Білім туралы 1999 ж. 7 маусымдағы № 389-1
Қазақстан Республикасының Заңы
(2007.15.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2007 ж. 22 мамырдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы: 2007.12.01. № 222-III ҚР Заңын қара (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 8 баптар)
2-тарау. Білім беру ұйымдары (9 - 17 баптар)
3-тарау. Білім беру бағдарламалары мен білім деңгейлері (18 - 27 баптар)
4-тарау. Білім беру жүйесін басқару (28 - 35 баптар)
5-тарау. Білім беру процесі субъектілерінің құқықтары (36 - 42 баптар)
мен міндеттері, әлеуметтік кепілдіктері
6-тарау. Білім беру экономикасы (43 - 45 баптар)
7-тарау. Білім беру саласындағы халықаралық қызмет (46 - 48 баптар)
8-тарау. Білім беру саласындағы заңдарды бұзғаны үшін (49 бап)
жауапкершілік
9-тарау. Өтпелі ережелер (50 бап)
Осы Заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы аядағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін белгілейді және Қазақстан Республикасы азаматтарының білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
11.06.01 ж. № 207-II; 09.07.04 ж. № 597-II (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара); 2006.04.07. № 150-III (бұр. ред. қара); 2007.15.05. № 253-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 1-бап өзгертілді
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адъюнктура - әскери оқу орындарында біліктілігі жоғары ғылымипедагог кадрлар даярлау нысаны;
2) академия - жоғары кәсіптік білім мен жоғары оқу орнынан кейін кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын; өндірістік, ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметтің белгілі бір саласы үшін жоғары кәсіптік білімі бар мамандар даярлауды, қайта даярлауды және (немесе) олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын; ғылымның немесе мәдениеттің көбінесе бір саласында ғылыми зерттеулерді орындайтын жоғары оқу орны;
2-1) білім беру ұйымдарын аккредитациялау - кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк жоғары білім берудiң білiм бағдарламаларын iске асыратын ұйымдардың мәртебесiн білім бағдарламаларының тiзбесiн белгiлей отырып, олардың үлгiсi (жоғары оқу орны) мен түрiне қарай (институт, академия, университет) мемлекеттiң тануы (кезектi мерзiмге растауы). Бұл ұйымдардың бiтiрушiлерге аталған бағдарламалар бойынша білім туралы мемлекеттік үлгiдегi құжаттар беруге құқығы бар;
3) аспирантура, докторантура - оқу орындары мен ғылыми мекемелерде білiктілігi жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны;
3-1) ассистентура-тағылымдама - өнер оқу орындарында жоғары біліктi ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны;
4) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау - тиiстi білім беру деңгейiнде олар көрсететiн білiм беру қызметiнiң мемлекеттік жалпы мiндеттi стандарт талаптарына сәйкестiгiн бақылау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм;
4-1) педагогикалық қызметкерлердi аттестаттау - педагогикалық қызметкердiң біліктілік деңгейiнiң біліктілік талаптарына сәйкестiгiн анықтау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм;
5) бакалавр, магистр - жоғары кәсiптiк білімнiң тиiстi білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдарға берiлетiн академиялық дәреже;
6) гимназия - негiзгi және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын iске асыратын, оқушыларды олардың бейiмдiлiгi мен қабiлетiне сәйкес тереңдетiп, салаға бөлiп, саралап оқытуды көздейтiн, жалпы орта білім беретiн оқу орны;
6-1) мемлекеттік атаулы стипендия - Қазақстан Республикасының Президентi және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын стипендия;
7) мемлекеттік білім беру тапсырысы - мемлекеттік бюджет есебiнен қаржыландыру; кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орындарынан кейiн кәсiптiк білім беру ұйымдарының білім беру қызметiн сатып алу; конкурстық негiзде мемлекеттік білім беру гранттары мен кредиттерiн беру арқылы iске асырылатын, тиiстi мемлекеттік органдар белгiлейтiн біліктi жұмысшылар мен мамандар даярлау жоспары;
8) мемлекеттік білім беру кәсiпорны - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Ұлттық Банкi не жергiлiктi атқарушы орган құратын ұйым;
9) мемлекеттік білім беру мекемесi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылатын білім беру мекемесi;
