өндіріп алушының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі, немесе, егер өндіріп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты тұрған жері не бірыңғай Мемлекеттік тіркелімнен мәліметтер, банк реквизиттері мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
борышкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, оның жұмыс орны мен жұмыс орнының банк реквизиттері туралы мәліметтер (егер істің материалдарында бар болса), оның банк реквизиттері мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі (егер істің материалдарында бар болса) немесе, егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты тұрған жері не бірыңғай Мемлекеттік тіркелімнен мәліметтер (егер істің материалдарында бар болса), банк реквизиттері мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
Атқару парағының нысанын атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
5. Соттың әрбір шешімі бойынша бір атқару парағы беріледі. Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаса, атқару құжатына талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар туралы құжаттардың көшірмелері, егер оның ішінде талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүліктің тұрған жері және оның сақталуына жауапты тұлғалар туралы мәліметтерді қамтитын құжаттардың көшірмелері іс материалдарында бар болса, қоса тіркеледі. Егер атқару әртүрлі орындарда жүргізілетін болса не егер шешім бірнеше талап қоюшының пайдасына немесе бірнеше жауапкерге қарсы шығарылған болса, сот өндіріп алушылардың өтініші бойынша атқару орнын дәл көрсетіп не осы атқару құжаты бойынша атқарылуға тиіс шешімнің сол бөлігін көрсете отырып, бірнеше атқару құжатын жазады. Сот атқару парағына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшiрмесiн қоса тiркейдi.
237-бап. Дереу орындауға жататын шешімдер
Мынадай:
1) алимент алып беру туралы;
2) қызметкерге жалақы, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа алып беру туралы;
3) жұмысқа қайта орналастыру туралы;
4) мертігуден немесе денсаулықты өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысынан айрылуынан келген зиянды, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа өтеу туралы шешімдер дереу орындалуға тиіс.
238-бап. Соттың шешімді дереу орындауға жіберу құқығы
1. Егер айрықша жағдайлардың салдарынан шешімді орындаудағы кідіріс өндіріп алушыны елеулі зиянға әкеп соғуы мүмкін болса немесе шешімді орындау мүмкін болмаса, сот талап қоюшының өтінуі бойынша шешімді дереу орындауға жібере алады.
2. Шешім дереу орындауға жіберілген кезде сот талап қоюшыдан сот шешімінің күші жойылған жағдайда шешімнің кері орындалуын қамтамасыз етуді талап ете алады.
3. Шешімді дереу орындау туралы мәселе, шешімі шығарылған кезде шешілмесе, сот отырысында қаралады. Іске қатысушы адамдарға отырыстың уақыты мен орны хабарланады, алайда олардың келмеуі сот шешімін дереу орындау туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.
4. Шешімді дереу орындау туралы мәселе жөніндегі сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін. Шешімді дереу орындау туралы ұйғарымға жеке шағым, наразылық беру бұл ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады.
239-бап. Шешімнің орындалуын қамтамасыз ету
Сот дереу орындауға жіберілмеген шешімді орындауды осы заңда белгіленген ережелер бойынша қамтамасыз ете алады.
Сот бұл іс-әрекеттерді сот қаулыларын орындауға құқығы бар органға атқару парағын орындау үшін жібергенге дейін жүргізеді.
240-бап. Сот шешімінің орындалуын кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту, оны орындау әдісі мен тәртібін өзгерту
1. Шешімге қаулы қабылдаған немесе іс бойынша бұйрық шығарған сот, сондай-ақ сот қаулысын орындау орны бойынша сот сот орындаушысының өтінімі бойынша немесе атқару ісін жүргізудегі тараптардың арызы бойынша орындау іс әрекетін жүргізуді қиындататын немесе мүмкін емес ететін мән-жайлар болған кезде сот қаулысының орындалуын кейінге қалдыруы немесе мерзімін ұзартуы, сондай-ақ оны орындау әдісі мен тәртібін өзгертуі мүмкін.
2. Сот орындаушысының өтінімі немесе атқару ісін жүргізудегі тараптардың арызы сот отырысында қаралады. Іске қатысушы тұлғаларға отырыс өтетін уақыт және орын хабарланады, алайда олардың келмеуі соттың алдына қойған мәселені шешуіне кедергі болмайды.
