43-бап. Әуе кемесiнiң аэронавигациялық ұйыммен радиобайланысы
Байланыс құралдары бар әрбiр әуе кемесiне шақырушы радиосигнал берiледi.
Бақыланатын әуе кеңiстiгiнде ұшып жүрген әуе кемесi мен аэронавигациялық ұйым арасында тұрақты байланыс болуға тиiс. Байланыс бұзылған жағдайда әуе кемесiнiң командирi мен аэронавигациялық ұйымдар оны қалпына келтiру үшiн мүмкiн болатын шаралардың бәрiн қолдануға мiндеттi.
Егер қолданылған шаралар нәтижесiнде радиобайланысты қалпына келтiрудiң сәтi түспесе, әуе кемесiнiң командирi мен аэронавигациялық ұйымдар Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiне сәйкес iс-қимыл жасауға тиiс.
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 44-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
44-бап. Елдi мекендердiң үстiмен ұшу
Әуе кемелерi елдi мекендер үстiмен, әуе кемесi бұзылған жағдайда сол елдi мекендерден тысқары жерде немесе таяудағы аэродромда оның қонуына мүмкiндiк беретiндей биiктiкте ғана ұша алады. Ұшып-қону алаңының орналасуы әуе кемесiнiң елдi мекен үстiнен ұшып өтуiнсiз көтерiлiп ұшуына және келiп қонуына мүмкiндiк бермейтiндей жағдайларда немесе адамдар өмiрiн сақтап қалу үшiн ұшып өту қажет болғанда, ал өзге де ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша бұл ережеден ауытқуға жол берiледi.
45-бап. Көрсетуге арналған ұшулар
Әуе кемелерiнiң көрсетуге арналған ұшулары әуе кемесiнiң тұрғын үйлер алабы мен адамдар легi үстiне құлауына болдырмайтын арнайы қауiпсiздiк шаралары сақтала отырып белгiленген аймақтарда орындалады.
Ұшу қауiпсiздiгi үшiн жауапкершiлiк көрсетуге арналған ұшуларды ұйымдастырушыға жүктеледi.
46-бап. Әуе кемелерi ұшуының зиянды әсерiнен қорғау
Қазақстан Республикасында пайдалануға арналған әуе кемесi, жердегi шу мен авиация қозғалтқыштарының зиянды заттары эмиссиясына қатысты Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген талаптарға сәйкестiгiне сертификат алуға тиiс.
Аэродром иелерi, пайдаланушылар, әуе кемелерiнiң командирлерi мен экипаж мүшелерi әуе кемелерiн жерде және әуеде пайдаланған кезде қажетсiз шуды болдырмауға немесе оны барынша азайтуға мiндеттi.
Әуе кемелерiнен адамдар денсаулығы мен айналадағы табиғи ортаға зиянды заттарды немесе басқадай қалдықтар мен материалдарды тастауға (халықтың және айналадағы табиғи ортаның қауiпсiздiгi шараларын сақтай отырып атқарылатын авиациялық-химиялық жұмыстардың жүргiзiлуiн қоспағанда) тыйым салынады, ал ондай әрекет жасауға кiнәлiлер қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауапты болады.
Адамдарға, жануарларға, айналадағы табиғи ортаға әуе кемелерiнiң зиянды әсерiн болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі нақтылы аудандарда барлық әуе кемелерi үшiн бiрыңғай немесе әуе кемелерiнiң үлгiлерi бойынша жеке-жеке ең төменгi ұшу биiктiгiн белгiлей алады.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде әуе кемелерiнiң дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуы айналадағы ортаға дыбыс екпiнiнiң зиянды әсерi тимейтiн биiктiктерде жалпы ережелер бойынша немесе елдi мекендерден шалғайда дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуға арнайы бөлiнген аудандарда орындалуы тиiс.
47-бап. Әуе кемесi экипажының iс-қимылына араласпау
Әуе кемесi бортындағы адамдардың, соның iшiнде кемеге ие адамдардың экипаж iс-қимылына араласуына, одан ұшуды орындаудың жоспары мен ретiн өзгертудi немесе аэронавигациялық ұйымның нұсқауларын орындамауды талап етуiне тыйым салынады.
