Құрылатын холдингтің миссиясы Қазақстанның тиімді және ұзақ мерзімді кезеңдегі бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыруға жәрдемдесу мақсатында мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі инновациялық нарықтық ұстанымдарды жетілдіру және енгізу болып табылады.
Холдинг өз қызметінде Қазақстандағы қор нарығын дамытуда және халықаралық қор нарығына бағалы қағаздарды шығаруда Қазақстан Республикасының Yкіметіне жәрдемдесуге бағытталған.
Егер холдингті құрудың бірінші кезеңінде оның құрамына 5 ұлттық компания кірсе, таяудағы перспективада оның құрамы басқа ұлттық компаниялар есебінен айтарлықтай көбеюі тиіс.
«Қазына» АҚ:
1) корпоративтік басқару мәселесі бойынша мемлекеттік органдар мен даму институттары арасындағы жалғыз іс-қимыл арнасы;
2) даму институттарының қызметін үйлестіруші;
3) өндірмейтін сектордан жаңа өнімдер жасау саласындағы, инфрақұрылымдарды дамыту, инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу саласындағы серпінді жобалардың толық ілесуін қамтамасыз ету үшін жоба әкімшісі ретінде шығатын болады.
«Қазына» АҚ қызметінің негізгі бағыттары:
1. Тиімді корпоративтік басқаруды, оның ішінде:
даму институттары қызметінің стратегиялық бағыттарын айқындау;
даму институттарының міндеттерін ел экономикасын дамыту басымдықтарына сәйкес келтіру үшін, сондай-ақ функцияларының қайталануын болдырмау үшін олардың қызметін үйлестіру;
даму институттары қызметіне мониторинг жүргізу және түзету шараларын қабылдауды жүзеге асыру.
2. Ірі серпінді жобаларды:
едәуір маңызды жобаларды іріктеу;
жобаларды іске асырудың әр кезеңінде даму институттарының күші мен капиталын үйлестіру (маркетингтік зерттеу жүргізу, техника-экономикалық негіздемелерді әзірлеу, қаржы көздерін айқындау, Қазақстанда және шет елдерде әріптестер мен клиенттерді іздеу және т.б.) арқылы құрылымдау және іске асыру;
жобаларды іске асыру мониторингі;
3. Инвестициялық және инновациялық белсенділікті ынталандыру бойынша мынадай тетіктер мен құралдарды пайдалану:
индустриялық және еркін экономикалық аймақтарды құру және басқару;
технологиялық саябақтарды құру және басқару;
инфрақұрылымдық жобаларда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік схемаларын алға жылжыту және қолдану.
4. Шетелде Қазақстанның мүддесін алға жылжыту, оның ішінде:
қазақстандық экспортты алға жылжыту;
шетел инвестицияларын тарту;
инвестициялау үшін шетелдегі жобаларды іздестіру, оның ішінде халықаралық жоғары технологиялы компаниялардың акцияларын сатып алу.
Корпоративтік басқарудың үздік әлемдік тәжірибесін қолдана отырып, "Қазына" АҚ Қазақстан Республикасы Индустриялық-инновациялық дамуының 2003 - 2015 жылдарға арналған стратегиясының ережелерін ескере отырып, Индустриялық-инновациялық дамуды мемлекеттік басқару мәселелері бойынша мамандандырылған кеңес қойған стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз етуі қажет.
Компания даму институттары қызметін үйлестіру негізінде экспорттық-импорттық сектордың артықшылығын пайдалана отырып, ұлттық экономиканы әртараптандыруда Қазақстан Республикасы Yкіметіне жәрдемдесуге, даму институттарының мамандануы мен олардың арасында орынды бәсеке теңгерімін айқындауға, қор рыногын дамытуға бағытталған.
«Самұрық» холдингі» мен «Қазына» акционерлік қоғамдарының тиімді жұмыс жасауы үшін заңнамалық базаны құру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономиканың мемлекеттік секторын басқаруды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады.
