қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды жоспарлау мен қаржыландыру;
табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген төлемдер;
қоршаған ортаны ластағаны үшiн ақы төлеу;
табиғи ресурстарды қорғау және молықтыру үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген төлемдер;
қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан ынталандыру;
экологиялық сақтандыру;
қоршаған ортаны ластаудан келтiрiлген зиянды экономикалық бағалау және өтеу болып табылады.
04.06.01 ж. № 205-II; 09.12.04 ж. № 8-III (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңдарымен 27-бап өзгерді
27-бап. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды
жоспарлау мен қаржыландыру
1. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар болжамдық және бағдарламалық-нысаналы құжаттар мен материалдарда ескерiледi, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуын индикативтi жоспарлаудың жобаларына, табиғат пайдаланудың әртүрлi бағыттары жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамаларға енгiзiледi.
Табиғат пайдаланудың әртүрлi бағыттары жөніндегі экологиялық бағдарламалар мен тұжырымдамаларды әзiрлеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық бағдарламалар мен шараларды қаржыландыру:
1) бюджет қаражаты;
2) экологиялық сақтандыру қаражаты;
3) табиғат пайдаланушылардың өз қаражаты;
4) жеке және заңды тұлғалардың ерiктi жарналары мен қайырмалдықтары есебiнен жүргiзiледi.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 28-бап жаңа редакцияда
28-бап. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшiн төленетiн төлемдер
Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшiн төленетiн төлемдер Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген салықтар, алымдар және төлемдер түрiнде табиғат пайдаланушылардан алынады.
ҚР 04.06.01 ж. № 205-II; 24.12.01 ж. № 276-II; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Қоршаған ортаны ластағаны үшiн ақы төлеу
Қоршаған ортаны ластағаны үшiн төленетiн ақы ластайтын заттарды шығарғаны және тастағаны, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын орналастырғаны үшiн ұйымдар мен азаматтардан алынады.
Қоршаған ортаны белгiленген лимиттерден тыс ластағаны үшiн ақы Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген көтерiңкi мөлшерде алынады.
Қоршаған ортаны ластағаны үшiн бюджетке төленетiн ақының сомасын есептеу және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес белгiленедi.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 30-бап жаңа редакцияда
30-бап. Табиғи ресурстарды қорғау мен молайту үшiн
төленетiн төлемдер
Табиғи ресурстарды қорғау мен молайтуды жүзеге асыруға арналған бюджет шығындарының орнын толтыруды өтеу ретiнде табиғат пайдаланушылардан Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес төлем алынады.
2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 31-бап өзгертілді
31-бап. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық
жағынан ынталандыру
1. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ынталандыру қоршаған ортаны қорғауды тиiмдi жүзеге асыратын заңды тұлғаларға - табиғат пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеңiлдiктер мен преференциялар беру және ынталандыратын сипаттағы өзге де шаралар арқылы жүзеге асырылады.
2. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан ынталандыру заңдарға қайшы келмейтiн шаралар арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн.
ҚР 04.06.01 ж. № 205-II Заңымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Экологиялық сақтандыру
1. Экологиялық сақтандыру қоршаған ортаға, басқа адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіру салдарынан шарттан туындайтын міндеттемелер бойынша жауапкершілік тәуекелі туындаған кездегі жеке және заңды тұлғаның мүліктік құқықтарын (сақтандырылғандарын) қорғауға байланысты қатынастар кешені болып табылады.
2. Шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық жағынан қауiптi түрлерiмен айналысатын заңды тұлғалар мен азаматтар мiндеттi түрде экологиялық сақтандырылуға тиiс. Мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырудың осы түрiне лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуы мүмкiн.
3. Ерiктi экологиялық сақтандыру заңды тұлғалар мен азаматтардың өз еркiн бiлдiруi бойынша жүзеге асырылады. Ерiктi экологиялық сақтандырудың түрлерi, шарттары мен тәртібі сақтанушылар мен сақтандырушылардың арасындағы келісімдермен белгiленедi.
4. Міндетті экологиялық сақтандыру тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленеді.
