22-бап. Республика Президентінің өкiмдерi
1. Республика Президентінің өкiмдерi Конституцияның, заңдардың және Президент жарлықтарының негiзiнде және соларды орындау үшiн шығарылады.
2. Республика Президентінің өкiмдерiмен:
1) әкiмшiлiк-өкiмдiк, жедел және жеке сипаттағы мәселелердi шешу жүзеге асырылады;
2) Республика Президентінің құзыретiне сәйкес конституциялық мәртебесi жоқ лауазымды тұлғалар қызметке тағайындалады және босатылады.
23-бап. Республика Президентінің актілерін дайындау және оларды Президенттiң қарауына енгізу
1. Республика Президентi актілерінiң жобаларын дайындауды мыналар жүзеге асырады:
1) Президент Әкiмшiлiгi Басшысының басшылығымен - Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi;
2) Республика Үкіметі;
3) Республика Жоғарғы Соты, Бас Прокуроры;
4) Үкiмет құрамына кiрмейтiн Республиканың орталық атқарушы органдары;
5) Республика Президентi белгiлейтiн өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар.
2. Республика Президентінің қарауына енгiзiлетiн актiлердiң жобалары:
1) қазақ және орыс тiлдерiнде дайындалып, Президенттiң қарауына енгiзiледi;
2) заң техникасы мен iс жүргiзу талаптарына сай келуге тиiс.
3. Президент шығарған актiлердi нөмiрлеу Республика Президентінің өкiлеттiк мерзiмiне жүргiзiледi. Президент актілерінiң түпнұсқалары мен оған қосымша материалдар Президент Әкiмшiлiгiнiң тиiстi құрылымдық бөлiмшесiнде сақталады және заңда белгiленген мерзiм аяқталған соң Республика Президентінің Архивiне жiберiледi.
4. Президент актілерінiң жобаларын дайындаудың заңмен белгiленген тәртібінiң сақталуын және оларды Мемлекет Басшысының қарауына ұсынылуын бақылауды Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы жүзеге асырады.
24-бап. Республика Президентінің актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ олардың күшiн жою тәртібі
1. Өзгертулер мен толықтырулар:
1) Республика Президентінің жарлықтарына Президент жарлықтарымен енгiзiледi;
2) Республика Президентінің өкiмдерiне Республика Президентінің өкiмдерiмен енгiзiледi.
2. Республика Президентi жарлықтарының күшiн жою Республика Президентi жарлықтарымен, Республика Президентi өкiмдерiнiң күшiн жою Республика Президентінің жарлықтарымен және өкiмдерiмен жүргiзiледi.
3. Республика Президентінің бiрдей заң күшi бар актілерінiң арасында алшақтық туындаған жағдайда, егер Республика Президентінің тиiстi актiсiнде өзгеше көзделмесе, кейiнiрек күшiне енген акт басшылыққа алынуға тиiс.
25-бап. Республика Президентінің актілерін күшiне енгізу мен жариялау тәртібі
1. Президенттiк нормативтiк сипаты бар актілері, егер Президент өзгеше белгiлемесе, олардың ресми жарияланған күнiнен бастап он күн өткеннен кейiн Республиканың бүкiл аумағында бiр мезгiлде күшiне енгiзiледi.
2. Нормативтiк сипаты жоқ Президент актілері, егер Президент өзгеше белгiлемесе, оларға қол қойылған сәттен бастап күшiне енедi.
3. Президент актілері Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлер туралы заңымен белгiленген ресми баспа органдарында жарияланады.
4. Президент актілері, сол сияқты өзге де баспа органдарында жариялануы, теледидар, радио арқылы жария етiлуi, телеграф, телефакс арқылы берiлуi, тиiстi мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдар мен олардың лауазымды тұлғаларына таратылуы мүмкiн.
5. Республиканың мемлекеттік құпиялары немесе өзге де заңмен қорғалатын құпиясы баяндалған Президент актілері жариялауға жатпайды. Мұндай актiлердiң тұпнұсқаларында құпиялық белгiсi қойылады және олар белгiленген тәртiппен өздерiнiң күшi қолданылатын органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың назарына жеткiзiледi. Президенттiң аталған актілерінiң мазмұны белгiленген тәртiппен бұқаралық ақпарат құралдарында баяндалуы мүмкiн.
