Осы баптың ережелерi акцизделетiн тауарлар өндiру мен өткізу жөніндегі қызметтен және акцизделетiн қызмет түрлерiнен табыстар алатын ұйымдарға қатысты қолданылмайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған ұйымдардың табыстары, сондай-ақ грант, қайырымдылық көмек, өтеусiз берiлген мүлiк, өтеусiз негiздегi аударымдар мен қайырмалдықтар түрiнде алынған қаражат аталған қызмет түрлерiн жүзеге асыруға жұмсалған кезде салық салуға жатпайды.
4. Осы бапта көзделген шарттар бұзылған жағдайда, алынған табыстарға осы Кодексте белгiленген тәртiппен салық салынуға тиiс.
121-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен.
17-тарау
Салық салынатын табысты түзету
122-бап. Салық салынатын табысты түзету
1. Салық төлеушiнің салық салынатын табысынан салық салынатын табыстың үш процентi шегiнде мынадай шығыстар алып тасталуға тиiс:
1) әлеуметтiк сала объектілерін ұстауға салық төлеушiнiң нақты жұмсаған шығыстары;
2) коммерциялық емес ұйымдарға өтеусiз берiлген мүлiк;
2-1) көмек алатын тұлға тарапынан арыз негiзiнде салық төлеушiнiң шешiмi болған жағдайда демеушiлiк көмек;
3) жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген атаулы әлеуметтiк көмек.
2. Мүгедектердiң еңбегiн пайдаланатын салық төлеушiлер салық салынатын табысты мүгедектердің еңбегiне ақы төлеуге шығарылған шығыстар сомаларынан 2 еселенген және мүгедектерге төленетiн жалақы мен басқа да төлемдердiң есептелген әлеуметтiк салық сомасынан 50 процент мөлшеріндегі соманы азайтуға құқығы бар.
3. Салық төлеушiлер салық салынатын табысты үш жылдан артық мерзiмге берiлген негiзгi құралдардың қаржы лизингi бойынша алынған сыйақы сомасына, кейiннен оларды лизинг алушыға бере отырып, азайтады.
4. Жиынтық жылдық кірісінің кемінде 90 процентін ауыл шаруашылығына кредит беруден алынуға тиісті (алынған) кірістер құрайтын, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, кредиттік серіктестіктер, микрокредиттік ұйымдар салық салынатын табысты қызметтің осындай түрінен алынған табыс сомасына, сондай-ақ олардың активтерін орналастырудан алынған инвестициялық кіріс сомасына азайтады.
4-1. Қазақстан Республикасының 2005жылғы 23 желтоқсандағы № 107-ІІІ Заңымен алынып тасталды.
5. Салық төлеушiнiң амортизациялық аударымдарды есептеп шығаруы осы Кодекстiң 110-бабының 2-тармағына сәйкес жүргiзiлген, пайдалануға алғаш енгiзiлген тiркелген активтердi үш жылдық кезең аяқталғанға дейiн өткiзген жағдайда жасалған қосымша шегерiм сомасы салық төлеушiнiң тiркелген активтердi өткiзген салық кезеңіндегі салық салынатын табысын арттыруға қатысты болады.
122-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы № 89-ІІІ, 2005жылғы 23 желтоқсандағы № 107-ІІІ Заңдарымен енгізілген өзгерістермен.
18-тарау
Залалдар
123-бап. Залал ұғымы
1. Түзетiлген жиынтық жылдық табыстан шегерiмдердiң асып түсуі кәсіпкерлiк қызметтен шегетін залал деп танылады.
2. Бағалы қағаздарды өткізуден шегетiн залал мыналар:
борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздар бойынша - өткізу құны мен иемденіп алу құны арасындағы терiс айырма;
борыштық бағалы қағаздар бойынша - өткiзген күнгi дисконт амортизациясы мен (немесе) сыйлықақы есептегендегi өткізу құны мен иемденiп алу құны арасындағы терiс айырма.