ҚР 04.06.01 ж. № 205-II Заңымен 33-34-баптар алып тасталды
ҚР 04.06.01 ж. № 205-II Заңымен VIII-тараудың тақырыбы өзгертілді
8 тарау. Экологиялық нормалау
ҚР 04.06.01 ж. № 205-II Заңымен 35-бап өзгертілді
35-бап. Экологиялық нормалардың негізгі міндеттері мен талаптары
Экологиялық нормалау қоршаған ортаға ықпал етудің экологиялық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығын сақтауға кепілдік беретін, қоршаған ортаның ластануын болдырмауды, табиғи ресурстарды молықтыруды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін, ғылыми негізделіп жол берілетін шекті нормаларын белгілеу мақсатын көздейді.
Экологиялық нормалаудың негiзгi мiндеттерiне:
Экологиялық нормаларды белгiлеу және олардың адам денсаулығына, табиғи ресурстарды қорғауға, молықтыруға және ұтымды пайдалануға ықпалын анықтау;
қоршаған ортаға зиянды әсердiң жол берiлетiн шектi шамалары мен деңгейлерiн белгiлеу кiредi.
Қоршаған орта сапасының белгiленген нормативтерiн асыра көрсетуге немесе оларды уақытша және төмендетiлген нормалармен алмастыруға жол берiлмейдi.
Нормативтер шамаларын аумақтардың нақты экологиялық жағдайларына байланысты қатаңдау жағына қарай өзгертуге жол берiледi.
Бекітілген экологиялық нормативтер барлық заңды және жеке тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады, жариялауға және еркiн таратылуға тиiс.
04.06.01 ж. № 205-II; 09.12.04 ж. № 8-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 36-бап өзгерді
36-бап. Экологиялық нормативтердің негізгі түрлері
Экологиялық нормативтердің негiзгi түрлерiне:
қоршаған ортада зиянды заттардың жол беруге болатын шектi мөлшерде шоғырлану нормативтерi;
қоршаған ортаға ластайтын заттардың жол беруге болатын шектi мөлшерде шығарылу және тасталу нормативтерi;
шудың, тербелiстiң, магнит өрiстерi мен өзге де зиянды физикалық әсерлердiң жол беруге болатын шектi деңгейiнiң нормативтерi;
радиациялық әсердiң жол беруге болатын шектi деңгейiнiң нормативтерi;
агрохимикаттарды ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында қолданудың жол беруге болатын шектi нормалары;
қорғау, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш аймақтарының нормативтерi;
зиянды (ластағыш) заттарды шығарудың, тастаудың үлес нормативтері;
қалдықтармен жұмыс iстеу нормативтерi жатады.
Қазақстан Республикасының заңдарында экологиялық нормативтердің өзге де түрлерi көзделуi мүмкiн.
37-бап. Қоршаған ортада зиянды заттардың жол беруге
болатын шектi мөлшерде шоғырлану нормативтерi
Халықтың денсаулығын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау, олардың генетикалық қорларын сақтау мақсатында атмосфералық ауаны, суды, топырақ пен жер қойнауын ластауы ықтимал қауiптi химиялық және биологиялық заттардың жол беруге болатын шектi мөлшерде шоғырлануының нормативтерi белгiленедi.
38-бап. Қоршаған ортаға ластайтын заттардың жол беруге
болатын шектi мөлшерде шығарылу және тасталу
нормативтерi
Тиiстi аумақта қоршаған ортаны ластаудың барлық көздерi мен көлемдерiн ескере отырып, халықтың денсаулығына, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне олардың жасайтын кешендi ықпалына жол бермеу мақсатында ластанудың әрбiр көзi бойынша қоршаған ортаға ластайтын заттардың жол беруге болатын шектi мөлшерде шығарылу және тасталу нормативтерi белгiленедi.
39-бап. Шудың, тербелiстiң, магнит өрiстерi мен өзге
де зиянды физикалық әсерлердiң жол беруге
болатын шектi деңгейiнiң нормативтерi
Халықтың денсаулығы мен еңбек қабiлетiн сақтау, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн, тiршiлiк үшiн қолайлы қоршаған ортаны қорғау мақсатында шудың, тербелiстiң, магнит өрiстерi мен өзге де зиянды физикалық әсерлердiң жол беруге болатын шектi деңгейлерiнiң нормативтерi белгiленедi.
40-бап. Радиациялық әсердiң жол беруге болатын
шектi деңгейiнiң нормативтерi
Адамның денсаулығы мен генетикалық қорына төнетiн қауiптi болдырмау, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау мақсатында қоршаған орта мен тамақ өнiмдеріндегі радиациялық әсердiң жол беруге болатын шектi деңгейiнiң нормативтерi белгiленедi.