IV тарау
Республика Президентiн қызметiнен мерзiмiнен
бұрын босату, кетiру
26-бап. Республика Президентiн қызметiнен мерзiмiнен бұрын босату, кетiру
1. Президент науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда Конституцияда белгiленген тәртiппен Парламенттiң шешiмi арқылы қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.
2. Президент өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiнде жасаған iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда, яғни соғыс не қарулы қақтығыс кезiнде жау жағына шығып кету, шет мемлекеттiң Республикаға қарсы дұшпандық әрекетiн жүзеге асыруына көмектесу арқылы көрiнген Қазақстан Республикасының сыртқы қауiпсiздiгi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiру немесе әлсiрету мақсатында әдейi жасаған жағдайда, жауап бередi және бұл үшiн Конституцияда белгiленген тәртiппен Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн.
3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Парламенттiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезеңде қозғалмайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 27-бап жаңа редакцияда
27-бап. Қазақстан Республикасының Президентi өкiлеттiгiнiң ауысуы
1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына ауысады; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған жағдайда ол Парламент Мәжілісiнiң Төрағасына ауысады; Мәжіліс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған жағдайда ол Республиканың Премьер-Министрiне ауысады. Өзiне Республика Президентінің өкiлеттiгiн қабылдаған адам тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының немесе Премьер-Министрдің өкiлеттiгiн доғарады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өзiне Қазақстан Республикасы Президентінің өкiлеттiгiн қабылдаған адамның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларға бастамашы болуға құқығы жоқ.
V тарау
Қазақстан Республикасы Президентінің қызметiн
қамтамасыз ету
28-бап. Республика Президентінің қызметiн мемлекеттік қамтамасыз ету
Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiн қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және күзету республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.
29-бап. Республика Президентінің жалақысы және еңбек демалысы
1. Республика Президентінің жалақысы заңдарда белгiленген тәртiппен анықталады.
2. Республика Президентiне жыл сайын қырық бес күнтiзбелiк күн мерзiмiне ақылы еңбек демалысы берiледi.
ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 30-бап толықтырылды
30-бап. Республика Президентiн қамтамасыз ету
1. Республика Президентi қызметiнде болған кезеңге осы қызметке сайланған тұлға Республика аумағында резиденциялармен, Республика астанасында қызмет пәтерiмен және мемлекеттік саяжаймен қамтамасыз етiледi.
2. Республика Президентi арнайы мақсаттағы автокөлiкпен, арнайы жабдықталған ұшақтармен және тiкұшақтармен, сондай-ақ арнайы жабдықталған көлiк құралдарының өзге де түрлерiмен қамтамасыз етiледi.
3. Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiне тұрғын үй және көлiк қызметiн көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентінің Iс Басқармасы, сондай-ақ өздерiнiң құзыретiне сәйкес Республика Президентінің Күзет қызметi және Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қамтамасыз етедi.
4. Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiне медициналық, санаторий-курорттық қызмет көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентінің Iс Басқармасы қамтамасыз етедi.
5. Арнайы байланыс құралдарымен қамтамасыз етудi Республика Президентінің Күзет қызметi жүзеге асырады.
5-1. Республика Президентi қызметiнiң бүкiл кезеңiне Республика Президентінің жеке кiтапханасы мен жеке мұрағаты құрылады және қалыптастырылады.
31-бап. Республика Президентiн күзету
1. Республика Президентiн күзету Республика Президентінің Күзет қызметiне жүктеледi.
2. Республика Президентінің зайыбы (жұбайы) және Президентпен бiрге тұратын басқа да отбасы мүшелерi күзетiлуге тиiс.
32-бап. Республика Президентінің Әкiмшiлiгi
Республика Президентінің Әкiмшiлiгi мемлекеттік орган болып табылады, оған мыналар жүктеледi:
1) Республика Президентінің қызметiн қамтамасыз ету;
2) Республика Президентiн елдегi iстiң жайы туралы уақтылы әрi толық хабардар етiп отыру;
3) Республика Президентінің шешiмдерiн сөзсiз және тыңғылықты орындау және олардың орындалуын бақылау;
4) Мемлекет Басшысы белгiлейтiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
33-бап. Республика Президентi жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдар, мекемелер мен ұйымдар
1. Республика Президентінің конституциялық өкiлеттiктерiн жүзеге асыру және оның қызметiн қамтамасыз ету мақсатында Қауiпсiздiк Кеңесi, Жоғары Сот Кеңесiнiң және өзге де консультативтiк-кеңесшi органдар, сондай-ақ Республика Президентінің жанынан мекемелер мен ұйымдар құрылады.
