мақта шаруашылығы және тоқыма өнеркәсібі жөніндегі халықаралық ұйымдар арқылы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;
бір мақта қайта өңдейтін кәсіпорын салу;
Оңтүстік Қазақстан облысында мақтаның егістік тұқымын дайындау жөнінде тұқым тазалау зауытын салу;
Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында көлік-логистикалық терминалын салу қажет.
Тоқыма саласының мақта-тоқыма сегментінің қосылған құндары тізбесінің элементтерін қалпына келтіру үшін бүгінгі таңда тоқыма саласының басқа сегменттерімен салыстырғанда неғұрлым бәсекеге қабілетті болып табылатын жіп және мата өндірісі жөніндегі саланы серпінді дамыту қажет. Тоқыма өндірісінің осы сегментіне қосылған құнның шамамен 80 %-ы, сонымен бірге, талшықты мақта өндірісіне шамамен 10 %, дайын киімге шамамен 1-3 % келеді. Бәсекеге қабілетті тоқыма сегментін құру Қазақстанда шығарылатын мақтаны қайта өңдеуге, сонымен қосылған құнды ұлғайтуға және тігін кәсіпорындарында одан әрі өңдеу үшін қажетті өнімді шығаруға мүмкіндік береді.
Әлеуетті тоқыма кластерінің бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін Қазақстанда: еңбек өнімділігін арттыру; мақтаның сапасын бағалау (грединг) стандарттарын енгізу; кластердің барлық құрамдауыштарымен және әлемдік сауда және логистикалық тізбектерімен өзара іс-қимылдарды жолға қою және реттеу; шикізаттың сапасын арттыру; білікті жұмыс күшімен қамтамасыз eту; жаңа ақпараттық және өндірістік технологиялар енгізу қажет.
Тамақ өнеркәсібi
Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеудің деңгейін тереңдету және кешенділігін арттыру кластерлік ұстанымды іске асыру арқылы көзделіп отыр. Қатысушылардың, атап айтқанда ауыл шаруашылығы шикізатын өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорындардың географиялық жақындығы тамақ өнеркәсібін дамытуда осы ұстанымды пайдалануына мүмкіндік береді. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау өндірістік қуаттарды және ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу өнімдерінің экспорты көлемін ұлғайтуға бағытталатын болады.
Республиканың өңірлері бойынша кластерлік жобалар ретінде мыналар айқындалды:
солтүстік өңірде (Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары) - астық өңдеу;
оңтүстік өңірде - (Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары) жеміс-көкөніс;
Қостанай облысында - сүт.
Кластерлік бастамалардың дамуы қайта өңделетін ауыл шаруашылығы шикізатының өнімін экспорттау көлемін 2 еседен артық өсіруге мүмкіндік береді.
2007-2009 жылдары шаралар кешенін өткізу және мынадай шаралар кешенін қабылдау жоспарланып отыр.
Астықты қайта өңдеу кластері:
астықты қайта өңдеудің экспорттық әлеуетін арттырудың мемлекеттік стратегиясын әзірлеу;
астықты терең қайта өңдеу өнімдерінің қазақстандық ортақ брендін құру;
экспорттаушылар - астықты қайта өңдеушілер қауымдастығын құру;
астықты экспортқа сату жөніндегі қызметті лицензиялау;
экспорттаушыларға жеңілдетілген кредит беру, шикізат және дайын өнімді тасуға жеңілдетілген тарифтер, экспорттық жеткізуге мемлекеттік кепілдік беру;
құрғақ дән маңызы мен биоэтанолды қоса алғанда, бидай астығын терең қайта өңдеуді дамыту;
астықты қайта өңдеу зауытын салу;
ТМД-ға, ЕурАзЭҚ-қа және БЭК-қа мүше мемлекеттер аумағында экспорттың инфрақұрылымын бірлесе дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қамқорлыққа алу саясатын жүргізу;
ауыл шаруашылығы және оның қайта өңдеу өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейту жөнінде Қазақстан Республикасының, әсіресе Қытайдағы, Ауғанстандағы, Пәкістандағы, Египеттегі шетелдік мекемелерін жандандыру;
«Ақ Бидай Терминал» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайту және Ақтау портындағы астық терминалын тиеу құрылғысын ауыстыру;
Ақтау қаласында ұн тарту кешенін салу;
«Астық Қоймалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің № 2 Нан базасынан астықты сақтау кешенін сатып алу;
Баку (Әзірбайжан) және Амирабад (Иран) порттарында астық қабылдау терминалдарын және ұн тарту кешендерін салу, сондай-ақ Поти (Грузия) портында астық терминалын салу.