124-бап. Залалдарды ауыстыру
1. Кәсiпкерлiк қызметтен шегетiн залалдар, сондай-ақ салық төлеушiнiң кәсiпкерлiк қызметiнде пайдаланылған үйлердi (мұнай, газ ұңғымалары мен беріліс құрылғыларын қоспағанда) өткізуден шеккен залалдар кейiнгi салық кезеңдерiнiң салық салынатын табысы есебiнен өтеу үшiн үш жылға дейiнгi мерзiмге, үшiншi жылы қоса есептелiп, ауыстырылады.
Жер қойнауын пайдалану келісім-шарттары бойынша жүзеге асырылатын қызметке байланысты туындайтын залалдар жетi жылға дейiнгi мерзiмге, жетiншi жылы қоса есептелiп, ауыстырылады.
2. Өткізілетін күні листингтің ең жоғары және ең жоғарыдан кейінгі санаттары бойынша қор биржасының ресми тізімдерінде тұрған акциялар мен облигацияларды, мемлекеттік бағалы қағаздарды, агенттiк облигацияларды және олармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының арнайы сауда алаңында жасалған жағдайда осы сауда алаңына жiберілген бағалы қағаздарды қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен өткізуден шегетін залалдарды қоспағанда, бағалы қағаздарды өткізу кезінде туындайтын залалдар өткізілетін күні қор биржасының "А" және "В" ресми тізімдерінде тұрған акциялар мен облигацияларды, мемлекеттік бағалы қағаздарды және агенттік облигацияларды өткізу кезінде құн өсімінен түскен табыстарды қоспағанда, басқа бағалы қағаздарды өткізу кезінде алынған құн өсімінен түскен табыс есебінен өтеледі.
Егер осы залалдар орын алған кезеңiнде өтеле алмайтын болса, олар алдағы уақытқа үш жылға дейiнгi мерзiмге ауыстырылып, өткізу күнiне қор биржасының "А" және "В" ресми тiзiміндегі акциялар мен облигацияларды, мемлекеттік бағалы қағаздарды, агенттік облигацияларды және олармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының арнайы сауда алаңында жасалған жағдайда осы сауда алаңына жiберiлген бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсiмiнен түскен табысты қоспағанда, басқа бағалы қағаздарды өткізу кезiнде алынған құн өсiмiнен түскен табыс есебiнен өтелуге тиiс.
3. Арнайы қаржы компаниясының Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын қызметінен шеккен залалы бөлінген активтермен қамтамасыз етілген облигациялардың айналым мерзімі ішінде ауыстырылады.
124-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ, 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ, 2005 жылғы 22 қарашадағы № 89-ІІІ, 2005жылғы 23 желтоқсандағы № 107-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы № 127-ІІІ Заңымен енгізілген толықтырумен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 маусымдағы № 146-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
19-тарау
Корпорациялық табыс салығын есептеп шығару тәртібі мен оны төлеу мерзімдері
125-бап. Корпорациялық табыс салығы сомасын есептеп шығару
Корпорациялық табыс салығы салық кезеңi үшiн осы Кодекстің 135-бабының 1-тармағында белгiленген ставканы осы Кодекстiң 124-бабына сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын табысқа осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жүргiзiлген түзетулердi ескере отырып қолдану жолымен есептеп шығарылады.
126-бап. Аванстық төлемдер сомасын есептеп шығару
1. Салық төлеушiлер осы Кодексте белгiленген тәртiппен аванстық төлемдердi енгізу жолымен салық кезеңi iшiнде корпорациялық табыс салығын төлейдi.
2. Салық кезеңi iшiнде төленетiн корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларын салық төлеушi ағымдағы салық кезеңi үшiн корпорациялық табыс салығының болжамды сомасын негiзге ала отырып, бiрақ егер осы бапта өзгеше көзделмесе, өткен салық кезеңi үшiн аванстық төлемдер сомаларының есебіндегі аванстық төлемдердің орташа айлық есептелген сомаларынан кем емес етiп есептеп шығарады.
3. Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі № 177-ІІІ Заңымен алынып тасталды.
4. Салық төлеушi төлеуге тиiс аванстық төлемдер сомалары салық кезеңi iшiнде тең үлестермен төленедi.
5. Салық төлеушi корпорациялық табыс салығы бойынша декларация тапсырғанға дейiнгi кезең iшiнде төленуге тиiс аванстық төлемдер сомаларының есебiн жасап, есептi салық кезеңiнің 20 қаңтарына дейiн салық төлеушiнiң тiркелген орны бойынша салық органына табыс етедi.
6. Корпорациялық табыс салығы бойынша декларация тапсырылғаннан кейiн төленуге тиiс аванстық төлемдер сомаларының есебiн салық төлеушi декларацияны тапсырған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде, бiрақ есептiк салық кезеңiнiң 20 сәуiрiнен кешiктiрмей табыс етедi.
7. Салық кезеңiнiң қорытындысы бойынша залал шеккен немесе салық салынатын табысы жоқ салық төлеушiлер корпорациялық табыс салығы бойынша декларация тапсырған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде, сондай-ақ жаңадан құрылған салық төлеушілер құрылған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде салық кезеңi iшiнде төленуге тиiс аванстық төлемдердiң болжамды сомасының есебiн салық органына табыс етуге мiндеттi.
8. Салық төлеушi салық кезеңi iшiнде, өткен салық кезеңi үшiн декларация тапсырғанға дейiн төленуге тиiс аванстық төлемдердiң сомаларын қоспағанда, салық кезеңiнiң алдағы айлары үшiн аванстық төлемдер сомаларының қосымша есебiн беруге құқылы.
126-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ, 2006 жылғы 7 шілдедегі № 177-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
127-бап. Корпорациялық табыс салығын төлеу мерзiмдерi мен тәртібі
1. Салық төлеушiлер корпорациялық табыс салығын төлеудi өзiнiң тұрып жатқан орны бойынша жүзеге асырады.
2. Салық төлеушiлер корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдердi бюджетке осы Кодекстің 136-бабында белгiленген салық кезеңi iшiнде, осы Кодекстiң 126-бабына сәйкес анықталған мөлшерде ағымдағы айдың 20-сынан кешiктiрмей ай сайын төлеп тұруға мiндеттi.
3. Салық кезеңi iшiнде енгiзiлген аванстық төлемдер сомалары салық кезеңi үшiн корпорациялық табыс салығы жөніндегі декларация бойынша есептеп шығарылған корпорациялық табыс салығын төлеу есебiне жатқызылады.
4. Салық төлеушi салық кезеңiнің қорытындысы бойынша корпорациялық табыс салығы бойынша түпкiлiктi есеп айырысуды (төлемдi) декларация тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей жүзеге асырады.
127-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ, 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен.
128-бап. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен алынып тасталды.
129-бап. Шетелдiк салықты есепке жатқызу
1. Осы Кодекстiң 91-бабына сәйкес түзетуге жататын кiрiстердi қоспағанда, Салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде төлеген табыс салығының және Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде алған кiрiстерi бойынша табысқа салынатын салық сомасы Қазақстан Республикасында корпорациялық табыс салығын төлеу кезiнде есепке жатқызылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген есепке жатқызылатын сомалардың мөлшерi салық төлеушiнiң әр мемлекетте алған табыстары бойынша нақты төлеген салық сомасы негiзге алына отырып, әр мемлекет бойынша жеке-жеке анықталады. Есепке жатқызылатын салық сомасының мөлшерi осы табыс бойынша Қазақстан Республикасында осы Кодекстiң 135-бабында белгiленген ставкамен есептелетiндей сомадан аспауға тиiс.