5.6. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар
«Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» Қазақстан Республикасының Президенті H. Назарбаевтың 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған Бағдарламасына сәйкес өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) құрылатын болады. Бұл ретте, ӘКК меншігіне республикалық және коммуналдық меншіктің кейбір объектілері, жер, мемлекеттік рентабельді емес, бірақ жаңа бизнесті құру үшін пайдалануға болатын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар беріледі.
Әрбір ӘКК игерілмеген жердің учаскелерін қоса алғанда, елдің тиісті өңірінде берілген мемлекеттік активтерді басқаратын өңірлік даму институты болып табылады және оларды іске асыруға инвестицияларды тартатын және сыртқы нарықтарға өңірдің экономикалық даму имиджін алға жылжытуды жүзеге асыратын жобалардың генераторы рөлін атқарады.
ӘКК жеке меншігіне құрылатын акционерлік қоғамның жарғылық капиталын капиталдандыру ретінде мемлекеттік меншік объектілері мен жерін беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің мақсаты - ӘКК құрылымына кіретін ұйымдар қызметін үйлестіру жолымен өңірлер дамуының ортамерзімдік жоспарларын іске асыруды қамтамасыз ету, өңірлік және халықаралық маңызды (өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы, кластерлік даму, шағын және орта бизнесті дамыту) "серпілістік" жобаларды іске асыруға қажетті ресурстарды қалыптастыру мен бағыты.
ӘКК құру жөніндегі шешім қабылданған Қазақстанның 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясы мен облыстар дамуының негізгі бағыттарын қосатын өңірлер дамуының ортамерзімдік жоспарларына сәйкес қабылданады.
Жергілікті мемлекеттік басқару органдары (әкімдіктер, мәслихаттар) Қазақстан Республикасы Үкіметі алдында облыстың әзірленген және қабылданған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес осы өңірде ӘКК құру жөніндегі мәселені бастамашылық етуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ӘКК арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітетін құрылуы туралы шешім мен қызметі туралы ереже Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган - мамандандырылған кеңес арқылы жүзеге асырылады.
Облыстар әкімдері, «Қазына» АҚ мамандандырылған кеңестерінің мүшелерінен тұратын мамандандырылған кеңес ортамерзімді кезеңге ӘКК даму жоспарын іске асырудың басты міндеттері мен тетіктері бойынша ұсынымдарды әзірлеу және ӘКК басқару органдары (Жалпы жиналыс, Директорлар кеңесі) құрамын айқындаумен айналысады.
ӘКК басқару органдары акционерлік қоғамдар туралы заңнамаға сәйкес, соның ішінде ӘКК қаржылық-шаруашылық қызметінің жоспары мен оның орындалуы жөніндегі есепті бекіту функцияларын жүзеге асырады. ӘКК құрудың бірінші кезеңінде жарғылық қорлары қалыптастырылады. «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» акционерлік қоғамының құрылтайшылары болып:
Үкімет (қаржылық құралдар, республикалық меншік объектілері);
Облыстар әкімдіктері (қаржылық құралдар, коммуналдық меншік объектілері, жер);
«Қазына» АҚ (қаржылық құралдар) табылады.
ӘКК республикалық (коммуналдық) мекемелерге (мемлекеттік органдар, ауруханалар және т.б.) бекітіліп берілген мүлік; республикалық қазыналық кәсіпорындарға (Жоғары оқу орындары, көлік жолдары, төтенше жағдайлар объектілері, орман шаруашылығы және басқалар); бағдарламалық құжаттармен (Қазғарыш, Қазақстандық ипотекалық компания, Тұрғын үйқұрылысбанкі, Қаржылық орталық) міндеттерді орындау үшін құрылған АҚ мен ЖШС акциялары мен қатысу үлестері, коммуналдық қазыналық кәсіпорындарға (коммуналдық шаруашылықтағы кәсіпорын - Зеленстрой, Көркем, жылу-су жабдықтау желілері, көлік жолдары) бекітіліп берілген мүлік; жер учаскелері, сондай-ақ республикалық және коммуналдық меншікке жататын және жекешелендірілуі немесе мемлекеттік қолдау ретінде шағын және орта бизнеске берілуі тиіс объектілерге жатқызу өлшемдеріне сәйкес келмейтін объектілер кірмейді.
Екінші кезеңде бағалы қағаздар нарығында ӘКК акцияларының қосымша эмиссиясын орналастыру және ӘКК акцияларының мемлекеттік пакетін бизнес-құрылымдарға сату жоспарланған.
5.7. Дивидендтік саясатты жетілдіру
Қазіргі уақытта республикада мемлекеттік меншік объектілерінен түсетін мемлекеттік кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің таза пайдасын бөлу және акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер аудару мәселелерін реттейтін мейлінше тиімді нормативтік құқықтық база құрылды және қолданылуда.
Мемлекеттік меншікті басқару тиімділігін арттыру мақсатында дивидендтік саясат бөлігінде икемді, сараланған ұстанымды көрсету қажет.
Және осы мақсаттарда, бір жағынан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 25 сәуірдегі № 404 қаулысының орындалуын бақылауды күшейту де қажет.
Мемлекеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға қатысты оның бюджеттік мүдделерін назарға ала отырып, сондай-ақ мемлекеттік активтерді басқару ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 5-бабының 1-тармағына сәйкес бұл мәселені қарауды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару қажет.
5.8. Меншіктің мемлекеттік мониторингі міндеттерін
іске асыруды қамтамасыз ету
Меншіктің мемлекеттік мониторингі міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ету үшін жыл сайын бюджеттік қаржыландыру шеңберінде консалтингтік қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, ашық конкурс өткізілетін болады.
Әрбір объекті меншігінің мемлекеттік мониторингі процесін үйлестіруді және оған жалпы басшылық жасауды Уәкілетті органның бұйрығымен қалыптастырылатын Мониторинг жүргізу жөніндегі топ жүзеге асырады. Топтың құрамына Уәкілетті органның және/немесе оның аумақтық бөлімшелерінің өкілдері, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың, салалық министрліктердің, олардың аумақтық бөлімшелерінің, облыстық немесе қалалық әкімдіктердің өкілдері кіреді, топты Уәкілетті органның өкілі басқарады.
Нақты Мониторинг объектісін тікелей зерттеуді және Объектіні зерттеу нәтижелері туралы есепті дайындауды конкурстық негізде іріктелетін тәуелсіз консалтингтік фирма жүзеге асырады.
Топ консалтингтік фирманың есебін бекітеді және оны мониторинг нәтижелерін пайдалануды ұйымдастыратын Уәкілетті органға ұсынады.
Мемлекеттік меншік объектілерін, сондай-ақ мемлекеттің меншік үлесі бар объектілерді басқарудың жұмыс істеу және тиімділік мониторингін жүргізу жөніндегі жұмыс біршама басқаша жоспарланып отыр.
Жыл сайын тексерілуі тиіс объектілердің санатына ұлттық компаниялар, ірі өнеркәсіптік ұйымдар, қарыздар, кредиттер және т.б. бойынша мемлекеттік бюджетпен өзара қарым-қатынастардағы ұйымдар, сенімгерлік басқару объектілері кіреді.
Құрылғандарына 1 жыл толмаған қалған объектілерге мерзімді мониторинг жүргізіледі. Уәкілетті орган зерттеулерді жоспарлау кезінде салалық министрліктердің ұсыныстары ескеріледі.
Меншіктің мемлекеттік мониторингінің алдағы жылдарға арналған міндеттерін іске асыру үшін, қолданыстағы жүйені талдау және алынған мониторинг нәтижелері, сондай-ақ бағдарламалық құжаттармен Қазақстан Республикасы Үкіметі алдына қойылған міндеттер негізінде меншіктің мемлекеттік мониторингін тиімді жүргізуді арттыру жөнінде жұмыс жалғастырылатын болады.
