1) жергiліктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша қоғамдық көлiкте (таксиден басқа) жеңiлдiкпен жүруге;
2) оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырылудан кейiнге қалдырылуға құқығы бар.
4-1. Медициналық айғақтар бойынша және өзге де ерекше жағдайларда білім алушыға Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген мерзiмге және тәртiппен академиялық демалыс берiлуi мүмкiн.
5. Білім беру ұйымдарында негiзгi жұмысынан қол үзбей (сырттай, кешкi және дистанциялық оқу нысандары бойынша) оқитын азаматтарға, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарында көзделген реттердi қоспағанда, жұмыс берушiлер жалақысын сақтап және сақтамай ақы төленетiн және ақы төленбейтiн қосымша демалыстар, жұмыстан бос күндер беруi де мүмкiн.
6. Меншiк нысандарына қарамастан, білім беру ұйымдарын бiтiрушiлердiң келесi деңгейдегi білім беру ұйымына түсу кезiнде және жұмысқа орналасу кезiнде құқықтары тең болады.
7. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртiппен мемлекеттік стипендиялар төленедi.
Мемлекеттік атаулы стипендия жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң мейлiнше дарынды аспиранттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының күндiзгi оқу нысаны бойынша білім алушы студенттерiне жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми кеңестерiнiң шешiмдерi негiзiнде төленедi.
Жеке және заңды тұлғалар белгiлейтiн атаулы стипендиялар кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары білім беру ұйымдарында оқытудың күндiзгi нысанында білім алушыларға тағайындалады.
Атаулы стипендиялардың мөлшерiн және оларды төлеу тәртібін оларды тағайындаған органдар мен тұлғалар айқындайды.
8. Мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес оқуға қабылданған білім алушылар мен тәрбиеленушiлердi білім беру ұйымдары өздерi белгiлеген тәртiппен жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етедi.
9. Білім алушылар мен тәрбиеленушiлердi оқу процесiнен алаңдатуға жол берiлмейдi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
10. Мемлекет жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшiн балалар үйлерiн, интернаттық ұйымдар, сондай-ақ отбасылық үлгiсіндегі балалар үйлерiн және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының шешiмi бойынша құрылатын отбасы үлгiсіндегі балалар ауылдарын, Жасөспiрiмдер үйлерiн құруды және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi.
Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар балалар үйлерi мен интернаттық ұйымдарда тәрбиеленедi, оларды мемлекет толық қамтамасыз етiп отырады.
11. Білім алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да жеңiлдiктер берiледi.
12. Білім алушылар мен тәрбиеленушiлер мемлекеттік жалпы мiндетті білім беру стандарттары көлемiнде білімдi, шеберлiк пен практикалық дағдыларды меңгеруге, iшкi тәртiп ережелерiн сақтауға, білім беру ұйымының жарғысында көзделген басқа да талаптарды орындауға мiндеттi.
13. Білім алушылар мен тәрбиеленушiлер өздерiнiң денсаулығы үшін қам жеуге, рухани және дене бiтiмiн өздiгiнен жетiлдiруге ұмтылуға мiндеттi.
14. Білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң мiндеттерiн бұзғаны үшiн оларға білім беру ұйымының жарғысында, не шартта (келісім-шартта) көзделген тәртiптiк ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкiн.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 37-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
37-бап. Білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң денсаулығын сақтау
1. Білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесi білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң денсаулық жағдайын ескере отырып жүзеге асырылады. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң ауыруына жол бермеу, денсаулығын нығайту, дене бiтiмiн жетілдiру, салауатты өмiр салтын ынталандыру жөніндегі қажеттi шаралардың орындалуы қамтамасыз етiледi.
2. Білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң оқу жүктемесi, сабақ режимi мемлекеттік жалпы мiндеттi стандарттар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсыныстары негiзiнде әзiрленген білім беру ұйымдары бекiтетiн ережелермен айқындалады.
3. Денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң денсаулығына үнемi бақылау жасауды, оларға медициналық қызмет көрсетудi жүзеге асырады. Білім беру ұйымдары медициналық пункттерге орындар бередi.
4. Мектепке дейiнгi және орта білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жыл сайын тегiн медициналық тексеруден өтiп тұруға мiндетті.
5. Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесi білім алушылар мен тәрбиеленушiлердiң тамақтануы мен белсендi демалысы үшiн ұзақтығы жеткiлiктi үзiлiс жасалуын көздеуге тиiс.
Жергiлiктi атқарушы органдар және білім беру ұйымдарының басшылары білім беру ұйымдарында ақылы тамақтандыруды ұйымдастыру үшiн жағдай жасайды. Тамақ сапасын бақылау денсаулық сақтау органдарына жүктеледi.
6. Білім беру ұйымдарында оқудың, тәрбиелеудiң, еңбек ету мен демалудың салауатты және қауiпсiз жағдайларын жасау үшiн жауапкершiлiк олардың басшылары мен құрылтайшыларына жүктеледi.
38-бап. Ата-аналардың және өзге де заңды өкiлдердiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкiлдерiнiң:
1) білім беру ұйымын баланың қалауын, жеке басының бейiмдiлiгi мен ерекшелiктерiн ескере отырып таңдауға;
2) ата-аналар комитеттерi арқылы білім беру ұйымдарын басқару органдарының жұмысына қатысуға;
3) білім беру ұйымдарынан өз балаларының үлгерiмi, тәртібі және оқу жағдайлары жөнiнде ақпарат алуға;
4) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардан өз балаларын оқыту мен тәрбиелеу проблемалары жөнiнде консультациялық көмек алуға құқығы бар.
2. Ата-аналар мен өзге де заңды өкiлдер:
1) балаларға өмiр сүруi мен оқуы үшiн салауатты және қауiпсiз жағдайлар жасауға, олардың интеллектуалдық және дене күшiн дамытуын, адамгершiлiк жағынан қалыптасуын қамтамасыз етуге;
2) бес (алты) жасында балалардың мектепке барар алдындағы дайындығын қамтамасыз етуге, ал алты (жетi) жастан бастап жалпы білім беретiн мектепке беруге;
3) білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық жасауға;
4) балалардың оқу орнына баруын қамтамасыз етуге мiндеттi.
09.07.04 ж. № 597-II ҚР Заңымен 39-бап толықтырылды (бұр. ред. қара)
39-бап. Педагогикалық қызметпен айналысу құқығы
1. Білім беру ұйымдарында тиiстi кәсiптiк білімi бар азаматтардың педагогтiк қызметпен айналысу (оқыту және тәрбиелеу) құқығы бар.
2. Тиiстi кәсiптiк білімi жоқ азаматтарға педагогтiк қызметпен (жоғары оқу орындарын қоспағанда) айналысу құқығы қажеттi мамандар болмағанда ғана білім беру ұйымы кеңесiнiң шешiмi бойынша берiледi.
3. Білім беру ұйымдарындағы педагогтiк қызметке сот үкімімен оған тыйым салынған адамдар жiберiлмейдi.
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II; 09.07.04 ж. № 597-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жүйесi
1. Мемлекеттік білім беру мекемелерi қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жүйесi Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен айқындалады.
Бюджеттен алынатын қаражат есебiнен ұсталатын мемлекеттік білім беру мекемелерi қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу туралы Ереженi еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, білім беру саласындағы орталық атқарушы органдар бекiтедi.
2. Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң жалақысы мен қызметтiк айлықақылары мамандығы бойынша жұмыс стажы ескерiле отырып, олардың біліктілігiне, қызмет мiндеттерiне сәйкес белгiленедi.
3. Мемлекеттік білім беру ұйымдары өздерiнде бар қаражатының шегiнде, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет есебiнен үстеме, қосымша ақылардың, сыйлықтардың және ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдердiң мөлшерiн өздерi белгiлеуi мүмкiн.
Бюджет қаражатынан ынталандыру сипатында төленетiн төлемдер жалақының кепiлдi бөлiгi бойынша берешек болмаған жағдайда ғана жасалуы мүмкiн.
4. Білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерiне біліктілігi жоғары ғылыми кадрларды аттестаттау саласындағы Қазақстан Республикасының уәкiлетті органы берген тиiстi диплом болған жағдайда ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми атақтары үшiн, ғылым кандидатына бір айлық ең төменгi жалақы және ғылым докторына екi айлық ең төменгi жалақы мөлшерiнде қосымша ақы белгіленедi.
5. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi үшiн нормативтік оқу жүктемесі аптасына:
1) жалпы білім беретiн оқу орнының бастауыш сатысы үшiн - 20 сағаттан;
2) жалпы білім беретiн оқу орнының негiзгi және жоғары сатылары, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта білім беру ұйымдары үшiн - 18 сағаттан;
3) мектепке дейiнгi ұйымдар, жалпы білім беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектеп алдындағы сыныптары үшiн - 24 сағаттан;
4) мектептен тыс ұйымдар үшiн - 18 сағаттан (балалардың, жасөспiрiмдердiң спорт мектептерiнде - 24 сағаттан) аспайтын етiп белгiленедi;
5) мемлекеттік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны мемлекеттік тапсырысты және мемлекеттік білім беру кредитiн анықтау кезiнде студенттер мен оқытушылардың орташа арақатынасы (бір оқытушыға келетiн студенттердiң орташа саны) тиiсiнше күндiзгi оқу нысаны үшiн - 8:1, ал медициналық жоғары оқу орындары үшiн - 6:1, кешкi оқу нысаны үшiн - 16:1 және сырттай оқу нысаны үшiн 32:1 болуын негiзге ала отырып есептеледi.
Мемлекеттік білім беру мекемелерiнде педагог қызметкерлерге арналған нормативтiк оқу жүктемесiн білім беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкіметі осы Заңда белгiленген шекте реттеп отырады.
6. Білім беру ұйымдарының қызметкерлерiне ауылдық (селолық) жерлерде жұмыс iстегенi үшiн, сыныпқа басшылық жасағаны үшiн, дәптерлердi, жазба жұмыстарын тексергенi үшiн, оқу кабинеттерiне меңгерушiлiк еткенi, пәндердi тереңдетiп оқытқаны үшiн қосымша ақы және Қазақстан Республикасының Үкіметі көздеген басқа да ақылар төленедi.
7. Өз қаражаты есебiнен Еңбекке ақы төлеу жөніндегі ереженi тиiстi оқу орындары (құрылтайшылар) айқындайды.
8. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудi олардың құрылтайшылары немесе соған уәкiлдiк берiлген адам айқындайды.
ҚР 22.11.99 ж. № 484-1; 11.06.01 ж. № 207-II; 09.07.04 ж. № 597-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III ; (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 41-бап өзгертілді және толықтырылды
41-бап. Білiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi, олардың әлеуметтік кепiлдiктерi
1. Білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi білім беру ұйымдарының жарғыларымен, iшкi тәртiп ережелерiмен және қызметтiк нұсқаулықтармен айқындалады.
2. Педагогтiк қызмет атқаратын адамдар педагог қызметкерлер болып есептеледi.
3. Білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерiнiң:
1) кәсiптiк қызмет үшiн қажеттi жағдайлармен қамтамасыз етiлуге;
2) білім берудiң мемлекеттік жалпыға бірдей мiндеттi стандарты сақталған жағдайда педагогтiк қызметтi ұйымдастырудың тәсiлдерi мен нысандарын еркiн таңдауға;
3) ғылыми зерттеулер тақырыбын және олардың нәтижелерiн педагогикалық практикада пайдалану нысандарын еркiн таңдауға;
4) оқу орнын басқару органдарының жұмысына қатысуға;
5) жұмыстан қол үзе отырып, құрылтайшының қаражаты есебiнен бес жылда бір рет ұзақтығы төрт айдан аспайтын уақытта өздерiнiң біліктілігiн арттыруға;
6) санатын көтеру, қызметiнде өсу мақсатында мерзiмiнен бұрын аттестатталуға;
7) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білім беру мекемелерiнiң педагог қызметкерлерi мен оларға теңдестiрiлгендер үшiн ұзақтығы күнтiзбелiк 56 күнге; әдiстемелiк қызмет орындарының қызметкерлерi, мектепке дейiнгi және мектептен тыс ұйымдардың педагог қызметкерлерi үшiн - күнтiзбелiк 42 күнге ақы төленетiн демалыс алуға;
8) жеке педагогикалық қызметке;
9) өзiнiң кәсiптiк абыройы мен қадiр-қасиетiн қорғауға;
10) білім беру ұйымдары мен олардың қызметкерлерiнiң білім беру және экономикалық қызметiнiң көзi болып табылатын материалдық активтер (ғылыми, әдiстемелiк еңбектер, патенттер, бағдарламалық қамтамасыз ету, білім беру және ақпарат технологиялары және басқалар) нысанындағы интеллектуалдық меншiгiн меншiктiң басқа түрлерiмен бірдей қорғауға;
11) білім беру ұйымы әкiмшілiгiнiң бұйрықтары мен өкiмдерiне шағым жасауға;
12) педагогикалық қызметтегi табыстары үшiн материалдық және моральдық жағынан көтермеленуге, ордендермен және медальдармен, құрметтi атақтармен, белгiлермен және грамоталармен марапатталуға құқығы бар.
4. Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерiнiң:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын үй алуға;
2) ауылдық (селолық) жерлерде тұрып жұмыс iстейтiндер - жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейтiн мөлшерде коммуналдық қызмет көрсету мен отын шығындары бойынша жеңiлдiктер (ақшалай өтемдер) алуға;
3) жеке меншігінде малы барлардың жемшөппен, малын жаюға және шөп шабуға арналған жер учаскелерімен ауыл шаруашылық ұйымдарының қызметкерлерімен бірдей қамтамасыз етілуге құқығы бар.
4-1. Селолық жерде жұмыс iстейтiн білім берудiң педагогикалық қызметкерлерiне жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша, қызметтердiң осы түрлерiмен қала жағдайында айналысатын педагогикалық қызметкерлердiң ставкаларымен салыстырғанда кемiнде жиырма бес процентке жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтiк ставкалар белгiленуi мүмкiн.
5. Педагог қызметкерлердi олардың негiзгi қызметiне тән емес қызметтердi атқаруға қызметкерлердiң өз келісімiнсiз тартуға жол берiлмейдi.
6. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының эксперимент режимiнде жұмыс iстейтiн педагог қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қосымша ақы төленедi.
7. Педагог қызметкерлер:
1) білім алушылар мен тәрбиеленушiлердiң тиiстi мемлекеттік жалпы мiндеттi білім беру стандарттарында көзделген деңгейден төмен емес білім, шеберлiк және дағды алуын қамтамасыз етуге;
2) білім алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жеке және шығармашылық қабiлеттерiн ашып, оны дамытуына жәрдемдесуге;
3) өз біліктілігiн арттыруға;
3-1) кемiнде бес жылда бір рет аттестаттаудан өтуге;
4) педагогтiк әдеп нормаларын сақтауға;
5) білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң қадiр-қасиетiн құрметтеуге;
6) салауатты өмiр салтын жүргізiп, оны білім алушылар, тәрбиеленушiлер арасында насихаттауға мiндеттi.
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II; 09.07.04 ж. № 597-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Еңбек қатынастары және білім беру ұйымы басшысының жауапкершiлiгi
1. Қызметкер мен білім беру ұйымының еңбек қатынастары жеке еңбек шартымен реттеледi. Жеке еңбек шартының ережелерi еңбек туралы заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
Жоғары оқу орындарындағы ғылыми-педагогикалық қызметкерлердiң (профессорлық-оқытушылық құрамның, ғылыми қызметкерлердiң) лауазымдарға орналасуы конкурстық негiзде жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымының басшысы:
1) білім алушылар мен тәрбиеленушiлердiң, білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
2) өзiнiң құзыретiне жатқызылған мiндеттердi орындамағаны;
3) мемлекеттік жалпы мiндеттi білім беру стандартының талаптарын орындамағаны;
4) тәрбиеленушiлердiң, білім алушылардың және білім беру ұйымы қызметкерлерiнiң оқу-тәрбие процесi кезіндегі өмiрi мен денсаулығы;
5) қаржы-шаруашылық қызметінiң жай-күйі, соның iшiнде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
6) нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген өзге де тәртiп бұзушылықтар үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауап бередi.