48-бап. Әуе кемесi белгiленген маршруттан немесе ұшу ауданынан (аймағынан) ауытқыған жағдайдағы iс-қимыл
Әуе кемесi белгiленген маршруттан немесе ауданнан (аймақтан) ауытқыған немесе ұшудың өзге параметрiн сақтамаған жағдайда әуе кемесiнiң командирi мен аэронавигациялық ұйым ондай тәртiп бұзушылықты тоқтатуға дереу шара қолдануға мiндеттi.
49-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшырған әуе кемесi экипажының iс-қимылы
Апатқа ұшырау қаупi төнген әуе кемесi экипажының Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiнде белгiленген тәртiппен қатерге ұшырау белгiсiн берiп, аэронавигациялық ұйымға қатер сипаты туралы хабарлауға және борттағы адамдардың өмiрi мен денсаулығын, мүлiктi сондай-ақ әуе кемесiнiң өзiн сақтауға мүмкiн болатын шаралардың бәрiн қолдануға тиiс.
Апатқа ұшырған әуе кемесiнiң экипажы өз өкiлеттiгiн құзiреттi органдарға тапсырғанға дейiн борттағы адамдарды, мүлiктi құтқару мен олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, әуе кемесiнiң өзiн сақтау жөнiнде мүмкiн болған шаралардың бәрiн қолдануға мiндеттi. Әуе кемесiнiң барлық экипаж мүшелерi адамдарды, мүлiктi және әуе кемесiн құтқаруға қатысуға мiндеттi.
Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң командирi осындай жұмыстарды жүзеге асыруға уәкiлдiгi бар адамдар келгенге дейiн осы әуе кемесiнiң бортындағы адамдардың iс-қимылдарына басшылық етедi.
50-бап. Қауiп төнген адамдарға көмек көрсету
Қауiп төнген адамдар жайында қандай да бiр ақпарат алған әуе кемесiнiң командирi ол туралы аэронавигациялық ұйымға немесе өзге құзiреттi органға хабарлауға және, егер мұның өзi осы әуе кемесiнiң, жолаушылары мен экипажының қауiпсiздiгiне қатер туғызбаса, мүмкiн болатын көмегiн көрсетуге мiндеттi.
51-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi туралы ақпарат алған жағдайдағы аэронавигациялық ұйымның iс-қимылы
Аэронавигациялық ұйым апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi туралы ақпарат, сондай-ақ әуе кемесiнiң командирiнен қауiптi жағдайға ұшыраған адамдар туралы кез келген өзге де ақпарат алған кезде, Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiнде белгiленген тәртiппен қажеттi жәрдем көрсетуге мүмкiн болатын шаралардың бәрiн қолдануға мiндеттi.
7 тарау. Халықаралық ұшулар
15.12.01 ж. № 272-II; 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 52-бап өзгертілді
52-бап. Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнің халықаралық ұшулары
Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң халықаралық ұшулары:
а) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары;
б) тиiстi шетел мемлекеттерiнiң құзiреттi органдары тарапынан бiржолғы ұшуларды орындауға берiлген арнайы рұқсаттары негiзiнде және солардың шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң бiржолғы халықаралық ұшулары осы әуе кемелерi қарауында немесе меншiгiнде бар мемлекеттік органдардың, ұйымның немесе азаматтың шешiмi бойынша орындалуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесiнiң шетел мемлекетi әуе кеңiстiгiнде ұшуына арнайы рұқсат алуға сұратуды пайдаланушы уәкiлеттi орган арқылы, ал мемлекеттік және эксперименттiк әуе кемесiнiң ұшуына сұратуды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі жүзеге асырады.
Егер кеме құжаттарына, экипаж мүшелерiнiң куәлiктерiне қатысты барлық талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағындағы және аумағына немесе аумағы арқылы ұшудың орындалуы жоспарланып отырған шетел мемлекеттерiнде қолданылатын басқа да талаптар мен ережелер сақталса, онда сұрату жасалады.
Сұрату мен аталған ұшуларға рұқсат алудың тәртібін белгiлейтiн ережелердi уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі бiрлесе отырып бекiтедi.
