Егер қайтарылатын жобаларға тапсырмаларда өзгеше мерзім көрсетілмесе, жобаларды пысықтауды, қайтадан дауыс беру өткізуді және енгізуді әзірлеушілер қайтарылған күнінен бастап бір айдан аспайтын мерзімде (жұмыс тәртібімен пысықталатын жағдайларды қоспағанда) жүзеге асырады. Пысықтау мерзімі аяқталғаннан кейін әзірлеуші Кеңсеге пысықталған жоба мен ол бойынша дауыс беру нәтижелерін (белгіленген нысан бойынша) не жобаны қараудан алу туралы жазбаша өтінішті ұсынуы тиіс.
Жоба пысықталғаннан кейін Кеңсеге қайта енгізілген кезде оған сараптама жүргізудің және қорытынды дайындаудың осы Регламенттің 42-тармағында көзделген және пысықталған жоба Кеңседе тіркелген күннен бастап есептелетін жаңа мерзімі белгіленеді.
Қажет болған кезде Үкіметтің басшылығы және Кеңсе Басшысы әзірлеуші органдардың жобаларды пысықтау және оларды Кеңседе сараптау мерзімін қысқартуы мүмкін.
45. Ведомстволардың санын, министрліктердің, агенттіктердің және ведомстволардың штат санын, олардың басшы лауазымды тұлғаларын өзгертуді (ұлғайтуды немесе қысқартуды) көздейтін қаулылардың жобалары бойынша Үкімет мұндай өзгеріске Мемлекет басшысының немесе оның уәкілеттігі бойынша Президент Әкімшілігінің жазбаша келісімін алуға тиіс.
46. Кеңседе сараптама жүргізілгеннен, жоба пысықталғаннан (осындай факт болған кезде) және қорытынды дайындалғаннан кейін жоба Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес тиісті қорғалған елтаңбалық бланкіге көшіріледі, оған: орындаушы мен жобаның өтуіне жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысы; жобаға сараптама жүргізген құрылымдық бөлімшелердің басшылары; жоба мәтіндерінің дәлме-дәлдігін және олардың мемлекеттік және орыс тілдерінің ережелеріне сәйкестігін тексеруді жүзеге асырған қызметкерлер бұрыштама соғады.
47. Қаулылардың (өкімдердің) жобаларын Премьер-Министрдің орынбасарында келісу Премьер-Министр, оның орынбасары мен Кеңсе Басшысы арасында міндеттерді бөлуде айқындалған өкілеттікке сәйкес оның мүдделілігі белгіленген жағдайда жүзеге асырылады. Премьер-Министрдің орынбасарында қаулылардың жобалары бойынша ескертулер мен ұсыныстар болған кезде олар кеңестер өткізуі мүмкін. Кеңестерде қабылданған шешімдер хаттамалар түрінде ресімделеді.
Премьер-Министрдің мүдделі орынбасары келіскеннен (бұрыштама соққаннан) кейін қаулының (өкімнің) жобасына Кеңсенің Басшысы бұрыштама соғады және оны жоба бойынша шешім қабылдау үшін Премьер-Министрге баяндайды. Премьер-Министр қаулының (өкімнің) жобаларын қосымша (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және басқа да) сараптама жүргізу үшін кез келген тиісті ұйымға жібере алады.
Қаулы жобасы бойынша тұжырымдамалық сипаттағы немесе қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша Yкімет мүшелерінің келіспеушіліктері не Премьер-Министр Кеңсесінің теріс сараптамалық қорытындысы болған кезде не Премьер-Министрдің нұсқауы бойынша Кеңсе Басшысы Үкімет мүшелерінің көпшілігімен келісілген шешімді тұжырымдау үшін кеңес өткізуі немесе жобаны Үкімет отырысының қарауына енгізуге бастама жасауы мүмкін. Келісілген ұстанымға қол жеткізілмеген кезде Үкіметтің қаулысы қабылданбайды, бұл кеңестің (отырыстың) хаттамасында тіркелуге тиіс.
48. Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдеріне Премьер-Министр қол қояды. Премьер-Министр болмаған кезде Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдеріне Премьер-Министр белгілеген тәртіппен оны алмастыратын тұлға немесе Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға қол қоя алады.