41-бап. Ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында
агрохимикаттарды қолдануға жол берiлетiн
шектi нормалар
Адамның денсаулығын және генетикалық қорын сақтау, өсiмдiк және жануарлар дүниесiн қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында минералдық тыңайтқыштарды, өсiмдiк қорғау құралдарын, стимуляторларды және басқа да агрохимикаттарды, тамақ өнiмдеріндегі, топырақ пен судағы химиялық заттар қалдықтарының жол берiлетiн шектi нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн мөлшерде қолдануға жол берiлетiн шектi нормалары белгiленедi.
42-бап. Күзетiлетiн, санитариялық-қорғаныш және
өзге де қорғаныш өңiрлерi
Қоршаған ортаға зиянды әсердi болғызбау және ерекше күзетудi қажет ететiн объектiлердi сақтау мақсатында күзетiлетiн, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш өңiрлерi белгiленедi.
Күзетiлетiн, санитариялық-қорғаныш және өзге де қорғаныш өңiрлерiнiң көлемдерi, оларды пайдалану режимдерi заңдарға сәйкес белгiленедi.
9 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
стандарттау мен сертификаттау
43-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы стандарттау
мен сертификаттау объектiлерi
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы стандарттау мен сертификаттау объектiлерiне Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн немесе оның аумағына, әкелiнетiн, экологиялық қауiпсiздiкке, халықтың өмiрi мен денсаулығына, табиғи ресурстардың молықтырылуы мен ұтымды пайдаланылуына қауiп төндiруi мүмкiн өнiм (жұмыс, қызмет) жатады.
44-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы стандарттау
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттары және техникалық шарттар заңдармен белгiленген тәртiппен әзiрленiп, бекітіледi және тiркеледi.
Қоршаған ортаны қорғау саласында тiркелген стандарттар және техникалық шарттар талаптарын бұза отырып, өнiмнiң (бұйымның) әзiрленуiне, жасалуына, жеткiзiлуiне (өткiзiлуiне), сақталуына, тасымалдануына, пайдаланылуына және жөнделуiне, жұмыс (қызмет) атқарылуына тыйым салынады.
45-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сертификаттау
Қоршаған ортаны қорғау саласында стандарттарға және техникалық шарттарға сәйкестiктi анықтау үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен мiндеттi және ерiктi сертификаттау жүзеге асырылады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мiндеттi сертификаттауға жататын өнiмдi (жұмысты, қызметтi) сәйкестiк сертификатынсыз өткізуге тыйым салынады.
10 тарау. Шаруашылық және өзге қызметке қойылатын
экологиялық талаптар
ҚР 04.06.01 ж. № 205-II Заңымен 46-бап өзгертілді
46-бап. Қоршаған ортаға ықпалды бағалаудың міндеттілігі
Қоршаған ортаға әсердi бағалау басқару және шаруашылық шешiмдерiнiң қабылданатын нұсқаларының экологиялық және өзге де зардаптарын анықтау, қоршаған ортаны сауықтыру, табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ресурстардың жойылуын, азып-тозуын, бүлiнуiн және сарқылуын болдырмау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында жүргiзiледi.
Қоршаған ортаға әсердi бағалау нәтижелерi жобалау алдындағы және жобалау материалдарының ажырамас бөлiгi болып табылатын құжат түрiнде ресiмделедi. Қоршаған ортаға жасалатын әсер бағаланбайынша, оған ықпал жасайтын жобаларды әзiрлеу мен iске асыруға тыйым салынады.
Қоршаған ортаға терiс әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi қайта бейiмдеу, уақытша тоқтатып қою, меншiгiн ауыстыру және тарату қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органмен келісім бойынша не олардың қоршаған ортаға жасалатын әсердi бағалау жөнiнде жүргiзген тексерулерiнен, анықталған жолсыздықтар жойылғаннан және келтiрiлген зиянның орны белгiленген тәртiппен толықтырылғаннан кейiн ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
Қоршаған ортаға әсердi бағалауды жүргiзу тәртібі экологиялық сараптама туралы заңдармен анықталады.