Жеміс-көкөніс кластерi
таза сортты егу материалдары мен тұқым өсіру үшін жеміс тұқым бақтарын және тұқым шаруашылығын қайта қалпына келтіру және дамыту жөніндегі шараларды әзірлеу;
азық-түлік құрал-жабдықтары сертификаттарын тану рәсімін оңайлату;
жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру және қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорындар үшін техника және құрал-жабдықтар лизингін кредиттеу;
жеміс-жидек дақылдарының көп жылдық екпе ағаштарын және жүзім егу жөніндегі, жеміс-жидек дақылдарының қайта өңдеуге жарамды сорттарын өндіруді арттыру жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу.
Сүт кластерi
мал шаруашылығы бойынша орташа және ірі субъектілерді құру және осы үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының және бюджеттік субсидиялардың қаражатын кешенді пайдалану;
Қостанай облысының ауылдық округтарында малдың түрлерін аудандастыру бағыты бойынша базалық шаруашылықтар құру;
облыстық бюджет қаражатынан асыл тұқымды мал бастарын сатып алуды субсидиялау;
жұқпалы аурулы малдарды залалсыздандыру ережесін сақтамағаны үшін иелерден заңнама деңгейінде құқықтық жауапкершілікті талап ету;
машинамен сауу және оның бастапқы салқындатылған сүтті жинау пункттерін ұйымдастыру; шикізат пен дайын өнімнің сапасын бақылайтын зертханалық базаларды, олардың техникалық қайта жарақтандыруын дамыту;
қазіргі технологиямен құрама жем зауытын салуға инвестицияларды тарту;
жемшөп өндіру жөнінде өңірлік бағдарламаны әзірлеу;
жеке ауладағы мал басы үшін қолдан ұрықтандыратын қосымша пункттерді ашу.
Туризм
Туризм саласындағы 2007-2009 жылдарға арналған басты мақсат экономикалық өсуге жәрдемдесу және халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру үшін елдің бәсекеге қабілетті туристік индустриясын дамыту болып табылады.
Отандық туризмнің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін оны мемлекет экономикасының табысты секторына айналдыру және туризмнің рентабельдігі жоғары индустриясын құру мақсатында 2006 жылы мынадай міндеттерді шешу қажет:
туристік саланың нормативтік құқықтық базасын және оны іске асыру тетігін одан әрі жетілдіру;
Дүниежүзілік туристік ұйыммен сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту және Қазақстанның аталған ұйым өткізетін іс-шараларға қатысуын, сондай-ақ оларды республикада өткізуді қамтамасыз ету;
туризм саласындағы ынтымақтастық туралы 26 қол қойылған халықаралық келісімді іске асыруды жалғастыру және әзірленген 10-ын қол қоюға дайындау;
Қазақстанның ірі халықаралық туристік көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысуын қамтамасыз ету.
Туристік саланы дамыту міндеттерін шешу және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін 2007-2009 жылдар аралығы кезеңінде мынадай іс-шараларды орындау көзделген:
саланы дамытудың экономикалық және құқықтық тетіктерін әзірлеу;
туризмнің инфрақұрылымын және шектес мемлекеттермен бірлесіп, халықаралық туристік бағыттарды дамытуды көздейтін жобаларды әзірлеу, инвестициялау және іске асыру;
қонақ үй және туристік қызметтер ұсыну саласында ISO 9000, IS0 14000 бойынша халықаралық сапа стандарттарын енгізу;
«Менің Отаным - Қазақстан» жобасын іске асыруға, сондай-ақ экскурсия жүргізуші, жолбасшы ретінде туризмнің белсенді түрлерін ұйымдастыру кезінде жастарды кеңінен тартуды қамтамасыз ету;
шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, туризм саласында және қызмет көрсету саласында халықтың жұмыспен қамтылуын ынталандыру жөніндегі шараларды қамтамасыз ету;
Туризм саласын кластерлік дамытуды қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылы Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында, 2008 жылы - қалған өңірлерде туристік кластерлерді құру жоспарлары мен оларды дамыту жөніндегі мастер-жоспарларды әзірлеу.