3. Орындауды кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, сондай-ақ оның орындалу әдісі мен тәртібінің өзгеруі туралы мәселе бойынша соттың ұйғарымына жеке шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
4. Осы баптың ережелері бойынша кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту немесе тараптардың сот бекіткен бітімгершілік келісім әдісін өзгерту жүргізілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 240-1-баппен толықтырылды
240-1-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару
Заңды күшiне енiп, толық немесе iшiнара орындалған сот шешiмiнiң күшi жойылған және сот талап қоюдан толық немесе бiр бөлiгiнде бас тарту туралы жаңа шешiм шығарған не iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы немесе талап қоюды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарған жағдайда талапкерден күшi жойылған шешiм бойынша алғанының бәрi өндiрiлiп алынады (шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару).
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 240-2-баппен толықтырылды
240-2-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселенi қарау
1. Күшi жойылған шешiмдi орындау орын алған iс бойынша жаңа шешiм шығарған сот жауапкердiң жазбаша арызы бойынша орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселенi қарайды және бұл мәселенi жаңа шешiммен шешедi.
2. Егер сот iстi жаңадан қараған кезде күшi жойылған шешiм бойынша орындауды қайта бұрып атқару мәселесiн шешпесе, жауапкердiң шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызы iске қатысушы адамдарды, ал қажет болған жағдайда күшi жойылған шешiмдi орындаған органды да хабарландыра отырып, соттың бөлек отырысында қаралады. Аталған адамдар шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызды қараудың орны мен уақыты туралы хабарландырылады, алайда олардың сот отырысына келмей қалуы орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселенi шешу үшiн кедергi болмайды.
3. Шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына жеке шағым немесе наразылық келтiрiлуi мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 240-3-баппен толықтырылды
240-3-бап. Апелляциялық немесе қадағалау сатысы сотының шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселенi шешуi
Апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы сот бiрiншi сатыдағы сот шешiмiмен бұрын күшi жойылған шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселе шешiлмеген iстi қараған кезде, бұл мәселенi iсте бiрiншi сатыдағы соттың күшi жойылған шешiмiнiң орындалғаны туралы анық деректер болғанда ғана шешедi. Басқа жағдайда орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселе осы Кодекстiң 240-2-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен шешiледi.
2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 240-4-баппен толықтырылды
240-4-бап. Сот орындаушысының атқару санкциясын өндіріп алу
және атқарушылық іс-әрекеттер жасау жөніндегi
шығыстарды өтеткізу туралы ұсыныстарын қарау
1. Судья сот орындаушысының атқару санкциясын өндіріп алу және атқарушылық іс-әрекетті жасау жөніндегі шығыстарды өтеткізу туралы ұсынысын сотқа келіп түскен күннен бастап он күн ішінде шешеді. Сот борышкерді және өндіріп алушыны сот орындаушысының ұсынысы келіп түскені туралы хабардар етеді, сот отырысының өткізілетін уақыты мен орнын хабарлайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген борышкердің немесе өндіріп алушының келмей қалуы істі қарауға кедергі болмайды. Судья сот орындаушысының ұсынысын қарап, ұйғарым шығарады.
Сот ұйғарымының көшірмесі борышкер мен өндіріп алушыға үш күн мерзімде жіберіледі.
2. Соттың атқару санкциясын өндіріп алу және атқарушылық іс-әрекетті жасау жөніндегі шығыстарды өтеткізу мәселесі жөніндегі ұйғарымына жеке шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
3. Соттың атқару санкциясын өндіріп алу және атқарушылық іс-әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өтеткізу туралы ұйғарымы негізінде атқару парағы жазылады.
4. Атқару санкциясын өндіріп алу туралы және атқарушылық іс-әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өтеткізу туралы ұйғарым сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен орындалатын болады.
2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 240-5-баппен толықтырылды
240-5-бап. Сот орындаушысының шешімді орындау кезіндегi
әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
1. Өндіріп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізу процесіндегі әрекетіне (әрекетсіздігіне) не осындай іс-әрекеттер жасаудан бас тартуына шағым жасауы мүмкін. Шағым іс-әрекет жасалған (іс-әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының іс-әрекет жасау уақыты, орны туралы хабардар етілмеген өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он күн ішінде сот орындаушысы қызмет көрсететін учаскедегі аудандық сотқа беріледі.
Жоғары тұрған органдарға және жоғары тұрған лауазымды тұлғаға бағыныштылық тәртібімен алдын ала жүгіну сотқа шағымды беру мен оны соттың қарауға қабылдауы үшін міндетті шарт болып табылмайды.