10) девианттық мiнез-құлық - балалар мен жасөспiрiмдердiң әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды үнемi жасауы, оқудан, жұмыстан қасақана жалтаруы, отбасынан немесе балаларды оқыту-тәрбиелеу ұйымдарынан үнемi кетiп қалуы, сондай-ақ олардың қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын қылмыс белгiлерi бар, қоғамға қауiптi әрекеттер жасауы;
11) дистанциялық оқыту (алыстан білім беру) - оқыту нысандарының бірi, электрондық және телекоммуникациялық құралдар арқылы білім беру ұйымдарынан алыста орналасқан адамдардың оқу-танымдық қызметi мен дамуына нысаналы және әдiстемелi түрде ұйымдастырылған басшылық жасау;
12) қосымша білім беру - азаматтардың, қоғам мен мемлекеттiң білімге деген қажеттерiн жан-жақты қанағаттандыру мақсатымен барлық деңгейдегi қосымша білім беру бағдарламаларының негiзiнде жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту процесi;
13) доцент, профессор:
тиiстi жоғары оқу орны беретiн академиялық атақ;
жоғары оқу орнының немесе ғылыми-зерттеу ұйымының өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік аттестаттау органы беретiн ғылыми атақ;
14) рухани (дiни) білім беру ұйымдары - дiн қызметкерлерiн даярлаудың кәсiптiк білім беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орындары;
14-1) бірыңғай ұлттық тестiлеу - кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары білім беру ұйымдарына қабылдау емтихандарымен бірiктiрiлген жалпы орта білім беретiн оқу орындарында жоғары сатыда білім алушыларды қорытынды мемлекеттік аттестаттау нысандарының бірi;
15) жеке педагогикалық қызмет - жеке нысанда білім беру қызметiн көрсетуге бағытталған қызмет;
16) институт - кәсiптiк жоғары білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын және қолданбалы сипаттағы ғылыми зерттеулердi жүзеге асыратын жоғары оқу орны;
17) интернаттық ұйымдар - белгiлi бір санаттағы азаматтардың жатын орын берiле отырып, білім алу құқығына мемлекеттік кепiлдiктi қамтамасыз ететiн орта білім беру жүйесiнiң ұйымдары;
18) интернатура - медициналық жоғары оқу орындарының студенттерiн нақты мамандық бойынша бір жылдық даярлау нысаны;
19) білім алушыларды қорытынды мемлекеттік аттестаттау - олардың тиiстi білім деңгейiнiң мемлекеттік жалпы мiндеттi стандартын меңгеру дәрежесiн анықтау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм;
19-1) атаулы стипендия - тиiстi білім беру бағдарламаларын ойдағыдай меңгерген, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын, оқу орнының қоғамдық, мәдени және спорттық өмiрiне белсене қатысатын неғұрлым қабiлеттi білім алушыларды көтермелеу үшiн жеке немесе заңды тұлғалар тағайындайтын стипендия;
20) біліктілік - бiтiрушiнiң білімi туралы құжатында көрсетiлген кәсiптiк қызметтi орындауға немесе білімiн жалғастыруға деген кәсiби даярлығының түрi мен дәрежесi;
20-1) қабылдау квотасы - I, II топтағы мүгедектер, бала кезiнен мүгедектер, мүгедек балалар, ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар мен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды, сондай-ақ жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары білім беретiн білім беру ұйымдарына қабылдау үшiн бөлiнетiн білім беру гранттары мен кредиттерiнiң шектi саны;
21) колледж - орта кәсiптiк білімi бар мамандар даярлаудың білім беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орны;
21-1) кешендi тестiлеу - ақпараттық технологияларды қолдану арқылы бірнеше оқу пәндерi бойынша бір мезгiлде өткiзiлетiн емтихан нысаны;
22) лицей - негiзгi және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын iске асыратын, оқушыларды кәсiби бағдарлап оқытуды жүзеге асыратын жалпы орта білім беретiн оқу орны;
23) шағын жинақталған мектеп - сынып-жинақтамалары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзiндiк нысаны бар, оқушылар саны шағын жалпы білім беретiн мектеп;
23-1) "Болашақ" халықаралық стипендиясы - Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелдік жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқыту үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендия;
24) білім туралы құжаттарды нострификациялау - басқа мемлекеттерде, халықаралық немесе Қазақстан Республикасында құрылған шетелдiк оқу орындарында (олардың филиалдарында) білім алған азаматтарға берiлген құжаттардың баламалылығын анықтау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм;