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен 53-бап өзгертілді
53-бап. Шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшулары
Шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшулары:
а) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары;
б) ұшуларды орындауға берiлетiн арнайы рұқсаттар негiзiнде және солардың шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Мұндай рұқсаттарды:
азаматтық әуе кемелерiнiң бiр жолғы ұшуларына - уәкiлеттi орган; азаматтық әуе кемелерiне жатпайтын әуе кемелерiнiң бiржолғы ұшуларына - Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі бередi.
Халықаралық ұшулар басталар алдында шетелдiк әуе кемелерiнiң иелерi пайдаланушылар осы бапқа сәйкес мұндай ұшулардың орындалуына рұқсат беру құқығы жүктелген орталық атқарушы органға Қазақстан Республикасының аумағына ұшуды орындайтын әуе кемелерiнiң танылым белгiлерiн хабарлауға тиiс.
Бiржолғы ұшулар жасауға рұқсат беру тәртібі Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.
54-бап. Қазақстан Республикасының аумағы үстiмен халықаралық ұшуларды орындау
Ұлттық және шетелдiк әуе кемелерi Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде халықаралық ұшуларды орындаған кезде осы Заңға сәйкес ұшулардың орындалуы мен әуе кемелерiнiң пайдаланылуын реттейтiн жалпы ережелер қолданылады.
Ұлттық және шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасы аумағынан ұшып шығуы, сондай-ақ олардың ұшып көтерiлгеннен кейiнгi Қазақстан Республикасы аумағынан қайта қонуы халықаралық ұшулар үшiн тұрған аэродромдарда жүзеге асырылады. Әуе кеңiстiгіндегі халықаралық ұшулар белгiленген әуе трассалары бойынша атқарылады.
Әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесiп өтуi шекараның халықаралық трассаларымен қиылысқан жерлерi арқылы немесе Қазақстан Республикасы Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеде белгiленген тәртiппен осы мақсат үшiн арнайы бөлiнген әуе дәлiздерi бойынша орындалады.
Аталған ережелер мынадай жағдайларда:
а) Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеге сәйкес адамдар өмiрiне қауiп төндiретiн табиғи зiлзала, апаттар, авариялар, авариялық ахуалдар мен басқа жағдайларда;
б) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен көзделген жағдайларда;
в) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеде белгiленген тәртiппен берiлетiн арнайы рұқсат алғанда сақталмайды.
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен 55-бап өзгертілді
55-бап. Әуе кемелерiнiң әуе трассалары және халықаралық ұшуларына арналған аэродромдар
Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуларына арналған аэродромдар ашу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Халықаралық әуе трассаларын ашу туралы шешiмдi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсу бойынша қабылдайды.
Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуларына арналған аэродромдар мен әуе трассаларын ашу тәртібі Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.
56-бап. Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуларын орындаудың паспорттық, кедендiк және өзге де ережелерiн қолдану
Қазақстан Республикасының аумағына келетiн және осы аумақтан кететiн немесе транзитпен өтетiн барлық әуе кемелерiне, олардың экипаждары мен жолаушыларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағына әкелетiн немесе осы аумақтан әкетiлетiн олардың мүлiктерiне Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленетiн паспорттық, кедендiк, валюталық, санитарлық, карантиндiк және өзге ережелер қолданылады.
8 тарау. Iздестiру және құтқару
57-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiнiң жолаушылары мен экипаждарын құтқару
Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметi (БАIҚҚ) туралы ережеге сәйкес дереу iздестiрiлу мен құтқаруға жатады. Аталған ережеде мыналар көзделуi тиiс:
а) кез келген мемлекеттiң әуе кемелерiн, адамдарын (жолаушылары мен экипаж мүшелерiн) iздестiру және құтқару жөніндегі жұмыстар, iздестiру-құтқару күштерi мен құралдарының орналастырылуы, осы жұмыстардың жүргiзiлуi кезiнде оларды қамтамасыз ету мен оларға қызмет көрсету әуе кемесiнiң қай ведомствоға және қай мемлекетке жататынына қарамастан, Қазақстан Республикасының республикалық бюджетi есебiнен жүргiзiледi;
б) апат болған жерден әуе кемелерiнiң жолаушылары мен экипаж мүшелерiнiң көшiрiлуi апатқа ұшырған әуе кемесiн пайдаланушының күшiмен және құралдарымен немесе пайдаланушы шығындарының орнын кейiн толтыратындай өзге де күштермен және құралдармен жүзеге асырылады;
в) жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар әуе кемесiн iздестiру және құтқару жұмыстарын жүргiзуде кез келген мүмкiн болатын көмектерiн көрсетуге мiндеттi және iздестiру-құтқару органдары келiп жеткенше адамдарды құтқаруға, оларға медициналық және басқа көмек көрсетуге, сондай-ақ әуе кемесi мен оның бортындағы құжаттаманы, жабдықтар мен мүлiктi сақтауға қажеттi шараларды қолданады.
