3. Егер мүлiктердi қиратуға (бүлдiруге) немесе жатақхана ережелерiн бұзуға кооператив мүшесiнiң отбасы мүшелерi ғана кiнәлi болса, тек кiнәлi адамдар ғана басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
4. Кооператив Жарғысында кооперативтен шығарудың қосымша негiздерi белгiленген жағдайда да онда шығарылудың тиiстi салдары көрсетiлуге тиiстi.
63-бап. Кооператив мүшесiнiң пәтер (үй-жай) үшiн пай
жарнасының толық сомасын төлеуi
1. Пай жарнасының толық сомасын төлеу кооператив мүшесiнiң кооперативтiк пәтерге (үй-жайға) меншiк құқығын алуына негiз болады.
2. Пәтер (үй-жай) иесi оны жылжымайтын мүлiктi тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен тiркеуге мiндеттi.
3. Кооператив мүшелерiнiң меншiк құқығына жататын кооперативтiк тұрғын үйде бiр немесе одан да көп пәтер (үй-жай) болған кезде тұтас алғанда бүкiл үйге меншiк кондоминиум белгiлерiн алады.
4. Өз пәтерiне (үй-жайына) меншiк құқығын алған тұрғын үй кооперативiнiң мүшесi кооператив мүшесiнiң барлық қалған құқықтары мен мiндеттерiн сақтап қалады.
5. Бұрынғы кооперативтiк пәтердiң (үй-жайдың) иесi кооперативтен шыққан кезде оның пәтер (үй-жай) шегiнен тысқары кооператив мүлкiн пайдалану құқығы, сондай-ақ мұндай мүлiктi ұстау және оның меншiк құқығын қозғамайтын кооперативтi басқару органдарының шешiмдерiн орындау жөніндегі барлық мiндеттерi сақталып қалады.
64-бап. Босаған тұрғын үйдi басқа адамға беру
1. Тұрғын үй кооперативi мүшесiнiң кооператив құрамынан шығуына немесе кооперативтен шығарылуына байланысты босаған тұрғын үй осы Заңның 60 және 62-баптарына сәйкес кооперативке кіру құқығы бар адамдар болмаған орайда кооператив жалпы жиналысының шешiмi бойынша кооператив мүшелiгiне жаңадан қабылданған адамға берiледi.
Кіру кезiнде тұрғын үй жағдайларын жақсартуды қалайтын сол кооперативтiң мүшелерi басымдықты пайдаланады.
2. Кооперативтiң шығып кеткен немесе шығарылған мүшесiнiң орнына кооперативке қабылданған адам өзi кооперативке қабылдауға дейiнгi бұрынғы пайшының кооператив алдындағы мiндеттемелерiне жауап бередi.
65-бап. Пай жарнасын қайтару
1. Кооператив мүшелiгiнен шығып кеткен не шығарылған адамға үш айлық мерзiмнен кешiктiрмей кооператив алдындағы ақшалай мiндеттемелерi шегерiле отырып, өзi төлеген пай жарнасы қайтарылып берiледi.
2. Пай жарналары қайтарылған барлық жағдайларда осы тарауда көзделген қайтарылатын сома инфляцияны ескере отырып белгiленедi.
66-бап. Тұрғын үй кооперативiнiң үй-жай иелерiнiң
кооперативi болып қайта құрылуы
1. Егер тұрғын үй кооперативiнiң барлық мүшелерi кооперативтiк пәтерлерге (үй-жайларға) меншiк құқығын алса, мұндай кооператив үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi не кондоминиум объектiсiн басқару жөніндегі меншiк иелерiнiң өзге де бiрлестiгi болып қайта құрылуы мүмкiн.
2. Жылумен, сумен, энергиямен, газбен жабдықтаудың және канализацияның бiрыңғай жүйесi болатын тұрғын үйде кондоминиум объектiсiн басқаратын екi және одан да көп кооператив құруға болмайды.
3. Тұрғын үй кооперативтерiнiң, сондай-ақ үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативтерiнiң қызметiне, егер осы Заңға қайшы келмесе, кооперация туралы заңдар қолданылады.
4 БӨЛIМ
9-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНАН
ТҰРҒЫН ҮЙ БЕРУ
09.07.04 ж. № 587-II ҚР Заңымен 67-бап толықтырылды
67-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй
беру шарттары
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғын үй тұрғын үйге мұқтаж, осы елдi мекенде тұрақты тұратын (тұру мерзiмiне қарамастан) және халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына берiледi.
2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж мемлекеттік қызметшiлерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге және сайланбалы мемлекеттік қызмет атқаратын адамдарға берiледi. Оларға берiлетiн тұрғын үй қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiледi.
3. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй өздерiнiң жалғыз тұрғын үйi ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша ипотека нысанасы болған және оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңдарына сәйкес жергiлiктi атқарушы орган сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтарына берiледi.
68-бап. Халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын
топтарына жататын азаматтар
Халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын топтарына:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдар;
2) I және II топтағы мүгедектер (өздерi жасаған қылмыс салдарынан мүгедек болған адамдарды қоспағанда);
3) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
4) заңдарда белгiленген тәртiппен бекітілетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
5) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
6) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма жасқа жетпеген жетiм балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;
7) репатрианттар;
8) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
9) көп балалы отбасылар;
10) мемлекеттік немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртібін қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
11) толық емес отбасылар жатады.
69-бап. Азаматтарды тұрғын үйге мұқтаж деп тану
Азаматтар егер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығымен өздерiнiң тұрғын үйi болмаса;
2) осы елдi мекенде мемлекеттік тұрғын үй қорынан, сондай-ақ меншiктiң мемлекеттік емес нысанына негiзделген заңды тұлғаларға тиесiлi үйлерде, соның iшiнде тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативтерiнiң үйлерiнде өздерiнiң тұрақты пайдаланатын үйлерi болмаса;
3) отбасы тұрып жатқан тұрғын үй нормативтiк санитариялық және техникалық талаптарға сай келмесе;
4) оқшауланбаған, шектес тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатса;
5) отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып (заңдарда белгiленген тәртiппен бекітілген аурулардың тiзiмi бойынша), бiр үй-жайда (пәтерде) олармен бiрге тұру мүмкiн болмаса, тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.
70-бап. Азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй
қорынан тұрғын үй алу құқығы
Ерлi-зайыптылардың әрқайсысында некеге тұрғанға дейiн осындай тұрғын үйi болған жағдайларды қоспағанда, азамат (зайыбымен және кәмелетке толмаған балаларымен бiрге) осы елдi мекенде мемлекеттік тұрғын үй қорынан бiр тұрғын үй алуға құқылы.
10-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНАН
ТҰРҒЫН ҮЙ БЕРУ ТӘРТІБІ
2004.20.12 № 13-III Заңымен 71-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
71-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге
болатын азаматтарды есепке алу
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге болатын азаматтарды есепке алу тұрғылықты жерi бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарында жүзеге асырылады.
Осы Заңның 67-бабында аталған азаматтар есепке қойылады.
2. Есепке алу үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесi мен нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi. Азаматтардың қандай да болсын қосымша құжаттар беруiн талап етуге тыйым салынады.
3. Азаматтардың өздерiн және өздерiнiң отбасы мүшелерiн мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге мұқтаждар есебiне қою туралы арыздары тұрғылықты жерi бойынша тиiстi жергiлiктi атқарушы органда бiр ай iшiнде қаралады.
Арыз берушiлерге қабылданған шешiм туралы аталған мерзiм аяқталғанға дейiн жазбаша түрде хабарланады.
09.07.04 ж. № 587-II ҚР Заңымен 72-бап толықтырылды
72-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру
үшiн есепке қоюдан бас тарту негiздерi
Егер азаматтың соңғы бес жылдың iшiнде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан мынадай жолдармен мұқтажға айналғаны:
1) тұрғын үй-жайын ауыстырғаны;
2) оның Қазақстан Республикасының белгiлi бiр елдi мекенiнде орналасуына қарамастан, өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, тұру үшiн жарамды тұрғын үйдi, жергiлiктi атқарушы орган тұрғын үйдi осы Заңның 98-1-бабына сәйкес сатып алғаннан басқа жағдайларда, иелiгiнен шығаруы;
3) тұрғын үйдiң өз кiнәсiнен бұзылуы немесе бүлiнуi;
4) тұрған кезiнде оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуiне мұқтаж болмаған кезде тұрғын үйiнен кетуi;
5) жұбайынан, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балаларынан, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарынан басқа адамдарды тұрғызғаны анықталса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру үшiн есепке қоюдан бас тартылуы мүмкiн.
73-бап. Азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын
үй беруге мұқтаждар есебiнен шығару негiздерi
1. Азаматтар:
1) егер мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылса;
2) басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кетсе;
3) азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берсе не есепке алу туралы мәселенi шешу кезiнде лауазымды адамдар заңсыз әрекет жасаса;
4) жер учаскесiн алса және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаса немесе тұрғын үй сатып алса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуге мұқтаждар есебiнен шығарылуы мүмкiн.
