мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының сайлауы күні Мәжілістің партиялық тізім бойынша сайланатын депутаттар сайлауы өткізілетін күнмен дәл келмеуі мүмкін.»;
30) 87-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«87-бап. Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну
1. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы - белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға қатысты Ассамблея Кеңесіне тиесілі.
2. Біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.
Саяси партияның жоғары органының шешімі азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
3. Саяси партиялар партиялық тізімдерді мемлекеттік тілдің әліпбиі ретімен жасайды. Партиялық тізімді саяси партияның өкілі саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бірге бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясына ұсынады. Өкілдің өкілеттіктері тиісті құжаттармен расталуға тиіс.
4. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынуды Ассамблея Кеңесі жүргізеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімі көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамадан үзінді көшірмемен ресімделеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімі азаматтың сайлауға түсуге келісімі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
5. Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлаудан екі ай бұрын басталып, оған қырық күн қалғанда аяқталады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлаудан он бес күн бұрын басталып, оған он күн қалғанда аяқталады.»;
31) 88-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«88-бап. Сайлау жарнасы
1. Партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде Орталық сайлау комиссиясының шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді.
2. Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының жеті және одан да көп процентін алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді.
3. Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының бестен жетіге дейінгі процентін алған саяси партия осы баптың 1-тармағында белгіленген сайлау жарнасы мөлшерінің елу проценті мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының үштен беске дейінгі процентін алған саяси партия осы баптың 1-тармағында белгіленген сайлау жарнасы мөлшерінің жетпіс проценті мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
4. Саяси партия сайлау қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде жеті процентін алған жағдайларда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылмауға тиіс және республикалық бюджет кірісіне алынады.»;
32) 89-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«89-бап. Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу
1. Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді және Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеуді Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
2. Кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзімі басталатын айдың бірінші күніне мемлекет алдындағы салық міндеттемелерінің орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген тәртіппен және нысанда табысы мен мүлкі туралы декларацияны ұсынады.
Саяси партия ұсынған кандидат және оның зайыбы (жұбайы) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыстығын салық қызметі органдары партиялық тізім тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді.
Бұл ретте саяси партия ұсынған кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну жөніндегі салық қызметі органдарының талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талаптар алынған күннен бастап төрт күн ішінде беруге міндетті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидат және оның зайыбы (жұбайы) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыстығын салық қызметі органдары кандидат тіркелген күннен бастап үш күн ішінде тексереді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкі туралы мәліметтер беру жөніндегі салық қызметі органдарының талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талаптар алынған күннен бастап екі күн ішінде беруге міндетті.
3. Партиялық тізімдерді тіркеу мынадай құжаттар болған жағдайда жүргізіледі:
1) Республиканың Әділет министрлігінде саяси партияның тіркелгені туралы құжаттың көшірмесі қоса тіркелген, саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
2) азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтініші;
3) партиялық тізімге енгізілген әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;
4) кандидаттың және оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;
5) саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат;
6) партиялық тізімге енгізілген адамның осы тізімді ұсынған саяси партияға мүшелігін растайтын құжат.
4. Тіркеуге бір саяси партиядан оған саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының отыз процентінен аспайтын адамдар саны енгізілген бір ғана тізім жіберіледі.
5. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеу мынадай құжаттар болған жағдайда жүргізіледі:
1) Ассамблея Кеңесінің кандидаттарды ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
2) азаматтың депутаттыққа кандидат болып сайлауға түсуге келісімі туралы өтініші;
3) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;
4) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы.
6. Орталық сайлау комиссиясы:
1) партиялық тізімдер тіркелгеннен кейінгі оныншы күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партияның атауын және партиялық тізімге енгізілген адамдардың санын, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген әрбір адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын қызметін (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерін көрсете отырып, тіркелгені туралы хабар жариялайды;
2) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттар тіркелгеннен кейінгі үшінші күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан халқы Ассамблеясының атауын, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған адамдардың санын, әрбір ұсынылған адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын қызметін (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерін, сондай-ақ кандидаттардың қалауы бойынша қай ұлтқа жататынын көрсете отырып, тіркелгені туралы хабар жариялайды;
3) тіркеу кезінде кандидаттарға тиісті куәліктер береді;
4) мынадай жағдайларда:
саяси партия партиялық тізімді ұсыну ережелерін бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған;
партиялық тізімді ұсынған саяси партия, ол ұсынған кандидаттар, оның сенім білдірген адамдары сайлау алдындағы үгітті тіркелгенге дейін жүргізген;
тұтас партиялық тізімнің елу процентінен астамын құрайтын адамдар партиялық тізімнен шыққан;
партиялық тізімді ұсынған саяси партияның немесе оның сенім білдірген адамдарының кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған басқа саяси партияның немесе партиялық тізімге енгізілген адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін сот анықтаған;
партиялық тізімді ұсынған саяси партияның немесе оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін сот анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда партиялық тізімді тіркеуден бас тартады немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
Дауыс беретін күнге екі күн қалғанда партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден шығарылған партиялық тізімді қалпына келтіруге жол берілмейді;
5) мынадай жағдайда:
партиялық тізімге енгізілген адам Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеген;
партиялық тізімге енгізілген адамның өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;
партиялық тізімге енгізілген адам сайлау алдындағы үгітті партиялық тізім тіркелгенге дейін жүргізген;
партиялық тізімге енгізілген адамның партиялық тізімді ұсынған саяси партияның кандидатының немесе партиялық тізімге енгізілген басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, олардың іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін сот анықтаған;
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес партиялық тізімге енгізілген адамның және оның зайыбының (жұбайының) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған;
партиялық тізімге енгізілген адамның немесе оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін сот анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды.
Партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешімге партиялық тізімді ұсынған саяси партия не партиялық тізімнен шығарылған адам тиісті сотқа шағым жасауына болады, сот шешімі түпкілікті болып табылады.
Партиялық тізімге енгізілген адамды дауыс беретін күнге екі күн қалғанда шығару туралы шешім қабылдауға жол берілмейді;
6) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидатты мынадай жағдайларда:
адам Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеген;
ол өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі кандидаттарды ұсыну ережелерін бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған;
кандидат, оның сенім білдірген адамдары сайлау алдындағы үгітті тіркелгенге дейін жүргізген;
кандидаттың және (немесе) оның сенім білдірген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін сот анықтаған;
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес декларация берген кезде кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған жағдайда;
кандидаттың немесе оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін сот анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
Дауыс беретін күнге екі күн қалғанда кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден алып тасталған кандидатты қалпына келтіруге жол берілмейді.
7. Партиялық тізімді тіркеуден бас тартуға немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға жеті күн мерзімде Орталық сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасауға болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы немесе сот шағым берілген күннен бастап жеті күн мерзімде шағым бойынша шешім шығарады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидатты тіркеуден бас тартуға немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға екі күн мерзімде Орталық сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасауға болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы немесе сот бір күн ішінде шағым бойынша шешім шығарады.
8. Партиялық тізімдерді тіркеу, егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, сайлаудан екі ай бұрын басталып, оған бір ай қалғанда аяқталады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеу, егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, сайлаудан он күн бұрын басталып, оған бес күн қалғанда аяқталады.»;
33) 90-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«90-бап. Кандидатураны алып тастау, Мәжіліс депутаттығына кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күшін жою
1. Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайларда Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.
2. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.»;
34) 92 және 93-баптар алып тасталсын;
35) мынадай мазмұндағы 93-1-баппен толықтырылсын:
«93-1-бап. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжіліс депутаттарының сайлауы жөніндегі сессиясын өткізу тәртібі
1. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау Республика Президенті шақыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында өткізіледі.
2. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына аумағында сессия өткізілетін, Республика астанасының не республикалық маңызы бар қаланың тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қатысады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі дауыс беруге дейін он күннен кешіктірмей дауыс беру өткізілетін орын туралы Орталық сайлау комиссиясына хабарлайды.
3. Сайлау комиссиясы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өткізілетін үй-жайда Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы бойынша дауыс беруге арналған пункт ұйымдастырады.
4. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжіліс депутаттарының сайлауы жөніндегі сессиясының өткізілгендігін куәландыратын құжат аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылатын сессияның хаттамасы болып табылады.
5. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттарының сайлауы бойынша дауыс беру нәтижелерін жария еткеннен кейін сессия жабылады.»;
36) 94-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«94-бап. Партиялық тізімдер бойынша Мәжіліс депутаттарының сайлауында дауыстарды санау
1. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды, ол дереу тиісті аумақтық сайлау комиссиясына жіберіледі.
2. Партиялық тізімдер бойынша сайлаудың нәтижелері Орталық сайлау комиссиясының отырысында тиісті аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде белгіленеді, олар сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Сайлау нәтижелері туралы хаттама жасалады.
3. Дауыстарды санаудың нәтижесі мен сайлау нәтижесін анықтауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлімінде белгіленген ережелерге сәйкес шешіледі.»;
37) мынадай мазмұндағы 94-1-баппен толықтырылсын:
«94-1-бап. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының сайлауында дауыстарды санау
1. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының сайлауында дауыстарды санау нәтижелері дауыс беруге арналған пунктте өткізілетін тиісті аумақтық сайлау комиссиясының отырысында белгіленеді.
2. Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша Мәжіліс депутаттарының сайлауы жөніндегі дауыстарды санау хаттамасын жасайды, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жария етіледі және сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
3. Дауыстарды санау нәтижесін анықтауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлімінде белгіленген ережелерге сәйкес шешіледі.»;
38) 95 және 96-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«95-бап. Мәжіліс депутаттарының сайлауы кезінде қайта дауыс беру
1. Егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не сайлау нәтижелерін анықтау кезінде осы Конституциялық заңды азаматтардың ерік білдіру нәтижелерін дұрыс анықтауға мүмкіндік бермейтін бұзушылық орын алса, Орталық сайлау комиссиясы тиісті аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы немесе азаматтардың өтініштері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі Мәжіліс депутаттарының сайлауын жарамсыз деп тануы мүмкін. Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте қайта дауыс беруді тағайындайды.
