1. Маңыздылығына байланысты мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жекелеген түрлері және табиғи кешендер республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері болып жарияланады.
2. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумақтарының шекарасы мен күзет режимінің түрін Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумақтарының шекарасы мен күзет режимінің түрлерін - уәкілетті органның ұсынуы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары бекітеді.
3. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері мен олардың аумақтарын олар қарауына тапсырылған тұлғалардың күзетуіне беруді уәкілетті орган, ал жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштерін - оларды ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басқа түрлерінің аумағында орналасқан мемлекеттік табиғат ескерткіштері солардың құрамында ескеріледі.
66-бап. Мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумақтарының
күзет режимi
1. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің аумақтарында мемлекеттік табиғат ескерткіштері сақталуының бұзылуына әкеп соғатын кез келген қызметке тыйым салынып, мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет режимінің түріне сәйкес келетін қорықтық күзет режимі белгіленеді.
2. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерін күзету осы Заңның 32-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
14-тарау.
Мемлекеттік табиғи қаумалдар
67-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдар ұғымы және олардың
түрлерi
1. Мемлекеттік табиғи қаумал - мемлекеттік табиғи-қорық қорының бір немесе бірнеше объектілерін сақтауға және молықтыруға арналған шаруашылық қызметтің тапсырыстық режимі немесе реттелмелі режимі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Өздерінің функционалдық мақсаты бойынша мемлекеттік табиғи қаумалдар мынадай түрлерге бөлінуі мүмкін:
1) кешендік - ерекше құнды табиғи кешендерді сақтау және қалпына келтіру үшін;
2) биологиялық (ботаникалық, зоологиялық) - өсімдіктер мен жануарлардың бағалы, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерін сақтау және қалпына келтіру үшін;
3) палеонтологиялық - жануарлардың, өсімдіктердің және олардың кешендерінің қазып алынатын қалдықтарын сақтау үшін;
4) гидрологиялық (батпақты, көлді, өзенді) - сулы-батпақты жерлердің құнды объектілері мен кешендерін сақтау үшін;
5) геоморфологиялық - сирек кездесетін және бірегей табиғи рельеф нысандарын сақтау үшін;
6) геологиялық және минералогиялық - сирек кездесетін геологиялық және минералогиялық түзілімдерді сақтау үшін;
7) топырақтық - топырақтың әдеттегі және сирек кездесетін түрлерін сақтау үшін.
68-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдар құрудың
ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік табиғи қаумалдар жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан оларды алып қоймай-ақ, барлық санаттағы жер учаскелерінде құрылады.
Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекеттік табиғи қаумал орналасқан жер учаскесін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың мемлекеттік табиғи қаумал аумағындағы шаруашылық қызметін шектеу Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген тәртіппен облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді.
2. Мемлекеттік табиғи қаумалдар:
1) мерзімсіз - жұмыс істеу мерзімі көрсетілмей;
2) ұзақ мерзімді - 10 жылдан астам мерзімге;
3) қысқа мерзімді - 10 жылдан кем мерзімге құрылады.
3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері осы Заңның 32-бабына сәйкес арнайы күзет қызметтерінің күшімен оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін күзету мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.