Есептіліктің жедел нысандары «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүзеге асырылатын объектілерінің тізбесін бекіту туралы» Yкіметтің 2004 жылғы 30 шілдедегі № 810 қаулысымен бекітілген стратегиялық маңызы бар экономика салалары объектілерінің тізбесіне кірген барлық ұйымдар, ағымдағы жылы мониторингке жататын ұйымдарды қоспағанда, әрбір жылдың 31 наурызына дейін ұйымдар салық декларациясын тапсыратынын ескере отырып, жыл сайын 20 маусымға дейін табыс етіледі.
Мониторинг объектілерін және олардың аффилиирленген тұлғаларын жедел жинау нысандары бойынша зерттеулер мен есептілігі нәтижесінде алынған деректерді талдау тұтастай алғанда өңірлер экономикасына және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне объектілердің әсер ету дәрежесін нақтылауға мүмкіндік береді.
Кәсіпорындардың әсер ету және даму үрдісі дәрежесі мониторингке жататын объектілер тізбесіне оларды қосуға не алып тастау үшін негіз болады. Бұдан басқа, тізбеге мемлекеттік холдингтерді құруға байланысты өзгерістер енгізілетін болады.
Республиканың әрбір өңірінде қызметі өңірдің тыныс-тіршілігіне әсер ететін ұйымдар бар екенін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар орталық атқарушы органдармен қатар уәкілетті органға мұндай ұйымдарды меншіктің мемлекеттік мониторингіне жататын объектілер тізбесіне және ұйымдарды алдағы тексеру жоспарына енгізу бастамасын көтере алады.
Алдағы жылдарда қолданыстағы заңнаманың шектеулерін ескере отырып, басқа мемлекеттік органдардың Уәкілетті органының электрондық базаға қол жеткізуі және өнеркәсіптің салалары бойынша ұзақ мерзімді саясатты айқындау, мемлекеттік мүліктің құрамын оңтайландыру, бюджетке түсетін түсімдерді жоспарлау, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін мониторинг нәтижелерін пайдалануды кеңейту жоспарланып отыр.
5.9. Мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын
мемлекеттік органдардың қызметін бағалау жүйесін айқындау
Мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдар жетекшілерінің есептері тыңдауын жүргізу қорытындылары жөніндегі мемлекеттік меншікті басқару тиімділігіне жүргізілген талдау мемлекеттік органдар тарапынан да, мемлекеттік заңды тұлғаларды және мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды басқару органдарында мемлекет мүддесін білдіретін лауазымды тұлғалар тарапынан да мемлекеттік меншік объектілерін басқару тиімділігін арттыру қажеттілігін анықтады.
Қазіргі уақытта белгілі бір дәрежеде мемлекет пен мемлекет қатысатын басшыларының қатынастарын реттейтін қалыптастырылған нормативтік құқықтық база бар. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар өз өкілдері арқылы акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың директорлары кеңесінде кейбір әкімшілік шығыстарға лимиттерді белгілеуді қамтамасыз етеді.
Акцияларының бақылау пакеттері (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) қаржы-шаруашылық қызметіне талдау жүргізіледі.
Бұдан басқа, Yкімет өз шешімімен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар қызметіне қатысты мемлекеттік органға билік жүргізуге тиісті уәкілетті келісімін талап ететін бірқатар мәселелерді айқындады.
Бұл ретте мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар қызметін бағалау жүйесін айқындау меморганның ведомстволық бағынысты ұйымдардың белгілі бір өндірістік және әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге жетуі бөлігінде менеджмент жүйесі нәтижелілігін қарастырудан ғана емес, сондай-ақ мынадай көрсеткіштерге:
ұйымдар қызметінің бағдарламалық құжаттармен айқындалған басымдықтарға сәйкес келуі;
инвестициялық жобаларды іске асыру серпініне қол жеткізуден тұрады.
Мемлекеттік активтерді басқару тиімділігі мақсатында акцияларының мемлекеттік пакеттерін (қатысу үлестерін), мемлекеттік кәсіпорындарды және мемлекеттік мекемелерді басқару бойынша мемлекеттік органдардың қызметін бағалау өлшемдерін әзірлеу қажет.