Қаулының (өкімнің) түпнұсқасына оған қол қойылғаннан кейін түзетулер енгізуге тыйым салынады.
49. Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдерін тіркеуді және есепке алуды Кеңсе жүзеге асырады.
Қол қойылған Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдеріне Кеңсенің құжаттамалық қамтамасыз ету үшін жауапты бөлімшесі:
1) құпия емес қаулылар үшін - күнтізбелік жылдың басынан бастап реттік есепке алу нөмірінен, өкімдер үшін - дефис арқылы «ө» әрпін қойып, күнтізбелік жылдың басынан бастап реттік есепке алу нөмірінен;
2) "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар таралуы шектеулі қаулылар мен өкімдер үшін - құпия емес қаулылар (өкімдер) үшін кезекті реттік нөмірден және «қпү» кіші әріптерінен;
3) аса маңызды, өте құпия және құпия қаулылар мен өкімдер үшін - құпия қаулының (өкімнің) кезекті есепке алу нөмірін сызықша арқылы берілген құпиялық белгісіне сәйкес «аса м» - «аса маңызды», «өқ» - «өте құпия», «қ» - «құпия» кіші әріптерімен бірге қойып, құпия емес қаулыларға (өкімдерге) арналған кезекті реттік нөмірден;
4) бекітілген бюджеттік бағдарламалардың паспорттарына өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу көзделетін қаулылар үшін - әліпбилік тәртіппен берілетін әріптік литері (литерлері) бар бастапқы қаулының реттік нөмірінен тұратын тіркеу нөмірлерін береді.
Кеңсе Басшысының нұсқауы бойынша қаулыларға (өкімдерге) жоғарыда көрсетілген тәртіппен құпия емес қаулыларға (өкімдерге) арналған кезекті реттік нөмірден кейін дефис арқылы қойылатын сандық литері бар тіркеу нөмірлері берілуі мүмкін.
50. Үкімет қаулылары және Премьер-Министр өкімдерінің түпнұсқалары тұрақты сақталатын құжаттарға жатады және Кеңседе кемінде 15 жыл сақталады, осы мерзім өткеннен кейін олар Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатына мемлекеттік сақтауға беріледі.
51. Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің куәландырылған көшірмелерін уақтылы шығаруды және таратуды Кеңсе жүзеге асырады. Қажет болған кезде қаулылардың (өкімдердің) қосымша даналары Кеңсе Басшысының рұқсатымен беріледі. Құпия сипаттағы қаулылар мен өкімдердің куәландырылған көшірмелері немесе олардың үзінді көшірмелері белгіленген тәртіппен адресаттардың шектеулі санына жіберіледі.
Оларда техникалық қателер анықталған кезде Үкіметтің құпия емес қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің бұрын жіберілген даналарын ауыстыру Кеңсе Басшысының рұқсатымен жүргізіледі. Бұл ретте бастапқы жіберілген даналарды алғандарға «Бұрынғы жіберілгеннің орнына» («Взамен ранее разосланного») мөртаңбасы басылып, қаулылардың (өкімдердің) түзетілген нұсқалары жіберіледі. Адресаттар көрсетілген мөртаңбасы бар түзетілген нұсқаны алғаннан кейін олар қаулылардың (өкімдердің) бұрын жіберілген даналарын Кеңсеге дереу қайтаруға тиіс.
Қаулыларды (өкімдерді) қайтарып алу Премьер-Министрдің нұсқауы бойынша немесе онымен келісім бойынша Кеңсе Басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылады.
Аса маңызды, өте құпия және құпия қаулылар (өкімдер) Кеңсе Басшысының хатымен ресми түрде қайтарып алынады.
52. Үкіметтің нормативтік қаулысы қабылданғаннан кейін министрліктер мен олардың ведомстволары, агенттіктер, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бір ай мерзімде өздерінің кесімдерін Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес келтіруге және қажет болған кезде оны іске асыру мақсатында тиісті кесімдер шығаруға міндетті.