2. Есепте тұрған азамат тұрақты тұруға басқа жаққа қоныс аударған не ол қайтыс болған жағдайда, егер бұл орайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуге мұқтаж деп тану үшiн негiздер жойылмаса, отбасының онымен бiрге есепке тұрған өзге мүшелерiнiң кезегi сақталады.
3. Мүдделi адамдарға есептен шығару туралы шешiм қабылданғаннан кейiн он күн мерзiм iшiнде есептен шығарудың негiздерi көрсетіліп жазбаша түрде хабарланады.
4. Азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуге мұқтаждар есебiне ол үшiн негiздер болмаса да қойылып, тәртiп бұзушылық байқалған, бiрақ кейiннен мұндай негiздер пайда болған (отбасы мүшелерi санының көбеюi, отбасының жиынтық табысының кемуi және сол сияқтылар) жағдайларда ол негiздер пайда болған күннен бастап мұқтаж деп танылады және оның кезегi соған сәйкес ауыстырылады.
09.07.04 ж. № 587-II; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан
тұрғын үй беру кезегi
1. Мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй, осы Заңның 98-1-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмде белгiленген кезек ретiмен берiледi.
2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуге мұқтаждар есебiнiң тiзiмiн былайша бөлек жүргiзедi:
1) әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз азаматтар;
2) мемлекеттік қызметшiлер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерi мен әскери қызметшiлер.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан (жаңадан пайдалануға берiлген немесе тұрғындар босатқан) бөлек тiзiм бойынша тұрғын үй бөлудi, егер осы Заңда немесе басқа да заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, бөлек тiзiмдердiң санына қарай ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүргiзедi.
3. Аталған тiзiмге енгiзiлген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға бұл тiзiмге енгiзiлген басқалар алдында ешкiмнiң де басымдық құқығы болмайды.
09.07.04 ж. № 587-II ҚР Заңымен 75-бап толықтырылды
75-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын
үй беру нормасы
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй әр адамға кемiнде он бес шаршы метр және көп дегенде он сегiз шаршы метр пайдалы алаң, бiрақ кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерiнде берiледi.
2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй мемлекеттік немесе әскери қызмет атқармайтын, сондай-ақ бюджеттік ұйымдарда (мекемелерде) жұмыс iстемейтiн әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз азаматтарға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн мөлшерде, бiрақ Республикада бiр адамға қолданылатын санитариялық нормадан кем емес тұрғын алаң және кемiнде бiр бөлме мөлшерiнде берiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың 1-тармағында белгiленген мөлшерден асатын тұрғын үй алаңы артық деп есептеледi.
4. Заңдарда белгiленген тәртiппен бекітілген мүгедектердiң жекелеген санаттарына және аурулар тiзiмiнде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын азаматтарға бөлек қосымша бөлме берiледi. Аталған қосымша алаң артық деп есептелмейдi.
5. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берiлетiн тұрғын үй мөлшерiн анықтаған кезде отбасында жүктi болғанына жиырма аптадан асқан әйелдiң болуы ескерiледi.
6. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасы азаматтарының осы Заңның 98-1-бабында аталған санаттарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.
09.07.04 ж. № 587-II ҚР Заңымен 76-бап толықтырылды
76-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғын
үйлерiне қойылатын талаптар
1. Азаматтарға тұру үшiн берiлетiн мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй сол елдi мекеннiң жағдайларына қарай тұрмысқа жайлы және мұқтаж адам есепте тұрған елдi мекеннiң шегiнде болуға тиiс.
Осы тармақпен белгiленген талаптарға сай келмейтiн тұрғын үй мұқтаж адамның және оның отбасының кәмелетке толған барлық мүшелерiнiң жазбаша келісімiмен ғана берiлуi мүмкiн. Мұндай тұрғын үй беру мұқтаж адамдарды есептен шығаруға әкеп соғады.
2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру кезiнде бiр бөлмеге жетi жастан асқан әр жынысты адамдарды (ерлi-зайыптылардан басқа) олардың келісімiнсiз тұрғызуға жол берiлмейдi.
3. Мүгедектерге, қарттарға, жүрек-қан тамырлары және басқа ауыр науқастармен ауыратын адамдарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй олардың тiлегi ескерiлiп, төменгi қабаттардан немесе лифтiсi бар тұрғын үйлерден берiледi.
Сауықтыру жөніндегі дербес бағдарламаға сәйкес, мүгедектерге үйдiң үлгiсiн, қолайлылық деңгейiн және тұруға қажеттi басқа да жағдайларды ескере отырып, тұрғын үй-жайды таңдау құқығы берiледi.
4. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасы азаматтарының осы Заңның 98-1-бабында аталған санаттарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.
77-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын
үй беру туралы шешiм
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй осы Заңның 100-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, арыз берушiнiң тұрғылықты жерi бойынша жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен берiледi.
78-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын
үй берудiң жариялылығы
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу есебiнде тұрған адамдардың тiзiмi, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан соңғы жиырма төрт ай iшiнде тұрғын үй алған адамдардың тiзiмi осы тiзiмдерде тұрған адамдардың талап етуi бойынша танысу үшiн берiледi. Мұндай тiзiмдердiң нысанына отбасының құрамы, есепке қойылған уақыты, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға арналған негiздер және оның көлемi, тұрғын үй берiлген уақыт туралы мәлiметтер мiндеттi түрде енгiзiлуге тиiс.
79-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдiң
босаған бөлiгiн беру
Егер мемлекеттік тұрғын үй қорындағы әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз адамдар тұратын тұрғын үйден бөлек тұрғын бөлме (бөлмелер) босаса, ол мұқтаждар есебiнде кезекте тұрғандарға берiледi. Бұл орайда осындай тұрғын үйде тұратын және қолда бар тұрғын жағдайларын жақсартуды мұқтаж ететiн азаматтар босаған бөлменi (босаған бөлмелердi) осы Заңның 69-бабының талаптарына сәйкес пайдалануға алуда басым құқыққа ие болады.
11-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНАН ҮЙЛЕРДI
ЖАЛДАУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
80-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын
үйдi жалдау шарты
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдау шарты тұрғын үй беру туралы шешiмнiң негiзiнде жергiлiктi атқарушы органның немесе мемлекеттік кәсiпорын әкiмшiлiгi (жалға берушi) мен азаматтың (жалға алушының) арасында жазбаша түрде жасалады. Мұндай шарттар мемлекеттік тiркеуден өткiзiлмеуге тиiс.
2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдаудың үлгi шартын, тұрғын үйдi пайдалану, тұрғын үйдi және үй маңындағы аумақты күтiп ұстау ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
3. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдау шартынан туындайтын қатынастарға тиiстi реттерде азаматтық заңдардың нормалары да қолданылады.
81-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын
үйдi жалдау шартының мәнi
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдау шартының мәнi жеке тұрғын үй болып табылады.
2. Басқа тұрғын бөлмеге (бөлмелерге) шығатын (кiретiн) есiгi бар тұрғын бөлме, бөлменiң бiр бөлiгi, сондай-ақ пәтердегi қосалқы үй-жайлар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдау шартының дербес мәнi бола алмайды.
82-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi
жалдау шартын жарамсыз деп тану
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдау шарты:
1) азаматтар мұндай тұрғын үй берiлуiне мұқтаждық туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген;
2) шартта көрсетiлген тұрғын үйге басқа азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарын бұзған;
3) лауазымды адамдар тұрғын үй беру туралы мәселенi шешу кезiнде заңсыз әрекеттер жасаған;
4) тұрғын үйдi беру кезегi бұзылған;
5) заңдарда белгiленген тұрғын үй берудiң тәртібі мен шарттары бұзылған өзге де жағдайларда жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Шартты жарамсыз деп тану туралы талап шарт жасалған күннен бастап үш жыл iшiнде мәлiмделуi мүмкiн.
83-бап. Жалға алушының отбасы мүшелерiнiң
құқықтары мен мiндеттерi
1. Жалға алушының отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес айқындалады.
2. Жалға алушының отбасы мүшелерi жалға алушымен тең құқықтарды пайдаланады және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдау шартынан туындайтын мiндеттердi атқарады. Отбасының кәмелетке толған мүшелерi аталған шарттан туындайтын мiндеттемелер бойынша жалға алушымен бiрге мүлiктiк жағынан жауапты болады.
3. Егер осы Заңның 21-бабында аталған азаматтар жалға алушының отбасы мүшелерi болуын тоқтатса, бiрақ олар тұратын тұрғын үйде тұруды жалғастырса, олар да жалға алушы мен оның отбасы мүшелерi сияқты тұрғын үй құқықтары мен мiндеттерiн сақтап қалады.
84-бап. Жалға алушының өзi тұратын мемлекеттік тұрғын
үй қорындағы тұрғын үйге өз отбасының мүшелерiн
және басқа азаматтарды кiргiзу құқығы
1. Жалға алушы мемлекеттік тұрғын үй қорындағы өзi тұратын тұрғын үйге жұбайын, балаларын, ата-анасын, басқа адамдарды өз отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң жазбаша келісімiн алып кiргiзуге құқылы.