Туризммен аралас салаларды дамытуға негізделген осы шараларды кешенді іске асыру жағдайы және инвестициялық белсенділікті ынталандыру кезінде келу және ішкі туризм көлемінің тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі.
2007-2009 жылдар аралығы кезеңінде туристік ұйымдар мен бағыттар, туризмнің инфрақұрылымы, туристік саланың статистикасы жөніндегі мемлекеттік дерекқорды біріздендіру жоспарланып отыр.
Көлік-логистикалық қызметтер
«Көліктік логистика» пилоттық кластерін жасау мен дамыту жөніндегі жоспарға сәйкес Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытында үздіксіз контейнерлік автотасымалдауды ұйымдастыру арқылы «Жаңа Еуразиялық Автокөлік Бастамасы (NELTI)» жобасын іске асыру көзделіп отыр. Жоба шеңберінде Бақты көлік-логистикалық орталығын салу, шекаралық автокөліктік өткізу пунктінің өткізу қабілетін ұлғайту, Қазақстанда ауыр жүк автомобильдерін жинауды ұйымдастыру және осы заманғы жүк автомобильдерін лизингке сатып алу көзделіп отыр.
Алдағы кезеңде қызметтердің кең тізбесін ұсына отырып, халықаралық деңгейдегі стандарттарға сай келетін телекоммуникациялық және жүк қайта өңдеу жабдығымен жарақтандырылған «Астана-Келісім-шарт» акционерлік қоғамының қолданыстағы контейнерлік терминалының базасында Алматы қаласында осы заманғы көлік-логистикалық орталық құру және дамыту жөніндегі жұмыс аяқталатын болады.
Бұдан басқа, Ақтау портында және Достық станциясында көлік-логистикалық орталықтарын құру жөніндегі жұмыс жүргізілетін болады.
Мұнай-химия саласын дамыту
2007-2009 жылдары экономиканың отын-энергетика және өндіруші секторының тиімділігінің деңгейі мен экономикалық қайтарымын жоғарылату, сондай-ақ мұнай-химия өндірісін құру мен дамыту үшін:
Қазақстанда таяудағы он жылда көмірсутегі шикізатын тереңдете өңдеуді және қосылған құны жоғары өнімдерді шығаруды қамтамасыз ететін мұнай-химия өндірісін дамытудың кешенді Бас жоспарын нақты іске асыруға кірісу;
Мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасының екінші кезеңін іске асыру;
базалық мұнай-химия өнімдерін де, сонымен бірге қосымша құны жоғары өнімдерді де шығару өндірісі жөніндегі құрылыс жобаларын іске асыруға мүмкіндік беретін «Атырау облысындағы ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын (АЭА) қалыптастыру;
АЭА шеңберінде Атырау облысында Теңіз, Қашаған, және Солтүстік Каспий (кешеннің құрылысын бастау 2007 жылға жоспарланған) базалық мұнай-химия өнімдерін (полиэтилен, полипропилен, полистирол, этилбензол және т.б.) алу бойынша алғашқы ықпалдастырылған мұнай-химия кешені құрылысының жобасын іске асыру;
мұнай-химия өндірістерінің құрылысы мен кеңейтудің инвестициялық жобаларының TЭH-ін әзірлеу және іске асыру (Атырау МӨЗ-ында бензол алу, жол битумын өндіру, хош иісті қосылыстарды шығару жөнінде өндірісті жасау);
шина («Инкомтайр» АҚ) және резинатехникалық бұйымдар өндірісін (Қарағанды және Сараньрезинатехника), Ақтау пластмасса зауытында полистирол өндірісін және т.б. отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды әзірлеу жоспарланып отыр.
2007-2009 жылдары инновациялық технологиялар мен қондырғылар негізінде қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімінің кең гаммасын шығару жөніндегі мұнай-химия өндірісін салу үшін арнайы экономикалық жағдай жасау, әлеуетті отандық және шетелдік инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
Мұнай-химия өндірістерін құру 2010 жылға қарай мына өнімдерді шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді: жыл сайын этилен - 820 мың тонна, тығыздығы төмен желілік полиэтилен және тығыздығы жоғары полиэтилен - 400 мың тонна, тығыздығы төмен полиэтилен - 400 мың тонна, полипропилен - 400 мың тонна. Базалық мұнай-химия өнімдері негізінде олардан одан әрі түрлі өнім өндіру жөніндегі кәсіпорындар құрылатын болады (пластик құбырлар, құрылыс материалдары, түрлі мақсаттағы үлдірлер, химиялық талшықтар, халық тұтынатын тауарлар және т.б.).