3. Осы баптың 1-тармағы қосарланған салық салуды болғызбау және табыстар мен мүлiктерге салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы халықаралық шарт жасасқан мемлекетте Қазақстан Республикасының резидент болып табылатын жеке және заңды тұлғаларының табыстарынан немесе мүлiктерiнен ұсталған және (немесе) төленген салыққа қолданылмайды, оған осындай халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасында салық салынуға тиiс.
129-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі № 177-ІІІ Заңымен енгізілген толықтырумен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
130-бап. Салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекеттерде алынған табыс
1. Егер резидентке резидент емес заңды тұлғаның жарғылық капиталының 10 және одан астам процентi тiкелей немесе жанама тиесiлi болса немесе ол салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекетте табыс алатын осы резидент емес заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының 10 және одан астам процентiне ие болса, онда резидент емес заңды тұлға пайдасының резиденттiң мұндай резидент емес заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесiне негiзделе отырып айқындалатын резидент емес тұлғаның резидентке қатысты бөлiгi оның салық салынатын табысына енгiзiледi. Бұл ереже резиденттiң заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызмет ұйымдастырудың басқа нысандарына қатысуына да қолданылады.
1-1. Жеңiлдетiлген салық салынатын елде орналасқан және (немесе) тiркелген резидент емес заңды тұлға пайдасының бiр бөлiгi Қазақстан Республикасы Президентінің салық салынатын табысына қосылатын осы пайданың жалпы сомасы резидент еместің шоғырландырылған қаржылық есептілігiмен расталуға тиiс.
2. Егер шет мемлекетте салық ставкасы осы Кодекске сәйкес айқындалатын салық ставкасының 1/3-iнен аспайтын болса немесе мүлiктің нақты иесi немесе табыстың нақты иесi туралы құпияны сақтауға мүмкiндiк беретiн қаржы ақпаратының немесе компаниялар туралы ақпараттың құпиялығы туралы заңдар болса, ол салық салуда жеңiлдiгi бар мемлекет ретiнде қаралады.
Салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттерге салық ставкасы резидент емес заңды тұлғаға қатысты мемлекет нақты қолданатын салық ставкасы осы Кодекске сәйкес айқындалатын ставканың 1/3-інен аспайтын мөлшерді құрайтын немесе мүліктің нақты иесі немесе табыстың нақты иесі туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін қаржы ақпаратының немесе компаниялар туралы ақпараттың құпиялылығы туралы заңдары бар мемлекеттің әкімшілік-аумақтық бөлігі жатады.
Мұндай мемлекеттердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
130-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ, 2005 жылғы 23 желтоқсандағы № 107-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген толықтырулармен.
20-тарау
Төлем көзінен ұсталатын салық
131-бап. Төлем көзiнен салық салынатын табыстар
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, төлем көзiнен салық салынатын табыстарға:
1) Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі № 177-ІІІ Заңымен алынып тасталды;
2) қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның лицензиялары бар банктердегi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы жеке тұлғалардың салымдары бойынша оларға төленетiн сыйақыларды қоспағанда, депозиттер бойынша сыйақы;
3) ұтыстар;
4) резидент емес тұлғалардың осы Кодекстiң 178-бабына сәйкес айқындалатын, Қазақстан Республикасындағы көздерден алған, осындай резидент еместердiң тұрақты мекемесiмен байланысы жоқ табыстары;
5) қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде банктік заем операцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға, кредиттік серіктестіктерге, Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компанияларына төленетiн кредиттер (заемдар) бойынша сыйақыны және резидент банктер мен лизинг берушiлерге төленетiн сыйақыны қоспағанда, заңды тұлғаларға борыштық бағалы қағаздар бойынша төленетiн сыйақыдан басқа сыйақы;
6) резидент-банктерге және жеке тұлғаларға төленетiн сыйақыны қоспағанда, эмитент борыштық бағалы қағаздар бойынша шығару шарттарына сәйкес төлейтiн купон түріндегі сыйақы жатады.