25) білім беру - қоғам мүшелерiнiң адамгершiлiк, интеллектуалдық, мәдени және дене дамуы мен кәсiби біліктілігінiң жоғары деңгейiне қол жеткізудi мақсат ететiн үздiксiз тәрбиелеу мен оқыту процесi;
26) бiлім беру гранты - білім алушыларға кәсiптiк білімге төлеу үшiн тегiн берiлетiн нысаналы ақша сомасы;
27) білім беру кредитi - білім алушыларға кәсiптiк білім алуға төлеу үшiн берiлетiн нысаналы кредит;
27-1) білім беру мониторингi - білім беру процестерiн жүзеге асырудың нәтижелерi мен шарттарының, білім алушылар контингентiнiң, білім беру ұйымдары желісінiң жай-күйiн және өзгерістер серпiнiн жүйелi түрде байқау, талдау, бағалау және болжау;
28) жалпы білім беретiн мектеп - негiзгi және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын iске асыратын, әрқайсысы дербес жұмыс iстей алатын үш сатыдан: бастауыш, негiзгi және жоғары сатылардан тұратын жалпы орта білім беретiн оқу орны;
28-1) білім алушыларды аралық аттестаттау - бір оқу пәнiнiң оны бiтiргеннен кейiнгi бір бөлiгiнiң немесе бүкiл көлемiнiң мазмұнын меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргiзiлетiн рәсiм;
28-2) аралық мемлекеттік бақылау - білім сапасын білім беру ұйымдарына тәуелсiз бақылаудың бір түрi;
28-3) тексеру - білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын сақтауын анықтау мақсатында жасалатын бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті органның іс-әрекеті;
29) кәсiптiк мектеп - жалпы орта, кәсiптiк бастауыш білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын және еңбек қызметiнiң түрлi бағыттары бойынша біліктi еңбек қызметкерлерiн даярлауды қамтамасыз ететiн орта оқу орны;
30) кәсiптік лицей - жалпы орта, бастауыш кәсiптiк білімнiң бiлім беру бағдарламаларын iске асыратын және біліктілігi жоғары деңгейдегi жұмысшы кадрларын даярлауды жүзеге асыратын орта оқу орны;
31) кәсiп - адамның білімi туралы тиiстi құжаттармен расталған кәсiбiнiң, еңбек қызметiнiң негiзгi түрi;
32) клиникалық ординатура - жоғары оқу орнынан кейiн тереңдетiлген медициналық білім алу нысаны;
33) мамандық - білімi туралы тиiстi құжаттармен расталған белгілi бір қызмет түрi үшiн қажеттi, мақсатқа сай даярлау және жұмыс тәжiрибесi арқылы алынған білім, шеберлiк және дағдылар кешенi;
34) стипендия - білім алушыларға олардың тамағына, тұруына және оқу әдебиетiн сатып алуына жұмсалатын шығындарды iшiнара өтеу үшiн берiлетiн ақша сомасы;
35) студенттiк кредит - білім алушыларға тамағына, тұруына және оқу әдебиетiн сатып алуына жұмсалатын шығындарды iшiнара өтеуге берiлетiн нысаналы кредит;
36) университет - мамандықтардың кең ауқымы бойынша жоғары кәсiптiк және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын; жоғары кәсiптiк білімi бар мамандарды, ғылыми және ғылыми-педагог қызметкерлердi қайта даярлауды және (немесе) олардың біліктілігiн арттыруды жүзеге асыратын; iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргiзетiн; өзiнiң қызмет саласында жетекшi ғылыми және әдiстемелiк орталық болып табылатын көп салалы жоғары оқу орны;
37) оқу бағдарламасы - әрбір оқу пәнi бойынша меңгерiлуге тиiстi білімнiң, шеберлiк пен дағдылардың мазмұны мен көлемiн айқындайтын құжат;
38) оқу жоспары - тиiстi білім беру деңгейіндегі оқу пәндерiнiң тiзбесi мен көлемiн, оларды зерделеу тәртібі мен бақылау нысандарын регламенттейтiн негiзгi құжат;
39) білім беру ұйымының филиалы - білім беру ұйымының одан тыс жерде орналасқан және білім беру бағдарламаларын осы Заңда белгiленген шекте iс жүзiне асыратын құрылымдық бөлiмшесi;
39-1) штаттағы оқытушы - білім беру ұйымының штат кестесiнде көзделген қызметтi атқаратын және еңбек шартының негiзiнде лауазымдық мiндеттерiн орындайтын оқытушы;
40) экстернат - білім алушы сабаққа үнемi қатыспай-ақ білім беру бағдарламасына сәйкес оқу пәндерiн өз бетiнше оқитын оқыту нысандарының бірi;
40-1) мектеп-гимназия (мектеп-лицей) - гимназияның жалпы білім беру бағдарламаларын - гимназия сыныптарында; лицейдiң жалпы білім беру бағдарламаларын лицей сыныптарында iске асыратын жалпы білім беретiн орта оқу орны;
41) элитарлық білім - ерекше дарынды азаматтар үшiн мамандандырылған білім беру ұйымдарында iске асырылатын білiм беру бағдарламалары бойынша алынатын білім.
