюджеттік бағдарламаларды олардың бекітілген жылдық көлемiнiң он процентiнен кем сомаға секвестрлеу - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша, ал он проценттен астам сомаға секвестрлеу заңның немесе мәслихат шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
4. Бюджеттік бағдарламалар қысқартылған жағдайда олардың басымдығы мен әлеуметтiк бағыттылығы ескерiледi.
5. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiне өзгерiс және толықтыру туралы заңның жобасы немесе мәслихаттың шешiмi Қазақстан Республикасының Парламентiне немесе мәслихатқа енгiзiлген күннен бастап бюджеттi атқару жөніндегі орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi орган секвестрлеу белгiленген бюджеттік бағдарламалар (iшкi бағдарламалар) бойынша төлемдердiң жүзеге асырылуын тоқтата тұруға құқылы.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Республикалық және жергілікті бюджеттерді секвестрлеу кезiнде бюджеттік қаражат есебiнен жасалған азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша туындаған қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
20-тарау. Бюджеттерді нақтылау мен түзету процесі
114-бап. Республикалық бюджеттi нақтылау
1. Республикалық бюджеттi нақтылау Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және (немесе) Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттарының ұсыныстары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Республикалық бюджеттi нақтылау жөніндегі ұсыныстарды Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
3. Республикалық бюджеттi нақтылау кезiнде республикалық бюджеттi әзiрлеу мен бекіту кезiнде қойылатын, осы Кодексте белгiленген талаптар сақталады.
115-бап. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау
1. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн оның атқарылу барысында нақтылау осы Кодекске сәйкес тиiстi жергiлiктi атқарушы органның және (немесе) мәслихат депутаттарының ұсыныстары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау жөнiндегі ұсыныстарды тиiстi бюджет комиссиясы қарайды.
3. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау кезiнде облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн әзiрлеу мен бекіту кезiнде қойылатын, осы Кодексте белгiленген талаптар сақталады.
4. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттi нақтылауға байланысты жүргiзiлген жағдайда, мәслихаттың тиiстi шешiмi Қазақстан Республикасының Президентi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңға қол қойғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қабылданады.
116-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн нақтылау
1. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн оны атқару барысында нақтылау осы Кодекске сәйкес тиiстi жергiлiктi атқарушы органның және (немесе) мәслихат депутаттарының ұсыныстары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн нақтылау жөніндегі ұсыныстарды тиiстi бюджет комиссиясы қарайды.
3. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн нақтылау кезiнде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн әзiрлеу мен бекіту кезiнде қойылатын, осы Кодексте белгiленген талаптар сақталады.
4. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына сәйкес облыстық бюджет пен аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджетi арасында бөлiнетiн түсiмдер бойынша нақтылау облыстың бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергiлiктi уәкiлетті органымен келісім бойынша жүргiзiледi.
5. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн нақтылау тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджеттi нақтылауға байланысты жүргiзiлген жағдайда, мәслихаттың тиiстi шешiмi тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджет туралы - мәслихаттың шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiмге қол қойылғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қабылданады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
6. Тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде мәслихаттың шешімін іске асыру және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жергілікті атқарушы органның шешімдері мәслихаттың аталған шешімін бекіткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қабылданады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 117-бап жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
117-бап. Бюджеттерді түзету
1. Бюджеттерді түзету - Қазақстан Республикасының Парламентінде немесе мәслихатта нақтыланбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның қаулысына немесе мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бюджет көрсеткіштерін өзгерту.
2. Егер түзету жүргізілгеннен кейін бюджетті нақтылау жүргізілсе, бюджеттік бағдарламаларды бөлуді қоспағанда, бюджеттің түзетілген көрсеткіштері нақтыланған бюджетте көрсетіледі.
3. Республикалық бюджетті түзетуге:
1) орталық мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, олардың функциялары өзгертілген жағдайларда жол беріледі. Бұл ретте түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, беруді білдіреді;
2) осы Кодекстің 40-бабының 6 және 7-тармақтарында, 91-бабы 6-тармағының 1), 1-1 және 2) тармақшаларында көзделген;
3) бюджетте бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісі бойынша бекітілген бюджеттік бағдарлама қаражаты бюджеттік бағдарламалардың түрлі әкімшілері арасында Қазақстан Республикасы Yкіметі айқындайтын тәртіппен бөлінген жағдайларда жол беріледі.
4. Жергілікті бюджеттерді түзетуге:
1) төмен тұрған бюджетке қаржы жылы ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстық деңгейдегі атқарушы органдардың резервінен қаражат бөлінген;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 4-тармақ 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) жоғары тұрған бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың тиісті бюджетті іске асыру туралы актілерін қабылдау жолымен өзгертілген;
2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, олардың функциялары өзгертілген жағдайларда жол беріледі. Бұл ретте түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімімен бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, беруді білдіреді;
3) бюджетте бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісі бойынша бекітілген бюджеттік бағдарлама қаражаты бюджеттік бағдарламалардың түрлі әкімшілері арасында Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын тәртіппен бөлінген;