53-тармақ 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
53. Мемлекеттік органдар республиканың заңнамасына және құқықтың ескірген нормаларын анықтау, оларды іске асырудың тиімділігін бағалау және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөнінде уақтылы шаралар қабылдау үшін өздері әзірлеуші болып табылған, қабылданған қаулылардың (өкімдердің) тұрақты мониторингін жүзеге асыруға міндетті.
54. Нормативтік құқықтық кесімдерді қабылдаған орган таратылған, қайта ұйымдастырылған немесе қайта құрылған жағдайда, оның кесімдерінің күші жойылды деп тану, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелерді оның құқықтық мирасқоры немесе жоғары тұрған орган шешеді.
7. Yкімет енгізетін Президент кесімдерінің жобаларын дайындау
55. Үкімет енгізетін Президент кесімдерінің жобаларын дайындауды қолданыстағы заңнамаға және осы Регламентке сәйкес тиісті орган жүзеге асырады.
Президент кесімдерінің жобалары Кеңсеге осы Регламентте Үкіметтің қаулылары үшін көзделген тәртіппен енгізіледі. Бұл ретте Президент кесімдері жобаларының түпнұсқаларына әзірлеуші органның және Әділет министрлігінің басшылары бұрыштама соғады, басқа келісуші органдардың басшылары Президент Әкімшілігі белгілеген келісу парағына қол қояды.
Президент кесімдерінің жобалары Yкімет қаулыларымен не Премьер-Министрдің (оның міндетін атқарушы тұлғаның) хаттарымен Президент Әкімшілігіне енгізіледі. Бұл ретте, әдетте, хаттармен Президент Әкімшілігі бұрын пысықтау үшін қайтарған жобалар қайта енгізіледі.
56. Үкімет Президент Әкімшілігіне енгізетін Президент кесімдерінің мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған жобалары мыналарды қамтуға тиіс:
1) Президент кесімінің жобасын енгізу туралы Үкімет қаулысының белгіленген тәртіппен Үкіметтің мөрімен куәландырылған көшірмесі немесе Премьер-Министрдің (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның) Президентке арналған хатының түпнұсқасы;
2) Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға), Кеңсе Басшысы, жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның және Әділет министрлігінің басшылары бұрыштама соққан Президент кесімінің тиісті бланкідегі жобасы. Президент кесімінің жобасы мен оған қосымшаның әр парағына жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы бұрыштама соғуы тиіс. Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға) және Кеңсе Басшысы (оның міндетін атқарушы тұлға) Президент кесімінің тиісті бланкідегі жобасына әзірлеуші орган және Әділет министрлігі бірінші басшыларының бұрыштамасы бар жай қағаз парақтарында ұсынылған, Үкіметке енгізілген Президент кесімінің жобасын қоса тіркеуге рұқсат етіледі;
3) Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға) қол қойған көлемі 3 парақтан, ал күрделі мәселелер бойынша 5 парақтан аспайтын түсіндірме жазба, онда мәселенің мәнісі мен Президент кесімін қабылдау қажеттілігінің, оның ішінде қаржы-экономикалық негіздемесі, осы мәселе бойынша бұрын қабылданған Президент кесімдерінің тізбесі және олардың орындалуы туралы ақпарат, осы жобаны қабылдаудан күтілетін салдардың болжамы жазылады;
4) егер Президент кесімінің енгізілетін жобасымен Президенттің қолданыстағы кесімдеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу көзделетін болса, әзірлеуші мемлекеттік орган басшысының әр парағына алдын ала қолы қойылған және қолы қойылған Президент кесімінің бұрынғы және жаңа редакциясының салыстырма кестесі;
5) Президент Әкімшілігі белгілеген нысан бойынша жасалған Президент кесімі жобасының келісу парағы;
6) өзге де қажетті материалдар.
57. Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға) Үкіметке тапсырманы қамтитын Президент кесімі күшіне енген күнінен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде осы тапсырмалардың орындалуы үшін жауапкершілік жүктелетін лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдарды айқындайды.
8. Үкіметтің заң шығару қызметi
58. Үкіметтің заң шығару қызметі Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына (бұдан әрі - Жоспар) сәйкес жүзеге асырылады.
59. Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы және перспективалы жоспарларын қалыптастыру Президенттің тапсырмалары, Yкіметтің Бағдарламасы, мемлекеттік бағдарламалар мен Үкімет бекітетін бағдарламалар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары, сондай-ақ Премьер-Министрдің шешімдері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Жоспар заң жобаларының, оның ішінде заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдарды, нақты заң жобаларын Әділет министрлігіне, Yкіметке және Қазақстан Республикасының Парламентіне (бұдан әрі - Парламент) енгізу мерзімдері, сондай-ақ заң жобаларын әзірлеу мен енгізу үшін жауапты лауазымды тұлғалар көрсетіле отырып, қолданыстағы заңнамалық кесімдерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобаларының тізбесін білдіреді.
60. Алдағы жылға арналған Жоспардың жобасын Әділет министрлігі мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Yкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Ведомствоаралық комиссия) ұсыныстарының негізінде жасайды және жыл сайын 1 қарашаға дейін Үкімет қаулыларының жобаларын енгізу үшін белгіленген тәртіппен Yкіметке ұсынады. Бұл ретте Әділет министрлігі Жоспардың жобасына енгізілген әрбір заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесін қамтитын анықтаманы қоса тіркейді.
Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысы Жоспарға қандай да бір заң жобасын енгізу үшін міндетті шарт болып табылады.
61. Жоспарды Президентпен келісу "Қазақстан Республикасы Yкіметінің заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Yкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 17 мамырдағы № 873 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылады.
62. Жоспарда көзделген заң жобаларын ұсыну мерзімін ауыстыру туралы, сондай-ақ заң жобаларын ағымдағы жылдың Жоспарынан алып тастау немесе оған қосымша заң жобаларын енгізу туралы мәселелер Yкіметтің тиісті қаулыларын қабылдау жолымен шешіледі. Мұндай қаулылардың жобалары әзірлеуші мемлекеттік органның өтініші бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысында алдын ала қаралады. Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысы болған кезде әзірлеуші тиісті жобаны осы Регламентте белгіленген тәртіппен Кеңсеге енгізеді, бұл ретте жобаға түсіндірме жазбада міндетті түрде осы мәселе бойынша Ведомствоаралық комиссияның негіздемесі мен шешімі көрсетіледі.
Мемлекеттік және өзге де бағдарламалар, тұжырымдамалар, Үкіметтің іс-шаралары жобаларының нормалары (ережелері) заң жобалауды қамтамасыз ету бөлігінде Ведомствоаралық комиссиямен келісіледі.
Мемлекеттік және өзге де бағдарламаларға қоғамдық қатынастарды заңнамалық реттеудің жаңа тетіктерін енгізу перспективалы Жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізумен бірге жүргізілуге тиіс.
Заң жобалау жұмыстарының қабылданған жоспарларына енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар Мемлекет басшысымен не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен міндетті түрде келісілуге жатады.
63. Перспективалы және ағымдағы жоспарлардың орындалуын жалпы бақылауды Әділет министрлігі жүзеге асырады.
Әділет министрлігі ай сайын Үкіметтің заң жобалау қызметінің барысын қорытады және есептіден кейінгі айдың 1-күніне ағымдағы Жоспардың орындалу барысы туралы есепті, оның ішінде жоспарланған заң жобаларының мемлекеттік органдар мен Парламентте өтуі туралы ақпаратты ұсынады.
Жоспарланған заң жобаларын әзірлеу мерзімі бұзылған кезде Кеңсе Әділет министрлігі ақпаратының негізінде Премьер-Министрге заң жобаларын әзірлеу мерзімінің бұзылуына кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізе алады.
64. Халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою туралы және оларға қосылу туралы заң жобаларынан басқа, жоспардан тыс заң жобалары Ведомствоаралық комиссиямен алдын ала келісілуге жатады, оның оң қорытындысы заң жобаларын белгіленген тәртіппен Үкіметке енгізу үшін негіз болады.
65. Заң жобаларын әзірлеудің және ұсынудың сапасы, уақтылығы үшін Жоспарда көрсетілген лауазымды тұлғалар дербес жауапкершілікте болады.
66. Жоспардың негізінде заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар белгіленген мерзімде заң жобаларын Кеңсеге осы заң жобаларын Парламенттің Мәжілісіне енгізу туралы Үкімет қаулыларының жобаларымен бірге енгізеді.