Меморганды бағалау олардың өз функцияларын басқару органы (мемкәсіпорындар үшін) және акционер (акционерлік қоғамдар үшін), қатысушы (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін) ретінде іске асыру шеңберінде жүргізілуі тиіс.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарына ұйымдардың қаржылық құжаттарын жасауға, жүргізуге және беруге жауапты болғандықтан, ұйымдардың бас бухгалтерлеріне (қаржы қызметі басшыларына) қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу қажет.
5.10. Мемлекеттік жекешелендіру саясатын іске асыру
жөніндегі негізгі қағидаттар мен шаралар
Мемлекеттік саясаттың жекешелендіру саласындағы мақсаты қазақстандық ұйымдардың жұмыс істеу тиімділігін түбегейлі арттыру болып табылады.
Жекешелендіру саласындағы мемлекеттік саясат мына қағидаттарға негізделеді:
мемлекеттік активтердің құрылымын оңтайландыру, мемлекеттік бюджеттің мемлекеттік мүлікті басқаруға арналған шығыстарын азайту;
қазақстандық экономиканың нақты секторына, ең алдымен қазақстандық ұйымдардың ұзақ мерзімді дамуына мүдделі, инвестициялық және (немесе) әлеуметтік шарттарды іске асыру және оларды сөзсіз орындау жөніндегі міндеттемелерді өзіне алуға дайын инвесторлар есебінен инвестицияларды тарту;
ұйымдарды ұзақ мерзімді дамытуға бағдарланған тиімді меншік иелерінің қалың жігін құру, қазақстандық нарықты отандық өніммен толықтыру және оны әлемдік нарыққа жылжыту, өндірісті кеңейту және жаңа жұмыс орындарын құру;
жекешелендірілетін мүлік иелерінің міндеттемелерді орындауын бақылауды қамтамасыз ету;
әлеуетті инвесторлардың мүдделері мемлекет мүдделеріне сөзсіз қайшы келмейтін жағдайда олардың мүдделерін бағдарға алу;
қаржы консультантын, аудиторды, бағалаушыны, заңгер консультантты, менеджмент жөніндегі консультантты тарта отырып, жекешелендіру, оның ішінде ұйымдарды сату алдындағы дайындау жөніндегі әлемдік тәжірибені міндетті есепке алу;
жекешелендіру кезінде мемлекеттің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді мүдделерін үйлестіру болуға тиіс.
Кең ауқымды жекешелендіру кезеңі өткенін ескере отырып, одан әрі жекешелендіру процесі мемлекеттік активтердің құрылымын оңтайландырумен және қандай да бір қызмет түрлеріне мемлекеттің қатысу өлшемдерін әзірлеумен тығыз байланыстырылатын болады. Түрлі тетіктерді, оның ішінде жекешелендіруді пайдалана отырып, мемлекет, ең алдымен мемлекеттік кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдардың (серіктестіктердің) бейінді емес активтерін (қызмет түрлерін), сондай-ақ қызметі тиімсіз (тиімділігі аз) активтерді бәсекелі нарыққа беру арқылы экономиканың түрлі салаларына өзінің ықпал ету саласын азайтатын болады.
5.11. Жекешелендіруден кейінгі бақылауды жүзеге асыру
«Жекешелендіру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік меншікті сатып алу-сату шарттарының орындалуын бақылау жекешелендіруді жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органға бекітілген.
Тексерулердің жоспарлы сипаты болады, олардың мерзімділігі әрбір сатып алу-сату шарты бойынша жеке, әдетте жылына бір рет белгіленеді. Жекешелендірілген объектілермен проблемалар туындаған жағдайда кезектен тыс тексерулер ұйымдастырылады. Жекешелендірілген объектілердің электрондық дерекқоры жекешелендіру объектілеріне жүргізілген тексерулердің нәтижелерін, олардың орындалу мерзімін жедел қадағалап отыруға, тексерулерді жоспарлауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте, тексерілетін жекешелендіру объектілері сатып алу-сату шарттарында көзделген міндеттемелердің көлеміне қарай санаттар бойынша бөлінеді.
