4) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң ережелерiн әзiрлейдi;
5) шағымдарды (апелляцияларды) қарау үшiн апелляциялық комиссия құрады;
6) егер басқа ұйымдар шығарған сәйкестiктi растау мәселелерi жөніндегі құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң талаптарына сай болмаса, олардың күшiн жою туралы ұсыныстар дайындайды;
7) зертханааралық салыстыру сынақтары (салыстырмалар) бойынша жұмыстарды ұйымдастырады.
Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
8-бап. Мемлекеттік органдардың техникалық
реттеу саласындағы құзыретi
Мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде техникалық реттеу саласында:
1) техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актiлердiң және олармен өзара байланысты стандарттардың ғылыми-техникалық деңгейiн талдауды;
2) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу немесе техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар әзiрлеу, стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарға өзектi сипат беру және оларды бiр iзге салу туралы ұсыныстар дайындау мен енгізудi;
3) Қазақстан Республикасында қабылданатын жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi және мемлекеттік стандарттарды әзiрлеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды;
4) техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу, мемлекеттік органдардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау үшiн сарапшылық кеңестер құруды;
5) өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң, стандарттардың және өзге де құжаттардың қорларын басқаруды;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардың орындалуын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды;
7) стандарттар мен өзге де құжаттарды әзiрлеу және оларды халықаралық нормалармен және талаптармен үйлестiру жөніндегі жоспарлар мен бағдарламаларды дайындауды және iске асыруды;
8) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердi, сәйкестiктi растау жөніндегі органдарды және сәйкестiгi мiндеттi расталуға тиiстi өнiм, көрсетiлетiн қызмет жөніндегі зертханаларды құру бойынша ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады.
9-бап. Мемлекеттік органдар жанындағы техникалық
реттеу саласындағы сарапшылық кеңестер
1. Мемлекеттік органдар жанындағы техникалық реттеу саласындағы сарапшылық кеңестер техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу, техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге және қолдануға байланысты салада мемлекеттік органдардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау үшiн құрылады.
2. Мемлекеттік органдар жанындағы техникалық реттеу саласындағы сарапшылық кеңестердiң құрамын және олар туралы ереженi мемлекеттік органдар бекiтедi.
Сарапшылық кеңестiң құрамына мемлекеттік органдардың, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердiң және басқа да мүдделi тараптардың өкiлдерi кiредi.
10-бап. Ақпарат орталығы
1. Ақпарат орталығы мүдделi тараптарға және шет мемлекеттерге олардың сауал салуы бойынша:
1) техникалық реттеу саласындағы қолданылып жүрген немесе әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық актiлер, стандарттар, оларға енгiзiлетiн өзгерістер және өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң сәйкестiгiн растау рәсiмдерi;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға және стандарттау, сәйкестiктi растау, аккредиттеу жөніндегі екi жақты және көп жақты сипаттағы халықаралық шарттарға мүшелiгі немесе қатысуы;
3) техникалық реттеу саласындағы әзiрленiп жатқан және қабылданған нормативтiк құқықтық актiлердiң, стандарттардың жобаларын немесе олар туралы ақпаратты жариялау көздерi туралы құжаттардың көшiрмелерi мен ақпаратты беру мақсатында Дүниежүзiлiк сауда ұйымының Хатшылығымен, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүше елдермен, халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен құрылады және жұмыс iстейдi.
2. Ақпарат уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде хабарлама түрiнде орналастырылады. Хабарлама нысанын, оны толтыру және ұсыну тәртібін уәкiлеттi орган айқындайды.
11-бап. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер
1. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер мемлекеттік органдардың және мүдделi тараптардың ұсыныстары бойынша салааралық деңгейде стандарттау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшiн экономика салаларында құрылады.
Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердiң құрамына мемлекеттік органдардың және мүдделi тараптардың өкiлдерi кiредi.
2. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердiң құзыретiне:
1) бекiтіліп берiлген объектiлер және қызмет бағыттары бойынша мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiн дамытудың негiзгi бағыттарын айқындау жөніндегі ұсыныстарды дайындау;
2) мемлекеттік стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн, халықаралық, өңiрлiк, ұлттық стандарттар мен шет мемлекеттердiң техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн және оларға енгiзiлетiн өзгерістердi әзiрлеуге және оларға сараптама жасауға белгiленген тәртiппен қатысу;
3) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiн дамыту бағдарламаларына техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер мен мемлекеттік стандарттарды әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар дайындау жатады.
3. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердiң құрылу, жұмыс iстеу, таратылу тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
12-бап. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдар
1. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдар - меншiк нысанына қарамастан, өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi өндiрушiлерден (орындаушылардан), өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi берушiлер мен тұтынушылардан, мемлекеттік органдардан тәуелсiз, штатында сәйкестiктi растау жөніндегі сарапшы-аудиторлары және (немесе) бекiтіліп берiлетiн қызмет бағыттары бойынша зертханалары бар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аккредиттелген ұйымдар.
Сәйкестiктi растау жөніндегі органдар, оның iшiнде шетелдiк органдар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аккредиттелуге тиiс.
Сәйкестiктi растау жөніндегі органдардың филиалдары сәйкестiктi растау жөніндегі органның құрамында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аккредиттеледi.
2. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдардың құқық қабiлеттілігi олар аккредиттеу аттестатын алған кезде туындайды және оның қолданылу мерзiмiнiң өтуiне немесе осы Заңда белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылуына байланысты тоқтатылады.
3. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдар өтінiм берушiлермен жасалған шарт талаптарымен аккредиттеу саласы шегiнде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) дайындаушылардың (орындаушылардың), сатушылардың сәйкестiктi мiндеттi растау жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге өтінімдерін қарайды, сәйкестiгiн растауға ұсынылған өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi бiрдейлендiредi;
2) сәйкестiктi мiндеттi растау жөнiнде жұмыстар жүргiзедi;
3) дайындаушылардың (орындаушылардың) өтiнiмдерi бойынша сәйкестiк туралы декларацияны қабылдауға қажеттi жұмыстар жүргiзедi;
4) сәйкестiк туралы декларацияларды тiркейдi;
5) сәйкестiктi растау схемасына сай сәйкестiгi мiндеттi растаудан өткен өнiмге, көрсетiлетiн қызметке инспекциялық тексеру жүргiзедi, олардың белгiленген талаптарға сәйкес еместiгi анықталған жағдайда берiлген сәйкестiк сертификаттарының қолданысын немесе сәйкестiк туралы декларацияны тiркеудiң қолданысын уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тоқтата тұрады немесе олардың күшiн жояды;
6) берiлген сәйкестiк сертификаттарының және тiркелген сәйкестiк туралы декларациялардың тiзiлiмiн жүргiзедi.
4. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдар:
1) дайындаушының (орындаушының), сатушының өтiнiмi бойынша аккредиттеу саласы шегiнде объектiлердiң сәйкестiгiн мiндеттi және ерiктi түрде растауды жүргізуге;
2) сәйкестiктi растау рәсiмдерiн жүзеге асыру үшiн шарт жасасу жағдайларында құзыреттi ұйымдарды, сәйкестiктi растау жөніндегі сарапшы-аудиторларды, өнiм, көрсетiлетiн қызмет немесе қызмет түрлерi бойынша техникалық сарапшыларды тартуға;
3) өтiнiм берушiден сәйкестiктi растау жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн қажеттi құжаттардың ұсынылуын сұратуға құқылы.
5. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдар:
1) өтiнiм берушiнiң сәйкестiктi растау ережелерi мен шарттары туралы ақпаратқа кедергiсiз қол жеткізуiн қамтамасыз етуге;
2) өтiнiм берушiге қатысты кемсiтушiлiкке жол бермеуге;
3) сәйкестiктi растау саласындағы мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң ережелерiне сай берiлген сәйкестiк сертификаттары, тiркелген сәйкестiк туралы декларациялар жөнiнде және объектiлердi сертификаттаудан бас тарту туралы мәлiметтер беруге;
4) өнiм, көрсетiлетiн қызмет шығарылған елге қарамастан, өтiнiм берушiнiң коммерциялық мүддесi болып табылатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдар сәйкестiктi мiндеттi растау ережелерiн бұзғаны және сәйкестiк сертификатын заңсыз бергенi, сәйкестiк туралы декларацияларды заңсыз тiркегенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
7. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдар аккредиттеу саласында консалтингтік қызмет көрсетуге құқылы емес және осы қызметтердi көрсететiн тұлғалармен аффилиирленген болуға тиiс емес.
13-бап. Зертханалар
1. Зертханалар - меншiк нысанына қарамастан, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аккредиттелген ұйымдар және олардың құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары, өкiлдiктерi).