1-1. Мыналар:
1) мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақылар және агенттік облигациялар;
2) орналастырылған зейнетақы активтерi, пайлық және акционерлік инвестициялық қорлар бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларына және орналастырылған активтер бойынша Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына төленетiн инвестициялық кiрiстер;
3) Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі № 177-ІІІ Заңымен алынып тасталды;
4) Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының арнайы сауда алаңында сатып алынған борыштық бағалы қағаздар бойынша дивидендтер, сыйақылар төлем көзiнен салық салуға жатпайды.
2. Ұтысты, сыйақыны төлеу кезiнде ұсталған салық сомасы осы салықтың төлем көзiнен ұсталғанын растайтын құжаттар болған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, қызметiн әлеуметтiк салада жүзеге асыратын ұйымдарды және салымдар (депозиттер) жөніндегі сыйақылар бойынша коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда, салық төлеушiнiң салық кезеңi iшiнде iшiнде есептелген корпорациялық табыс салығының есебiне жатқызылады.
131-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 10 шiлдедегi № 483-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ, 2004 жылғы 13 қарашадағы № 11-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 23 желтоқсандағы № 107-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы № 127-ІІІ Заңымен енгізілген толықтырумен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 маусымдағы № 146-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріс және толықтырумен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
132-бап. Төлем көзiнен ұсталатын салықты есептеп шығару тәртібі
1. Салық сомасын салық агентi төлем көзiнен салық салынатын, төленiп отырған табыс сомасына осы Кодекстiң 135-бабының 2 немесе 3-тармақтарында белгiленген ставканы қолдану жолымен айқындайды.
2. Салық агентi осы Кодекстiң 131-бабында көзделген табыстарды төлеу кезiнде төлем көзiнен ұсталатын салықты табыс төлеу нысаны мен орнына қарамастан ұстап қалуға мiндеттi.
3. Депозитарлық қолхат бойынша кiрiстердi төлеу көзi осындай депозитарлық қолхаттың базалық активiнiң эмитентi болып табылады.
132-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
133-бап. Төлем көзiнен салықты аудару тәртібі
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық агенттерi төлем жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей төлем көзiнен ұсталған салық сомаларын аударуға мiндеттi.
2. Төлем көзiнен ұсталған салықтардың сомаларын аудару салық агентi орналасқан жер бойынша жүзеге асырылады.
133-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңының редакциясында.
134-бап. Төлем көзiнен ұсталған салық жөніндегі есеп-қисап
Салық агенттерi төлем көзiнен ұсталған салық сомалары бойынша есеп-қисапты тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етуге мiндеттi.
21-тарау
Салық ставкалары
135-бап. Салық ставкалары
1. Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жүргiзiлген түзетулер ескерiлген, осы Кодекстiң 124-бабында белгiленген тәртiппен шеккен залалдары сомасына азайтылған салық салынатын табысы 30 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
Негiзгi өндiрiс құралы жер болып табылатын салық төлеушiнің осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жүргiзiлген түзетулер ескерiлген, осы Кодекстiң 124-бабында белгiленген тәртiппен шеккен залалдары сомасына азайтылған салық салынатын табысы 10 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
2. Резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстарын қоспағанда, төлем көзiнен салық салынатын табыстар төлем көзiнен 15 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
3. Резидент еместердiң осы Кодекстің 178-бабына сәйкес айқындалатын Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын, осындай резидент еместердiң тұрақты мекемесiмен байланысы жоқ табыстарына осы Кодекстiң 180-бабында белгiленген ставкалар бойынша салық салынады.
4. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы корпорациялық табыс салығының үстiне осы Кодекстiң 185-бабында белгiленген тәртiппен 15 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
135-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
22-тарау
Салық кезеңі және салық декларациясы
136-бап. Салық кезеңi
1. Күнтiзбелiк жыл корпорациялық табыс салығы үшiн салық кезеңi болып табылады.