47-бап. Табиғи ресурстарды пайдалану кезіндегі
экологиялық талаптар
Жердi, жер қойнауын, суды, атмосфералық ауаны, ормандарды және өзге де өсiмдiктердi, жануарлар дүниесiн, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған ортаны қорғау объектiлерiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық жағдайы қолайсыз аумақтарды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар заңдармен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
Табиғи экологиялық жүйелердiң бүлiнуiн, адамның, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң генетикалық қорларының жойылуын, қоршаған ортаның халық өмiрi мен денсаулығына қауiптi өзгерістерiн туғызатын шаруашылық және өзге де қызметке тыйым салынады.
48-бап. Жобалауға қойылатын экологиялық талаптар
Елдi мекендердi, кәсiпорындарды, үйлер мен құрылыстарды өнеркәсiп және ауыл шаруашылығы объектiлерiн, сумен жабдықтау, канализация, гидротехникалық құрылыстар жүйелерiн, көлiк және байланыс құралдарын, технологиялық процестердi, бұйымдар мен жабдықтарды, басқа да объектiлердi жобалау кезiнде қоршаған орта сапасының нормативтерi ескерiлуге, зиянды қалдықтарды залалсыздандыру мен кәдеге жарату, қалдығы аз және қалдықсыз технологиялар мен өндiрiстер, қоршаған орта ластануының алдын алу жөніндегі тиiмдi шаралар, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдалану көзделуге тиiс.
Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмаған жобалар бекітілмеуге тиiс, ал бұл жобаларды iске асыруды қаржыландыруға жол берiлмейдi.
49-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де
объектiлердi орналастыру кезіндегі экологиялық
талаптар
Кәсiпорындар, құрылыстар және өзге де объектiлер орналастырылатын орындар қоршаған ортаны қорғаудың, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдаланудың шарттары мен ережелерiн сақтап, аталған объектiлер қызметiнiң экологиялық зардаптары ескерiле отырып белгiленедi.
Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi орналастыру кезiнде күзетiлетiн, санитариялық-қорғаныш және өзге де өңiрлер белгiленедi.
50-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де
объектiлердi салу мен қайта құру кезіндегі
экологиялық талаптар
Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi салу мен қайта құру мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда және қоршаған ортаның сапалық нормативтерiне сәйкес жүзеге асырылады. Бекiтiлген жобаны немесе жұмыс құнын қоршаған ортаны қорғауға зиян келтiретiндей етiп өзгертуге жол берiлмейдi.
Құрылыс жұмыстарын атқару кезiнде жердi қалпына келтiру, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдалану, аумақты көркейту және қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі шаралар қолдануға тиiс.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 51-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
51-бап. Мемлекеттік мүлiктi жекешелендiру кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар мен
мiндеттемелердiң есебi
1. Мемлекеттік мүлiктi жекешелендiру кезiнде жекешелендiрудi жүзеге асыруға уәкiлеттi атқарушы орган экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi.
2. Кәсiпорындар мен өзге де объектiлердi жекешелендiру экологиялық жай-күйдi тексеру нәтижелерiн ескере отырып жүзеге асырылады. Кәсiпорынның немесе өзге де объектiнiң экологиялық жағдайын тексеру кәсiпорынды және өзге де объектiнi жекешелендiру жоспарында көзделiп, мемлекеттік экологиялық бақылау органының қатысуымен жүзеге асырылады.
3. Жекешелендiрiлетiн кәсiпорындар мен өзге де объектiлердi тазарту және залалсыздандыру жөніндегі шараларды қаржыландыру мемлекет есебiнен және (немесе) жаңа меншiк иесiнiң келісімiмен мына көздерден:
1) кәсiпорынның жаңа иесi табиғат қорғау объектiлерiн салуды, қайта құруды және техникалық жағынан қайта жарақтандыруды қайта инвестициялайтын қаражат;
2) жекешелендiрiлген кәсiпорын мен өзге де объектiге нысаналы несиелер, процентсiз қарыз және табиғат қорғау мұқтаждарын нысаналы қаржыландыру түрiнде түсетiн қаражат;
3) кәсiпорынның экологиялық сақтандыру жүйесi арқылы алатын қаражаты есебiнен;
4) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
5) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
52-бап. Банкроттық жағдайындағы экологиялық
талаптар мен мiндеттемелердiң есебi
1. Заңды тұлғаға - табиғат пайдаланушыға қатысты банкроттық туралы iс қозғалған жағдайда кәсiпорынның және өзге де объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзiледi.