6-тарау. Білім беру экономикасы
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II; 09.07.04 ж. № 597-II (бұр. ред. қара) ; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 43-бап өзгертілді
43-бап. Білім беру ұйымдарын қаржыландыру
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
1) жалпы орта және кәсiптiк бастауыш білім алуына - мемлекеттік білім беру мекемелерiн ұстауды бюджеттен қаржыландыру;
2) кәсiптiк орта білім алуына - 10-11 (12) сыныптардың жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқу кезеңiнде бір оқушыға шаққанда бюджеттік қаржыландыру;
3) кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білім алуына - мемлекеттік білім беру тапсырысы мемлекеттік кепiлдiктердiң негiзi болып табылады.
2. Мемлекет жыл сайын білім беруге, оның басымдығын ескере отырып, бюджет қаражатын бөледі.
3. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
4. Мемлекеттік білім беру ұйымдарын қаржыландыру білім беру деңгейлерi бойынша жалпыға бірдей мiндеттi мемлекеттік стандарттармен белгiленген талаптарды сақтау арқылы және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн ақшалай және заттай нормаларды, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу нормаларын ескере отырып, бюджет қаражаттары есебiнен жүзеге асырылады.
Шағын жинақталған мектептердi қаржыландыру iсiнде білім алушылар санына қатысы жоқ шығындар ескерiлуге тиiс.
Өзге қаржылық және материалдық түсiмдердi, оның iшiнде валюталық түсiмдердi мемлекеттік білім беру мекемелерi Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртiппен пайдаланады.
5. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдарын қаржыландыру білім беру қызметін сату, құрылтайшылардың қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік аттестаттаудан өткен кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары білім беретiн мемлекеттік емес ұйымдар конкурстық негiзде мемлекеттік білім беру кредитiн немесе гранттарын алған адамдарды оқуға қабылдау жолымен мемлекеттік білім беру тапсырысын орындауға қатыса алады.
2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен 44-бап өзгертілді
44-бап. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы
1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау мен дамыту бюджет қаражаты мен осы Заңда белгiленген өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
1-1. Түзеу мекемелерiнде мiндеттi жалпы орта және бастауыш кәсiптiк білім беру үшiн үй-жайларды ұстауға және жарақтандыруға байланысты шығыстарды қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы жүзеге асырады.
2. Білім беру ұйымдарының мүлiктi өз жарғыларында белгiленген тәртiппен иеленуге және пайдалануға құқығы бар.
3. Жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары білім беретiн мемлекеттік ұйымдардың құрылымын өзгерту мен оларды жекешелендiру, білім беру қызметiнiң бейiнi сақталмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органымен келiсе отырып жүргiзiледi.
4. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдарын қолдау мақсатында оларға мемлекеттік білім беру ұйымдарының босатылған үйлерi мен тиiстi материалдық базасы заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органымен келiсе отырып, жекешелендiру жолымен берiлуi мүмкiн.
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II ; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 45-бап өзгертілді; 2006.04.07. № 150-III ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
45-бап. Білім беру ұйымдарының кәсіпкерлік қызметi
1. Білім беру ұйымдары жарғыға сәйкес кіріс келтіретін қызметпен айналыса алады.
Қызмет көрсетулердің бағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
Білім беру ұйымы осы қызметтен түсетін кірісті бөлу тәртібін өз жарғысына сәйкес дербес белгілейді.
2. Ақылы қызмет көрсетулерді бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын негізгі білім беру қызметінің орнына көрсетуге болмайды.