2. Сот шағымды он күн мерзімде қарайды. Сот өндіріп алушыны, борышкерді және сот орындаушысын сот отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етеді, алайда олардың келмей қалуы шағымды шешу үшін кедергі болып табылмайды.
3. Сот шағымды негізді деп тауып, сот орындаушысы іс-әрекетінің күшін жою немесе оны жарамсыз деп тану туралы не сот орындаушысының жіберілген қателікті толық көлемде жоюға міндеттілігі туралы не өндіріп алушының немесе борышкердің бұзылған құқықтары мен бостандықтарын өзгеше тәсілмен қалпына келтіру туралы шешім шығарады.
Егер аталған іс-әрекеттерді тек қана сот орындаушысы жасай алатын болса, сот шешімде мерзім белгілеуі мүмкін, шешім сол мерзім ішінде орындалуға тиіс.
4. Сот, егер шағым жасалған әрекет (әрекетсіздік) сот орындаушысының өкілеттігі шегінде заңға сәйкес жасалғанын және өндіріп алушы мен борышкердің құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылмағанын анықтаса, шағымды қанағаттандырудан бас тартады.
Соттың шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешіміне осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
5. Егер сот шешімде өзгеше мерзім белгілемесе, шешімнің орындалғаны туралы сотқа, өндіріп алушыға немесе борышкерге сот шешімін алған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей хабарлануға тиіс.
2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 240-6-баппен толықтырылды
240-6-бап. Шешімді орындаған кезде басқа тұлғалардың
құқықтарын қорғау
1. Сот орындаушысы мүлікке тыйым салу ісін жүргізу кезінде мүліктің борышкерге немесе басқа тұлғаларға тиесілі болуына қарамастан тыйым салудың күшін жоюға негіз болып табылатын заң бұзушылыққа жол берген жағдайда, сот борышкердің немесе басқа тұлғалардың мүлікке тыйым салудың күшін жою туралы өтінішін осы Кодекстің 240-5-бабында көзделген тәртіппен қарайды. Осындай өтініш тыйым салынған мүлікті сатқанға дейін берілуі мүмкін.
Сот өндіріп алу қолданылған мүліктің тиесілігіне байланысты азаматтық құқық туралы басқа тұлғалар мәлімдеген дауды талап қою бойынша іс жүргізу ережелері бойынша қарайды.
2. Мүліктің меншік иелері немесе мүлікке шаруашылық жүргізу, оралымды басқару, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заңнамалық актілерде немесе шартта көзделген өзге де негіз бойынша иелік ететін тұлғалар мүлікті тыйым салудан босату туралы талаптар қоя алады.
3. Мүлікті тыйым салудан босату туралы талаптар борышкерге және өндіріп алушыға қойылады.
4. Егер мүлікке тыйым салу мүлікті тәркілеуге байланысты жүргізілсе, сотталған адам және республикалық меншікке айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және оны одан әрі пайдалану бойынша жұмысты ұйымдастыруға уәкілетті тиісті орган жауапкер ретінде тартылады. Талап қою талаптары негізді деп танылған жағдайда, егер тәркіленуге тиіс мүлік республикалық меншікке айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және оны одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға уәкілетті органда тұрған болса және ол оны сауда ұйымдарына, басқа ұйымдарға сату, қайта өңдеу үшін не өтеусіз берген болса, онда ол мүлік заттай түрде қайтарылуға тиіс. Бұл жағдайда республикалық меншікке айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және оны одан әрі пайдалану бойынша жұмысты ұйымдастыруға уәкілетті органнан басқа аталған ұйымдар іске қатысуға тартылады және оларға мүлікті қайтару жөнінде міндет жүктеледі.
Егер мүлікті тәркілеуге байланысты тыйым салу жүргізілген мүлік сатылған немесе қайта өңдеуге жіберілген болса, мүлікті сатудан түскен сома талапкерге өтеледі.
5. Судья осы баптың бірінші бөлігіндегі аталған мүдделі тұлғалардың өтінішіне қарамастан, мән-жайды белгілеп, мүлікке тыйым салудың күшін жоюға міндетті.";
241-бап. Іске қатысушы адамдарға сот шешімінің көшірмелерін жіберу және беру
Іске қатысушы, сот отырысына келмеген тараптар мен басқа да адамдарға түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап бес күннен кешіктірілмей шешімнің көшірмелері жіберіледі немесе беріледі.