Тексерулер жүргізу жөніндегі нұсқаулық әзірленді, жекешелендіру объектілерін тексеру алгоритмі соған сәйкес айқындалады.
Консалтингтік фирмалар өңірлер мен салалардың тыныс-тіршілігі үшін маңызды мәні бар, сондай-ақ жекешелендіру шарттарына сәйкес ірі инвестициялық міндеттемелері бар жекешелендіру объектілерін тексереді.
Инвестициялық және басқа міндеттемелердің орындалуын бағалауға консалтингтік фирмаларды тарту үшін жекешелендіруді жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган жыл сайын бюджеттік қаржыландыру шеңберінде мемлекеттік сатып алуды жүргізеді. Сатып алу конкурсының нәтижелері бойынша консалтингтік фирмалармен объектілерді Тексеру бағдарламасын, ақпараттың құпиялылығын көздейтін мемлекеттік сатып алу шарттары жасалады. Жекешелендіру жөніндегі шарт бойынша инвестициялық және басқа міндеттемелердің орындалу мәніне тексеру жүргізбес бұрын сатып алушыға консультанттардың қажетті құжаттарға қол жеткізуін қамтамасыз ету туралы хабарлама жіберіледі.
Консультанттардың инвестициялық және басқа міндеттемелердің орындалуын талдау нәтижелері жөніндегі ұсынымдары объектілерді дамыту, инвестициялық бағдарламаларды одан әрі іске асыру мәселелерін қарау кезінде жекешелендірілген объектілермен ағымдағы жұмыс барысында қолданылады.
Міндеттемелердің орындалуын талдау барысында анықталған, инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың объективті қиындықтарымен, жекешелендіру объектілерін үшінші тұлғалардың пайдасына сатып алушының иелігінен айырумен, сатып алушының таратылуымен және басқа міндеттемелермен байланысты қосымша проблемалар Жекешелендіруден кейін бақылау жөніндегі комиссияның қарауына шығарылады, оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Тәуелсіз сарапшылардың қорытындыларын, сатып алушылардың шағымдарын қарау нәтижелері бойынша Жекешелендіруден кейін бақылау жөніндегі комиссия өз ұсынымдарын шығарады, жекешелендіруді жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган сатып алу-сату шарттарының одан әрі орындалуына және жекешелендіру объектілерін дамытуға ықпал ететін шараларды соның негізінде қабылдайды.
Бұл мақсатқа қол жеткізудің дәстүрлі тетіктерінің бірі сатып алушылармен келісім бойынша қолданыстағы сатып алу-сату шарттарының ережелерін түзету және нақтылау нысанына қосымша келісімдерге қол қою болып табылады. Бұл тетік азаматтық құқықтық қатынастардың тең қатысушылары ретіндегі инвестор мен мемлекет арасындағы заңдылық, объективтілік және экономикалық орындылық қағидаттарына негізделген өзара қатынастар үшін объективті қажеттілік болып табылады және өзара сенімді нығайтуға бағытталған әрі жекешелендіруден кейінгі кезеңде ұйымдардың экономикалық жағдайын одан әрі тұрақтандыруға ықпал етеді.
Сатып алу-сату шартын бұзу жекешелендіруден кейінгі бақылау практикасындағы ең соңғы шара болып табылады және консультанттар мен Жекешелендіруден кейін бақылау жөніндегі комиссияның ұсынымдары негізінде қабылданған шарттық міндеттемелер қасақана орындалмаған не сатып алушы олардан бас тартқан жағдайда ғана қолданылады.