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 58-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
58-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн iздестiру мен құтқаруды ұйымдастыру
Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн iздестiру мен құтқаруды Қазақстан Республикасының Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметi ұйымдастырады.
Авиациялық iздестiру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мен жүзеге асыру кезiнде Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметiнiң өз құзыретiне сәйкес мемлекеттік органдардың, сондай-ақ авиакомпаниялардың күштерi мен құралдарын тартуға және пайдалануға құқығы бар.
Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде басқа мемлекеттердiң органдарымен өзара iс-қимыл жасайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiленген тәртiппен iздестiру-құтқару және авариялық жұмыстарды жүргiзуге жауапты Қазақстан Республикасының басқа органдарымен өз жұмысын үйлестiредi.
Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiне қажеттi көмегiн көрсету үшiн Қазақстан Республикасының аумағына кіруiне мыналарға:
а) басқа мемлекеттердiң iздестiру-құтқару күштерi мен құралдарына;
б) сол әуе кемелерiнiң иелерi мен пайдаланушыларына;
в) апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi тiркелген мемлекеттердiң өкіметіне рұқсат етiледi.
Мұндай рұқсаттың берiлу тәртібі Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен 59-бап өзгертілді
59-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi туралы хабар беру
Байланыс құралдары бар ұйымдар апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi туралы ақпараттың дереу өтуi үшiн сол құралдарды беруге мiндеттi.
Байланыс құралдарының берiлуi, апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiне, оның жолаушылары мен экипажына көмек беру туралы ақпараттың қабылдануы мен жiберiлуi әуе кемесiнiң пайдаланушысы есебiнен әдеттегi тариф бойынша ақы төлене отырып ешбiр кезек күтусiз жүргiзiледi. Бұл оқиға туралы алғашқы хабар тегiн берiледi.
Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi туралы хабар беру үшiн жалпы пайдаланудағы байланыс құралдарының пайдаланылу тәртібін уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бiрлесе отырып белгiлейдi.
Жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар әуе кемелерiнiң апатқа ұшырау туралы өздерiне белгiлi барлық жағдайлар туралы Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметiне немесе жақын маңдағы аэродромға дереу хабар беруге мiндеттi.
60-бап. Авариялық-құтқару жұмыстары
Аумақта және аэродром ауданында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң пайдаланушысы есебiнен меншiк иелерiнiң немесе аэродромдар иелерiнiң күштерi мен құралдарымен жүзеге асырылады.
Егер апатқа ұшыраған әуе кемесi оның бөлшектерi темiржол, автомобиль, су көлiгiнiң қозғалысына немесе әуе кемелерiнiң ұшуына кедергi келтiрсе, құтқару жұмыстарының басшысы олардың жатқан жерiн және жалпы күйiн алдын ала белгiлеп қойып, көлiк қозғалысын немесе ұшуларды қалпына келтiру мақсатында әуе кемесiнiң (оның бөлшектерiнiң) жатқан жерiнен басқа орынға ауыстырылуына шаралар қолдануға мiндеттi.
61-бап. Әуе кемесiнiң, оның жолаушылары мен экипажын iздестiрудi тоқтату
Iздестiру жөніндегі қолданылған шаралар нәтиже бермеген жағдайда апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiрудi тоқтату туралы шешiмдi әуе кемесiнiң иесiмен және Бiрыңғай iздестiру-құтқару қызметi басшысымен келiсу бойынша тергеу жөніндегі комиссияның төрағасы қабылдайды.