3. Мемлекеттік білім беру мекемелері мынадай:
1) қосымша білім беру бағдарламалары бойынша оқыту;
2) арнаулы курстар мен пән циклдарын қосымша оқыту;
3) жекелеген білім алушылармен оқу жоспары бойынша сағат санынан тыс пәндер бойынша жеке тәртіппен қосымша сабақтар өткізу;
4) оқушылардың пәндерді қосымша тереңдетіп зерделеуі (мемлекеттік жалпы міндетті стандарттардың тиісті білім беру бағдарламалары шеңберінен тыс);
5) балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған қосымша дене шынықтыру-сауықтыру бағдарламалары;
6) жазғы демалысты ұйымдастыру, соның ішінде мектеп жанындағы лагерьлерде ұйымдастыру;
7) үйірме қызметін ұйымдастыру (базистік оқу жоспары шеңберінен тыс);
8) білім алушылар арасында спорттық және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу, төрешілік жасау, медициналық қызмет көрсетуді жүзеге асыру, спорттық және мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру;
9) мәдениет пен өнер саласындағы жоғары оқу орындары мен колледж оқытушыларының біліктілігін арттыру;
10) кәсіптік бастауыш білімі бар мамандарды қайта даярлау;
11) музыкалық аспаптарды, техникаларды және басқа да жабдықтарды пайдалануға беру;
12) мемлекеттік білім беру мекемелерінің энергиялық қондырғылары мен қазандықтарынан берілетін жылу энергиясын жіберу;
13) оқу-қосымша, оқу-тәжірибе, қосалқы учаскелер мен шаруашылықтардың өнімдерін өндіру және сату;
14) оқу-әдістемелік әдебиетті сату;
15) білім алушыларды тамақтандырумен қамтамасыз ету;
16) Интернет-байланыс қызметін көрсету бойынша ақылы қызмет көрсетулер ұсынуға құқылы.
Мемлекеттік білім беру мекемелерінің ақылы қызмет көрсетулерінің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Мемлекеттік емес білім беру ұйымының білім беру қызметін, соның ішінде білім берудің мемлекеттік жалпы міндетті стандарттары шегінде іске асырғаны үшін ақы алуға құқығы бар.
5. Ақылы қызмет көрсетулерді ұсынудың тәртібі мен шарттары білім беру ұйымы мен білім алушының (оның заңды өкілдерінің) арасында жасасылатын ақылы қызмет көрсетулер шартында белгіленеді, оның үлгілік нысанын Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы бекітеді.
6. Жеке педагогтік қызмет кәсіпкерлік ретінде қарастырылады, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады.
Жеке педагогтік қызмет лицензияланбайды.
7-тарау. Білім беру саласындағы халықаралық қызмет
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II Заңымен 46-бап өзгертілді
46-бап. Халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңдары және халыкаралық шарттар, келісімдер, конвенциялар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымдарының өз жұмыстарының ерекшелiктерiне сәйкес шетелдiк білім беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тiкелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екi жақты және көп жақты шарттар жасасуға, білім саласындағы халықаралық үкiметтiк емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кiруге құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдiк оқу орындарын, шетелдiк білім беру ұйымдарының филиалдарын құру халықаралық шарттар мен мемлекетаралық келісімдер негiзiнде, сондай-ақ білiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың арасындағы шарттардың (келісімдердiң) негiзiнде жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталған білім беру ұйымдарының жарғыларын құрылтайшы елдердiң Үкiметтерi (уәкiлеттi органдары) бекiтедi.
4. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық оқу орындарының және басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құратын оқу орындарының, шетелдiк оқу орындары филиалдарының білім беру қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензияланады.
Бұл білім беру ұйымдарын аттестаттауды құрылтайшылар құратын бірлескен комиссиялар өткiзедi.
5. Аталған білім беру ұйымдары мен олардың филиалдары бiтiрушiлерге: 1) егер олардағы оқу процесi Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпы мiндеттi білім беру стандарттары негiзiнде ұйымдастырылса, Қазақстан Республикасында қабылданған;
2) егер оқу процесi тиiстi мемлекеттердiң білім беру бағдарламалары бойынша жүргiзiлсе, сол мемлекетте қабылданған білім беру туралы құжаттар бередi. Бұл жағдайда білім туралы алынған құжаттар Қазақстан Республикасында нострификациялануға тиiс.
6. Қазақстан Республикасы азаматтарының шет мемлекеттердің зайырлы оқу орындарында оқуға, даярлануға, біліктілігін арттыруға, қайта даярлаудан және тағлымдамадан өтуге құқығы бар. Бұл құқық білім алушылармен, білiм беру ұйымдарымен, өзге де заңды тұлғалармен Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық шарттар мен нысаналы бағдарламаларға сәйкес жасалатын тiкелей шарттар бойынша iске асырылады.
7. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында, халықаралық шарттарда, келісімдерде белгіленген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарымен жасалған келісім-шарттар бойынша білімге және педагогтiк қызметпен айналысуға құқықты Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.