5.12. Мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет
қатысатын акционерлік қоғамдардың (серіктестіктердің)
басқару органдарында мемлекет мүддесін білдіретін
лауазымды тұлғалардың олардың қаржы-шаруашылық қызметіндегi
қорытындылары, мемлекеттік мүліктің мақсатты және тиімдi
пайдаланылуы үшін жауапкершілігін арттыру
Мемлекеттік меншік объектілерінің және олардың ерекшеліктерінің әр алуандығына қарай көп жағдайда мемлекет мақсатқа қол жеткізу тәсілдерін, яғни мемлекеттік меншік объектісіне қатысты нақты іс-шаралардың егжей-тегжейлі, экономикалық негізделген жоспарларын айқындай алмайды және айқындауға тиіс емес.
Мақсатқа қол жеткізу тәсілі заңнама шеңберінде айқындалады. Бұл ретте, мемлекеттің мақсатына қол жеткізудің қабылданған тәсілін жүзеге асыруы үшін жауапкершілік басқару органына жүктеледі, ол тиісті қызметті ынталандырып қана қоймай, жоспарланған сапалы басқару нәтижесіне қол жеткізілмеген жағдайда мемлекет тәуекелдерін барынша азайтуға тиіс.
Атап айтқанда, акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакеттерін басқару кезінде акционерлік қоғамдардағы басқару органы директорлар кеңесін айқындады, оның мүшелері акционерлік қоғамның лауазымды тұлғалары болып табылады.
Бүгінгі күні объективті себептер бойынша директорлар кеңесі мүшелерінің тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауына шек қойылған.
Мемлекеттің өкілдері - мемлекеттік қызметшілер директорлар кеңесінің отырыстарына ұсынылған материалдарды қарау кезінде лауазымдық міндеттерін орындаудан босатылмайды, сондықтан олардың уақыты шектеулі, ұсынылған материалдарды қарау үшін тиісті біліктілігі жоқ (практика көрсеткендей) және жан-жақтан мамандар тартуға мүмкіндігі жоқ.
Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің акциялары мемлекеттік меншіктегі акционерлік қоғамдардың директорлар кеңесіне қатысуының орындылығын қарау қажет.
Заңнамада акционерлік қоғамдарды басқару органдарында тәуелсіз директорлардың болуы көзделгенін ескере отырып, өз қызметін басқару органдарында тұрақты және кәсіби негізде жүзеге асыратын тәуелсіз директорлар институтын құру мүмкіндігін қарау қажет.
Сонымен қатар, акциялары мемлекеттік меншіктегі акционерлік қоғамдарды басқару органдарына сайланатын тәуелсіз директорлардың бәріне қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын әзірлеу қажет.
Мемлекеттік кәсіпорындарды мемлекеттік басқару органдары министрліктер, агенттіктер, ведомстволар және Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген өзге де мемлекеттік органдар болып табылады.
Мемлекеттік кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы өкілеттіктерінің ауқымы кең, атап айтқанда, мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын айқындау, мемлекеттік кәсіпорындар мүлкінің мақсатты пайдаланылуын және сақталуын бақылауды жүзеге асыру, мемлекеттік кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық жоспарларын, оның ішінде жоспарлы қаржылық көрсеткіштерді қарау және бекіту, сондай-ақ олардың орындалуын бақылау және талдау.
Бұл ретте, заңнамада мемлекеттік кәсіпорын басшысының меншік иесі мен мемлекеттік басқару органы алдындағы кәсіпорындағы істердің жай-күйі үшін дербес жауапкершілігі айқындалған, дегенмен, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды адамдарының мемлекеттік кәсіпорындарды тиімсіз басқарғаны үшін жауапкершілігі айқындалмаған.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі қатысу үлестерін басқаруды жүзеге асыру кезінде заңнамада оның органдарының жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тиісті дәрежеде басқаруды бірлесіп жүзеге асырмағанынан туындаған шығындар не оның үшінші тұлғаларға келтірген шығындары үшін жауапкершілігі көзделген.
Осыған байланысты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қатысу үлестерін тиімді басқару және басқару органын айқындау мақсатында заңнамаға үлестері мемлекеттік меншіктегі жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару ерекшеліктерін реттейтін норма енгізу қажет.