Кәмелетке толмаған балаларын ата-аналарымен бiрге тұрғызуға отбасының басқа мүшелерiнiң келісімi талап етiлмейдi.
2. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге отбасының мүшелерi ретiнде кiргiзiлген адамдар осы бапқа сәйкес, егер кiргiзiлген осы азаматтардың, жалдаушының және онымен бiрге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң арасында өзгеше бiр жазбаша келісім болмаса, бұл тұрғын үй-жайды онда тұратын қалған адамдармен бiрдей пайдалануға құқық алады.
3. Жалдаушы осы Заңның 26-бабында көзделген жағдайларда тұрғын үйдi немесе оның бiр бөлiгiн қосымша жалға беруге құқылы.
85-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдiң
уақытша болмаған азаматтар үшiн сақталу мерзiмдерi
1. Жалға алушы немесе оның отбасының мүшелерi уақытша болмаған кезде оларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үй алты ай бойы сақталады.
2. Егер жалға алушы немесе оның отбасының мүшелерi дәлелдi себептермен алты айдан артық уақыт болмаса, бұл мерзiм болмаған адамның өтiнiшi бойынша тиiсiнше ұзартылады.
3. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдiң уақытша болмаған азаматтарға неғұрлым ұзақ мерзiмге сақталуының шарттары мен жағдайлары осы Заңның 86-бабымен белгiленедi.
86-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын
үйдiң азаматтар үшiн сақталу жағдайлары
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй азаматтар үшiн мынадай жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде не Қазақстан Республикасының қатысуымен одан тыс жерлерде құрылған қарулы күштер құрамында әскери қызметтен өткенде - қызмет мерзiмi iшiнде;
2) мерзiмдi еңбек шарты (келісім-шарт) бойынша немесе сайланбалы қызметке сайлануына байланысты жұмысқа кеткенде - бүкiл жұмыс iстеген уақыты iшiнде;
3) заң актілерінде көзделген негiздер бойынша шетелге кеткенде - шетелде болған уақыты iшiнде;
4) оқуға кеткенде - оқу уақыты iшiнде;
5) балаларды балалар мекемесiне тәрбиелеуге орналастырғанда олардың осы мекемеде болған бүкiл уақыты iшiнде, туысқандарының немесе қорғаншысының (қамқоршысының) қолында - балалар кәмелетке толғанға дейiн;
6) қорғаншы (қамқоршы) мiндеттерiн орындауға байланысты кеткенде - бұл мiндеттердi тоқтатқанға дейiнгi барлық уақытта;
7) емделуге кеткенде - емделуде болған уақыты iшiнде;
8) қамауда болған не бас бостандығынан айыруға сотталған немесе сол жерде тұру мүмкiндiгiнен айыратын өзге де жазалау шаралары кезiнде - қамауда болған немесе жазасын өтеген мерзiмi iшiнде сақталады. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге құқығынан айыру бұл жағдайда сот үкімімен көзделуi мүмкiн.
2. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi пайдалану құқығы онда болмаған адамдарға осы бапта көрсетiлген мерзiмдер аяқталған күннен бастап алты ай бойы сақталады.
87-бап. Адамдарды мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын
үйдi пайдалану құқығынан айырылды деп тану тәртібі
Адамдарды осы заңның 85 және 86-баптарында белгiленген мерзiмiнен артық уақыт болмауы салдарынан мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi пайдалану құқығынан айырылды деп тану жалға берушiнiң немесе бұл үй-жайда тұруға қалған жалға алушының не оның отбасы мүшелерiнiң (бұрынғы мүшелерiнiң) талабы бойынша жүзеге асырылады.
88-бап. Жалға алушы уақытша болмаған жағдайда мемлекеттік
тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi пайдалану құқығы
Жалға алушы уақытша болмаған мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйде тұратын отбасының мүшелерi бүкiл тұрғын үйдi бұрынғы шарттармен пайдалануға құқылы. Бұл орайда олар осы тұрғын үйдi жалға алу шарты бойынша құқықтарын жүзеге асырып, сол бойынша мiндеттi болады.
Азамат уақытша болмаған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пайдалану құқығы сақталатын тұрғын үй алаңы артық деп есептелмейдi.
89-бап. Уақытша болмаған жалға алушының мiндеттерi
Жалға алушының уақытша болмауы осы Заңның 90-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалға алу шарты бойынша мiндеттердi атқарудан босатпайды.
90-бап. Уақытша болмаған азаматқа тиесiлi мемлекеттік
тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдiң пайдаланылуы