Мұндай шешiм қолда бар iздестiру-құтқару күштерiмен және құралдарымен бұдан әрi iздестiру әуе кемесiн табуға қол жеткiзбейтiнiне жеткiлiктi дәлелдер болғанда және тiрi қалған адамдарды құтқаруға ешқандай нақтылы сенім қалмағанда ғана қабылдануы мүмкiн.
Апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiру тоқтату туралы шешiмге осы әуе кемесiнiң иесi сотқа беру тәртібімен қарсылық бiлдiре алады.
Осы бапқа сәйкес iздестiрiлуi тоқтатылған әуе кемесi хабар-ошарсыз жоғалған болып есептеледi.
Хабар-ошарсыз жоғалған әуе кемесiнiң экипажы мен жолаушыларын хабар-ошарсыз жоқ болып кеткендер деп тану және оларды қайтыс болғандар деп жариялау қолданылып жүрген заңдармен белгiленген тәртiпте жүргiзiледi.
ҚР Азаматтық Кодексі қараңыз
62-бап. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлердегi iздестiру мен құтқару
Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған Қазақстан Республикасының әуе кемелерiн iздестiру мен құтқару осы Заңның талаптарын ескере отырып, аумағында осы жұмыстар жүргiзiлетiн мемлекеттiң iздестiру-құтқару жұмыстарын орындау ережелерiне және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен 63-бап өзгертілді
63-бап. Апаттық жағдайларға әуе кемелерiн жабдықтау және экипажды даярлау
Әуе кемелерi борттық авариялық-құтқару құралдарымен жабдықталуы тиiс, олардың тiзбесiн әуе кемесiнiң үлгiсi мен ұшатын ауданына байланысты азаматтық және эксперименттiк авиацияның әуе кемелерi үшiн уәкiлеттi орган, мемлекеттік авиацияның әуе кемелерi үшiн - олардың ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгiлейдi.
Әуе кемесi экипажының барлық мүшелерi авариялық-құтқару даярлығы және әуе кемесiнiң бортында түрлi физикалық-географиялық және климаттық жағдайларда авариялық ахуал туындаған кезде жолаушыларға көмек көрсету бағдарламасы бойынша арнайы оқудан өтуге мiндеттi, ал жолаушылар мұндай жағдайдағы iс-әрекеттер туралы әрi жеке және борттық авариялық-құтқару құралдарын пайдалану ережелерi туралы экипаж тарапынан мiндеттi түрде нұсқаулар алуға тиiс.
9 тарау. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн
қадағалау. Авиациялық оқиғаларды тексеру
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен 64-бап өзгертілді
64-бап. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қадағалау
Авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларға жол бермеу мақсатында азаматтық және эксперименттiк авиациядағы әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қадағалауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады. Мемлекеттік авиацияда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінiң органы жүргiзедi.
Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қадағалау ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн осы бақылау органдарының қызметi туралы Ережемен белгiленедi.
65-бап. Тексерудi ұйымдастыру мен жүргiзу
Әрбiр авиациялық оқиға мiндеттi түрде тексерiлуге жатады.
Азаматтық, эксперименттiк және мемлекеттік авиациядағы авиациялық оқиғалардың тексерiлуiн әуе кемесiн пайдаланушының, сондай-ақ мүдделi мемлекеттердiң уәкiлеттi өкiлдерiнiң мiндеттi түрде қатысуымен ведомстводан тыс мемлекеттік комиссия жүзеге асырады.
Авиациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі комиссияның өкiлеттiгi мен жұмыс тәртібі, сондай-ақ авиациялық оқиғаларға қызметтiк тексеру жүргiзудiң ережелерi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Ережемен белгiленедi.
Авиациялық оқиғаны қызметтiк тексерудiң мақсаты оқиға себептерiн анықтау, авиациялық оқиғаларды болдырмау және әуе қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар жасау болып табылады.
66-бап. Айғақтық заттарды сақтау
Осы Заңның 60-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, авиациялық оқиғаны немесе тосын оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияның мүшелерi келгенге дейiн әуе кемесi, оның құрамдас бөлшектерi, бортындағы және жер үстіндегі объективтiк бақылау құралдары, әуе кемесіндегі барлық заттар, сондай-ақ авиациялық оқиға немесе тосын оқиға болған аумақ пен ондағы заттар, әуе кемесiн жасауға, жөндеуге және пайдалануға әрi оның ұшуын қамтамасыз етуге қатысты бүкiл құжаттама ұйымдар мен азаматтар тарапынан ешбiр қолсұғусыз сақталуға тиiс.