2. Сәйкестiктi растау мақсатында сынақ жүргiзу жөніндегі зертханалардың құқық қабiлеттілігi олар аккредиттеу аттестатын алған кезде туындайды және оның қолданылу мерзiмiнiң бiтуiне, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен қайтарып алынуына, күшi жойылуына және жарамсыз деп танылуына байланысты тоқтатылады.
3. Зертханалар сәйкестiктi растау жөніндегі органдармен немесе басқа өтінім берушiлермен жасалған шарт жағдайларында:
1) өзiнiң аккредиттеу саласы шегiнде сәйкестiктi мiндеттi немесе ерiктi растау мақсатында объектiлерге сынақ жүргiзедi;
2) сынақ нәтижелерiнiң дәйектілігiн қамтамасыз етедi;
3) уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен және нысандар бойынша жұмыс нәтижелерiн ресiмдейдi және бередi;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де қызметтi жүзеге асырады.
4. Зертханалар объектiлердiң сәйкестігін растау кезiнде оларға сынақтың дәйектемесiз нәтижелерiн ұсынғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
14-бап. Техникалық реттеу саласындағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Техникалық реттеу саласындағы жеке және заңды тұлғалар:
1) техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi және мемлекеттік стандарттарды әзiрлеу, оларға өзгерістер енгізу, күшiн жою жөніндегі ұсыныстарды, техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң, стандарттардың жобаларын дайындайды;
2) қажет болған жағдайда осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарда стандарттау жөніндегі тиiстi бөлiмшелер мен қызметтердi құрады.
2. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi өткiзетiн жеке және заңды тұлғалар осы Заңға сәйкес оның техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгіленген талаптарға сәйкестiгiн растауды қамтамасыз етедi.
15-бап. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер мен стандарттардың мемлекеттік қоры
1. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер мен стандарттардың мемлекеттік қорын уәкiлеттi орган мен мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде құрады.
2. Мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәлiметтердi қоспағанда, техникалық реттеу саласында әзiрленетiн және қабылданатын нормативтiк құқықтық актiлер, мемлекеттік, ұлттық, халықаралық, өңiрлiк стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, ұйымдар стандарттары және стандарттау жөніндегі ұсынымдар туралы ресми ақпарат, сондай-ақ көрсетiлген құжаттар пайдаланушыларға қолжетiмдi болуға тиiс.
3. Стандарттарды және стандарттау, метрология, сертификаттау, аккредиттеу жөніндегі нормативтiк құжаттарды, стандарттар каталогтары мен сiлтемелерiн басып шығару және пайдаланушыларды олармен және олар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Құжатты әзiрлеген тұлға әрбiр стандарттың және стандарттау жөніндегі өзге де нормативтiк құжаттың қабылданғаны туралы ақпаратты және олардың бiр данасын уәкiлеттi органға бiрыңғай анықтамалық-библиографиялық деректер базасын құру үшiн жiбередi.
16-бап. Сәйкестiктi растау, стандарттау, аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлардың құзыретi
1. Сәйкестiктi растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар сәйкестiктi растау жөніндегі органның құрамында немесе техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге сай онымен жасалған шарт (келісім-шарт) негізiнде өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң белгiлi бiр түрлерiнiң сәйкестiгiн растау жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге қатысады.
Егер сәйкестiктi растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар өтiнiм берушiнiң мүддесiн бiлдiрсе немесе онымен еңбек немесе өзге шарттық қатынастарда болса, олар нақтылы өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң сәйкестiгiн растау жөніндегі жұмыстарды орындауға құқылы емес.
2. Стандарттау жөніндегі сарапшы-аудиторлар халықаралық және өңiрлiк стандарттау жөніндегі жұмыстарға қатысуға құқылы.
3. Аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлар сәйкестiктi растау жөніндегі органдарды және зертханаларды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аккредиттеу бойынша жұмыстарды жүргiзуге қатысады.
4. Стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторларға қойылатын біліктілік талаптарын, оларды даярлау мен аттестаттау, сарапшы-аудитордың аттестатын беру, оның қолданылуын тоқтата тұру немесе оның күшiн жою тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2-тарау. Техникалық реттеу саласындағы нормативтік
құқықтық актілер
17-бап. Жалпы ережелер
1. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсатта әзiрленедi және қолданылады.
2. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптар мiндеттi болып табылады, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында тiкелей қолданылады және техникалық реттеу саласындағы тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы өзгертiлуi мүмкiн.
3. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде айқындалған талаптар, Қазақстан Республикасының аумағына жануарлар мен өсiмдiктер не олардың өңделген өнiмдерi арқылы тарайтын аурулардың кiруiн болғызбауға бағытталған санитарлық және фитосанитарлық шараларды белгiлеу мен қолдануды қоспағанда, өнiмнiң шыққан елiне және (немесе) шыққан орнына қарамастан, бiрдей әрi тең дәрежеде белгiленедi және қолданылады.
Қажеттiк өлшемдерi, санитарлық және фитосанитарлық шаралардың талаптары мен рәсiмдерi осындай өнiмнiң барлық процестерiнде одан келетiн зиянның нақты ғылыми негiзделген қауiп-қатер деңгейiне негізделедi.
4. Процестерге қойылатын техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде айқындалған талаптар осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жетуге әсер ете алатын жағдайда ғана белгiленедi және қолданылады.
5. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгіленген талаптар кәсiпкерлiк қызмет үшiн осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарды орындауға қажет деңгейден артық кедергі тудырмауға тиiс.
6. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық акт мемлекеттік саясат мүдделерiне, материалдық-техникалық базаның дамуына және ғылыми-техникалық даму деңгейiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес келмейтiн жағдайда уәкiлеттi орган мұндай нормативтiк құқықтық актiнiң күшiн жою немесе оған өзгерістер енгізу рәсiмiн бастауға мiндеттi.
7. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiде оның қолданысқа енгiзiлу мерзiмi мен өтпелi кезең уақыты белгiленетiн шарттары көзделуге тиiс, бұл кезең iшiнде техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгізуге, нормативтiк немесе техникалық құжаттаманы әзiрлеуге және (немесе) түзетуге арналған мәселелер, сондай-ақ өнiм шығаруға байланысты мәселелер ескерiлуге тиiс.
8. Техникалық реттеу саласында:
1) өнеркәсiптiк және өндiрiстiк қауiпсiздiк;
2) үйлердi, құрылыстарды, ғимараттарды және оларға iргелес аумақтарды пайдалану қауiпсiздігі;
3) өрт қауiпсiздiгi;
4) биологиялық қауiпсiздiк;
5) электромагниттiк үйлесiмдiлiк;
6) экологиялық қауiпсiздiк;
7) ядролық және радиациялық қауiпсiздiк;
8) химиялық қауiпсiздiк;
9) электр қауiпсiздiгi;
10) ақпарат қауiпсiздiгi;
11) уыттылық қауiпсiздігі;
12) өлшемдердiң бiрлiгi;
13) тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi;
14) балалар тағамының қауiпсiздігі;
15) механикалық қауiпсiздiк бағыттарындағы нормативтiк құқықтық актiлер қабылданады.
18-бап. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны
1. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер зиян келтiру қауiп-қатерiнiң деңгейiн ескере отырып, өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ең төменгi қажеттi талаптарды белгiлейдi.
2. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiде:
1) оның талаптары қолданылатын өнiмнiң, процестердiң толық қамтылған тiзбесi;
2) техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актіні қабылдау мақсаттарына жетудi қамтамасыз ететiн өнiмнiң, процестердiң сипаттамаларына қойылатын талаптар болуға тиiс.
Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiде өнiмнiң сынамаларын iрiктеу және оны сынақтан өткізу ережелерi, сәйкестiктi растаудың ережелерi мен нысандары (оның iшiнде сәйкестiктi растау схемалары) және (немесе) терминологияға, буып-түюге, таңбалауға немесе затбелгi жапсыруға және оларды түсiру ережелерiне қойылатын талаптар болуы мүмкiн.
3. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiде, келтiрiлетiн зиянның деңгейi ескерiлетiн, өнiмнiң конструкциясы мен орындалуына қойылатын талаптардың болмауы салдарынан осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жету қамтамасыз етiлмейтiн жағдайларды қоспағанда, өнiмнiң конструкциясы мен орындалуына қойылатын талаптар болмауға тиiс.
4. Егер шет мемлекеттердiң, халықаралық және өңiрлiк ұйымдардың нормалары мен стандарттары осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға сәйкес келсе, олар техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу кезiнде негiз ретiнде толық немесе iшiнара қолданылуы мүмкiн.
5. Ұзақ пайдаланған кезде жол берiлетiн қауiп-қатер деңгейiн анықтауға мүмкiндiк бермейтiн факторларға байланысты зиян келтiруi мүмкiн өнiмге қойылатын талаптарды айқындау мүмкiн болмаған жағдайда, техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiде тұтынушыны өнiмнiң ықтимал зияны туралы және оған байланысты факторлар туралы хабардар етуге қатысты талаптар болуға тиiс.
6. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде зиян келтiру қауiп-қатерiнiң деңгейiн ескере отырып, техникалық реттеу объектiлерiне:
1) азаматтардың жекелеген санаттарын (кәмелетке толмағандарды, жүктi әйелдердi, бала емiзетiн аналарды, мүгедектердi) қорғауды қамтамасыз ететiн;
2) егер мұндай талаптардың болмауы климаттық және географиялық ерекшелiктерге байланысты осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жете алмауға әкеп соғатын болса, Қазақстан Республикасының жекелеген әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнде қолданылатын;
3) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде адам өмiрi мен денсаулығына, Қазақстан Республикасының және басқа да iргелес мемлекеттердiң қоршаған ортасына қауiп төндiретiн трансшекаралық қауiптi өндiрiстiк объектiлерге қойылатын арнайы талаптар болуы мүмкiн.
19-бап. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнi әзiрлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және оның күшiн жою ерекшелiктерi
1. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық акт, техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiге өзгерістер және (немесе) толықтырулар осы Заңның ережелерiн ескере отырып, белгiленген тәртiппен әзiрленедi, қабылданады және күшiн жоюға жатады.
2. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу, өзгерту, толықтыру немесе оның күшiн жою жөніндегі ұсыныстарды құзыретiне мiндеттi ережелер мен нормаларды белгiлеу кiретiн мемлекеттік органдар стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердiң, мүдделi тараптардың ұсыныстарын ескере отырып дайындайды және уәкiлеттi органға ұсынады.
3. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актілерін әзiрлеу бағдарламасының жобасын жасап, бекіту үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актілерін әзiрлеудiң бекітілген бағдарламасы бекітілген күнiнен бастап бiр ай iшiнде жариялануға тиiс.
4. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын әзiрлеген мемлекеттік орган жобаны, нормативтiк құқықтық актiге өзгерістер мен толықтыруларды немесе оның күшiн жоюды әзiрлей бастаған кезден бастап бiр айдан кешiктiрмей, ресми басылымға және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын әзiрлеу, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе оның күшiн жою туралы белгіленген нысанда хабарлама бередi.
5. Егер техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiде белгiленген талаптар тиiстi халықаралық стандарттардың талаптарына сай келмесе немесе тиiстi халықаралық стандарттар жоқ болса немесе техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптар өнiмнiң Қазақстан Республикасына импортының немесе Қазақстан Республикасынан экспортының жағдайларына әсер етуi мүмкiн болса, техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын әзiрлеген мемлекеттік орган уәкiлеттi орган арқылы:
1) техникалық реттеу саласында әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық акт қолданылатын өнiм тiзбесi, актiнiң мақсаты мен оны әзiрлеу қажеттiгi туралы хабарлайды;
2) техникалық реттеу саласында әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық акт туралы егжей-тегжейлi мәлiметтердi немесе мазмұны халықаралық стандарттар талаптарына сай келмейтiн нормаларын көрсете отырып, оның көшiрмесiн мүдделi тараптардың және шет мемлекеттердiң сауал салуы бойынша табыс етедi.
6. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын әзiрлеу туралы хабарлама жарияланған кезден бастап оның жобасы мүдделi тараптардың танысуы үшiн қолжетiмдi болуға тиiс.
Жобаның көшiрмесi берiлгенi үшiн төлем алынады, оның мөлшерi оны дайындауға жұмсалған шығындардан аспауға және барлық өтiнiм берушiлер үшiн бiрыңғай болуға тиiс.
7. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын әзiрлеген мемлекеттік орган:
1) жобаны жария талқылауды ұйымдастырады;
2) алынған ескертпелердi есепке ала отырып жобаны пысықтайды және оны уәкiлеттi органның ресми басылымына және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге орналастырады;
3) техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына алынған ескертпелердi мүдделi тараптарға олардың сауал салуы бойынша бередi.
8. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын жария талқылау мерзiмi (оны әзiрлеу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарландыру жарияланған күнге дейiн) кемiнде күнтiзбелiк алпыс күн болуға тиiс.
9. Техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актінің жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жариялануға тиiс және онда жобамен және алынған ескертпелердiң тiзбесiмен танысу тәсiлi, техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын әзiрлеген мемлекеттік органның атауы, оның почта және электрондық мекен-жайы туралы ақпарат болуға тиiс.