2. Қайта дауыс беру Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мерзімде сол партиялық тізімдер бойынша, сол сайлау учаскелерінде және бастапқы сайлауды өткізу үшін жасалған сол сайлаушылардың тізімдері бойынша өткізіледі. Қайта дауыс беруді өткізу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
96-бап. Мәжіліс депутаттарын қайта сайлау
1. Егер партиялық тізімдер бойынша Мәжіліс депутаттарының сайлауы жарамсыз деп танылған болса, Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарының қайта сайлауын өткізу туралы шешім қабылдайды. Қайта дауыс беру сол сайлау учаскелерінде және бастапқы сайлауды өткізу үшін жасалған сол сайлаушылардың тізімдері бойынша өткізіледі.
2. Егер сайлау жарамсыз деп танылған болса не бастапқы сайлауды өткізу кезінде адам сайланбай қалған жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының қайта сайлауын Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды.
3. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейін екі ай мерзімнен кешіктірілмей немесе Орталық сайлау комиссиясы белгілейтін мерзімде өткізіледі. Қайта сайлау кезінде жүзеге асыру көзделген сайлау іс-шаралары осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен өткізіледі. Бұл ретте сайлау іс-шараларының қысқартылған мерзімдерін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
4. Қайта сайлауды өткізу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.»;
39) 97-баптың 2-тармағы алып тасталсын;
40) 97-1-бапта:
1-тармақтағы «онға — біртұтас жалпыұлттық округтің аумағы бойынша бөлінетін депутаттық мандаттар санына» деген сөздер «бөлінетін депутаттық мандаттар санына» деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін саяси партияның басшы органы осы Конституциялық заңның 89-бабының 4-тармағына сәйкес партиялық тізімге енгізілген кандидаттар арасынан, сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап он күннен кешіктірмей айқындайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде саяси партияның басшы органы алынған депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін айқындамаған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен партия алған депутаттық мандаттарды бөлу мемлекеттік тілдің әліпбилік ретімен тіркелген тізімдерге сай жүзеге асырылады.»;
5-тармақта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда, оның мандаты Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен саяси партияның тізіміне енгізілген кандидаттар арасынан саяси партияның басшы органы осы баптың 4-тармағына сәйкес айқындайтын келесі кандидатқа беріледі.»;
үшінші бөлік алып тасталсын;
төртінші бөліктегі «жоғары» деген сөз «басшы» деген сөзбен ауыстырылсын;
41) 98-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«98-бап. Мәжіліс депутаттарын тіркеу
Орталық сайлау комиссиясы сайланған Мәжіліс депутаттарын тіркейді.»;
42) 100-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Конституциялық Кеңес Конституцияны бұзу анықталған әкімшілік-аумақтық бөліністердің аумағында партиялық тізімдер бойынша Мәжіліс депутаттарының сайлауын Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы бұл әкімшілік-аумақтық бөліністердің аумағындағы сайлауды жарамсыз деп тану және қайта дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды.»;
мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Конституциялық Кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының сайлауын Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы оны жарамсыз деп тану және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының қайта сайлауын өткізу туралы шешім қабылдайды.»;
43) 101-баптың 3-тармағында:
«Сенат шешімінің» деген сөздер «Президент Жарлығының» деген сөздермен ауыстырылсын;
«Сенат шешімінің» деген сөздерден кейін «, мәслихаттың өзін-өзі тарату туралы шешімінің» деген сөздермен толықтырылсын;
44) 104-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Мәслихат депутаттығына кандидат тіркелгенге дейін және оның Конституция мен осы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының шотына депозит ретінде заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Кандидат сайлау қорытындылары бойынша мәслихат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде бес процентін алған жағдайларда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.»;
2-тармақтың 5) тармақшасындағы «анықтамасы болған жағдайда жүргізіледі.» деген сөздер «анықтамасы;» деген сөзбен ауыстырылып, тармақ мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат болған жағдайда жүргізіледі.»;
3-тармақтың 4) тармақшасындағы «анықтамасы болған ретте жүзеге асырылады.» деген сөздер «анықтамасы;» деген сөзбен ауыстырылып, тармақ мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат болған ретте жүзеге асырылады.»;
45) 14-тараудың тақырыбы «Республикасының» деген сөзден кейін «өзге де» деген сөзбен толықтырылсын;
46) 131-бапта:
«Конституциясында көзделген» деген сөздерден кейін «, мәслихаттардан басқа, өзге де» деген сөздермен толықтырылсын;
«күшіне енгеннен» деген сөздер «қолданысқа енгізілгеннен» деген сөздермен ауыстырылсын;
«, бірақ аталмыш заң күшіне енген күннен бастап екі айдан кешіктірмей» деген сөздер алып тасталсын.
2-бап. Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілеттік мерзімі аяқталған соң немесе өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2007 жылғы маусымның 19-ы.
№268-ІІІ ҚРЗ