41-1) эксперименттiк алаң - жаңа педагогикалық технологиялар мен білім беру бағдарламаларын мақұлдаудан өткізуге арналған эксперимент режимiнде білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымы.
09.07.04 ж. № 597-II ҚР Заңымен 2-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
2-бап. Қазақстан Республикасының білiм беру саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптерi
1. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының білім алу құқықтарының теңдiгi;
2) әрбір азаматтың интеллектуалдық дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшелiктерi ескерiле отырып, халықтың барлық деңгейдегi білімге қол жеткізуi;
3) білім берудiң зайырлы сипаты;
4) жеке адамның білімдiлiгiн ынталандыру және дарындылығын дамыту;
5) білім беру сатыларының сабақтастығын қамтамасыз ететiн білім беру процесiнiң үздiксiздiгi;оқу мен тәрбиенiң бірлiгi;
6) білім беру ұйымдарының меншiк нысандары бойынша, оқу мен тәрбиенiң нысандары, білім беру бағыттары бойынша алуан түрлi болуы;
7) білім берудi басқарудың демократиялық сипаты және білім беру ұйымдарының академиялық бостандықтары мен өкiлеттiгiн кеңейту;
8) білім берудiң iзгiлiктi және дамытушы сипаты;
9) білімнiң, ғылымның және өндiрiстiң интеграциялануы;
10) оқушыларды кәсiптiк бағдарлау;
11) білім беру жүйесiн ақпараттандыру.
2. Бiлім беру ұйымдарында саяси партиялар мен дiни ұйымдардың (бірлестіктердiң) ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметiне жол берiлмейдi.
09.07.04 ж. № 597-II ҚР Заңымен 4-бап толықтырылды (бұр. ред. қара)
4-бап. Азаматтардың білім беру саласындағы құқықтарының мемлекеттік кепiлдiктерi
1. Азаматтардың білім алу құқығын мемлекет Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес білім беру жүйесiн дамыту және білім алу үшiн тиiстi әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар жасау арқылы қамтамасыз етедi.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына тегiн жалпы орта білім мен кәсiптiк бастауыш білім алуға және егер азамат осы деңгейлердiң (олардың сатыларының) әрқайсысында бірiншi рет білім алатын болса, конкурстық негiзде мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес білім беру ұйымдарында мемлекеттік жалпы мiндеттi стандарттар шегiнде тегiн кәсiптiк орта білім мен кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білім алуға кепiлдiк бередi. Білім алушыларға білімнiң тегiн берiлуi мемлекеттік білім беру ұйымдарын ұстауды бюджеттен қаржыландыру, білім беру ұйымдарының білім беру қызметiн сатып алуды бюджеттен төлеу, не мемлекеттік білім беру гранттарын беру арқылы iске асырылады.
3. Кәсiптiк білім алу үшін конкурстық негiзде берiлетiн мемлекеттік білім беру кредитi мен мемлекеттік студенттiк кредиттi қамтитын мемлекеттік білім беру кредитiнiң жүйесi де құрылады.
Конкурс шарттары мемлекеттік білім беру гранттары мен кредиттердi тиiстi деңгейдегi білім беру бағдарламаларын меңгеруге мейлiнше қабiлеттi және даярлығы бар азаматтардың алуына кепiлдiк беруге тиiс.