2. Егер ұйым күнтiзбелiк жыл басталғаннан кейiн құрылса, оның құрылу күнiнен бастап күнтiзбелiк жылдың аяғына дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн бiрiншi салық кезеңi болып табылады.
Бұл ретте ұйымның оның уәкiлеттi органда мемлекеттік тiркеуге алынған күнi оның құрылған күнi болып саналады.
3. Егер ұйым күнтiзбелiк жылдың аяғына дейiн таратылса, қайта ұйымдастырылса, жыл басталғаннан бастап тарату, қайта ұйымдастыру аяқталған күнге дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн соңғы салық кезеңi болып табылады.
4. Егер күнтiзбелiк жыл басталғаннан кейiн құрылған ұйым осы жылдың аяғына дейiн таратылса, қайта ұйымдастырылса, өзiнiң құрылған күнiнен бастап тарату, қайта ұйымдастыру аяқталған күнге дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн салық кезеңi болып табылады.
137-бап. Салық декларациясы
1. Осы Кодекстің 368-377, 385-397-баптарына сәйкес арнайы салық режимiн қолданатын заңды тұлғаларды және Қазақстан Республикасындағы төлем көздерiнен тек қана төлем көздерiнде салық салынуға тиiс табыс алатын және қызметiн Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырмайтын резидент еместердi қоспағанда, корпорациялық табыс салығын төлеушiлер корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны салық органдарына есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
2. Корпорациялық табыс салығы жөніндегі декларация декларациядан және корпорациялық табыс салығы бойынша салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер туралы ақпараттарды ашу жөніндегі қосымшалардан тұрады.
137-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
5-бөлім
Инвестициялық салық преференциялары
138-бап. Инвестициялық салық преференциялары
Инвестициялық салық преференциялары корпорациялық табыс салығы, жер салығы және мүлiк салығы бойынша берiледi.
Инвестициялық салық преференциялары дегенiмiз корпорациялық табыс салығын төлеуден босату не жаңа өндiрiстер құру, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту мақсатында инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын салық төлеушi заңды тұлғалардың жылдық жиынтық табысынан қосымша шегерiмдер жасауға құқық беру, мұндай салық төлеушiлердi жаңа өндiрiстер құру, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту мақсатында инвестициялық жоба шеңберiнде жаңадан пайдалануға берiлген тiркелген активтер бойынша мүлiк салығын төлеуден босату, сондай-ақ инвестициялық жобаны iске асыру үшiн пайдаланылатын жер участкелерi бойынша жер салығын төлеуден босату.
Инвестициялық салық преференцияларын қолдану үшiн қайта құруға арналып iс жүзiнде жұмсалған шығыстар бөлiгiнде қайта құрылған объектiлердi қоса алғанда, инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға алғаш енгiзiлгендер жаңадан пайдалануға берiлген тiркелген активтер деп танылады.
138-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 қаңтардағы № 375-ІІ Заңының редакциясында; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен.
139-бап. Инвестициялық салық преференцияларын қолдану тәртібі
1. Инвестициялық салық преференциялары (бұдан әрi - преференциялар) инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асыратын салық төлеушi заңды тұлғаларға берiледi.
2. Преференциялар салық төлеушiлерге преференцияларды қолданудың басталу күнiн белгiлейтiн келісім-шартқа (оның нотариалды куәландырылған көшiрмесi салық төлеушiнiң тiркелген жерi бойынша салық органына берiледi) сәйкес мынадай мерзiмдерде:
келісім-шартты жасасу кезiнде шаруашылық қызметтi жүзеге асыратын салық төлеушiлер - тiркелген активтер пайдалануға берiлген жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап;
мемлекеттік қабылдау комиссиялары - жаңадан құрылған салық төлеушiлер өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдаған күннен бастап берiледi.