69-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдарды күзету режимi
мен оларды пайдаланудың ерекшеліктерi
1. Егер кез келген қызмет мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтауға қатер төндірсе немесе оларды молықтыруды нашарлатып жіберсе, мемлекеттік табиғи қаумалдарда мұндай қызметке, оның ішінде:
1) кешенді мемлекеттік табиғи қаумалдарда - табиғи кешендерді сақтауға қатер төндіретін шаруашылық қызметке, өсімдіктер мен жануарлардың бөтен түрлерін жерсіндіруге;
2) зоологиялық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - жануарлардың өлім-жітімін туғызған немесе туғызуы мүмкін басқа да әрекеттермен бірдей дәрежеде аң аулауға, балық аулауға, кез келген тәсілдермен және құралдармен жабайы жануарларды олжалауға, өсімдіктер мен жануарлардың бөтен түрлерін жерсіндіруге, ұяларды, індерді, апандарды және басқа да мекендеу орындарын бүлдіруге, жұмыртқа жинауға;
3) ботаникалық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - мал жаюға, шөп шабуға, ағаш кесудің барлық түрлеріне, гүлдер теруге, өсімдіктердің тамырларын, түйнектерін және жуашығын қазып алуға, от жағуға, көлік құралдарының бар жолдардан тыс жерлермен келіп кіруіне және жүруіне, өсімдіктер мен жануарлардың бөтен түрлерін жерсіндіруге, сол сияқты өсімдіктердің бүлінуін және жойылуын туғызған немесе туғызатын басқа да әрекеттерге;
4) гидрогеологиялық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - тас, қиыршық тас, құм және басқа да пайдалы қазбалар өндіруге, үңгірлерді бүлдіруге, жер қазу жұмыстарын жүргізуге, табиғи гидрологиялық режимді өзгертетін әрекеттерге, мемлекеттік табиғи қаумалдың табиғи құрама бөліктерін бүлдіруге немесе қиратуға байланысты ізденістер мен ғылыми зерттеулерге тыйым салынады.
2. Мемлекеттік табиғи қаумалдар режимінің ерекшеліктері паспортпен айқындалады.
3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар белгіленген шектеулерді сақтай отырып, мемлекеттік табиғи қаумалдарда шаруашылық қызметті жүзеге асыруға құқылы.
15-тарау.
Мемлекеттік қорық аймақтары
70-бап. Мемлекеттік қорық аймағының ұғымы, мақсаттары
мен міндеттерi
Мемлекеттік қорық аймағы - мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар үшін резервке қойылған жер учаскелері мен су айдындарында мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілерін және биологиялық саналуандықты сақтауға және қалпына келтіруге арналған теңдестірілген күзет режимінің түрлері бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
71-бап. Мемлекеттік қорық аймақтарын құру тәртібi
1. Мемлекеттік қорық аймақтары жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан оларды алып қоймай-ақ, барлық санаттағы жер учаскелерінде жарияланады.
2. Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекеттік қорық аймағы орналасқан жер учаскесін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
72-бап. Мемлекеттік қорық аймақтарын күзету мен
пайдаланудың ерекшеліктерi
1. Егер кез келген қызмет күзетілетін ландшафтардың табиғи келбетін өзгертуі немесе экологиялық жүйелердің тұрақтылығын бұзуы мүмкін болған не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндірген жағдайда, мемлекеттік қорық аймақтарында мұндай қызметке тыйым салынады.
2. Мемлекеттік қорық аймақтарында учаскелер қорықтық және қаумалдық режимді, сондай-ақ шаруашылық қызметтің реттелмелі режимді учаскелері болып бөлінеді.
3. Мемлекеттік қорық аймақтары оларды күзету режимі түрлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін көзделген барлық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
4. Мемлекеттік қорық аймақтарында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметіне шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
5. Мемлекеттік қорық аймақтары бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері осы Заңның 32-бабына сәйкес арнайы күзет қызметінің күшімен оларда орналасқан мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілерін қорғау мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.
6. Мемлекеттік қорық аймақтарының аумақтарында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, уәкілетті органның келісімі бойынша геологиялық зерттеулерге, пайдалы қазбаларды барлауға рұқсат беріледі.
Пайдалы қазбаларды қазуға қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, уәкілетті органның келісімімен, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ерекше жағдайларда жол беріледі.
73-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегi
мемлекеттік қорық аймағы
1. Еділ (Қазақстан Республикасының шегінде) мен Жайық өзендерінің атыраптарын қоса Солтүстік Каспийдің шығыс бөлігінің су айдыны Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі балық қорын сақтау мен бекіре тұқымдас және балықтың басқа да бағалы түрлерінің мекендеуі мен табиғи молығуына оңтайлы жағдай жасауға арналған мемлекеттік қорық аймағына кіреді.
2. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкіметі бекіткен арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, балық шаруашылығын, су көлігін дамыту, мемлекеттік геологиялық зерттеу, көмірсутекті шикізатты барлау және өндіру үшін мүмкіндіктер қамтамасыз етіледі.
16-тарау.
Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерi
74-бап. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелерi
1. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына енгізілуі не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мына санаттарына енуі мүмкін ерекше құнды орман алқаптары, орман жемісі екпелері, тоғайлы және субальпілік орман алқаптары жатады:
1) генетикалық орман резерваттарын қоса алғанда, ғылыми маңызы бар орман учаскелері;
2) жаңғақ кәсіпшілігі аймақтары;
3) субальпілік ормандар.
2. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелер учаскелерінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес оларды күзету мен пайдаланудың қорықтық немесе қаумалдық режимі белгіленеді.
75-бап. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар
1. Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін, нәзік немесе жойылып бара жатқан түрлерінің немесе қосымша түрлерінің, ең алдымен халықаралық ресурс болып табылатын қоныс аударатын суда жүзетін құстардың едәуір дәрежеде жиынтық мөлшерінің резерваттары қызметін атқаратын теңіз су айдындарын қоса алғанда, табиғи және жасанды су бөгендері халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар болып табылады.
2. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына енгізіледі.
3. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарда суда жүзетін құстар мекендейтін жерлерді күзету мен қалпына келтіруді қамтамасыз ететін шаруашылық қызметтің қорықтық және қаумалдық түрлерінің режимдері немесе реттелмелі режимі белгіленеді.
76-бап. Бірегей табиғи су объектілері немесе олардың
учаскелерi
1. Бірегей табиғи су объектілеріне немесе олардың учаскелеріне теңіздер, өзендер, көлдер, мұздақтар және басқа да жер бетіндегі су объектілері немесе олардың ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар бөліктері жатады.
2. Бірегей табиғи су объектілері немесе олардың учаскелері олардың маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің құрамына енгізіледі, сондай-ақ олардың шекарасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлері құрылуы мүмкін.
3. Бірегей табиғи су объектілерінде немесе олардың учаскелерінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес олардың қорғалуын қамтамасыз ететін су пайдаланудың қорықтық, қаумалдық немесе реттелмелі режимдері белгіленеді.
77-бап. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және
рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы
учаскелерi
1. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелеріне мыналар жатады:
1) геологиялық объектілер - тіреуіш немесе айрықша тіліктер, айрықша тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетін тау жыныстары мен минералдары, метеориттер, фауна мен флораның сақталып қалған қазба қалдықтары кездесетін табиғи және жасанды жалаңаштанған жерлер;
2) геоморфологиялық объектілер - рельефтің пайда болу процестерін айқын көрсететін және туризм мен рекреация үшін ерекше құндылық сипаты бар сатылы жерлер, су жайылмалары, үңгірлер, сай-салалар, шатқалдар, сарқырамалар және рельефтің басқа да нысандары;
3) гидрогеологиялық объектілер - бірегей және сирек қасиеттерімен ерекшеленетін жер астындағы сулар және олардың жер бетіне шығатын жолдары;
4) жартастағы суреттері, ертеде кен өндірілген жерлері және тарихи, археологиялық және этнографиялық маңызы бар жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да объектілері бар жер қойнауы учаскелері.
2. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерінің сақталуына қатер төндіретін кез келген қызметке тыйым салынады.
78-бап. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін
және жойылып кету қаупі бар түрлерi
1. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Мемлекет жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерін қорғауды жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар оларды қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
3. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерінің өлім-жітіміне, санының азаюына немесе олар мекендейтін ортаның бұзылуына әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол берілмейді.
4. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерінің таралымын қалпына келтіру мақсаттары үшін оларды олжалауға (аулауға, жинауға) арнаулы питомниктерде өсіріп, кейіннен мекендейтін ортасына шығару (ауыстыру) үшін Қазақстан Республикасы Yкіметінің шешімі бойынша ерекше жағдайларда жол беріледі.
79-бап. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени
маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара
объектілерi
1. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілеріне ғылыми ынта туғызатын және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар бірегей қасиеттерімен (шығу тегінің тарихымен, тіршілік ұзақтығымен, діңінің, ұшарбасының пішімімен және көлемімен, гүлдерінің, жемістерінің және тұқымдарының мөлшерімен, басқа қасиеттерімен) сипатталатын ағаштардың, бұталардың және шөп тектес өсімдіктердің табиғи ортада немесе жасанды жағдайларда кездесетін дара даналары және (немесе) жекелеген топтары жатады.
2. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері ретінде бөлу, жерге орналастыру, орман орналастыру, қала құрылысы жұмыстары кезінде жүргізіледі.
3. Мемлекет ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін қорғауды жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері болып жарияланған ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
17-тарау.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен
байланысты экологиялық желінің элементтерi
80-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен
байланысты экологиялық желінің элементтері ұғымы
1. Өздерінің экологиялық жүйелерінің жай-күйі және өздерінің орналасуы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты және ел аумағының табиғи және мәдени ландшафтардың орнықтылығын, биологиялық саналуандығын сақтауды қамтамасыз ететін кеңістік тұрғысынан алғанда өзара байланысып тұратын жер, су беті және олардың үстіндегі әуе кеңістігі учаскелерінің жиынтығын білдіретін табиғи кешендер экологиялық желінің элементтері болып табылады.
2. Экологиялық желінің элементтеріне сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жер учаскелері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзетілетін аймақтары, экологиялық дәліздер, мемлекеттік орман қоры, су қорғау аймақтары, су объектілерінің алаптары және басқа да табиғи объектілердің қорғалатын учаскелері, соның ішінде аң аулау алқаптары жатады.
3. Сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы мемлекеттік орман қорының жер учаскелерін, су қорғау аймақтары мен су объектілерінің алаптарын, аң аулау алқаптарын, балық шаруашылығының су айдындарын белгілеу мен пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының арнайы заңнамасымен реттеледі.
81-бап. Экологиялық дәліздер
1. Экологиялық дәліздер мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін, биологиялық саналуандықты сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейтін жануарлардың табиғи қоныс аудару және өсетін өсімдіктердің таралу жолдарын қорғау мақсаттарында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желінің басқа да элементтері арасындағы кеңістік байланысты қамтамасыз ету үшін құрылады.
2. Экологиялық дәліздер учаскелерінде жабайы жануарлардың уақытша мекендейтін жерлерінде олардың сақталуын, қоныс аудару кезеңдерінде олардың жүріп өтетін жолдарының сақталуын, жабайы өсімдіктер өсетін жерлердің сақталуын қамтамасыз ететін осы жерлерді пайдаланудың реттелмелі режимі белгіленеді.
3. Экологиялық дәліздердің шекаралары мен алаңдарын, оларды күзету режимінің түрін уәкілетті органның ұсынуы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақтық дамудың өңіраралық схемалары, қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары мен экологиялық дәліздер аумағын қозғайтын өзге де қала құрылысы құжаттамасы уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
18-тарау.
Қорытынды ережелер
82-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын
бұзушылықтан келтірілген залалды өтеу
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне залал келтірген жеке және заңды тұлғалар келтірілген шығындарды ескере отырып, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қалпына келтіруге жұмсалған шығындар мөлшерінде табиғат қорғау ұйымдарына толық көлемде өтеуге міндетті.
83-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын бұзғаны
үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
84-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
халықаралық ынтымақтастық
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
85-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 32-бабын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 1997 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 жыл, № 17-18, 215-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; 2001 ж., № 3, 20-құжат; № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 10, 57-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы шілденің 7-сі.
№ 175-III ҚРЗ