2. Кәсiпорынның және өзге де объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзу мiндетi санацияны жүзеге асыратын органға не сыртқы басқарушыға жүктеледi.
3. Банкроттыққа әкеп соққан шаруашылық қызметiнiң нәтижесi, сондай-ақ кәсiпорынның экологиялық талаптарды сақтауы тексеру объектiсi болады.
4. Заңды тұлғаның - табиғат пайдаланушының банкроттығы туралы iс жүргiзiлген жағдайда несие берушiлердiң экологиялық мiндеттемелер жөніндегі мүдделерiн есепке алу қамтамасыз етiледi.
53-бап. Заңды тұлға таратылған және қайта ұйымдастырылған
кездегi экологиялық талаптар мен мiндеттемелердiң
есебi
1. Заңды тұлғаны - табиғат пайдаланушыны тарату мен қайта ұйымдастыру кәсiпорынның жай-күйiн тексеру және (немесе) экологиялық сараптама деректерiнiң негiзiнде экологиялық талаптар ескерiлiп, олардың нәтижелерiн заңды тұлғаны қайта ұйымдастырудың тиiстi нысаны кезiнде жасалатын тарату балансында мiндеттi түрде көрсете отырып жүзеге асырылады.
2. Таратылатын немесе қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның экологиялық жай-күйiн тексеру мемлекеттік экологиялық сараптама органының қатысуымен жүзеге асырылады.
3. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда жаңа меншiк иесiнiң бөлу балансына сәйкес экологиялық мiндеттемелер жөніндегі құқыққа мирасқорлығы қамтамасыз етiледi.
4. Заңды тұлға несие берушiлердiң экологиялық мiндеттемелер жөніндегі мүдделерi ескерiле отырып таратылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 54-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
54-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де
объектiлердi пайдалануға беру және пайдалану
кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
Кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi пайдалануға беру жобада көзделген барлық экологиялық талаптар толық көлемiнде орындалған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның, оның жергiлiктi жерлердегi аумақтық бөлiмшелерiнiң және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының қатысуымен құрылатын қабылдау комиссияларының актілері бойынша жүргiзiледi.
Зиянды қалдықтарды, ластайтын заттардың шығарындыларын жол берiлетiн шектi нормативтер деңгейiне дейiн тазарту, залалсыздандыру және кәдеге жарату жөніндегі қондырғылармен және жабдықтармен, қоршаған ортаның ластануын бақылау құралдарымен қамтамасыз етiлмеген кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектiлердi жердi қалпына келтiру, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдалану жөнiнде жобаланып қойылған жұмыстарды аяқтамай пайдалануға беруге тыйым салынады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 55-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
55-бап. Өнеркәсiп, энергетика, көлiк және байланыс
объектiлерiн, ауыл шаруашылық мақсаттағы
және мелиорация объектiлерiн пайдалану кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
Өнеркәсiп, энергетика, көлiк және байланыс объектiлерiн, ауыл шаруашылық мақсаттағы және мелиорация объектiлерiн пайдалану белгiленген экологиялық талаптарды ескерiп және экологиялық жағынан негiзделген технологияларды, қоршаған ортаның ластануын болдырмайтын қажеттi тазарту құрылыстары мен санитариялық-қорғаныш өңiрлерiн пайдалана отырып жүзеге асырылуға тиiс. Аталған объектiлердi пайдалану кезiнде қалдығы аз және қалдықсыз технологиялар мен өндiрiстер енгiзiлуге тиiс, олар зиянды қалдықтарды, ластайтын заттардың шығарындылары мен тастандыларын тазартуға, залалсыздандыруға және кәдеге жаратуға арналған тиiмдi құралдармен жарақтандырылуға, отынның қауiпсiз түрлерi қолданылып, табиғи ресурстарды үнемдеп және ұтымды пайдалануға, экологиялық қауiпсiздiк жөнiнде шаралар қолдануға тиiс.
Халық тығыз орналасқан аумақтарда, сейсмикалық қауiптi аймақтарда, ежелден халық жаппай дем алатын және емделетiн жерлерде атом және су-электр станцияларын жобалауға, салуға тыйым салынады.