Көрсетілген жобаларды дайындау, ресімдеу, келісу, оларға дауыс беру және енгізу, сондай-ақ олар бойынша келіспеушіліктерді қарау тәртібі «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Регламентінде және осы Регламентте көзделген ерекшеліктермен бірге Үкімет қаулыларының жобаларын енгізу үшін белгіленген тәртіпке ұқсас.
Халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою туралы және оларға қосылу туралы заң жобаларын әзірлеу және енгізу «Халықаралық шарттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Парламенттің қарауына Үкімет енгізетін заң жобалары (халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою туралы және оларға қосылу туралы заң жобаларын қоспағанда) бойынша "Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Заң жобаларына ғылыми сараптама жүргізу ережесіне сәйкес заң жобасымен реттелетін құқықтық қатынастарға қарай тиісті ғылыми (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржы және басқа да) сараптама жүргізу міндетті. Бұл ретте оларды қабылдау экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіруі мүмкін салдарларды болжайтын заңнамалық кесімдердің жобаларына міндетті экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
Заң жобасын әзірлеуші жобаға тиісті ғылыми сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді, оның нәтижелері бойынша қорытынды ұсынымдық сипатқа ие болады (барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын қоспағанда). Әзірлеуші көрсетілген қорытындыларды міндетті түрде заң жобасына басқа материалдармен бірге мемлекеттік және орыс тілдерінде Кеңсеге енгізеді. Ғылыми сараптаманың теріс қорытындысы кезінде (мемлекеттік экологиялық сараптаманы, оның нәтижелері бойынша заң жобасында міндетті түрде жойылуға тиіс ескертулерді қоспағанда) заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган сараптамалық қорытындының ұсыныстарына сәйкес заң жобасын пысықтау, сондай-ақ қайтадан немесе қосымша сараптама жүргізу туралы өз бетімен шешім қабылдайды. Заң жобасы бойынша сараптамалық қорытындыдағы ұсынымдар қабылданбаған жағдайда, әзірлеуші заң жобасына ілеспе хатта қабылдамау себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс.
67-тармақ 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
67. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдардың жобалары ұсынымдық сипатта болатын сараптамалық қорытындылар алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктеріне жіберіледі және заң жобалары қабылданғанға дейін оларға міндетті қосымшалар болып табылады.
Жобаны әзірлеуші сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда заң жобасына түсіндірме жазбада сараптамалық қорытындымен келіспеу себептеріне дәлелді негіз келтіруге тиіс.
68. Парламент Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Президент Әкімшілігімен келісу "Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 17 мамырдағы № 873 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылады.
Мыналар Президент Әкімшілігімен міндетті түрде алдын ала келісілуге тиіс:
1) Парламентте қаралуы Президент атынан шұғыл немесе басымдықты деп жариялау жоспарланатын заң жобалары. Президенттің заң жобаларын шұғыл немесе басымдықты деп, оның ішінде Үкіметтің бастамасы бойынша жариялауы Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 29 сәуірдегі № 1074 Жарлығымен бекітілген Заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгілеу, сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау ережесіне сәйкес жүзеге асырылады;
2) Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет әзірлеген және Парламент Мәжілісіне енгізуге жататын заң жобалары;
3) конституциялық заңдардың, кодекстердің жобалары, сондай-ақ қолданыстағы конституциялық заңдар мен кодекстерді өзгертуге және толықтыруға бағытталған заң жобалары;
4) жергілікті мемлекеттік басқаруды және жергілікті өзін-өзі басқаруды, елдің саяси және сайлау жүйелерін жетілдіруге бағытталған заң жобалары;
5) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы құқықтық қатынастарды регламенттейтін заң жобалары.
Президент Әкімшілігінің онымен келісілетін заң жобалары бойынша ескертулері толық ескерілмейтін жағдайда, Кеңсе бұл туралы Президент Әкімшілігін хабардар етеді.
69. Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы жолдауымен басымдықты деп айқындалған заң жобаларын (бұдан әрі - басымдықты заң жобалары) әзірлеуші мемлекеттік органдар осы Регламентке сәйкес келісілген заң жобаларын Кеңсеге заң жобасы басымдықты деп айқындалған күнінен бастап 20 күнтізбелік күннен кешіктірмей енгізуге тиіс. Бұл ретте басымдықты заң жобаларын мемлекеттік органдардың келісу мерзімі олар түскен күнінен бастап 5 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкімет басымдықты заң жобаларын 10 күнтізбелік күн мерзімнен кешіктірмей Парламент Мәжілісінің қарауына енгізеді.
70. Шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар осы Регламентке сәйкес келісілген заң жобаларын Кеңсеге Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 29 сәуірдегі № 1074 Жарлығымен бекітілген Заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгілеу, сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау ережесінің 1-тармағына сәйкес Үкіметке немесе тиісті мемлекеттік органға хабарлама келіп түскеннен кейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей енгізуге тиіс. Бұл ретте шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобаларын мемлекеттік органдармен келісу мерзімі олар келіп түскен күнінен бастап 3 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкімет шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобасын 7 күнтізбелік күн мерзімнен кешіктірмей Парламент Мәжілісінің қарауына енгізеді.
71. Президент шұғыл деп жариялаған заң жобасы Президенттің арнайы жолдауы Парламентте жария етілгеннен немесе осы жолдау Парламентке арналғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіледі.
72. Кеңседе өту мерзімі 10 күнтізбелік күннен аспауға тиіс (жобаның тіркелген күнінен бастап қол қойылған құжатты шығаруға тапсырғанға дейін) басымдықты заң жобалары мен шұғыл деп жариялау жоспарланып отырған заң жобаларынан басқа, заң жобаларына сараптама жасау және Кеңседе олар бойынша қорытындылар дайындау Кеңседе тіркелген күнінен бастап 10 жұмыс күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады. Осы Регламентте көзделген негіздемелер бойынша заң жобаларын Кеңсе заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органға пысықтауға, оның ішінде қажет болған кезде қосымша ғылыми сараптама жүргізу үшін қайтаруы мүмкін.
73. Кеңсеге заң жобасы бойынша енгізілетін материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған:
1) заң жобасын, ал қажет болған кезде қолданыстағы заңнамалық кесімдерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы не негізгі жобаның қабылдануына байланысты заңнамалық кесімдердің күші жойылды деп тану туралы заң жобаларын да (оның ішінде магнитті жеткізгіштердегі) және заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған, Үкімет қаулылары үшін осы Регламенттің 31-тармағында белгіленген тәртіппен келісілген (бұрыштама соғылған) осы заң жобасын (заң жобаларын) Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын;
2) осы Регламенттің 30-тармағының талаптарына сәйкес дайындалған Үкімет қаулысының жобасына түсіндірме жазбаны;
3) заң жобасы мақсаттарының, міндеттері мен негізгі ережелерінің жан-жақты сипаттамасымен бірге жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі, жобаны қабылдаудың ықтимал салдарының болжамы бар, қажет болған кезде заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған қаржы-экономикалық есептер мен статистикалық деректер қоса берілген заң жобасына (заң жобаларына) түсіндірме жазбаның (жазбалардың) жобасын, оның ішінде магнитті жеткізгіштегіні;
4) заң жобасын (заң жобаларын) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағын (парақтарын);
5) заң жобасының (заң жобаларының) ғылыми сараптамасының нәтижелері бойынша қорытындыны (қорытындыларды);
6) заң жобасын (заң жобаларын) әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы қол қойған ілеспе хатты, бұл ретте Үкіметтің тиісті заң жобасы туралы қаулысының әрбір жобасы жеке ілеспе хатпен енгізіледі;
7) қолданыстағы заңнамалық кесімдерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған және қол қойған, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырма кестесі қоса тіркеледі;
8) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттарды Парламентке ратификациялауға енгізу туралы заң жобасына Сыртқы істер министрлігі куәландырған, мемлекеттік, орыс және әр түрлі оқылған кезде басымдығы бар оларға қол қойылған өзге тілдердегі ратификациялауға енгізілетін құжаттардың көшірмелері қоса тіркеледі;