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 18-1-тараумен толықтырылды
18-1-тарау. Аралық сот шешiмiн орындау
241-1-бап. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату
1. Егер аралық соттың шешiмi онда белгіленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, аралық соттың шешiмi өз пайдасына шығарылған тарап (өндiрiп алушы) осы бапта көзделген ережелер бойынша аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы арызбен аралық сот дауды қарайтын жердегi сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Атқару парағын беру туралы арызға мыналар қоса тiркеледi:
1) аралық сот шешiмiнiң түпнұсқасы немесе көшiрмесi. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот шешiмiнiң көшiрмесiн осы аралық соттың төрағасы растайды, нақты дауды шешу үшiн аралық сот шешiмiнiң көшiрмесi нотариатта куәландырылуға тиiс;
2) заңда белгiленген тәртiппен жасалған аралық келісімнiң түпнұсқасы немесе нотариат растаған көшiрмесi.
3. Атқару парағын беру туралы арыз аралық соттың шешiмiн ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешiктiрiлмей берiлуi мүмкiн.
4. Белгiленген мерзiмiн өткiзіп алған не оған қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады, оған осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
5. Егер сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес күн iшiнде жеке-дара қарайды.
7. Өндiрiп алушының аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы түскен арызы, сондай-ақ оны соттың отырысында қарау орны мен уақыты туралы сот борышкердi хабардар етедi. Оның арызын қарау орны мен уақыты туралы өндiрiп алушы да хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуi мүмкiн болмауының дәлелдi себептерi көрсетіліп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiм түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.
8. Сот аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде аралық соттың шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
9. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Атқару парағын беру туралы соттың ұйғарымы дереу орындалуға тиiс.
241-2-бап. Атқару парағын беру
1. Сот аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 236-бабының ережелерi бойынша берiледi.
2. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына осы Кодексте сот актілеріне шағым жасау үшiн көзделген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
241-3-бап. Атқару парағын беруден бас тарту
Сот, егер:
1) аралық соттың шешiмi өзiне қарсы қабылданған тарап сотқа:
аралық келісімнiң жарамсыз болып табылатындығының;
аралық соттың шешiмi аралық келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша қабылданғанының немесе аралық келісімнiң шегінен шығатын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың аралық соттың ведомстволық қарауында еместігінiң дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайда, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер аралық соттың аралық келісімде қамтылатын мәселелер жөніндегі қаулылары мұндай келісімде қамтылмайтындардан бөлiнiп шығарылуы мүмкiн болса, онда аралық соттың аралық келісімде қамтылатын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратын шешiмiнiң сол бөлiгiн мәжбүрлеп орындатуға атқару парағын беруден бас тартуға болмайды;
аралық соттың құрамы немесе аралық сотта iс қарау Қазақстан Республикасының аралық сотта iс қарау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуiнің;
аралық соттың шешiмi өзiне қарсы қабылданған тарап аралық судьялардың сайлануы (тағайындалуы) туралы немесе аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң не аралық сотқа басқа да себептермен өз түсiндiрмелерiн бере алмағанының;
тараптардың бiрiнiң аралық келісім жасау кезiнде әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi екендігінiң;
соттың немесе аралық соттың сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша заңды күшiне енген шешiмiнiң не талапкердiң талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы соттың немесе аралық соттың ұйғарымы болғандығының;
соттың шешiм шығаруы сот үкімімен белгiленген қылмыс жасау нәтижесiнде мүмкiн болғандығының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады;
2) сот:
дау Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе осы дау бойынша аралық келісімдi тараптар бағындырған басқа құқыққа сәйкес аралық сотта iс қараудың нысанасы бола алмайтынын;
аралық соттың шешiмi осы баптың 1), 2) тармақшаларында белгiленген талаптар мен Қазақстан Республикасының жариялылық тәртібіне қайшы келетiнiн анықтаса, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
19-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 242-бап өзгертілді
242-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру міндеті
Сот:
1) егер даулы құқық қатынасы құқық мирасқорлығына жол беретін болса, істе тарап болып табылатын азамат қайтыс болғанда немесе заңды тұлға қайта құрылған, таратылған;
2) тарап әрекет қабілеттілігінен айырылған;
3) жауапкер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа әскерлері мен әскери құрамаларында болған немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа әскерлері және әскери құрамаларында жүрген талап қоюшылардың өтініші болған;
4) азаматтық, қылмыстық немесе әкiмшiлік сот iсiн жүргiзуде қаралып жатқан басқа істің шешілуіне дейін бұл істі қараудың мүмкіндігі болмаған;
5) егер ол осы іс бойынша қолданылуға тиісті заң немесе басқа нормативтік құқықтық акті адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтындығын байқаған және осы актінің конституцияға сай еместігін тану туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жасаған, сондай-ақ Конституциялық Кеңес басқа соттың бастамашылығымен осы іс бойынша қолданылуға тиісті нормативтік құқықтық актінің конституциялылығын тексеріп жатқандығы белгілі болған;
6) құқықтық көмек көрсету жөніндегі тапсырмамен шет мемлекеттің сотына өтініш жасаған жағдайда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті.