Мемлекеттік емес білім беру кредитiн дамытуды мемлекет салық салу жөнiнен жеңiлдiктер беру арқылы ынталандырады.
4. 2004.20.12 № 13-III Заңымен алып тасталды
(бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
5. Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың білім алуы кезеңiнде оларды ұстау шығындарын толық немесе iшiнара көтередi.
Әлеуметтiк көмек көрсетiлетiн азаматтардың санатына:
жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар, мүгедектер және бала кезiнен мүгедектер, мүгедек балалар;
көп балалы отбасыларының балалары;
азаматтардың заңмен айқындалатын өзге де санаттары жатады.
Әлеуметтiк көмектiң мөлшерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
6. Денсаулық жағдайына қарай ұзақ уақыт бойы жалпы білім беретiн мектепке бара алмайтын азаматтар үшiн үйде немесе емдеу ұйымдарында жеке тегiн оқыту ұйымдастырылады.
7. Мемлекет даму мүмкiндiктерi шектеулi азаматтардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуiне және әлеуметтiк бейiмделуiне жағдай жасауды қамтамасыз етедi.
8. Мемлекет тұрғындар саны аз елдi мекендерде тұратын балалардың орта білім алу құқығын қамтамасыз ету үшiн шағын жинақталған мектептер мен интернаттық ұйымдардың жұмыс iстеуiне кепiлдiк бередi.
9. Мемлекет ерекше дарынды азаматтардың элитарлық білім, оның iшiнде шетелде білім алуына қажеттi жағдай жасайды.
5-бап. Оқыту және тәрбиелеу тілі
1. Білім беру ұйымдарындағы тiл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Меншiк нысандарына қарамастан, барлық оқу орындары әрбір білім деңгейi үшiн мемлекеттік жалпы мiндеттi стандартқа сәйкес мемлекеттік тiл ретiнде қазақ тілін бiлу мен дамытуды, сондай-ақ орыс тілін және бір шетел тілін оқып-үйренудi қамтамасыз етуге тиiс.
3. Ұлттық топтар үшiн олардың ана тілдерiн оқып-үйренуiне жағдай жасалады, ал олар жинақы тұратын жерлерде өз тілдерiнде оқытатын білім беру ұйымдары немесе бөлiмшелерi (сыныптар, топтар және басқалар) құрылуы мүмкiн.
09.07.04 ж. № 597-II ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
6-бап. Білім берудiң мемлекеттік жалпы мiндеттi стандарттары
1. Қазақстан Республикасында әрбір білім беру деңгейi бойынша:
білімнiң мазмұнына;
оқып және тәрбиеленiп жатқандардың оқу жүктемесiнiң ең көп көлемiне;
білім алушылардың даярлық қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын білім берудiң мемлекеттік жалпыға бірдей стандарттары белгiленедi..
2. Тиiстi білім беру деңгейлерiнiң мемлекеттік жалпы мiндеттi стандарттары меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан барлық білім беру ұйымдары үшiн мiндетті.
3. 2004.20.12 № 13-III Заңымен алып тасталды
(бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
7-бап. Білім беру жүйесi
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесi өзара iс-қимыл жасайтын:
1) меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан білім беру ұйымдарының;
2) білім берудiң түрлi деңгейлерiне арналған сабақтас білім беру бағдарламалары мен білім берудiң мемлекеттік жалпы мiндеттi стандарттарының;
3) білім беру бағдарламаларының iске асырылуы мен білім беру жүйесiнiң дамытылуын қамтамасыз ететiн білім берудi басқару органдары мен оларға қарасты ұйымдардың жиынтығы болып табылады.
8-бап. Білім беру жүйесiнiң мiндеттерi
1. Білім беру жүйесiнiң басты мiндетi - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетiстiктерi негiзiнде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсiби шыңдауға бағытталған білім алу үшiн қажеттi жағдайлар жасау.