56-бап. Қалалар мен басқа да елдi мекендер салу кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
Қалалар мен басқа да елдi мекендердi жобалау, салу, қайта құру, экологиялық қауiпсiздiктi және қоршаған ортаны сақтау талаптарын ескере отырып, халықтың өмiр сүруi, еңбек етуi және демалуы үшiн неғұрлым қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мiндеттi.
Қалалар мен басқа да елдi мекендердi жоспарлау мен салу кезiнде өнеркәсiптiк және коммуналдық-тұрмыстық қалдықтарды санитариялық тазарту, залалсыздандыру, кәдеге жарату, қоймаға жинау, қауiпсiз етiп адалау, өңдеу және көму көзделiп жүзеге асырылуға тиiс. Iрi қалалар мен өнеркәсiп орталықтары жанынан табиғат пайдаланудың шектеулi режимi енгiзiлген орман-парк, жасыл желек және қорғаныш өңiрлерi құрылуға тиiс.
57-бап. Радиоактивтi материалдарды пайдалану кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
Ұйымдар мен азаматтар радиоактивтi материалдарды өндiрудiң, сақтаудың, тасымалдаудың, пайдаланудың, кәдеге жаратудың, адалаудың және көмудiң белгiленген ережелерiн сақтауға, радиациялық әсердiң жол беруге болатын шектi деңгейi нормативтерiнiң бұзылуына жол бермеуге, қоршаған ортаның радиациялық ластануының алдын алу және жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
Қазақстан Республикасына басқа мемлекеттерден радиациялық қалдықтар мен материалдарды сақтау немесе көму мақсатында әкелуге тыйым салынады. Радиоактивтi заттардың қоршаған ортаға түсуiне жол бермеу жөнiнде шаралар жүргiзбейiнше радиоактивтi қалдықтар мен материалдарды жер бетiне және жер қойнауына көмуге де (орналастыруға) тыйым салынады.
Қоршаған ортаның радиоактивтi ластануы байқалған жағдайда ұйымдар мен азаматтар бұл туралы бақылаушы органдарды дереу хабардар етуге тиiс.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 58-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
58-бап. Ықтимал қаупi бар химиялық және биологиялық
заттарды өндiру мен пайдалану кезiнде
қойылатын экологиялық талаптар
Ықтимал қаупi бар химиялық және биологиялық заттарды өндiру мен қолдануға оларды қажеттi уыттық-гигиеналық және экологиялық-уыттылыққа қатысты зерттеулер жүргiзiлiп, олармен жұмыс iстеу гигиеналық жағынан реттелгеннен кейiн, гигиеналық және экологиялық нормативтер белгiленiп, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен мемлекеттік тiркеу жүзеге асырылғаннан кейiн жол берiледi.
Жергiлiктi табиғатқа тән емес, сондай-ақ жасанды жолмен алынған биологиялық объектiлердi қоршаған ортада өсiруге және орналастыруға тиiстi экологиялық негiздемелер болған жағдайда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның рұқсаты бойынша жол берiледi.
59-бап. Қоршаған ортаны зиянды физикалық әсерден қорғау
Ұйымдар мен азаматтар қалалар мен басқа да елдi мекендердiң өндiрiстiк, қоғамдық және тұрғын үй-жайларында, көшелерiнде, аулаларында, алаңдарында, халық дем алатын өңiрлерде және жабайы хайуанаттар мекендейтiн жерлерде шудың, тербелiстiң, магнит өрiсiнiң зиянды ықпалы мен өзге де зиянды физикалық әсерлердiң алдын алу мен жою жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.
Қалалар мен басқа да елдi мекендердi жоспарлау және салу, өндiрiстiк немесе өзге де объектiлердi жобалау, салу, қайта құру және пайдалану, жаңа техниканы, көлiк пен байланыс құралдарын жасау, игеру және пайдалану кезiнде шудың, тербелiстiң, магнит өрiсiнiң және өзге де зиянды физикалық әсерлердiң жол берiлетiн шектi деңгейiнiң нормативтерi ескерiлуге тиiс.
ҚР 04.06.01 ж. № 205-II ; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 60-бап өзгерді
60-бап. Өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс iстеу
кезiнде қойылатын экологиялық талаптар
1. Қалдықтарды қоймаға жинау, жою және көму облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмiмен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды басқару қызметтерін жүзеге асыратын арнаулы уәкілетті мемлекеттік органдарымен келiсе отырып, белгiленген жерлерде жүргiзiледi.