АЭА мұнай-химия объектілерін салу нәтижелері және жоғарыда келтірілген барлық инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Атырау облысында энергиямен сумен қамтамасыз етуді, көлікті, коммуникацияны және әлеуметтік инфрақұрылымды қамтитын өндірістік инфрақұрылым, сондай-ақ жаңа жұмыс және инженерлік орындар (шамамен 50 мың) құрылатын болады.
Инновациялық инфрақұрылымды дамыту
Инновациялық инфрақұрылымды дамытудың негізгі мақсаты отандық, сондай-ақ шетелдік ғылыми әлеуетті және технологияларды пайдалану негізінде бәсекеге қабілетті түпкі өнім құруды қамтамасыз ететін ашық үлгідегі инновациялық жүйе қалыптастыру болып табылады.
Ұлттық инновациялық жүйені дамыту екі негізгі бағытты көздейді - бұл инновациялық инфрақұрылымды құру мен дамыту және инновациялық қызмет субъектілері арасындағы қатынастардың тиімді жүйесін құру.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысты коммерцияландыру тетігінің тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ету мақсатында инновациялық инфрақұрылым құру шеңберінде «Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамы, жеке меншік венчурлік қорлар желісі, ұлттық және өңірлік технопарктер желісі құрылды.
2007-2009 жылдары технопарктердің физикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Технологиялық толықтыру, технопарктерде іске асыру үшін инвестициялық жобаларды іріктеу жөніндегі, технопарктерде зертханалық кешен, сертификаттау және білім беру орталықтарын құру жөніндегі жұмыс жүргізіледі.
«Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамының алты отандық және үш шетелдік венчурлік қоры құрылды;
«Әрекет» жоғары технологиялар қоры «Тұран Әлем Секьюритис» компаниясымен бірлесіп;
«Lancaster Group» акционерлік қоғамымен «Адвант» венчурлік қоры;
«Сентрас венчурлік қоры» тәуекелдік инвестициялау акционерлік инвестициялық қоры «Сентрас Капитал» ЖШС-мен бірлесіп;
«Center Capital» тәуекелдік инвестициялау акционерлік инвестициялық қоры «Центр Кредит Банк» акционерлік қоғамымен бірлесіп;
«Halyk Private Equity» акционерлік қоғамы «Қазақстан халықтық жинақ банкі» акционерлік қоғамымен бірлесіп;
«Glotur Technology Fund» акционерлік қоғамы «Glotur» акционерлік қоғамымен бірлесіп құрылды.
Талдау нәтижелері бойынша үш жетекші шетелдік венчурлік қор (Ұлттық инновациялық қордың акционері ретінде қатысатын) таңдалды:
«Wellington Partners Ventures III Technology Fund L.P.« еуропалық технологиялық венчурлік қоры;
Орталық Азиялық шағын кәсіпорындарды қолдау қоры (CASEF);
«Flagship Ventures Fund 2004, L.Р.« венчурлік қоры.
Ұлттық инновациялық қор Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ аумағында технологиялық бизнес-инкубатор құру жөніндегі жобаны қаржыландырып отыр.
Қазақстан-Британ университетімен, Шымкент қаласының М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен, Астана қаласының Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп, технологиялық бизнес-инкубаторлар құру жоспарланып отыр.
Ақпараттық технологиялар паркi
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығымен Алматы қаласының маңындағы Алатау кентінде «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды.
«JURONG Consultants Pte Ltd» компаниясы «ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын дамытудың тұжырымдамасы мен мастер-жоспарын әзірледі.
Тұжырымдамада зерттеу, өндірістік, институционалдық, тұрғын үй, коммерциялық кешендерді, Өзара іс-қимыл орталықтарын және көрме орталықтарын қамтитын аралас ақпараттық-технологиялық парк құру көзделіп отыр.
Даму мастер-жоспарында «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын дамытудың бас және қаржы жоспарын жобалау және әзірлеу ұйғарылып отыр. Халықаралық талаптарға сәйкес жарақтану мен жайлылықтың жоғары деңгейімен ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік әлеуетті шоғырландыруды қамтамасыз ететін осы заманғы өнеркәсіп кешенін құру көзделіп отыр.