2. Білім беру жүйесiнiң басым мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) білім беру бағдарламаларын меңгеру үшiн жағдайлар жасау;
2) жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершiлiк пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн қалыптастыру, жеке басының дамуы үшiн жағдай жасау арқылы интеллектiн байыту;
3) азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйiспеншiлiкке, мемлекеттік рәмiздердi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көрiнiстерге төзбеуге тәрбиелеу;
4) республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне қатысу қажеттiгiн, жеке адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы көзқарасын қалыптастыру;
5) әлемдiк және отандық мәдениеттiң жетiстiктерiне баурау, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу, мемлекеттік тiлдi, орыс, шетел тiлдерiн меңгеру;
6) білім беру ұйымдарының еркiндiгiн, дербестiгiн кеңейту, білім беру iсiн басқаруды демократияландыру және орталықсыздандыру;
7) оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім берудi ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желiлерге шығу;
8) еңбек рыногында бәсекелесуге қабiлеттi біліктi жұмысшылар мен мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және біліктілігiн арттыру;
9) жұмыстан босатылған қызметкерлердi және жұмыспен қамтылмаған халықты қайта оқыту және қайта даярлау;
10) алуан түрлi және көп қызметтi білім беру ұйымдарының тиiмдi дамуына жәрдемдесу.
2-тарау. Білім беру ұйымдары
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II Заңымен 9-бап өзгертілді; 09.07.04 ж. № 597-II ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
9-бап. Білім беру ұйымдары
1. Бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын iске асыратын және (немесе) білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң күтiмi мен тәрбие алуын қамтамасыз ететiн заңды тұлғалар білім беру ұйымдары болып табылады.
Білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.
Білім беру ұйымдарының қызметi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн тиiстi үлгiдегi Білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлiк ережелерiмен және солардың негiзiнде әзiрленген жарғылармен реттеледi.
2. Білім беру ұйымының білім беру қызметiн жүргiзу құқығы лицензия алған кезден бастап туындайды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ол қайтарып алынған немесе жарамсыз деп танылған сәттен бастап тоқтатылады.
3. Білім беру ұйымының мәртебесiн (үлгiсiн, түрiн) оның құрылтайшылары айқындайды және осы Заңның талаптары, білім беру қызметiн лицензиялау кезіндегі біліктілік талаптары, тиiстi үлгiдегi Білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережелерi ескерiле отырып, оның жарғыларында көрсетiледi.
Білім беру ұйымдарының мәртебесiн растау немесе өзгерту мемлекеттік аттестаттау қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
4. Білім беру ұйымдары:
1) мемлекеттік (білім беру мекемелерi және білім беру кәсiпорындары);
2) жеке меншiк болуы мүмкiн.
5. Білім беру ұйымдары:
1) мектепке дейiнгi, мектептен тыс, арнаулы және жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар;
2) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, жоғары кәсiптiк, жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк және қосымша кәсiптiк білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орындары болып бөлiнедi.
Білім беру ұйымдары түрлерiнiң номенклатурасын Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi.
6. 2004.20.12 № 13-III Заңымен алып тасталды
(бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
10-бап. Білім беру ұйымының жарғысы
1. Білім беру ұйымының жарғысында мыналар белгіленуге тиiс:
1) атауы, орналасқан жерi (заңды мекен-жайы);
2) құрылтайшылары;
3) білім беру ұйымының ұйымдық-құқықтық нысаны, үлгiсi мен түрi;
4) білім беру ұйымының мiндетi мен қызметi;
5) білім беру процесiнiң мақсаты, iске асырылатын білім беру бағдарламаларының тiзбесi;
6) білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібі;
7) білім беру процесiн ұйымдастыру (оның iшiнде оқыту және тәрбиелеу тілі (тiлдерi), білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң сабақ режимi);
8) білімдi ағымдағы бақылау, білім алушыларды аралық аттестаттау жүйесi, оларды өткізудiң нысандары мен тәртібі;
9) ақылы білім беру қызметiн көрсетудiң тiзбесi мен тәртібі;
10) білім беру ұйымдары мен білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң және (немесе) олардың ата-аналарының және өзге де заңды өкiлдерiнiң қатынастарын регламенттеу мен ресiмдеу;
11) білім беру ұйымдарына құрылтайшы бекітіп берген меншiк объектiлерiнiң пайдаланылу тәртібі;
12) білім беру ұйымының өз қызмет процесiнде сатып алған меншiгiн қалыптастыру тәртібі;
13) білім беру ұйымын қаржыландыру көздерi, олардың қызметiн материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету;