Халықтың көшi-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтiн орталық мемлекеттік органдар оралмандарға:
1) халықты әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган:
Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес зейнетақы төлеудi;
"Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттік әлеуметтiк жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты жәрдемақылар төлеудi;
"Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеудi;
азаматтығы қалпына келтiрiлгендердiң "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген өтемақыға құқықтарын iске асыруды;
2) білім беру саласындағы уәкiлеттi орган:
орта кәсiптiк және жоғары кәсiптiк білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген мөлшерде квота бөлудi;
3) Сыртқы iстер министрлігі:
Қазақстан Республикасына келуге виза беру үшiн консулдық алымдардан босатуды;
4) Қорғаныс министрлігі:
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қарулы Күштер қатарында қызмет атқаруға шақыруды кейiнге қалдыруды қамтамасыз етедi.
29-3-бап. Жергiлiктi атқарушы органдар
1. Халықтың көшi-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтiн жергiлiктi атқарушы органдар:
1) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн алуды;
2) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы:
"Мемлекеттік атаулы әлеуметтiк көмек туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтiк көмек көрсетудi;
жұмысқа орналасуда, біліктілігiн арттыруда және жаңа мамандықты игеруде көмек көрсетудi;
мұқтаж болғандарға мектептерден, мектепке дейiнгi ұйымдардан, сондай-ақ әлеуметтiк қорғау мекемелерiнен орын берудi;
мемлекеттік тiлдi және орыс тілін оқып-үйренуге жағдай жасауды қамтамасыз етедi.
2. Жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына оралмандардың көшiп келу квотасынан тыс көшiп келген оралмандарға жеңiлдiктер мен өтемақылар белгiлеуге құқылы.
3. Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу, бау-бақша өсiру және саяжай салу үшiн жер учаскелерiн беру Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерiнен, көшiп келушiлер жер қорынан, арнаулы жер қорынан және жер запасынан уақытша қайтарымсыз жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.
29-4-бап. Көшiп келу квотасы бойынша келген оралмандарға
қосымша жеңiлдiктер
Көшiп келу квотасы бойынша келген оралмандарға жоғарыда аталған жеңiлдiктер мен өтемақылардан басқа мемлекет атынан:
1) кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган:
шекарадан кеден төлемдерiн және салықтар алмай өткiзудi;
2) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган:
тұрақты тұратын жерiне бару және мүлкiн (оның iшiнде малын) апару жөніндегі шығыстарды өтеудi;
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен келген жерi бойынша тұрғын үй сатып алу үшiн қаражат бөлудi және бiржолғы жәрдемақылар төлеудi қамтамасыз етедi.".
27.03.02 ж. № 313-11 ҚР Заңымен 5-тараудың атауы өзгертілді
5-тарау. Көшiп кету
27.03.02 ж. № 313-11 ҚР Заңымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Эмигранттардың кетуiн ресiмдеу тәртібі
Көшіп кетушілердің кетуiн ресiмдеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
27.03.02 ж. № 313-11 ҚР Заңымен 31-бап өзгертілді
31-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан кетуiн қаржыландыру
Қазақстан Республикасы азаматтарының басқа мемлекеттерге тұрақты тұру үшiн Қазақстан Республикасынан кетуiне байланысты шығындарды қаржыландыру көшіп кетушілердің өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, басқа көздерден де жүзеге асырылуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұру үшiн кететiн Қазақстан Республикасының азаматтары өздерiне және өз отбасыларының мүшелерiне тиесiлi меншiк құқығы бар мүлкi мен соларға теңестiрiлген мүлiктiк игiлiктерiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз есебiнен әкетуге құқылы.
Азаматтардың мемлекет үшiн мәдени, тарихи немесе өзге де жағынан құнды заттарды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуi Қазақстан Республикасының тиiстi заңдарымен және мемлекетаралық шарттармен реттеледi.
Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұру үшiн кеткен адамдардың Қазақстан Республикасы аумағындағы мүлiкке құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
32-бап. Қазақстан Республикасынан кетуге рұқсат беруден бас тарту негiздерi
Қазақстан Республикасының азаматына заңдарға сәйкес мынадай жағдайларда, егер ол:
1) мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi бiлетiн болса - осы мән-жайлардың күшi тоқтатылғанға дейiн;
2) қылмыс жасау сезiгi бойынша ұсталып не айыпкер ретiнде тартылса - iс бойынша шешiм шығарылғанға немесе сот үкімі заңды күшiне енгенге дейiн;
3) қылмыс жасағаны үшiн сотталған болса - жазасын өтегенге немесе жазадан босатылғанға дейiн;
4) өзiне сот жүктеген мiндеттемелердi атқарудан жалтарып жүрсе, - мiндеттемелердi орындағанға дейiн немесе тараптардың келісімге қол жеткiзуiне дейiн;
5) мiндеттi мерзiмдi әскери қызметтен өтiп жүрсе - осы қызметтен өтудi аяқтағанға дейiн немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес одан босатылғанға дейiн;
6) Қазақстан Республикасынан кетуге құжаттар ресiмдеу кезiнде өзi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер хабарласа - осындай құжатты ресiмдеушi орган мәселенi шешкенге дейiн, бiрақ бiр айдан аспайтын уақытқа;
7) азаматтық сот iсiнде жауапкер болып табылса - iс бойынша шешiм шығарылғанға немесе сот шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн Қазақстан Республикасынан кетуге рұқсат беруден бас тартылуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Сыртқы iстер министрлігінiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының басқа елге кетуiне, онда төтенше жағдай қалыптасқан болса, соның салдарынан Қазақстан Республикасының азаматтары ол елге бара қалған жағдайда олардың қауiпсiздiгiне қатер төнуi мүмкiн болса, уақытша шектеу енгізуге құқылы.
6-тарау. Көшi-қон процестерiн басқару
33-бап. Көшi-қон процестерiн басқару жөніндегі уәкiлеттi орган
Қазақстан Республикасында көшi-қон процестерiн басқаруды орталық атқарушы орган жүзеге асырады, оның өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
27.03.02 ж. № 313-11 ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда
34-бап. Уәкілетті органның құқықтары мен міндеттері
1. Уәкілетті органның:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша басқа мемлекеттердің үкімет органдарымен, ведомстволарымен, кәсіпорындарымен, мекемелерімен, ұйымдарымен Қазақстан Республикасының аумағынан бір кездері амалсыздан немесе ерікті түрде кеткен отандастардың Қазақстан Республикасына ерікті түрде қоныстануы мәселелері бойынша келісімдер жасасуға;
2) Қазақстан Республикасындағы көші-қон мәселелері жөніндегі жұмысты үйлестіруге;
3) уәкілетті органның аумақтық қызметтерінің оралман мәртебесін беруден және оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуден бас тартуы туралы шағымдары бойынша шешім қабылдауға құқығы бар.
2. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
1) елдегі көші-қон процесін талдап, оған болжам жасауға және бұл туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдарға хабарлауға;
2) халықтың көші-қонын реттеу жөніндегі шаралар туралы ұсыныстар әзірлеуге;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына оралмандардың көшіп келу квотасын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
4) оралмандардың көшіп келу квотасының бекітілген шегінде олардың қоныс аударуын, оларды қабылдау мен жайластыруды ұйымдастыруға;
5) көші-қон проблемалары бойынша бағдарламалық іс-шаралар мен нормативтік актілерді әзірлеп, жүзеге асыруға;
6) келген оралмандарды тіркеуді, есепке алуды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен оларға сараланған жәрдемақылар төлеу мен жеңілдіктерді беруді жүзеге асыруға міндетті.
27.03.02 ж. № 313-11 ҚР Заңымен 35-бап алып тасталды
35-бап.
7-тарау. Қорытынды ережелер
27.03.02 ж. № 313-11 ҚР Заңымен 36-бап жаңа редакцияда
36-бап. Өтiнiштi қарауға байланысты шығындарды төлеу тәртібі
Оралмандар деп танылған адамдар өтiнiштi қараудың барлық сатыларында мемлекеттік органдар шегетiн шығындарды төлеуден босатылады.
37-бап. Құқық бұзғаны үшiн жауапкершiлiк негiздерi
Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған, әкiмшiлiк немесе өзге де құқық бұзған көшiп келушiлер Қазақстан Республикасы бекiткен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгiленген жағдайлардан басқа реттерде, Қазақстан Республикасының азаматтарымен ортақ негiздерде жауапкершiлiкте болуға тиiс.
38-бап. Халықтың көшi-қоны туралы халықаралық шарттар
Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар оның заңдары алдында басымдыққа ие болады және халықаралық шартты қолдану үшiн оған заң шығару талап етiлетiн реттердi қоспағанда, тiкелей қолданылады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта көшi-қонның осы Заңдағыдан өзге ережелерi белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
39-бап. Дауларды шешу
Көшi-қон мәселелерi жөніндегі даулар осы Заңда белгiленген тәртiппен және сот тәртібімен шешiледi.
40-бап. Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келгенi және Қазақстан Республикасынан заңсыз кеткенi үшiн жауапкершiлiк
Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келгенi немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан заңсыз кеткенi үшiн жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
41-бап. Iшкi көшi-қон
Халықтың iшкi көшi-қоны саласындағы қатынастарын реттеудiң тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Президентi