Ядролық технологиялар паркi
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 12 тамыздағы № 832 қаулысымен «Ядролық технологиялар паркі» технопаркін жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысатын «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамы басқаратын компания құрылды.
Ядролық энергетикада қазақстандық тауарлар мен қызметтердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін қолдаудың тұтас жүйесін қалыптастыру үшін Ядролық технологиялар паркінде перспективада өндіруші және қайта өңдеу кәсіпорындарында озық ұстанымдарды қамтамасыз ететін дербес инновациялық технологиялық база қалыптасады.
2006 жылы технопаркінің әкімшілік-өндірістік секторының ғимараттарын салуға, Курчатов қаласындағы сыртқы инженерлік және коммуникациялық желілерді, кірме жолдарды қалпына келтіру және жөндеуге кірісу жоспарланып отыр.
Ғылымды, технологиялар мен инновацияларды дамыту
Ғылым мен инновацияларды дамыту саласындағы басты мақсат ғылыми-техникалық қызметті инвестициялық сипаттағы серпілісті жобаларды әзірлеуге және іске асыруға шоғырландыру болып табылады.
2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясының басымдықтарына сәйкес ғылыми зерттеулер алдағы 2007-2009 жылдары pecypc үнемдеуші және экологиялық таза технологияларды әзірлеуге, экономиканың шикізаттық бағытталуынан ауытқуға, өндірістік кәсіпорындардың экспортқа бағдарлануын жоғарылатуға және өндірісті әртараптандыруға (биотехнологияны, мұнай-химияны, ядролық технологияны, ғарыштық технологияны, жаңа материалдар мен наноматериалдарды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу) бағытталады.
Қойылған бағыттарды іске асыру үшін ғылыми әлеует пен инновацияларды тиімді пайдалану негізінде ел экономикасының орнықты дамуы үшін институционалдық, ұйымдық, қаржылық, кадрлық және нормативтік құқықтық жағдайды қамтамасыз ету қажет.
Осыған байланысты бірінші кезектегі міндеттер:
Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесін қалыптастыру және дамыту жөніндегі 2005-2015 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру;
Ғылымды дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу;
технологиялар трансферті жүйесін дамыту;
шағын инновациялық кәсіпорындарды дамыту мен қолдаудың нәтижелі тетіктерін құру;
инновациялық кәсіпкерлік саласында кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін құру;
инновациялық кәсіпкерлікті ақпараттық қолдауды дамыту;
инновациялық дамудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру;
отандық және шетелдік капитал қатысатын венчурлік қаржыландыру жүйесін қалыптастыру арқылы ұлттық инновациялық жүйенің қаржылық инфрақұрылымын дамыту;
жаңа технологияларды коммерцияландыру үшін жағдай жасау, жаңа жоғары технологиялар енгізу, зияткерлік меншікті және ғылыми-техникалық өнім мен инновациялар нарығын бағалау жүйесін жетілдіру, республикада іске асырылатын ғылыми-техникалық және инновациялық бағдарламаларды нәтижелі үйлестіруді қамтамасыз ету.
Алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді негізге ала отырып, орта мерзімді кезеңде мыналарды жүзеге асыру қажет:
отандық өндірістің инновацияларды талап етуін арттыру, іргелі ғылымның, маңызды қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелердің қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін ұйымдық және экономикалық тетіктер құру;
ғылыми-техникалық кешеннің нарықтық экономиканың жағдайларына бейімдеу, ғылымды, технологиялар мен техникаларды дамыту мақсатында мемлекет пен жеке меншік бизнестің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
экономика салаларында өндірістердің тиімділігі мен өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әсер ететін сындарлы технологиялар мен инновациялық жобаларды іске асыру кезінде инновациялық саланың ұтымды стратегиялары мен даму басымдықтарын таңдау;
ғылымды, технологиялар мен техникаларды осы саладағы әлемдік үрдістерді ескере отырып, дамытудың басым бағыттарында ғылыми зерттеулер мен эксперименталдық әзірлемелерді қолдау;
ғарыштық технологиялар саласындағы (байланыс, материалтану, биотехнология және биомедицина және т.б.) іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамыту мен ғарыш қызметінің перспективалы бағыттарын дамыту үшін ғылыми-технологиялық база қалыптастыру үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ететін таяу және алыс ғарышты зерттеу және нәтижелер алу;
ғылым мен технологиялар саласында біліктілігі жоғары ғылыми және инженер кадрлар дайындау жүйесін жетілдіру;
ғылымды, технологиялар мен техникаларды дамытудың басым бағыттарын іске асыру кезінде ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті мемлекеттік реттеу мен тікелей және жанама ынталандырудың нарықтық тетіктерін, шараларын ұтымды үйлестіру;
шетелдік озық технологияларды тарту жүйесін құру.