67-бап. Авиациялық оқиға болған жердегi жұмыс
Авиациялық оқиға болған жерде жүргiзiлетiн тексеру табиғи зiлзала зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарға теңестiрiлетiн ерекше жағдайдағы жұмыстар санатына жатқызылады.
Жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары, заңды және жеке тұлғалар авиациялық оқиғаны тексеру жөніндегі комиссияға үнемi жәрдем көрсетуге мiндеттi.
Авиациялық оқиға болған жерде комиссия жұмысын қамтамасыз етудiң тәртібі осы Заңның 65-бабында аталған авиациялық оқиғаларға тексеру жүргiзу ережелерiмен айқындалады.
68-бап. Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты жұмыстарды қаржыландыру және шығындардың орнын толтыру тәртібі
Авиациялық оқиға болған жерде жүргiзiлетiн тексерумен байланысты барлық жұмыстарды пайдаланушы қаржыландырады.
Ғылыми-зерттеу, конструкторлық, жөндеу және өнеркәсiптiк ұйымдар жүргiзетiн авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты зерттеулер мен сынықтарды осы ұйымдар қаржыландырады да, кейiннен пайдаланушы шығындардың орнын толтырады.
10 тарау. Әуе тасымалдары
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен 69-бап өзгертілді
69-бап. Әуе тасымалдарын реттеу
Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының әуе кемелерiмен жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктердi әуеде тасымалдау осы Заңның нормаларымен және уәкiлеттi орган бекiтетiн Жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктi әуеде тасымалдау ережелерiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық келісімдермен және шарттармен реттеледi.
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен 70-бап жаңа редакцияда
70-бап. Жолаушыларды, багажды, жүк пен почтаны әуеде тасымалдауды жүзеге асыру құқығы
Жолаушыларды, багажды, жүк пен почтаны әуеде тасымалдауды жүзеге асыру құқығын пайдаланушының уәкiлеттi орган берген қолданыстағы сертификаты бар тұлғалар иеленедi.
Пайдаланушының сертификатпен белгiленген қызмет шарттарын және шектеулерiн сақтай отырып, пайдаланушының сертификатында белгiленген қызметті ғана жүзеге асыруға құқығы бар.
Егер yәкiлеттi орган басқа мемлекет берген пайдаланушы сертификатын таныса, тиiстi мемлекеттiң пайдаланушысының Қазақстан Республикасы аумағында әуе тасымалдарын жүзеге асыруға құқығы бар.
71-бап. Әуе тасымалдарын жүзеге асыруға арналған лицензия
Әуе тасымалдары басым қаупi бар объектiлерге байланысты қызмет деп саналады, сондықтан лицензиялауға жатады.
Қазақстан Республикасының аумағында әуе тасымалдарының барлық түрiн жүзеге асыруға лицензиялар лицензиялау туралы заңдар және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiленген тәртiппен берiледi.
Егер халықаралық келісімдермен немесе шарттармен өзгеше көзделмесе, шетелдiң заңды немесе жеке тұлғалары лицензияны (патенттi) Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары ретіндегі шартпен және сондай-ақ тәртiппен алады.
Лицензиялау туралы заңды бұза отырып әуе тасымалдарын жүзеге асырған пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.
72-бап. Тасымал құжаттары
Әуе тасымалдары шарт негiзiнде орындалады.
Әуе тасымалының әрбiр шарты мен оның жағдайлары авиация ұйымы не уәкiлеттi тұлғалар (агенттер) тасымалдауға берген құжатпен куәландырылады.
Жолаушыларды тасымалдау кезiнде ұшып шыққан және баратын пункттерi, жолаушының негiзгi құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлген жеке немесе топтық тасымал құжаты (билет) берiледi.
Тiркелген теңдеме жүктi тасымалдаған кезде жiберiлген және баратын пункттерi көрсетiлген теңдеме жүк түбiртегi берiледi.