243-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру құқығы
Сот:
1) тарап Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа әскерлерінде және әскери құрамаларында шақыру бойынша әскери қызметте болған немесе ол басқа да мемлекеттік міндетті орындауға тартылған;
2) тарап істі қарау мерзімінен асатын мерзімде қызметтік іссапарда болған;
3) тарап емдеу мекемесінде болған немесе оның сотқа келуіне кедергі жасайтын сырқаты болған және ол медициналық мекеменің құжатымен расталған;
4) жауапкер осы Кодекстің 135-бабында көзделген жағдайларда іздеуде болған;
5) сот сараптама тағайындаған;
6) қаралып жатқан іс бойынша құқықтық көмек көрсету жөнінде сотқа тапсырылған өтінішті;
7) қорғаншылық және қамқоршылық орган бала асырап алу ісі жөнінде асырап алушылардың тұрмыс жағдайын зерттеуді белгіленген жағдайларда іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамашылығымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұра алады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 244-бап өзгертілді
244-бап. Іс жүргізуді тоқтата тұру мерзімдері
Іс бойынша іс жүргізу:
1) Осы Кодекстің 242-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - шығып қалған адамның құқықтық мирасқоры анықталғанға дейін немесе әрекетке қабілетсіз адамға өкіл тағайындалғанға дейін;
2) Осы Кодекстің 242-бабының 3) тармақшасында және 243-бабында көзделген жағдайларда - тарап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамында болуын тоқтатқанға дейін, ол мемлекеттік міндетті орындауды аяқтағанға дейін, қызметтік іссапардан оралғанға дейін, емдеу мекемесінен шыққанға немесе сырқатынан айыққанға дейін, жауапкер іздестіріліп болғанға дейін немесе сарапшының қорытындысы немесе қорғаншылық және қамқоршылық органның қорытындысы сотқа табыс етілгенге дейін;
3) осы Кодекстің 242-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда сот шешімі, үкімі, немесе соттың қаулысы шығарылғанға дейін;
4) осы кодекстің 242-бабының 5) тармақшасында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімі күшіне енгенге дейін;
5) осы Кодекстің 242-бабының 6) тармақшасында, 243-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындағанға дейін тоқтатыла тұрады.
245-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымына шағымдану немесе наразылық келтіру
Соттың іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымына жеке шағым берілуі немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
246-бап. Іс жүргізуді қайта бастау
Істі тоқтата тұруды туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейін іске қатысушы адамдардың арызы бойынша немесе соттың бастамашылығымен іс жүргізу қайта басталады. Іс жүргізу қайта басталған кезде сот іске қатысушы адамдарға азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы ережелері бойынша хабарлайды.
20-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту
247-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқартудың негіздемелері
Сот, егер:
1) іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса;
2) сол тараптардың арасындағы сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе талап қоюшының өз талабынан бас тартуына немесе тараптардың бітімгершілік келісімін орнықтыруына байланысты іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы соттың ұйғарымы болса;
3) талап қоюшы өз талабынан бас тартса және бас тартуды сот қабылдаса;
4) тараптар бітімгершілік келісімін жасаса және оны сот бекітсе;
5) іс бойынша тараптардың бірі болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін даулы құқықтық қатынас құқық мирасқорлығына жол бермесе;
6) іс бойынша тарап ретінде әрекет жасайтын ұйым қызметі тоқтатылуына және құқық мирасқорлары болмауына байланысты таратылса, іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
248-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқартудың тәртібі мен салдары
1. Іс бойынша іс жүргізу сот ұйғарымымен қысқартылады.
2. Іс бойынша іс жүргізу қысқартылған жағдайда сол тараптар арасындағы, сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.
3. Осы Кодекстің 247-бабының 1), 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді қысқарта отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік баждың қайтарылатыны туралы және талапты қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың күші жойылғаны туралы көрсетеді.