Орта мерзімді перспективаға арналған бағыттарды іске асыру мемлекеттің шектелген қаржылай қаражатын ғылым мен технологиялардың басым бағыттарына шоғырлануына және ҒЗТКЖ-ның қағидатты жаңа технологиялар мен материалдар әзірлеуге, сондай-ақ өнеркәсіптің көкейкесті проблемаларын шешуге бағдарлануын шоғырландыруға ықпал ететін болады.
Даму институттарының Индустриялық-инновациялық даму
стратегиясын іске асыруға қатысуы
Индустриялық-инновациялық саясатты жүргізудің негізгі құралдарының бірі институционалдық даму болып табылады. Бұл жерде қаржы және сервистік даму институттары («Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы, «Қазақстанның инвестициялық қоры» акционерлік қоғамы, «Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамы, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» акционерлік қоғамы, «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» акционерлік қоғамы) маңызды рөл атқарады.
2003-2004 жылдары даму институттары институционалдық қалыптасты, әкімшілік және құқықтық база қалыптастыру, жобаларды бағалау өлшемдері мен рәсімдерін айқындау кезеңінен өтті.
Әрбір даму институтының өзінің мамандануы, өз тауашасы, ал тұтастай алғанда олар кез келген сатыда, жаңа өндірістерді құру кезінде және әр түрлі құралдарды пайдалана отырып, оларды кеңейткенге дейін инвестициялық және инновациялық жобаларды кешенді қолдау жүйесін құрды.
2005 жылы институттар қызмет көрсетілетін жобалардың саны мен көлемі бойынша қарқынды өсуді көрсетті.
2006 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша даму институттарының («Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының, «Қазақстанның инвестициялық қоры» акционерлік қоғамының, «Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамының, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» акционерлік қоғамының, «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» акционерлік қоғамының) жиынтық жарғылық капиталы 120,6 млрд. теңгені құрады, оның ішінде 2005 жылы оны толықтыру 26,5 млрд. теңгені құрады.
«Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясаты шеңберінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 16 наурыздағы № 65 Жарлығына сәйкес ұлттық басқару компаниясы - «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Қазына» АҚ) құрылды.
«Қазақстанның Даму Банкі», «Қазақстанның инвестициялық қоры», «Ұлттық инновациялық қор», «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы», «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамдары акцияларының мемлекеттік пакеті және «Қазинвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысу үлесі «Қазына» АҚ-ға берілді.
«Қазына» АҚ-ның негізгі мақсаттары:
- даму институттарын корпоративтік басқару деңгейін көтеру;
- даму институттары арасында үйлесімділікті жақсарту;
- ірі серпілісті жобаларды іске асыру үшін даму институттарының күш-жігерін және капиталын ықпалдастыру;
- мемлекеттің бизнеспен өзара іс-қимылын жақсарту;
- экспорт пен инвестицияны ілгерілету үшін халықаралық деңгейге шығу болып белгіленіп отыр.
«Қазына» АҚ Қазақстан Республикасының Үкіметіне даму институттарының қызметін үйлестіру негізінде экспорт-импорт секторының артықшылықтарын пайдаланып, ұлттық экономиканы әртараптандыруға, даму институттарының мамандануы арасында теңгерімді және олардың арасында ақылға сыйымды бәсекелестікті анықтауға көмектесуге арналған.
«Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы
Қызметінің басынан бастап «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Банк) 548,8 млн. АҚШ долларымен Банктің қатысуымен 1 396,8 млн. АҚШ доллары сомасына 37 инвестициялық жобаны (№ 2 қосымша), оның ішінде 465,7 млн. АҚШ долларымен Банктің қатысуымен 1 282,8 млн. теңге AҚШ доллары сомасына Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру шеңберінде 26 жобаны қаржыландыруды мақұлдады.