2. Республика Президентi:
1) Қауiпсiздiк Кеңесiнiң, Жоғары Сот Кеңесiнiң және өзге консультативтiк-кеңесшi органдардың құрамын белгiлейдi, сондай-ақ Республика Президентi жанынан мекемелер мен ұйымдар құрады;
2) Республика Президентінің жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың, мекемелер мен ұйымдардың басшы лауазымды тұлғаларын тағайындайды; Жоғары Сот Кеңесiнiң мәртебесiн, құрылу тәртібі мен жұмысын ұйымдастыруды анықтайтын Конституцияда және заңда тiзбесi белгiленген адамдарды Жоғары Сот Кеңесiнiң құрамына тағайындайды;
3) Жоғары Сот Кеңесiнен басқа Қауiпсiздiк Кеңесi және Республика Президентi жанындағы өзге де консультативтiк-кеңесшi органдар, мекемелер мен ұйымдар туралы ережелердi бекiтедi;
4) тоқсан сайын Қауiпсiздiк Кеңесi Хатшысының және өзге консультативтiк-кеңесшi органдардың басшы лауазымды тұлғаларының осы органдардың жұмысы туралы есептерiн тыңдайды.
3. Республика Президентi жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдар аппараттарының қызметкерлерi Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерi болып табылады.
VI тарау
Қазақстан Республикасының бұрынғы Президенттерi
34-бап. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң мәртебесi
1. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.
2. Республиканың экс-Президенттерi құқығы жөнiнде өмiр бойы Республика Конституциялық Кеңесiнiң мүшелерi болып табылады.
3. Республиканың экс-Президентi Республика Парламентi Палаталарының бiрлескен отырыстарына, Республика Президентінің қызметке кiрiсуiне, Республиканың мемлекеттік мерекелерiне арналған салтанатты мәжілістерге және мемлекет өткiзетiн өзге де iс-шараларға қатысуға хақылы.
4. Республиканың экс-Президентiне, оның абырой мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды. Республика экс-Президентінің абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғушылық заң бойынша қудаланады.
ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 35-бап өзгертілді
35-бап. Республиканың экс-Президенттерiн қамтамасыз ету
1. Республиканың экс-Президентiн қамтамасыз ету, оған қызмет көрсету және оны күзету мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
2. Республиканың экс-Президентiне өмiр бойы:
1) Республика Президентінің шешiмiмен Республика Президентi лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындалады. Бұл ретте Республика экс-Президентінің осы Конституциялық заңның шарттарымен белгiленген зейнетақысы Республика Президентінің лауазымдық жалақысының өсуi ескерiлiп, арттырылып отырады;
2) қажеттi қызмет көрсетiлетiн пәтер мен мемлекеттік саяжай, жеке күзет, жүргiзушiсiмен дербес автомобиль берiлiп, ел iшiнде тегiн жүрiп-тұру, тегiн медициналық, санаторий-курорттық емдеу қызметi көрсетiледi;
2-1. Қазақстан Республикасы Президентінің жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материалдары Республика Президенті ретіндегі қызметтік жұмысы аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Экс-Президентінің меншігінде болады.
36-бап. Республика экс-Президенттерi құқықтарының кепiлдiктерi
Республиканың экс-Президентi, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайларды қоспағанда, өзiнiң Республика Президентi өкiлеттiгiн атқаруымен байланысты iс-әрекетi үшiн жауап бермейдi.
VII тарау
Қорытынды ережелер
37-бап. Өзге заң актілерінiң Республика Президентінің қызметiн қамтамасыз ету жөніндегі қолданылуы
Республика Президентiне мемлекеттік қызмет, еңбек және зейнетақы туралы заңдардың нормалары қолданылмайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 38-бап өзгертілді
38-бап. Осы Жарлықтың күшiне ену тәртібі
Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының